Бағалы қағаздар нарығының маңызы. Экономикасы дамыған мемлекеттерде бағалы қағаздардың көмегімен қосымша капитал тарту анағүрлым жеңіл. Акция және облигация сияқты негізгі бағалы қағаздарды шығаруға және оларды тіркеуге 2 апта, эмиссия проспектісін шығарып және нарыққа қатысушылардың оларды талқылауына 2-4 апта, оларды сатып алу-сатуға және есеп айырысуға 2-3 апта уақыт кетеді екен. Қорытындысында 1,5-2 ай ішінде эмитент (шығарушы) өзіне қажетті капиталды жинап, оны басқару кұқығына ие болады.
Өткен ғасырдың 70-жылдарында әлемдегі өркендеген елдерде капитал қозғалысындағы шектеулердің алынып тасталуы халықаралық бағалы қағаздар нарығының пайда болуына жағдайлар туғызды. Қазіргі кезде басқа елдерде орналастыру үшін әлемнің бір еліндегі банктер мен корпорациялардың эмиссиялаған бағалы қағаздары халықаралық бағалы қағаздар нарығында үлкен көлемде айналысқа түсуде. Мысалы, 1980-1990 ж.ж. аралығындағы он жылда АҚШ-тың ЖІӨ-дегі бағалы қағаздармен жүргізілген халықаралық операциялардың үлесі 9-дан 93%-ке дейін өсті, Германияда - 8-ден 58-ге, ал Жапонияда 7-ден 119%-ке өсті. Халықаралық капитал нарығындағы қарыз қаражатының жалпы көлемінде көп бөлігі облигацияларға тиесілі, 1994 жылы ол 60%-тен асты. Әлемдік бағалы қағаздар нарығының 40%-ке жуығы АҚШ-қа, ал 20%-тен артығы Жапонияға тиесілі [28; 43.].
1997 жылы Нью-Йорк қор биржасында 350, ал 2000 жылы 600-ге жуық шетел кәсіпорындарының бағалы қағаздары листингтен өтсе, американдық НАСДАК сауда жүйесінде 500, ал Лондон қор биржасында 526 шетел компанияларының акцияларына баға белгіленді.
Өндірісі өркендеген басқа мемлекеттерде де осындай жағдай қалыптасқан. Акциялары Франция ұлттық кор индексіне енгізілген өнеркәсіп компаниялары өздерінің бағалы қағаздармен операцияларының көп бөлігін (70%-ке дейінгі) Франциядан тыс елдерде жүргізеді. Батыс Еуропа қор нарықтарында листингтен өткен компаниялардың көпшілігі пайдасының жартысын шетелдердегі қызметінен табады. Сондай-ақ американдық компаниялардың шетелдердегі қызметінен тапқан пайдасы өте қомақты, мысалы, ол акциясына Нью-Йорк қор биржасында баға белгіленген компанияларда орташа 25-30% құрайды.
Халықаралық бағалы қағаздар нарығы, ұлттық нарық тәрізді, алғашқы және екінші нарықтардан құрылады. Алғашқы нарықта бір елдің эмитенті өзінің бағалы қағаздарын басқа елде (немесе басқа елдерде) орналастырады, ал екінші нарықта арнаулы қаржы мекемелерінің делдалдық етуімен бағалы қағаздарды қайта сату жүргізіледі. Бұнда екінші бағалы қағаздар нарығында негізгі сатып алушы және сатушы ретінде орталық және коммерциялық банктер, сақтандыру компаниялары және басқа да банктік емес қаржы институттары жүреді.
Сонымен бағалы қағаздар нарығы - экономикалық өрлеуді көп жағдайда қаржыландыратын ең оңай және ең қолайлы қаржы көзі.
Достарыңызбен бөлісу: |