Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
466-бап. Тұтқынға өз еркiмен берiлу Қорқақтық немесе жiгерсiздiк салдарынан өз еркiмен тұтқынға берiлу - бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 467-бап. Тонаушылық Шайқас даласында өлгендер мен жараланғандардың заттарын ұрлау (тонау), - бес жылдан он жылға дейiн мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 468-бап. Әскери сипаттағы құпия мәлiметтердi жария ету немесе әскери сипаттағы құпия мәлiметтерi бар құжаттарды жоғалту 1. Мемлекеттiк құпиясы жоқ әскери сипаттағы құпия мәлiметтерi бар құжаттарды немесе заттарды осы құжаттар немесе заттар қызметi бойынша сенiп тапсырылған адамның жоғалтуы, егер жоғалту аталған құжаттар мен заттарды ұстаудың белгiленген ережелерiн бұзудың салдары болып табылса, - бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не алты айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Мемлекеттiк құпиясы жоқ әскери сипаттағы құпия мәлiметтердi осы мәлiметтер сенiп тапсырылған немесе қызметi бойынша белгiлi болған адамның жария етуi - екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, iрi зиян келтiруге немесе өзге де ауыр зардаптардың болуына әкеп соққан әрекеттер - бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшінші бөлiктерiнде көзделген, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдайларда жасалған әрекеттер, - жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 5. Осы баптың бiрiншi, екінші, үшiншi немесе төртінші бөлiктерiнде көзделген, соғыс уақытында жасалған әрекеттер,- он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.