Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
207-бап. Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралдарын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену 1. Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралдарын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену (айдап кету) - бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Дәл сол әрекет: а) адамдар тобы алдын ала сөз байласу бойынша; б) бiрнеше рет; в) өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi емес күш қолданумен не дәл сондай күш қолданумен қорқыту арқылы жасалса - үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бec жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған не iрi зиян келтiрген әрекеттер - бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген, өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi күш қолданумен не сондай күш қолданбақшы болып қорқытумен жасалған әрекеттер - алты жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 208-бап. Жерге заттай құқықтарды бұзу 1. Азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарына немесе заңмен қорғалатын мүдделерiне не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне елеулi зиян келтiруге әкеп соққан, күш қолдану арқылы не күш қолданамын деп қорқыту арқылы немесе адамдар тобымен немесе заңсыз тiнтумен ұласып жасалған бөтен жер учаскесiне заңсыз кiрiп кету, сол сияқты бөтен бiреудiң жер учаскесiн заңсыз басып алу - екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әрекеттердi адамның өз қызмет бабын пайдаланып жасауы, - үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.