Байланысты: 7. реферат Қазақстанның көшпелілік мәдениеті (1)
Негізгі бөлім. Көшпелілер өркениетін зерттеу мәселелері Көшпелілер туралы түсінік алдымен отырықшы халықтар арасында қалыптасты. Б.з.д. V ғасырда өмір сүрген тарихшы Геродот көшпелі скиф тайпаларының тұрмысын мадақтап жазды. Көшпелілердің табиғат аясындағы өмірін басқа да антик тарихшылар, философтар, орта ғасырлар ойшылдары сипаттады. Оларға табиғаттың төл баласы сияқты көшпелілер өмірі таза, қулық-сұмдықтан, отырықшы-қалалық өркениеттің жаман қасиеттерінен ада болып көрінді.
Сонымен қатар көшпелілер туралы нашар түсініктер де сол ерте заманда-ақ қалыптасты. Көне Қытайда «көшпелілер — жабайы, мәдениеттің қас жауы» деген түсінік қалыптасты. Еуропада да көшпелі ғұндарды «тағы жабайылардың тұқымы, өркениеттің жауы» деп есептеді.
XX ғасырдағы Еуропа ғалымдарының көшпелілікке көзқарасы әртүрлі болғанымен, бұл қоғамның жағымсыз жақтарына ғана назар аудару басым болды. Мысалы, Ратцелъ, Гумплович, Торнвалъд, Тойнби деген ғалымдар: «Көшпелілер өз бетімен өркениет жасауға қабілетсіз, олар мемлекетті, басқа да өркениет жетістіктерін отырықшы елдерді жаулап алу арқылы ғана үйренді» деген тұжырымдар айтты. Олардық жолын қуушы қазіргі заманғы зерттеушілердің пікірінше: «Көшпелі қоғам — бұл бір орнында тоқырап, өз бетінше дами алмайтын, отырықшы мәдениеттің әсерінсіз өркениет жасай алмайтын — болашағы жоқ қоғам».
Көшпелілік кеңес ғылымында XX ғасырдың 20—40-жылдарынан бастап зерттеліп келеді. Бұл саладағы кеңес тарихшыларының еңбектерінде де маркстік-лениндік көзқарас басым болды, зерттеушілер, негізінен алғанда, көшпелілердің қоғамдық құрылысына ғана мән берді. Мысалы, А.П.Чулошников деген зерттеуші: «Көшпелілерде таптық қоғам болған жоқ, тек рулық қауым болды», — десе, П.Кушнер: «Көшпелілерде «рулық мемлекет», феодализмнің бастапқы нышандары ғана пайда болды», — дейді.
Көшпелі қоғамды зерттеуде қоршаған орта (табиғат) және адамның белсенді іс-әрекет мәселесі жиі қозғалып отырды. Олардың пікірі бойынша, далалы, шөлейтті, шөлді, таулы аймақтарды жайлаған халықтарда табиғат жағдайына қарай мал шаруашылығы, көшпелілік қалыптасқан. Осындай халықтардың бірі қазақ халқы далалы, шөлейтті аймақты игерудің бірден-бір жолы мал шаруашылығы деп білген және осындай табиғи жағдайға икемделе өмір сүрудің тамаша үлгісін көрсеткен.
Ғалымдардың пікірінше «Көшпелілер далалы, шөлді, шөлейтті табиғатта өз шаруашылығын қалыптастырған, олардың негізгі күнкөріс көзі мал болған, мал басы өскен сайын жайылым айырбастау қажеттілігі туған, сөйтіп көшпелі өмір салты қалыптасқан».
Көшпелі халықтар, оның ішінде ғұндар мен түркілердің тарихына ерекше мән берген тарихшы Л.Н. Гумилев болды. Ол Еуразия көшпелілерінің бұл құрлықтың тарихында алатын орнын өте жоғары бағалады. Дегенмен Л.Н.Гумилев: «Халықтар дамуында, олардың қалыптасуында, шаруашылық-мәдени ерекшеліктерінің пайда болуында географиялық, экологиялық фактор үлкен рөл атқарады» деп санады.
Археолог К. Ақышевтің пікірі бойынша, Қазақстан жерінде көшпелі мал шаруашылығының қалыптаса бастауы қола дәуірінің соңы, темір дәуірінің басына, яғни б.з.д. IX—VII ғасырларға дәл келеді. Осы кезден бастап, Орталық, Батыс Қазақстан жерінде меридиан бойымен көшу, ал Шығыс Қазақстан мен Жетісуда қыста жазықтар мен қар аз түсетін таулардың қойнауын қыстап, жазда биік таулы жайлауларға көшу қалыптасқан. Оңтүстік Қазақстан аймағында ерте заманнан-ақ көшпелі, жартылай көшпелі, отырықшы шаруашылық пен тұрмыс орын алған.