2. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы және оның тарихи маңызын талдаңыз..
“Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы.”Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы Президенттің бастамасымен 2004 жылы қабылданды. Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаев 2004 жылғы 13-қаңтарда «2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлыққа қол қойды. Еліміздің өткен тарихын ұрпақ санасына сіңіру арқылы мәдениетті дамыту «Мәдени мұра» бағдарламасының ең басты алғышарты ретінде қарастырылып отыр. Бағдарлама бойынша ұлттық ойдың, мәдениеттің озық туындыларын жинап, қайта зерделеп, жас ұрпаққа тарту ету, Кеңес кезінде бұрмаланған Қазақстан тарихының жарқын беттерін қайта жазу, алдыңғы қатарлы өркениеттер мәдениетінің үлгілерін қазақ тіліне аудару жұмыстары қамтылды.Қомақты қаржы бөлініп, ұзақ мерзімге шаралар жоспарланды. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру барысында жаңадан археологиялық және тарихи-мәдени жазба ескерткіштері ашылып, оларды жаңарту жұмыстары жасалды. Бағдарлама қабылданғаннан кейін тарих пен мәдениеттің 51 ескерткіші қайта жаңғыртылып, Қазақстан аумағындағы 39 қалашық, қоныс, тұрақ, обалар мен қорғандарда маусымдық археологиялық зерттеулер жүргізілді. Қытайға, Түркияға, Монғолияға, Ресейге, Жапонияға, Египетке, Өзбекстанға, Арменияға, АҚШ пен Батыс Еуропа елдеріне 15 ғылыми экспедиция ұйымдастырылып, Қазақстан тарихы, этнографиясы, өнері жөнінде бұрын белгісіз болып келген 5000-ға жуық қолжазбалар мен басылымдар табылды. Тек, Қытайға жасалған экспедицияның барысында Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты бұрын зерттелмеген маньчжур тіліндегі 3 мың, қытай тіліндегі 300, шағатай тіліндегі 60, ойрат тіліндегі 70 дерек табылды. Ұлттық және әлемдік ой-сананың, мәдениет пен әдебиет, өнертану, философия, тарих ғылымы, саясаттану, тіл білімі сияқты 16 бағыт бойынша бірнеше жүз томды құрайтын кітаптар шығарылды. 100 томдық «Бабалар сөзінің» 50 томы, «Қазақ философиясының» 16 томдығы, «Әлемдік философиялық мұраның» 18 томдығы, «Баласағұн» қалашығы, Отырар, Орхон ескерткіштерінің толық атласы жарық көрді. 2006 жылы қазақ тілінде 10 томдық «Тарих – адамдар ақыл-ойының қазынасы» сериясы шықты. «Қазақстанның электрондық кітапханасы» және «Мәдени мұра» интернет-порталдары жасалды.Бағдарлама аясында еліміздегі ең ірі мәдени-ағартушылық мекеме - қарамағында Қазақ мемлекеттігінің тарихи мұражайы, ғылыми кітапханасы, ұлттық дәстүрлер театры бар Қазақстан Республикасының Президенттік мәдени орталығы құрылды. Аталған бағдарлама аясында Қазақстан тарихына тікелей қатысы бар алыс және жақын шетелдерден тарихи, мәдени ескерткіштерді зерттеу жұмыстары қолға алынды. Мысалы, Дамаск қаласындағы (Сирия) Сұлтан Бейбарыс кесенесі және Каир қаласындағы «Египет) мешіт жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар темір дәуіріндегі қорғандарды, орта ғасырлардағы кесенелерді, Абылай хан ордасын қалпына келтіру, қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын шет тілдеріне аудару жұмыстары атқарылды. Бұл бағдарлама еліміздің мәдени мұрасын жаңғыртуға және оны келесі ұрпаққа жеткізуге бағытталған.
Достарыңызбен бөлісу: |