Әлеуметтік болмыс Әлеуметтік болмыс – тарихи процестегі адам болмысы және қоғам болмысы болып табылады. Жеке адамды қоғам деп айта алмаймыз. Қоғам - адамдардың арасында қалыптасатын сан алуан байланыстар мен қарым-қатынастардың жиынтығы. Кезінде Платон айтып кеткендей, «адамдар өз қажеттіліктерін жеке-дара өтей алмайды. Олар өмір сүру үшін тамақ, киім өндірулері, үй салулары және т.т. жасаулары керек. Біреулер егіншілікпен, екіншілері тігіншілікпен, үшіншілері құрылыс салумен, төртіншілері етікшілікпен және т.с.с. айналысады. Сөйтіп, олардың бәрі бірігіп қана қажеттіліктерін өтейді. Осы бірігудің арқасында қоғам пайда болады».
Студент болмыстың бастамасы туралы сұрақ философияның негізгі мәселесі саналатынын ескеруі қажет. Оны ашық түрде алғашқы анықтаған марксизм, ол монизм, дуализм, плюрализм ұғымдарымен тығыз байланыста болды. Монизм (гр mones - біреу, жалғыз) - дүниенің негізінде бір ғана бастама бар деп танитын философиялық бағыт, идеалистік ілімдерде - рух, материалистік ұғымда - материя. Монистер деп барлық дәйекті материалистерді (Демокрит, Фалес, Анаксимен, Анаксимандр, Гераклит, Дидро, Гольбах, Маркс, Ленин) және барлық дәйекті идеалистерді (Августин, Фома Аквинский, Кант, Гегель, Юм) санайды. Дуализм (лат. Duo - екеу)(Кант И, Декарт Р) - дүниенің негізі бір біріне бағынбайтын, тепе-тең екі нәрседен - рухтан және материядан - басталады деп, материализм мен идеализмді үйлестіруге тырысатын ағым.
Плюрализм (лат. Plurais - көптік) - дүниенің негізі бір-бірімен байланыссыз, белгілі бір бастамасы жоқ мәндерден тұрады дейтін ілім. Болмыстың негізінде көптеген (жер, су, рух, т.б.) нәрселер бар деп санайды.