Микробиология – арнайы аспапсыз көзге көрінбейтін тірі организмдер туралы ғылым (грек.: micros-ұсақ; bios-тіршілік; logos-ілім).
Микробтардың мөлшері метрдің миллионнан бір, милиметрдің мыңнан бір бөлігіндей шамамен өлшенеді. Адамдардың көзі әдетте шамасы 0,08 мм артық нысандарды ажырата алады. Сондықтан, микроб жасушасын зерделеу үшін микроскоптар, яғни микробтар бейнесін ондаған-жүздеген-мыңдаған есе үлкейтетін аспаптар қажет. Ал, вирустар нанометрмен (милиметрдің миллионнан бір бөлігі) ангстреммен (метрдің он миллионнан бір бөлігі) өлшенеді, басқаша айтқанда: 1мм=1000мкм=1000000нм-10000000А; 1ммі көлемге 633 миллион микроб сиып кететіні, ал 636 миллиард микробтың салмағы 1 грамм болатыны есептелген.
«Микроб» (грекше-microbe-ұзақ өмір сүрмейтін) деген ұғымды 1878 жылы Седилло дейтін зерттеуші енгізген. Микробтарды зерттейтін ғылымды алғашқыда Пастер – «микробия», кейіннен Дюкло-«микробиология» деп атауды ұсынған.
Микроорганизмдер убиквитарлы, яғни олар жер, су, ауа кеңістіктері мен орталарының бәрінде мекендейді. Олар тіптен ғарышта да табылған. Марста да болуы мүмкін деген болжам бар. Микробтарсыз тіршілік ету мүмкін емес, өйткені олардың керемет биохимиялық белсенділігі тіршілік негізі болып табылады – табиғаттағы зат айналымын қамтамассыз етеді.
Адамдардың, әр түрлі жануарлардың организмінде, қоршаған ортада болатын, жер бетінде мекендейтін барлық микробтарды екі топқа бөлуге болады: ауру қоздырушылар – патогенділер (грек.: pathos-ауру) және сапрофиттер-патогенсіздер (грек.: sapros-шірінді, phytos-өсімдік). Біріншілері әр түрлі аурулар қоздырады, екіншілері-қауіпсіз және де адамдар үшін пайдалы болуы да мүмкін. Бірақ, соңғы 20-25 жылда үшінші топ анықталып отыр - шартты-патогенді микроорганизмдер. Олар иммунды тапшылық жағдайлардың едәуір жиілеуіне байланысты адамдардың денсаулығы үшін ерекше орын алып отыр. Адам организмінің сапрофит-микробтары әр түрлі себептерге байланысты иммунды-тапшылық жағдайда ауру қоздыру қабілеттігіне ие болуы мүмкін.
Микробтардың сан алуан «армиясы» әр түрлі типтерге, әлемге жататын мыңдаған түрлерге бөлінген:
бактериялар (мысалы, жерше, күл, тырысқақ, оба, соз, т.б. қоздырғыштары);
вирустар (мысалы, тұмау, сал , құтыру, ЖИТС, гепатит т.б. қоздырғыштары);
приондар-инфекциялық агенттердің (profeinaccons infections particle) ерекше сыныбы болып есептеледі;
ақуыз тәріздес жұқпалы бөлшектер (адамдарда куру, Крейцфельд-Якоб ауруларын; сиырларда-сиыр құтыру ауруын қоздырады);
саңырауқұлақтар (мысалы, кандидоз, таз, шуаш, теміреткі, бластомикоз т.б.);
қарапайымдылар (мысалы, безгек, токсоплазмоз, лейшманиоз, лямблиоз, т.б.).
Микробтардың жоғарыда аталған топтарға бөлінуіне байланысты микробиологияда арнайы тараулар айқындалды: бактериология, вирусология, микология, протозоология. Қазіргі кезде биологиялық ғылымдардың ең маңыздысы – микробиология бірнеше өзіндік пәндерге бөлінген:
Жалпы микробиология – микробтардың дамуы мен тіршілігінің жалпы заңдылықтарын, олардың табиғаттағы рөлін зерттейді.
Ветеринариялық микробиология – жануарлардың жұқпалы ауруларының қоздырғыштарын, диагноз қоюды, сол аурулардан сақтану шараларын зерттейді.
Ауылшаруашылық микробиологиясы – микробтардың топырақты тыңайтудағы маңызын, жем-шөптерді консервілеуді, топырақ құру процесіндегі микробтардың рөлін, өсімдік ауруларының қоздырғыштарын, олардың профилактикасын және т.б. зерттейді.
Өндірістік (техникалық) микробиология – тағамдық өнімдердің микробтарымен байланысты (нан пісіруде-ашытқылар, ірімшік, сүтқышқылды өнімдер, сары май, шарап дайындауда - сүт қышқылды бактериялармен); витаминдер, антибиотиктер, ферменттер өндіруде; тері, жүн өндірісмен байланысты микробиологияның өте дамыған бөлімі.
Аса маңызды тарау - биотехнология, гендік инженерия.
Ғарыш және теңіз микробиологиясы – соңғы кезде адамдардың ғарышқа ұшуымен байланысты дүниеге келді. Бұл сала ғарышкер денесінің микроорганизмдерін, ғарыш кемесінің микробтарын, ғарыштық сәулелердің микроорганизмдерге әсерін, ұзақ мерзімді ғарыштық ұшу кезінде микроорганизмдердің сұрыпталуын (селекциялануын) зерттейді, ғарыштық кемеге инфекция қоздырғышының еніп кетуіне жол бермеу шараларын жүргізеді, ал теңіз микробиологиясы жер бетінің көпшілік бөлігін алып жатқан теңіз суларының сан-алуан микробтарын зарттейді.
Медициналық микробиология нені зерттейді? Қысқаша айтқанда адамдардың жұқпалы ауруларының қоздырғыштарын, жұқпалы ауруларға диагноз қою әдістерін, олармен күресу жолдарын зерттейді.Медициналық микробиология – медициналық ЖОО студенттері білім алу жолындағы кездесетін ең бірінші медициналық пән. Медициналық микробиология – клиникалық пәндерден бұрын оқытылады, ол медик-студентті жұқпалы аурулар, тері-венерологиялық аурулары, хирургия, гинекология, урология, терапия және басқа медициналық ғылымның салалары бойынша микробтар қоздыратын профильдік ауруларға диагноз қою және емдеуімен байланысты арнайы пәндерді зерделеуге дайындайды. Ол адамдар үшін патогенді микроорганизмдерді (вирустар, бактериялар, саңырауқұлақтар, ринкетсиялар, хламириялар, микоплазмалар, қарапайымдыларды) зерттейді.
Медициналық микробиология екі бөлімнен тұрады: жалпы және жеке микробиология. «Жалпы микробиология» бөлімінде патогенді микроорганизмдердің морфологиясы, физиологиясы, генетикасы туралы жалпы түсініктер беріледі. Науқастарды емдеуге қолданылатын антибиотиктер мен химия-терапиялық препараттар туралы ілімнің негіздері, жұқпалы ауруларға зертханалық диагноз қою әдістері, инфекциялар эпидемиологиясы және олардың алдын алу шаралары туралы мәліметтер баяндалады. Микробтардың табиғатта таралуы, адам организмінің қалыпты микрофлорасы және де оның дисбактериоздар дамуына дейін бұзылуы туралы мәселелерді талдайды.