Атасы: Тездет енді,мал таптап кетеді. Келін шырағым,тез түсіре
қойшы, - деп қазанды ұясынан ала бастаған, Мәдинаға бұрылған.
Атасы: Мына, қара басқыр шойырылып қалғандай,қозғалар емес
қой.(Онсыз да көңілі пәс кемпіріне зілдене қарады)
Қара қазанды тік көтеріп, Ашақ сорына беттеген атасының соңынан
үйде қалған үшеуі ере шыққан. Бұлар барса,атасы...сордың бетіне түскен оң
аяқ ізінің жанында отыр екен. Жалқындана батқан күн айналаны қызғылт
нұрға бөлеген. Енжар тыныштық еңсені басып тұр. Маңайдың бәрі құпия бір
іс не тосын қимыл күткендей, үнсіз қалған төртеуіне, қақпағы жоқ қара
қазанға, ақ қабыршақтанған сор бетіне түскен қисық табан етік ізіне кірпік
қақпай қарап қалғандай. Түс әлетінде көтерілген жел де тыншыған. Еңсені
басқан үнсіздікті атасы бұзды.
Атасы: Уа, жасаған,жалғыздықты шаңырағыма енші ғып қойғандай
басымды өсіріп,бауырымды жарылқамап ең. Талай жыл зарығып жүріп
көрген Садырым,сүйенішім, бүгін қауіп-қатерлі ұзын жолдың үстінде. Еті
елдікі, сүйегі менікі жарығымның. Батқан күн , туар ай, саған тапсырдым.
Ырыздықтың алды, берекенің басы, ішінен ақ дәмім арылмаған қара қазан,
саған тапсырдым, - деп қария жанары жасаурап, сор үстіне тізерлей қалып,
қол жайып бата жасағандай, бет сипаған. Келін мен ене де «әумин» десті.
Атасы: Келін шырағым, қазанның шетін демеп жіберші, - деген атасы
тізесін қағып тұрып жатып.
Келіні екеулеп жүріп қазанды тік көтеріп әкелді де, жаңағы сайрап
жатқан Садырдың ізінің нақ үстінен төңкере жапты.
Достарыңызбен бөлісу: |