Бағдарламасы бойынша жарық көрді Б. ҚАлмағанбетов: СӘЙГҮлік өмір/ Б. Қалмағанбетов



Pdf көрінісі
бет2/4
Дата17.01.2017
өлшемі41,33 Mb.
#2101
түріБағдарламасы
1   2   3   4

                                      * * *
Пенде емессің әлжуаз жұрттан қалар,
Шындықты айтар дірілдеп қысқанда олар.
Адал достар қасыңа үйірілсе,
Опасызы – қауіпті дұшпан болар.
Қараңыздар қызықты жайды мына,
Өткізсе де күн, апта, айды мына.
Онда ісі жоқ, тек іштей қынжылады,
Бастан ұшқан кешегі байлығына.
                                          * * *
Сүйреседі десең де көшіңді алға,
Бәлкім бір күн итерер тосын жарға.
Жасырғанды дұшпаннан досыңа айтпа,
Ол мәңгілік емес қой кепіл бар ма?!
                                         * * *
Бір қайрылмай кетер жасың, қартың да,
Мерт болдың ба жамандау жоқ халқымда.

22
Бижан Қалмағанбетов
Ешкім мәңгі жүрмейді де жер басып,
Жақсы ед деген пікір қалсын артыңда.
                                         * * *
Дос болдың ба алаяқ, жырындымен,
Ұнатпадым көрдім де түріңді мен.
Саған айтар ақылым – ертеңді ойла,
Сәл нәрсеге алданба бүгінгімен. 
                                          * * *
Туған жердің ыстық қой топырағы,
Кілемдей боп жайылар жапырағы.
Бұқараға көнеміз табиғи жай,
«Көп қорқытар, ал терең батырады!»
                                        * * *
Зулар жылдар саған тізгін бермейді,
Шау тарттым деп сенгіңіз де келмейді.
Опық жеме, өткеніңе өкінбе,
Уақыт өзі бар жараңды емдейді.
                                        * * *
Пендесің  ғой қиындық сан тосар да,
Тек сеніммен берік қадам бас алға.
Күйіп-піспе сәл нәрсеге қайтесің,
Сабырлылық сауықтырар қашан да.
                                       * * *
Бар сырыңды біліп алған жолдасың,
Қарақшыдай қайта шапса оңбасын.
Ондайлардан аулақ ұста іргеңді
Іштен кіріп, аяғыңнан шалмасын.
                                     * * *
Қазақсың ғой тәрбиелі тегінде,
Үлесім бар деп төске ұрма менің де.
Түбінде олар жүрегімен сезеді,
Жақсылықтың түспейтінін жеңілге.

Сәйгүлік өмір
23
                                    * * *
Ыстық жүрек көңіліңді ерітер де,
Ауыр салмақ тұрмас үшін желкеңде.
Қолыңа алған бітір бүгін шаруаңды,
Сылтауратып қалдырмағын ертеңге. 
                                   * * *
Тәуелсіздік орындалды ел аңсары,
Сонда да жұрт үнсіздіктен шаршады.
Қандай адам танытады айнытпай –
Таққа отырып, көтерілсе мансабы.
                                     * * *
Әрекетсіздіктен жақсы жиренген,
Ерте тұрып, жай жатуға үйренген.
Еріншектік иығыңнан баспасын,
Тындырасың біраз істі күйбеңмен.
                                    * * *
Орнықтысың, сөзге тұрып, ел сенер,
Кісілігің осындайда өлшенер.
Шынықтырғын ертелі-кеш денеңді,
Сымбатты боп көрінгіңіз келсе егер.
                                    * * *
Жайып салса ол реніші мен өкпесін,
Тыңдап ал да, тақпа бірақ текке сын.
Ақкөңіл ғой, кешіре сал, өйткені –
Бүгін айтып, ертең ұмытып кеткесін.
                                   * * *
Сәби болдың, тіл шығып былдырладың,
Есіңде ме қанша ойыншық сындырғаның?
Қартайғанда қуаныш, демеу болар,
Жас кезіңде іргелі іс тындырғаның.
                     

24
Бижан Қалмағанбетов
                                       * * *
Қыздарымыз үлкеннің көзін көрді,
Тәрбие алып, анаға сөзін берді.
Күйеуі ақымақ, енесі адуын боп,
Келсап етіп жүрмейік келіндерді.
 
                                      * * *
Саулық беріп бұл құдай бастарыңа,
Құда-жегжат жиналса қастарыңа.
Ол жарыңның ақылды, адалдығы –
Бақыт таңы сен үшін атқаны да.
                                     * * *
Бұл пікірім бола қоймас қате де,
Тірісінде оны аяла, мәпеле.
Бәлкім сенің басқа болар соқпағың,
Ұқсап туған ұл десін жұрт әкеге.
           
                                    * * *
Өмір – тартыс дей алмаспыз шекердей,
Жала жапса бірақ жөнсіз бекерге-ей.
Айқау-шумен жеңе алмайсың, жауабын
Суық қара өңменінен өтердей.
                                    * * *
Алыс жүрсе ғашықтар сағынады,
Қайтсін тірлік заңына бағынады.
Тек сенімге бір қылау түсірмесе,
Міне нағыз махаббат мағыналы!
           

Сәйгүлік өмір
25
                   СӘЙГҮЛІК ӨМІР
Мықтыларға бір кезде сенсек тегі,
Ру деді, жүз деді бөлшектеді.
Меншіктеп ап даласын қазағымның,
Қоқан-лоққы кім бізге көрсетпеді.
Өткен жылдар тарихтың ағысында,
Кешті бабам атысын-шабысын да.
Бас кетсе де айтарын ірікпеді,
Тік ұстады, бермеді намысын да.
Абыройын қазақтың шын сақтады,
Жетілді өсіп сол сәби құрсақтағы.
Аманатын халқыңның қастерлеңдер,
Ертеңгінің жасампаз ұрпақтары!
Әлсіздерден аяма көмегіңді,
Көрсет елге үлгі боп өнеріңді.
Жылдарға өткен болмасын өкпе-назың,
Аларыңды ал, ұсын тез береріңді.
Құлшынысты істерге жылынғам шын,
Жұмыс десе белсеніп, жүзің жансын.
Сәйгүліктей мына өмір өте шығар,
Бәрекелді дейтіндей ізің қалсын! 

26
Бижан Қалмағанбетов
                              ЖУСАН
Жазды мынау кеткен бе күз ықтырып,
Мезгілінің  жеткенін де ұқтырып.
Ауыл маңы. Бәйге төбе келем мен,
Суық желге қарамай да пысқырып.
Балалық шақ еске түсті баяғы,
Таныстар көп, алдан құшақ жаяды.
Ей, халқым-ай домалайтын той десе,
Жиналыпты қалмай тайлы-таяғы.
Жерім мынау кілем-шалғын жүрсең көк,
Азаматсың ел қадірін білсең тек.
Жүрдік талай жеңіл-желпі қар кешіп,
Қалалық боп кеткенім бе бүрсеңдеп.
Қарттарым-ай, жас ұрпаққа кең көңілің,
Тілектерің керемет қой сендердің.
Теректей боп қайыспаған сындарға,
Мен де солай боламын деп дем бердім.
Таңың атып, қызғылт түсті батар күн,
Жолы бөлек кешкен әрбір сапардың.
Туған жерден бір түп жусан жұлып ап,
Иіскейін деп мұрныма апардым.
Қызылқоғам шыққан сенен сан алып,
Құстай ұшам естісем бір жаңалық.
Көк жусанның иісі бойға жайылып,
Жан сарайым кете барды жаңарып.
Сенен өсіп, қанат қақтым бүгінге,
Өзгеріпті келбетің де, түрің де.
Туған жерім – менің асыл мекенім,
Жүрегімнің сен жатасың түбінде!

Сәйгүлік өмір
27
                       ҚЫЗҒАНЫШ 
Қазақ жомарт, қазақ кең ғой десе де,
Қызғаныштың оты осы бір өше ме?
Қайдан алды дейміз кейде көршіміз,
Жақсы костюм киіп шықса көшеге.
Бұл кім екен апта бойы тойлатқан,
Қақпасына шетел көлік байлатқан.
Туындайды ойымызда сан сұрақ,
Руы кім, келген екен қай жақтан?
Іштарлығын жүрер әркез ұқтыра,
Кеңдігін ол қызғанышқа жықтыра.
Өсек айтар туысымның тұрмысқа, 
Кенже қызы шығыпты деп мықтыға.
Жатам ба деп ертелі-кеш шалқамнан,
Шығайықшы төрт қабырға- қалқаннан.
Дегендердің дауыстарын естідім,
Екі батыр сөйлесіп тұр балконнан.
Ағытар ем әңгіменің бұлағын,
Тым жеңілдеу шығыпсың ғой, шырағым.
Дейді бірі үлкендігін сездіріп,
Бұлт қалың ғой жауар ма екен мына күн?
Ол шынында жақсы пікір күткен-ді,
Байқамады сырын ішке бүккенді.
Әй, солай ма, деді-дағы екіншісі,
Аңқау байғұс дереу ішке зып берді.
Ауа-райы жоқ па еді әсте сауатың,
Аспан ашық түрі де жоқ жауатын.
Ей, сабаз-ай, тауып айттым дер ме екен,
Қызғанғанын табиғаттың ауасын. 

28
Бижан Қалмағанбетов
                        ӨСЕР ҰЛ...
Қазағым-ай, дуалы ауыз, баталы,
Ұрпағынан тек жақсылық тосады.
Елге барсаң тілерсегі майысып,
Құйттай бала су әкеле жатады.
Сәлем беріп келсе үйіне бір кісі,
Дайын тұрар және көп зат білгісі.
Ізетпенен босағада күтеді ол,
Қолда құман, иығында сүлгісі.
Көлікті аңсап, демейді де шеттемін,
Тартар ерте бетке ұстап мектебін.
Сонсоң кешке отбасына мақтанып,
Жайып салар күнделіктен бестерін.
Отынға деп тау-тау ағаш жарылар,
Қора, мал бар – жұмыс бұған табылар.
Қолдан кетпен, қайласы бір түспейді,
Жазда бақша, қыста қары тағы бар.
Тек осымен шектелмейді көмегі,
Сарқылмайтын зор қуат-күш береді.
Анасының құлыным деп бір сүйіп,
Әкесінің айналайын дегені.
Жүрегі адал, көңілінің мәртін ұқ,
Болашаққа тұрады ылғи талпынып.
Міне осындай болу керек өсер ұл,
Биіктерге қолын созған тал шыбық.

Сәйгүлік өмір
29
                      БОСТАНДЫҚ
Айырады жақсы-жаман арасын,
Салт-дәстүр де табар жақсы жарасым.
Міне осындай сыйлы жандар бар тегі,
Бостандықтың сезіп өскен бағасын.
Ал біреулер бас жазудан қалмайды,
Ұрыс-жанжал кетпесе үйден сол қайғы.
Бостандықты кейбіреулер жәй ғана,
Тағдыр тартқан тосын сый деп ойлайды.
Анау әйел төмен қарап барады,
Абақтыда жары жүрек жаралы.
Отбасқанын байқамастан адамдар,
Бостандықты арзандатып алады.
Үн-түнсізбіз, қашан біздер серпілдік,
Төске де ұрып мықтымыз деп желпіндік.
Досың-дағы жауың болар іс түссе,
Сонда көзден бұлбұл ұшар еркіндік.
Өмір – теңіз батыратын алып та,
Батырмын деп шықпа қарсы халыққа.
Наның, суың тататұғын бір бөлек,
Бәрі жетпес бостандық пен жарыққа!
                       

30
Бижан Қалмағанбетов
                               ТАУ
Жетпесем де зымыраған киікке,
Өстім елдің топырағын сүйіп те.
Шамамызға қарамаймыз қашан да,
Ұмтыламыз қол жетпейтін биікке.
Ойым да жоқ бұған айтар бір өкпе,
Альпиниссің тауға шықсаң дір етпе.
«Таудай болғын, құлыным» дер балаға,
Қосыламын  бұл шынайы тілекке.
Талай мықты  қол алысып, қауышуда,
Өктемдік бар дөкейлердің даусында.
Бәрі әйтеуір жоғарыны қалайды,
Бәрі әйтеуір шеттерінен «тау тұлға».
Түсінбейміз бәрі «бірді» ұнатты,
Басшы болса  «алтын адам» сияқты.
Көпке,әрине, күл шашпаспын, дегенмен
Кейбіреуге қимас та едім қыратты.  
Сөзге шорқақ, ойдан-қырдан құраған,
Даусы да әлсіз естілгендей жырадан.
Ойлады ма, оңай болмас күні ертең,
Сол биіктен төмен қарай құлаған.

Сәйгүлік өмір
31
                               ӨНЕР
Талаптыны ұмтылса кім жасқамақ,
Қазағым жүр үй тұрғызып, тас қалап.
Таусылдық қой айтыңдаршы, жарандар,
Қарақалпақ, өзбектерді мақтап-ақ.
Меңгерген сол мейрамхана, барларды,
Жігіттер ме деп қонақтар таңданды.
Асы дәмді әйелден де, ал олар,
Бізден тартып кисе-дағы шалбарды.
Шынын айтсақ мойын бұрмас басқаға,
Бұл күндері бар мәселе ақшада.
Тәрбиеші бір студент сенсеңіз,
Қаладағы таныс бала бақшада.
Қауіпті бір топқа еріп бұзылып,
Кетпеу үшін жұмыс жаса қызығып.
Шаштаразда қолда қайшы тұр жігіт
Бойжеткендей сізді күтіп сызылып.
Қимылдасаң тарықпайсың жамағат,
Тың ой тастап тұрмын сонсоң мазалап.
Базарларға бара қалсаң жетеді, 
Самса сатып, арқалаған ала қап.
Жалқаулық бар жасырмаймын халқымда,
Осы жәйт қой кері тартар олқым да.
Қай кәсіп те әйел, ер деп бөлінбес,
Болса өнерің кірісіп кет, тартынба!

32
Бижан Қалмағанбетов
                           ҚАРТТАР
Ұмытпайтын өткен кез, шақтарын-ай,
Ұлағатты халқымды сақта, құдай!
Көздерін көлегейлеп қолдарымен,
«Қай баласың?» дейтұғын қарттарым-ай!
Туған елі сүйенер тірегі де,
Мейірбандық жинаған нұр өңіне.
Малын айдап ертемен, кешке қарсы ап,
Қолынан түспейді айыр, күрегі де.
Еңбек етер аянбай жең түріне,
Алғыс айтар мың рет ел күніне.
Жібердің бе деп қаржы немереге,
Бір күңкілдеп қояды кемпіріне.
Солар әркез жастардан үміттенер,
Бар ұлдары жарқылдап кіріп келер.
Жеті атаңды алдында айта алмасаң,
Саусағын бүгіп тұрып тізіп берер.
Тағдыр ғой жүрсе кейде құшып қайғы,
Қайраттанып ертеңін пысықтайды.
Сүрініп аяқ-қолды жырып алсаң,
Дәрідей құм сеуіп-ақ ұшықтайды
Қарттар болса ортаңда жарасымды-ай,
Шежіреші, тарихшы жоқ осындай.
Ақыл айтып, көмегін аямайды,
Бәрі оның немере, баласындай.
11.09.2013ж. 

Сәйгүлік өмір
33
        ШҮКІРШІЛІК НЕМЕСЕ ҚАЗАҒЫМ
Дей алмассыз айтқаның шала мына,
Ілінсек те жиі сын садағына.
Қолындағы тәттісін балаға емес,
Қазақпыз ғой сақтайтын қонағына.
Жақсы адамға өсек те таңылмайды,
Шіріткендей құмалақ қарын майды.
Неге екенін қуанса, қиналса да,
Біздің қазақ шүкірден жаңылмайды.
Уа, балақай, қалайсың ісің нешік,
Отырамыз алаңсыз пікірлесіп.
Тәубе құдай жазба деп бергеніңнен,
Ақырында тараймыз шүкір десіп.
Біреулердің сынаймыз ісін кей біз,
Ал өзіміз түк нәрсе бітірмейміз.
Бір баспана тұрғызсақ сыртын мақтап,
Жарар осы жетеді, шүкір дейміз.
Жағдайға да мән беріп, түсінбейміз,
Іргемізді қайтіп дос бүтіндейміз.
Мейлі өрт шалсын, су бассын, қалдық аман,
«Бастан құлақ садаға» шүкір дейміз.
Сырқаттың да байқамай күшін кей біз,
Алдын алып, қамданып, күтінбейміз.
Ауруды да жасырып, сұрай қалса,
Жаңа ыстық шай іштім шүкір дейміз.
Өмір бізге мүмкіндік ұсынды ерен,
Қапы қалма, адамзат, түсін дер ем.

34
Бижан Қалмағанбетов
Тайға таңба басқандай болса да анық,
Күн кешеміз осылай шүкірменен.
Кей әрекет десек те бүтін бұзды,
Жол іздейік басқаша ұтымды, ізгі.
Тойдырғанмен қанағат қарнымызды,
Онша алысқа апармас шүкір бізді!

Сәйгүлік өмір
35
         
        ҚИНАЛАМЫН, ҚИМАЙМЫН...
Өзің барда жоқ менің үйге алаңым,
Бар жақсымды тек сен деп жинағаным.
Кейде қатты сөз айтсам, өкпелетіп,
Алдым-ау деп артынан қиналамын.
Жұбайыңды аяла, сыйла, жаным,
Жүруді артық  дейді анам, тый, қарағым.
Сапар шексем алысқа жаутаң-жаутаң,
Қарай берем артыма қимағаным.
Махаббатым өзіңе ерек менде,
Айта аламын сүйеніп деректерге.
Тоңсаң егер өн бойым қалтырайды,
Аяз сорып жүзіңді, жел өпкенде.
Нені біздер, жігіттер, сөз етпедік,
Бәріңді де сұлу деп өжектедік.
Жаның сұлу болғаны қандай жақсы –
Жібересің қиналсам демеп келіп.
Айлар, жылдар зуылдап жиі алмассын,
Есімде әлі той-думан, күй, алғашқы үн.
Шуақ шашқан жаныма күнім дейін,
Енді өзіңнен басқаны сүйе алмаспын.
                 

36
Бижан Қалмағанбетов
                           КҮЛКІ
Іші жұмбақ, таныс қой сырты бізге,
Десек-дағы ертеңнің кілтін ізде.
Өкпелеу де оп-оңай, мұңаю да,
Бар болмысың жымию, күлкіңізде. 
Тіршілік ет, олқы емес, сенімдірек,
Кімге қажет жүргенің сенің жүдеп.
Толғантпайды  ол ешкімді сондықтан да,
Тырысқайсың жүруге көңілдірек.
Жоқ салынған өмірдің тас қамалы,
Жан таппадым ажалдан қашқан әлі.
Өзіңді-өзің қамшылап күлдіргейсің,
Су тамызып аузыңа жатса-дағы.
Бастан бақыт деме бұл ұшқан күнім,
Жаман адам көрсетер дұшпандығын.
Зерделесең тарихты бабалар да,
Жоғалтпаған ертеңге құштарлығын.
Шыққанымен мықтыдан дауыс қанша,
Күн кешпе тек дірілдеп сауысқанша.
Қайғы-мұңды кеудеңнен ысырғайсың,
Өзіңді-өзің іштей жеп тауысқанша.  
Асау тағдыр демеймін сілкілемес,
Алдай салар қажет пе түлкіге егес.
Жаңбырдан соң ашылған аспандайын,
Күлкісіз күн тіпті де мүмкін емес!

Сәйгүлік өмір
37
                 СОЛ ЖЫЛДАРДЫ КЕЛЕМ 
                         ӘЛІ ҰМЫТПАЙ...
Қызға салған кезіміз ғой құрықты-ай,
Жігіт те едік онда біздер сырықтай.
Зулап уақыт өтсе-дағы арада,
Сол жылдарды келем әлі ұмытпай.
Айтқым келіп батыл саған ой да өктем,
Ауызды емес жүрегімді сөйлеткем.
Топ ішінен көріндің сен сұлу боп,
Мен көз салған ең әдемі бойжеткен.
Кезі келер дегендейін тыңдармын,
Әдеп сақтап сездірмедің ызғарлы үн.
Арта түсіп құштарлығым өзіңе,
Сені барлық жігіттерден қызғандым.
Сезіміңді аша алмадым құлыптай,
Сен де жүрдің түсінуге тырыспай.
Содан кейін екі айырылып жолымыз,
Сыйласатын жәй дос болдық туыстай.
Есімде әлі жастық шағың сол тұлға,
Құмар едік қызық қуып жортуға.
Тарта бердік бұрылуға жоқ шама,
Өмір атты ілесіп ап толқынға.
Өсіп-өндік теректейміз саялы,
Жарқын күндер алдан құшақ жаяды.
Қызға ғашық болған сәттер алғашқы,
Анда-санда ойға түсіп қояды.

38
Бижан Қалмағанбетов
                          БАЛАЛЫҚ
Уақыт қалай сынаптайын зырламақ,
Сонау жылдар сағынышпен тұр қарап.
Ақ таяқты ат қып мініп жүгірдім,
Шекер, нанды топыраққа былғап ап.
Тентектікті демен ешкім түзетті,
Шөп-шөңгеден табаным да дыз етті.
Болашаққа батыл қадам бастым мен,
Батырдайын жауға шапқан жүректі. 
Баламын ғой, сонда да ерте ес білгем,
Жеңілмеуге белді будым ешкімнен.
Тезіне өмір салды бізді ертерек,
Жазда ыстық құм, қыста ақ қар кештім мен.
Мал келгенде ораламын іңірде,
Ойнап-ойнап ақ тер, көк тер түрім де.
Қандай рахат шаршаған соң балбырап,
Ұйықтағаның жылы пештің түбінде.
Алаңсыз  шақ жан-жүйеңді ерітеді,
Асау аттай бұра тартқан тертені.
Ғажайып бір аралайсың әлемді,
Түсіңе еніп анаң айтқан ертегі. 

Сәйгүлік өмір
39
                       ЖІГІТТІК
Өзімізше бой түзеп ұлдар жағы,
Жүзеге асса көңілдің ізгі арманы,
Деген оймен дүрсілдеп жүрегіміз,
Махаббаттың көктеді қызғалдағы.
Жатсақ-тұрсақ солар боп алаңымыз,
Билеп алды түгелдей сананы қыз.
Ұстаздар да көрінді кешірімді,
Кейде оқылмай қалса да сабағымыз.
Мүмкін емес бұған дос қосылмауың,
Ұнатсаң да мұң болар жақындауың.
Қыз алдында қызартпай тілейсің сен,
Тақтаға да сол күні шақырмауын.
Телефонмен айтарың үйдесің бе,
Әрі қарай таппас сөз үйлесім де.
Жарылардай сен оны қызғанасың,
Көріп қалсаң өзгемен би кешінде.
Жыр арнайсың көркіне, бұрымына,
Мәз боласың назданған қылығына.
Жүз аққуды қалайсың, амалың не –
Бірі қонар бақыт боп тұғырыңа!

40
Бижан Қалмағанбетов
                            АЗАМАТ
Байтақ елміз, тәуелсізбін, азатпын,
Заман тыныш, нұрын шашар ғажап күн.
Азаматпын отағасы атанған,
Ең алдымен мұсылманмын, қазақпын.
Сенсің уақыт артық кетсем кешірген,
Келем жортып қалмайын деп көшіңнен.
Бақытты әке санар ем мен өзімді,
Ұясында ұл да, қыз да өсірген.
Ұлы еңбектің алсам биік асқарын,
Ортақ  іске менің де үлес қосқаным.
Байлық көксеп жинамадым мал-мүлік,
Қазынам сол – аңқылдаған достарым.
Шетел бардым жақсылармен теңелдім,
Жанашыры болып жүрмін өнердің.
Көрсем деймін Қазақстанымды да,
Қатарынан кереметтей сол елдің.
Қалмай бәрі ескі-құсқы қалпынша,
Ал жастарым білім қуып талпынса.
Ырысты боп босағасы жайнайды,
Әр азамат өз елім деп талпынса. 

Сәйгүлік өмір
41
                  ҚАРТ  ЕМЕСПІН
Ата болып немере мен келінге,
Шықсам-дағы кемелденген елуге.
Жүрегім жас, ұмытпаңдар, жарандар,
Тұғырымнан тайғаным жоқ тегінде.
Өткен жылдар кезең емес елес бір,
Өз-өзіңмен оңашада кеңес құр.
Қырықта да жүр біреулер шалмын деп,
Қарттықты да мойындамау емес бұл.
Аға тұтсын кейінгілер көргенде,
Қай кезде де жаншылмасын өр кеуде.
Еңбегің мен сатпа  маңдай теріңді,
Көп қызықпа медаль менен орденге.
Бөлесе де алтын, күміс, лағылға,
Жарың болсын тек әрдайым жаныңда.
Темір тозар, тіпті бір күн жоғалар,
Алған алғыс қалар тарих жадында.
Орман етіп тамшысы жоқ тақырды,
Тыңдай білгін пайдалы ой, ақылды.
Махамбеттей өкініштің ішпе уын,
Бейқамдық қой аһ ұрғызған батырды.

42
Бижан Қалмағанбетов
                             ҒАСЫР КУӘСІ 
                                     
немесе 
              БАШҚҰРСТАН ОРМАНЫНДАҒЫ 
                   АҚҚАЙЫҢМЕН СЫРЛАСУ 
 
Өткен жылғы жаздың шуақ айында,
Айтайыншы бір сапарым жайында.
Көп жасаған, құшақ жетпес тап болдым,
Башқұрстан орманында аққайыңға.
Тіл қатқандай кел деп маған әуелі,
Саз сырнайдай самал желдің әуені.
Сырласындай әңгімесін тарқатты,
Құшағына ап көлеңкелі, мәуелі.
Дей алмаспын мәңгі бұлай тұрармын,
Осы орманның қарты да мен шығармын.
Табиғаттың төздім талай сынына,
Мен де бір күн морт сынармын, құлармын.
Данагөйдей ақыл айтқан баршаға,
Дегім келді бос таусылып, шаршама.
Түсінгендей жауап қатты ол, өкінбен,
Ұрпақтарым жас қайыңдар қаншама!
Өмір –теңіз толқынына жармасып,
Кәрі жасқа орын беріп алмасып.
Тек тарихта із қалдырып, зымырап,
Айлар, жылдар өте берер жалғасып.
                                        10.01.2014 жыл.

Сәйгүлік өмір
43
                              САУАЛ
Пендесің ғой сан сауал тұрады алда,
Не тұр дейміз білмесек сұрағанға.
Жолаушылап бір жаққа шыққан кезде,
Тап боласың әйтеуір бір адамға.
Ренжісін, жайдары күлсін мейлі,
Алып-ұшып жүрегің дүрсілдейді.
Киіміңді бір шолып, ру сұрап,
Сұрағыңа сұрақпен кімсің дейді.
Тірегенмен  бұл жаққа атбасыңды,
Сезеді ішің апталап жатпасыңды.
Баяндайсың әуелі қызметіңді,
Түгел атап шығасың отбасыңды.
Елемейсің  сырт көзге таңданарлық,
Айта алмас ек қазаққа ол даналық.
Қатардағы жан болсаң қайрылмайды,
Бұл мәселе қалған бір қордаланып.
Қарағандай мансапқа, қолға «майлы»,
Бұл қылығын деймісіз аңдамайды.
Құлы болып кетуге аз-ақ қалып,
Басшы десе алдында жорғалайды.
Көрінбес те оғаштық, айыбы да,
Ойлантады пенделік жайы мына.
Көзің кейін жетеді сәл ойлансаң,
Кімсің деген сауалдың байыбына! 

44
Бижан Қалмағанбетов
                              КІТАП
Досқа ашсақ та ақкөңілмен құшақты,
Еркін сөйлеу ойымызды тұсапты.
Өйткені біз сөз маржанын термейміз,
Бұрынғыдай көп ашпаймыз кітапты.
Компьютермен өтіп жатыр күніміз,
Кемшілік деп санамаймыз мұны біз.
Белден бастық мәдениет дегенді,
Түсініксіз шұбар ала тіліміз.
Кезіміз көп жоқ нәрсеге байланар,
Көсемсиміз кереметпіз тойда нар.
Мүдіреміз кімдер десе ұлылар,
Сөйтіп жүріп қазақ болу ойда бар.
Сөзін қалай айта алады дананың,
Сол кітаптың ашпаса бір парағын.
«Оқысаңдар шамнан шырақ жағылар»,
Ыбырайды есіңе алшы, қарағым!
Шепті бұзып демегенмен жау енді,
Сол интернет баурады ғой сау елді.
Кітаптарды жинап қойып барлығы,
Соған ғана болып алды тәуелді.
Деме неге кітап жайын сөз етті,
Ұмытылар жәйт емес бұл кезекті.
Кітап оқып, ойымызды байыту –
Бүгінгінің мәселесі өзекті.

Сәйгүлік өмір
45
                       СЕН  ҒАНА
Сүйем сені басылмайды ынтығым,
Сезесің бе жүрегімнің дүрсілін?
Магниттей мені өзіңе тартасың,
Әп-әдемі кірпігің-ай, кірпігің!
Қанатындай құстың қара қастарың,
Бұлақ сынды таудан аққан шаштарың.
Жаным деген жиі естимін сөзіңді,
Қажеті не маған сенен басқаның.
Өзіңсің ғой сүйенгенім, сенгенім,
Ренжітсем, кешір, мен де пендемін.
Қос қарашық түсіндірер сөзсіз-ақ,
Қандай ғажап сенің мойыл көздерің.
Сезімдер ме – ұқсап ақ нұр, жаңбырға,
Сәби болам кейде сенің алдыңда.
Ризамын ұзақ ғұмыр берсінші,
Сендей жанға жолықтырған тағдырға.
Болғанымен ойым озық, талап кең,
Суретшілік өнерім де жоқ әттең.
Отырар ем іліп қойып тұсыма,
Портретіңе күндіз-түні қарап мен.
        

46
Бижан Қалмағанбетов
                     СЕНІҢ  КҮЛКІҢ
Махаббаттың айтшы сен теңдесі не,
Жұпар шашқан осынау жер бетіне.
Серігімсің жанымды жадыратар,
Күлкі сенің жарасқан келбетіңе.
Сен күлгенде кеудеме нұр тұнғандай,
Асау жүрек  тынымсыз бұлқынғандай.
Топ ішінде көзге оттай басыласың,
Санап басып аяқты сылқымдардай.  
Сенен басқа елемей өзге ешкімді,
Шын ғашықтар төзіммен сезбес мұңды.
Қиялымда қонақтап сендей ару,
Жүруші еді періштем кездестірді.
Байлық емес  өзіңсің бағым да шын,
Сүйген жүрек от болып жалындасын.
Қызғалдағым қырдағы бүршік жарған,
Аққуымсың сән берген қолымда шын.
Толық ашпас көркіңді шіркін өлең, 
Хас сұлусың құлпырып, мың түлеген.
Келер жылдар сыйласын қуанышын,
Қарсы алайық әр таңды күлкіменен!
         

Сәйгүлік өмір
47
СЫРЫМДЫ ҰҚШЫ...
       
Демеймін жырлаудан шаршадым,
Өзің ғой ынтығым, аңсарым. 
Қаз-қатар келеміз сырласып,
Қолымның ұшында саусағың.
Жүректі тербеді күш-дарын,
Сыбырлар осы деп құштарың.
Өңім бе, түсім бе, ертегі –
Құшақтап кеудеме қысқаным.
Сен Еңлік, мен болдым Кебектей,
Тұрса екен осы сәт тез өтпей.
Бұл менің арманым, сен болсаң,
Жұлқындың қорғансыз көжектей.
Қалды есте ерніңнен сүйгенім,
Еркімді еріксіз биледің.
Асау ем шідерді шарт үзген,
Алдыңда момақан күйдемін.
Бойжеткен маралдай керілген,
Бәрін де оқыдым көзіңнен.
Сендікпін ұқтырдың дірілдеп,
Ұялып алқынған деміңмен.
        

48
Бижан Қалмағанбетов
                   ЖҰМБАҚ  ҚЫЗ
Көрген жандар өзіңді бірінші рет,
Жүргеніңді назданып, күлімсіреп.
Ғашық болып қызына Қытайдағы,
Сылтауратып көп келер Үрімшілеп.
Қайырмасы:
Арайланып ақ таңдары,
Сүріндірмей баспалдағы.
Жұлдыздай боп жарқырай бер,
Қол жетпестей аспандағы.
Жеткенінше төзімін тауысар ізгі,
Қу жігіттер естуге кәусар үнді.
Нұрлы сезім жүрекке таратасың,
Қысқан кезде жып-жылы саусағыңды.
Қайырмасы:
Сұлулықтың ғажайып әлемісің,
Қандастардың  жолданар сәлемі шын.
Қауыз жарған гүлдердей құлпырасың,
Қылығыңмен жұмбақсың, әдемісің.
Қайырмасы.

Сәйгүлік өмір
49
           ЖҰМЫЛАЙЫҚ, АҒАЙЫН!
Дегендей сенімсіздеу бір дүрмек пе,
Бөленіп ел алғысы, құрметке.
Руы кім, қай жерден екен дейміз,
Келсе біреу басшылық қызметке.
Сынау, әлде деме бұл асылдығым,
Ақиқатты айта алсаң батылдығың.
Той-тобырда төске ұрып отырады,
Үш жүздің бірі айтып басымдығын.
Жігіттер-ау ісіңде кідіріс көп,
Жақсы жаққа өйткені жүгініс жоқ.
Бөлінгенше кеп ортақ мәмілеге,
Жұмылайық  қауқарлы жұдырық боп.
Шаттық ойнап әрдайым жүзімізде,
Шықсын десек қазақтың үні бірге.
Тату-тәтті болайық, жеткен жоқ па,
Рушылдық, жершілдік түбімізге.
Тірлікке көш заманға сай кемелді,
Салт-дәстүрің оралды, қайта келді.
Егемендік желбіреп туы биік,
Құлпыртайық осынау байтақ елді.

50
Бижан Қалмағанбетов
                           КЕЗДЕСУ
Бөгет болған қарамай ағыстарға,
Желмен саған жетем деп жарысқам да.
Ойға қалдым, қалайша көрмей жүрдім,
Дедім жаным сенімен танысқанда.
Жұмбақ қыз боп тұрдың сен күлімсіреп,
Бар жайымды жігітім ұғыншы деп.
Бағым шығар табылып іздегенім,
Сендей сұлу жолықты бірінші рет.
Шыңға ұшқандай желпініп қырандайын,
Әр сөзіңді жаттадым тұмардайын.
Теңеуге тіл жетпейді әдемісің,
Гүл майысқан қалпыңда шынардайын.
Бұл махаббат толы ғой сынақтарға,
Не істемейді ғашықтар ұнатқанда.
Сырымды айттым ұқтырып жанарыммен,
Сені оңаша шақырып жырақтарға.
Қазығым сен ұзамай байланамын,
Өзің едің күні-түн ойлағаным.
Құшағыма сен үнсіз тығылғанда,
Шөліркеген жандай боп аймаладым.

Сәйгүлік өмір
51
                    СҮЙДІҢ МЕНІ...
Сүйдің мені, өзіңсің гүл ұсынған,
Сен мендіксің, шығарман уысымнан.
Демейсің де, ешуақыт тергемейсің,
Ерте кетіп, кеш келем жұмысынан.
Ай емес-ау күнінде әр аптаның,
Ағылады жан-жақтан қонақтарым.  
Дастарқаның жаюлы, қабақ түйіп,
Саусақ бүгіп жүрмейсің санап бәрін.
Жұбайлар көп еркегін жасқаған мың,
Түбін кейде жалатқан тостағанның.
Тек сен емес аяулым сенім артқан,
Міндеті көп атқарар басшы адамның.
Қазағымның қадірлеп ұлағатын,
Ердің атын осылай шығарасың.
Мен басқаны білмеймін өзің ғана,
Айтпағымды көзімнен ұға аласың. 
Мен қалаймын осы адал қадамыңды,
Тәрбиелі өнегең балаға үлгі.
Мен де сені тырысып қуантуға,
Мұң шалмасын деймін тек жанарыңды.

52
Бижан Қалмағанбетов
                 БАСПАНАСЫЗДАР  ӘНІ
Саламыз сахнада барымызды,
Тыңдар жұрт кірпік қақпай әнімізді.
Түзеліп тұрмысымыз, туар ма екен,
Үй алып, келтірер кез сәнімізді?
Қайырмасы:
Келіп ек арман қуып Астанаға,
Көз қырын салмайды ешкім жас балаға.
Өнердің ортасында жүрсек- дағы,
Қолымыз жетпей қойды-ау баспанаға.
Арыңды аяқ асты таптағандар,
Соншама безбүйрек пе, жат па адамдар?
Сөйлесу түгілі сені аттатпайды,
Алдыңда жабық есік, тас қамалдар.
Қайырмасы.
Жастар ек үміт артқан мұраттарға,
Жауап жоқ міне осындай сұрақтарға.
Кеңес бер, ағайындар, кімге айтамыз,
Тыңдайтын мұңымызды құлақ бар ма?
Қайырмасы.
  

Сәйгүлік өмір
53
              ШЕЖІРЕЛІ  ҚЫЗЫЛҚОҒАМ
Өскен өлкем – бақытымның қайнары,
Тың серпіліс, қайта түлеп, жайнады.
Ер Махамбет ат ойнатқан мекен бұл –
Шежірелі  Қызылқоға аймағы!
Қайырмасы:
Мұнда ержетіп, аштым мектеп есігін,
Ұстаздарым жасаған сан кешірім.
Қайда жүрсем сағынышым өзіңсің,
Туған жерім жүрегімде есімің.
Самғатқандар арман, мақсат, қиялын,
Шықты ауылдан жазушы-ақын, зиялым.
Ізі қалған бал-балалық шағымның,
Құшағың кең ұрпағыңа Миялым.
Қайырмасы.
Туған жерім кішігірім Отан да,
Құстай ұшып жетем саған қашан да.
Халқың аман, биік болсын мерейің,
Мынау уақыт қарқынымен бас алға!

54
Бижан Қалмағанбетов
                               ДОС
                                                                      
Сарманов Мұратайға
Айттық тура, кезіміз жоқ сескенген,
Өттік бірге балалық шақ өткелден.
Сені әйтеуір жақын тұтып жаныма,
Іздеп барар қайырымды дос көргем.
Ән шырқалса Қызылқоға төсінен,
Сол аймаққа баруға сан бекігем.
Кластастар жапырақ жайып теректей,
Алға деуде қалмай өмір көшінен.
Қоғамға асыл мүше болдық тәртіпті,
Кимесек те шенді шекпен барқытты.
Отбасының тұтқасымыз сенімді,
Келініміз, немереміз бар тіпті.
Сен де менен хабар күтіп елеңдей,
Жүрсің білем, айтпай кіріп келердей.
Көңілің бе – дарқан, жомарт даладай,
Дәл өзіңнің кең пішілген денеңдей.
Досым өзің жүрегімде дарасың,
Жүрсің ұстап шаруашылық саласын.
Тек аман бол, жол қылайық екеуміз –
Ақтөбе мен Атыраудың арасын.

Сәйгүлік өмір
55
              ЖАҢА ЖЫЛҒА ТІЛЕК
Достарменен орта толып, бай ғылып,
Көңілдерге орнасын тек жайлылық.
Құтты болсын келе жатқан Жаңа жыл,
Жылқы деген қанатың ғой сәйгүлік!
Өткен жылды өткізбедік текке біз,
Сан толағай табыстарға жеткенбіз.
Жүзеге асты жоспарлар да ойдағы,
Сондықтан да болмау керек өкпеміз. 
Тізе қосып еңбек етіп тату да,
Іс атқардық жазылатын ғасырға.
Мұсылмандар тілегімен тұрғыздық,
Есет ата кесенесін жақында.
Мереке алды қосылыпты бастарың,
Апаларым, қаракөз қарындастарым.
Жайсаң аға, інілерім ізетті,
Әзіл-қалжың жарасатын достарым.
Ой-пікірден дей алмаймын жалықтым,
Бәріңнің де сырларыңа қанықпын.
Марапат ол – біз үшін ең жоғары,
«Мың жасағыр!» дегені ғой халықтың.
Сондықтан да дән риза басшылық,
Нарық қысты, көрдік демен тапшылық.
Еңбек еттік  жұмылып біз жұдырықтай,
«Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығып!»
Қазақстан сәулетіне таңғалсын,
Егеменді ел екенін аңғарсын.

56
Бижан Қалмағанбетов
Жылқы жылы қиындықты таптап бір,
Артында тек түйдек-түйдек шаң қалсын.
Аулақ болып отбасынан қатер-сын,
Азаматтың артынан тек бата ерсін.
Жаңа жылда табысымыз тасқындап,
Шаңыраққа жаңалықтар әкелсін!
31 желтоқсан.  2013 жыл.

Сәйгүлік өмір
57
                                МҰРАГЕР
Құл-Мұхаммед Рақымғали Абрарұлына 
Өмірдің өзі қисынын табар шебер-ді,
Табылдың рухы қолдап бір сені жебер-ді.
Азамат болып қолыңды создың көмекке,
Өзіңдей болар түсінген жандар өлеңді.
Түспейді көзі қолында қазір барлардың,
Ол топтан әсте қашық екеніңді аңғардым.
Жанымды баурап, тіл қаттың туған інімдей,
Телефонменен сөйлескенде алғаш аңғардым.
Ақиқатты айтсам біреулер дейді шатыспа,
Үйренгендер де аз емес тыныш жатысқа.
Рақымғали інім, мың алғыс саған айтамыз,
Шығыста туып, демеуші болған батысқа.
Бойыңды билеп жомарттық атты күш ағын,
Ілтипат пенен гүлге де толар құшағың.
Табылжан, кәне, көтерші бір сәт басыңды,
Сүйіншілетіп жарыққа шықты кітабың.
Жылығаны сол ғой талантқа сенің ішіңнің,
Өресі биік ақынды терең түсіндің.
Атырау менен Дендерге ғана емес сен,
Иісі қазаққа рухани байлық ұсындың.
Рақымғали інім, үстем де болсын мерейің,
Ұлы Абайдың да жыр кернеп талай көмейін.
Шежіресі тұнған, тарихы терең өлке бұл –
Табысы тасып, тек алға бассын Семейің!

58
Бижан Қалмағанбетов
Өлең дегенің баптаса жүйрік Құлагер,
Тізгінді солай  өткенге батыл бұра бер.
«Атамұра» деп аты да айтып тұрғандай,
Біз сен деп білдік жақсыны айтар мұрагер.
2013 жыл.
              

Сәйгүлік өмір
59
                          ӨЛЕҢ 
Белді бусаң қасиетті осы өнерге,
Ақын деген ойшыл, дана, кемеңгер.
Айтып кеткен сөз зергері ұлы Абай,
Таласы бар әркімнің де өлеңге.
Жақсы жырға жаның балқып жай табар,
Ән де емес бұл ырғағымен қайталар.
Ақ қағазға әсем ойды төгілтіп,
Түсіруге дайынбысың, байқап ал!
Өтсін мейлі жылдар, айлар, апта ,күн,
Дөп тисін тек нысанаға атқаның.
Оқырманға көкірегі ояу, көзі ашық,
Қажет емес сылдыр суың, шатпағың.
Оңай демен, қиын да жол қаншалық,
Шабыт буып, тұрсын жүрек ән салып.
Жақсы жырың мөлдір бұлақ секілді,
Шөл басатын рахатына тамсанып.
Жазғаның да болар бәлкім шап-шағын,
Жұрт аузында жүрсе жоқты тапқаның.
Мәселе сол – қайталама басқаны,
Өзіңе тән болсын айқын соқпағың.
Арғымақтың тұяғындай екпінді үн,
Естілсін де, жүзіндей боп өткірдің.
Өлеңді,  дос, серік етсең жаныңа,
Рухани перзентім ғой деп білгін!
 

60
Бижан Қалмағанбетов
                      ШОПАНДАР ТОЙЫ
       Бұл өлеңімді қадірлі жерлестер 
             Сіздерге арнаймын
Жастандым жусан менен қияғыңды,
Туған жер сен дегенде күй ағылды.
Өзіңе құстай ұшып келдім жетіп,
Сағындым ізім қалған Миялымды.
Жатса да айлар, жылдар сан алмасып,
Көңілім алтын өлкем саған ғашық.
Армысыздар, әжелер, ақсақалдар –
Алдымен алайыншы амандасып.
Бәріңді құшып-сүйдім ауылдастар,
Қаулаған қызғалдақтай жалын жастар.
Сендер аман жүріңдер ізетті іні,
Құрметтейтін иіліп қарындастар.
Үндестіріп бабалар салтыменен,
Мойымаған сындарға халқым ерен.
Сіздерге енді мойын бұрайыншы,
Тындырар бас шаруаны малшы деген.
Ер-тұрман, қайыс қамшы сайманыңыз,
Келіпсіз қырдағыңыз, ойдағыңыз.
Асқақтатқан ауданның мәртебесін,
Шопандар құтты болсын тойларыңыз!
Тараған тұлпарының майда жалын,
Қашыпты төрт түліктен қай қазағың.
Сендер еңдер кең дала қырандары,
Тасытқан мол табыстың тайқазанын.

Сәйгүлік өмір
61
Өлшеусіз  ардагерлер бергеніңіз,
Еленді төккен тер мен еңбегіңіз.
Сол жылдар куәсіндей жарқылдайды,
Кеуде толы медаль мен орденіңіз.
Күй төгіліп домбыра шанағынан,
Тербесін Қызылқоға алабын ән.
Бұл үрдіс ұмытылмай келе жатыр,
Жалғасып сонау кеңес заманынан.
Бәріңді шығарыпты жиып төрге,
Риза боп отырсыздар биік кеуде.
Сан алғыс құрметтеген өз ерлерін,
Биліктің басындағы жігіттерге!
Атқарып талай жылдар белестерін,
Білеміз жүздеріңді жел ескенін.
Сіздер аман жүріңдер, қажет бізге –
Пайдалы ақыл-ой мен кеңестерің.
Уақытты ұшқыр ілеспес пырақ дерсің,
Ұрпақтарың топ жарып ту ап келсін.
Бұл кездесу өшпестей есте қалып,
Қан жүгіртіп, денеге қуат берсін.
Орындап бабалардың аманатын,
Кәсіп бұл ең құрметті саналатын.
Кездесейік осындай тойда ғана,
Ауданның тасы өрге домаласын!
2013 жыл. Ақтөбе-Миялы

62
Бижан Қалмағанбетов
                 ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫНА
Біз сіздерден тек жақсылық іздейміз,
Қай кезде де зор үмітті  үзбейміз.
Озып шықса ару қызы қазақтың
Бәйтеректей жапырақ жайып, гүлдейміз!
Жүріңіздер алғы лектің ішінде,
Жібек, Баян, Құртқа сынды пішінде.
Қызғалдақтар, болашақты ойлаңдар,
Тұрмаңыздар тұншығып көк түтінге.
Қандай әсем сендер төккен кестелер,
Батыл қыздан әлжуаздар сескенер.
Есті жігіт кетер теріс айналып,
Әтір емес, темекі иісін сезсе егер.
Шылым шексең жолы оның шатақ тым,
Айта аламыз денсаулықты қоса аттың.
Адал жарға, балаларға не айтасың,
Тұтқасы ертең бола қалсаң ошақтың?
Көргің келсе жұмбақ жылдар шаттығын,
Ермей көпке бассын көңіл аптығын.
Көк түтінге үйір болма, кеш емес,
Қалыс бассаң тізгініңді тарт, күнім! 

Сәйгүлік өмір
63
                             АСТАНА
Дей алмаймын жатырқар, тосын бәрі,
Көзіме ыстық көрінер жасыл бағы.
Уа, Астанам, келемін құстай ұшып,
Күміс қанат қыраның жақындады.
Асығудың мәні де болғаны асыл,
Сағынышың сары ала қоздағасын.
Күннен-күнге жайнайсың, құлпырасың,
Жиырмаға да толмаған бозбаласың.
Жария етпей қалайша тұра аламын,
Өзіңе аян баршаға ұнағаның.
Осында ұлым, немерем келді өмірге,
Қоныс тепкен мың жылдық құдаларым.
Бар жолаушың жалынды жыр ап келсін,
Жастарыма күш-қайрат, қуат берсін.
Таңдай қағып көркіне тамсанасың,
Қай бұрышына барсаң да жұмақ дерсің.
Азаматтар осында ел білетін,
Дәл мендей боп бір ұлың елжіресін.
Даңқың шығып әлемге шарықтай бер,
Көк байрағың биікте желбіресін!  

64
Бижан Қалмағанбетов
                      ТУҒАН ЖЕР
Еңбектері дей алман еленбейді,
Ауыл жақтан шыққандар ерен дейді.
Қалалық боп кетсем де, әлі күнге –
Туған жерге көңілім елеңдейді.
Бұлақсыңдар,біреуің жылғасыңдар,
Ақсақалдар кемеңгер тұлғасыңдар.
Мұнда менің ағайым, алтын жеңгем,
Тай-құлындай тебіскен құрдасым бар.
Асқар тау боп көрінер қыраттары,
Кең жазира даласы жұмақ-тағы.
Ер  Махамбет бабамның тұлпарының,
Естілгендей сыртылдап тұяқтары.
Шыққан талай батырдың қырағы үні,
Қияларға самғатқан зиялыны.
Қызылқоға – Тайсойған кім білмейді,
Құт дарыған ауылым Миялыны.
Жеткім келер құс  болып алып-ұшып,
Жасампаздық жасалар халық үшін.
Туған жерім жайнай  бер, құлпыра түс,
Басылмайды өзіңе сағынышым.

Сәйгүлік өмір
65
                                 ЕРТЕҢІМ
                        НЕМЕСЕ ЖАРЫМА
Болмысымды күлкіңмен көркемдедің,
Шуақ құйдың жаныма еркем менің.
Бүгінгі күн барады өтіп міне –
Қызықтырар мені ылғи ертеңдерім.
Мадақтайын өзіңнен басқа кімді,
Қарсы аласың тік тұрып достарымды.
Қандай олжа әкелер атар таңым,
Дайындап та қойыппын жоспарымды.
Бала – көңіл, кеткем жоқ өзгеріп те,
Жақындасақ та  иек артып егделікке.
Шіркін көңіл ертеңге асығады,
Маған жұмбақ жәй ғана пенделік пе?
Кінәм да жоқ ешкімнен қысылардай,
Сен айтасың жақсы сөз тұшынардай.
Болашаққа тынымсыз ұмтыламын,
Өмір өзі бір сыйлық ұсынардай.
Адал досқа сырымды шертер де едім,
Заман тыныш, тірегім өлкем менің.
Сен аман бол серігім жанымдағы,
Таусылмасын аңсаған ертеңдерім!

66
Бижан Қалмағанбетов
                 КӨРЕ АЛМАУШЫЛЫҚ
Одан гөрі болмадым деп ептірек,
Көкірегін жүретұғын кек тіреп.
Той жасаса біреу іштей табалар,
Қайдан сорлы менен озып кетті деп.
Дес бермейді тура сөзге, түйінге,
Әдеп сақтап, қалдырмайды кейінге.
Кездейсоқ бір ұшырассаң көшеде,
Көзі түсер келбетке емес, киімге.
Жас келсе де дей алмас ек жөнделді,
Біреу өссе қалайша деп сенделді.
Саусақ  бүгіп отырғаны күбірлеп,
Санап сенің жалақыңды – теңгеңді.
Елең қылмас оны ұят, ерсі де,
Деп тұрғандай маңдайым да тершіме.
Қақпасынан сығалайды бақылап,
Кімдер келіп-кетіп жатыр көршіге.
Өз-өзінен ашу қысып сызданған,
Жанашыр жан таппастай боп бұл маңнан.
Тынымсыз бір күй кешеді, соңында –
Қызыл итке жем болады қызғанған!

Сәйгүлік өмір
67
                           СЕНІМ
Жігіт болсаң дейді кейін шегінбе,
Текке айтылған сөз емес бұл тегінде.
Қай кезде де тәуекелге бел буып,
Жүрген жақсы ұдайы бір сенімде.
Тындырғандай шалажансар олқылы іс,
Топ ішінде пайда болар толқыныс.
Қандай жаман үркек қоян секілді,
Өн бойыңды билеп алса қорқыныш.
Қашсаң күлер қалың тұман, дүлейден,
Боп-боз болған көрсе өңіңді сүлейген.
Сенім атты сәйгүлігің қашан да,
Озық тұрсын  бойыңдағы үрейден.
Отырып қап жұмысыңмен кеңсеңде,
Сол түнгі бір тәтті ұйқыңды берсең де.
Қиялыңды қияларға жүздіріп,
Жоспар жаса сенімменен ертеңге.
Нұрын шашқан мынау ғажап өмірден,
Айтшы, қане, қандай пенде жерінген?
Жоқты-барды жинап қойып ысырып,
Болашаққа қол созайық сеніммен!

68
Бижан Қалмағанбетов
                     ҚАРЫНДАСҚА
Орындалып бар қиял, іздегенің,
Отбасыңмен бүгінде бірге демің.
Көргім келіп  тұрады кейде өзіңді,
Жат жұрттық қой дегенмен қыз дегенің.
Еңбекқорсың, күтпей-ақ сүйеуімді, 
Мұң шалмасын қашан да реңіңді.
Қыз қияға ұщса да жүрсің әлі –
Тілеп менің сыртымнан тілеуімді.
Алыстасың дей алман қараны үздің,
Бәрі өзіңнің қолыңда сана- тізгін.
Отырсың ғой мәпелеп жас баладай,
Берсін жасын  тілегім анамыздың!

Сәйгүлік өмір
69
                       ШАҢЫРАҚ
Қанаттанды осында бала арманым,
Түлеп ұштым ұяда қала алмадым.
Сол суреттер өткеннен елес беріп,
Қандай жақсы сапардан оралғаның.
Өзге өлкеде адам көп жата ала ма,
Шақырғандай туған үй, ата-ана да.
Құс боп ұшып самғағың келіп тұрар,
Бауыр басқан төсегің, босағаңа.
Мойын бұрмай көшеге сабылысқан,
Жетсем  деп тек жүрегің алып-ұшқан.
Бүлдіршінің, жан жарың қарсы алады,
Құшақтайды жамырап сағыныштан.
Қимасаң да адал дос, жан ағаны,
Үй қызығы жиі ойға оралады.
Көк тиындық құны жоқ боп көрінер,
Үлде менен бүлдеге орағаны.
Асқақ сезім байқалар түріңнен де,
Кешегіге қайта бір үңілгенде.
Айқайлағың кеп тұрар қуаныштан,
Таныс тұтқа қолыңа ілінгенде.
Босай сала жұмыстың ноқтасынан,
Үйге келем, айтшы қай жаққа асығам?
«Кең сарайым –боз үйім» Жиренше айтқан,
Басталмай ма Отан да отбасынан?!

70
Бижан Қалмағанбетов
                           КҮРМЕК*
Сен боп сөйлеп, тілдескен,
Қалмайды ешбір дүрмектен.
Құтылмай -ақ қойдық-ау,
Қайда барсақ күрмектен.
Сезіп дұшпан, жақынды,
Айласын да асырды.
Жамылуға шебер-ақ,
Лауазым мен атыңды. 
Құлашты кең сермейді,
Әлсіздерге ермейді.
Сәл қысылса жаңылмай,
Дөкей ағам сен дейді.
Мақтап үйің, ордаңды,
Дүниеқоңыз, мал жанды.
Жырып кетер аузыңнан,
Сыбағаң мен олжаңды.
Өзіңменен дос сана,
Мені жұртқа тастама.
Дей тұрса да ол байғұс,
Өсек тасыр басқаға.
Ие қолпаш, құрметке,
Кетеді ән сап, билеп те.
Күріш болып су ішкен,
Ұқсайды олар күрмекке.
* «Күріш атынан күрмек су ішеді» 
(Халық мақалы).

Сәйгүлік өмір
71
                                 ТҮС
Төбемізде жайнап тұрды күліп күн,
Қайда екенмін, ол жағын да ұмыттым.
Мен түсімде, о, жарандар керемет,
Көз талдырар шың басына шығыппын.
Дара батыр – тұрмын өзім жоқ қауіп,
Талпынғандар жатыр құлап тас қауып.
Оң қолыма найза ұстаппын шашақты,
Ал үстімде алтындалған ақ сауыт.
Жарқылдайды тауда мынау қайдағы от,
Қалай түсем, ал ол жағы ойда жоқ.
Кетті кенет көзімді ашып-жұмғанша,
Мәрмәр тастан баспалдақтар пайда боп.
Шебінде алғы жүрген кезде жорықтың,
Дұшпаным да бар-ау, сірә, соны ұқтым.
«Ер жігіттің түсі оңбай, ісі оңбас»,
Деген бар ғой, анама кеп жорттым.
Демеп сені туыс-достар қоршаған,
Өмір сыйлар тегіс, даңғыл жол саған.
Мұқалмасын, ұлым, қайрат-жігерің,
Қолың жетер биіктерге аңсаған.
Жүре берші ортамызда жадырап,
Думанды боп сен көтерген шаңырақ.
Осыны айтып толқыды анам сол сәтте,
«Әумин!» дедім ақ тілегін қабыл ап.

72
Бижан Қалмағанбетов
                                ӘН
Бауыр басып кеткеннен бе өлеңге,
Барсам-дағы сапарменен қай елге.
Сөзін, бәлкім, түсінбеспін, ол рас –
Ең алдымен құлақ түрем әуенге.
Ұмытылып  бір сәт шаршау,шабыс та,
Сілтеп сені жөні түзу бағытқа.
Өн бойыңа қуат құйып жақсы әндер,
Шақырады сонау шырқау, алысқа.
Еске түспей жолы  бассаң  әттеңге,
Қайталарсың таңертең де, сәскең де.
Кейде көппен байқамай да қаласың,
Ду қосылып кеткеніңді жақсы әнге.
Бүлдіршіннің мектепте ән-күй сабағы,
Әдемі әуен дертіңді емдеп жазады.
Сахнаға қараудан біз талмадық,
Демей ме жұрт «Ән –көңілдің ажары!» 
Туған жерім әрлендірсін нәрімен,
Көлге аққу қонсын үйрек- қазымен.
Аспан ашық, бұзылмасын тыныштық,
Әсем әуен бөлей берсін сазымен.

Сәйгүлік өмір
73
                                МІНЕЗ
Сөз айтсаң да түк мәні жоқ, тым езбе,
Қаным шапшып, апшымаймын лезде.
«Ит үреді, керуен көшер» деген бар,
Азаматтың шын келбеті мінезде. 
Жігітпіз ғой болып қалар ерегес,
Талпынар да етуге сан келемеж.
Ал бұл бірақ ақымақты төбемде,
Ойнатамын деген әсте сөз емес.
Жасқа жеттім айыратын жаманды,
Асау да емен қирататын қамалды.
Қазағымда жиі айтылар мақалда, 
Жылқы мінез десе- дағы  адамды.
Өмір –  күрес бітпейтұғын зор майдан,
Жауымды іздеп  сарқылмаймын шалғайдан.
Тістемеймін басымдағы бөрік қой,
Қастық қылсаң кетем теуіп маңдайдан.
Тура ұғымнан бұра тартып, шегінбен,
Шығу абзал халқың күткен сенімнен.
Күлу оңай мінезіне өзгенің,
Бәрі шығып жүрмесінші төзіңнен.

74
Бижан Қалмағанбетов
                           МЕШІТ
Ұялғаннан кірмеу үшін тесікке,
Қайғырған жер шақырса егер кешікпе,
Бұл алдымен азаматтық міндетің,
Ей, мұсылман, мойныңды бұр мешітке!
Бұл  өзі бір терең жазар тақырып,
Шапағатын күллі әлемге асырып.
Сары алтындай күмбездері жарқырап,
Ала таңнан тұрады азан шақырып.
Келешегің жақсы үмітпен жалғанар,
Ақтың жолын құдай ғана оңғарар.
Бара қалсаң қарсы алады жатсынбай,
Баста сәлде, қолда таспиық молдалар.
Мәселе емес келіп тұру сауға түк,
Сеніміңді  ақ тілекке бауратып.
Балаларды көре қалсаң таңданба,
Құран сөзін айтқан жатқа заулатып.
Ағым менен қарсы шығар топ аз ба,
Бас қатырма түсінбейтін сабазға.
Құлшылық ет, құдайыңа, пітір бер,
Ораза ұстап, жығылмай-ақ намазға.
Мұсылмандық жолды әрдайым қолдағын,
Аман болсын тума-туыс, жан-жағың.
Көтеріңкі көңілменен бар таза,
Мешіт деген екінші үйі алланың.

Сәйгүлік өмір
75
                          СЫЙЫНУ
Дәстүр демен қайта келіп, жаңарған,
Бірақ оны шығарма, дос, санаңнан.
Жұмыс, шаруа, кейде тіпті үй қамы,
Жігіт болсаң  күтіп тұрар жол алдан.
Қуат етіп арайлы күн шапағын,
Батасын ап жаулықты әже, атаның.
Тіршілікте еңкейгенше тынбас бұл,
Алыс-жақын жақтарға ұзақ сапарың.
Жас жігітке түспес әсте қиынға,
Бу беліңді жұмсаса да қиырға.
Жігеріңді осындайда қайра, тек –
Мықтылардың білегіне сыйынба!
Құран сөзін демесек те жаттадық,
Мұсылмандық жолға түстік, қоштадық.
Қорым  көрсең тоқтай қалып, сипа бет,
О дүниелік болғандарды еске алып.
Білгеніңді айт, бітемей кең көмейді,
Ешкім саған мұның қалай демейді.
Бабаларың жатар  біліп, бір аунап,
Бар қауіптен солар қорғап-жебейді.
Бітер думан, у-дуы да жиынның,
Бала-шағаң, ертеңі үшін үйіңнің.
Ең алдымен жай қолыңды құдайға,
Содан кейін тек өзіңе сыйынғын!

76
Бижан Қалмағанбетов
                                   КІТАП ОҚУ
Менің  көлігімдегі қондырғыдан әсем ән мен  төгілген 
күйлер  тыңдап,  деректі  бейнефильмдер  көріп,  мәз 
болған жолаушым: «Сіз осы кітап оқисыз ба?», –деп 
тосын сауал қойды.
   
Кітап оқу – қағидам бұл ұстамды,
Талай түнім осыменен қысқарды.
Қолыма алдым әуелі Абай, Жамбылды,
Қайта- қайта парақтадым Мұхтарды.
Оқымасам қалай ғана жетпекпін,
Мақсатымнан кетемін ғой шеттеп тым.
Тұрақты оқырманы ем кітапхананың,
Ауылдағы шағын ғана мектептің.
Түсінетін нәзік менің жанымды,
Іздемей-ақ тілеулестер табылды.
Жұмекен мен Мұхтар жырын жатқа айтып,
Көп оқыдым Тұманбай, Сағи, Қадырды.
Шығарманы талдап оқып құнарлы,
Рахаттанып қандырдым бір құмарды.
Мақтанбаймын, сүріндірер бар ойым,
Шалажансар ақын-жазушыларды.
Кітаптар бар кетпес адам есінен,
Оны қалай мен жадымнан өшірем?
Компьютерді үйренгенім, білгенім,
Қалмауым деп ұғам уақыт көшінен.
Неге маған сесті түрмен қарадың,
Сауалыңды оғаш демен, қарағым.
Оқуға уақыт тапсаң  ерте, жоқ кеші –
Осы менің саған  берер жауабым.

Сәйгүлік өмір
77
                        МАХАББАТ
Арқау болған әсем жыр, тәтті өлеңге,
Сүйе алмасаң кетпес деп ештеңең де.
Жүргендердің сөзіне көнбес едім,
Сенбес едім махаббат жоқ дегенге.
Бүршік атып алаулап сезімдер де,
Көп ойлаймын шет жүріп көз ілгенде.
Тартып оның тұрады жұмбақ күші,
Басқа емес байқаймын өзімнен де.
Жүрек тулап, қанымның ағыны шын
Жасай алам мен бәрін жарым үшін.
Енсем болды құштарлық орманына,
Билеп кетер бойымды сағынышым.
Сүйемін деп оқыста бас саларсың,
Демейді ол да, емеспін оспадар тым.
Көкірегімді толтырып асыл нұрға,
Жүгіреді папалап қос қанатым.
Сезеді дос жалған сөз қоспасымды,
Ақылды әйел шығарар жақсы атыңды.
Ризамын  осындай жарды тапқан,
Бірлік сақтап, ұйытқан отбасымды.
Қараймын да замандас, тұстасыма,
Алға тартам парыздық жүкті асыға.
Ол да маған сенеді, шек келтірмей
Махаббаттың ақ туын жықпасыма!

78
Бижан Қалмағанбетов
                           РАСУЛҒА
Ақылды боп дейді ата-анаң өс, ұлым,
Қазір саған жасар да сан кешірім.
Расулым – менің тұңғыш немерем,
Сен де ашпақсың биыл мектеп есігін.
Ұстазыңның сөзін тыңдап, қарағым,
Қатарыңның алды болсаң жарадың.
Сумка асынып, қолыңда гүл мектепке,
Алғаш барған құтты болсын қадамың!
Арналады өзіңе асыл жыр бүгін,
Еңсең биік, тек күлімдеп жүр, күнім!
Сен таңырқап енді, міне естисің,
Тұңғыш рет қоңыраудың сыңғырын. 
Білім – теңіз, еркін жүзе бастағын,
Расулым, бұл бәйгеге қосқаным.
Сыныбыңда оқуда озат атанып,
Қаумалаған көп болсын тек достарың.
Асау күндер жалына ерте жармасып,
Жалындап жүр жігер отын маздатып.
Ұлы десін аяулы бір қазақтың,
Дағыстанын елге жайса Ғамзатов!   

Сәйгүлік өмір
79
                     ТЕМІРЛАНҒА
Бәрімізді қуанышқа бөлеген,
Сүйкімді едің осыншама не деген!
Сен де, міне, Темірланым, талпынып,
1-ге толдың астаналық немерем.
Көңілің қош, болсын  әркез бас аман,
Жебеп жүрсін сені әрдайым жасаған.
Сен алаңсыз отбасында өсе бер,
Нұрын төгіп, қасыңда боп ата-анаң.
Тұлпар болсаң шаларсың да жолды анық,
Өзің жайлы жалғанады алға үміт.
Нағашылар келсе үйіңе көтеріп,
Жүргені ылғи сені айналып-толғанып.
Ризамын жеткеніме бүгінге,
Қиналсаң да ұмтыл алға, түңілме.
Құтты болсын, тұсауыңды кесеміз,
Қазір құла, ал өмірде сүрінбе!
Өзіңе арнап әсем жырды шертемін,
Қарайламас өтер жылдар, келте күн.
Денің сау боп, қанатыңды қаға бер,
Алдыңда әлі болашағың, ертеңің! 

80
Бижан Қалмағанбетов
                          ТОМИРИСКЕ
Шын сырымды айтар болсам жарқыным,
Балаларым арқасында шалқыдым.
Томирисім, сен де 1-ге толыпсың,
Туған күнің құтты болсын, алтыным!
Шабыт берер шын ықылас, бата ерге,
Жүрмін қазір керемет бір әсерде.
Ғалиядай әжең де жүр мәз болып,
Руслан папаң, әне мамаң Әсел де.
Айтар болсам табиғаттан бір дерек,
Тамыздағы тамылжыған күн де ерек.
Фаризадай ал нағашы әжеңнің,
Саған жолдар ақ тілегі бір бөлек.
Бала кезің есте қалар  тұнық шақ,
Бойжетсең де мүмкін емес ұмытпақ.
Томиристей қалып мәңгі тарихта,
Халқың-жұртың жүрсін әркез ұлықтап. 
Қажетіңді әперерміз  сұраған,
Ұрпағы үшін күн кешеді бұл адам.
Айналайын, маңдайдағы жұлдызым,
Уайымсыз өсе берші дін аман.

Сәйгүлік өмір
81
                 ҰЛЫМ  ДУМАНҒА
Жиналыпты ағайын-дос, туғаным,
Құрметіңе сенің ұлым Думаным.
Мектебіңді аяқтадың, бізге аян,
Әрі қарай білім жолын қумағың.
Сәби шағың, өткен жолың бәрі есте,
Сол бір жылдар айналса да елеске.
Енді, міне, ата-анаңды қуантып,
Азаматтық иек арттың белеске.
Қамытынан шыға алмай сан жұмыстың,
Жүрсем де мен жақсы көрдім, ұрыстым.
Сен туған соң тасым өрге домалап,
Кілті ашылды қайнар бұлақ ырыстың.
Өстің енді еркелікті жөндерсің,
Алыс жаққа қимайтұғын кенжемсің.
Демеп әркез жақсы адамдар қолтықтан,
Туған жердің қасиеті дем берсін!
Өмір –жұмбақ, толқындаған ол теңіз,
Сен батырсың қалдыра алсаң көркем із.
Ақ тілегім – сәтті болсын сапарың,
Сен арқылы биік болсын еңсеміз!

82
Бижан Қалмағанбетов
                           ҚАЗАҚСТАН
Алтын әріппен тарихта бәрі,
Өмірге келер алыптар әлі.
Ел аман, жұртым дегені –
Байрағым көкте қалықтағаны.
Қайырмасы:
Қанаты  бекіп  бала құстарым,
Тілейміз әркез биікке ұшқанын.
Тәуелсіздіктің тұғыры берік,
Жайнай түс, жайна, Қазақстаным!
Үңілсек жылдар парақтарына,
Таңданасың ой, талаптарына.
Дастарқаны кең, көңілі жомарт,
Қазағым менің қонақтарына.
Қайырмасы.
Табылар байлық алтын, мыс, кен де,
Сезіммен асыл тік жүрер кеуде.
Жат көздерге де батылым жетер,
Бақытты ұрпақтың бірі мен деуге.
Қайырмасы.

Сәйгүлік өмір
83
                                      ӨМІР
Оңаша қап ойға салсақ саналы,
Тоқтамайды күндер алға ағады.
Сәби шағың, мектеп, оқу, үйленіп,
Әлпештейсің ертеңім деп баланы.
Отбасымның сөнбесін деп ошағы,
Сауыт кимей алтындалған шашағы.
Киім бүтін болсын дейсің әйтеуір,
Сөйтіп жүріп жас отыздан асады.
Бала күнгі бағынбайтын құрыққа,
Достарың да сылтау іздеп сыныққа.
Мансабыңа,  креслоңа қарайлап,
Азаяды жеткен кезде қырыққа.
Өмір деген – бәрі сурет, шарайна,
Кетер өтіп байқатпайды алайда.
Екіжүзді, сатқындармен алысып,
Елуіңде қар түседі самайға.
Осылайша көріп өмір тартысын,
Бір ғасырдың өткіздім деп жартысын.
Жүргеніңде байқалмайды күйбеңмен,
Қолын созар асқаралы алпысың.
Жоя алмайсың болғанымен текті ісің,
Мықтылардың әлсіздерге тепкісін.
Осыны ойлап тағы да өтер он жылың,
Желкеңе кеп қонжияды жетпісің.  
Сонда ғана даңғазадан ығыстап,
Өкінесің жылдарға өткен жылыстап.

84
Бижан Қалмағанбетов
Анамның да жанында боп бірер сәт,
Сөйлесе алдым ба екен дейсің дұрыстап.
Сездірмейсің, бәрін де іштей  тынасың,
Қалды ма деп пенде мені ұғатын.
Кей достардың қынжылтады қылығы,
Беру емес алғысы кеп тұратын.
Етін қарпып, қалдыратын сорпасын,
Төрт аяқты аң ба деп те қорқасың.
Неге адамдар мәз  болады, білмеймін,
Тойып ішіп, толтырғанға қалтасын.
Аңсайтыны бәрінің де басшылық,
Неге қойды мейірімге тапшы ғып?
Алғысын ап қарапайым жандардың,
Көмек беріп, жасады ма жақсылық?
Қандай  пайда келтірдім деп халқыма,
Бас қатырмай алға ұмтылған алқына.
Сабаздарға қамшы үйіргім кеп тұрар,
Бір бұрылып көз салмаған артына.
Өтем бе деп сан қилы осы сұрақтан,
Дөңбекшімей ұйықтай ма екен ұзақ таң?
Көзін жұмып өткен жандар ұялмай,
Ертең орын дәмете ме жұмақтан?

Сәйгүлік өмір
85
 
                              АҚЫН
Қоразданып  біреулер талтаңдайды,
Ал  ақынның жыры отты байқалмайды.
Көпе-көрінеу көрмейді, қызғанады,
Мықтымын деп ол өзін айта  алмайды.
Кеуделілер кеткен бе күш алып тым,
Күн кеше ме пырақтар тұсалып мың?
Ақын ішін жегідей жейді бәрі,
Құрсауынан шыға алмай құсалықтың.
Пенде таппай ой айтып, достасуға,
Бағыт ұстар мәңгілік басқа асуға.
Көзді жұмып бірауық бел буады,
Мынау жарық дүниемен қоштасуға.
Мойындайды дұшпандар сырттай бағып,
Жылтырайды байлықтан мұрт майланып.
Кереметті қараңыз басқаша әлем,
Кеткен екен түсінде бұлтқа айналып.
Жарылқаушы зәмзәмнан құйып берген, 
Қол бұлғайды жақтастар сүйікті елден.
Өлеңдерін жас ұрпақ жатқа оқып жүр,
Бәрі-бәрі тамаша биіктерден.
Өз салаңның болсаң да кемеңгері,
Бақталастық жойылмас өнердегі.
Оянғанда ойына оралды оның,
Бәрі ісі екен ұсақтардың төмендегі!

86
Бижан Қалмағанбетов
                       ХАНШАЙЫМҒА
Қалт айтпайды ер халқым айтылғасын,
Көрсету хақ жақсының бай тұлғасын.
Ханшайымжан, қарымды журналиссің,
Бағыты айқын басылым – «Айқындасың».
Қарап қалар өзіңе елеңдесе,
Қазақ қызы қайсы, кім, көрем десе.
Қос бұлақтай жарысқан бұрымың да,
Ішкен асын қоятын өнер десе.
Сындырды екен қалайша сағыңды кім,
Шығушы еді арындап жалынды үнің.
Осындай бір ойменен Ақтөбе кеп,
Жаздың кешін тебіреніп Табылдының.
Қай іске де белсене киіп кетіп,
Бар қырынан көрсетер сүйікті етіп.
Әнін жаттап, талантына тағзым етіп,
Ағаң рухын жібердің биіктетіп.
Дүниеден тұрлаусыз тұрақ болмай,
Кетсе де ақын әндері жұбатқандай.
Аласапыран сезімді жиып тастап,
Жанарыңнан төгілер шуақ қандайІ 
Ханшайымжан, іркілме жолың алда,
Сапарыңда тағдырлар жолығар да.
Көңілің бір марқайды, мақтау алып,
Иманғали ағаңның қолынан да.
Жатыр демей күндерім текке кетіп,
Ешбір жанды көрмеген өкпелетіп.

Сәйгүлік өмір
87
Көп болса ғой өзіңдей қарындастар,
Жіберетін жаныңды көктем етіп.
Екшеу қиын өмірдің ақ-қарасын,
От боласың, сол үшін шоқ боласың.
Жастық жігер дем беріп өн бойыңа,
Зуылдасын қаламың, тоқтамасын.

88
Бижан Қалмағанбетов
                            ҚАҢБАҚ
Болсам да адам жөні дұрыс, салмақты,
Жастық шақтың көбі есте қалмапты.
Дегенменен ұмыта алман достармен,
Ен далада қуған шақты қаңбақты.
Ыңғайыңа қарап біреу жәй күлер,
Бар болмысын бет-әлпеті әйгілер.
Адамдар бар қаңбақ сынды жеп-жеңіл,
Ұшарын жел, ал қонарын сай білер.
Ол сенімді, жанына ертпес оқ қағар,
Әр қиырдан жеткізер де шат хабар.
Жүрегі де тап-таза, жоқ арамдық,
Ақкөңілмен ішкі сырын ақтарар.
Күтіп тұрған дұшпандары жоқ алда,
Тоңмойын ба – пысқырмайды оларға.
Жақ ашпайды мұны көрген перілер,
Отырады ұқсап кескен томарға.
Тартып та ішпес әлсіздердің көжесін,
Ақиқатты басы бар кім бөгесін.
Мен ұнатам көкірегі жарықты,
Ал басқалар қаңбақ десін, не десін!
                        

Сәйгүлік өмір
89
                          ЕМТИХАН
Бағыт бұрсам балалыққа ептеп мен,
Сол ауыл ғой бізді өсіріп, көктеткен.
Осы сөзді біз жоғары сыныпта,
Жүргенде оқып естіп ек мектептен.
Көрінгенмен тым қаталдау, сезікті,
Ешкім одан дей алмас ем безіпті.
Студент боп жүргенде де мәз болып,
Алдымыздан тағы шықты, кезікті.
Ойын-сауық, қимай думан-кештерді,
Жүргендерді ақылды ұстаз ескерді.
Кітапшамнан көрсете алам мақтанып,
Емтиханнан алған ылғи бестерді.
Өткен өтті, бүгінгі күн кіл егес,
Көріп тұрып көңілің қалай жүдемес.
Аяқ бассаң әр қадамың есепте,
Айтып көрші мынау өмір сын емес!
Мінбеге  бір шықса жігіт құйындау,
Басы айқай, ал аяғы жиын дау.
Бір алланың берген жасын жасарсың,
Тіршіліктің емтиханы қиындау!

90
Бижан Қалмағанбетов
                       ҮШ  НӘРСЕ:
Тап алдынан жолықтырып есіктің,
Қас жауыңды жеп қоярдай өшіктің.
Мүмкіндік бар, уақыт келді, сөзіңді айт,
Бұл үшеуін қолданбасаң кешіктің!

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет