Тұрақты тіркес түрлерінің ішінде бірден ерекшеленетін мақал мен мəтелдер. Сондықтан да мақал-мəтелдер қазақ тілінде ауыз əдебиетінің үлгілері ретінде фразеологизмдерге қарағанда ертерек жинастырылып, хатқа түскен. Тұрақты тіркес деген термин мақал-мəтелдерге де, фразеологизмдерге де қатысты жалпы атау. Бұл олардың тұрақты қолданысына қарай берілген ұғым. Мақал-мəтелдерді паремиологиялық қорға жатқызса, фразеологизмдерді фразеологиялық қорға жатқызады. Сонда тұрақтылықтарына қарай ғана бір атаудың аясында аталып жүр.
Мақал-мəтелдер мен фразеологизмдер қолданыс ыңғайында үнемі қатар жүретіндіктен, əсіресе тұлғалық жағының ұқсастығынан ойды бейнелі мағынамен жеткізуде бір-бірімен астасып жатады. Əдетте мақал-мəтелдер ұзақ уақыт бойы өмір тəжірибесінен екшеліп, ойлау процесінде сұрыпталып барып қалыптасады. Сондықтан мақал-мəтелдердің пайда болуына ұзақ уақыт өтеді. Ал тілімізде фразеологизмдер түрлі ситуацияға қарай сөйлеу үстінде аяқ-астынан пайда болады. Егер айтушы, сөйлеуші өзі естіген, ұнаған фразеологизмдерін неғұрлым жиі-жиі қолданатын болса, онда естуші, қабылдаушы (адресат) тіркестің тұрақталуына да соғұрлым ықпал етіп, келесі кезекте сол тіркес басқа адресантттың қолданысына ие болады. Мысалы, арам өлу – малдың бауыздалмай тұрып, өліп кетуін суреттейтін тұрақты тіркес. Мұсылман заңы бойынша малға бата жасап, аяқтарын буып бауыздап барып сояды. Сонда бұл малдың еті жеуге жарамды деп есептелінеді. Ал өзінен-өзі өліп қалған малды арам өлген деп, жеуге жарамсыз етіп пайдаланбайды. Демек бұл тіркес бұрыннан бар, мал баққан халыққа етене таныс жағдай.
Тұрақты қолданыста бар тіркес енді Қойшы көп болса, арам өледі деген мақалдың тууына себепкер болады. Осындай модельде жасалған:
Ағын су → Ағын суда арамдық жоқ;
Əдет болу → Əдет əдет емес, жөн əдет;
Туған жер → Туған жерге туың тік;
Бадырақ көз → Ақымақ басқа бадырақ көз бітеді;
Келтірілген мысалдарда фразеологизмдер мен мақал-мəтелдердің бір тамырдан тараған, діңі ортақ бірі – жапырағы, бірі – гүлі іспеттес тұтас дүние екендігін байқауға болады. Бұл мақал-мəтелдер мен фразеологизмдердің өзара мағыналық байланысын көрсетеді.