84.Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығы және оның маңыздылығы.
ЕҚЫҰ ХХ ғ. соңы мен ХХІ ғ. басындағы Еуропа қауіпсіздігінің басты элементі болып табылады. Сонымен қатар алғашынан бастап ЕҚЫҰ Еуро-Атлантикалық сипатқа ие бола отырып , құрамына ТМД елдерін , АҚШ және Канада , Орталық және Батыс Еуропа елдерін біріктірді. 1975 жылы 1 тамызда Хельсинкиде Еуропа мен Америка елдерінің 35 елбасшылары жиналып , ЕҚЫК-не қатысты ресми түрде қорытынды акт жасады.1992 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ-ның мүшесі болып қабылданды. Бұл тарихи оқиға еліміздің 1975 жылғы Хельсинки қорытынды актісіне негізделген жалпыеуропалық үрдістерге еркін қатысуға, тәжірибе алмасуға деген ұмтылысын көрсетеді. Қазақстан ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастық барысында үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда , ЕҚЫҰ Орталық Азиядағы экономикалық жағдайға қатысты , аймақтың нарықтық экономикаға өтуіне қатысты , экономикалық реформалар жүргізу ,адам құқықтарын қорғау өңірлік қауіпсіздік салаларында бірқатар семинарлар өткізді. ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Қазақстан күн тәртібіне мәдениеттер мен діндер арасындағы үндестікті жақсарту,шыдамдылықты нығайту мен дискриминацияның барлық түрлерімен күресу сияқты мәселелерді қосуда. ЕҚЫҰ ның төрағасы ретінде Қазақстанның алдында үш бағыттағы мәселелерді шешу міндеті тұр: әскери-саяси , экономика-экологиялық және гуманитарлық бағыт. ЕҚЫҰ – еуропалық континентте қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз ету мәселелерімен айналысатын беделді халықаралық ұйым. Басқа да континенттерде ЕҚЫҰ-на ұқсас ұйымдар қызмет атқаруда. Мысалы , құрылуына Қазақстан бастамашы болған , Азияда АӨСШК- Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары бойынша Кеңес жұмысын атқаруда.
Мұсылман мемлекеттері басшыларының 1969 жылғы 25 қыркүйекте Рабатта өткен конференциясында негізі қаланған Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) – ең ірі және ықпалды үкіметтік әрі халықаралық мұсылман ұйымы. Қазіргі уақытта ол жалпы саны шамамен 1,5 миллиард адамды қамтитын 57 елдің басын біріктіріп отыр.
85.. "Рухани жаңғыру" бағдарламасы және оны жүзеге асырудағы жастардың рөлі
Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Мен жыл басындағы халыққа Жолдауымда Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жарияладым.Осылайша, біз қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алдық.Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу.Аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақсат-міндеттері, басымдықтары мен оған жеткізетін жолдары бар. Мен көздеген жұмыстарымыздың бәрі дер уақытында және барынша тиімді жүзеге асарына сенімдімін. Бірақ, ойлағанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз.Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады.Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес.Біз Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқардық.2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғырттық.2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттедік.Енді осының бәрінен де ауқымды және іргелі жұмыстарды бастағалы отырмыз.Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім.І. ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ ҰЛТТЫҚ САНА ТУРАЛЫКүллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек.ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады.Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай.Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық.Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды.Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды.Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы. Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын.Бұл ретте, тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап өтер еді
Бәсекелік қабілет
Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады.Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін.Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында.Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы.
Прагматизм
Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес.Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады.Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді.Тек өткен ғасырдың ортасында, небәрі бірнеше жыл ішінде миллиондаған гектар даламыз аяусыз жыртылды. Бағзы замандардан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, ас та төк ысырапшылдыққа ұласты. Соның кесірінен, Жер-Ана жаратылғаннан бері шөбінің басы тұлпарлардың тұяғымен ғана тапталған даланың барлық құнары құрдымға кетті. Түгін тартсаң майы шығатын мыңдаған гектар миялы жерлеріміз экологиялық апат аймақтарына, Арал теңізі аңқасы кепкен қу медиен шөлге айналды.Осының бәрі – жерге аса немқұрайлы қараудың ащы мысалы.Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек.Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді.Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы.Бұл – заманауи әлемдегі бірден-бір табысты үлгі. Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса, ертең іске аспақ түгілі, елді құрдымға бастайтын популистік идеологиялар пайда болады.Өкінішке қарай, тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді.
Бүгінде радикалды идеологиялар ғасыры келмеске кетті. Енді айқын, түсінікті және болашаққа жіті көз тіккен бағдарлар керек. Адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуін көздейтін осындай бағдарлар ғана дамудың көгіне темірқазық бола алады. Ең бастысы, олар елдің мүмкіндіктері мен шама-шарқын мұқият ескеруге тиіс.Яғни, реализм мен прагматизм ғана таяу онжылдықтардың ұраны болуға жарайды.
3. Ұлттық бірегейлікті сақтау
Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді.
Оның екі қыры бар.
Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту.
Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту.
Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгілерінің қандай қатері болуы мүмкін?
Қатер жаңғыруды әркімнің ұлттық даму үлгісін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру ретінде қарастыруда болып отыр. Алайда, өмірдің өзі бұл пайымның түбірімен қате екенін көрсетіп берді. Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда.Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана.Сонымен бірге, жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді.Мысалы, жершілдікті алайық. Әрине, туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ, одан да маңыздырақ мәселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды.Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап бағаланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді.Осының бәрін егжей-тегжейлі айтып отырғандағы мақсатым – бойымыздағы жақсы мен жаманды санамалап, теру емес. Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын.
Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды.
Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек.
4. Білімнің салтанат құруы
Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет.
Тәуелсіздік жылдарында қыруар жұмыс жасалды. Біз он мыңдаған жасты әлемнің маңдайалды университеттерінде оқытып, дайындадық. Бұл жұмыс өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында қолға алынған «Болашақ» бағдарламасынан басталды. Елімізде өте жоғары деңгейдегі бірқатар университеттер ашылды, зияткерлік мектептер жүйесі қалыптасты. Басқа да көптеген іс тындырылды.Дегенмен, білімнің салтанаты жалпыға ортақ болуға тиіс. Оның айқын да, бұлтартпас себептері бар. Технологиялық революцияның беталысына қарасақ, таяу онжылдық уақытта қазіргі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді.Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама жедел өзгермеген.Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді.Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз.Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді.
5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы
Биыл Еуразия құрлығының ұлан-ғайыр аумағын астаң-кестең еткен 1917 жылдың қазан айындағы оқиғаға 100 жыл толады.Күллі ХХ ғасыр революциялық сілкіністерге толы болды. Бұл осы аумақтағы барша ұлттарға мейлінше әсер етіп, бүкіл болмысын өзгертті.Әрбір жұрт тарихтан өзінше тағылым алады, бұл – әркімнің өз еркіндегі шаруа.
Біреуге өзіңнің көзқарасыңды еріксіз таңуға ешқашан болмайды. Бізге тарих туралы өздерінің субъективті пайымдарын тықпалауға да ешкімнің қақысы жоқ.Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды.Біріншіден, ұлттық дамудың көнеден жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды.Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді.Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады.Төртіншіден, еліміздің көптеген өңірлері экологиялық апат аймақтарына айналды.Әрине, тарих тек ақтаңдақтардан тұрмайды.ХХ ғасыр Қазақстанға бірқатар игіліктерін де берді.
Индустрияландыруды, әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымдардың құрылуын, жаңа интеллигенцияның қалыптасуын осыған жатқызуға болады.Бұл кезеңде елімізде белгілі бір жаңғыру болды. Бірақ, бұл – ұлттың емес, аумақтың жаңғыруы еді.Біз тарихтың сабағын айқын түсінуіміз керек. Революциялар дәуірі әлі біткен жоқ. Тек оның формасы мен мазмұны түбегейлі өзгерді.Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді.Бұдан сабақ ала білмесек, тағы да тарихтың темір қақпанына түсеміз. Ендеше, эволюциялық даму қағидасы әрбір қазақстандықтың жеке басының дербес бағдарына айналуға тиіс.
Бірақ, қоғамның эволюциялық дамуы қағида ретінде мәңгі тұмшаланудың синонимі емес.Сол себепті, тарихтың ащы сабағын түсініп қана қоймай, өзіміз күнде көріп жүрген қазіргі құбылыстардан ой түйіп, болашақтың беталысына қарап, пайым жасай білу де айрықша маңызды.Бүгінде революциялар өңін өзгертіп, ұлттық, діни, мәдени, сепаратистік перде жамылды. Бірақ, бәрі де, түптеп келгенде, қантөгіспен, экономикалық күйреумен аяқталатынын көріп отырмыз.Сондықтан, әлемдегі оқиғаларды ой елегінен өткізіп, қорытынды жасау – қоғамның да, саяси партиялар мен қозғалыстардың да, білім беру жүйесінің де ауқымды дүниетанымдық, рухани жұмысының бір бөлігі.
6. Сананың ашықтығы
Көптеген проблема әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанына қарамастан, бұқаралық сана-сезімнің «от басы, ошақ қасы» аясында қалуынан туындайды.Бір қарағанда, жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жапатармағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлелдеуді қажет етпейтіндей.Еуропалық Одақтың 400 миллионнан астам тұрғыны ана тілдері – неміс, француз, испан, итальян немесе басқа да тілдерді сыйламай ма? Әлде 100 миллиондаған қытай мен индонезиялықтар, малайлар ағылшын тілін еріккеннен үйреніп жатыр ма?Бұл – бәзбіреулердің әншейін қалауы емес, жаһандық әлемге еркін кірігіп, жұмыс істеудің басты шарты. Бірақ, мәселе бұған да тіреліп тұрған жоқ. Сананың ашықтығы зерденің үш ерекшелігін білдіреді.
Біріншіден, ол дүйім дүниеде, Жер шарының өзіңе қатысты аумағында және өз еліңнің айналасында не болып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді.
Екіншіден, ол жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу деген сөз. Таяудағы он жылда біздің өмір салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері, қысқасы, барлығы түбегейлі өзгереді. Біз бұған да дайын болуымыз керек.
Үшіншіден, бұл – өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіру мүмкіндігі. Азиядағы екі ұлы держава – Жапония мен Қытайдың бүгінгі келбеті – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың нағыз үлгісі.
«Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі.
Егер қазақстандықтар жер жүзіне үйден шықпай, терезеден телміріп отырып баға беретін болса, әлемде, құрлықта, тіпті іргедегі елдерде қандай дауыл соғып жатқанын көре алмайды.Көкжиектің арғы жағында не болып жатқанын да біле алмайды. Тіпті, бірқатар ұстанымдарымызды түбегейлі қайта қарауға мәжбүрлейтін сыртқы ықпалдардың байыбына барып, түсіне де алмай қалады.
86. ҚР Президенті Қ.Ж. Тоқаевтың "Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына тұңғыш Жолдауы (02.09. 2019 ж.)
Қасым-Жомарт Токаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттілігін тоқтатқаннан кейін,ел конституциясына сәйкес уақытша президент ретінде ел билігін қолға алды.Негізі президент болмай тұрып ол: Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы (2013-2019) болған.Кейін Қазақстан Республикасының кезектен тыс президент сайлауы — 2019 жылдың 9 сәуірінде қабылданған «Қазақстан Республикасының Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» №18 Жарлығына сәйкес 2019 жылдың 9 маусымында өтті.Осы сайлауға 7 кандидат қатысты.Сонымен осы кандидаттардың ішінен Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 70,96 пайыз дауысын иеленіп,жеңіп шықты.Ал ресми президенттікке 2019 жылдың 20 наурызынан бастап кірісті.2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің президент ретінде алғашқы жолдауын 2 қыркүйекте жариялады.Оның тақырыбы: «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» болды.Ол мынадай бағыттардан тұрды:1) ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ ТИІМДІ МЕМЛЕКЕТ.2) АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ.3) ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫҒАН ЖӘНЕ ИНКЛЮЗИВТІ ЭКОНОМИКА.4) ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ.5) ҚУАТТЫ ӨҢІРЛЕР – ҚУАТТЫ ЕЛ.
87.. Тоқтар Әубәкіров және Қазақстанның ғарышқа жол ашуы.
Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров (27 шілде 1946 жыл, Қарқаралы ауданы, Қарағанды облысы, Қазақстан) — қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры (1988), Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы (1995), техника ғылымының докторы (1998), профессор (1997), Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрметті профессоры.
1961 жылдың 12 сәуірінде адамзат тарихында тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин аспан әлеміне көтерілді. Бұл бұрын-соңды болмаған тарихи жетістік еді. Оқиға басқа емес, дәл осы Қазақ елінен, Сыр жерінен бастау алған.
Әлемде теңдесі жоқ алып ғарыш айлағы – Байқоңырдан 1957 жылдың 4 қазанында тұңғыш ғарыш ракетасы ұшырылып, ол дүние жүзіндегі ең бірінші жердің жасанды серігін орбитаға шығарған болатын.
Байқоңырдан қазақтың үш батыры ғарыш әлеміне көтерілді. Еліміз тәуелсіздік алар тұста 1991 жылдың 2 қазанында «Союз ТМ-13» кемесімен Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты. Тоқтар ағамыздан кейін Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов көк төсіне самғады.
88. «Халық тарих толқынында» атты мемлекеттік бағдарлама және оның жаңа тарихи сананы қалыптастырудағы маңызы
Халық тарих толқынында» тарихи зерттеулердің президенттік бағдарламасы.
2013 жылы 5-маусымда Астанада сол кезде Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы лауазымында отырған Тәжин Марат Мұханбетқазыұлының қатысуымен Қазақстанның ұлттық тарихын зерттеуде Ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысы өтті. Ғылыми қоғамдастықтың алдында «Халық тарих толқынында» ғылыми зерттеу бағдарламасын жүзеге асыру міндеті қойылды.
Ғылыми бағдарламаның мақсаты алдыңғы қатарлы әдіснама және әдістеме негізінде қазақ этносының объективті тарихын және оның ежелгі заманнан қазіргі кезге дейінгі тарихи тағылымы, этникалық және мемлекеттік территориясының тарихи қалыптасуы, Қазақстан халықтарының полиэтникалық қалыптасу кезеңдерін қайта жасап шығару болып табылады. Ғылыми бағдарламаны 2014-2016 жылдары жүзеге асыру көзделіп отыр
89. Қ.Ж. Тоқаев - дипломат және мемлекет қайраткері.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев - Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы, Қазақстан Республикасының бұрынғы премьер-министрі (1999-2002), Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы (16.10.2013-20.03.2019). Қазақстан Республикасының президенті (2019 жылдың 20-шы наурызынан бастап). 2019 жылдың 9 маусымында көптеген заңсыздықпен өткен сайлауда 71% дауыспен жеңді. ЕЫҚҰ-ның жариялаған мәлімдемесіне сәйкес, бір адамның көптеген бюллетендерді тастау, тәуелсіз бақылаушыларды санау процесіне араластырмау секілді фактілер тіркелген. Қасым-Жомарт Тоқаев - саяси ғылымдар докторы. Халықаралық қатынастар мәселелері бойынша тоғыз кітап пен бірқатар мақалалардың авторы. Ол Бүкіәлемдік гуманитарлық және жаратылыс ғылымдары академиясының мүшесі, Мюнхен қауіпсіздік конференциясы «Даналар» кеңесінің мүшесі.
Министр ретінде Қ. Тоқаев халықаралық маңызы бар істерде дипломатиялық біліктілік танытты. Халықаралық қатынаста мемлекетіміздің позициясын сақтай отырып, әлемдік деңгейдегі дипломат әріптестерімен тең дәрежеде қарым-қатынас жасай білді. Мәселен, ол ядролық қаруды таратпау туралы 1995 және 2005 жылдардағы конференцияларға қатысып, 1996 жылы Нью-Йоркте ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шартқа, ал 2005 жылы Семейде – Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойды. 2011 жылғы наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы Пан Ги Мун білікті дипломатты өзінің орынбасары және Біріккен Ұлттар Ұйымының Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры етіп тағайындады. Сонымен қатар, Қарусыздандыру жөніндегі конференцияның Бас хатшысы лауазымын иеленеді. Ол – дипломатия тарихында әлемдік деңгейге көтерілген қазақтардың бірі. Еліміздің халықаралық аренадағы абырой-беделінің артып, өзге елдермен жағымды байланыстар орнатуына көп күш салды, басшы ретінде сабырлы, байсалды, қол астындағы қызметкерлерге оң позиция ұстанады. Қасым-Жомарт Кемелұлы алғаш рет Қазақстан сыртқы істер министрлігіне қызметке келгенде қазақ тілінде жақсы сөйлей алмайтын. Өйткені мектеп пен жоғары оқу орындарын орыс тілінде оқыды, кейін Совет Одағы елшілігінде қызмет етті. Ол ана тіліне деген үлкен жауапкершілігін танытып, қазақшаны тез арада жақсы үйреніп алды.
1992 жылы Қ-Ж.Тоқаев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды. Ол 1993 жылы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары және 1994 жылы Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. 1999 жылдың наурыз айында Премьер-министрдің орынбасары болды. 1999 жылдың қазан айында Парламенттің келісімімен Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Премьер-министр лауазымына тағайындалды. 2002 жылдың қаңтарында отставкаға кетіп, кейін Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. 2007 жылдың қаңтарына дейін Сыртқы істер министрі ретінде жұмыс істеп, кейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы болып сайланды.
90. ҚР Президенті Қ.Ж. Тоқаевтың: "Халық бірлігі және жүйелі реформалар - ел өркендеуінің берік негіңзі" атты Қазақстан халқына Жолдауы (01.09.2021 ж.).
Биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз.
Қазақстан Тұңғыш Президентіміз – Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды.
Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік.
. ПАНДЕМИЯДАН КЕЙІНГІ КЕЗЕҢДЕГІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ
Орталық Азиядағы экономикасы ең ауқымды ел саналатын Қазақстан қазір пандемияның зардабын тартуда. Дегенмен, қиындықтарға қарамастан, бағдарымызды берік ұстанып келеміз.
Біз орта мерзімді экономикалық саясатымызды айқындап, мемлекеттік бастамаларды реттеу үшін 2025 жылға дейінгі дамудың Ұлттық жоспарын және Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін қабылдадық. Ұлттық жобалар бекітілетін болады
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНІҢ ТИІМДІЛІГІН АРТТЫРУ
Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған.
Коронавирус денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды.
Әлемді жайлаған індеттің беті әлі қайтар емес.
Күн сайын мыңдаған азаматымыз дертке шалдығып, талай адам өмірден өтуде.
Біз уақыт ұттырмай індетпен күресу шараларын дереу қолға алдық.
Қазақстан – коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі.
Біздің вакцинамыздың тиімді әрі қауіпсіз екеніне еш күмән жоқ.
САПАЛЫ БІЛІМ БЕРУ
Биылғы қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейді.
Алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсаймыз.
Қабылданған шаралар жемісін беріп жатыр. Педагогикалық мамандықты қалап, оқуға түскендердің орташа балы күрт өсті.
Біз ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра береміз.
Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан, құзырлы министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұр. Бұл – кезек күттірмейтін шаруа
ӨҢІРЛІК САЯСАТТЫ ЖЕТІЛДІРУ
«Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты қағидаты – мемлекеттік аппарат азаматтар мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс. Бұл бірінші кезекте жергілікті билікке қарата айтылып отыр.
Тұрғындармен тікелей қарым-қатынас жасап, олардың проблемаларын шұғыл шешумен дәл осы әкімдіктер айналысады. Бірақ, әрдайым осылай болып жатқан жоқ. Жоғары басшылықтың өңірлерде қабылданған шешімдерді түзетуіне, тіпті, кейде солардың орнына шешім қабылдауына тура келеді.
Түрлі деңгейдегі әкімдердің батыл әрі дербес қадам жасауға қабілеті жетпей жатады. Олар орталыққа жалтақтап жұмыс істейді.
ЕҢБЕК НАРЫҒЫНДА ТИІМДІ ЭКОЖҮЙЕ ҚАЛЫПТАСТЫРУ
Пандемия еңбек нарығын едәуір өзгертті. Бұл – ең алдымен, қашықтан жұмыс істеу тәсілінің қарқынды дамуы.
Көптеген жаңа кәсіптер пайда болған, үдерістердің көпшілігі автоматтандырылып, цифрландырылып жатқан қазіргі кезде бұл үрдіс тың серпінге ие болуда.
Осындай жағдайда мамандықты жиі өзгерте білу және жаңа кәсіптерді игере алу арқылы ғана әркімнің бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ете аламыз.
Сондықтан, бізге «Кәсіби біліктіліктер туралы» заң қажет. Бұл құжат біліктілікті тану мәселесін реттеп, жұмысшыларды өзінің қарым-қабілетін жетілдіруге ынталандыруы керек
САЯСИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ АДАМ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ
Саяси жаңғыруды біртіндеп жүзеге асыру – мемлекетіміздің стратегиялық бағдарының басым міндетінің бірі.
Соңғы екі жылда біз бұл салада бірқатар елеулі өзгеріс жасай алдық. Митинг өткізу үшін алдын-ала ескерту қағидаты жазылған жаңа заң қабылданды, партиялардың Мәжіліске өту шегі 5 пайызға дейін төмендеді, сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылды.
Осы және басқа да қадамдар қоғамда белсенді қолдау тапты.
Бұл бастамалар орнықты демократиялық даму бағдарымызды нығайтып, саяси жүйемізді сапалық тұрғыдан өзгертеді.
Сонымен бірге, азаматтарымызды мемлекет басқару ісіне барынша тартуға оң ықпал етеді.
Бірақ мұнымен шектелуге болмайды.
Біздің мақсатымыз – мемлекеттің тиімділігін, саяси үдерістің ашықтығы мен бәсекелестігін одан әрі арттыру.
Сондықтан саяси реформалар жалғасады.
ҰЛТТЫҢ ҰЙЫСУЫ – ОДАН ӘРІ ДАМУДЫҢ БАСТЫ ФАКТОРЫ
Қазір Қазақстан мүлде жаңа дәуірге қадам басты.
Соған сәйкес қоғамдық өмірдің барлық саласы түбегейлі өзгеруде.
Жаһанды тұрақсыздық жайлап, көптеген жаңа сын-қатер пайда болып жатқан кезде біз бағдарымызды бекемдеп, болашаққа көзқарасымызды айқындай түсуіміз қажет.
«Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидамыз ешқашан өзгермейді.
Сондықтан, этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуы Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағытының бірі болған, әрдайым солай болып қала береді.
Бұл – бекерге айтылған сөз емес. Мұндай ұстанымды қазақстандықтардың басым көпшілігі қолдайды.
Біздің азаматтарымыз үшін келісім мен толеранттылық – мәдениеттер мен тілдерді өзара тоғыстыратын өмірдің шынайы көрінісі, нақты болмысы.
Қымбатты отандастар!
Біздің бағытымыз – белгілі, мақсатымыз – айқын.
Ең бастысы, сол мақсатқа жету үшін не істеу қажеттігін жақсы білеміз.
Нақты жоспар жасап, соны жүзеге асырып жатырмыз.
Біз қолға алған игі бастаманың бәрін соңына дейін жеткіземіз.
Кез-келген кедергіні еңсеріп, қиындықты жеңуге дайынбыз.
Мен Мемлекет басшысы ретінде халық үшін барлық күш-жігерімді жұмсай беремін.
Мемлекеттік қызметкерлер және бүкіл қоғам біртұтас ел ретінде алдымызда тұрған міндеттерді орындау үшін жұмылуға тиіс. Әйтпесе, ертең кеш қалуымыз мүмкін.
Себебі дүние жүзіндегі ахуал құбылмалы әрі түрлі сын-қатерлерге толы.
Меніңше Мемлекет басшысының бағдарына күмән келтіретіндер, жұмыс істеу қолынан келмейтіндер, ебін тауып орнында отыра беруді қалайтындар, Президенттің тапсырмаларын орындаудан жалтаратындар қызметтен кетуге тиіс.
Қазір біз ел дамуының шешуші кезеңіне қадам бастық.
Мемлекеттік аппарат біртұтас құрылым ретінде жұмыс істеуге міндетті. Солай болған жағдайда ғана біз көздеген мақсаттарымызға қол жеткіземіз.
Мықты мемлекет болу үшін ұлттың ұйыса білуі айрықша маңызды.
Шын мәнінде, ұйымдасқан ұтады.
«Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» деп халқымыз бекер айтпаған.
Біздің күш-қуатымыз – берекелі бірлікте!
Ендеше, бірлігімізді бекемдеп, ел үшін еңбек етейік!
Қасиетті Отанымыз мәңгі жасай берсін!