Ұйымдастырылған іс-әрекет - Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасының мазмұнын, соның ішінде мектепке дейінгі ұйымның жұмыс бағытын ескере отырып, балаларды қазақ халқының ұлттық құндылықтарына, отбасылық құндылықтарға, патриоттық сезімге, Отанға деген сүйіспеншілікке, мәдени-әлеуметттік нормаларға баулу, қауіпсіз мінез- құлық қағидаларын қалыптастыру бойынша міндеттерді іске асыру үшін күні бойы педагогтің ойын түріндегі түрлі балалар әрекеті (ойын, қимыл, танымдық, шығармашылық, зерттеу, еңбек, дербес) арқылы ұйымдастыратын іс-әрекет.
Физикалық дамыту физикалық дені сау баланы тәрбиелеуді, өз денсаулығына саналы түрде қарауды, салауатты өмір салты негіздерін, қауіпсіз өмір сүру дағдыларын қалыптастыруды қарастырады.
«Дене шынықтыру» ұйымдастырылған іс-әрекеті аптасына үш рет дене шынықтыру нұсқаушысымен мектепке дейінгі ұйымның кестесіне сәйкес жүргізіледі.
Балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, күні бойы балалардың физикалық белсенділігіне уақыт бөлінеді, ол қимыл белсенділігі, денешынықтыру-сауықтыру шаралары (таңертеңгі жаттығу, сергіту сәті, шынықтыру шаралары), мәдени-гигеналық дағдылар, ойын әрекеті, дербес белсенді және т.б. әрекеттер арқылы күн тәртібіне сәйкес ұйымдастырылады.
Балалардың дене белсенділігін арттыру үшін қимылды ойындарға соның ішінде ұлттық қимылды ойындарға басымдық беру және балалардың дербес қимылды әрекетін таңертең, таңғы астан соң, серуен кездерінде, ұйқыдан соң өткізу ұсынылады.
Коммуникативтік дағдыларды дамыту балалардың жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, ауызекі сөйлеуді, сөздік қорды қалыптастыруды, өмірде әртүрлі жағдайлардағы қарым-қатынас дағдыларын меңгертуді, қолдың ұсақ моторикасын және командада жұмыс істеу дағдыларын дамытуды қарастырады.
Сөйлеуді дамыту және көркем әдебиет, қазақ тілі (мектепке дейінгі ұйым кестесіне сәйкес аптасына ортаңғы және ересек топта бір рет, мектепалды топта 2 рет) ұйымдастырылған іс-әрекеті қарым-қатынас, заттық әрекет, ойын әрекеті, еңбек әрекеті, бейнелеу, шығармашылық әрекет (балаларға кітап оқып беру, кітаптарды, иллюстрацияларды қарау) театрландырылған, дербес және басқа да әрекет түрлері арқылы күн сайын күн тәртібіне сәйкес ұйымдастырылады.
Балалардың сөйлеуін тек ұйымдастырылған іс-әрекеттерде ғана емес, күні бойы режимдік сәттерде, еркін ойын кезінде оларға түрлі сұрақтар қою (сұрақтарды қойғанда «иә» немесе «жоқ» деп жауап беретін жалпы сұрақтар немесе барлығы қосылып жауабын бірге айтуға арналған сұрақтар емес, әрбір бала жеке жауап бере алатындай сұрақтар) арқылы, балаларды көбірек сөйлесуге, бір-бірімен қарым-қатынас жасауға, олармен кез-келген мәселе бойынша әңгімелесіп, олардың пікірін тыңдау және т.б. арқылы дамыту ұсынылады.
Ортаңғы топтан бастап мемлекеттік тілді меңгерту мақсатында күні бойы режимдік сәттерде Үлгілік оқу бағдарламасында айқындалған сөздік минимумды үйрету, түрлі балалар әрекетінде тәрбиеленушілердің ауызекі байланыстырып сөйлеуін дамыту, сондай-ақ қазақ халқының мәдениетімен, салттары мен дәстүрлерімен таныстыру, белсенді сөздікті байыту, сөздік нормаларды, мәдениетті қарым-қатынасты игерту ұсынылады.
Күн сайын балаларға кітаптарды оқып беру, балалардың оқылған, тыңдалған шығармалардан әсер алуына ықпал ету, балалардың жасына сәйкес тақпақтарды, өлеңдерді жаттату, кітаптардағы иллюстрацияларды көрсету және оларға түсініктеме беру, балалардың ойларын тыңдау, балаларға қызықты кітаптарды таңдау, ол үшін топта немесе мектепке дейінгі ұйымда балаларға арналған кітаптардан, сондай-ақ балаларға арналған аудио шығармалардан кітап бұрышын ұйымдастыруға болады. Балалардың өз бетінше, балалармен бірлесіп кітаптарды қарауына, тыңдалған шығармалардағы кейіпкерлердің әрекетін ойында қайталауға немесе ойдан кейіпкердің рөлін өзінше сомдауға және т.б. мүмкіндік беріледі.
кітап бұрышын жасау
Достарыңызбен бөлісу: |