1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР 1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 1-1) адъюнкт – жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын шетелдік әскери оқу орындарында білім алып жатқан адам; 2) академия – белгілі бір салада ғылыми-педагогикалық қызметті жүзеге асыратын және ғылыми-әдістемелік орталық болып табылатын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы; 2-1) академиялық кредит – білім алушының және (немесе) оқытушының ғылыми және (немесе) оқу жұмысы (жүктемесі) көлемінің біріздендірілген өлшем бірлігі; 2-2) академиялық ұтқырлық – білім алушыларды немесе оқытушы-зерттеушілерді оқыту немесе зерттеулер жүргізу үшін белгілі бір академиялық кезеңге (семестрге немесе оқу жылына) өзінің жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында немесе оқуды жалғастыру үшін басқа жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында академиялық кредиттер түрінде меңгерген оқу бағдарламаларынан, пәндерден міндетті түрде қайта сынақ тапсыра отырып, басқа жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымына (ел ішінде немесе шетелге) ауыстыру; 3) атаулы стипендия - тиісті білім беру бағдарламаларын ойдағыдай меңгерген, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын, оқу орнының қоғамдық, мәдени және спорттық өміріне белсене қатысатын неғұрлым қабілетті білім алушыларды көтермелеу үшін жеке немесе заңды тұлғалар тағайындайтын стипендия; 4) бакалавр – жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын меңгерген адамдарға берілетін дәреже; 5) бейін алды даярлық - білім алушының жеке білім беру траекториясының негізгі орта білім беруді таңдауын мақсатты педагогикалық қолдау; 6) бейінді оқыту - білім алушылардың мүдделерін, бейімділігі мен қабілеттерін ескере отырып, оқытуды саралау және даралау процесі, білім беру процесін ұйымдастыру; 7) "Болашақ" халықаралық стипендиясы — Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдік жетекші жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқуы немесе Шетелдерде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия санаттарын айқындайтын жұмыскерлердің шетелдік ұйымдарда тағылымдамадан өтуі үшін Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын стипендия; 8) білім алушыларды аралық аттестаттау – білім алушылардың бір оқу сабағының, бір оқу пәнінің және (немесе) модульдің, сондай-ақ бір біліктілік шеңберінде кәсіптік модульдердің бір бөлігінің немесе бүкіл көлемінің мазмұнын оларды зерделеп бітіргеннен кейінгі меңгеру сапасын бағалау мақсатында жүргізілетін рәсім; 9) білім алушыларды қорытынды аттестаттау - олардың тиісті білім беру деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында көзделген оқу сабақтарының, оқу пәндерінің және (немесе) модульдердің көлемін меңгеру дәрежесін айқындау мақсатында жүргізілетін рәсім; 10) білім беру гранты - "бакалавр" немесе "магистр" дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімге ақы төлеу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген шарттармен білім алушыға берілетін ақшаның нысаналы сомасы; 11) білім беру қызметі - білім беру субъектілерінің мақсатты, педагогтік негізделген, дәйекті өзара іс-қимылы барысында жеке адамды оқыту, дамыту және тәрбиелеу міндеттері шешілетін процесс; 12) білім беру мониторингі - білім беру процестерін жүзеге асырудың жай-күйін және нәтижелері мен шарттары өзгеруінің серпінін, білім алушылар контингентін, білім беру ұйымдары желісін, сондай-ақ олардың қызметі жетістіктерінің рейтингілік көрсеткіштерін жүйелі түрде байқау, талдау, бағалау және болжау; 13) білім беру саласындағы уәкілетті орган - білім беру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы; 14) білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі - білім беру сапасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына, жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қажеттіліктеріне сәйкестігін белгілеудің институционалдық құрылымдары, рәсімдері, нысандары мен әдістерінің жиынтығы; 16) білім беру ұйымдарын аккредиттеу – білім беру қызметтерінің сапасы туралы объективті ақпарат беру және оны арттырудың тиімді тетіктерінің бар екенін растау мақсатында аккредиттеу органының белгіленген аккредиттеу стандарттарына (талаптарына) сәйкестігін тану рәсімі; 17-2) білім туралы құжаттарды тану – шетелдік білім беру ұйымдары, оның ішінде олардың филиалдары, сондай-ақ ғылыми орталықтар мен зертханалар берген білім туралы құжаттарды ресми растау; 18) гимназия – білім алушылардың бейімділігі мен қабілеттеріне сәйкес қоғамдық-гуманитарлық және өзге де оқыту бағыттары бойынша кең ауқымда және тереңдете білім беруді қамтамасыз ететін бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын және қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын оқу орны; 18-1) ғылыми-әдістемелік жұмыс – ғылым жетістіктері мен озық педагогикалық тәжірибеге негізделген және үздіксіз білім беру жүйесінің жұмыс істеуін және оны дамытуды жетілдіруге бағытталған қызмет түрі; 18-2) ғылым кандидаты, ғылым докторы – ізденушілердің диссертациялар қорғауы негізінде берілген ғылыми дәрежелер; 18-3) докторант – докторантурада білім алатын адам; 18-4) докторантура – білім беру бағдарламалары философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесін бере отырып, ғылыми, педагогтік және (немесе) кәсіптік қызмет үшін кадрлар даярлауға бағытталған жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру; 19-1) дуальды оқыту – кәсіпорынның (ұйымның), оқу орнының және білім алушының тең жауапкершілігі кезінде білім беру ұйымындағы оқытуды білім алушыларға жұмыс орындарын ұсынып және өтемақы төлемін төлей отырып, кәсіпорындағы (ұйымдағы) өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканың міндетті кезеңдерімен ұштастыратын кадрлар даярлау нысаны; 19-2) ерекше білім беруді қажет ететін адамдар (балалар) – тиісті деңгейде білім алу және қосымша білім алу үшін арнаулы жағдайларға тұрақты немесе уақытша қажеттілік көріп жүрген адамдар (балалар); 21) жалпы білім беретін мектеп – білім алушылар мен тәрбиеленушілерге мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқыту бағдарламаларын, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, арнаулы оқу мен жеке дамыту бағдарламаларын, сондай-ақ қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы; 22) инновациялық - білім беру консорциумы - жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары, ғылыми ұйымдар мен өндіріс саласында жұмыс істейтін басқа да заңды тұлғалар іргелі, қолданбалы ғылыми зерттеулер мен технологиялық инновациялар негізінде жоғары білікті мамандар даярлау үшін зияткерлік, қаржылық және өзге де ресурстарды біріктіретін, бірлескен қызмет туралы шарт негізіндегі ерікті тең құқықты бірлестік; 25) институт – ғылыми-педагогикалық қызметті, сондай-ақ кәсіби қызмет үшін кадрлар даярлауды жүзеге асыратын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы; 26) институционалдық аккредиттеу – білім беру ұйымы сапасының мәлімделген мәртебесіне және аккредиттеу органының белгілеген стандарттарына сәйкестігін аккредиттеу органының бағалау процесі; 27) интернаттық ұйымдар — тұратын орын беріле отырып, белгілі бір санаттағы адамдардың білім алу құқықтарына мемлекеттік кепілдіктерді қамтамасыз ететін білім беру ұйымдары; 28) интернатура – клиникалық практикаға рұқсат алу үшін білім алушыларды базалық жоғары медициналық білім беру шеңберінде клиникалық мамандықтар бойынша даярлау нысаны; 28-1) кадет – әскери, арнаулы оқу орнында техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша білім алып жатқан адам; 28-2) кәмелетке толмағандарды бейiмдеу орталықтары – ата-анасын немесе басқа да заңды өкiлдерiн анықтау және оларға беру үшiн үш жастан он сегiз жасқа дейiнгi қадағалаусыз және панасыз қалған балаларды, уақтылы орналастырылуы мүмкiн болмаған жағдайда ата-анасының немесе оларды алмастыратын адамдардың қамқорлығынсыз қалған балаларды, қорғаншылық және қамқоршылық органы балалардың өмiрiне немесе денсаулығына тiкелей қатер төнген кезде ата-анасынан (олардың бiреуiнен) немесе қамқорлыққа алған басқа адамдардан алып қойған балаларды, арнаулы бiлiм беру ұйымдарына жiберiлетiн балаларды, сондай-ақ әлеуметтiк бейiмсiздiкке және әлеуметтiк депривацияға әкеп соққан қатыгездiкпен қарау салдарынан өмiрлiк қиын жағдайда жүрген балаларды қабылдауды және уақытша бағып-ұстауды қамтамасыз ететiн, бiлiм беру органдарының қарамағындағы ұйым; 29) кәсіптік бағдар - білім алушының кәсіптік қызығушылықтарына, жеке қабілеттері мен психикалық-физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес білім беру және кәсіптік мүмкіндіктер саласында, мамандық пен оқитын орнын еркін және саналы таңдау құқықтарын іске асыруына ақпараттар мен консультациялық көмек беру; 29-1) кәсіптік білім – білім алушылардың белгілі бір салада кәсіптік қызметті жүргізуіне және (немесе) нақты кәсіп немесе мамандық бойынша жұмысты орындауына мүмкіндік беретін білімдерді, машықтарды, дағдыларды және құзыреттерді алуына бағытталған білім беру түрі; 29-2) кәсіптік даярлау – белгілі бір жұмыс түрін орындау үшін қажет жаңа немесе өзгертілген кәсіптік дағдыны меңгеру үшін жеке адамды дамытуға бағытталған кәсіптік оқыту нысаны; 30-1) кәсіптік практика – болашақ кәсіптік қызметпен байланысты белгілі бір жұмыс түрлерін орындау процесінде теориялық білімдерді, дағдыларды бекітуге, практикалық машықтар мен құзыреттерді иемденуге және дамытуға бағытталған оқу қызметінің түрі; 33) кешенді тестілеу - ақпараттық-коммуникациялық технологиялар қолданылып, бірнеше оқу пәндері бойынша бір мезгілде өткізілетін емтихан нысаны; 34) клиникалық база - білім беру ұйымы бірлескен қызмет туралы шарт бойынша денсаулық сақтау саласында кадрлар даярлау және олардың біліктілігін арттыру үшін пайдаланатын денсаулық сақтау ұйымы; 35) колледж – жалпы орта, техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын оқу орны; 35-1) кооперативтік оқыту – мемлекеттің, жұмыс берушілердің және оқу орындарының корпоративтік жауапкершілігіне негізделген, кадрларды кәсіптік даярлауды ұйымдастыру нысандарының бірі; 36) кредиттік оқыту технологиясы - академиялық кредиттерді жинақтай отырып, білім алушылардың пәндерді оқып зерделеу дәйектілігін таңдауы және дербес жоспарлауы негізіндегі оқыту; 36-1) курсант – әскери, арнаулы оқу орнында жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша білім алып жатқан адам; 37) қабылдау квотасы – техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi және жоғары бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын бiлiм беру ұйымдарына қабылдау үшiн бөлiнетiн мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы, оның iшiнде бiлiм беру гранттары көлемiнiң шектi саны; 37-1) Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының "Өркен" білім беру гранты (бұдан әрі – "Өркен" гранты) – "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымында дарынды балалардың оқуына ақы төлеу үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті тағайындайтын грант; 37-2) қауымдастырылған профессор (доцент), профессор – білім беру саласындағы уәкілетті орган беретiн ғылыми атақтар; 38) қашықтан оқыту – педагог пен білім алушылардың қашықтан, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып өзара іс-қимыл жасауы кезінде жүзеге асырылатын оқыту; 39) қосымша білім беру – білім алушылардың, тәрбиеленушілер мен мамандардың жан-жақты қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында жүзеге асырылатын тәрбиелеу, оқыту процесі; 40) лицей – білім алушылардың бейімділігі мен қабілеттеріне сәйкес оларға кең ауқымда және тереңдете жаратылыстанушылық-математикалық білім беруді қамтамасыз ететін негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын және қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын оқу орны; 41) магистр – магистратураның білім беру бағдарламаларын меңгерген адамдарға берілетін дәреже; 42) мамандандырылған аккредиттеу - білім беру ұйымы іске асыратын жекелеген білім беру бағдарламаларының сапасын бағалау; 42-1) мектепке дейінгі ұйым – мектепке дейiнгi тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін, арнайы оқу бағдарламаларын, жеке дамыту бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы; 44) мемлекеттік атаулы стипендия - Қазақстан Республикасының Президенті және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі тағайындайтын стипендия; 44-1) мемлекеттік аттестаттау – білім беру ұйымдары ұсынатын білім беру қызметтерінің тиісті білім беру деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптарына сәйкестігін бақылау мақсатында жүзеге асырылатын рәсім; 44-2) мемлекеттік білім беру кредиті – білім алушыларға жоғары білім алуға ақы төлеу үшін берілетін нысаналы кредит; 45) мемлекеттік білім беру тапсырысы - мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, орта білім беру, мүмкіндігі шектеулі балаларды арнаулы психологиялық-педагогикалық қолдау, балаларға қосымша білім беру жөнінде, экономиканың қажеттілігін қамтамасыз ету, білікті жұмыс күші мен қоғамның зияткерлік әлеуетін молықтыру үшін кадрларды даярлау, білікті жұмыскерлер мен мамандардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау жөнінде, сондай-ақ білім беру жүйесін оқу-әдістемелік қамтамасыз ету жөнінде мемлекет қаржыландыратын қызмет көрсетулер көлемі; 46) оқу бағдарламасы – әрбір оқу сабағы, әрбір оқу пәні және (немесе) модуль бойынша меңгерілуге тиіс білімнің, машықтың, дағды мен біліктіліктің мазмұны мен көлемін айқындайтын бағдарлама; 47) оқу жоспары – тиісті білім беру деңгейінде білім алушылардың оқу сабақтарының, оқу пәндерінің және (немесе) модульдердің, кәсіптік практиканың, өзге де оқу қызметі түрлерінің тізбесін, реттілігін, көлемін (еңбекті қажетсінуін) және бақылау нысандарын регламенттейтін құжат; 48) оқу-клиникалық орталығы - медициналық жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының қазіргі заманғы аппаратурамен, фантомдармен және муляждармен жабдықталған және білім алушылардың және (немесе) медицина қызметкерлерінің практикалық (клиникалық) машықтарды меңгеруіне және оларды бақылауға арналған құрылымдық бөлімшесі; 49) орта білім - азаматтардың Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдік берілген, білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сәйкес бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеруі нәтижесінде алатын білімі; 50-1) педагог – педагогтік немесе тиісті бейіні бойынша өзге де кәсіптік білімі бар және білім алушыларды және (немесе) тәрбиеленушілерді оқыту және тәрбиелеу, білім беру қызметін әдістемелік қолдау немесе ұйымдастыру бойынша педагогтің кәсіптік қызметін жүзеге асыратын адам; 50-2) педагог қызметін курстан кейін қолдау – педагогтің кәсіптік құзыреттілігін оның курстан кейінгі қызметін үздіксіз мониторингтеу және әдістемелік, консультациялық көмек көрсету арқылы дамытуды қамтамасыз ететін іс-шаралар жүйесі; 50-3) психологиялық-педагогикалық қолдап отыру – білім беру ұйымдарында іске асырылатын, процесінде ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау негізінде ерекше білім беруді қажет ететін адамдарды (балаларды) ойдағыдай оқыту және дамыту үшін әлеуметтік-психологиялық және педагогикалық жағдайлар жасалатын жүйелі-ұйымдастырылған қызмет; 51) резидентура - мақсаты дербес клиникалық практикаға жіберу үшін тиісті мамандық бойынша дәрігердің кәсіптік біліктілігін алу немесе өзгерту болып табылатын, жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру деңгейі; 52) рухани (діни) білім беру ұйымдары - дін қызметшілерін даярлаудың білім беру бағдарламаларын іске асыратын оқу орындары; 53) стипендия - білім алушыларға олардың тамағына, күнелтуіне және оқу әдебиетін сатыға алуына жұмсалатын шығындарды ішінара жабу үшін берілетін ақша сомасы; 53-1) стипендиялық бағдарламалар – қазақстандық жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында шетелдіктерді, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын, ұлты қазақ адамдарды оқытуды көздейтін және мемлекеттік бюджет қаражатынан қаржыландырылатын бағдарламалар; 53-2) студент – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымында оқитын адам; 54) университет – әртүрлі салалар бойынша ғылыми-педагогикалық қызметті, кадрлар даярлауды, іргелі және (немесе) қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын және жетекші ғылыми-әдістемелік орталық болып табылатын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы; 55) училище – мәдениет саласында негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын оқу орны; 56) ұлттық бірыңғай тестілеу – жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына түсуге арналған іріктеу емтихандарының бір нысаны; 57) философия докторы (РhD) – Қазақстан Республикасында немесе одан тысқары жерлерде ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша докторантураның бағдарламасын меңгерген және диссертация қорғаған адамдарға берілетін, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен танылған дәреже; 58) шағын жинақты мектеп - білім алушылар контингенті шағын, сынып-жинақтары біріктірілген және оқу сабақтарын ұйымдастырудың өзіндік нысаны бар жалпы білім беретін мектеп; 59) эксперименттік алаң – жаңа педагогикалық технологиялар мен білім берудің жаңа мазмұнын сынақтан өткізуге арналған эксперимент режимінде білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы; 60) экстернат – білім алушы сабаққа үнемі қатыспай-ақ тиісті білім беру бағдарламасының оқу пәндерін өз бетімен оқитын оқыту нысандарының бірі; 61) элиталық білім - дарынды адамдарға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарында іске асырылатын мамандандырылған жалпы білім беретін оқу және білім беру бағдарламалары бойынша алынатын білім.