17-бап. Техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламалары 1. Техникалық және кәсіптік білім беру орта білім беру деңгейінің құрамдас бөлігі болып табылады және білікті жұмысшы кадрлар мен орта буын мамандарды даярлауға бағытталған. 2. Техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламалары мазмұнына және білім алушылардың даярлық деңгейіне қарай мынадай болып бөлінеді: 1) білікті жұмысшы кадрлар даярлауды көздейтін білім беру бағдарламалары 2) орта буын мамандарын даярлауды көздейтін білім беру бағдарламалары. Техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларының тізбесі білім беру бағдарламаларының тізілімінде қамтылады. 3. Мәдениет және өнер мамандықтары бойынша техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламалары көрсетілген мамандықтар бойынша білім алушылардың ерте мамандануы қағидаты мен даярлау ерекшеліктері ескеріле отырып әзірленеді. Оқыту ұзақтығы бағдарламалардың күрделілігі мен берілетін біліктілік деңгейіне байланысты және ол тиісті мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартымен айқындалады. 4. Жалпы орта білімі бар азаматтар үшін техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламалары жалпы кәсіптік, әлеуметтік-экономикалық, арнайы пәндерді зерделеуді және таңдаған мамандығы бойынша болашақ кәсіптік қызметін айқындайтын оқу-өндірістік жұмыстарды орындауды көздейді. 5. Техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламалары теориялық және өндірістік оқыту бағдарламаларынан және кәсіптік практикадан тұрады. 6. Дуальды оқыту пайдаланылатын техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламалары білім беру ұйымдарындағы теориялық оқытуды және кәсіпорын (ұйым) базасында кемінде алпыс пайыздық өндірістік оқытуды, кәсіптік практиканы көздейді.
18-бап. Мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламалары Мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламалары негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары негізінде әзірленеді және білім алушылардың ғылым, мәдениет, өнер, спорт, әскери іс негіздерін терең игеруіне, олардың шығармашылық әлеуеттері мен дарын-қабілеттерін дамытуға бағытталған. Мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламалары дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскер қатарына шақыруға дейінгі терең даярлықты мамандандырылған мектептерінде іске асырылады.