Бақылаудың түрлерi бойынша рейтинг балдарын бөлу
Варианттар түрi
|
Қорытынды бақылау түрлерi
|
Бақылау түрлерi
|
Балдар
|
1
|
Емтихан
|
Қорытынды бақылау
Аралық бақылау
Ағымдық бақылау
|
40
20
20
|
Студенттердiң бiлiмдерiн бағалау
Баға
|
Әрiптiк эквивалент
|
Пайызбен %
|
Ұпаймен
|
Өте жақсы
|
А
|
95-100
|
4
|
А-
|
90-94
|
3,67
|
Жақсы
|
В+
|
85-89
|
3,33
|
В
|
80-84
|
3,0
|
В-
|
75-79
|
2,67
|
Қанағаттанар-лық
|
С+
|
70-74
|
2,33
|
С
|
65-69
|
2,0
|
Д+
|
55-59
|
1,33
|
Д-
|
50-54
|
1,0
|
Қанағаттанар-лықсыз
|
Ғ
|
0-49
|
0
|
1.9. Курстың саясаты мен процедурасы
Курстың саясаты мен процедурасы студенттердiң сабаққа қатынасуын бақылаудан, бақылау түрлерi бойынша уақытылы есеп беруден, сабаққа қатынаспаған күнгi тақырыптарын толық меңгерiп, тапсырмаларды орындауынан тұрады. Әрбiр оқушы өткен сабақты уақыт ретiмен кешiктiрмей беру тиiстiлiгi қадағаланады. Әр дәрiс бойынша тиiстi бiлiм алуы қамтамасыз етiледi.
1-тарау. ЭТНОСТАР МӘДЕНИЕТIН ЗЕРТТЕУДIҢ ҒЫЛЫМИ-МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ НЕГIЗДЕРI
1.1. Этнопедагогика пәнiнiң мiндетi мен мақсаты
Жоспар:
1. Этнопедагогикамен байланысты пән атауы. Олардың бiр-бiрiнен айырмашылығы.
2. Халықтық тәрбиенің негіздері.
3. Этностар мәдениетiн зерттейтiн қоғамдық ғылымдар және олардың өзара байланысы
Қазақстанның егемендi ел болуымен байланысты оқу-ағарту iсiнде оның басшылыққа алатын негiзгi идеялық бағыты елбасы Н.Ә.Назарбаевтың “Қазақстан – 2030” бағдарламасында көрсетiлгендей… қазақстандық патриотизмге негiзделуi керек”. Ал Қазақстандық патриотизм мемлекеттiң территориялық тұтастығын, салт-дәстүрдiң, ұлттық мәдениеттiң сақталуын, Қазақстанда тiршiлiк етушi ұлттардың бiрлiгiн қамтамасыз етудi, олардың өзара саяси-экономикалық және мәдени байланысын күшейтудi, осы байланыстың пәрмендi насихатшысы мемлекеттiк қазақ тiлi мен халықаралық қатынас тiлi – орыс тiлiнiң жетiлiп көркеюiне баса назар аударуды көздеу болмақ. Бұл бағдарламада келер ұрпақтың денсаулығын сақтау үшiн қамқорлық жасау, оларға қажеттi бiлiм беру және дүниетану көзқарасын қалыптастыру, бүгiнгi нарықтық қатынас жағдайында өздерiнiң ата-бабаларының дәстүрiн сақтай отырып еңбек етуге әзiр болуын қамтамасыз ету көзделедi. Келер ұрпақтың бейбiт отанда өмiр сүрiп, шапшаң қарқынмен дамып, жан-жақты жетiлуi, Отанының адал патриоты болуы тиiс.
Сондай-ақ Қазақстан үкiметi қабылдаған “Бiлiм туралы” заңының “Бiлiм жүйесi” деп аталатын екiншi бөлiмiнде “Бiлiм беру жүйесiнiң (пәннiң) мiндеттерi; Қазақстан республикасына шын берiлген, адал патриот азамат даярлау… Олар мемлекеттiк белгiлердiң мәнi мен маңызын терең түсiнген, халықтық дәстүрлердi қастерлейтiн… Халықтар достығының негiзiнде тәрбиеленген, халық, отан, отбасы алдындағы жеке бастың мiндеттерi мен құқықтарын терең сезiнген… Қазақстанда тiршiлiк етушi халықтардың негiзiн қалаушы – қазақ халқы мен басқа халықтардың тiлiн, тарихын, салт-дәстүрлерiн қадiр тұтып, оны игеруге кепiлдi азамат болуы керек” делiнген.
Осы мiндеттердi ойдағыдай орындап шыға алатын азаматтарды тәрбиелеушi келешек ұстаздар қауымы – бүгiнгi педколледждер мен пединституттарда, университеттерде оқып бiлiм алып жатқан студент-жастар болмақ.
Ал студент-жастарға халық педагогикасының қыры мен сырын, ғылыми негiздерi мен тәлiмдiк мәнiн ғылыми педагогикалық тұрғыда игерудiң теориясы мен әдiстемесiн меңгерту мәселесiмен этнопедагогика пәнi айналысады.
Этнопедагогиканың зерттеу обьектiсi – халық педагогикасы. Халық педагогикасы халықтардың ғасырлар бойы ұрпақ тәрбиелеу тәсiлдерiне негiзделген бай тәжiрибесiнiң эмприкалық жиынтығы.
Этнопедагогика пәнiнiң мақсаты – халықтық салт-дәстүрдi, ұлттық өнердi дәрiптейтiн, ана тiлi мен дiнiн қастерлейтiн, отанын, елiн, жерiн сүйетiн жан-жақты жетiлген, саналы, намысқой азамат тәрбиелеу.
Бұл пәннiң көздейтiн мақсаты – халықтық тәрбие түрлерiн студент жастардың бойына сiңiрiп, бiлiм, бiлiк дағдыларын дамыту, сөйтiп дене еңбегiне де, ой еңбегiне де қабiлеттi, нарықтық-бәсекелестiк жағдайында өмiр сүруге икемдi, жан-жақты жетiлген азамат тәрбиелеп шығару. Ол жан және тән тәрбиесiн қатар жүргiзу арқылы студент-жастардың қайрат-жiгерiн, ақыл-парасатын халықтық өнер туындылары негiзiнде оқытып, тәрбиелеу арқылы iске асырылады.
Халықтық тәрбиенiң негiздерiн бiлдiртiп меңгерту үшiн, ең алдымен этнопедагогиканың теориялық-әдiснамалық, танымдық негiздерiн үйренiп бiлуге тура келедi. Ал ол этнос (ұлт) туралы ұғымды, этностардың туып, дамып қалыптасуын, этномәдениеттiң ерекшелiктерi мен оның әлемдiк өркениетке ұштасуын, кiрiгу процесiн теориялық тұрғыда қарастырудан басталады.
Этностар мәдениетiн зерттеу iсiмен ғылыми-методология айналысады. Сондықтан этнопедагогика пәнiн оқытуды этностар мәдениетiн зерттеудiң ғылыми-методологиялық, теориялық негiздерiн оқытудан бастауды жөн көрдiк.
Этностар өзiнiң өмiр сүру кезеңiнде нақтылы тарихи жағдайларға (оның iшiнде қоғамдық құрылыстардың да) байланысты бiрнеше рет өзгеруi мүмкiн. Этностар орта есеппен 1200-1500 жыл өмiр сүредi. Бiрақ ол түрлi географиялық, экономикалық, әлеуметтiк жағдайларға байланысты бiрде ұзақ, бiрде қысқа болуы ықтимал.
Жеткiлiктi географиялық жағдайға бейiмделмеген тiршiлiк иесi (оның iшiнде адам да) басқа жаққа ауып кетуi керек немесе өлiп, жоғалып тынады. Тiршiлiктiң жер бедерiне қарай икемделуiн биология ғылымы қарастырады. Ал ол тiрi организмде болатын биологиялық өзгерiстi географиялық жағдаймен байланыстыра зерттейтiн болғандықтан, зерттеушiге географиялық заңдылықтарды да жақсы бiлуi қажет. Этностардың жаратылысын география мен биология ғылымдарымен қоса, тарих ғылымы да тексередi. Себебi, этностар тарихы қоғам дамуымен тығыз байланысты. Бiз этностарды, бiр жағынан табиғаттың перзентi, биологиялық бөлшегi деп қарасақ, екiншiден, табиғи байлықтарды игере отырып, қоғамды құрушы күш деп бiлемiз. Қоғамның белгiлi даму кезеңiнде бiр этностың пайда болып, өсiп өркендеуi, керiсiнше, қоғам заңдылықтарына орай, ендi бiрде оның жойылып, орнына екiншi бiр этностың пайда болуы мүмкiн.
Ертедегi адамдарға жаратылыс тұтас құбылыс болып көрiндi. Олардың табиғат пен тарихтың байланысы туралы түсiнiгi де болмады. “ұқсас нәрсе ұқсастықтан туады” деген магиялық ұғым олардың ойынан берiк орын алды да, табиғат пен адам бойынан ұқсастық iздеу принципiн туғызды. Бұл принцип халықтық астрономия мен медицинада өзектi орын алды. Кейiн жеке ғылым салаларының дамып өркендеуi нәтижесiнде, ол түсiнiктер негiзсiз болып, практикалық iс-тәжiрибеден бiртiндеп ығысып шыға бастады. ХVIII-ХIХ ғасырларда ғылыми жаңалықтардың ашылып, орасан көп мәлiметтердiң жинақталуы ғылым салаларының кеңейiп, тармақталуына мүмкiндiк туғызды. Сөйтiп, табиғаттың (оның iшiнде этностардың да) даму заңдылықтарын зерттейтiн жаратылыстану ғылымының салалары (өсiмдiктану, жануартану, тәнтану т.б.) жеке-жеке ғылым түрлерi болып бөлiнiп шықты. Сондай-ақ қоғамның даму барысын анықтайтын тарих, қоғамтану, саяси экономия, социология, тарихи және диалектикалық материализм ғылымдары пайда болды.
Мұнан басқа ұлттық ерекшелiктердi зерттейтiн этнология, этнопсихология, этнопедагогика ғылымдары бар.
Ұлттың ұлт болуы үшiн қажеттi аумақтық, экономикалық, мәдени, психологиялық бiрлiкпен бiрге, тiлдiк тұтастық басты және ең негiзгi белгiлердiң бiрi болып саналады. Белгiлi бiр этнос адамдарының жан дүниесiндегi мiнез-құлық, сана-сезiм (этнопсихологиясы) мен әдет-ғұрып, салт-дәстүр (этнологиясы) ерекшелiгi ұрпақтан-ұрпаққа ана тiлi арқылы жетедi. Ұлттық сана-сезiмнiң өсуi мен өшуi, бiр жағынан, ана тiлдiң тағдырын анықтаса, екiншi жағынан, ана тiлдiң даму дәрежесi ұлттық сана-сезiм деңгейiнiң өлшеуiшi болып есептеледi.
“Психология” атты оқу құралын қазақ тiлiнде жазып шыққан әдебиетшi ғалым Ж. Аймауытов бұдан дәл 70 жыл бұрын “Тәрбиеге жетекшi” деген еңбегiнде: “Ана тiлi – халық болып жаралғаннан бергi жан-дүниесiнiң айнасы, өсiп, өнiп, түрлене беретiн, мәңгi құламайтын бәйтерегi... Жүректiң терең сырларын, жанның барлық толқындарын тұқымнан-тұқымға жеткiзiп, сақтап отыратын қазынасы - сол халықтың тiлi” (1,6) - деген болатын. Кезiнде Ахмет Байтұрсыновтың да: “Сөзi (тiлi) жоғалған жұрттың өзi де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелi сол жұрттың тiлiн аздыруға тырысады”, - деген ұлағатты ойы бүгiнге дейiн мән-мағынасын жоғалтқан жоқ. Бүгiнде “мәңгүрттер” делiнiп жүргендердiң пайда болуы сол тiл саясатының әлсiздiгiнiң жемiсi екенiн ұмытуға болмайды.
Ұлттық тәлiм-тәрбиенi (этнопедагогиканы) iске асыратын ұлттық тiл (этнолингвистика) екенi, ал оның ұлттың iшкi жан дүниесiмен, сана-сезiмiмен байланысты (этнопсихологиямен) жүргiзiлетiнi көпке аян. Этнолингвистика тiлдi этносқа қатысы жағынан зерттесе, психолингвистика оны адам психологиясына, ал социолингвистика қоғам дамуына қатысы тұрғысынан қарастырады.
Этнолигвистика дилектология, фольклористика, этнология, культурология, мифология сияқты ғылымдармен де байланысты. Себебi, бұлардың қай-қайсысы болсын, этнос табиғатын ашуға қызмет етедi және олардың зерттеу нысаны да ортақ. Мысалы, дилектология этностың жергiлiктi сөйлеу ерекшелiгiн, этнология мен фольклористика (оны жалпы культурология саласына жатқызуға да болады) этностың әлденеше ғасырға созылған мәдени даму үрдiсiн, заттық және рухани мәдениетiн, салт-дәстүрiн зерттесе, мифология этностың дүниетанымын, сенiм-нанымын, өзiн қоршаған ортаға деген көзқарасын зерттейдi. Олай болса, бұлардың бәрi де тiкелей этносқа қатысты, бәрi де этностық ерекшелiктердi сипаттайды.
Ал философия – ғылымдардың ғылымы, барлық ғылымдарды зерттеудiң әдiс-тәсiлдерiн жинақтаушы, этностың болмыс-бiтiмiмен байланысты мәселелердiң басын бiрiктiрiп, методологиялық тұрғыда талдау жасайтын алтын дiңгек iспеттi. Демек, этнос бұлардың бәрiнiң бiр-бiрiмен тоқайласатын “мама ағашы”, бәрiнiң “түйiсу нүктесi” болып табылады. Осы ғылымдардың даму заңдылықтарымен танысып, оны зерттеуде басшылыққа ала отырып, бiз адамзат тарихы мен табиғат өзгерiсiнде өзара байланыстылық бар екенiн байқаймыз. Себебi, адамзат тарихы мен табиғаттағы ұқсастық, бiрiншiден, олардың көп қырлылығында. Айталық, әрбiр адам немесе бүкiл адамзат тұтас физикалық дене, тiрi организм, жоғары биологиялық құндылық болып та, қоғамның мүшесi, халықтың өкiлi болып та көрiнедi. Екiншiден, табиғат адамның, тiршiлiк ететiн ортасы (отаны) болып саналады. Сонымен бiрге адамның өзi – хайуанаттан бөлiнген табиғат перзентi, үшiншiден, адам – табиғаттың құшағында тiршiлiк ететiн, оның перзентi бола отырып, табиғатты саналы түрде меңгерiп, өзiне қызмет етуге икемдеушi, яғни табиғатты игерушi. Адамдар бiрлесе еңбек етедi. Соның негiзiнде адамдар арасында қоғамдық қарым-қатынастар қалыптасады. Адамдардың қоғамдасып тiршiлiк етуi үшiн материалдық жағдайы мен тарихи жағдайының бiрлiгi қажет. Бұл жүйенi анықтаудың басты белгiсi материалдық байлықты өндiру тәсiлдерi мен оның игiлiктерiн пайдалану, яғни меншiктiң түрлерi болып саналады. Осының негiзiнде адамдар арасындағы қоғамдық қатынастар қалыптасады. Қоғамдық құрылыс пен этностардың құрылысында тепе-теңдiк болған емес, болмайды да. Мысалы, ХIХ ғасырда Ресей капиталистiк қоғам сатысында тiршiлiк етсе, ал Ресейдiң колониялары Қазақстан мен Орта Азия елдерi феодалдық қоғам жағдайында өмiр сүрдi.
Әр халықтың тарихы өзiне көршi халықпен тығыз байланысты. Тiптi бiр-бiрiнен алыс жатқан халықтардың да тарихында себеп-салдарлық байланыстың болуы мүмкiн.
Әр халықтың қалыптасу тарихында олардың алдыңғы қатарлы тобы-зиялы қауым шешушi роль атқарса, ал бүкiл мемлекеттiң дамуында этностардың өзара байланысы басты роль атқарады. Этникалық зерттеулер ескi тарихи-мәдени ескерткiштердi анықтаудан, белгiлеуден басталады. Әр этнос өзiне тән материалдық-мәдени байлықты жасайды. Мәселен, еңбек құралдарының түрi, тұрмыстық тұтыну бұйымдары, құрал-саймандар, салт-дәстүрi, рухани көзқарастың бiрлiгi әр этностың өзiне тән ерекшелiгi болып саналады. Бұған халықтың ауыз әдебиетi үлгiлерi мен жазу-сызу мәдениетi де енедi. Ерте дәуiрдегi этностық тұрмыстың ерекшелiгiн тас дәуiрiнiң мұраларынан, үй құрылысы мен оның әшекейлiк бұйымдарынан, керамикалық ыдыстар мен оның ою-өрнек үлгiлерiнен байқаймыз. Мiне, бұл жағдайларды анықтауға археологиялық қазбалар көмектеседi. Мәдени қазба ескерткiштер ертедегi этностар мәдениетiнiң өркендеуiн немесе құлдырау кезеңiн анықтауға мүмкiндiк бередi. Археологтар адам мен хайуанаттардың сүйегiн, қамалдардың қабырғаларындағы немесе бейiттердегi тұтыну заттарының қалдықтарын (бiлезiк, сырға, батырлардың сауыт-саймандары, қару-жарағы, ыдыс-аяғы т.б.) тауып, сол арқылы ескi мәдени мұралар жайында қорытынды жасайтын болады. Онда да ағаштан, терiден, қағаздан, шүберектен жасалған мәдени мұралардың үгiлiп шiритiнiн ұмытпау керек. Археологиялық қазба заттарды тарихпен байланыстыра, салыстыра қарамаса, зерттеушiнi шатастыруы мүмкiн. Этникалық мәдени мұралардың ұқсастық себебiн анықтауда салыстыра зерттеу әдiсi қажет. Мәселен, көршi этностармен сауда-саттық, мәдени қарым-қатынасы бiр этноста бар мәдени мұраларды екiншi этностың өзiнше өзгерiп пайдалануына мүмкiндiк туғызады. Мысалы, Еуропа мәдениетiнiң дамуына вавилондықтармен қарым-қатынастың әсерi болды. Француздар мен гректердiң архитектуралық ою-өрнек стилiндегi ұқсастықты олардың генетикалық байланысынан емес, сауда-саттық, мәдени байланыстың әсерiнен iздестiру қажет деп қараймыз.
Сондай-ақ, темiр дәуiрiнде пайда болған қанжар, барлық этностарға ортақ бұйым болғанымен, оның сабындағы, қынындағы ою-өрнек әр этностың өзiне тән ерекшелiгiн бiлдiредi (19,41)
Түрлi этностарда шырағданды, кәресiн шамды электр шамымен ауыстыру ұзақтығы әр түрлi болады. Ал бұл адам баласының материалдық игiлiктердi жасауы мен этногенездер табиғатының әр түрлi жағдайда дамитындығын дәлелдейдi. Вавилон болды, ол құрыды. Ертедегi Рим мемлекетiнiң орнына жаңа қалалар мен мемлекет өркен жайды. Сондай-ақ, бiр кездегi күштi көшпелi ғұн этносы жоғалып кеттi. Жер бетiнде бiрнеше халықтар жойылып, олардың орнына жаңа халықтар пайда болды. Ал қазiргi өркен жайып, өмiр сүрiп отырған ұлттардың да әлденеше ғасырдан кейiн жер бетiнен жоғалып, олардың орнын жаңа этностардың басуы мүмкiн. Кез келген табиғат жүйесiнiң, (соның iшiнде этностардың да) ыдырап, құрып бiтуi сөзсiз. Бұл – табиғат заңы. Өмiрдiң өлiммен ұштасуы, ал өлiмнен кейiн жаңа өмiрдiң жер бетiнде өркен жайып, дүниеге келуi – диалектикалық заңды құбылыс. Ал мәдениет тарихынан ондай диалектикалық заңдылықты көрмеймiз.
Табиғаттан адамның өзгешелiгi – олар материалдық игiлiктердi жасап, заттардың санын көбейткенiмен, табиғат сияқты, жанды бiр заттан екiншi бiр жанды зат (тiршiлiк иесiн) туғыза алмайды. Мысалы, табиғатта өсiмдiк пен аңдардың, хайуанаттардың жаңа түрлерi (белгiлi тарихи кезеңде) пайда болып, өсiп-өне бередi. Жер бедерiнiң тау-тас, жел мен жаңбырдың әсерiнен мүжiлiп, төбешiкке, тiптi бара-бара тегiс жерге айналуы, өзен-көлдердiң суалып, құрып кетуi немесе жер астына сiңiп, ағыс бағытын өзгертуi мүмкiн.
Ал адам баласы жасаған Мысыр пирамидасы немесе Эйфел мұнарасы өзгерiссiз, ғасырлар бойы сақталады. Мәдени ескерткiштердi жасаушы этностар жер бетiнен жоғалғанымен, олар жасаған мұралар ұзақ жылдар бойы өмiр сүредi (19,37).
Табиғат байлығын игерушi адамдардың мәдени-техникалық прогресi үнемi алға қарай жүре беретiн құбылыс болып көрiнуi мүмкiн. Бiрақ, шын мәнiсiнде, олай емес. Мәселен, бiздiң жыл санау дәуiрiмiзге дейiнгi VIII ғасырда өмiр сүрген скифтер қара теңiз жағасын жайлаған, 500 жыл бойы өркендеген, мәдениетi бай ел болған. Олар теңiз жолында сауда-саттықты өркендетiп, кереметтей өнердiң, өзiндiк мәдениеттiң иесiне айналды. Ал сол ұлт бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi III ғасырда сарматтардың соққысынан мүлде жойылып кеттi. Сарматтар 700 жыл өмiр сүрдi. Олар Византиямен астық, жүзiм сатып, сауда-саттық жасаған, қолөнерi дамыған ел едi. Олар ғұндардың шабуылына ұшырап (370-463 жылдары), өз мәдениетi мен дәстүрлерiн жоғалтты. Ал болгарлар ғұндарды жеңiп, 200 жыл үстемдiк құрды. Мiне, ұлттық мәдениеттiң регреске ұшырап, құлдырап кетуi, оның прогресiне қарағанда жиi болатын құбылыс екенiн осы фактiлер дәлелдейдi. Этногенездiк мәдениеттiң бiрде өсiп, жоғарылап, шарықтау шегiне жетiп, бiрде құлдырап, төмендеуiн анықтау арқылы ұлттық мәдени мұраның берiк қалыптасуын байқаймыз. Мәдениет тарихы мен этностың тарихы әр түрлi жазықтықта жатыр. Этногенездiң шапшаң қарқынмен дамуы белгiлi бiр уақыттағы оқиғалардың санымен өлшенедi. Оқиға деп бiр немесе бiрнеше жүйелi байланыстың жиынтық көрiнiсiн айтамыз. Оқиғаның тууы немесе жоғалып кетуi – заңды құбылыс. Этникалық тарих дегенiмiз- жоғалған ескi мұралар тарихы да, ал мәдениет тарихы мұражайларда сақталған мұралардың шартты белгiлерiнiң жүйесiн тiзу болып шығады (19,40).
Өткен ғасырлардағы адамдар кейiнгi ұрпаққа жақсы дағдылар мен бiлiм жиынтығын мұра ретiнде қалдыруды армандады. Мысалы, вавилондықтар – математикалық түсiнiктердi ойлап тауып, қалдырып кетсе, гректер – философия мен театр өнерiн, римдiктер – юриспруденцияны, арабтар – персиялық “ақылдың кенi” – алгебраны бiзге мұра еттi. Фрацуздар асқан сұлу живопись өнерiмен, итальяндықтар әсем сазды музыка мәдениетiмен, ал қазақ халқы аса бай ауыз әдебиетiмен iз қалдырды. (6,127). Олардың бәрi де бiр-ақ мақсатты көздеп, келер ұрпақты бақытқа бөлеудi армандады. Өткен ғасырлардағы халықтар жасаған асыл мәдени мұралардың бiздiң дәуiрiмiзге жұрнағы ғана жеткен. Бiзге жеткен мұраның қалдығымен ғана өткен дәуiр мәдениетiнiң өресiн өлшеу, жоғалғандарын елеп-ескермеу тарихқа қиянат болып табылады. Оларды жан-жақты қарап, ескермесек, өткендегi этностық мәдениетке дұрыс баға бере алмаған болар едiк. Ағаш пен киiздi былай қойғанда, қиыршық құм тас, сияқты материалдардың өзi желмен, жаңбырмен үгiлiп, тозып, жоқ болып кететiнiн естен шығаруға болмайды. Оның үстiне, жер сiлкiнiсi, су тасқыны сияқты апаттар тағы бар. Осындай апаттардың салдарынан тарихи ескерткiш-мұралар да жойылады. Олай болса, адамзат қолымен жасалған мәдени-ескерткiштердiң бәрi мыңдаған жылдардан кейiн жойылып кетуi мүмкiн. Сөйтiп, материалдық мәдени мұралардың өткен дәуiрлердегi осындай жай-күйi тарихты дұрыс баяндамауға әкеп соқтырады. Мысалы, орта ғасыр ғалымдарының пайымдауы бойынша, Батыс Еуропаның мәдениетi Грек, Рим империясына қарағанда төмен деген ұғым орын алып келдi. Орта ғасырлық қайсыбiр философтар кейбiр этностарды “тарихи” категория деп, көтермелеп, абсалюттендiруге тырысты, ал оның керiсiнше, жер бетiнде тiршiлiк ететiн “тарихи емес” этностар да бар деп қарап, қателiктерге ұшырады. Өркениеттi жақтаушылар үндiстердi “тағылар” деп есептеп, оларды аң аулағандай асып-атып өлтiруге құмартты. Мiне осыдан келiп “мәдениетсiз ұлттарды” құрту (“геноцид”) сияқты фашистiк саясат пайда болды. Олар этнос мәдениетiнiң бiр қалыпты дамымайтынын, оның өрлеу және құлдырау кезеңдерi болатынын түсiнбедi. Олай болса, өткен дәуiрдiң мәдени мұраларын археологиялық қазбаларға сүйене отырып, этнологиялық тұрғыда қайта қарау арқылы шындықтың көзiн ашып, этностар мәдениетi жайында бүгiнгi ұрпаққа ғылыми дәйектi дұрыс мағлұмат беруге болатынын естен шығармауымыз керек. Ұлт мәдениетiн сөз еткенде, тарих, археология, этнология ғылымдарымен қоса этнопсихология, этнопедагогика және фольклористика ғылымдарының қағидаларына (принциптерiне) сүйену қажет. Себебi, өткен замандағы ұлттық мәдени мұралардан ұлттық психологиялық (салт-сана, әдет-ғұрып, көзқарас т.б.) ерекшелiктер айқын сезiлiп тұрады. Сол арқылы әр ұлттың өзiне тән салт-тұрмысы мен тiршiлiк кәсiбiн, сана-сезiмi мен ойлау ерекшелiгiн байқаймыз. Ал ұлт мәдениетiнiң озық үлгiлерi арқылы жас ұрпақты жан-жақты жетiлген азамат етiп тәрбиелеу – этнопедагогиканың өзектi мәселесi. Қазақ этностар мәдениетiнiң өткенiн анықтауда диалектикалық философияны басшылыққа алу қажет. Бұл жерде ұлт мәдениетi мен ұлттық тәлiм-тәрбие тарихын салт-сана, әдет-ғұрып (этнография), фольклористика, ұлттық психология мен ұлттық философия ғылымдарымен тығыз байланыста қарастыруға тура келедi.
Осыған орай, П.В. Плеханов методологиялық мынадай қағидалар ұсынады (66,273):
1. Идеялардың (ой-пiкiрдiң) қоғамның әлеуметтiк даму процесiне тәуелдi екендiгiн анықтау.
2. Ғылымның, әлеуметтiк психологияның, әдебиеттiң, өнердiң даму тарихын қоғамның даму процесiмен ұштастыра қарастыру.
3. Тарихтың әр кезiнде ғылымның даму барысы бiркелкi болмайтынын және әр елдiң саяси, экономикалық, кәсiби, мәдени, психологиялық өзiндiк ерекшелiгiнiң бар екенiн ескеру.
Тарихи-педагогикалық зерттеулерге (оның iшiнде этнопедагогикалық зерттеулерге де) қойылатын маңызды методологиялық талаптардың бiрi деректердiң барлық түрiн кешендi пайдалану, солар арқылы бiр-бiрiн тексеру, толықтыру, барлық деректердi салыстыра отырып жинақтау, оларды зерттеуде шектес ғылымдардың (антропология, тарих, этнология, фольклористика, логика, психология, социология, археология) зерттеу әдiстер жиынтығын кешендi түрде пайдалану, сөйтiп, деректердi талдап, педагогикалық тұрғыда түсiндiру қажет.
Бiз зерттеу iсiнде осы принциптердi басшылыққа аламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |