28. Қазақ шығармаларындағы трангрестік тәсілмен жазылған шығарманы талдаңыз Трансгрессия - классикалық емес философияда мүмкін шектен мүмкін емес шекке өтуді білдіретін термин.Трансгрессия көркем әдебиетте көбіне тұлғаның екі ұдайлық күйі, немесе тұлғаның екіге жарылуымен көрініс табады. Трансгрессияның қазақ әдебиетіндегі көрініс табуына келсек, оның арғы тамыры қазақ фольклорында жатқандығын аңғарамыз. Бұған «Бақтыбай би» ертегісі мен «Ертөстік» ертегісі мысал болады. «Бақтыбай би» ертегісінде бір келіншектің күйеуі екіге жарылып, екеу болып кетеді. «Ертөстік» ертегісінде басты қаһарман бір кеңістіктен екінші кеңістікке ауысып, жер астындағы жылан патшасы Бапыханның еліне тап болады. Қазіргі қазақ әдебиетінде тұлғаның екіге жарылуы Т.Әбдіковтың «Оң қол» әңгімесінен басталады. Трансгрессиялық сипаттарды М.Мағауиннің «Жармақ» романы, «Қыпшақ аруы» хикаятымен, Т.Әбдіковтың «Парасат майданы» повесімен, А.Алтайдың «Кентавр» әңгімесінен байқауға болады.Жазушы Асқар Алтайдың «Кентавр» әңгімесінде бала-кентавр, жігіт-кентавр бабалар дәуіріндегі жылқы мінездес, жылқы тектес болмыс-бітіміне трансгрессиялық тәсілмен қайта оралған қазақ ұлының аллегориялық, символдық, метафоралық образ, болмыс-нышаны, арман-аңсары ма деген ой түйеміз.
Трансгрессия тәсілі ерекше жарқырай көрінетін тағы бір сүбелі шығарма – Төлен Әбдіковтің «Парасат майданы» хикаяты. Шығармадағы нарраторлық тұлға – жүйке ауруларын емдейтін клиниканың пациенті. Шығарма өзегі – оның дәрігерге табыстап кеткен күнделігі. Ф.Достоевскийдегі, Г.Гесседегі бұл әдеби дәстүрді жазушы ары қарай жалғастырып отыр. «Махаббат пен ғадауат майдандасқан» кейіпкердің жан әлемін, жан азабын, жан күйзелісін жазушы психологиялық тұрғыда шебер ашады. Әрбір үш-төрт күн сайын кейіпкер өзіне кереғар басқа тұлға, зұлымдық ойға иек беруші жан болып оянады. Осы бір трансгрессиялық құбылыстарды жүйкесі науқас кейіпкер сорлағанда білмейді. Оның басты трагизмі де осында. Басқа бір зұлым ойлы жасырынып жүрген жанмен хат алмасады, ой бөліседі, интеллектуалдық дисскусияларға барады. Парасат майданында ашық күреске түседі. Оны аңдуға кіріседі. Бірақ, бәрі бекер, нәтижесіз. Барлық сыр хикаяттың шешуші финалында ашылады. Осы сұмдық сырды жазушы былайша көрсетеді: «Бір адамның бойында кезектесіп бір-біріне ұқсамайтын екі тұлға пайда болады – Дәрігер түсініп отырсың ба дегендей маған қарап қояды. – Ал кейде екі тұлға кезектесіп ауысып отырады. Бұл ешқандай ертегі емес, психика әлемінде кездесіп жүрген құбылыс. Мен сізге әлдеқашан тарихқа енген белгілі деректерді ғана айтайын. 1887 жылдың қантар айының аяқ кезінде әлдебір орта жастағы ер адам Американың Нарстоун деп аталатын шағын қаласына келеді. Өзін Браун деп таныстырған бұл адам келе салып, кеңсе тауарларын сату ісімен шұғылданады. Өз тамағын өзі істеп, сатып алған магазинінің түпкі бөлмесінде тұрып жатады. Шіркеуден қалмайды. Тауар әкелу үшін бірнеше рет Филадельфияға барып келген. Ақкөңіл, жайдары осы адаммен қала халқы тез табысып кетеді. Алайда наурыз айының 14-і күні ол күтпеген мінез көрсетеді. Көшедегі көрінген адамға жалынып, қай қалада тұрғанын сұрап, өзінің мистер Браун емес, мистер Берн екенін, ешқандай сатушы емес, Грин қаласының дін уағыздаушысы екенін айтып, елді айран-асыр қылады. Ақыры Грин қаласынан әйелі келіп, 17 қаңтарда аяқ астынан жоғалып кеткен күйеуін танып, алып кетеді».