3. Кіші жүз қазақтарының патша үкіметінің отарлау шараларына қарсы күресі. ХҮІІІ ғасырдың 30-шы жылдары Кіші жүзді өзіне тәуелді еткен соң патшалық Ресей біртіндеп қазақ даласындағы отарлау саясатын тереңдете бастады. Оның барысында елдің шаруашылығы күйзеліске ұшырап, саяси жағдайлар шиеленісе түсті. Мұның барлығы Қазақстанның әр өңірінде халықтың наразылығын тудырып, көтеріліске шығуға итермеледі. Ал, Кіші жүз өңірінде қалыптасқан жағдайлар қазақтардың Е. Пугачев бастаған көтеріліске қатысуына себеп болды. Өзін “ІІІ Петрмін” деп жариялап лақап ат жамылған Е. Пугачев пен оның төңірегіндегілер қазақ даласында болып жатқан мәселелерден біршама хабардар еді және олар қазақтардың көтерілісті қолдайтынын түсінген болатын. Сондықтан, ол жағдайларды өз мүддесіне пайдалануға тырысып, 1773 жылдың 6 кыркүйегінде қазақтарға “қамқор” болатынын білдіріп манифест жазып, 200 адамнан тұратын қазақ жасақтарын жіберуді сұрайды. Пугачевтың жазған мұндай үндеулері қазақтар арасынан біршама қолдау тапты.
Осыдан кейін, кыркүйектің 20-сына қарай Нұралы хан 1000-ға жуық қазақ жасағымен Жайық қалашығының жанына келеді, бірақ, Пугачевқа көмек көрсетуден тартынып, көп ұзамай кері қайтып кетеді. Пугачев 1773 жылдың 20 қыркүйегінде қазақтарға арнап тағы да манифест жазады. Одан соң, Пугачев Жайық қалашығына шабуыл жасап оны ала алмайды да, онда аз ғана отрядын қалдырып негізгі күшін алып Орынборға қарай кетеді. Жол бойында Чернореченск, Татищев бекіністерін басып алады.
Қазақ жасақтары Жайық қалашығына, Озерная, Сахарная, Кожехаров, Красногор дистанциялық бекіністеріне шабуылдар жасайды. 1773 жылдың 5 қазанында Пугачевтың көтерілісшілері Орынборды қоршауға алған тұста Досалы сұлтан бастаған қазақ жасақтары Пугачевтың өтініші бойынша Орынборды қоршауға алуға қатысады. Досалы сұлтанның үш баласы Пугачевты қолдап көтеріліске қатысқан болатын. Орынборды қоршау 5 айға созылып, оның барысында 2000-дай қазақ жасағы қолдау көрсетті.
1774 жылдың тамыз айында старшын Дайыр сұлтан бастаған 50 қазақ жасағы Пресногорьков бекінісін шабуылдады. Құлсары батыр бастаған қазақтар редутке шабуыл жасап, оған старшындар Алғабай, Итек және Дәуітбай тархан қатысты.
Пугачев көтерілісіне қазақтардан басқа башқұрттар, қалмақтар, т.б., қатысқан еді. Бұл көтерілісті басуға патша әкімшілігі жақсы қаруланған жазалаушы әскерді көп жіберді. Жазалаушы әскер Қазан маңында көтерілісшілерді басып-жаншыған соң, Пугачев бастаған көтеріліс жеңіліс тапты. 1775 жылдың көктемінде жазалаушы әскер көтеріліске қолдау көрсеткен қазақ ауылдарына шапқаншылықтар жасады. Бұған шыдамаған қазақтар далаға ішкерілей көшіп кетіп, бас сауғалайды.
Ал, 1775 жылдың жазына қарай Кіші жүз өңірінде “Көрінбейтін адам” немесе Көктемір туралы аңыз тарайды. Бұл аңыздың таралуы барысында күйеуі Сейдалы сұлтанның қолдауына сүйенген Сапура Мәтенқызы “Көрінбейтін адам” атынан үндеу таратып, жанына жасақ жинап күзге қарай көтеріліске шықты. 1776 жылдың көктемінде Сейдалы сұлтан бастаған көтерілісшілер отряды жазалаушы әскердің құрамында болған башқұрттарға шабуыл жасады. Сапура Мәтенқызы бастаған көтерілістің өрістеуі барысында оған қатысушылардың саны 10 мыңға дейін жеткен болатын. Көтерілісшілер Гурьев пен Кулагин бекінісінің аралығындағы жерлерге топтасып Ресейге қарсы күресуді ойластырады. Жоғарғы Орал, Ор, Елек, Орынбор бекіністеріне шабуылдар жасайды. Бірақ, уақыт өте келе көтерілісшілер арасында өзара келіспеушіліктер туындап, Досалы сұлтан Ресейді қолдап кетеді. 1776 жылдың жазында жазалаушы әскердің күшімен көтеріліс аяусыз басып тасталды. Сапура Мәтенқызы бір топ жақтастарымен далаға ішкерілей ене отырып, жасырынуға мәжбүр болады.
Бұл көтерілістерден кейін, патша өкіметі 1775 жылы жергілікті басқару ісіне қайта ұйымдастыру жүргізді. Орынбор губерниясы таратылды. Кіші жүз және Орта жүз аумағының бір бөлігін Симбирск және Уфа генерал-губернаторлықтарының құрамына берді. Орынбордың обер-комендантына Кіші жүздегі патша әкімшілігінің жергілікті мекемелерінің іс-шараларын тікелей жүргізу тапсырылып, ол үшін Шекара істері комиссиясы құрылды. Патшалық үкімет орындары қазақ сұлтандарын өзінің сенімді тірегіне айналдырып, олардың көмегімен қазақтардың толқуларын болғызбауға ұмтылды. Өз тарапынан Нұралы хан мен сұлтандар патша үкіметіне адалдығын дәлелдеуге бар күшін салды. Патшалық үкімет орындары сыйлықтар үлестіру, айлық тағайындау, шен беру жолымен дала аристократиясымен одақты нығайтуға ұмтылды.
Кіші жүз жерлеріне салынған бекіністердегі казак-орыс әскерлеріне жергілікті халық есебінен жер бөлініп беріле бастады. Бұл жағдай жайылымдық жерлердің тарылып, мал шаруашылығының күйзеліске ұшырауына алып келді. Сонымен қатар, бекіністерге орналасқан казак-орыстар қазақ ауылдарына шабуылдар жасап, малдарын айдап, адамдарын байлап әкетіп отыратын болды. Орынбордың әскери губернаторы Н.Вахметьев патшаға жазған мәлімдемесінде: “Шеп бойындағы барлық бастықтардың қолдауымен рұқсат етілген жазалау шаралары қазақтарды аздырып-тоздырып, талан-таражға ұшыратуы сондай, барымта деп алынған малдың мыңынан жүзі иесінің қолына қайтып тимейді. “Шекараға жете алмай өлді” деген сылтаумен мал барымта басшысының т.б. қолында қалып отырды. Сөйтіп осы жаман әдет арқылы дүние-мүлік жинап, байып алғандар көп», - деп көрсетеді. “Шекара барымтасы” деген шабуылдар бүкіл бекініс линияларының бойында қолданылып тұрған. Мұндай шабуылдар кейде тіпті ойдан шығарылған сылтаулар арқылы да жасалған, оның ұйымдастырушылары Жайықтағы казак-орыс әскерінің атамандары. Бұл шабуылдардың көп болатын себебі, шабуылға қатысқандар олжа түсіріп, ауқаттанып отырғандығын Орынбор әкімшілігінің өзі де мойындайды.
Бұл келеңсіз құбылыстарға қоса хан мен патша үкіметінің салған түрлі салықтары, көрсеткен зорлық-зомбылықтары халықты әбден титықтатқан еді. Патшалық Ресейдің жергілікті әкімшілік орындарына арқа сүйеген Нұралы хан мен оның туысқан сұлтандары 70-жылдардың екінші жартысында халықты қанауды күшейтті. Нұралы хан Кердері руынан бір жылда - 100 жылқы, Тама руынан - 60 жылқы, Табын руынан - 50 жылқы тартып алған.
1782 жылғы жарлық бойынша қазақ ауылдарының Жайықтан өтуіне хан шекаралық үкімет органдарынан рұқсат алғаннан кейін ғана жол берілді. Нұралы мен оның ең жақын туыстары қоныстарға билік ету құқығын пайдаланып, қиянат жасады, Орал казак әскерлерінің старшиналарымен сөз байласты. Әскери старшиналар өзеннен өткені үшін ақы төлемеген ауылдарды тонады, ал қазақтарды тұтқынға алып, айдап әкетті. Сол кезде хан мен оның жақындастары тұтқындарды сатып алу үшін халықтан қаражат жинады. Бұл қаражат Орал әскерінің старшиналарымен бөлісілді. Сөйтіп, “тұтқын іздеу” қаржысы ханның, шекаралық әкімшілік пен казактардың үстем топтарының тұрақты табыс көзіне айналды.
Осындай әлеуметтік-саяси себептер С.Датұлы бастаған Кіші жүз қазақтарының көтеріліске шығуына негіз болды, Яғни 1783 жылдың көктемінде Жайық казактарының қазақтардың 4 мыңнан аса жылқысын айдап әкетуі елдің ішіндегі жағдайды одан әрі шиеленістіріп, көтерілістің басталуына әкеп соғады. Көтеріліс алғаш Кіші жүздің батыс өңірін Тама руын қамтып, кейін Орал мен Жем өзендерінің арасына қоныстанған басқа да руларға таралды. Көтеріліске елге жастайынан ақылдылығымен, шешендігімен танымал болып бала би атанған халық арасында беделі зор, ықпалы күшті Байбақты руының старшыны С.Датұлы жетекшілік жасады.
1783 жылы көтерілісшілер қазақ ауылдарына шабуыл жасаған казак-орыс атамандарының бірі Чагановтың отрядын талқандап, оның өзін тұтқынға алып, кейін Хиуа хандығына құлдыққа сатып жібереді. Осы жағдайдан кейін көтерілісшілерге қарсы Орал қаласынан әскер шығып, 1783 жылдың желтоқсанында күтпеген жерден С.Датұлын қолға түсіреді. Бірнеше ай түрмеде отырған Сырымды құдасы Нұралы хан 1784 жылы кепілдікке 70 жылқы, 350 рубль ақша төлеп босатып алады. 1784 жылдың мамырында елге оралған Сырым өз жасағымен Орал әскерлеріне қайта шабуыл бастайды. Бірақ, оның бұл әрекеті Нұралы хан тарапынан қолдау таппайды. Нұралы оған керісінше қарсы болып, көтерілісті басуға әкімшіліктен қосымша әскер жіберуді сұрайды. Нұралы ханның бұл ісіне риза болмаған Сырым, онымен араздасып, енді көтеріліс тек Жайық казактарына ғана емес, Әбілқайыр әулетінен шыққан хан мен сұлтандарға да қарсы бағытталады.
1784 жылы көтеріліске Байбақты, Табын, Шекті, Шеркес руларының адамдары да қатысты, кейін көтеріліс одан әрі қанат жайып - Барақ, Тіленші, Оразбай, Айшуақтың баласы Жантөренің иеліктерін, Жоғарғы Орал бекінісі мен Елек қалашығына дейінгі аралықты қамтыды. 1784 жылдың күзінде көтерілісшілердің саны 1000 адам болса, 1785 жылы Сырым батырдың жасағында - 2700, Барақ батырда - 2000, Тіленші батырда - 15000 адамға жеткен. 1785 жылдың көктемінде Сырымның жасағы Антоновск форпостына, Сахарная қалашығына, Орал бекіністеріне шабуылдар жасап, оларға көп шығын келтіреді.
1785 жылдың наурызында көтерілісті басуға Орынбор қаласынан Елек өзенінің жоғарғы ағысын бойлай генерал-майор Смирновтың отряды, Сарайшық бекінісінен Пономарев пен Колпаков басқарған Жайық казактары аттанады. Бұл отрядтар көтеріліске қатысушы ауылдарға ойран салып, тонап, Қаракөл маңындағы ауылдардан 112 адамды тұтқындап алып кетеді. Майор Назаровтың отрядына Сырымға көмекке келе жатқан Айшуақтың баласы Аппақ бастаған сарбаздар қарсылық көрсетіп, осы шайқаста Аппақтың өзі де ерлікпен қаза табады. Назаровтың отряды Табын руының ауылдарына шабуыл жасаған кезде Айшуақтың екінші баласы Жантөрені соққыға жығып, балалары көтеріліске белсенді қатысқаны үшін Айшуақ сұлтанды тұтқындап, 2124 жылқысын қоса айдап кетеді. Осыдан Айшуақ 1787 жылға дейін түрмеде отырады.
Айшуақ сұлтанның тұтқындалып, балаларының біреуі өліп, біреуінің соққыға жығылуы, старшындардың патша әкімшілігіне бағынбауы, Кіші жүз руларының көпшілігі Нұралы ханды мойындамай көтерілісшілер жағына шығуы, хан билігінің дәрменсіздігін, дағдарысқа ұшырағандығын байқатты. Бұл жағдай Ресей өкіметін де қатты ойландырды. Енді олар Кіші жүз старшындарымен тікелей байланыс жасау жағын ойластырады да, генерал-губернатор О.А.Игельстром Орынбор шекаралық комиссиясында қызмет істейтін ахун (ахун - мұсылмандық діни лауазым) М.Құсайыновты елшілікке жібереді. Елшіліктің алдына: көтеріліс жасаушы рулардың старшындарымен тікелей байланыс орнату, көтерілістің себептерін анықтау, көтерілісшілердің қоятын талаптарын білу, көтеріліс тоқтатылса берілетін жеңілдіктерді түсіндіру сияқты т.б. міндеттер жүктеледі. Кіші жүздегі жағдаймен танысқан Құсайынов, 1785 жылдың жазында көтерілісшілер мен старшындардың қатысуымен өткен жиналыста патша әкімшілігінің қоятын талаптарынан хабардар етеді.
Ал көтерілісшілер өз тарапынан патша әкімшілігіне мынадай талаптар қояды: 1) Еділ мен Жайық арасындағы қоныстарды қайтару; 2) Орал казак-орыс әскерлерінің жазалау отрядтарын жіберуді тоқтату; 3) Нұралы ханды тақтан түсіру. Елшіліктен қайтып келген М.Құсайынов патша ІІ Екатеринаға көтерілісшілердің талаптарын ескертіп, хабарлама жолдайды. 1785 жылдың күзінде тағы да старшындар мен көтерілісшілер қатысқан жиналыс өтіп, оған қатысушылар Нұралы ханды тақтан түсіру жөніндегі шешімдерін күшінде қалдырып, бұдан былай оны хан ретінде мойындамайтындықтарын білдіреді.
Орынбор генерал-губернаторы арқылы осы жағдайлармен танысқан патша ІІ Екатеринадан “кіші жүз үш бөлікке бөлініп, билер мен сұлтандар арқылы басқарылсын” деген нұсқау келеді. Осыдан кейін генерал-губернатор О.А.Игельстром Кіші жүзді басқарудың империялық басқару жүйесіне жақын жобасын жасайды. Оның жобасы бойынша Кіші жүздегі хандық билік жойылып, елді басқару Орынбор шекаралық сотына беріледі, ол генерал-губернаторға бағындырылады. Тарихта “Игельстром реформасы” деген атпен қалған бұл реформа, жалпы империядағы саяси жағдайға байланысты және жергілікті жерде түрлі қарсылықтарға ұшырап, толықтай іске аспайды.
Билер мен сұлтандардың Сырым бастаған бөлігі болмаса, барлығы бірдей хандық биліктің жойылуын қолдамаған еді. Хандық билік жойылғанмен, патша әкімшілігі Кіші жүзде өздеріне тұтастай тәуелді басқару жүйесін құра алмады. Бұл реформаның бір пайдалы жағы, оны жүргізу барысында Жайық казак-орыс әскерлерінің қазақ ауылдарына шабуыл жасауына тиым салынды. Қазақтарға Еділ мен Жайық аралығындағы жерлерге көшіп-қонуға мүмкіндік беріліп, Жайықтан өтуге 45 мыңнан аса шаруашылығы бар 17 ру басы рұқсат алады.
“Игельстром реформасы” толық нәтиже бермеген соң, патша үкіметі хандық билікті қалпына келтіру мақсатында енді сұлтандармен арадағы одақты нығайтуды көздеді. О.А.Игельстромның орнына жаңа тағайындалған генерал-губернатор А.Пеутлинг Нұралының інісі Ералымен байланыс жасап, қазақ қоғамына қатысты қатал саясат ұстанды. Губернатордың саясатына сәйкес Жайық казак-орыс әскерлері қазақ ауылдарына шабуылдарын қайта үдетті. Старшындарға қарсы саясат жүргізіп, олардың билігіне шек қоя бастады. 1790 жылы Орынборға барған билер мен старшындар қамауға алынады. Осы жылы Уфа қаласында Нұралы хан қайтыс болып, орнына билер мен ру басылары жиналып Есім сұлтанды Кіші жүздің ханы етіп сайлайды. Бірақ патша әкімшілігі бұл сайлауды мойындамай, хандыққа Ералыны ұсынды. 1791 жылы күзіне қарай генерал-губернатордың қатысуымен Ор қаласының жанында өткен жиналыста билер мен ру басыларының шешіміне қарамастан Ералы хан сайланды. Ералының хан сайлануы ел ішінде наразылық тудырып, стихиялық баскөтерулер байқалды. С.Датұлы Кердері және Табын руларының старшындарына хат жазып, ауылдарды Мұғаджар тауларына көшіру керек екенін және өзінің патша үкіметіне қарсы күреске шығатынын хабарлайды. Бірақ оның пікірі старшындар арасынан қолдау таппайды. Оған қарамастан азаттық күресі жалғасып, негізінен шекара өңіріндегі руларды қамтиды. 1792 жылы қыркүйекте Сырым бастаған көтерілісшілердің Елек қаласына жасаған шабуылы сәтсіз аяқталады.
1794 жылы Ералы хан қайтыс болғаннан кейін патша үкіметі жаңа хан сайлауға біршама ойланып барып, 1795 жылы Нұралының баласы Есім хандыққа сайланады. 1795-1796 жылдардағы ауа райының қолайсыздығы Кіші жүз халқының шаруашылығын күйзелтіп кетеді. Оған қарамастан Есім хан түрлі салық жинауды тоқтатпайды. 1797 жылы О.А.Игельстром Орынбор генерал-губернаторлығына қайта тағайындалады. Осыдан кейін Сырымның Есім ханға қарсы қозғалысы басталады. 1797 жылы наурыздың 26-нан 27-не қараған түні көтерілісшілер Краснояр бекінісінен 5 шақырым жерде Есім ханды өлтіріп, ауылдарын тонап кетеді. Бірақ, ханды өлтіруге Сырым өзі қатыспайды. Хан өлімінен кейін патша үкіметі көтерілісшілермен күресудің дұрыс әдісі Сырымды тұтқындау деп есептейді. Онымен ғана шектелмей амалдар іздестіріп, Кіші жүзде хан кеңесін ұйымдастырады. Ол кеңестің басшылығына Айшуақ сұлтан, кеңес мүшелігіне алты старшын және патша үкіметінің өкілі Құсайынов сайланады. 1797 жылы тамыз айында хан кеңесі шақырылып оған 1000-ға жуық адамы бар Сырым Датұлы да келеді. Осы кеңесте Сырым: “Кіші жүз халқының жағдайының ауырлығына және хан кеңесінің құрылуына байланысты күресті тоқтатамын”, - деп мәлімдеме жасайды. Одан соң ол хан кеңесінің құрамына сайланады.
77 жастағы Айшуақ сұлтанды 1797 жылы қазан айында патша үкіметі хан етіп тағайындайды. Осылайша, 1783 жылдан 1797 жылға дейін 14 жылға созылған Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс халықтың босқа қырылмауы, ел ішінде тыныштық сақтау мақсатында тоқтатылады. Көтерілістің қозғаушы күші - халық болды. Оған билер мен батырлар, старшындар мен ру басылары да, қарапайым шаруалар да қатысты.
Ресей отаршыларының жүргізген құйтырқы саясатының нәтижесінде хандық билік дағдарысқа ұшырады. Сонымен қатар патшалықтың отарлау саясатының одан әрі тереңдей түсуі, орыс-казак әскерлерінің қазақ жерлерін тартып алуы дәстүрлі шаруашылыққа үлкен нұқсан келтірді, қоныстар мен жайылымдық жерлерді тарылтты. Сондықтан, көтерілісшілер негізінен екі үлкен мәселені қойды: бірі дербес саяси хандық билікті, екіншісі қазақ жерінің территориялық тұтастығын қамтамасыз ету.
Қорыта айтқанда, Е. Пугачев бастаған көтеріліске қазақтардың қатысуы, Сапура Мәтенқызы мен Сырым Датұлы бастаған көтеріліс қазақ тарихында Ресей империясының отаршылдық саясаты мен жергілікті билеуші топ өкілдерінің езгісіне қарсы бағытталған маңызы зор азаттық қозғалыстың бірі болды.
8-тақырып. Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінен айырылуы.