34. XVғ. аяғы –XVI ғ. басындағы Қазақ хандығы. Қазақтың алғашқы ханы болып Керей жарияланды (1458-1473 жж.). Одан кейін қазақ ханы болып Жәнібек сайланды (1473-1480 жж.). Бұлардың тұсында Жетісу халқы, 1462 жылы Моғолстан ханы Есенбұға өлгеннен кейін ондағы тартыстың күшеюіне байланысты, өзара ынтымақтықты нығайтуға үлес қосты. Әбілхайыр хандығынан көшіп келушілер Жәнібек пен Керейдің қазақ хандығын күшейте түсті. Едәуір әскери күш жинапан және Жетісуда берік қорғанысы бар Жәнібек пен Керей, Жошы әулетінен шыққан сұлтандардың Шығыс Дешті Қыпшақты билеу жолындағы күресіне қосылды. Бұл күрес 1468 ж. Әбілхайыр өлгеннен кейін қайтадан өршіді. Қазақ хандарының басты жаулары Әбілхайырдың мұрагерлері- оның ұлы Шайх -хайдар мен немерелері Мұхамед Шайбани мен Махмұд сұлтан болды.
35. XVI ғ. 20-30-шы жылдарындағы Қазақ хандығы. Моңғол шапқыншылығынан кейін барлық қазақ рулары мен тайпалары Жетісуда алғаш рет бір мемлекетке біріктірілді. XVI-XVII ғ. Қазақ хандығының шекарасы едәуір ұлғая түсті. Өз кезінде “Жерді біріктіру” процесін жедел жүзеге асырып, неғұрлым көзге түскен қазақ хандарының бірі – Жәнібек ханның ұлы Қасым. Қасым ханның тұсында (1511-1523) феодал ақсүйектердің қарсылығы әлсіреп, әскери қуаты артты. “Тарихи-Рашиди”, “Шайбанинама”, т.б. деректерге қарағанда, қазақтардың этникалық территориясының негізгі аудандары қазақ хандығына Қасым хан тұсында біріктірілген.
36. XVI ғ. II жартысындағы Қазақ хандығы. XVI ғасырдың басында нығайған Қазақ хандығының жағдайы аталған ғасырдың 20-жылдарынан бастап әлсірей бастады. Қазақ хандығын нығайтуға және күшейтуге қажырлы қайрат жұмсаған Қасым хан қайтыс болғаннан соң оның мұрагерлері арасында өкімет билігі үшін ішкі талас пен қырқыстар туды. «Тарихи Рашидидің» авторы Мұхаммед Хайдар Дулати айтқандай: «Қазақ сұлтандары арасында дау-шар басталды». Қасым ханның баласы Мамаш әкесінің орнына хан болып, бірақ көп ұзамай өзара қырқыстың бірінде қаза тапты.Қасым ханның баласы Хақназар хан (1538-1580) тұсында Қазақ хандығы қайта бірігіп, дами түсті. Ол хандық билікті нығайтуға және күшейтуге қажырлы қайрат жұмсады. Өзінен бұрын бытыраңқы жағдайға түскен Қазақ хандығын қайта біріктірді. Хақназар қазақ-қырғыз одағын одан әрі нығайтты, сол заманның тарихи деректерінде оны «қазақтар мен қырғыздардың патшасы» деп атады. Ол осы қазақ-қырғыз одағына сүйене отырып, Моғолстан хандарының Жетісу мен Ыстықкөл алабын жаулап алу әрекетіне тойтарыс берді.