3. Қарахан мемлекетінің астаналарын карта бойынша белгілеп, маңызын анықтаңыз.
Қарахан мемлекетінің негізі үлесті жүйеде қаланып, Шығыс және Батыс екі иеліктен (хандыктан) тұрды. 1. Шығыс хандық Жетісу аймағы мен Шығыс Түркістан жерін алып жатты. Орталығы Баласағұн қаласына жақын жатқан Орда (оны Қара Орда немесе күз Орда деп атаған), кейін Қашғар каласы болды. 2. Батыс хандық Мауераннахрды биледі. Орталығы алғаш Үзкент, кейін Самарқан қаласы болды.
21 - Билет
1. ХХ ғ. басындағы жалпыұлттық басылымдар «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде қандай мәселелер көтерілді? Олардың ұлт-азаттық күрестегі рөлі қандай?
2. Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» қабылданған заңның тарихи маңызын анықтаңыз.
3. Ерте ортағасырлық мемлекеттердің астаналары болған Суяб, Баласағұн, Янгикент, Карантия қалаларын карта бойынша белгілеңіз.
Жауаптары:
1. ХХ ғ. басындағы жалпыұлттық басылымдар «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде қандай мәселелер көтерілді? Олардың ұлт-азаттық күрестегі рөлі қандай?
1905 жылы патшаның қол қойған манифесі бойынша елде сөз бостандығы мен баспасөз бостандығы жарияланды. Бұл Қазақстанда қазақтардың өздері шығаратын демократиялық басылымдарды – газеттер мен журналдарды шығаруына мүмкіндік берді.1911 жылы Орынбор губерниясының Троицк қаласында алғашқы қазақ журналы «Айқап» жарық көрді. Оның баспагері әрі бас редакторы белгілі ақын, прозашы және журналист Мұхамеджан Сералин болды. Журналды басып шығаруда қазақ халқының көрнекті өкілдері Б. Қаратаев, Ж.Сейдалин, Б.Майлин, С.Торайғыров және басқалары елеулі рөл атқарды. Журналда жарияланған материалдарда қазақ халқының отырықшы өмір салтына көшуінің, өлкедегі халықтың білім деңгейін көтерудің көкейкесті мәселелері қозғалды. Патша өкіметінің қазақ даласында жүргізіп отырған отаршылдық саясатын әшкереледі. Сонымен қатар қазақ даласында тауар-ақша қатынастарын дамыту, аграрлық мәселені шешу проблемалары қарастырылды. «Айқап» журналы отырықшы өмір салтын қалыптастыру, аграрлық мәселеге зор мән берді. Алайда журнал 1915 жылы жабылып қалды. Соған қарамастан, ол қазақ халқының ұлттық сана-сезімін оятуда, жаңадан қалыптасып келе жатқан зиялы қауымның басын қосып, топтастыра түсуде орасан зор рөл атқарды. 1913 жылы жалпыұлттық «Қазақ» газеті апталық басылым болып жарық көрді. Ол Орынбор қаласында шығып тұрды. Газеттің негізін қалаушы көрнекті ғалым, тіл білімінің негізін қалаушы, ақын Ахмет Байтұрсынов болды. А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ә.Бөкейхановтар барша қазақ елінің мүддесін білдіретін ғасырдың ұлттық газетін құра білді.Олар осы газеттің белсенді авторлары болды.Газеттің әр номерінің таралымы орта есеппен 3 мың данаға, кейде тіпті 8 мың данаға дейін жеткен. «Қазақ» газеті төңірегіне шоғырланған зиялылар азаттық күрестің идеологиясын қалыптастырды. Бұл әрекет екі бағытта жүрді. Біріншіден, ресейлік отарлық езгіге қарсы ұлттық бостандық үшін күрестің бағыт-бағдары мен әдіс-құралдарын анықтау ісі қолға алынса, екіншіден, бұл қызметті феодалдық тәртіптер мен қатынастарға, қоғамды кейінге тартқан салт-дәстүр мен түсініктерге қарсы күрес толықтыруға тиіс болды.Азаттық үшін күрес идеологиясының өзекті мәселесі – жер мәселесі болды.Үкімет пен қазақ зиялылары арасындағы дау алдымен осы төңіректе жүрді.Ішкі Ресейден көшіріп әкелінген орыс шаруаларына көбірек жер босатып алу үшін Қоныс аудару мекемесі қазақ қожалықтарына ер адам басына 15 десятинадан жер үлесін алып, отырықшы өмірге көшу идеясын ұсынып, үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Өз ретінде қазақ зиялылары «Қазақ» газеті арқылы егіншілік мәдениетін игермеген халық үшін 15 десятинадан жер үлесін алып, егіншілікке өту бұл жерден біржола айырылып қалуға апаратын жол екендігін түсіндіруге күш салды. Зиялылардың осы бағытта жүргізген түсіндіру жұмыстары, кейінгі уақыт көрсеткендей, қазақ қожалықтарын жаппай отырықшы өмірге өтуден сақтап қалды.Азаттық идеологиясының келесі маңызды элементі – ол ұлттық мемлекеттілік идеясын негіздеу және оны халық санасында жаңғырту болды. Қоғамды басқару ісінде қазақ халқының ұлттық ерекшеліктері мен табиғи талап-тілектерді негізге алып жасалған заңдық актілерге сүйенетін мемлекет құру заман сұранысына айналған еді. Міне, осы жолда азаттық қозғалыстағы жетекшілік міндет ұлт зиялыларына өтті.Ұлт зиялылары өздерімен бірге ұлтқа арналған ойлы сөзді, оны қалың қазақ еліне тарататын баспасөз құралдарын ала келді. Осы үш күш – зиялылар, орынды айтылған сөз,және мерзімді басылым бірігіп ұлт өмірін өзгертті.Газет өз беттерінде халық ағарту, кітап шығару мәселелеріне басымдық берді. Ә.Бөкейханов бастаған зиялылар отаршылдықтың мәнін ашып көрсетті.Газет бетінде жарияланған мақалалардың едәуір бөлігі тіл мен әдебиет, мәдениет пен тәрбие, халық санасын жетілдіруге арналды. «Қазақ» газеті қазақ халқы тарихының бетбұрысты кезеңінде шығарылды, өз ұлтының көкейкесті мүдделеріне адал қызмет етті. Ол бүкіл қазақ халқын өзінің төңірегіне топтастыра білген ұлттық-саяси және ғылыми-әдеби басылым болды. 1917 жылдың шілде айынан бастап ол "Алаш" партиясының ресми басылымына айналды. «Қазақ» газеті 1918 жылға дейін шығып тұрды."
Достарыңызбен бөлісу: |