119-1-бап. Ғарыш қызметі мұқтажына арналған жер
1. Жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерін орналастыру және пайдалану үшін бөлінген жер, сондай-ақ олардың күзет аймақтары ғарыш қызметі мұқтажына арналған жерге жатады.
2. Ғарыш қызметін дамыту үшін жағдайлар жасау мақсатында ғарыш қызметі мұқтажына арналған жерді резервте қалдыру осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.
3. Шектерінде аймақтарды белгілеу мақсаттарымен үйлеспейтін қызмет түрлері шектелетін немесе оларға тыйым салынатын тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөлшектер құлайтын аудандарды қоспағанда, халықтың қауіпсіздігін, сондай-ақ жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерін сақтауды және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында жерді пайдаланудың ерекше шарттарымен күзет аймақтары белгіленеді.
Ескерту. Заң 119-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.01.06 N 529-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
119-2-бап. Арнайы экономикалық аймақтардың, республикалық және өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтардың жерлері
1. Арнайы экономикалық аймақтардың, республикалық және өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтардың жерлері тиісті басқарушы компанияларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер санатына жатпайтын жерлерден уақытша өтеулі жер пайдалануға беріледі, олар өз кезегінде бұл жерлерді Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда арнайы экономикалық аймақтардың, республикалық және өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтардың қатысушыларына береді.
2. Арнайы экономикалық аймақтардың, республикалық және өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтардың қатысушылары Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес алынған жер учаскелерін осы Кодексте көзделген тәртіппен мынадай жағдайларда:
1) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметін жүзеге асыру туралы шартта көзделген міндеттемелерді орындаған жағдайда арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеу мерзімі өткеннен кейін;
2) республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ қатысушысының жобасында көзделген барлық объектілер пайдалануға берілген жағдайда кез келген уақытта сатып алуға құқылы.
Бұл ретте республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың қатысушысы осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайда жер учаскесін республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақта қызметін жүзеге асыру туралы шарт жасасқан кезде белгіленген кадастрлық (бағалау) құнына тең баға бойынша сатып алуға құқылы.
Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың қатысушысы республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты тарату кезінде жылжымайтын мүлік объектілерінің және (немесе) олармен байланысты ғимараттардың (құрылысжайлардың) құрылысын аяқтамаған жағдайда, жергілікті атқарушы органдар үш жылдан аспайтын мерзімге өтеулі жер пайдалану құқығын береді.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген тұлғалар тиісті басқарушы компанияға өтінішхат береді.
Өтінішхатқа:
жер учаскесіне құқықты куәландыратын құжат немесе құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі;
жылжымайтын мүлік орталығынан жер учаскесіне мәмілелер жасасуға кедергі келтіретін ауыртпалықтардың жоқ екендігі туралы анықтама;
заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама (заңды тұлғалар үшін);
жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі (дара кәсіпкерлер үшін) қоса беріледі.
"Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жер учаскелерін алған арнайы экономикалық аймақтың, республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың қатысушылары үшін тиісті басқарушы компания берген, қызметін жүзеге асыру туралы шарт және жер учаскесінің схемасы жер учаскесіне құқықты куәландыратын құжаттар болып табылады.
4. Басқарушы компания барлық қоса берілетін құжаттармен бірге өтінішті жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына жібереді, ол осы Кодекстің 47-бабында белгіленген тәртіппен қаралады.
5. Арнайы экономикалық аймақтарды немесе республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтарды орналастыру үшін жер учаскесі елді мекен шегінде берілген жағдайда, мұндай жерлер осы Кодекстің 107-бабына сәйкес айқындалатын коммерциялық аймаққа жатқызылады.
Ескерту. 12-тарау 119-2-баппен толықтырылды - ҚР 03.04.2019 № 243-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Достарыңызбен бөлісу: |