12-бап. Білім беру деңгейлері Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесі жалпы білім беретін оқу және білім беру бағдарламаларының үздіксіздігі және сабақтастығы принципі негізінде мынадай білім беру деңгейлерін: 1) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды; 2) бастауыш білім беруді; 3) негізгі орта білім беруді; 4) орта білім беруді (жалпы орта білім беруді, техникалық және кәсіптік білім беруді); 5) орта білімнен кейінгі білім беруді; 6) жоғары білім беруді; 7) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді қамтиды.
4-тарау. БІЛІМ БЕРУ МАЗМҰНЫ 13-бап. Білім беру мазмұнының ұғымы Білім беру мазмұны - жеке адамның біліктілігі мен жан-жақты дамуын қалыптастыру үшін негіз болып табылатын білім берудің әрбір деңгейі бойынша білімдер жүйесі (кешені). Білім беру мазмұны білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары негізінде әзірленетін жалпы білім беретін оқу және білім беру бағдарламаларымен айқындалады.
14-бап. Білім беру бағдарламалары 1. Білім беру бағдарламалары мазмұны мен бағыттарына (міндеттеріне) қатысты: 1) жалпы білім беретін (үлгілік, жұмыстық); 2) кәсіптік (үлгілік, жұмыстық); 3) қосымша болып бөлінеді. Үлгілік оқу бағдарламалары мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес әзірленеді. Жұмыстық оқу бағдарламалары тиісті үлгілік оқу жоспарларының және (немесе) үлгілік оқу бағдарламаларының негізінде әзірленеді. Жұмыс оқу жоспарлары мен жұмыс оқу бағдарламаларын жалпы білім беретін пәндер циклінің немесе модулінің білім беру бағдарламалары мен үлгілік оқу бағдарламалары негізінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдар әзірлейді. Жалпы білім беретін пәндер циклінің жұмыс оқу бағдарламаларын қоспағанда, жұмыс оқу жоспарлары мен жұмыс оқу бағдарламаларын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары негізінде жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары әзірлейді. 2. Жалпы білім беретін оқу бағдарламалары жеке адамның жалпы мәдениетін қалыптастырудың, жеке адамды қоғамдағы өмірге бейімдеудің міндеттерін шешуге, кәсіпті, мамандықты саналы түрде таңдау мен меңгеру үшін негіз жасауға бағытталған. Жалпы білім беретін оқу бағдарламалары мазмұнына қарай мынадай оқу бағдарламаларына: 1) мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту; 2) бастауыш білім беру; 3) негізгі орта білім беру; 4) жалпы орта білім беру болып бөлінеді. 3. Білім беру бағдарламалары экономика салаларындағы кәсiптiк қызмет бағыттары бойынша білікті кадрлар, оның ішінде жұмысшы кадрлар мен орта буын мамандарын даярлауға, жеке бастың кәсiптiк және жалпы бiлiм деңгейiн дәйекті түрде арттыруға бағытталған. Кәсіптік бағдарламалар мазмұнына қарай: 1) техникалық және кәсiптiк бiлiмнің; 2) орта бiлiмнен кейiнгi бiлiмнің; 3) жоғары бiлiмнің; 4) жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiмнің білім беру бағдарламаларына бөлiнедi. 4. Қосымша білімнің білім беру бағдарламалары білім алушылардың өзін-өзі билеуін, шығармашылығын дамыту, олардың қабілеттерін іске асыру, қоғам өміріне бейімделуі, азаматтық сана-сезімін, жалпы мәдениетін, салауатты өмір салтын қалыптастыру, бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру үшін жағдайлар жасауды көздейді. 5. Оқытудың жаңа технологияларын сынақтан өткізу, білім берудің жаңа мазмұнын енгізу үшін эксперимент режимінде (эксперименттік алаңдарда) жұмыс істейтін білім беру ұйымдарында іске асырылатын эксперименттік білім беру бағдарламалары әзірленеді.