40. Жоңғар мемлекетінің құрылуы. XVIIғ. қазақ-жоңғар қатынастары. Жоңғар Хандығы – Батыс Моңғолияда 17 ғасырдың 30-жылдарына қарай төрт ойрат тайпасының бірігуі негізінде құрылған мемлекет. Ғылыми әдебиеттерде Жоңғар Хандығының негізін салған төрт тайпа – шорос, хошоут, дурвэд, хойттар аталады. Шыңғыс хан ұрпақтары құрған Юань империясы ыдыраған соң олар Батыс Моңғолияда қоныстанып қалған еді. Олармен туысқан тайпалардың бір бөлігі халхалар Шығыс Моңғолияда тұратын.
Жоңғарлар мен қазақтардың әскери қарым – қатынас, қақтығыстарын суреттеуге көшпес бұрын «жоңғар» атаусөзінің мағынасын аша кеткен жөн деп есептейміз. Жоңғар – ұлт емес. Бұл атау «сол жақ», «сол қанат» деген түсініктен шыққан. Бір деректерге қарағанда Шыңжан, Шығыс Түркістан аймағын Тянь-Шань таулары, дәлірек айтқанда Хан-Тәңірі ұлы шыңының өзі екі бөлікке бөледі. Егер адам Хан-Тәңірінің ұшар биігіне көтерілсе, оның сол қолы жағында «Солтүстік ойпат» - Жоңғар, оң қолы жағында «Оңтүстік ойпат» - Қашғар көсіліп жатады. «Ғар» деген сөз түркі тілінде ойпат, үңгір, шұңқыр дегенді білдіреді.
Қазақтар мен жоңғарлардың ылғи қырғи қабақ емес, бейбітшіл, кей шамада ағайыншылық қарым-қатынастары турасында мына мәліметтер куәлік ете алады. 1595 жылы Мәскеудегі қазақ елшісі былай деп жазды: «Сенің туысын Тәуекел Қазақ Ордасында хан болса, оның інісі Шахмұхамбет қалмақтардың ханы болып сайлагды». Ал, хан Тәуекел Ресейге жолдаған хатында: «Мен қазақтар мен қалмақтардың патшасымын» деп жазған.
41.Тәуке хан тұсындағы Қазақ хандығының саяси жағдайы. «Жеті жарғы» заңдар жинағы. Бұл дәуірде қазақ хандығының ішкі саяси жағдайы ауыр еді. Феодал шонжарлардың арасында алауыздықтар мен бақталастық өршіді.
Ал Жәңгірдің баласы Тәуке хан (1680-1718) тұсында қазақ хандығының бірлігі күшейе түсті.
Ол қазақ тарихында «Әз Тәуке», «адамзаттың данасы» деп аталды. Ол бір орталыққа бағынған қазақ хандығын құруға күш жұмсады.
Феодал шонжарларының өкілдері мен билерден құралған «хандық кеңестің» және «билік кеңесінің» рөлін арттырды. Жыл сайын Ташкент қаласының түбіндегі Күлтөбеде үш жүздің басын қосқан құрылтайын ашып отырды. Тәуке хан беделді билерге арқа сүйеп, феодал ақсүйектерді, сұлтандарды әлсіретуге тырысты. Жүздер мен ұлыстар арасындағы үлкен даулар билер кеңесінде, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер алдында шешілетін болды.
Тәукенің тұсында «Жеті жарғы» деген атаумен әдеттегі құқық өлшемдерінің жинағы құрастырылды. Мұнда феодалдық құқық тәртібі мен мемлекеттік құрылымның негізгі шарттары белгіленді. Сөйтіп, қазақ халқының тарихында ірі құқықтық өзгерістер енгізді. «Жет жарғы» сол заманға сай құқықтық құжат қана емес, сонымен қатар көшпелі қазақ халқының этникалық, шаруашылықты ұйымдастыру және жағрафиялық ерекшеліктеріне сай келетін аса құнды ескерткіш. Бұл көшпелі қазақтардың ел билеу заңы болып табылады. Онда әкімшілік, қылмысты істер, азаматтық құқық өлшемдері, сондай-ақ салықтар, діни көзқарастар туралы ережелер енгізіліп, ол қазақ қоғамы өмірінің барлық жағын қамтыды. Оның жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте қазақ қоғамында заңдылықты, тәртіпті нығайтудағы рөлі де зор.