2.2. Вексельдер
Корпоративтік бағалы қағаздардың түрлерін тарихи тұрғыдан қарастыратын болсақ, вексель - шаруашылықта қолданылған бағалы қағаздардың ең алғашқы формасы. Ертеден вексель есеп айырысуда ең қолайлы құрал ретінде, төлем құралы және тауарды қарызға сатып алғанда несие алу құралы ретінде қолданылған. Вексель міндеттемені орындауда және қарызды қайтаруда ұтымды нарықтық құрал болып есептеледі. Вексель қарыз алушының қолхатына байланысты пайда болған. Бастапқыда вексель опе-рацияларына қатысушылар біріне-бірі сенгендіктен қарыз қатынастарына түссе, кейіннен ол қатынастар құқықтық міндеттемелер сипатына ие болды. Сөйтіп вексель туралы алғашқы заңдар Еуропа елдерінде XVII-XVIII ғасырларда шыққан.
Вексельдер туралы заңнамалық актілерде барлық вексельдік құқықтық қатынастарды реттейтін мағлұматтар көрсетіледі. Олар: вексельдің формасы; оны төлемге берудің және төлеудің айналыс тәртібі; вексель мәмілесіндегі жақтардың құқығы және міндеттері.
Тауарлы-ақшалы қатынастардың дамуына және одан әрі күрделенуіне байланысты вексель бірте-бірте несиелік есептесудің әмбебап құралына айналды. Вексельмен несие қатынастары рәсімделеді, сонда ол несие ақшасы ретінде айналыста жүреді және ақшаның төлем құралы қызметін атқарады. Бағалы қағаз ретінде вексель әртүрлі мәмілелердің, яғни сатып алу-сату, есептеу, кепілдікке салу және басқа да іс-әрекеттер объектісіне айналады. Вексельді коммерциялық және банктік практикада, оның ішінде сыртқы саудада және халықаралық есеп айырысуда кең қолдану, сондай-ақ халықаралық вексельдік қатынастарда кездесетін қиындықтарды жою мақсатында әрбір елдің вексель туралы заңнамасын бір ізге келтіру қажет болды.
XVIII-XIX ғасырларда Еуропа елдері вексель туралы ұлттық заңдарды біріктіруге бірнеше мәрте ұмтылып, 1910 және 1912 жылдары 33 мемлекеттің өкілдері қатысқан Гаага конференциясында вексель туралы жалпы заңның тексті жазылып дайындалды. Алайда, заңдарды біріктіру туралы конвенцияны қабылдауға бірінші дүниежүзілік соғыс кедергі жасады. Тек 1930 жылы 7 тамызда Женевалық вексельдік конфенцияда 1868 жылғы Жалпыгермандық вексельдік жарғы негіз болған «Аудармалы және жай вексельдер туралы» Біртектес вексельдік заң қабылданды. Қазіргі вексель айналысының құқықтық негіздері болып осы заң саналады. Вексельдің үлгісі және оның кейбір құқықтық өзгешеліктері әрбір мемлекеттің ұлттық зандарына сәйкес толтырылады. Қазақстан Республикасында «Вексель айналысы туралы» Заң 1997 жылы 28 сәуірде қабылданды.
Өндірістегі жұмыстың айналымдылығы, яғни өнімді өндіру, оны сату және басқа да коммерциялық қызмет көрсету кезінде көбіне қаржы қорының жетіспеуі сияқты жағдайларға душар болады. Сол кезде өнімді сатып алушы жабдықтаушымен есеп айырысуды кейінге қалдырады. Демек өнім несиеге сатылады. Несиені қайтару кезінде несие ақшаларының бір түрі - вексель беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |