қалың жеріне байлап тастапты. Ертеңіне ханның жасауылдары нарды таба алмай дағдарысып, ханға келіп,
хабар беріпті.
Хан бұл амалы да бұйымға аспаған соң ойлап-ойлап, үшінші амалды тауыпты. Далаға бір отау тіккізіп,
ішіне жақсы төсектер жайдырып, ішіне өзінің қызын жатқызып, жұртқа жар шақырыпты:
– Қызымменен кім сөйлесіп, махаббаты келсе, соған беремін, – деп. Сондағы амалы: егер сол ұры амалы
көптігіне сүйеніп, қызыма келіп, қол салса, қыз қолына беріп қойған алмас қылышпенен қолын кесіп алып
қалсын. Ертең шаһар адамдарының қолын тегіс көрдіремін, кімнің қолы кесілген болса, соны ұстатып,
дарға астырамын, – деген.
Қу тазша бұл амалды да сезіп, түн ішінде жатып қалған бір қасапшыға барып, терезесінен дауыстапты:
– Ханға бір қойдың қарыны керек еді. Терезеден бере ғой, – деп.
Қасапшы ханға керек деген соң ұйқысын қимағанмен, лажы бар ма, бір қарынды алып, терезеден қолын
шығарып, «мә, ал» дегенде тазша қолындағы алмас қылышпенен қасапшының қолын қарынан шауып
түсіріпті.
Қарынменен екеуін ала жөнеледі. Әлгі қарынды суға толтырып, аузын байлап, оңаша отауда жатқан
ханның қызына келіп, қасына жатып, көңілі бітіп болған соң «мен дәрет сындырайын» десе, қыз
жібермейді.
– Сені тәуір көрем, жата тұр, – деп.
Тазша:
– Кетіп қалады десеңіз, менің қолымды ұстай тұр, – деп, қасапшының кесілген қолын қызға ұстатып
қойып, қарынның бір жерін тесіп, суды шырылдатып ағызып, өзі кетіп қалыпты. Бір уақытта қыз «осы әлі
сиіп болған жоқ па?» – деп, байқап қараса, ұстап жатқаны бір кесілген қол екен. Ертең тұра әкесіне
айтыпты:
– Ұрыны ұстап едім, өз қолын өзі кесіп, қашып кетіпті, – деп. Хан жарлық қылып, шаһар адамдарының
қолын түгендетсе, қолы кесілген қасапшы табылып, хан алдына алып келіп тергелгенде, көрген–білгенін
айтса, хан мұның күнәсіздігіне сеніп, қоя беріпті.
Хан бұл амалы да бұйымға аспаған соң ойлап-ойлап, төртінші амалды тауыпты. Бір күн оңаша отауда өзі
жатыпты. Егер ұры келе қойса, өзім ұстап алайын деп. Тазша мұны да біліп, түн ішінде тапқанынша
әйелдің әдемі киімдерін киініп, бір сұлу «келіншек» болып, ханның қасына кіріп отырыпты. Сонда хан
сұрапты:
– Не қылып жүрген әйелсің? – деп. «Келіншек» жауап беріпті:
– Ерім өліп еді, қайын інілеріме тигім келмейді. Со себепті, тақсыр, сізге арызға келдім. Сүйгеніме тиюге
басымды ашықтап берсеңіз.
Хан «келіншектің» сұлулығына қызығып:
– Олай болса, маған ти, – депті.
«Қатын» түрегеліп:
– Құлдық, тақсыр, олай десеңіз, арманым жоқ, сізге тиемін, – депті. Сөйтіп отырғанда, отау алдында
тұрған дар ағаштарын көріп, «келіншек» сұрапты:
– Тақсыр, мынау қайқайып тұрған ағаштар не? – деп. Хан айтыпты:
– Күнәлі адамдарды асып өлтіретін дар деген осы, – депті.
Сонда «келіншек» бұрындары есітпеген, көрмеген кісідей болып таңырқап:
– Япырмау, мұныңменен кісіні қалай асып өлтіреді екен? Мені асып көрсетіңізші, – депті.
Хан «келіншекті» дарға асуды ыңғайсыз көріп, дардың арқан тұзағын өз мойнына кигізіп, «келіншекті»
түсіндірмек үшін айтыпты:
Email:
1001ertek@gmail.com
and WWW:
http://www.elarna.com/ertegi_kk.php
756 bet
– Арқанның анау ұшын сен бар күшіңмен тарт, бірақ, менім аяғым жерден көтеріліп, өзім буынып бара
жатқан кезде арқанды босатып қоя бер, болмаса, мен өліп қаламын, – депті. «Келіншек» арқанның ұшын
қолына алып, тартыңқырап, өкшесі жерден көтеріле берген кезде аяғының ұшы жерге тиер-тиместен
арқанның ұшын бір ағашқа мықтап байлап қойып, өзі ханның қазынасына кіріп, тағы бір құмыра ділдәсін
ұрлап кетіпті.
370 - Бөлім: Қазақ ертегілері (3)
http:www.elarna.comoku_kk.php?tur=11&id=2067
Ертең ханның адамдары дарда асулы өлі мен тірінің арасында тұрған ханды көріп, босатып алып,
ордасына кіргізіп, тәуіптер жиналып, емдеп, тірілтіп алыпты. Бұл хабарлар ұзын елдің үйіріне, қысқа
елдің қиырына жайылып болыпты.
Бұл ханның еліменен шекаралас бір елдің ханы да мынау ханға бірталай күліпті. – Болымсыздығынан рет
қазынасын, екі рет нарын ұрлатып, үшінші ретте қызын базарға салып, оныменен тұрмай, өзін дарға
тартқызып, жұртқа масқара болып, бүйтіп, хан болғанынша, біреудің қойын бақса, болмай ма екен, – деп.
Ол ханның сықағын естіп, бұл хан әбден ыза болып, жұртына жар шақырыпты:
– Құдай, пайғамбарды ортаға қойып, ант ішемін, осы істерді істеген ұры кім болса да, кінәсін кешемін.
Маған келіп, мәлім болсын, бірақ, бір тапсыратын ісім бар, соны орнына келтірсе, бұрынғы күнәларын
салауат қылып, қызымды беріп, күйеу қыламын, – деп.
Мұны естіп, баяғы тазша, қайыр, алдаса, Құдай, пайғамбарға өзін-өзі ұрдырар, не де болса, тәуекел қылып
көрінейін, – деп келіп, ханға мәлім болыпты.
Сонда хан:
– Барлық күнәңді кешемін, бірақ пәлен ханды амалын тауып, пәнде қылып маған әкеліп берсең, қызымды
да саған беремін, – депті.
Тазша бұл айтқан қызметін қиынсынбай, «жарайды», – деп, бұйрық қылыпты.
Шәһердегі бар ұсталарды жиып бер деп, әуелі ұсталарға бір биіктеу арба соқтырыпты. Оның ішіне-
сыртына толтыра қоңырау байлапты. Және жұп-жұқа түнікеден әйдік бір шоқпар қылдырып, оны қолына
алыпты. Және бір көк серкенің терісін сойдырып, жүн жағын сыртына қаратып, үстіне киіп, терінің
жүніне бірнеше қоңырауды тағы байлатып, бір көрім секілді болып, әлгі арбаға мініп, түнікеден қалқан,
шоқпарды иініне салып, манағы ханның шәрісіне кіріп, теке болып бақылдап, қоңырауларын
даңғырлатып, айқай салыпты:
– Мен – Құдайдың періштесімін, бұл шәрінің ханы зәлім болыпты, Құдай тағала сендерге бұйрық қылды,
зәлім ханыңды өз қолдарыңмен ұстап байлап, менің бітеу арбама салып бер, сонда Құдай тағала сендерге
разы болады, егер оны қылмай, ханыңа болыссаңдар, маған бұйрық қылды: біреуіңді тірі қалдырмай,
қолымдағы жүз мың пұт шоқпарыммен шәһәріңнің кірпішін, кесегін ұрып уатып, топырақ-шаң қылып,
ұшырып жіберемін, – депті.
Сонда шәһәрдің халқы мұның айбатынан қорқып, «қой, өз басымыздың амандығы керек, мынау
Құдайдың жіберген пәлесіне қарсы тұрып болмас», – деп, ханын ұстап, байлап, бітеу арбаға салып беріп,
жалынып, жалпайып, жөнелтіпті.
Тазша ханды пенде қылған бойыменен алып келіп, өз ханына тапсырыпты.
Сонда бұл хан тұрып, ханға сөйлейді:
– Ие, маған күле беруші едің. Өзің не ғып мұндай күйге жолықтың? Мұнан былай күлме, менің жұртымда
осындай өнерлі адамдар бар, – депті.
Ақырында, екі ханның екеуі де тазшаның өнеріне разы болып, екеуі де қыздарын беріп, тазшаны өздеріне
әрі күйеу, әрі ақылгөй қылып, мұратына жетіпті.
21. КӨКТЕЛПЕК, ЖАМАНТЕЛПЕК
Ол бір заманда Көктелпек, Жамантелпек дейтін ұрылар болыпты. Көктелпек – әкесі, оның баласы –
Жамантелпек.
– Әке, сенің ұрлыққа шеберлігің қандай? – депті Жамантелпек.
Email:
1001ertek@gmail.com
and WWW:
http://www.elarna.com/ertegi_kk.php
757 bet
– Не қандайын сұрайсың, балам, мен ұя басқан сауысқанның астынан жұмыртқасын сездірмей аламын, –
депті Көктелпек.
Көктелпек тау басындағы ұя басып жатқан сауысқанның жұмыртқасын ұрлауға өрмелегенде, баласы
әкесінің станын ұрлап алып қалады.
Қайтып келіп, Көктелпек баласына:
– Қалай, ұшырмастан сауысқанның астындағы жұмыртқасын ала алдым, – деп, мақтана сөйлейді. Баласы
да:
– Я, сіз өте шебер екеніңіз рас, ал мен сіздің станыңызды қалай білдірмей алдым, – дегенде, Көктелпек өз
бойына қарап, киімінің жоқ екенін көріп, ұялып:
– Я, балам, сенің ептілігің артық екеніне көзім жаңа жетті, – депті әкесі.
***
Ханның атақты арғымақ аты болады. Атты тас сарайға аузына кілт салып, бағады. Ұрылар ханның атын
ұрлап әкетуге қанша аңдыса да, шығарып әкете алмайды.
Бір күні Көктелпек баласы Жамантелпекті қыр астына қалдырып, өзі ат тұрған сарайға келіп, қақпасын
ашып, ішке кіре бергенде, қақпаның ішкі жағына ор қазып, ішіне желім құйып қойған екен. Көктелпек
орға түсіп кеткенде, желімге тұтылып, шыға алмайды.
Әкесі кешіккесін Жамантелпек сарайға келсе, әкесі әбден желімге оралып, қалжаураған екен.
Жамантелпек шығарып әкете алмайтынына көзі жеткесін, атты ордан секіртіп алып шығады да, әкесінің
басын кесіп, алып кетеді. Жамантелпек қара торы түсті аттың бір жағын бормен бояп және өзінің де бір
жағын басынан аяғына дейін ақ бормен ағартады да, күні-түні жүріп, бір шетке асып кетеді.
Ертемен ханға атының жоғалғаны хабар етіледі. Барса, басы жоқ адамның өлігі жатады. Бірақ оны ешкім
тануға да болмайтын еді.
Елден ізшілерді жинап алып, жүз қаралы адам мен хан ұрыны ізімен қуып келеді. Алдарынан бір топ ел
адамдары ұшырайды. Олардан сұрағанда:
– Көрдік, бірақ сіздердің жоқтарыңа ұқсамайды. Біз көрген ақмоншақ аты бар ақ киімді адам, – депті.
Екінші көрушілер:
– Қара торы атты, қара киімі бар, – дейді.
Үшінші көргендер:
– Ақ атты, ақ киімді, – дейді.
Төртіншісі де соны айтады.
– Сонымен біздің жоғымыз ол емес, бізге қара торы ат мінген адам керек, – дейді де, еліне кері қайтады.
Жамантелпек сол кеткеннен кетіп отырып, басқа ханның қол астына өтіп кетеді.
***
Ханның күйеуге берілмеген асқан сұлу қызы бар екен. Хан бір күні сауын айтып, үлкен той қылып, тойға
жүйрік аты бар, күресетін палуаны бар, атқыш мергендер келсін деп, жарлық етеді хан. Жиынға
Жамантелпек те келеді.
Кімде-кімнің бәйгеден аты келсе, күресте жықса, байланған алтын қабақтың ақшасын атып түсіргенге
қызымды беремін, бәйге – сол, – депті хан. Хан ордасының маңында белгіленген орынға халық жиналады.
Ханның сұлу қызын алуға кімнің көңілі аумас, талай ханның, байдың балалары да, басқа елдің саңлақтары
жүйрік аттарын, палуан жігіттерін, атқыш мергендерін әкеледі. Алдымен ат бәйге болады.
Жамантелпектің қара торы аты бірінші болып келеді.
Күресте бірінші болып, Жамантелпек жығады. Ақшаны да бірінші болып, Жамантелпек атып түсіреді.
Отырған топтың ішінен күңкіл көбейе бастайды.
– Сонда осы ханның қызын жалғыз атты жолаушы қаңғып, әкете ме? – дейді олар.
Хан да белгісіз атағы жоқ біреуге қыз беруді қош көрмейді. Хан ойлады ішінен «мен қызыма отыз күн
ойын, қырық күн тойын жасаймын. Содан кейін ғана қыздың отауына кіруіне болады дейін, одан бұрын
шыдамай барса, күйеуді дарға астырып, өлтірейік», – дейді де, қыз тұрған отауға ойын тойы бітпей,
күйеуге кіруге болмайтынын, тәртіпті бұзса, ауыр жазаға бұйырылатынын жариялайды.
Хан шанымды келіндеріне:
– Егер, – дейді, – менің кесімді күнімнен бұрын қыздың отауына кірсе, білдірмей, Жамантелпектің
айдарын кесіп алып, маған хабар беріңдер, – деп тапсырады.
Email:
1001ertek@gmail.com
and WWW:
http://www.elarna.com/ertegi_kk.php
758 bet
Ханның қызына арнаған тойы болып жатты. Жамантелпектің срокті күнді күте-күте шыдамы таусылды.
Жамантелпек қыз жеңгесін шақыртып алып, былай деді:
– Мен қалыңдығыма көрініп, өз аузымнан тілдесуді арман етемін. Сондықтан саған көп алтын берейін,
сен қыздың ризашылығын алып кел, – дейді.
– Мақұл, – дейді жеңгесі. Бірақ манағы ханның тапсырма беретін келіні де осы болатын.
Жеңгесі қызға барып, күйеудің сәлемін айтты. Қыз ризалық етті. Сол күні Жамантелпек қыздың отауына
барып, хан қызымен бірге болды.
Жамантелпек отауда қалғып кеткенде оның айдарын кесіп те әкетті. Оны Жамантелпек те оянысымен-ақ
сезді. Енді хан алдында жазаланатынына көзі жеткенсін Жамантелпек ханның өз үйіне ұрланып кіріп,
ханның айдарын да кесіп алады. Хан оны білмейді.
Ертеңгісін бүтін елдің ер адамының бірін қалдырмастан хан ордасына жиналуға уәзірлеріне бұйрық етті.
Халық жиналып болғаннан кейін хан сөз сөйлеп, былай деді:
– Осы тұрған ер азаматтар біреуі қалмай, түгел бас киімін алсын, кімнің айдары кесілген болса, сол адам
дарға асылсын.
Түгел бас киімін алады. Айдары кесілген Жамантелпекті жендеттер дарға алып та келіпті.
– Дат, – депті Жамантелпек.
– Датың болса, айт, – депті хан.
– Тақсыр, айдары кесілген адам дарға асылатын болса, өзіңіз де асылуға тиісті екенсіз, – депті.
Хан қолымен басын сипап қалып, өз айдарының да кесік екенін біліп, «болмады, босатыңыз
Жамантелпекті», – деп, жарлығын екі етіп, қызын Жамантелпекке қосыпты.
Жамантелпек ханның қызына үйленіп, қызын алған соң ханның елінен көшіп, басқа хандыққа барып,
орын тебеді.
Күн өтеді, ай өтеді, жыл өтеді. Үйрене келе, сол ханның баласы Жамантелпектің әйелімен ашына болады.
Оны Жамантелпек те сезеді де, әйеліне Жамантелпек:
– Мен сапар шығуға ойлап отырмын. Маған бір аптаға жеткендей азық пісіріп бер, – дейді.
Жалма-жан әйелі де азығын пісіріп беріп:
– Құдай сапарыңды оңдағай, аман барып, қайта гөр, – деп, жылап қала барады.
Сол күні ел тегіс жатқан мезгілде Жамантелпек айналып, үйіне келіп, білдірмей, кіріп қараса, әйелінің
қасында ханның баласы, екеуі де ұйықтап қалған. Жігітті буындырып өлтіреді де, өзі шығып кетіп, терезе
қағады. Әйелі оянып, қасындағы жігітті қолымен қозғап:
– Тез тұр да кет, біреу терезе қағады, – дейді.
Қозғалмайды.
– Саған не болды? Бол, тұрсайшы, – деп жұлқылайды, тұратын жігіт жоқ.
– Аш есікті, – деп ақырады Жамантелпек. Амалсыздан есік ашады әйелі.
Жамантелпек кіріп:
– Мынауың кім? – деп, шошыған пішінмен өліп жатқан жігітті нұсқайды. Үн жоқ әйелде, тек жылай береді.
– Мынаны жоймасаң, сені де, мені де хан құртады. Қалайда жой, – дейді.
– Енді не істеймін, ақылын сен айт, мен енді құрыдым, – [деп], еңірей береді әйел.
– Әй, сен босқа жылағаныңмен түк шықпайды. Одан да осынау арада ханның жылқы суаратын терең
құдығы бар, арқалап алып бар да, салып жібер, – дейді Жамантелпек.
Әйел жігітті арқалап, құдыққа жөнелгенде, Жамантелпек атын мініп, құдық басында алдынан шығады.
Әйел өлікті арқалап, үйіне жүгіреді. Үйіне барса, Жамантелпек:
– Неге алып келдің, тез арада салып кел, – деп, қайта жұмсайды. Алдынан тағы шығады. Сонымен әйелі
өлексені арқалап, он барып, он қайтып әкеледі. Әйелдің есі шығып, дымы құриды. Әйеліне:
– Осы құтылмас азапқа не үшін кез болғаныңды ұғамысың өзің? – деп сұрайды.
– Еріккендіктің ермегі, опасыздықтың оры болады. Жамантелпек, ұрпағың өссін, үмітің гүлдесін. Құтқар
мені осыдан, – деп, өтініш етеді.
– Жарайды, ендігісін өзім реттеймін, – дейді Жамантелпек.
Өлген ханның баласын әбден киіндіреді де, басына ақ сәлдесін орап, таң алдында ханның үйінің сыртына
жайнамаз жайып, асатаяғын қасына шаншып, құбылаға қаратып, сарта жүгіндіріп отырғызып кетеді
Жамантелпек.
Email:
1001ertek@gmail.com
and WWW:
http://www.elarna.com/ertegi_kk.php
759 bet
Ертемен тұрған хан үй сыртында отырған баласын көріп, намаз оқып, Құдайға құлшылық етіп отыр ғой
дейді де, үйіне қайта кіріп кетеді.
Ертеңгі шай әзірленгеннен кейін бір баланы:
– Бар, ағаңды шайға шақыр, – дейді хан.
Бала:
– Ағам шайға шақырсам, үндемейді. Көзін жұмып отыр, – деп, қайтып келеді.
Екінші барған бала:
– Аға, жүр деп, иығынан ұстап, қозғап едім, жатып қалды, тіл қатпайды, – деп келеді.
– Осы оңбағандар не деп сандырақтайды, – деп, хан өзі барса, баласының өліп жатқан түрін көріп, шошып
кеткен хан айқайлап жібереді.
Хан жалғыз ұлының қазаға ұшырағанына қатты қайғырады. Ат жетер жерге хабар салып, ел-жұртты
жинап алып, бақсы, балгерлерді жинап, баласының қазасының неден болғанын біліп, айтып беріңдер, –
деп, жарлық етеді.
Бірақ ешбіреуі де таба алмайды. Жиналған көп:
– Оны табатын көршілес елдің ханының шешесі табады, – дейді біреу.
Хан қос атпен кісі жіберіп, соны алдырады. Көпшілік арасында әңгіме бола бастады, «ол – көріпкел,
табады», – дейді. Бұлардың ішінде Жамантелпек те болады.
Бақсы қобызын алып, сарнай бастайды. Сол мезетте сыртта «жау, жау» деген дауыстар, аттың шапқан
дүбірі естіледі. Үйдегі отырған көп дүрліге шығады. Үйде жалғыз кемпір қалады. Жамантелпек кемпірді
қымыз құйылған сабаға салады да жібереді, өзі сырттағы көпке араласып кетеді.
Сырттағы аттың дүбірі Жамантелпектің жолдастары екен, күні бұрын сөйлесіп қойған. Үйдің үстінен көп
жылқыны қуып өткен жылқышылар болып шығады.
Хан үйге келсе, бақсы кемпір жоқ, одан-бұдан іздейді. Бірақ кемпір жоқ. Жау деген хабардан қорқып,
үйіне қашқан болар деп жориды жұрт.
Хан әйелдеріне, қызметшілеріне, отырғандарға қымыз әкелуге қосады. Сабадағы қымызды құйып
қалғанда, сабадан кемпірдің екі аяғы шығады. Суырып алса, бақсы кемпірдің өзі.
Хан сасады. Өзінен де күшті ханның шешесі, не істерін білмейді. Ақырында хан:
– Осы кемпірдің пәлесінен мені ақыл тауып, құтқарар болса, мен сол адамға не тілесе де, берер едім, –
дейді.
– Олай болса, мен құтқарамын, – дейді Жамантелпек.
– Маған күймелі арба, екі асау ат алдырып бер, – дейді.
Бәрін де сұрағанының дайын етеді хан.
Жамантелпек күймеге екі асау атты жегеді де, қасына өлген кемпірді отырғызып, қолына ұшы біздей етіп,
өткір темір үскі алады да, кемпірдің ауылына жүріп кетеді.
Ауылға жақындағанда ауылдың балалары, «әжем келеді» деп, жүгіреді. Оған қоса иттер де шабады.
Жамантелпек те екі аттың санына үскіні қадап-қадап қояды. Асау аттар үркіп ала жөнеледі. Кемпір – бір
жаққа, Жамантелпек екінші жаққа ұшып кетеді.
Ханның ауылының адамдары да жиналып, келіп үлгереді. Келсе, кемпір өліп қалған, Жамантелпек өлім
халінде жатқанын көріп, алып барады.
Құдай қазасы, амалы қанша, хан шешесін жерлеуге бұйырады. Жамантелпек «жазылып», ауылға барады.
22. ҰРЫ
Баяғыда бір кедей өмір сүріпті. Оның үш баласы болыпты. Бір күні кедей балаларын шақырып алып:
– Осы уақытқа дейін мен сендерді асырадым, енді қартайдым, әлім бітті. Сендер болсаңдар, әлі жассыңдар,
қалай күн көрер екенсіңдер, – дейді.
– Байдың малын бағамыз, – дейді үлкен ұлы мен ортаншы ұлы.
– Сен ше? – дейді кедей кіші ұлына.
Сонда кіші ұлы тұрып:
– Мен байдың малын ұрлап, күн көрем, – деген екен.
Оның бұл сөзіне әкесі ашуланып:
– Ұры болсаң, менен кет, – деп, үйден қуып жібереді.
Email:
1001ertek@gmail.com
and WWW:
http://www.elarna.com/ertegi_kk.php
760 bet
Бала үйінен кеткен соң жолмен жүріп келе жатса, бір ауыл көшіп келеді екен. Ол көштің артынан қалмай,
жүріп отырады.
Кеш бата көш бір тоғайдың жанына қонады. Баланы ешкім елемейді.
Бір кезде байдың үйі ет асады. Әйелдер үйге кіріп кеткенде қарны ашқан бала қазандағы етті қотарып
алып, жегенін жеп, жемегенін тастап кетіп қалады.
Ол тоғайда түнеп, таңертең тұрса, жұрт ұйықтап жатыр екен. Бала оншақты қойды айдап, жүре береді.
Бір кезде артынан шаң көрінеді. Бұл келе жатқан қуғыншы шығар деп, ол қойды тоғайға айдап жібереді
де, өзі маңайдағы ескі тамның дуалына сүйеніп, тұра қалады.
Қуып келе жатқан байдың өзі екен.
– Бала, былай қарай қой айдап өткен ешкімді көрмедің бе? – дейді ол.
Сонда бала тұрып:
– Көрдім, бірақ сіз оны таба алмайсыз. Мен тауып әкелер едім, мына дуал құлап кете ме деп қорқып
тұрмын, – дейді.
– Дуалда тұрған не бар еді? – дейді бай ашуланып.
– Бұл дуал құлап кетсе, жер дүниені топан су қаптап, ақырзаман болады, – дейді бала.
– Онда тұра тұр, мен үйден тіреу алып келейін, – деп, бай қайта шапқанда, бала қойын айдап, құтылып
кетеді.
Бала айласымен күн көре береді, келе-келе бір ұрының бар екенін ел-жұрт түгел біледі. Ол туралы хан
естіп, егер ұры шынымен ұры болса, менің шақырғаныма келер деп ойлап:
– Кімде-кім ұры болса, маған келсін! – деген жар салады.
Бала ойлап-ойлап, ақырында, ханға барады. Есіктен кірген балаға хан ақырып:
– Сен ұры ма едің? – дейді.
– Иә, – дейді бала.
Хан айтады:
– Ендеше бүгін түннен қалдырмай, менің арғымағымды ұрла, ұрлай алмасаң, басыңды алам, – дейді.
– Құп, тақсыр, – деп, бала шығып кетеді.
Қас қарая бұйрықты орындауға бала келсе, ханның арғымағын қырық күзетші күзетіп отыр екен. Ұры түн
ортасына дейін жасырынып жүреді, бірақ қырық күзетші көз ілмейді. Ақымақ күзетшілер бір кезде
арғымақты суатқа апарып суарады да, онан кейін қалған жылқыларды айдап кетеді. Күзетсіз қалған
арғымақты бала мініп алып, жүре береді.
Ертеңіне бала арғымақты әкеп, ханға тапсырғанда, хан екінші тапсырма береді.
– Бір сандық алтыным бар, соны ұрла, – дейді.
Кешке жақын бала бұйрықты орындауға келсе, хан сандығын қолына ұстап алып, алаңда әрлі-берлі жүр
екен.
Ұрының ойына бір айла келе қалады. Мойнын қызыл бояумен бояйды да, ханның алдын айналып барып,
алдына шалқасынан жата қалады. Жанынан өтіп бара жатқан хан оны көреді де:
– Қап, бишара-ай, біреу өлтіріп кеткен екен ғой, – деп үйіне қайтады.
Ұры ханның алдын екінші орап келіп, тағы да шалқасынан жата қалады.
Хан ұрыны екінші рет көргенде таңданып:
– Апыр-ай, осы ма екен, жаңағы ма екен? – деп, сандығын қоя салып, манағы жерге кетеді.
Ұры сандықты ала жөнеледі. Ертеңіне хан ұрыға үшінші тапсырма береді:
– Енді менің өзімді ұрла, – дейді.
Ұры келсе, хан ұрлайды екен деп ордаға тығылмаймын деп, үлкен сандықтың ішіне түсіп, күзетшілеріне
күзеттіріп қойыпты.
Күзетшілер бірінен соң бірі келіп, күзетіп тұрады екен. Ұрыға білдірмейміз деп, еңбектеп барып, еңбектеп
қайтады екен. Мұның бәрін байқап алып, ұры бір уақытта көп күзетшінің бірі болып, еңбектеп, сандықтың
қасына келеді.
Келісімен хан оны күзетшілерінің бірі екен деп:
– Әлгі ұры келетін бе? – дейді.
– Тақсыр, келіп тұрмын, бірақ ханды сандыққа салып көтерген ұят шығар, арқама мініңіз, – дейді.
Бұл жолы да жығылып қалған хан баланың мұндай өнеріне риза болып, оны өзіне уәзір етіп алған екен.
Email:
1001ertek@gmail.com
and WWW:
http://www.elarna.com/ertegi_kk.php
761 bet
23. ТОҒЫЗ ТОҢҚЫЛДАҚ, БІР ШЫҢҚЫЛДАҚ
Ертеде тоғыз Тоңқылдақ, бір Шыңқылдақ болыпты. Тоғыз Тоңқылдақ бір күнде тоғыз арба істейді, бір
Достарыңызбен бөлісу: |