Соғыс тұтқындарынсатқын деп санады Жау қолына тұтқынға түсіп қалған жауынгерлерді сатқын санаған көзқарас тек Кеңес өкіметінің ғана саясатына тән құбылыс болды, ал халықаралық қауымдастықта соғыс тұтқындарына адамшылықпен қарау дәстүрі қалыптасқан еді. Соғыс жүргізудің ережелерін және тұтқындардың құқықтарын белгілеген халықаралық келісімдер ХІХ ғасырдың екінші жартысында-ақ жасала бастады. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде соғысушы елдердің барлығының (соның ішінде патшалық Ресейдің де) тұтқындарға қатысты саясаты 1907 жылғы Гаага келісіміне негізделді. Соғыс аяқталған соң, 1919 жылы Англия және Францияның талабымен арнайы комиссия құрылып, ол Германияның соғыс тұтқындары лагерьлерінде Гаага келісімінің дұрыс орындалмау фактілерін тексерді. Ал екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 1929 жылдың 27 шілдесінде Женевада қабылданған «Соғыс тұтқындарын бағып-күту туралы» келісім қолданылды. Келісімнің 2-бабында соғыс тұтқындары оларды қолына түсірген жеке әскери бөлімдердің емес, мемлекеттің билігінде болады, ал мемлекет соғыс тұтқындарына адамшылықпен қарауға, оларды зорлық-зомбылықтан, қорлаудан қорғауға тиісті деп көрсетілген. 3-бапта соғыс тұтқындарының жеке басы мен ар-ожданы құрметтелуін талап етуге қақысы бар екені айтылған. Женева келісімі – 97 баптан тұратын үлкен құжат, мұнда офицерлер мен жауынгерлердің тұтқынға түскен кезінен бастап, соғыс біткенде еліне қайтарылу шарттарына дейінгі барлық мәселе қамтылған. Келісім бойынша, тұтқындар тіркеуге алынып, тізімдері бейтарап мемлекетке (Швейцарияға) беріледі, ал ол тізімді тұтқындардың Отанына жеткізеді; тұтқын лагерьлерін Халықаралық Қызыл Крест қоғамы үнемі тексеріп отырады; тұтқындарға берілетін тамақ мөлшері тұтқындаушы елдің тылдағы әскери бөлімдеріне берілетін мөлшерде болуға тиісті; тұтқындардың елінен хат-хабар, сәлемдеме алуға және Қызыл Крестен азық-түлік, витамин, дәрі-дәрмек алуға, лагерьдегі Женева келісімі шарттарына сәйкес келмейтін жағдайлар туралы арыз айтуға құқығы бар.