Рефераттық тақырыптар
Ұлт мәдениетін зерттеудегі тарих, археология, этнография ғылымдарының рөлі.
Ұлт мәдениетінің ауыз әдебиеті үлгілері мен мифтік көзқарастардан көрініс табуы.
1.2. “Этнос” туралы ұғым. Этностардың пайда болу заңдылықтары
Жоспары:
1. Қазақ этносының пайда болу тарихы.
2. Адам баласының әлеуметтiк дамуы
3. Жаңа этностардың пайда болу себептерi.
4. Этностардың тегi жеке адамдардың табиғи ортадағы тiршiлiктi қабылдауына байланыстылығы.
“Этнос” гректiң – еtпоs — тайпа, халық деген сөзiнен шыққан. Ғылымда “халық” терминiнiң орнына “этнос” терминi орынды қолданыла бастады. Бұл термин этностың негiзгi тарихи түрi – “тайпа”, “ұлыс” (“народность”), “ұлт” ұғымын түгел қамтиды. Оның үстiне, “халық” сөзiнiң “бiр топ адам” (мәселен, “халық жиналды” десек) деген мағынасы бар екенi белгiлi. Сондықтан “этнос” терминiн қолдану қолайлы. Адам ұжым болып тiршiлiк етедi. Оған әлеуметтiк бiрлестiк деп те, этностық бiрлестiк деп те қарауға болады. Шындығында, әрбiр адам, бiр жағынан, белгiлi бiр қоғамның мүшесi бола отырып, сонымен бiрге ұлттың (этностың) да мүшесi болып саналады.
Адам баласының әлеуметтiк дамуы жақсы зерттелген және оның даму заңдылығы жан-жақты қарастырылған. Ал халық тарихы жөнiндегi (бiз ендiгi жерде оны шатастырмас үшiн “этнос” деп алып қараймыз) зерттеулер түсiнiксiз, шатастырулық көп. Шын мәнiсiнде, этностан тысқары бiрде-бiр адам өмiр сүрмейдi. Кiмге де болса, “сен кiмсiң?” деген сұрақ қойса, ойланбастан “орыспын”, “французбын”, “ағылшынмын”, “немiспiн”, “парсылықпын” немесе “түрiкпiн” деп жауап бередi. Олай болса, адамның санасындағы этнос жайындағы түсiнiк көпке ортақ.
Ал жоғарыдағы сұраққа жауап берушi әрбiр этнос мүшесiне: “Сен неге ол халықты немесе ұлтты өз ұлтым деп санайсың?” деп сұрақ қойса, оған анықтама беруге қиналады. Әсiресе, “сенiң ұлтыңның басқа ұлттан қандай айырмашылығы бар?” деген сұраққа бұрынғы Кеңес Одағында, бүгiнгi ТМД елдерiнде тiршiлiк ететiн ұлт өкiлдерi тиянақты жауап бере алмайды.
Ол заңды да. Себебi, 70 жыл бойы “бiрыңғай тiл, бiрыңғай мәдениет жасаймыз” деген ұранмен тiршiлiк еткен Кеңес халқы, “Келешек коммунизм кезiнде дүние жүзiнде бiр ұлт, бiр тiл болады. Ол француздың да, ағылшынның да, немiстiң де, орыстың да тiлi емес. Оған барлық ұлт өз үлесiн қосады” деген сталиндiк волюнтаристiк теорияға имандай ұйыған ғалымдар әр ұлттың өзiндiк ерекшелiгiн зерттеуге онша мән бермедi. Ұлт мәдениетi мен ұлт тiлдерi бiртiндеп кiрiгiп жоғалатын өткiншi процесс деп қарады.
Бүгiнде этностық мәдениет пен ұлт тiлдерiнiң өткенi мен келешегiне көз жiберу ұшiн этностардың шығу тегiн ғылыми методологиялық тұрғыдан қарастыру қажеттiгi туып отыр. Бұл жөнiнде соңғы жылдары ұлт мәдениетiн ғылыми-методологиялық тұрғыдан терең зерттеп, тұңғыш рет құнды еңбек жазған атақты тарихшы ғалым Лев Гумилев болды. Ол өзiнiң “Халықтар қалай пайда болады және жоғалады?” (изд-во Ленинградского университета, 1989) деген атақты еңбегiнде, дүние жүзiндегi халықтардың пайда болу, өсу, өркендеуiн және олардың бiртiндеп өшiп, жоғалу заңдылықтарын диалектикалық тұрғыда, тарих, география және биология (оның iшiнде экология және генетика саласы) ғылымдары негiзiне сұйене отырып, “этнос” туралы ғылыми дәйектi анықтама берген едi. Л.Гумилев “этнос” туралы соңғы уақытқа дейiн әр түрлi түсiнiк-анықтамалардың болғанына тоқталады. Айталық, бiреулер “этнос дегенiмiз — шығу тегi бiр халықтар” десе, екiншiлер “этнос — тiлдiң бiрлiгiне негiзделген мәдениеттiң тууы” дейдi. Ал үшiншiлерi “этнос — бiр-бiрiне ұқсас адамдар тобы” десе, төртiншiлерi “этнос - сана-сезiмдерi бiр адамдар тобы” дейдi. Бесiншiлерi “этнос” - белгiлi бiр қоғамдық формациядағы адамдардың шартты түрде топтасқан тобы” десе, ал алтыншылары “этнос — табиғаттың сыйы, этнос — әлеуметтiк категория” дейдi (19, 13).
Тарихтан белгiлi болғандай әр түрлi халықтар белгiлi бiр аймақта пайда болып, сол аймақтың өзiндiк ерекшелiгiне (климатына, өсiмдiгiне, жер бедерiне, географиялық аймақтың хайуанаттары мен жәндiктерiне) бейiмделiп, тiршiлiк етедi. Өзiндiк мәдени және рухани мұрасын жасап қалдырады. Осы ерекшелiктерiне сүйене отырып, көрнектi тарихшы-этнограф Лев Гумилев: “Этнос дегенiмiз – жер бетiндегi белгiлi бiр тiршiлiк аймағы мен әлеуметтiк ортаның бiлiгiнде жатқан салт- дәстүрi, тұрмыс-тiршiлiгi, шаруашылық кәсiбi, мiнез-құлқы, тiлi мен мәдени мұрасы бiр халықтар тобы”(19,13) деген анықтама бередi. Бiз осы анықтаманы басшылыққа алған жөн деп есептеймiз.
Ендi “Жаңа этностардың пайда болу себептерi неге байланысты?” деген сұраққа жауап iздесек, бiрiншiден, көршi этностардың бiр-бiрiмен соғысып, жеңiлгендерiнiң қоныс аударуынан, сөйтiп олардың жаңа жерге келiп, жергiлiктi халықтармен, тайпалармен биологиялық қан араласынан (миграцияланудан) жаңа этностар дүниеге келедi; екiншi, бiрнеше тайпалар мен халықтардың жаңа жердi отарлап, игеруiнен пайда болады. Мысалы, ХIҮғ. аяғында ағылшындар мен испандықтардың Солтүстiк Американы жаулап алып, жаңа жерге қоныстануынан американ этносы пайда болды. Үшiншi, климаттық өзгерiс (қуаңшылық, су тасқыны т.б.) адамдарды туған жерiнен ауа көшуге мәжбүр етедi. Олар басқа жерден тұрақ iздейдi. Мысалы, қырғыз халқы ХV ғ. басында Алтайдың солтүстiгi мен Енисей өзенi бойынан, ойраттардан бөлiнiп шығып, қырғыз Алатауына көшiп келiп, жергiлiктi түркi тайпалармен қан араласуынан жаңа этнос пайда болды. Бұл жерде жаңа жерге келiп тiршiлiк етушi этностар тобының жергiлiктi этностар тобымен бiрiгуiнен (қан араласуынан үшiншi бiр жаңа этностың) пайда болатынын ескеру қажет. Яғни этникалық тiршiлiктiң географиялық ортамен байланыстылығын ескерген жөн. Осыдан келiп, Э.Семплдiң “Адам – жер бетiнiң өнiмi” деген теориясы туындайды. Ал жер бетiндегi тiршiлiк күн нұрының күшеюiне, ғарыштық сәулелердiң әсерiне байланысты. Ғарыштық сәулелер ауа қабаттарын жарып өтiп, бiрнеше қиындықтарды жеңiп барып жер бетiне жетедi. Осыдан келiп себептестiк және қарама-қайшылық заңдылықтары туындайды. Табиғатта да, қоғамда да қарама-қайшылықсыз, себеп-салдарсыз даму мүмкiн емес.
Этностардың бiр-бiрiнен этногенездiк айырмашылығы олардың нәсiлiне, тiлiне, дiнiне, бiлiмiне байланысты емес, тек мiнез-құлқы мен жер бедерiнiң табиғатына үйренiп, бейiмделуiне байланысты деп қарауды география ғылымы қуаттайды (19,5). Мысалы мұхит жағалауындағы ұлттар мен ұлыстардың салқын қанды болуы, олардың балық аулап, бұғы өсiрiп, ет жеп тiршiлiк етуi, ал оның керiсiнше, Оңтүстiк Африка халықтарының ыстық қанды болып келуi және тропикалық өсiмдiктермен қоректенуi географиялық - климаттық жағдайға бейiмделуiне байланысты ерекшелiк.
Әр ұлттың өзiне тән мiнез-құлық құрылысы ұрпақтан-ұрпаққа көшкен сайын өзгерiп отырады. Мысалы ХVIII-ХIХ ғ.ғ. қазақтар мен бүгiнгi қазақтардың мiнез-құлқы бiрдей емес. Тiптi қазақстандық жергiлiктi қазақтар мен Иран, Түркия, Моңғол қазақтарының мiнез-құлқындағы айырмашылық бiрден сезiледi. Ол – этникалық топтардың жергiлiктi халықтың психологиясы мен кәсiби ерекшелiгiне қарай бейiмделуiне байланысты.
“Этнос мүшелерiнiң мiнез-құлық құрылымының бiрiздiлiгi қарым-қатынас нормасына негiзделген. Олар: 1) жеке адам мен ұжымның арақатынасына; 2) жеке адамдардың өзара қатынасына; 3) этникалық топтардың арақатынасына; 4) этностар мен этникалық топтар арасындағы қарым-қатынасқа құрылады. Басқа этностардың басқаша нормалармен байланысқа түсуiне әр этностың мүшелерi таң қалады және өзiнiң тұқымдастарына басқа халықтардың “өрескелдiктерi” туралы таңдана айтатын болады. Мысалы, ертедегi афиналықтар скифтердiң үйiнiң жоқтығын, ал өздерiнiң мейрамдарында есi кеткенше iшетiнiн ызалана айтады екен. Ал римдiктер еврейлердiң сүндетке отырғызуын жаратылысқа қарсы әрекет деп айыптаған. Палестинаны жаулап алған рыцарьлар арабтардың көп қатын алуын ызалана сөз етсе, ал арабтар француз әйелдерiнiң бетiн ашық ұстауын сөлекет санаған. Иудейлер римдiктердi шошқа етiн жегенi үшiн жек көрген.
Заман өзгерген сайын мiнез-құлық нормалары да жаңарып отырады. Мысалы, қазан төңкерiсiнен кейiн қазақтарда “қалыңмал” берiп, әйел алуы мүлде жойылды немесе өзбек әйелдерi пәрәнжi жамылуды қойды.
Алайда этностың дамуы бiркелкi болмайды. Ол доға iспеттi дамуды бастан кешiредi. Себебi, этностың қоғамдық мәдени-экономикалық және географиялық жағдайға байланысты бiрде шапшаң, бiрде баяу дамуы мүмкiн. Адам өмiрi оны қоршаған табиғатпен, ғарыштық кеңiстiкпен, күн сәулелерiмен және радиацияның жер бетiндегi тiршiлiкке, соның iшiнде адамға да тигiзетiн әсерiмен биосфералық жағынан тығыз байланыста өтедi. Бұл жөнiнде Чижевскийдiң “Күн бетiндегi отты борандардың жер бетiндегi жаңғырығы” атты кiтабында айтылады. Күн бетiндегi отты борандар мен қопарылыс-жарылыс пайда болғанда, жердiң магниттiк белдеуi бағдарын өзгертетiн көрiнедi. Сонымен бiрге күн бетiнен жерге өткiр сәулелер атқылайды. Жер бетiндегi тiршiлiк әлемiне ерекше әсер ететiн физикалық құбылыстар пайда болады. Чижевскийдiң бақылауынша, күн бетiнде пайда болып жатқан осы құбылыстар кезiнде өткiр сәулелердiң шамадан тыс бөлiнуiмен байланысты вирустар көбейiп және олар желдiң бағытымен ұшып келiп, бiр жерге шоғырланып, әр түрлi жұқпалы ауруларды таратады, түрлi апаттар жиiленiп, адамдар арасында ақыл-есi ауысушы, асылып өлушiлердiң көбеюiн, бiр ұлт пен екiншi ұлттардың өзара соғысып, қантөгiстердiң болуын туғызатын көрiнедi (19,7). Биосфераның әсерiнен болатын табиғи апаттан, жарылыстан кейiн пайда болатын шала-жансарлық жағдай этностарды бiрден мүлдем құртып жiбермейдi. Дегенмен, ол этникалық жұлдыздарға (этностардың алдыңғы белсендi тобына) үлкен әсерiн тигiзiп, әлсiретуi, тiптi тұқымға орасан зор зиян келтiруi мүмкiн. Адам үнемi табиғат құшағында өмiр сүрiп, тiршiлiк ететiн болғандықтан, күн сәулесiнiң де адамдардың психикасына ықпалын тигiзетiнi көпке аян. Яғни адамдардың өз еркiн билеу әрекетi де табиғатпен тығыз байланысты. Ұлттар мен ұлыстар арасындағы жиi-жиi болатын соғыс, қан төгiс, қақтығыстарды бiр жағынан экономикалық үстемдiк үшiн күрес деп қарасақ, екiншiден, ұлттар мен ұлыстарды басқарушы хандар мен патшалардың мiнез-құлық әрекетiне, мемлекеттi басқарушы адамдардың нерв жүйесiнiң қызметiне байланысты құбылыс деп ұғуға тура келедi. Мысалы, Гитлердiң немiс ұлтын үстемдiкке жаралған ақ нәсiл деп қарап, бүкiл Еуропаны басып алуды мақсат еткенi, еврейлердi кемсiтiп, асып-атуы Мальтустiң теориясына негiзделген фашистiк-диктаторлық iс-әрекет едi. Ал бiреулер мұны адамның физиологиялық жағымсыз қасиетi демей, “Алланың жiберген iсi” деп қарап, фашистiк iс-әрекеттi ақтамақ болады.
Этностардың тегi жеке адамдардың табиғи ортадағы тiршiлiктi қабылдауымен анықталады, ал қоршаған орта ол фактiнi бекiтедi. Олай болса, адамның белгiлi бiр этносқа қатысын анықтау сезiмге негiзделген. Ал адам сезiмi оның өзiндiк ойлауы және мiнез-құлық ерекшелiгiн бiлдiредi. Адамның бiр этносқа тән қасиетi оның бойына сәби кезiнен бастап ата-анасының қарым-қатынасы, мiнез-құлқы, iс әрекетi арқылы дарып, қалыптасады. Олай болса, “этнос” дегенiмiз белгiлi бiр жүйеге негiзделген мiнез-құлық, iс-әрекетi бiрыңғай топ-ұжым екен. Ал әлеуметтiк жүйенiң көпшiлiкке ортақ түрi – отбасынан басталады. Отбасы – бiр үйде тұратын адамдар жиынтығы. Жүйенiң элементiне отбасы мүшелерiнiң күнделiктi тұрмысында қолданатын заттары да енедi. Яғни олардың үй-мүлкi, баспанасы, ыдыс-аяғы, киiм кешегi, көрпе-жастығы, құрал-сайманы т.б. тұрмыстық тұтыну заттары және олардың жасалу үлгiлерi түгел кiредi. Отбасы мүшелерiнiң қарым-қатынасы, бiр-бiрiне көзқарасы, жүрiс-тұрысы, мiнез-құлқы да жүйенiң элементi болып есептеледi. Ал отбасылық жүйе этностық жүйенiң қайталанатын атрибуты болып саналады. Этностық тайпалар (топтар) күнделiктi тұрмысындағы, мiнез-құлқындағы, көзқарасындағы айырмашылықтары арқылы ерекшеленедi.
Қай халықтың болса да мәдениетiнiң шарықтауы мен құлдырауы – табиғи заңды процесс. Бiр кезде (бiздiң жыл санауымызға дейiнгi II ғасырда) егiншiлiкпен, сауда-саттықпен айналысқан қытайлықтар малшаруашылығымен айналысқан ғұндарға қарағанда мәдениетi жоғары, өркендеген ел болған. Соған қарамастан, қытайлардың Еуропаны жаулап алуына жол бермеген себептерге келсек, бiрiншiден, жауынгер ғұн халқының ерлiк iс-әрекетi бөгет болса, екiншiден, қалың қытайлықтардың, құрғақшылық, табиғаты қатаң даладан гөрi, суы мол, ауасы жұмсақ, қыс болмайтын Оңтүстiк Азияның теңiз жағалауын мекендеудi қолайлы деп санауы, үшiншiден қытайлықтарға қарағанда, Вавилонды, Кiшi Азия мен Сирияны, Египеттi жаулап алған, тұран ойпатын жайлаған, мәдениетi мен экономикасы күштi парсылықтар Еуропаға қарай қытайлықтардың аяғын аттатпады (19,173).
Бүгiнгi аса мәдениеттi, экономикалық жағынан күштi деп саналатын Еуропа елдерi ол кезде (бiздiң жыл санау дәуiрiмiздiң басында) Қытай, Персия елдерiне қарағанда мәдениетi әлдеқайда нашар дамыған елдер болған. Әрбiр мың жылда бiр ұлы өзгерiстiң болуы, мәдениетi бай елдiң соғыс, қуаңшылық, жер сiлкiнiсi т.б. апаттар салдарынан мүлде құрып кетуi немесе әлсiреп, шала жансар күйге түсуi, ал оның керiсiнше, артта қалған елдiң тез қарқынмен дамуы табиғи заңды құбылыс. Ертедегi Рим мәдениетi мен араб халифатының өркендеуi - осының айғағы.
Биосфералық процестiң әсерiнен Еуропа мен Азия құрлығындағы этностар мыңдаған жылдар iшiнде төрт рет бүлiнiске ұшырады. Ол ұлы Даланы мекендейтiн этностарды орасан зор қоныс аударуға ұшыратты. Шығыста әлденеше рет ғұндар мен түрiк, ұйғыр қағанаттарының қытайлықтармен қырғын соғысы болды. Аштық, өлiм-жiтiм, табиғи апаттар этностардың бiрiнiң туып, өсiп-өркендеп, кейiн құлдырап құруын, бiрiнiң орнына екiншiсiнiң пайда болып, өркен жаюын туғызады.
Мiне, осы тарихи процестерге негiздеп ежелгi қытай, моңғол жазбалары мен орыс, батыс ғалымдарының еңбектерiне сүйене отырып, “қазақтар – түрiк, моңғол, үндi-иран тектес, Қазақстан территориясында тiршiлiк еткен. “Еуразия даларының көшпелi үштiгiнен тараған сақ, ғұн, үйсiн тайпаларының қосындысынан құрылған ежелгi халық” (55, 4) деп қараймыз.
Кез келген халықтың пайда болуы және қалыптасу тарихы – өте ұзақ та күрделi процесс. Қазақ халқы негiзiнен, республиканың қазiргi жерiн мекендеген автохтонды (байырғы) тайпалардан қалыптасты және олардың этногенетикалық құрылыстарының түп тамырлары сонау қола дәуiрiне, андронов мәдениетi деп аталатын көне кезеңге (б.з.б. ХVIII-VIII ғ.ғ.) саяды. Егер сол көне дәуiр ескерткiштерiне, айталық, қыш ыдыстардың ою-өрнегiне көз салып, қазақстанның қазiргi уақыттағы ою-өрнегiмен салыстырсақ, онда олардың көптеген ұқсастықтары мен ортақ үлгiлерiн табуға болады. Ертедегi темiр дәуiрiнде (б.з.б. VII-IV ғ.ғ.) Қазақстан жерiн сақ тайпалары – массагеттер, аргинейлер, дайлар, исседондар т.б. мекендеген. Археолог – ғалым К.А. Акышев осы кезеңге жатқызатын Есiк обасынан табылған “хайуанаттық нақышта” шекiлген алтын әшекейлерi бар жауынгердiң киiмi ежелгi сақ шеберлерiнiң ғаламат өнерiн көз алдымызға әкеледi. Тап осындай ою-өрнек белгiлерi қазақтардың қазiргi қол өнерiнде де кеңiнен қолданылады. Мұның өзi бұл өнердiң ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, бiздiң дәуiрiмiзге жеткен дәстүр екенiн дәлелдейдi” – дейдi (55, 3). Ғалымдарымыздың көпшiлiгi қола және ертедегi темiр дәуiрлерiнiң жоғарыда аталған тұрғындарын (сақтарды, үйсiндердi, қаңлыларды) үндi-иран тайпаларына, Еуропа нәсiлiне жатқызады. Бiздiң заманымыздың I-мың жылдығының орта тұсында ғұндардың Солтүстiк Моңғолиядан Амударияның төменгi ағысына дейiнгi жерлердi басып кiруi этногенетикалық құбылыстардың жаңа кезеңi болып табылады. Осы уақыттан бастап түркiлер-сақтар, үйсiндер, қаңлылар, қыпшақтар ұрпақтарымен жедел араласа бастады, түркi тiлi басым тiлге айналды. Түркi қағандығы құрылып, Iле Батыс-Түркi қағандығының бөлiнiп шығуы (603 ж.), тайпалар мен тайпалық бiрлестiктердiң өзара сiңiсуiне жағдай туғызды. Батыс Түркi қағандығы Қаратаудың шығыс бөктерiнен Жоңғарияға дейiнгi ұлан-байтақ жерлердi алып жатты. Олардың негiзгi ұйтқысы “он тайпа”, “он оқ бұдуы” болды (55. 4). Орхон-Енисей бойынан табылған (51, 77) Бiлге хан мен Күлтегiнге арналған ескерткiштiң авторы Иолығтегiн шығысты мекендеген он түрiк тайпаларының (тоғыз, оғыз, отыз, татар, қырғыз, аз, шек, он, ұйғыр т.б.) атын атайды да, “олар өзiмiздiң түркiмiз, туысымыз едi, олар мекендеген Iле, Жетiсу бiздiң ата мекенiмiз едi. Сол мекенiмiз, жер суымыз иесiз қалмасын деп хан сайладық. Бұлар он оқ халық едi” дейдi (29, 32). Феодалдық құрылымдар онша берiк болмай Батыс Түркi қағандығы ыдырағаннан кейiн (702 ж.) бiрiнiң орнына бiрi: Түргеш қағандығы (VIII ғ.). Қарлықтар мемлекетi (IХ-ХI ғ.ғ.) және басқалар пайда болды. Ескерткiште Түргеш “бұлардың бес аймағы, он оқ халқының бiр бөлiгi едi” деген сөз кездеседi. Олар кейiн қазақ халқының құрамына енген арғын, керей, уақ, алшын, найман одағының жалпы аты болуы керек.
Қазақ этногенезiнде қимақтар мен қыпшақтар да үлкен қызмет атқарды. Ол Шығыс деректемелерiнде Дештi-қыпшақ (қыпшақтар даласы) деп аталады. ХI ғасырдың ортасынан бастап қыпшақтар оңтүстiк орыс даласына енiп қоныстанды.
Қазақтар этногенезiнде басқа тайпалар да, мысалға қазақ халқының қалыптасуында аса iрi бөлiк болып табылатын наймандар мен керейттер (керейлер) де үлкен орын алады. Түрiк тайпаларының халық болып бiрiгуiне моңғолдар шапқыншылығы кедергi жасады. Қазақстан жерлерi үш моңғол ұлысының құрамына: ең үлкен бөлiгi – Жошы ұлысының құрамына; Оңтүстiк және Оңтүстiк-шығыс Қазақстан – Шағатай ұлысына, Жетiсудың солтүстiк шығыс бөлiгi – Үгедей ұлысының құрамына ендi.
Бұл жерлерде түркi тайпалары өздерiнiң ежелгi мәдениетiн ғана емес, тiлiн де сақтап қала алды, қала бердi, шапқыншы моңғолдар түрiк ортасына сiңiсiп, олардың тiлiн және өздерi жаулап алған халықтардың материалдық-рухани мәдениетiнiң көптеген салаларын қабылдады. Алтайдан Дунайға дейiнгi ұлан-байтақ жерлердi иемдеген Алтын Орда деп аталатын Жошы ұлысының феодалдық мемлекетi ыдырап, ХIV ғасырда оның құрамынан Ақ Орда бөлiнiп шықты да, ол Қазақстанның Солтүстiк-Шығыстағы, Орталық және Оңтүстiктегi жерлерiн иемдендi. Оңтүстiк-Шығыс қазақстан жерiнде Моғолстан атты жергiлiктi этникалық негiзде пайда болған iрi мемлекет құрды. ХV ғасырдың басында Ақ Орданың орнына көшпелi феодалдық иелiктер – Ноғай ордасы және өзбек хандығы пайда болды. Оның бiрiншiсi Тобылдан Едiлге дейiнгi жердi алды. Ноғай ордасына маңғұт және алшын тайпалары қарады. Ал өзбек хандығы Солтүстiк Арал өңiрi мен Сырдария бассейнiнен бастап, Тобыл мен Ертiске дейiнгi жерлер кiрдi. Онда қыпшақтар, қоңыраттар, кеңгерестер, қаңлылар т.б. жергiлiктi тайпалар тұрды. Бұлардың бәрiнiң ол кездегi атауы өзбек болатын. Қазақстанның орталығы мен солтүстiк-шығысында орналасқан өзбек хандығы “қазақ хандығы” деп те аталды. Көбiнесе “өзбек-қазақтар” деп те атайтын. Тек ХV ғ. ортасында көшпелi өзбектердiң бiр бөлiгi Шайбани ханның бастауымен Орталық қазақстаннан Мауераннахрге кеттi де, “өзбек елi”, “өзбек даласы” атанды. Сөйтiп, бұл атау ХVI ғасырдың басында Орта Азияға ауысты да, тұтас өзбек халқын бiлдiретiн ат болды.
ХV ғасырдың 50-60 жылдарында көшпелi өзбектер мемлекетiнен Керей мен Жәнiбек бастаған тайпалар бөлiнiп шыққаннан кейiн, олар бiржолата қазақтар деп аталатын болды (59, 5). Сөйтiп, “қазақ” этнонимi оны құрған негiзгi халықтың қалыптасуынан көп кейiн барып шықты (ол жөнiнде кейiнiрек тоқталамыз).
Шу және Талас өзендерi алқаптарында қазақ хандығының құрылуы қазақ халқының бас қосып, нығаюына және оларға туыстас тайпалардың қосылуына жол ашты. Қазақ хандығының құрылып, жеке мемлекет болуы ХVI - ХVII ғасырларды қамтиды. Ал жоңғарлардың (ойраттардың, қалмақтардың) қазақ даласына енуi XVII ғасырдың бас кезiнде-ақ басталды. 1621—1723 ж.ж. арасында қазақ пен жоңғарлар арасында әлденеше рет соғыс болып, бiрде қазақ, бiрде жоңғар-қалмақтары жеңiп, халық қатты күйзелiске ұшырады. 1723 жылы қалмақтар қазақтарды ойсырата жеңiп, атақты “ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” қырғынына ұшыратты (46, 77). Қазақтар 1727 жылы Торғай даласының оңтүстiк-шығыс жағында алғаш жоңғарларға күйрете соққы бередi. Ұрыс болған жер “қалмақ қырған” атанады. 1730 жылы қазақ жасақтары жоңғарларды күйрете жеңiп, оларды қазақ жерiнен қуып шығады. 1730 жылы Тәуке ханның дүние салуына байланысты, билiк үшiн күрес басталып, қазақ феодалдары хандыққа таласа бастайды. XVII ғасырдың басында қазақ жерiн жоңғарлардың басып алу қаупi туған кезде, қазақтардың Ресей бодандығын қабылдауы шарасыз қажеттiлiкке айналады. Осы жағдайда Кiшi жүз ханы Әбiлхайыр 1730 жылы орыс патшасы Анна Ивановнаға хат жолдап, “өзiне қарайтын Орта және Кiшi жүздiң барша қазақтары патша бодандығында болғысы келетiнiн” бiлдiредi. 1731 жылы 19 ақпанда Анна Ивановна Әбiлхайыр мен барша қазақ атына жазылған грамотаға қол қояды (46, 76). Дегенмен, Орта жүз қазақтарының Ресейге бағынуы бiр ғасырға созылып, XIX ғасырдың 30-40 жылдарында аяқталады. Ал Ұлы жүз қазақтарының Ресейге бағынуы 1818 ж. басталып, 1848 ж. аяқталады. Сонымен, қазақ халқы өз ұлтының еркiндiгi үшiн моңғол, жоңғарлармен 500 жыл соғысып бақса, ал орыс империясының тепкiсiнде 250—260 жыл болып келдi.
Ендi “қазақ” атауының төркiнi жайын сөз етсек, ол жөнiнде сан алуан пiкiрлер бар. Зерттеушiлердiң бұл жөнiндегi болжам-пiкiрлерiнiң бастыларын үш топқа бөлуге болады (56, 19). Қытай қоғамдық академиясының этнография институты құрастырған “қазақтың қысқаша тарихы туралы деректер жинағы” атты еңбекте: “қазақ деген атау XV ғасырда жарыққа шыққан. Жәнiбек пен Керей бастаған көшпелi тайпалар XV ғасырдың 60-жылдарында Әбiлхайыр ханның үстемдiгiне қарсы шығып, Шығыс Дештi қыпшақтан Батыс Жетiсуға, Шу өзенi бойына қоныс аударған. Алғаш рет осы тайпалар “қазақ” деп аталған. Мұның мағынасы: “өз ұлысынан бөлiнiп шыққан, қашақтар” деген сөз. Бүл сөз кейiн келе қазақтардың атына айналды”,— дейдi.
2. Ал қытай зерттеушiсi Жан Ши-Манның “Батыс өңiрi тарихындағы ұлттарды зерттеу” деген еңбегiнде ежелгi қытай жылнамаларындағы “үйсiн”, “ұсын”, яки “асу” деген ұлыс аттары “қазақ” атауларының дыбыстық баламасы дегендi айтады.
3. “Қазақ” атауы “Таң патшалығы тарихында” (VII -VIII ғасырда) “қаса”, “хаса” түрiнде жазылған. Бұл атаулардың тарихи деректемелерде жарық көруi тым ертеде деп есептейдi. Жеке деректерге жүгiнсек, үшiншi тұжырымның шындыққа бiр табан жақындығы байқалады. Араб саяхатшысы және жазушысы Мұхаммед Әл-Ауфи 1228 жылы Үндiстанда “Таңдаулы әңгiмелер мен аңыздар жинағы” (“Жәмихәлхикаят О Доам Әлраүт”) атты кiтап жазған. Осы кiтапта: “Алтайды мекендеген қарлықтар... тоғыз ұлысқа бөлiнген, бұлардың iшiнде үш тайпа шығыл, үш ұлыс қазақ бар”, - дейдi. қарлықтардың Жетiсудағы үкiмет билiгiн қолына алып, қарлық қоғамдастығын құруы 766 жылдардың шамасында болған.
982 жылы парсы тiлiнде жазылған “Худуд әл-Ғалам” (“Әлем шекаралары”) атты кiтапта Алан мемлекетi және оның қалалары жайына тоқталып: “Алан елiнде “қасақ” деген ұлыс бар”, — дейдi (56, 20). Шығыс әдебиетiнiң әйгiлi классигi Әбiлқасым Фирдоуси (904-1020) өзiнiң ”Шахнама” атты эпосында: “қазақ” қазақ хандығы деген ел Көк теңiздiң солтүстiгiн мекен еткен күштi және көп санды ел” десе, ал Тұранның жауы Иранды қазақтардың “қорқытпақ” болғанын М. Ақынжанов өзiнiң “қазақтың тегi туралы” деген еңбегiнде айтады. Түркия профессоры 3. У. Тоған өзiнiң “Жалпы түркi тарихына кiрiспе” атты еңбегiнде тоғызыншы ғасырда араб авторы Әдһам әл-Купидiң шығармасында “қазақ” деген сөздiң бар екендiгiн атап көрсеттi (5, 18).
Византияның императоры Константин Порфирордни (905-957 ж. ж.) өз жазбаларында Кубаньнан шығысқа қарай мекендеген елдi “қазақия” деп атаған. Ол кезде (Х ғасырда) Кубаньның шығыс жағында қазақ халқының құрамындағы ең зор, саны мол тайпалардың бiрi қыпшақ елiнiң тұрғаны тарихқа әйгiлi. Егер қыпшақтар өздерiн “қазақ” деп атамаған болса, Константин Порфирордни оны қалай ойлап тапсын. Ал ол кезде орыс пен украин казачествосының аты да, заты да жоқ едi (5, 29). Орыс шежiрешiсi Никонның мәлiмдемесiнде: Кавказға келiп, Оңтүстiк Ресейге шабуыл жасаған Шыңғыстың әскерлерi бұдан бұрын да “қазақтарды” талаған деп жазады. Ал “Моңғолдардың құпия шежiресiнде” осы пiкiр қайталанып: “Солтүстiк жақтағы қаңлыларға, қыпшақтарға, байжiгiттерге, орыстарға, мажарларға, асаларға, сасаларға, шеркештерге, бұлғарларға жорыққа аттанып, Едiл мен Жайық өзендерiнен өтiп, Киев қаласына шабуыл жасау жөнiнде Сүбiтай батырға бұйрық берiлдi”,— делiнген. Орыс шежiрешiсi Никон “қазақтар” деп осы жолғы шабуылға тап болған қаңлы, қыпшақ, байжiгiт, аса т. б. ұлыстарды айтып отыр (56, 21).
Әйгiлi тарихшы, этнограф, тiл ғалымы А. Вамбери 1885 жылы баспадан шыққан “Түрiк халықтарының этнологиясы мен этногеографиясы” деген кiтабында көптеген жазба деректер келтiре отырып, қазақ деген аттың IX—X ғасырларда ел таныған, әлемге әйгiлi халықтың аты болғандығын айтады. Моңғол Халық Республикасы ғылым академиясының қызметкерi Iсләм Қабышұлы “хасаг” деген сөздiң моңғол әдебиетiнде X ғасырдан бастап белгiлi болғанын, моңғолдардың “Батырлар жыры” мен “Бабалар шежiресiнде” “хасаг” (“қазақ”) деген сөздiң кездесiп отыратынын атап көрсетедi. Автордың айтуына қарағанда, ерте кезде моңғолдар көшiп жүргендердi “қасақтар” деп атаған (46).
Тiл ғалымы Т. Жанұзақов: “қазақ атауы Кавказдағы түркi тайпалары құрамында алтыншы ғасырдан бастап жалпы есiм және этнотермин ретiнде кездескен... кейiннен оныншы, он төртiншi ғасырларда да осы қазақ сөзi түркi тайпалары арасында кеңiнен тараған. Қыпшақтардың, ноғайлардың iшiнде де қазақтар болған”,— дейдi (28).
Ал қазақтың белгiлi қоғам қайраткерi М. Шоқай өзiнiң “Түркiстан” атты еңбегiнде қазақ тарихына шолу жасай келiп: “...Түркiстан – түркiлер елi деген сөз сонау VI ғасырдың өзiнде-ақ моңғол дәуiрiне дейiнгi көшпелiлер империясын, түркi жұрты қанатын жая қоныстанған кең-байтақ аймақты сасанид әулиетi кезiндегi (III—VII ғ. ғ.) ирандықтар осылай деп атаған екен. Бұл көшпелiлер империясының территориясы қытай шекарасынан Персия мен Византия шекарасына дейiн созылған, – дейдi.
Бiз жоғарыдағы жазба деректер мен дәлелдерден “қазақ” атауының IX— X ғасырлардан бұрын-ақ төңiректiң төрт бұрышына таныс, әлемге әйгiлi ат болғанын көремiз, бұл атау оныншы ғасырдан кейiн тiптi де кең тараған.
Демек “қазақ” атауы тек XV ғасырда ғана жарыққа шыққан дейтiн пiкiр дәлелсiз.
Ежелгi “усин”, “үйсiн” “үки”, “асо” деген ұлыс аттары “қазақ атауының баламасы” дейтiн пiкiр де орынсыз. Өйткенi, “үйсiн”, “қазақ” атауы дыбыстық жағынан тым алшақ, оның үстiне, қазiргi қазақ арасында үйсiн ұлысының аты сақталып отыр. Егер үйсiн мен қазақ бiр сөз болса, ол сөз қазiр сақталмаған болар едi. “қазақ” — жалпы халық аты, “үйсiн” — қазақтың құрамындағы ұлы жүз ұлысының аты.
Қазақ атауы “Таң патшалығының тарихында” (7-8-ғасырда) “қаса”, “хаса” түрiнде жазылған деген пiкiр өте дәлелдi. “Иран патшалығы тарихындағы аудармаларға қосымша” атты кiтапта: “Түрiктер мейлiнше күшейген кезде... олардың батыс бөлiгiн қаса яки хаса деген ұлыстар қоныстанады. Батыс елдерiнiң ежелгi деректерiнде бұл ұлыс — қазақ деп аталған. Қаса мен хаса деген атау осы қазақ атауының дыбыстық баламасы”,— дейдi. Ханзу (қытай) тiлiнiң дыбыстық жүйесiнiң дамуы мен өзгеруiне байланысты, ханзу иероглифтерi әр дәуiрде әр түрлi дыбысталып (оқылып) отырған. Сондықтан, қытай тарихшылары бiр ұлттың атын түрлi дәуiрде түрлiше әрiптермен таңбалаған, демек,VII-VIII ғасырлардағы көне жазу тiлiнде тарихтардағы “қаса”, “хаса”, “аса”, “кiса”, “хса”, “касо” деген халық аттары “қазақ” атауының сол замандағы көне ханзу тiлiндегi дыбыстық баламасы екенi анық. Жоғарыда баяндалған Батыс пен Шығыс тарихшыларының деректемелерiнде, оныншы ғасырдан бұрын пайда болған “қазақ” атауы осы пiкiрдiң дұрыстығын дәлелдейдi (56, 23). Алайда “қазақ” атауы деректемелерде жарыққа шығысымен халық атына айналған емес, ол алғашқыда жеке ру-тайпаның аты ретiнде айтылған, содан соң тайпалар одағының бiрiккен ортақ атына айналған. Мысалы, кiшi жүз алшын ұлысының құрамындағы жетi ру (кердерi, керейт, табын, тама, жағалбайлы, телеу, рамадан) тайпалары “қарт қазақ” деп те аталып жұрген. “Казақ” атауы кейiн келе кеңейiп, халық - ұлт атына айналған.
Сөздiң шығу төркiнiн, мән-мағынасын зерттейтiн тiл ғылымының саласын этимология дейдi. Этнография ұлттар мен ұлыстардың шығу тегiн қарастырса, этимология жер-су, ел-жұрт, тайпалар атауларының шығу тегiн, мән-мағынасын зерттейдi (оны ғылым тiлiнде ономастика деп те атайды).
“Қазақ” деген терминнiң шығу тегiн, мән-мағынасын этимологиялық тұрғыдан қарастырсақ, ... ол жөнiндегi бұрын-соңғы болжамдар мен тұжырымдарды мынадай үш салаға бөлуге болады:
1. Қазақ халқы арасына тараған тарихи аңыздардың айтуынша “қазақ” деген сөз “қаз” атауынан пайда болған деп есептейдi.
2. “Қазақ” деген сөздiң көне түркi тiлiндегi мағынасы, яки қолданылу дағдысы “өз елiнен бөлiнiп шығып, еркiн жүрушiлер”, “ер жүрек ерiктiлер”, “көтерiлiс жасап, өз еркiмен кетушiлер” деген мағыналарды бiлдiредi. Демек, “қазақ” атауының арғы тегi “ерiктiлер” дегеннен шыққан дейдi.
3. “Қазақ” атауының арғы тегi ежелгi заманда қазақ даласын мекендеп, қазақ кұрамына енген тайпалар мен халықтардың аттарынан: сақ, каспи, қазар, аз дегендерден, яки осы негiзде өзгере қалыптасқан дейдi (56, 28).
Ендi осы жорамалдардың басты-бастыларына тоқталайық. XIX ғасырдағы қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбаев өзiнiң “Бiрер сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы” деген әйгiлi қара сөзiнде: “Арабтар Орта Азияға жорық жасап (VIII ғасырда. — С. Қ.) келгенде, көшпелi халықтарды “хибай”, “хузақи” деп атапты. “Хибай”— киiз шатырмен жүрушi деген екен. “Хузақи” дегенi — өз жұртында “хузаги” деген көшпелi халқы бар екен, соған ұқсатып айтқан екен... Сол уақыттың бiр ханы көшiп келе жатқанда, бұлардың тiркеу түйесiн көрiп, “мiне, мыналар шынымен қазақ екен” дептi. “Әдейi қайтқан қазға ұқсайды-ақ екен” дептi. Сонымен, бұлар өзiн-өзi де, бұларды өзге жұрттар да “қазақ” атап кетiптi. Бұрын өздерiн “ұлыс” дейдi екен де жүре бередi екен” (45, 231),— деп жазады.
Ал фольклорист Әбубәкiр Диваев қазақ деген сөздi “қаз” және “ұзақ” деген екi құстың атынан бiрiгiп, қазақ болып қалыптасқан дейдi. Ол тағы бiр пайымдауында: “қазақ сөзiнiң әсiлi еркiн жүрген адам” деген ұғымнан алынса керек, оны халық аңызынан аңғаруға болады” (24, 29),— дегендi айтады. Мұхамед Хайдар Дулати өзiнiң “Рашидтiң тарихы” атты еңбегiнде Әбiлқайыр ханға” қарсы шығып, Дештi-қыпшақ даласынан Батыс Жетiсуға қоныс аударған қазақ тайпалары жайында айта келiп: “Әбiлқайыр хан өлгеннен кейiн өзбек ұлысында ырың-жырың туып, даланы мекендеушiлер өзiнiң қауiпсiздiгi мен өз басының қамына бола, Керей хан мен Жәнiбек ханнан пана сұрайды. Сөйтiп, олар күшейiп алады. Алғашқыда әлгi қашқындар өз ұлысынан бөлiнiп кетiп, бiраз уақыт мал-мүлiксiз, қаңғып жүрген адамдар болғандықтан, оларды жұрт қазақтар (қашақтар) деп атап кеткен. Сөйтiп, оларға тағылған осы ат бекiп қалды” (25, 46),—дейдi. Түркия тарихшысы Зәки Уәлиди Тоған: “қазақ деп бiр саяси мақсатты көздеп, көтерiлiс жасау нәтижесiнде салт яки үй iшiмен бiрге өз қауымынан бөлiнiп шығып, өкiмет билiгiн алуға талпыныс жасаған сұлтандарды айтқан. “Қазақ” сөзi алғашқыда сұлтандарға ғана тән болған, кейiн оларға қарсы тайпалардың және олар құрған мемлекеттiң атына айналған”(77,. 37)”,— дейдi. Шоқан Уәлиханов “қазақ” сөзi әскери термин ретiнде қолданылып “ер жүрек”, “батыл” деген мәндi бiлдiргенiн баяндайды ‘(28, 75)”.
Атақты орыс ғалымы В.В.Радлов, А.Самойловичтер “қазақ” деген атауды “тәуелсiз, еркiн, ерiктi адам” деген мағынаға ие деп жазды. “Қазақ шежiресiнiң” авторы Шәкәрiм Құдайбердiұлы да жоғарыдағы пiкiрлердi қолдай келе, “қазақ” дегеннiң мағынасы “өз алдына ел болып, еркiн жүрген халық” деген сөз деп түсiндiрдi.
“Қазақ” терминiнiң төркiнiн тым ерте заманға апарып тiреген әйгiлi ғалым А. Н. Бернштам болды. Ол “қазақ” сөзi жайындағы В. В. Радловтың, Г. Вамберийдiң, В. В. Бартольдтiң, А. Н. Самойловичтiң, Н. Я. Маррдың т. б. пайымдауларын талдай келiп, “қазақ” сөзiнiң шығу төркiнi мен қазiргi мағынасын екi дәуiрге бөле қарайды. Яғни “казақ” деген сөздiң түп-төркiнi ежелгi замандағы каспи (ғұндар) жөне сақ тайпаларының бiрiгуiнен пайда болған, “қазақ” сөзiнiң қазiргi мағынасы (“еркiн адам” т. б. дегендер) кейiн шыққан ұғым деп тұжырымдайды. Каспи, яки қасып-сақтардың көшпелi бiрлестiгiне кiрген тайпа аты. Бұл қосар тайпа атауы қассақ сөзiндегi екi “с” дыбысының бiреуi өзара ықпал әсерiмен түсiп қалып, қазiргi “қазақ” этнонимi шыққан” (56, 33),— дейдi.
Көрнектi әдебиетшi ғалым Ә. Қоңыратбаев өзiнiң “Көне мәдениет жазбалары” атты еңбегiнде А. Н. Бернштам пiкiрiн қостай келе: “қазақ” сөзiнiң түбiрi “ғұз-сақ” (оғыз-ғақ) дейтiн екi түрлi кезеңдегi тайпа атының бiрлесуiнен туған (қазақ, қыпшақ, ғұзақ, қосағ, қосай деген атаулардың мағынасы жақын), “қазақ” сөзi “ғыз-сақ” деген тайпа атауынан туған деген ойды дәлелдеу үшiн, Орта Азия, Тұран, Алтай, Сiбiр, Қазақстан жерлерiн мекендеген ежелгi тайпалар тарихына, атауларына назар аудару қажет” (51, 126),—деген тұжырым жасайды. “Қазақ” сөзiнiң бiрiншi сыңары “қаз” дегеннiң кәдiмгi құс атынан басқа да мағынасы бар, қазақтың сөйлеу тiлiнде сәби баланың ешқандай сүйемелсiз, өз еркiмен аяқ басып, тiк тұруын “қаз тұру” дейдi. Жас баланың алғаш адымдап аяқ басқанын көрген ата-аналары мен туыстары шаттанып: “қаз-қаз” деп айқайлап, шабыт бередi. Бұл “қаз”— еркiн әрекеттiң алғашқы қимылы. “Қаз” түбiрiнен туындаған “қаздаң қағу”, “қаздаңдау” етiстiктерi де еркiн әрекет жасаудың мағынасын бередi. Көне түркi тiлiнде жазылған “мәңгi тастарда” да (Тоныкөк, Күлтегiн ескерткiштерiнде) “қазақу”, “қазғандұқ”, “қазғантұғын” деген етiстiктер “қажырлы қайрат жұмсау”, “күресу”, “талпыну”, “еркiндiкке ұмтылу”, “ерлiк iстеу” мағыналарында қолданылған. Бұл сөздердiң түбiрi “қаз” (“қазған-дұң”) екенi даусыз. Осы “қаз” түбiрiне “ғақ” жұрнағы жалғанып, “қазғақ” сөзi жасалып, “еркiн адамдар”, “ержүрек; ерiктiлер” деген мағынаны бiлдiретiн терминге айналған (мысалы, қазақта “ғақ” жұрнағы жалғанып жасалатын айғақ,, құрғақ, тайғақ,, оңғақ, т. б. сөздер бар). Енисей өзенiнiң бiр тарауы ұйық Тұран бойындағы тасқа жазылған “қазақ оғлым” деген жазу (VI г. ескерткiшi) бар*. Сiбiр халықтарының ескi тiлiнде “қазақ” деген сөз “мықты”, “берiк”, “жойқын”, “алып” деген мағынада екен. Сонда “қазғақ оғлұм” деген сөздiң мағынасы “алып ұлым”, “батыр балам” болып шығады. Бұл қазақ сөзiнiң көп айтылып келе жатқан “ер жүрек, ерiктiлер”, “батыл адам” деген мағынасына сай келедi.
Достарыңызбен бөлісу: |