Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
472-бап. Айналадағыларға қауiп туғызатын қару-жарақты, сондай-ақ заттар мен нәрселердi ұстау ережелерiн бұзу 1. Айналасындағыларға үлкен қатер туғызатын қару-жарақты, оқ-дәрiлердi, радиоактивтi материалдарды, жарылғыш немесе өзге де заттар мен нәрселердi ұстау ережелерiн бұзу, егер бұл абайсызда адам денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы залал келтiрсе, әскери мүлiктiң жойылуына, не өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса, - екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарымен, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан дәл сол әрекет, - бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан әрекет, - бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 473-бап. Машиналарды жүргiзу немесе пайдалану қағидаларын бұзу 1. Абайсызда адамның денсаулығына орташа ауыр зиян келтiруге әкеп соқтырған әскери, арнаулы немесе көлiктiк машинаны жүргiзу немесе пайдалану қағидаларын бұзу,- екі жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып үш жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарымен, не төрт айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан сол әрекет, - үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан әрекет, - бес жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан әрекет, - он жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.