Әдістемелік ұсыныстар:
1. Студент бірінші кезекте дүниетаным мәселесіне, оның түрлеріне назар аударады. Себебі дүниетанымның тарихи қалыптасқан түрлерінің бір бірінен айырмашылығын ажыратып алуы тиіс
2. Екіншіден студент философияның негізгі сұрағының онтологиялық және гносеологиялық жақтарына байланысты туындаған мектептердің көптүрлілігіне мән беруі тиіс
Философияның негізгі сұрағының онтологиялық жағына байланысты философиялық мектептер материализм және идеализм болып бөлінеді.
Студент сол идеализм мен материализм ағымдарының ара жігін ажыратып, әрбір ағымның ұстанымын, артықшылығы мен осал тұстарын және өкілдерін ажырата білуі тиіс. Материализм мен идеализмнің даму кезеңдерін де назардан қалдырмаған жөн.
Материализм - бұл философиядағы ағым, дүниенің негізі ретінде материяны (табиғатты) мойындайды. Үнді философиясында материализм ежелгі Чарвака- Локаята мектебінде, Грек философиясында Милет мектебінде, Гераклит, Демокрит, жаңа кезеңдерде - Бэкон, Локк, Спиноза, Дидро, Фейербах, Маркс, Герцен, Чернышевский және Ленин, француз ағартушыларының ілімдерінде дамыды. Материалистік ілім бойынша дүние, табиғат мәңгілік, ол жаралмайды, жойылмайды да, уақыт пен кеңістікте шексіз-шетсіз өмір сүреді.
Материализм тарих дамуында бірнеше сатыдан өтті:
- Стихиялық материалистер - ертедегі Үндістанда, Грекияда құлдық қоғам тұсында, ғылыми білімдердің әлі дами қоймаған кезінде пайда болған. Фалес суды, Анаксимен ауаны, Анаксимандр апейрон, Гераклит отты, Ксенофан топырақты дүниенің негізі деп ойлаған.
- Метафизикалық (немесе механикалық) материализм XVII-XVIII ғ жаратылыстану ғылымдарымен, әсіресе механикамен өзара тығыз байланыста дамыған. Механика заңдарын абсолюттендіріп, бүкіл табиғатты, тіпті әлеуметтік құбылыстарды да механика заңдары тұрғысынан түсіндіруге ұмтылғандықтан, бұл материализм механистік деп аталған. Оның өкілдері: Бэкон, Гоббсс, Гассенди, Спиноза, Ламетри, Дидро, Гельвецкий, Гольбах, т.б.
- Диалектикалық материализм. Маркстік материализм бұрынғы философияға қарағанда мазмұны жағынан да, өзінің қоғамдық өмірдегі рөлі жағынан да сапалы, жан-жақты дамыған. Материализм мен диалектиканың органикалық бірлігіне сүйеніп, қоғамдық құбылыстарды да қамтиды.
Антропологиялық мтериализм. Адам психофизиологиялық тірі организм ретінде рух пен материяны біріктіреді.Бірақ, адам мен табиғаттың өзара әрекетінің негізі қоғамдық-тарихи практика екенін мойындамайды. Өкілдері:Фейербах, Чернышевский.
Материализмде ерекше бөлінетін бағыт - тұрпайы (вульгарный) материализм. Олар ойлауды, сананы, психиканы материямен теңестірді, бауырдың - өтті, бүйректің - сұйық дәрет шығаратыны секілді, ойда мидан шығады-мыс деп ұйғарады.
Сондықтан ойлау осы мағынасында материалдық болып табылады. Бұл - өрескел қате. Өкілдері: К. Фогт,
Я. Молешотт, Л. Бюхнер (ХІХ ғғ.).
Идеализм - бұл философиядағы бағытта дүниенің, болмыстың негізі ретінде бір идеалдық мән мойындалады. Яғни рух пен субъектіні негіз деп, материя мен табиғатты туынды деп санайды. Олардың пікірінше, ғылым ашқан табиғат пен қоғам заңдары, құбылыстар мен процестердің себептері тек санамызда орын алған жүйені білдіреді. Идализмнің екі түрі бар: субъективтік, объективтік идеализм:
- Субъективтік идеализм – дүниенің, болмыстың негізі ретінде адамның санасы, адамның «менін» мойындайды. Бізді қоршаған дүние біздің түйсіктеріміздің жиынтығы деп санайды. Олар: Беркли, Мах, Авенариус, Фихте, Юм, Кант, экзистенциализм және феноменология жақтастары. «Мен ғана өмір сүремін, мен бар болсам барлығы да бар, мен жоқ болсам барлығы да жоқ болады» деген субъективтік идеализмнің бір түрі солипсизм деп аталады. Идеялар адамның ақыл-ойында өмір сүреді, материалдық заттардың бейнесі де (идеясы) тек адамның ақыл-ойы, сезімдік түйсіктері арқылы өмір сүреді.
- Объективтік идеализм - бұл философия ағымында дүниенің негізі ретінде объективті өмір сүретін идеалдық мән, яғни адам санасынан сырт және тәуелсіз өмір сүретін рух (Құдай, Абсолют, Әлемдік ақыл, т.б.) саналады. Объективтік идеализм ежелгі әлемдегі көптеген мектептерде пайда болып, дамыды. Үндіде (барлық ортодоксальдық мектептерде), Қытайда (Конфуцийшілдік, даосизм), Грекия мен Римде (Пифагор, Платон, неоплатонизм,т.б.), соңынан Орта ғасырда, Қайта өрлеу мен Жаңа заманда жетілді. Өзінің дәйекті және аяқталған түрін немістің классикалық философиясында Гегель тапты.
Негізгі материализм мен идеализм бағыттарымен бірге аралық, келісімдік ағымдар - пантеизм, деизм, гилозоизм бар:
Гносеология -(гр. gnosis таным туралы ілім ретінде әлемді тануға болатындығына күмән келтірмейді.. Агностицизм («а» жоқ, «гносис» - білім деген сөзден шыққан) - объектт дүниені тану мүмкіншілігін толық немесе iшiнара бекерге шығаратын философия ілімі. Дүниенің бастамасы туралы мәселеде дүниені тану немесе болмыс пен ойлаудың сәйкестігі қаралады. Кейбір ойшылдар ақиқатты аяғына дейін тануға болмайды деп есептейді. Олар агностицизм ағымына жатады. Олар: Протогор, Кант, Беркли, Юм. Ежелгі заманда агностицизм түріне: софистика, скептицизм және релятивизм жатады.
Философия ғылымының таным теориясында өзіндік төмендегідей ерекше ағымдар пайда болды.
1. Эмпиризм - танымның негізінде тек тәжірибе және сезімдік түйсіктер жатыр деп санайды. Оның негізін салған Ф.Бэкон: «білімнің қайнар көзі - тәжірибе», - деді.
2. Рационализм - (лат. ratio - ақыл) танымның негізі ақыл деп санайтын философиялық ағым. Ол танымның басты қаруы, сонымен бірге ақиқаттың өлшемі. Болмыстың, танымның, моральдің де негізі - ақыл. Рационализмнің негізі - антикалық философияда (Парменид, Платон, т. б. жасалады, ал философиялық бағыт ретінде ол Жаңа Заманда қалыптасты. Оның өкілдері - Декарт, Спиноза, Лейбниц. Рационализмге иррационализм де, сенсуализм де (эмпиризмде) қарсы тұрады.
3. Сенсуализм (лат sensus- сезім) - танымның көзі сезім (түйсік), ол ақиқаттың өлшемі деп санайды. Сенсуализмнің негізі антикада (Демокрит, Эпикур) ерекше бағыт ретінде Жаңа Заман философиясында қалыптасты (материалистік сенсуализм - Гоббс, Локк, Дидро, т. б.) идеалистік сенсуализм - Беркли, Юм,т.б. Ағартушылық дәуірде рационализм мен сенсуализм философияда өте маңызды рөл атқарады.
4. Иррационализм (лат. irrationalis - ақылсыз, санасыз, ақыл жетпейтін) - философиядағы ағым, танымда ақыл күшін мойындамайды, оған тіпті шек қояды, сонымен болмыстың мәніне ақылдың жетпейтіндігін уағыздайды. Иррационализмге субъективтік-идеалистік ілім жатады, М: Өмір философиясы (Шопенгауэр, Ницше, Бергсон, Шпенглер), экзистенциализм (Сартр, Камю, Хайдеггер, т.б.) және басқалар.
3. Студент философияның негізгі бөлімдерін және пәндерін білуі тиіс
Достарыңызбен бөлісу: |