Қасым ханның ішкі саясаты. Хан өзінің қасақа жолымен ел ішіндегі жағдайды түзеп, мемлекетті басқаруды күшейтіп алды. Қазақтардың негізгі этникалық аудандарын Қазақ хандығына біріктіріп, бір орталықтан басқару жүйесін жетілдірді. Ол хандық биліктің қуаттылығы-ұлыс басшыларының мықтылығында, олардың жауапкершілігінде деп ұқты. Сондықтан ұлыс басшыларына ел басқаруға қабілетті адамдарды сайлаған.
16 ғасырдың басында Қасым хан ұлан-байтақ қазақ жерінің айтарлықтай бөлігін өз қол астына қаратты. Бұл кезде Қазақ хандығының шекарасы оңтүстікте Сырдария алабын қамтып, Түркістан аймағындағы, Сырдария бойындағы қалаларды қосып алды. Оңтүстікте Шығыс Жетісу жерінің басым бөлігін өзіне қаратты, қысқаша айтқанда Жайықтан Балқашқа дейінгі аралыққа иелік етті.
Қасым хан тұсында Қазақ хандығының саяси –әкімшілік және сауда-экономикалық орталығы бастапқы кезде Сырдария бойындағы Сығанақ қаласы болды. Қасым өмірінің соңғы кезінде Сарайшықта отырып, билік жүргізді.
Қасым ханның сырқы саясаты. Қасым хан тұсында Қазақ хандығының нығаюы және оның күшеюі мемлекеттің беделін арттырып, сыртқы саясатта айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Орта Азия хандарымен, Еділ бойындағы елдермен, Батыс Сібір хандығымен, Ресеймен сауда-саттық және дипломатиялық байланыстар жасады.
Қасым хан тұсында Моғол хандығының Жетісуға жүргізген билігі барған сайын әлсірей берді. Моғол билеушісі Саид хан Шу бойында отырған Қасым ханға 1514 жылы барып, одан шайбанилерге қарсы көмек беруін сұрады. Қасым хан қазақтардың қыстауға көшетін мезгілінің жақындағанына байланысты көмек беруден бас тартты. Саид ханның сол жылы Шығыс Түркістанға көшіп кетуі Қасым ханның Жетісудағы билігінің нығая түсуіне себеп болды. Қасым ханның сыртқы саясатының басты бағыты Сырдария бойындағы қалаларды қаратып алу жолындағы күрес болды. Бұл мақсатпен Қасым хан Мауараннахр билеушісі Шайбани ханмен және оның ұрпақтарымен тоқтаусыз соғыс жүргізді. Мұхаммед Шайбани хан Қазақ хандығының экономикалық жағынан күшеюіне жол бермеуге ұмтылды. Шайбани хан алғаш экономикалық соққы беру үшін, екіел арасындағы сауда байланысын үзіп, тоқтатуға тырысты. Мұхаммед Шайбани Сыр бойындағы қалаларды Қазақ хандығының қол астына түсірмеу үшін бірнеше рет қанды жорықтар жасады. Қалалар үшін күрес ұзаққа созылды.