Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
216-бап. Ақпаратты беруге мәжбүрлеу 1. Күш қолданамын деп, мүлікті жоямын немесе бүлдiремiн деп, сол сияқты жәбiрленушiнi немесе оның туыстарын масқаралайтын мәлiметтердi таратамын не жәбiрленушiнiң немесе оның жақындарының мүдделерiне елеулi зиян келтiруi мүмкiн өзге де мәлiметтердi жариялаймын деп қорқыту арқылы машиналы сақтағышта сақталатын, ақпараттық жүйеде қамтылатын немесе ақпараттық-коммуникациялық желімен берілетін, заңмен қорғалатын ақпаратты беруге мәжбүрлеу, - екі жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Дәл сол әрекеттер: а) адамға немесе оның жақындарына күш қолданумен ұштасса; б) адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасалса; в) ұлттық электрондық ақпараттық ресурстардан немесе ұлттық ақпараттық жүйелерден ақпарат алу мақсатында жасалса; үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген: а) қылмыстық топ жасаған; б) ауыр салдарларға әкеп соққан әрекеттер - бес жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 217-бап. Зиянды компьютерлік бағдарламалар мен бағдарламалық өнімдерді жасау, пайдалану немесе тарату 1. Машиналы сақтағышта сақталатын, ақпараттық жүйеде қамтылатын немесе ақпараттық-коммуникациялық желімен берілетін ақпаратты рұқсатсыз жою, бөгеу, өзгерту, көшіру, пайдалану, компьютердің, компьютерлік бағдарламаның, ақпараттық жүйенің немесе ақпараттық-коммуникациялық желінің жұмысын бұзу мақсатында компьютерлік бағдарламаларды, бағдарламалық өнімдерді жасау немесе қолданылатын бағдарламаларға немесе бағдарламалық өнімдерге өзгерістер енгізу, сол сияқты осындай бағдарламаларды пайдалану немесе тарату - үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Дәл сол әрекеттер: а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша; б) адам өзiнiң қызмет бабын пайдаланып жасалса, - в) ұлттық ақпараттық жүйе немесе ұлттық электронды ақпараттық ресурстарға қатысты үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген: а) қылмыстық топ жасаған; б) ауыр салдарларға әкеп соққан әрекеттер - бес жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз, мүлкін тәркілеп немесе онсыз бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.