Бағдарламасы бойынша жарық көрді Б. ҚАлмағанбетов: СӘЙГҮлік өмір/ Б. Қалмағанбетов



Pdf көрінісі
бет3/4
Дата17.01.2017
өлшемі41,33 Mb.
#2101
түріБағдарламасы
1   2   3   4

                                       * * *
Қанша дарын болсаң-дағы білікті,
Ертеңгі күн жұмбақ саған, күдікті.
Демек , достым, жоғалтуға болмайды,
Тыныштықты, абыройды, үмітті. 
                                     * * *
Азаматсың құптайтұғын жаңаны,
Ашық саған ой-пікірлер алаңы.
Ақ махаббат, нұрлы сенім, шын достық,
Біле білсең бәрінен де бағалы.
                                    * * *
Жігітпіз ғой, уәдеден тайдық па,
Ұмтыл алға, қиындықтан қаймықпа.
Сенімді емес, саған жолдас болмайды,
Сәттілік те, арман және байлық та. 
                                   * * *
Сезілсе де мынау өмір кермегі,
Түзу ұста, бұра тартпай делбені.
Айқындайтын үш нәрсе бар адамды:
Жетістігі, адалдығы, еңбегі!
                                  * * *
Тауға-тасқа соғып басты ісірдік,
Сабамызға түсіп кейін түсіндік.
Азғын етіп көрсетеді пендені –
Ашу –ыза, өркеуделік, ішімдік.

Сәйгүлік өмір
91
                            ТОЙ
Көрсетеді қазақ жомарт, елдігін,
Көсілген бай даласындай кеңдігін.
Шақырған соң сыйлығыңды дайындап,
Сенбілік кеш тойға келдің сен бүгін.
Қимас досың жаның қалай жай табар,
Ол туралы сенсің жалғыз айта алар.
Бірақ осы тойда біраз пенденің,
Сырты да емес, ішкі сыры байқалар.
Бұзбайық деп мұсылмандар бірлікті,
Көп алдына шықты міне бір мықты.
Әзіл ғой деп бір күліп ап, сонан соң,
Жайып салды айтылмайтын шындықты.
Жасырмаймыз кеште айтылды көп тілек,
Бұдан да асқан болды бірі ептірек.
Пәтер сыйлап, мінгізер ем машина,
Қол қысқа деп сөз қырманын төкті кеп.
Болмас сірә жақсылықтан үркуге,
Сауық кешсіз күн кешуің мүмкін бе?
Той иесін таң атқанша мадақтап,
Алтын адам жасап кетті бір түнде!

92
Бижан Қалмағанбетов
                         ЖАРНАМА
Теледидар қоссаң кеште, таңда да,
Мейлі ұнаған қай арнаңды таңдама,
Экранды жаулап алған күні-түн,
Қарсы алдыңнан шығар самсап жарнама.
Түсер қаржы демейміз ол тоқтасын,
Айта аламыз дәлелімен басқа сын.
Пәтер, көлік, әнші, концерт жөн делік,
Көрсетеді қажет емес басқасын.
Әйелдердің сан жабдығы түзілген,
Ұят оты бір дыз етер жүзіңнен.
Көрсетеді түнде де емес, тал түсте,
Отырғанда үйде ұлың, қызыңмен.
Пысықайлар дұрыс десіп топшылар,
Қайран қазақ дем шығармай көп шыдар.
Мына өмірде сенсеңіздер, ағайын –
Жарнамаға түспегендер жоқ шығар.
Жас-кәрісі бірін-бірі қаумалап,
Бар назары сол ақшаға ауған-ақ.
Қызып кетіп жүрмейікші түбінде,
Базарларда өзімізді саудалап!

Сәйгүлік өмір
93
                             НАН
Қыруар жұмыс көсілуді күтпейді,
Диқандарға үлкен міндет жүктейді.
Нан да мынау, біліп қойғын, ол бірден –
Аузыңа ақ бөлке боп түспейді.
Түсінеді жеткен жандар өресі,
Дүкендердің тұрса толып сөресі.
Бұл көктемнің әрбір күні ме – жылға азық,
Алқаптарда жүзер дала кемесі.
Ақылдасар бар мамандар жыйылып,
Кең даланың несібесі бұйырып.
Алтын астық күні-түні жатады,
Тау-тау болып қамбаларға құйылып.
Болмаса да қымбат жиһаз, сан кілем,
Наның барда демегін тек жарлы мен.
Ұмытсаң да арақ-шарап, басқаны,
Дастарқанға наныңды әкел алдымен.
Елім бейбіт, туым көкке өрлеген,
Ақ таңдарды қарсы аламыз сәнменен.
Қиқымы да алдыңда оның жатпасын,
Тағамдардың төресі ғой – НАН деген!
                   

94
Бижан Қалмағанбетов
                           ЖАСТАР
Сезімдері шынайы гүл атқанда,
Ұмтылатын келелі мұраттарға.
Мен жастарды теңеймін күліп аққан,
Жылғалардан тұп-тұнық бұлақтарға.
Аялдамай уайым, күдіктерге,
Сенім артқан үкілі үміттерге.
Мен ырзамын ибалы қыздарым мен,
Тепсе темір үзетін жігіттерге!
Сала да жоқ тіпті олар қалыс қалған,
Жаралғандай жігер мен намыстардан.
Шашасына шаң тимей оқ бойы озып,
Келеді олар сан бәйге, жарыстардан.
Еңбек етіп, табанын тілімдеген,
Бірақ, бірақ қиындық білінбеген. 
Қызғалдақтай қатары келеді өсіп,
Сусындаған саналы білімменен.
Жіберсе де сынақпен тың іске айдап,
Еңсерілер жастармен жұмыс жайлап.
Қажымұқанның бүгінгі ізбасары –
Тау қопарар білекті, құрыш қайрат.

Сәйгүлік өмір
95
                              ОРАЛУ
Артыма бір қарайладым кетерде,
Құпта мейлің, бұл сезімің бекер де.
Темір қанат көтеріліп аспанға,
Саяхаттап бара жатып шетелге.
Жолың түссе айтшы қай күш бөгемек,
Талай біз де «сапар сәтті» деген ек.
Ал ол жақта бізден мүлде басқа әлем,
Мәдениет, салт-санасы керемет!
Деп тұрғандай қоштап сені іркілме,
Біздегідей жоқ реніш, күңкіл де.
Зәулім үйлер көз талады қарасаң,
Жаппай халқы сөйлеседі бір тілде.
Мойынсұнған бәрі ортақ бірлікке,
Қалайша олар ие болған тың күшке?
Тек нан мен су қасында тұр, ғажайып,
Құрылыстары жүріп жатыр түнгі үште.
Шеттерінен бейімделген өмірге,
Әттеген-ай жиі келер көңілге.
Таңданасың адам сынды барлығын.
Атқаратын техника-темірге.
Жоқ бұл жерде қақпан құрар дұшпаның,
Сонда да көп көрінеді тыстағың.
Шақырады түсіңе еніп, қол бұлғап,
Дарқан далаң – өзің Қазақстаның.
Мәз боласың тамаша ой түйгенге,
Қарсы алмай-ақ қойсын ән мен күймен де.

96
Бижан Қалмағанбетов
Ораласың сағынышпен сенгісіз,
Туған жерге табаның бір тигенде.
Бойды тіктеп, жан-жағыңа дұрыстап,
Қарайсың да осында деп ырыс-бақ.
Ауасы да ерекше ғой, паһ, шіркін,
Дейсің-дағы кеуде кере тыныстап. 
10 қараша. 2013 жыл.

Сәйгүлік өмір
97
                            ӨЗІҢ  ҒАНА
Ойымда менің жалғыз дарасың,
Қос жүрек сөйтіп тапқан жарасым.
Сөзбенен емес, көзбенен ұғар,
Жанымда менің өзің ғанасың.
Қайырмасы:
Өзің ғана ғашық отын лаулатқан,
Самал болып желпіп соққан бау жақтан,
Өзің ғана сезіміңмен бауратқан,
                        Өзіңсің, жаным, өзіңсің!
Өзің ғана билеп алған еркімді,
Сөзбен айтып жеткізе алман көркіңді,
Ұмытпаймын саған сертімді,
                          Сүйгенім менің өзіңсің! 
Кеш келіп, мейлі ерте кетейін,
Шаршаған көңілін көркем етейін. 
Азаматым деп сыйласаң мені,
Алақанға сап еркелетейін.
Қайырмасы.
Әр күнім қызық, толып думанға,
Шақырар бізді алып шыңдарға.
Тағдырға менің алғысым шексіз,
Өзіңдей жанды жолықтырғанға.
Қайырмасы.

98
Бижан Қалмағанбетов
                             КӨРІСУ
Ұмыттырар бар өкпе-дауыңызды,
Дарқандықтың ортасы ауыл ізгі.
Жаңа жыл деп көктемді күтуші едік,
Бақ-береке  14 НАУРЫЗДЫ. 
Кеңігендей қар кетіп, өрісің де,
Бәрі қыстан қалғанды бөлісуде.
Әлі есімде шығушы ек дәл сол күні,
Бір топ бала  жұртпенен көрісуге.
Аман-есен жеттік деп тәуір шаққа,
Сауығамыз мейрамда ауырсақ та.
Іш көйлектің етегін толтырамыз,
Құрт-ірімшік, тәтті мен  бауырсаққа.
Киіз үйлер есігі ауқымды ашық,.
Түйістіріп төстерін мауқын басып.
Жатыр әне көнекөз қариялар,
Кешегіден сөз бастап қауқылдасып.
Мінсең батыл болашақ кемесіне,
Ертеңгінің көп бізге бересі де.
Бұрқ-сарқ қазақтың көңіліндей,
Қайнап жатыр Наурыз көжесі де.

Сәйгүлік өмір
99
                        САРАҢДЫҚ
Қауқарсыздың назарында шық тұрар,
Онысымен ішкі сырын ұқтырар.
Казино мен той-думанға шашқанмен,
Ал бұларды пысқырмайды мықтылар.
Бар жұмысын қойғандай-ақ жоспарлап,
Тәкаппарлар жүргендері аспандап.
Қара нан мен қант та бітті, ана енді,
Бөбегіне қай сөзімен ақталмақ?
Көңілді орта тост та талай көтердік,
Қаржым да бар деп бөседі жетерлік.
Бірақ соны қимай қазақ бауырға,
Бір әншіні шақырыпты шетелдік.
Теңеп өзін қол жетпестей алыпқа,
Түсірмейді ортақ міндет, қалыпқа.
Айналаға жұмған көзін ашпайды,
Жаны үйір атақ пенен даңққа.
Ойлайтыны – қарақан бас, жан қамы,
Өкінбейді өртенсе де қалғаны.
Оян, «батыр» дегің келер сол сәтте,
Жықпас бұрын сараңдықтың салдары!

100
Бижан Қалмағанбетов
                      ТАБЫЛДЫҒА
Дос-туыстар өзіңді сағынды мың,
Тебіренткен талайды жалынды үнің.
Атырау деп бастасақ, түсінеді,
Елі ғой деп елеңдеп Табылдының.
Біздің қазақ жақсысын көпсінбейді,
Ұмытпайды ғасырлар өтсін мейлі.
Жүректерге тараған жылу болып,
Сенің жырың ешқашан ескірмейді.
Сөз ұстасы, жоғалттық зергеріңді,
Жазамын деп талпынған өзге мұңды.
Шартарапқа паш еттің әнге қосып,
Кіндік қаның тамған жер – Дендеріңді.
Көк бөрідей аш, иә тоқтығыңды,
Білдірмеуші ең тік ұстап шоқтығыңды.
Өзің ажал құшсаң да семсер жырың,
Сездірмей жүр өзіңнің жоқтығыңды.
Топты үйіріп, отырдың  ортаңда ашық,
Қыз-қырқындар қарайтын жаутаңдасып.
Осы кеште қолыңды көкке сермеп,
Жүргендейсің біздермен алшаң басып.
Өзің сері, еңселі жырың нар-ды,
Тәубесіне келтірген зұлымдарды.
Найзағайдай жарқ етіп аққаныңмен,
Жұлдыздайын құйрықты ізің қалды!

Сәйгүлік өмір
101
                          ЖАЛҒЫЗДЫҚ
Көше кездік, доп та қудық, шаң қылдық,
Кешке барып, кейде түнді таңға ұрдық.
Түсінбеймін, қалқам, дара жүресің,
Жастық шақта біз сезбеп ек жалғыздық.
Аңдушы едік қыз тұрған үй бұрышын,
Махаббатсыз өткен күнің құрысын.
Ал  сен болсаң қайрылмайсың ешкімге,
Үй, сонан соң табатының жұмысың.
Пенде емессің ауылынан жасықтың,
Бозбалалар айтқан шығар ғашықпын.
Лайықсың қызы деуге қазақтың,
Көріктісің, сөйлеп тұрған ашықсың.
Пікіріңмен мен де сенің таласпан,
Бәрі болар, төндірмейін қара аспан.
Жылдар бірақ кетер самғап қанатын,
Жалғыздық па – тек құдайға жарасқан!
Ән де айтасың, құр емессің өнерден,
Ештеңем жоқ, дейсің күліп көнерген.
Тең-теңімен, ойлан, кеш боп қалмасын,
«Тесік моншақ жерде қалмас» дегенмен.
                 

102
Бижан Қалмағанбетов
                            БӨРІК
Сылтау іздеп отырғам жоқ ілікке,
Берілмейін десем-дағы күдікке.
Ойға кетем кейде оңаша қалғанда,
Бөріктінің бәрі осы жігіт пе?
Ауыр сөз де айтпас бекер ел тегі,
Кейде оғаш қылықтары өртеді.
Әйелінен бұрын басып айқайға,
Көршісімен керісіп тұр еркегі.
Апыл-ғұпыл тұра салып төсектен,
Әр қадамын санайтұғын есеппен.
Күйеулер бар әйелдерді сайыста,
Шаң қаптырып кететұғын өсектен.
Жұмбақ өмір асулары шошытты ал,
Кейде осыған кетеді екен тасып қан.
Құлайтындар табылады теректей,
Жылайтын да табылады жасықтар.
Билеп алса сол әлсіздік еркіңді,
Кейде бұзсаң орындамай сертіңді.
Жігіт деген сыйыспайды ұғымға,
Орамалға ауыстырғын бөркіңді.

Сәйгүлік өмір
103
                               АҚМОЛДА 
Ақынның Уфа қаласында өткен 180 жылдық 
мерейтойына арналған
Ақылдымен иық тіреп, кеңесті,
Шонжарларға қарсы тұрды егесті.
Жасыл орман Башқұртстан жерінде,
Мифтахетдин – Ақмолда атты бала өсті.
Көп білуге құштарлығы ауатын,
Қарт Уралдай ардақтады тау атын.
Шәкірт болып қатарынан алға озып,
Медреседе ашты алғаш сауатын.
Бақылауға ұстап білім сапасын,
Кейде өзі де жаңа пікір қосатын.
Дәріс берді алғаш маған дейді екен,
Шамсетдин Зәки сынды сопы- ақын.
Бала оқытып, ұстаз болды өзі де,
Ұрандай нық, шымыр еді сөзі де.
Өлең атты жақын болып өнерге,
Жұртшылықтың ерте түсті көзіне.
Жүрді оларды көрмегендей күйге еніп,
Арамтамақ, жалқаулардан жиреніп.
Өзін - өзі жетілдірді жан-жақты,
Мына өмірден жатпай-тұрмай үйреніп.
Кім түсінер сіңбеген соң құлаққа,
Асау мінез табиғатын бірақ та.
Кетті үйінен орын таппай мұңдана,
Әкесінің мінді де  атын жыраққа.

104
Бижан Қалмағанбетов
Бұлтыменен құбылса да жиі аспан,
Сері Ақмолда саятшылап қыр асқан.
Жүрсе бірде баурайында Уралдың,
Көрді  халық Ақеділ мен Миастан.
Қанағат деп сүйіншілеп, барға нар,
Танымайтын кейбір жандар таңданар.
Елім оқып, білсін деген ниетпен,
Арбасында кітаптар, қолжазбалар.
Көктем менен жаздың жайлы шағында,
Жиі барып жайлаулар мен ауылға.
Сабантойда айтыстарға қатысып,
Жыр оқитын шоғырланған қауымға.
Отты жырмен түйресе ылғи байларды,
Бұл тақырып қазығына айналды.
Қорғады ол қалқан да боп, найза боп,
Кедей менен жарлы-жақыбайларды.
Бірде үзіліп көкірегінен тылсым ән,
Қалды ажырап тума-туыс, жұртынан.
Троицк түрмесіне төрт жылға,
Қаматты оны жала жауып сыртынан.
Дегендей ме, «шыда, Ақмолда, шатаспа,
Бәрі ойымда сайрап тұр ғой «запаста».
Сүйеге асыл жасыта алмай ақынды,
Тың дүниелер келді өмірге қапаста.
Көп болса да солақайлар түрткісі,
Ақиқатты келмеді ішке бүккісі.
Ақмолданың сол жырлары ішінен,
«Мекенім менің – зындан» екен мықтысы.
Жаздың бәрін болмысыңмен түсінем,
Рубаилар әдісінің күшімен.
Философы, озығы деп таныды,
Түркі тілдес ақындардың ішінен.

Сәйгүлік өмір
105
Сездің өмір толқынымен екпінді,
Әлсіздерді құлатуға дөп тұрды.
Башқұрт, татар, қазақша да жазатын,
Ағартушы – ақынымыз деп білді.
Болғаннан соң көкірегінде от анық,
Үлкендерден өстің ылғи бата алып.
Ақиқаттың ақ жолына түстің де,
Ақмолда ақын кеттің содан аталып.
Тарыдайын халқын сыртқа шашпаған,
Еңбек етіп, оқыңдар деп бастаған.
Өзің болдың «Менің башқұрттарым!» деп,
Салаваттан кейін Үндеу тастаған.
Ел қамымен ақын тыныш жатқан ба,
Ойшыл- дана берілмеді аттанға.
Ығыстыру, кемсітуге жол жоқ деп,
Башқұрттар мен қазақтарды тартты алға.
Туған жері – баға жетпес байлығы,
Құрбан болам деп жүрмеді қай күні.
Жұртшылықтың аузында әлі жатталар,
«Өсиеттер» шығармасы әйгілі.
Алпыс үш жыл көп нәрсеге жетпедің,
Тарих болып қалды бірақ өткенің.
Айтыскерсің, философсың, ақынсың,
Құрдың үлкен поэзия мектебін.
Терең зерттеп қызықтырған салаңды,
Өлеңменен көркемдедің санаңды.
Ғафури, Сайфи, Тоқай менен Құдаштар,
Сенің терең тамырыңнан нәр алды.
Жүйрік  едің  келген озып алқынбай,
Ғұмыр кештің найзағайдай жарқылдап.
Мұраң сенің  артта  қалған көп те емес,
Құм ішінен сүзіп алған алтындай.

106
Бижан Қалмағанбетов
Жүрдің елді ерке ақын боп жағалап,
Құшақ жайып қарсы алатын жамағат.
Суырып салып, ауызша айттың көп жырды,
Сол дүниелердің сақталмағаны обал-ақ!
Ақмолданы ұмытпайды ел бүгінде,
Жалғыз кітап таза башқұрт тілінде.
«Шахабутдин Маржаниды еске алу»,
Элегияң жарық көрді тіріңде.
Елің азат, күдік бұлты сейілген,
Ескеркішке қарайды ұрпақ зейінмен.
150 жылдық сенің мерейтойыңа,
Бір томдығың қолға тиді кейіннен.
Халықта елдің жаңаруы, билігі,
Ей, жас ұрпақ, тез жадыңа түй, мұны.
Уфадағы  педуниверситет атыңда,
Есіміңде әдебиет, өнер сыйлығы.
Башқұртстан мерейлі өлке қашаннан,
Түзеп бойын бойжеткендей жасанған.
Өскен жерің Миякин аудандық газеті,
«Ақмолда тұяғы» деп аталған.
Көңілі шат бүгін бүтін, жарты да,
Өлмес мұра қалдырдың ғой артыңа.
Құрметтейді сені көкке көтеріп,
Мың сан алғыс Башқұртстан халқына!
Аспан ашық, төбемізден күлсе күн,
Орындалды кеудеңдегі бір сенім.
Әппақ дүние жүрегіңдей кіршіксіз,
Өлмеске аяқ басқаның ғой бұл сенің!
14 желтоқсан, 2011 жыл. Уфа.

Сәйгүлік өмір
107
                               ТҰЛҒА
Алтай Тайжановқа 
Адалдық – адамдықтың өлшемі еді,
Туған жер ұлдарымен көркейеді.
Қызылқоға Сіз үшін орны бөлек,
Кір жуып, кіндік кескен өлкең еді.
 
Бұл ағамыз қызыл от, шоққа барды,
Тілін тапсаң шежірені ақтарар-ды.
«Ауданның құрметті азаматы» атанды деп,
Естігенде мәз болдық шат хабарды.
 
Қуанышы бұл сіз емес, баршаның да,
Туған жердің құшағын аңсадың ба?
Құтты болсын ағасы атағыңыз,
Берілген Тәуелсіздік күні қарсаңында!
 
Өршіл адам биікке, айға құштар,
Зиялы қауым қайда, сонда Тайжанов бар.
Егеменді ел, дербестік арасында,
Үзілмейтін керемет байланыс бар.
 
Бастаса істі бітірмей жайланбапты,
Ақиқатты тартса алға ойланбапты.
Қызылқоға –Тайсойған жұртшылығы,
Есте сақтар би болған Тайжан қартты.
 
Халқым мұндай данаңды көтермеле,
Белгісіз боп демейді өтем неге?!
400-дей монография жазылыпты,
Кітаптары бар, сөйлеген шетелде де.
 
Ойда жүрер демес түн, бесін ауды,
Жаңашыл жан білмейді тоқырауды.

108
Бижан Қалмағанбетов
Ақтөбенің де құрметті азаматы,
Бірақ естен шығармас Атырауды.
 
Таразы-ойдан өткізген ақ-қарасын,
Қазақтың тілі менен салт-санасын.
Ауданның тасы өрге домаласын,
Осындай ұлдарыңмен  мақтанасың.
 
Байыппен сөздері әркез тыңдалады,
Шәкірттерден танымал шыңдағаны.
Айтарымыз мың алғыс аға  атынан,
Ауданның бетке ұстар тұлғалары.
 
Көріп тұрмыз балғын жас, өрімдерді,
Бір биікке шығардың еріңді енді.
Жеткіземіз біз батыл, Алтай аға,
Орындайды қандай да сенімдерді.
 
Қазақстан – ортақ үй, Отанымыз,
Ағалармен еңселі, жоталымыз.
Марапаттың бәрінен биік тұрар,
Ал, аға, құтты болсын атағыңыз!
 
 
     

Сәйгүлік өмір
109
            АЛТАЙ  ТАЙЖАНОВ  АҒАМА
Көп болсын деп дәм-тұз бен татарыңыз,
Қол қысуда ағайын, қатарыңыз.
Ақтөбенің құрметті азаматы,
Құтты болсын, Алтеке, атағыңыз!
Тілі шешен, тыңдауға құлақ дайын,
Мазалайды сан түрлі сұрақ дәйім.
Озып, міне, шықтыңыз алғы шепке,
Шашасына шаң тимес пырақтайын.
Биік тұрар өзгеден нарқың дер ем,
Өлшемеген беделді алтынменен.
Ғамзатовтай тіл үшін тайталасып,
Мен біргемін дедіңіз халқымменен.
Өзекті мәселелер қозғадыңыз,
Ақыл-ойды тек соған арнадыңыз.
Ғылымда Әуезовті зерттеп біраз,
Кейін содан докторлық қорғадыңыз.
Қалт жібермес мықтылар сыбағаны,
Ініңіз де қоштайды, қуанады.
Бөліп-жармай келесіз Ақтөбе, Атырауды,
Егіз ұлдай тел емген бір ананы.
Сөз мәйегі төгілсін, жарқылдасын,
Ағамыздың білемін тартынбасын.
Шәкірттерге қажет-ақ сіздей ұстаз,
Күш-жігер мен қуатыңыз сарқылмасын.
Жайқалып ақыл-ойдың жапырағы,
Қол бұлғап келешекке шақырады.
Алтеке, құтты болсын атағыңыз –
«Азамат»  дегеннің өзі не тұрады?!

110
Бижан Қалмағанбетов
 
ӘДЕП
Өкпелеттің, өкпелетті – алма бірін есепке,
Борышты  боп  қалмас  үшін  сөзің  дайын  десек  те.
Қартты көрсең қолыңды бер, кәрі көңіл бір жасар,
Қанша асығыс болсаң-дағы сәл кідіргін, кесе өтпе!
Сол ардагер сұм соғыста жоғалтты аппақ таңдарын,
Қырандайын төбесінен жай боп түсті қарғаның.
Құрметтеуге лайық жандар зәру біздің көмекке,
Бөркін бер де, қолына ұстат күмістелген балдағын.
Орден толған костюмін де кимес сәндік үшін бір,
Ол қаласа жанында боп әңгімеңмен тұшындыр.
Жөн сұраса кердең басып, қолды бір-ақ  сілтеме,
Таста апарып, болмады ма, егжей-тегжей түсіндір.
Қарт та бала жақсы сөз бен алғысыңды үйіп-төк,
Осылайша дос алдында мерейіңді биіктет.
Автобусқа жатса мініп қолтығынан демегін,
Шаршап тұрған жүзін көрсең ұсын да орын, 
                                                тұрып кет.   
Тағдыр саған сыйлай салмас үлде менен бүлдесін,
Айта алмасақ бұл жайларды бүгінгі ұрпақ  
                                               бізге сын.
Озбырлықтың ауылынан аулақтау сал іргеңді,
Атаңа сол жасағаның алдыңа кеп жүрмесін!

Сәйгүлік өмір
111
                              ӘЗІЛ
Түсіндірем қалайша мына жайды,
Кей қылығым достарға ұнамайды.
Бас қосқан бір оңтайлы сәттерімде,
Шын жасыңды айттың деп кінәлайды.
Бермекпісің жоспарлап, сызып кеңес,
Ақыл айтар бұл балаң бұзық та емес.
Жасымды айтсам аттадым  біраз жылды,
Жиырма да емес, отыз бен қырық та емес.
Байлық емес, ақ көңіл шашылғаным,
Мен достардан ештеңе жасырмадым.
Жарты ғасыр жер басып жүрмін, міне –
50 деген бүгін ер жасындамын!
Барым осы, несіне ақталамын,
Көңіл жылы қабылдап жатса бәрін.
Тәуелсіздік желбіреп туы биік,
Ел жаңарды, бұл жаспен мақтанамын.
Балалық шақ  іздесем  табылмады, 
Тәріздімін ергендей сағымға әлі.
Кейбір селсоқ жандарға қарағанда,
Жиырма бесім ойнайды қанымда әлі.
Сүйем мынау даламның жайнағанын,
Тыңдап өстім бұлбұлдың сайрағанын.
Бір сұлу қыз қараса жалт бұрылып,
Ол белгісі – тұғырдан таймағаным!
21. 09. 2011 ж.

112
Бижан Қалмағанбетов
                                  ІНІ
Еркін Шаяхметұлына
Күнделікті көп қимылың, жұмысың,
Оған таныс мәлім әрбір жүрісің.
Қабақ шытпай орындайды ол бәрін де,
Інің болса ашылады тынысың.
Сенім артып, жолға да алыс тартасың,
«Бөрі азығы алда» неден қорқасың?
Сенің осы «жағаң жайлау» жүргенің,
Сол бір алтын жеткіншектің арқасы.
Жақсылықты айту парыз тегінде,
Сызат  түсіп қалмасын деп көңілге.
Қайнағадан имену бар қазақта,
Айтар сөзін бүгіп қалар келін де.
Біз екеуміз секілдіміз қос шынар,
Бәрі риза, ол етеді жоқты бар.
Инабатты қызды тапқан осындай,
Сол ініңді құшақтағың кеп тұрар.
Өзің болып сыйынғаны, сенгені
Қаңқуын да  елең етпей өзгенің.
Оған қанат бітіреді әрдайым,
«Айналайын», «көкем» деген сөздерің! 

Сәйгүлік өмір
113
                             САҚТЫҚ
Білмейді деп сөкпейін жұртты мейлі,
Жанымдағы жолаушым түрткілейді.
«Ау, шырағым тақтайдай жолға шықтық,
Бас газыңды, тарт алға, жүйткі» дейді.
Барар ауыл шеткейде, алыс, білем,
Ой – шұқыры өлкенің таныс кілең.
Болса-дағы жол бермен ағаттыққа,
Жылдамдықты сақтаймын қалыпты мен.
Біраз жәйтқа куәміз тосын әлі,
Ұйқыңды ашып, құтыңды қашырады.
Міне, ұшырып бір сорлы өте шықты,
Біле алмадым қай жаққа асығады?
Батырлық деп ойлай ма тым ерекше,
«Жанын түю қажет пе шүберекке?»
Жүргізушім, жаныңда тәуәрігің,
Сақтық  болсын серігің жүрер есте!
Шаршатады жол ұзақ, ойын емес,
Абайлағын жетсең де еліңе кеш.
Қазағымның шығарып салып тұрып,
Жолың болсын деуі де тегін емес.
Басы төмен, деді ме жөн сұрайды,
Ойға түсіп қарасам немқұрайды.
Жақындадық , қонағым қалғып отыр,
Әне, ауылдың оттары жарқырайды. 

114
Бижан Қалмағанбетов
                         МАНСАП
Азамат деп қоспайды қатарына,
Қарайды олар жағдайың, жатағыңа.
Басшы болу бүгінде шарт деп ұғар,
Ден қояды мансабың, атағыңа.
Байлық, басқа шаруада жұмысы не,
Жиналмаған тазадан кірісі де.
Галстукты шоқпардай тағып алып,
Оқтау жұтқан жандай ғой жүрісі де.
Терең суға дей ме екен қайық салам,
Ақыл да айтты көпшілік байыпты оған.
Мансапқұмар қазақтың ұлдары деп,
Жұртшылықты түгелдей айыптаман!
Арам шөптей тамырмен жойсаң-дағы,
Бас көтеріп, көктеуден тайсалмады.
Патриоттар мінбеден сөз айта алмай,
Тынды ішінен жақсы мен жайсаңдары.
Әлсіздердің жабылып қас-қабағы,
Түсінбестік осыдан басталады.
Асау аттай кресло аударар деп,
Билік басы үн қатпай, жасқанады.
Айтылған жәйт менен де бұрын дәйім,
Оған бірақ қалайша бұрылмайын?
Өтіріктің дәмінен көсегенше,
Шындық тәтті емес пе шырындайын?!
Жайбарақат, «кім бұзған шаттығыңды,
Сабаңа түс, бас кәне, аптығыңды!».
Дейді біреу, ал бізім ішіндегі –
«Қашан тесіп шығады қапшығымды?»

Сәйгүлік өмір
115
                      БАШҚҰРТСТАН
Көркіңменен естірсің көп мақтанды,
Бір жолаушың тағы өзіңе аттанды.
Уфа менің екінші үйім боп кетті,
Өзімсініп еркін ашам қақпаңды.
Сұрасам ба еліңнен бір сүйінші,
Алабұртқан жүрегімді ұғыншы.
Жылқы өсіру, ірі қара, бал ма, әлде,
Бәрінен де жүлделісің, бірінші.
Әрі қарай сабақтасам жалғасын,
Білем істің орта жолда қалмасын.
Картобың ба, сүт бұлағын ағызу,
Ресейде тағы да сен алдасың.
Еңсе биік, жүздерің де шырайлы,
Табыстарың жетіп жатыр былайғы.
Өндіретін, жөнелтетін, өңдейтін,
Башқұртстан іргелі ел ғой мұнайлы.
Ашық ойдың айтар болсам дерегін,
Уфа саған әлі талай келемін.
Жақындасам ашылады тынысым,
Қарсы алады орман- тоғай, желегің. 
1500 жыл тарихың бар сан ғасыр,
Көк майсаңмен құйғандайсың жанға сыр.
Швейцария деп қаламын екінші,
Айналама көзім түссе жап-жасыл!
Адамдары сөйлесуге бейімді,
Бірден саған көңіл бөлер зейінді.
Шежірелі, көне қала Уфа бұл,
Ресейде Дербенттен кейінгі.

116
Бижан Қалмағанбетов
Қалам сенің сымбатыңа елтідім,
Сірә ешуақыт таппайды ма ел тыным?
Гүлді қойып тұрдым ұзақ ойланып,
Жанына кеп Достық монументінің.
Жоғалтпаған алтындайы салтын әр,
Сондықтан да мерейі өсіп жарқырар.
Башқұрт, татар, орысы да, басқасы,
Миллионнан асатұғын халқы бар.
Қарамай-ақ сарғыш тартқан жүзіне,
Түркі тектес бауырластың бірі де.
Аудармасыз түсінесің кідірмей,
Оның саған башқұртша айтқан тіліне.
Еркіндік бар, ештеңе жоқ жасқанар,
Отаным деп құрметтейді басқалар.
Діні ислам, ақты жақсы көргеннен,
Ақ Еділ боп, Ақ барыс боп басталар.
Қалар есте шайқас салған сол дақтар,
Ұмытылмас кешегі өткен боздақтар.
Юлаев Салаваттай батырын,
Піріміз деп әлі күнге ардақтар.
Жеткізбесе әдемі оймен сырларын,
Көп алдына шыға қалса бір дарын.
Біздің ойшыл ұлы Абай секілді,
Жатқа оқиды Мұстай Кәрім жырларын.
Аспан ашық күндерімде шуақты,
Тұлпар сынды тасты жарған тұяқты.
Ақтөбемнен  шықсам саған жетемін,
Туып-өскен Атырауым сияқты.
Өткен-кеткен деректерге жүгінсем,
Тарихың да терең екен үңілсем.
Уфа саған түсер жолым сан рет,
Бар қызықтан қалардаймын кідірсем.

Сәйгүлік өмір
117
                           ҰСТАЗ
Біз де бір кез назарға ілінбедік,
Кетті ғой дер біреулер күнін көріп.
Сағынышпен еске алам жүргенімді,
Шәкірттерге ұстаз боп білім беріп.
Сөзімнің жоқ асыру, асықтығы,
Зор лауазым көрдім мен нәсіп мұны.
Орта білім алған соң училище,
Бар тағы оның жалғасы кәсіптігі.
Әр сәт қызық, күндер де келте тегі,
Бала аңсаумен, қиялмен ержетеді.
Оқушым бар – ауылдан, қаладан бар,
Еркін өскен әр үйдің тентегі еді.
Мен де жаспын, қанықпын сырларына,
Ризамын алдарында тұрғаныма.
Лекциямның тым-тәуір шырқын бұзып,
Жүгірмектер бұрады қыз жағына.
Көкейлерін түсінем, шеттемеймін,
Қандай айбар көрсетем көпке деймін.
Қыз дегенің қып-қызыл гүл ғой, шіркін,
Мен несіне оларға өкпелеймін.
Шеттерінен керемет желікқұмар,
Тау қопарар қойсаңдар беріп құрал.
Жасырайын несіне қызып кетіп,
Жыр оқығым менің де келіп тұрар. 
Бұл «майданнан» тартынып, аянбайды,
Махаббатын жарыса баяндайды.

118
Бижан Қалмағанбетов
Төлеген боп, мен әлде Қозы болып,
Оқысам ба Қыз – Жібек, Баян жайлы?!
Осылайша шығарып ақ терімді,
Ұмытпаспын оқталған сәттерімді.
Сол кездердің бейнесі қаз-қалпында,
Түсіп қапты ақтарсам дәптерімді.
Ұстазым деп көркейткен санамды ашып,
Сол балалар тұрады хабарласып.
Отбасылы, байсалды азаматтар,
Көрсе сәлем береді амандасып.
Уақыт деген зырлаған зергерім-ай,
Талай жасты беттеттім өрге бұлай.
Ұстаздығым жүрекке төкті сәуле,
Қайта оралмас жастық шақ, дәуренім-ай!
       

Сәйгүлік өмір
119
                       САҒЫНЫШ
Дүрсілдесе жүрегің от-жалынды,
Сағынасың бірге өскен достарыңды.
Жүздеріңді көру де бір ғанибет, 
Алып-ұшып ақ көңіл ақтарылды.
Көз жіберсең  сөзімнің астарына,
Қимастықпен қарайсың жас шағыңа.
Сағынышың өлшеусіз дер едім мен,
Отан, ана, туған жер, аспаныңа.
Сағынасың жусанды далаңды да,
Сезім шіркін бәріне алаң мына.
Сапарыңнан күн салып  оралғанда,
Көргің келер жарыңды, балаңды да.
Сағынышсыз адамдар тұра  ала ма,
Өмір-өзен салғанда бұралаңға. 
Махаббатта болады сүйсіну де,
Ғашық жандай әйтеуір бір адамға!
Сағыныштың шегі жоқ тұрақтар да,
Арманың көп кеудеде мұрат барда.
Сағынасың, әйтеуір, сағынасың,
Бір періштең жүрсе егер жырақтарда.

120
Бижан Қалмағанбетов
                                  ЖАЗ
Жаз келді, бұл маусымның қызығы бар,
Жидесін, бүлдіргенін үзіп алар.
Өзен- көлдің көркіндей қаз-үйректер,
Толқынменен жүреді жүзіп олар. 
Сыйлайлы ашық аспан нұр шуағын,
Демалып, рахатқа ынтығамын.
 Шақырар жасыл терек саясына,
Барайық, қолыңды бер, жүрші, жаным!
Суға толы мөлдіреп жылғаларың,
Бұлбұл құстың үніндей тыңда бәрін.
Әсем кеште беріліп тың ойларға,
Ақ қағазға әдемі жыр жазамын.
Тауларды асып, сырғиды сағым елес,
Жұлдыз туып, орнайды тағы да кеш.
Аптап ыстық  еріксіз шөлдетеді,
Бір қызығы күйдірер жалын емес.
Қиял қуып кетесің сан қырларға,
Алғысыңды жаудырып жаңбырларға. 
Адамдар да риза табиғатқа,
Жер-Ананың төсін бір қандырғанға!
Келмегенде бейуақыт қасыңа мен,
Ойға шомып тамаша отырар ең.
Жаз дегенің жаныңның жасаруы –
Жан-жағыңа көз салсаң жасыл әлем.

Сәйгүлік өмір
121
                       ТАУЛАР
Өркеш-өркеш асуы, биігі мың,
Биіктікті өседі сүйіп ұлың.
Ізі қалар жортқанда орғып-орғып,
Ғажайып таутекесі, киігінің. 
Алыстан таулар ой-хой мұнартады,
Өрекпіп көңілімнің құмар шағы.
Бір сәтке шабыт алам  тауларымнан,
Шыңдарым көп қой алда шығар тағы.
Өткізсем деймін кейде бір аптаны,
Төсек болар қаулаған құрақтары.
Баурайынан ағады ертелі-кеш,
Шымырлап тұп-тұнық су бұлақтары.
Соған батып күн бір кез, таң да атады,
Өршілдікті тау әркез аңдатады. 
Суықтықты ұқтырмас, аппақ ұғым –
Оның ұшар басында қар жатады.
Оянам тәтті ұйқымнан елең етіп,
Сезініп алып таудың кереметін.
Бүлдіршінге «таудай бол!» деген сәтте,
Ата-анасы қуанышқа кенелетін.

122
Бижан Қалмағанбетов
                               ЕКЕУ
Ақыл айтар таптым деп ұғар ұлды,
Анаң бір кез бұрады құлағыңды.
Айтшы кімге жалғыздық жарасады,
Мына өмірден тапқанша сыңарыңды.
Шарқ  ұрасың дейсің де сені іздегем,
Тамамын деп тамшыдай теңізге мен.
Екеу болсаң бәрі де жарасымды,
Бірін-бірі сағынар егіз деген.
Бауыр тарттың, дос көрдің, жасқадың ба,
Талай істер тұрса да жоспарыңда.
Тектен-текке адамға берілмеген,
 Екі құлақ, екі аяқ, қос қолың да.
Құтылмайсың  қашсаң да жалтақ ізбен,
Ертегілер бітеді арты аңызбен.
Жыл басында сүйікті Аяз-Атаң,
Жалғыз емес келеді Қаршақызбен.
Тартпас дейсің ағайын төрі кімді,
Бастау үшін әңгіме көрігіңді.
«Жалғыздың үні шықпас» деген бар ғой,
 Іздейсің әріптесің серігіңді.
Қарттар жүрсе әрдайым қатарға алып,
Ұқты ма деп отырар батамды анық.
Байысаң да баянды болар ма екен,
Ақыл, бақыт келмесе қосарланып.
Еліңе егеменді жарасып ән,
Адамзат биік тұрар дара тұлғаң.
Тарихқа көз жіберсек пенделер де,
Адам-Ата, Хауа- Анадан жаратылған. 

Сәйгүлік өмір
123
                            САҚАЛ
Кім қалталы бай адам  ақшасы бар,
Дін қуған жастар да сол жаққа асығар.
Сақалдың көрмесі ме деп қаласың,
Қырмасы да, қабасы, шоқшасы бар.
Толығы да жүр мұнда, жүдеуі де,
Қайғы жұтса біреу сол тілеуі де.
Көзім түсті еріксіз сайрап тұрған,
Шоқша сақал жылпостау біреуіне.
Тіпті еркін, ешкімнен сескенбеді,
Қарттардың да ақылын ескермеді.
Оңды-солды қолдарын сермеп қойып,
Ауыздыға әйтеуір дес бермеді.
Ас көрмеген пәледей түк құрсағы,
Келді дей ме қолайлы ұтқыр шағы.
Табақтағы майлы еттен көсіп отыр,
Бүлк-бүлк етіп көрініп жұтқыншағы.
Садақа ма бұларды желімдейді,
Жырқ-жырқ күлер болса да өлім мейлі.
Жұрт алдында сарнайды молдамын деп,
Қылшық, жүннен жүздері көрінбейді.
Ойлантады халқымның ұтылғаны,
Ит орнына шошқа үріп құтырғаны.
Түзу жолға бастаса, айтшы, кәне,
Аппақ көйлек, ақ шалбар бұтындағы. 
Ойламайды кемшін деп қай тұс әлі,
Жылағанды дей ме екен жәй құсалы.
Шариғатты алса да шатастырып,
Сөзге келіп, молдамен айтысады.

124
Бижан Қалмағанбетов
Мәз бола ма тұрлаусыз атағына,
Арамза молдалығы батады да.
Жұрт назары ауады байғұстың,
Шошаңдаған иектегі сақалына!

Сәйгүлік өмір
125
                       
                         ТУҒАН ЖЕР
Қамқоры боп жүрсем де  бір ұяның,
Сезім атты мазалайды жиі ағын.
«Жер биігі» Атырауым, саумысың,
Кіндік қаным тамған жерім, Миялым?  
Сатпас едім, құшағыңа ап тербеттің,
Бар байлығын сыйласа да жер-көктің.
Ауылдағы қара сирақ  достармен,
Асық ойнап, доп қуып мен ержеттім.
Сағынышым  көлбеңдесін көгілдір,
Құрманғазы күйлеріңді төгілдір.
Тайсойған мен Қызылқоға арасы,
Ер Махамбет ат шалдырған өңір бұл.
Араласаң баурай-белін кіріп бір,
Дейтіндей ме ертеңдерге сыр ұқтыр.
Жазушы ма, қайраткер ме, ғалым ба –
Менің өлкем шежіреге тұнып тұр.
Ұланыңмын ақ туыңды көтерген,
Бас тартпаймын парызымды өтеуден.
Жаңалықты шалса құлақ елдегі,
Ақтөбеден құстай ұшып жетем мен!

126
Бижан Қалмағанбетов
                             АНАМА
 
Ұмыт боп бала-шаға, бас қамы да,
Мен саған барымды айтам ақтарыла.
Қарттық жеңіп бара ма, ойланамын,
Көз салам да ақ селеу шаштарыңа.
Ауызға ұстап  қолда бар нәсібіңді,
Жыр етесің ұнатқан кәсібіңді.
Бала алаңсыз, келін жүр жайраң қағып,
Сенің арқаң анашым асыл үнді.
Тілек болып әр сөзің өрілгені,
Аман болсын  деп мынау көрінгені.
Дұшпаннан да сен барда жасқанбаймын,
Патшадайсың еңселі төрімдегі.
Мен барымды өзіңнен аямаймын,
Құшағыңды сағынсам саялаймын.
Келінім мен немерем болса - дағы,
Өзіңе  әлі кішкентай баладаймын.

Сәйгүлік өмір
127
                   ЖАҚСЫ АДАМДАР
Бағыт-бағдар көрсетіп, бастағандар,
Қанат беріп, ұшырып қоштағандар.
Әрдайым мен сендердің жаныңдамын,
Жетеді екен өмірде жақсы адамдар!
Бірі ағам, інім де, құрдасым да,
Әңгіме айтсам кетеді бір ғасырға.
Сенімдімін қайрылмай жүре берем,
Шақырса егер дайынмын шыңды асуға.
Еске салып қызықты өткенді де,
Қарсы аласың қысыңды, көктемді де.
Өзгелердей ішке кек сақтамайды,
Көтереді реніш, өкпеңді де.
Олар барда дейсің де күдікке ермен,
Айналасың осындай жігіттерден.
Алғыстарын жаудырып тарасады,
Қара суың болса да құйып берген.
Дұшпанды да ықтырар сұсы басса,
Мөлдір әйнек-сезімді шытынатпа.
Риза болып алтынға теңгермейді,
Сендегі ақ жүрек пен ықыласқа.
Ақиқатты айтсам кім таласады,
Ол ауылдың бозбала, қара шалы.
Жақсы адамдар осылар біле білсең –
Бүгінгің мен ұрпақтың болашағы. 

128
Бижан Қалмағанбетов
ӨНЕР
Келе жатқан ата салты, қалыптасқан ежелден,
Құр алақан емеспін мен, ей, достарым өнерден.
Қызып кетсем топ ішінде тарсылдатып биледім,
Әуелетіп әнімді айтып, домбыра шертіп жөнелгем.
Қосыламын бұл қазағым тапқыр, шешен дегенге,
Атой салып алапат күш, қаным қызып денемде.
Ақын болып тебіренемін, ұйқас іздеп қаншама,
Мен ғашықпын сенсеңіздер, ей, адамдар, өлеңге!
Сынаптайын сырғып уақыт, бастан бір күн өтпей ме,
Шабыттансам көз тігемін көк майсалы беткейге.
Сол өнердің жайсаңдарын құрметтесем, біреулер,
Кінәлайды бостан-босқа шашыласың деп кейде.
Жымысқы емес, ризамын ниетіңмен шын күлсең,
Айтары бар қарт алдында іркілермін іркілсем.
Рухани жұтаңдығың байқалса жұрт алдында,
Сыртың бүтін, қуыс кеуде жан боласың – 
                                               кімсің сен?!
Аялаймын адал жарды, қаумалаған досты әсем,
Менің мынау сауалымның жауабынан қашпа, сен.
«Жігіттерге жүз өнер аз» деген бар ғой халықта, 
Соның  бірін меңгермесең бөріктіге қоспас ем.

Сәйгүлік өмір
129
                    ЕСКІ  СУРЕТТЕР
Өтсе-дағы зулап жылдар, қанша күн,
Сол алаңсыз жастық шақты аңсадым.
Мынау менің тәй-тәй басқан кезім ғой,
Мынау менің балалық шақ - бал шағым.
Махаббатқа берілген жан жаттайды ән,
Көшедемін, үйге де көп жоқ пайдам.
Осы сурет көңілге ыстық көрінер,
Бозбаламын сағат тағып, шаш қойған.
Туған жердің бір перзенті  екенмін,
Айды аспаннан демегенмен әпергін.
Көзім түссе қимас сезім билейді,
Сол бір жансыз бейнесіне әкемнің.
Қайта-қайта қарай бергім келеді,
Сол адамның бұтақ жайды желегі.
Құрметтейтін ауылы  түгел тік тұрып,
Әкем соғыс ардагері еді.
Қалыпты ұстап, көп алдында таспадым,
Мөлдір болсын дедім көңіл-аспаным.
Сурет деген - өткен уақыт тарихы,
Мынау анам, іні-қарындастарым.
Біреу сүйер, біреу ашпас қақпасын,
Ол да ақиқат көпке бірдей жақпасым.
Қос бүлдіршін, мынау жарым қасымда,
Менің шағын мемлекетім – отбасым!
Соқпақты өмір асуы көп түсінем,
Алға ұмтылам бір арманның күшімен.
Болашаққа тарихымды жасаймын,
Суретке түсем және түсірем!

130
Бижан Қалмағанбетов
           ДОМБЫРА  МЕН  ҚЫЛЫШ
Әнші-жырау осал емес тегінде,
Көп айтамыз хас батырлар жөнінде.
Жігіт болсаң отбасының тірегі,
Домбыра мен қылыш тұрсын төріңде.
Жақсы адамдар бақытына таспайды,
Болмасын тек «байтал түгіл бас қайғы».
Домбырамен күмбірлетіп күй төксең,
Ал қылышың жамандықтан сақтайды.
Зор қайғысын аңда жүрген баланың,
Сол домбыра жеткізді ғой зар әнін.
Жошы хан да өз сертінен тая алмай,
Қорғасынмен ойған жоқ па шанағын.
Санамызды билеп бөгде қорқыныш,
Болмау керек әттеген-ай, олқылы іс.
Дұшпанын ол қалай ғана аясын,
Махамбеттің басын кескен сол қылыш.
Жетегінде жүріп шаттық, үміттің,
Аспан ашық, тұра берсін күліп күн!
Мен басқасын санамаймын, дегенмен,
Осы екеуін ардақтасаң жігітсің!

Сәйгүлік өмір
131
                 ЖІГІТ  БОЛСАҢ...
Адалдықтың ақ жолымен бас алға,
Ол бақытқа апарады қашанда.
Жігіт болсаң қиналсаң да төзіп бақ,
Жасып, көзге жас алма!
Білем сен де жұрт секілді пендесің,
Жұмысыңнан қыңқ демейсің өзгесін.
Жігіт болсаң бүркеп қалма ойыңды,
Жылпос өсек ермесін!
Самғай бер тек табысыңның өрінде,
Қандай шаруа болса-дағы жерінбе.
Жігіт болсаң ағайынмен тату бол,
Қолда барды бөліп же!
Қолда барда басып жүрген  қонышын,
Өзгелерге  сөзіңді айту борышың.
Жігіт болсаң  аялағын қарттарды,
Ұсын, көмек қол ұшын! 
Табысыңа ауыл-аймақ сүйінсін,
Қолтаңбаң тек жақсыларға бұйырсын.
Алтын басың иілмесін, иілсе –
Ана алдында иілсін!

132
Бижан Қалмағанбетов
                                 ӨЛЕҢ
Заман тыныш, аспан ашық, таң нұрлы,
Жаным сүйер төгіп өткен жаңбырды.
Сол көгімде жарқыраған қос жұлдыз –
Жаттап өстім Абай менен Жамбылды.
Өмір бал мен тұрмайды ғой шекерден,
Сол уақыттың қиындығын көтерген.
Қасым, Тайыр, Мұқағали, Жұмекен,
Бұл төрттікті қалайша айтпай өтем мен?!
Думанды кеш, сазға бөлеп сырнайлар,
Жатқан шақты жүрегімде жыр қайнар.
Айтып кетті өз еліне бар сырын,
Әбділда ақын, Қадыр, Сағи, Сырбайлар.
Пайымдап мен өз әлімше ұққаным,
Бойларында сырқылмаған күш дарын.
Тоқсандағы Мұзафарым, жетпісте –
Ел қамын жеп жүрген жоқ па Мұхтарым?!
Артымызды жаппай жатып бекем ғып,
Талай рет желпініп тост көтердік.
Соның орнын толтыратын жасампаз,
Жастар да өсіп келе жатыр жетерлік.
Жұмысбасты таппасам да бір тыным,
Ақ қағазды шимайлаймын жыршымын.
Өлеңдегі бағытым сол жарандар –
Жұрт ұқса екен жүрегімнің дүрсілін.

Сәйгүлік өмір
133
                         ДОСТАРЫМ
Келмейсің деп айта алман жиі ағыла,
Құшақ жаяр жол түссе Миялыға.
Адал достар жадымнан бір шықпайды,
Хабар шалар аңқылдап «ұялыма».
Көп көрмесем басады сары уайым,
Деймін іштей тек аман жолығайын.
Жұбайлары алдымнан құрақ ұшып,
Қарсы алады дастарқан, төрі дайын.
Сөзді тыңдап, кім-кім де ескерердей,
Азаматпыз байсалды көшке ерердей.
Әңгіме – дүкен құрып отырамыз,
Бірімізге біріміз десте бермей.
Көкейдегі сездірсем сөз ашығын,
Сендерсіңдер сыйынар жанашырым.
Төс қағысып жатамыз құда болып,
Ұл-қызымыз тауып өз жарасымын.
Жұмбақ жан көп сыр бүгіп, тосырайған,
Жаман әдет, сақтасын осы райдан.
Дос көңілі әрдайым тұрсын биік –
«Қалмасыншы жарты атым насыбайдан».
Ақын, әлде әншімін шебер үнді,
Тек өздерің бағалар өнерімді.
Сендер барда өсермін, марқаярмын,
Аспандатып жүрсіңдер беделімді.

134
Бижан Қалмағанбетов
                 ҚҰРЫЛЫСШЫМЫН
Қолға алғаш тиген соң ұлы нұсқа,
Дейді өмір кәсіптің бірін ұста.
Зәулім үйлері қаланың тәнті етті ме,
Құмар болдым әйтеуір құрылысқа.
Жастық  жігер – сен неден іркіліп ең,
Келдім жетіп алаңға бір күні мен.
Маңғаз күйде шақырып сонадайдан,
Крандар тұр көк тіреп тұмсығымен.
Табылды тез ақылшым, серігім де,
Қайнай бердім жұмыстың көрігінде.
Қатар-қатар қаланса қабырғалар,
Өсе түсті марқайып көңілім де.
Пәтер, пәтер – тілегі барша жанның,
Қанша  адамның сенімін арқалармын.
Қос бөбегім мойныма асылғанда,
Жұқанасы қалмайды шаршағанның.
Үлгілі өтсін жігіттің қыран шағы,
Жақсылыққа жүзімді бұрам-тағы.
Келер ұрпақ қастерлер сол үйлерде,
Қолтаңбамның қалғаны қуантады.

Сәйгүлік өмір
135
                            АҚТӨБЕ
Осы аймақ  жайнап әркез жатса  дедім,
Мен одан пейіштейін бақ көремін.
Жайылған атағы елге құтты мекен,
Мен бүгін перзентімін Ақтөбенің!
Қаламның ертеңіне ел сенеді,
Жасай берсін егемен, еңселі елі!
Қыз беліндей қайыңдар бұраңдаса,
Жас шыбықтар көшемді көмкереді.
Ағаштардың қуантып бүр жарғаны,
Жазғы кеште жастардың қызған бағы.
Айқара ашып қақпасын шақырады,
Ақтөбемнің  саябақ, гүлзарлары.
Жаңылмайды ерте-кеш ән-күйінен,
Таныссың ба сен оның тағдырымен?
Жерге кілем жайғандай алуан гүлдер,
Жүріп өтсең сен Абай даңғылымен.
Сұңғылалар бір сәтке тоқтай қалып,
Сонсоң тыңғылықты ісін бастайды анық.
Тұр әне, Әбілқайыр, Әйтеке мен
Әлиям кетсе-дағы тасқа айналып.
Ардагерлер бас қосып кешқұрымда-ай,
Қарайламай өтпейсің, басты бұрмай.
Мәңгілік  алауы тұр даңғылында,
Батыр қыздың өшпейтін жастығындай!
Орындалып бар қиял бір кездегі,
Жоқты-барды өр халық бірге іздеді.

136
Бижан Қалмағанбетов
Шақырып имандылық жолына бір,
«Нұрғасыр» тұр жарқырап күмбездері.
Құрып мұнда сан ұлттар керегесін,
Көрсетуде татулық өнегесін.
140 жылдан астам тарихы бар,
Тауыса  алман Ақтөбемнің кереметін. 
Тұрақтамай уақыт та зулайды анық,
Алға ұмтылар еңбекпен тынбай халық.
Төбе деген кішірек атың ғана,
Сен биіктеп барасың шыңға айналып! 

Сәйгүлік өмір
137
                            СЫН
Біреуге аға, біреуге іні, қайынбыз,
Білеміз ғой халқымыздың жәйін біз.
Әңгімеміз таусылғандай кей сәтте,
Біреулерге  мін тағуға дайынбыз.
Сейілмей тұр жайсыздықтың тұманы,
Сын айту ма сонда басты құралы?
Мылжың дейміз ақтарылып сыр айтса,
Әзілдесе қалжыңбас боп шығады.
Батыл айтсақ төмендігі сананың,
Омартадай гуілдейді араның.
Дастарқаннан асын ішіп отырар,
Дүние де жимапты деп сабазың.
Шын болмаса сынның әсте жоқ құны,
Мұның бәрі қарнымыздың тоқтығы.
Өсегіңнің өзегіне айналар,
Үй тарлығы, балалардың көптігі. 
Мұны айттырған қызғаныштай жауыз ба,
Кешегі күн сыйдық жарты қауызға.
Әркімнің «өз үйі – өлең төсегі»,
Балаларды неге алдық ауызға?!
Сараң дейміз бере алмаса, жетпесе,
Айтшы сонша сөгерліктей кетті есе.
Танымаймыз, қолын да алмай өтеміз, 
Біреу шенді қызметінен шеттесе.
Жапырақ жайып, көктесек те мәуелі,
Бітпейді бір сол сынаудың әуені.
Кемшіліксіз көргенім жоқ пендені,
Өзімізге қарайықшы әуелі! 

138
Бижан Қалмағанбетов
                АҒАЙЫН, ОЙЛАНЫҢДАР!
Жатса да ащы түтін араласып,
Табиғат күш көрсетпес жағаласып.
Мұнайдың қоңсы иісі мұрын жарып,
Көк те шықпай қалама далама түк.
Зардабын экология ұғынатын,
Арнайды сын көзімен жырын ақын.
Назарға  алып, жанашыр табылмаса,
Гүлдерің көп қой әлі жұлынатын.
Тапсырса да адамға сеніп мұны,
Қурап жатыр тал-терек көрікті, ірі.
Ағайын, ойланыңдар, толғаныңдар,
Заманның қайда кеткен беріктігі?!
Табиғат та жайнайды ұнатқанға,
Баурайлары көк емес қыраттар да.
Жасыл кілем жайғандай далам қайда,
Жауап берер кім осы сұрақтарға?
Жайықтың толқыны ұрса кенересін,
Рахат сезімге бір кенелесің.
Бірлесіп табиғатты қорғайықшы,
Бас алға, не кедергі, бөгелесің?

Сәйгүлік өмір
139
                              САУДА
Сауданың тілін кім білген,
Қымбаттап жатса бір-бірден.
Қарайсың тесік қалтаңа,
Қол қысқа алға жылжумен.
Өсірсе мұнша бағасын,
Жоғыңды қайдан табасың.
Күрмеуге келмей қысқа жіп,
Таңданып  сонда қаласың.
Құралған сауда тиыннан,
Ырысың болар бұйырған.
Еңбекпен келер ырыздық,
Оңайдан емес қиыннан.
Қолынан беріп сақалды,
Саудагер біреу атанды.
Осындай жылпос ойымен,
Гүлдентем дей ме Отанды?
Болса да мөлдір аспаны, 
Кигізді нарық  ноқтаны.
Жасырар қазір жан бар ма,
Саудаға көшті жас, кәрі.

140
Бижан Қалмағанбетов
                              САБАҚ
Әр нәрсе жұмбақ, сабақ қой,
Бойыңда болсын талапты ой.
Тәліммен бірге тәрбие,
Саналы жанға ғажап той.
Білуге қанбай құмарың,
Биікте жансын шырағың.
Үйреткен саған әліппе,
Ұстатқан қалам мұғалім.
«Білгенге маржан» жетпейді,
Шыбықтай солар көктейді.
Жассың ба, тіпті қартсың ба-
Білуге кештік етпейді.
Өнеге алсаң басшыдан,
Қақпайды ешкім топшыдан.
Әрдайым есте сақталар,
Үйренген сабақ жақсыдан.
Еңбек ет күміс тер шығып,
Көрсетпе жанға ерсілік.
Жақсы іске сабақ болады,
Жіберген кейбір кемшілік.
Бәрі де қажет тегінде,
Қиын да болса жерінбе.
Ғұлама болған бабамыз,
Кең байтақ қазақ жерінде.
Достарың жүрсін бағалап,
Тілдессем деумен жағалап.
«Сегіз қырлы, бір сырлы бол»,
Бұл  саған қарыз, аманат.

Сәйгүлік өмір
141
Ақыл-ой керек әр іске,
Күндерді өткен дәріпте.
Тәжірибең менен жетпейді,
Өмірден алған дәріске. 

142
Бижан Қалмағанбетов
                                КӨҢІЛ
Келдің  қайдан – Алматы,Жасыбайдан, 
Қажет емес жылпостық, тосын айлаң,
Біліп айтқан бабамыз қалар кейде,
«Дос көңілі жарты атым насыбайдан!»
Өмірлік шарт, бетке ұстар негізі де,
Жетпейді екен ертеңге сеніміңе.
Қалталы да шығарсың, қажет кімге,
Ең алдымен қарайды көңіліңе.
Байқайды олар ысырып ұятты да,
Келбетіңнен арайлы күй ақты ма?
Ішің, бәлкім, болар да астан-кестен,
Ал көздерің компасың сияқты да.
Жеткізбейді көңілдің көптігі де,
Талай әсем жылдарым өтті міне.
Жайып салар сырымды, таңданбаймын,
Тиер маған өлеңнің септігі де.
Дос қуантып көңілім көтерілді,
Білмей тұрмын дәл қазір не етерімді?
«Көңіл деген – көк дөнен» жорта берер,
Болмасыншы әр таңым өте мұңды!
Өмір қысқа дегенге мен сенбеймін,
Барымды да қолдағы берсем деймін.
Өкінбестей уақытты өткізейік,
Қарсы тұрар дауылға желкендеймін! 

Сәйгүлік өмір
143
                               ШАҢЫРАҚ
Балауса – ғұмыр Жер-Анасынан тамыр ап,
Биіктеп тұрар кереге, уық жадырап.
Шаңырақ әркез шайқалмай тұрсын дегендей,
Тәңірім құптар, ақ тілегімізді қабыл ап.
Шаңырақ барда тұрады бірге уық та,
Береке, бірлік, жастықтың отын суытпа.
Үлкенді тыңдап, тарихын елдің жаттап өс,
Мәйегі сөздің қазақы әдет-ғұрыпта. 
Құйылсын таңғы  самал жел менен күн нұры,
Шаңырақтың, қалқам, ертелеу ашшы түндігін.
«Өз үйің – өлең төсегің» болсын әрдайым,
Осындай үстем, заманның тәтті шындығы. 
Заманым тыныш, аспаным ашық шырайлы,
Тек дұшпан ғана барды жоқ етіп сынайды.
Ағайын-туыс бас қосқан сәтте бәрі де,
«Шаңырағың бүтін, аманбысың?» деп сұрайды.
Салт-сананы ұғын, ұқпасаң мықты айыбың,
Толқындар ұрып күйрейді бір кез қайығың.
Шаңырақ деген босағаң алтын, баспанаң -
Шаңырақ деген емес бұл, достым, жәй ұғым.

144
Бижан Қалмағанбетов
                           ӨЗ  ҮНІМ
Дауысым, шығар жарқын өз үнім де,
Білдірем, ол албырт шақ, сезімім де. 
Ойымды ұғасың сен, түсінесің,
Осынау заманымның шеруінде. 
Тұрсын тек қай кезде де самғап үнің,
Жалғайды жақсылыққа арман-ұғым.
Талпынған қияларға үмітпенен,
Мен де бір жыр-әлемнің тарланымын.
Қазақпын, қасиетті текті жаным,
Қанатты самғар көкте бек қыраным.
Жамағат шатыстырмай өзгеменен,
Дауысымды таныса екен деп тұрамын.
Кеудем сандық,  көңілде бай талабым,
Келмейді өткен жәйтті қайталағым.
«Бас кесу болса-дағы, тіл кеспек жоқ»,
Ойымды іркілместен айта  аламын.
Қалайша ертеңімді күдікті етем,
Қиындықты алмастай тіліп те өтем.
Жас шағында топ жарып, шықпай алға,
Байқатпаса өз үнін жігіт пе екен?!
Қашпасын сұрақ қойсам құтың аға,
Ішіңнен тынып және шытынама.
Үн қатпаған әлсіздік, мен сенбеймін,
«Үйдей пәледен де олар құтыла ма?»
Әрдайым жолың болсын, айналайын,
Қолыңды соза берші айға дәйім.
Өз үніңнен қашан да байқалады,
Нұр-жүзің болсын таза айнадайын.

Сәйгүлік өмір
145
                             ЖОЛДАР
Бастайтын алыс белгісіз ұзақ сапарға,
Соқпағы сүрлеу жолдар ғой шіркін қашанда.
«Сәт сапар!» де ішіңнен өзің күбірлеп,
Батыл тарт алға ақсақалдардан бата ал да.
Шаршатты деме бірдейсің сен де елменен,
Қасірет қана тұрмасын алда көлденең.
Көк ала шаңы жаз бойы жатқан бұрқырап,
Түсінген жанға бақыттың өзі жол деген!
Алдыңнан есіп  таныс жердің де самалы.
Достың да мұнда, қастың да ізі қалады.
Әңгімесін де үзбейді бір сәт өзіңмен,
Шофердің алда қырағылықпен жанары.
Асулар болар қауіпті, әрі жеткізбес,
Халқымда менің қағидалар көп ескірмес.
Солардың бірі бос шелек пенен әйелді,
Кәнігі пенде алдарын кесіп өткізбес.
Көбейді қазір бас қосу, түрлі жиындар,
Теңге дейміз бе түк болмай қалды тиындар.
Сапарда, бәлкім, кенелерсің де олжаға,
«Бөрі азығы жолда» дейтін де ұғым бар.
Кезігерсің де сай-сала, жота, аңғарға,
Жаңбырлы түні, саз кешіп, аппақ қарларда.
Жолаушым саған ақ ниетіммен тілерім –
Оң болсын дейін кедергісіз тек жолдарда!

146
Бижан Қалмағанбетов
                       ЖАПЫРАҚТАР
Көзді арбайды жап-жасыл жапырақтар,
Сұлулыққа бөленген атыраптар.
Түрге енеді паң дала, гүлденеді,
Көкке ұмтылып өседі шашырап тал.
Әп-әдемі сарғайып үзілгенше,
Өз дегенін жасайды күзің келсе.
Қандай көркем жастықтың символындай,
Құлпырады табиғат нұрын берсе.
Алақанда аялап баптайын ба,
Құйын-сезім бұлқынып жатты ойымда.
Мұқағали айтқандай оянар ма,
«Жапырақ- жүрегімен аққайың да».
Айналаны жым-жырт қып түн басуда,
Құстардың да әуені үн қосуда.
Сол қайыңның сая етіп жапырағын,
Екі ғашық алаңсыз сырласуда.
Нәзіктіктің сезем мен осы арасын,
Оған еріп көңілің босамасын.
Көктем туа сен қайта тірілесің,
Өркен жайып, жыл сайын жасарасың.
Тамыр жайсаң көркісің баққа лайық,
Таза ауаны қалайша мақтамайық.
Табиғатты сүюді бүлдіршінге,
Үйретейік, жапырақты таптамайық!

Сәйгүлік өмір
147
                               МІНЕЗ
Бірде ашушаң, ал бірде жайдары да,
Кек сақтау ма, пасықтық  пайдалы ма?
Жұмыр баста бәрі де кездеседі,
Жіті көзі жіберсең жан-жағыңа.
Осы әдетің сырыңды жайыпты шын,
Жөнсіз айтқан сөзіңе айыптысың.
Мінезіңнен байқайды айналаң да,
Ұшқалақсың, сен әлде, байыптысың.
Ғұрып сақтап жақсылар аялайды,
Ал кейбірі ғайбаттап аямайды.
«Ақ ит кіріп, аузынан көк ит шығып»,
Үндемесең жеңдімге бағалайды.
Өте  қиын  мінездің өзгеруі,
Сезінесің  сөйлескен кезде мұны.
Үлкенге ізет, кішіге аға болып,
Сақтайды ылғи қазақтың сезген ұлы.
Белгісіз жәйт ондайды жуытпасың,
Ашулыны қай адам құрықтасын?
Әкеле алмас лақтырған таяғыңды,
Бір жаман кеп жағаңнан жұлықпасын.
Мінез атты  көрікті ой желегінің,
Құшағына енуің бөлек ұғым.
Өзіңе тән сабырлы болсаң ғана,
Көкірегіңе қонады зерек ілім.

148
Бижан Қалмағанбетов
                  
                        ҚАЗАҒЫМ
Көшпеліден қалыпқа біз тілеген,
Түсті қазақ аузында шіркін өлең.
Тіршіліктің қамы үшін әйтпегенде,
Байлық  көксеп болмаған мүлкі деген.
Жүрсе де атқа қонып мал соңында,
Қалмаған  бай-манаптың қоршауында.
Батыр, ақын- жазушы, ғалым да бар,
Хақым бар қазақпын деп жар салуға.
Болған-ды қайраткер де, күрескер де,
Үлесін қоса білген ұлы істерге.
Соларға ұқсаймыз деп алға ұмтылдық,
Ержетіп, азамат боп біз өскенде.
Жетілер қызғалдақтай жастар әлі,
Ойға алсам Алматыны, Астананы.
Болашақтың сомдаған бейнесіндей,
Бар алып, міне, осыдан басталады.
Демеу боп табысыңды қолдасын ұл,
Жақсы істің бастауы мен жалғасы бір.
Қазағым жомарт халық, сондықтан да -
Тізе қосқан бірнеше ұлт ордасы бұл.
Туғанда егемендік жадырадым,
Өрісте ойнақтаған қозы, лағым.
Кеңге жайып қанатын керегең де,
Биік болсын әрдайым шаңырағың!
Қазағым, ата- бабам қыран анық,
Бейнесі  көз алдыңда тұрары анық.
Тәуелсіздік  туымыз желбіреп бір,
Түспесе көктен төмен қуаналық!

Сәйгүлік өмір
149
                             ТІРШІЛІК
Күн шашса шапақ құлшынып,
Қауызын жарар гүл шығып.
Шақырып әтеш ертемен,
Басталар күйбең тіршілік.
Қуалап сай мен саланы,
Сылқылдап  бұлақ  ағады.
Рахатқа бөлеп жаныңды, 
Алдыңнан  самал соғады.
Мықтыны өмір жақтайды,
Жұмыссыз ешкім жатпайды.
Тракторын қойып соқалы,
Алқабын диқан баптайды.
Жалғасқан бізге сан ғасыр,
Кәрі терек пе – ол да тұр.
Балауса, құрақ төсегің,
Тіршілік біткен жап-жасыл.
Қозы, лақ,  бота төлдер де,
Өріске ерте өргенде.
Азан-қазан боп жатады,
 Аққу, қазымен көлдер де. 
Шындықтың киіп жейдесін,
Сөйлесін жүрек, сөйлесін.
Табиғат өзі жасайды.
Тірліктің жанды бейнесін.
Құр қалмау үшін үлестен,
Жеңеді әділ күрескен.
Шаруасын шешер оңтайлы,
Тірліктен қалмай ілескен.

150
Бижан Қалмағанбетов
Босатпай бір сәт арқаны,
Пендеге салмақ артады.
Тіршілік көші зымырап,
Тоқтамай  алға тартады.
Болғанмен сонша екпіні,
Байлық пен мансап жоқ құны.
Тірлікте мынау керегі –
Денсаулық, қарын тоқтығы.
  

Сәйгүлік өмір
151
                             АЙНА
Ұнатпас жан десе-дағы көріксіз,
Қай кезде де заңдылыққа берікпіз.
Апыл-ғұпыл шығып бара жатсақ та,
Айна алдына кідіреміз еріксіз.
Бұрыламыз оңға, солға, көлбейміз,
Көктемдегі теңіздегі сеңдейміз.
Бас-аяққа жіті қарап бір өтіп,
Жағамызды, жеңімізді жөндейміз.
Зауқың болмай, шаршап жүрсең кейде енді,
Түймесі жоқ кие салсаң жейдеңді.
Айна сені алдамайды әрдайым –
Көрсетеді нақты кескін-бейнеңді.
Жарқырап тұр кіріп барсаң әр үйге,
Тазалықтың символындай, әрине.
Таңдамайды, жас, кәрі деп бөлмейді,
Тұр  ма алдында бойжеткен бе, сәби ме.
Сен қандайсың, көріп отыр бәрін ел,
Өзгерем деп болмай-ақ қой әбігер.  
Қандай айла-шарғың болсын өтпейді,
Айна әділдік компасындай көрінер.
Қашан айна қолдан түсіп, шеттеді,
Маймыл сынды болма оған өкпелі.
Екі жағы мына өмірдің сияқты –
Күнгей және көлеңкелі беттері.

152
Бижан Қалмағанбетов
                            ҚҰСТАР
Бой жазып шыға қалсаң тысқа мына,
Мәз болып көк аспанда ұшқанына.
Қанаттарың талмасын дегім келер,
Қиқулап әнге салған құстарыма.
Өткеннің  айтар болсақ егер шынын,
Көтерген адамзаттың  нелер сынын.
Бейбітшілік құсы деп аялайды,
Халқымыз ісі де аппақ көгершінін.
Желбіретіп көтеріп көк туын да,
Мен мұндалап талай сыр жатты мұнда.
Оқ та атпайды адалдық символы деп,
Қорғайды  құс төресі аққуын да.
Баққа келер тыңдауға сыңғыр үнін,
Жайы мәлім әркімге дүлдүлінің.
Табиғаттың жасарған осы шағын,
Ән ғып айтар кезі бұл бұлбұлының.
Көз тоймайды көркіне қарасам да,
Сүйкімді боп көрінер балапан да.
Мені ертемен ұйқымнан оятады,
Бозторғайы шырылдап ала таңда.
Ел қатарлы жақсы өмсір сүрдім делік,
Іштегі ойды жая ма жыр-күнделік.
Бүркіт сынды қуатты тырнағымен,
Ешкімді де жүргем жоқ бүргім келіп.
Кімсің өзің, бейнеңді бір аңдармын,
Әділдік деп сөз бастап, ұрандармын.
Қарғалардың тілемен әрекетін,
Жолын берсін  деймін тек қырандардың!

Сәйгүлік өмір
153
                       САЯТШЫЛЫҚ
Саятшы адам жорыққа жаны құмар,
Түлкісі, қырғауылы, балығы бар.
Аралап тау мен тасты, өзен-көлді,
Ыстықта тұнығына шомылып ал.
Таза ауа сезіміңді тыңайтады,
Сүйесің табиғатты құлай тағы.
Таңдай қағып, оқысам таңданамын,
Сұлу тұлпар, мылтығы, құмай тазы!
Кең дала керемет қой ұнаған да,
Жомарт қой барын берер, сірә, адамға.
Тақырыпқа ұлы Абай қалам тартқан,
«Қан сонарда бүркітші шығады аңға».
Серік етсең бүркіттей құс-қыранды,
Бір аңның ізіне де түстің әлгі.
Кей кезде таудың жасыл баурайында,
Тұрып ап шырқайсың да ыстық әнді.
Табиғат сұлулығы маған ұнар,
Сүйетін аңшылықты адамы бар.
Тілейтін қоржыны бос келмесін деп,
Жандар да табысыңды таразылар.

154
Бижан Қалмағанбетов
                              ОЙЫН
Айтар болсақ сол балалық жайында,
Талай-талай қызықтар бар ойымда.
Доп та қудық, жасырынбақ ойнадық,
Еш алаңсыз беріліп бір ойынға.
Өткен  шаққа неге сонша бұрылдым, 
Сол кезеңнің отына мен жылындым.
Саған дос кім, бар ма тіпті дұшпаның,
Байқалады осы ойыннан  ұғынғын. 
Бұзып кейде аппақ  көңіл, сезімді,
Бола алмай-ақ  келеміз-ау төзімді.
Есейсе де кейбіреулер кек сақтар,
Бала күнгі ойнап айтқан сөзіңді.
Тартпау үшін кейін соның зардабын,
Ойыннан дос от шығарып алмағын.
Әр  сөзіңе сөйлегейсің мән беріп,
Ойнадым деп ойыңды айтып қалмағын.
Мен де айтайын - белгілі жәйт баршаға,
Миына ақыл құямын деп шаршама.
Болашағын болжай алмай адасып,
Ойнап жүріп от басқандар қаншама?!
Мойын бұрмай қазақы әдет-ғұрыпқа,
Жаспын дейді-ау кейбіреулер қырықта. 
Әзілдің де айналайын жөні бар,
«Жеті өлшеп, бір-ақ  кесші», ұмытпа.
Дау да айтпаймын кеуде соғып таласып,
Шын ба, ойын ба – бермес ешкім бал ашып.
Бірін-бірі риясыз көңілмен,
Түсініссе кетер көңіл жарасып.

Сәйгүлік өмір
155
                 
                     
                                  ДӘРІ
Жұмбақ емес жария етсем бұл жайлы,
Өзінше әркім долбар айтып  шулайды.
Адам болып жаралған соң өмірде,
«Балтыр сыздап, бас ауырмай» тұрмайды.
Салдың деме бұрынғының әніне,
Тәуелді оған жас та, еңкейген кәрі де.
Амалсыздан жанымызға дауа іздеп,
Қол созамыз түрлі-түрлі дәріге.
Алтындалған әдемі етіп қорабы,
Қалталылар ең қымбатын табады.
Түйірлерін қылғытқан соң суменен,
Жаның бір сәт жәй тапқандай болады.
Жол сілтер деп үміт етіп күттік пе,
Абайсызда тұзақтарға түстік те.
Емшілерге сенгеніміз соншалық –
Ішірткі деп қағазды езіп іштік те.
Жаяу жүру, жүгіріс те жөн дейді,
Дәрігер де бұған қарсы келмейді.
Тамақ ішіп, тыңқиып кеп ұйықтаймыз,
Қимылдауға мойнымыз жар бермейді.
Билеп тұрған төрт дүниенің бұрышын,
Хан, сұлтандар дейді дәрің құрысын.
Қымыз, шұбат, тіпті қара шайың да,
Жазған дейді дене құрыс-тырысын.
Қимай жайлы төсек пенен ұйқыны,
Қисаям деп ойламаймыз бір күні.
Салауатты өмір салтын ескермей,
Ауырып ап ем іздеген күлкілі.

156
Бижан Қалмағанбетов
Биігіңді алмақ болсаң көздеген,
Адамдарды жүрегіңмен сез дер ем.
Желпіндіріп, қуантып бір айта алсаң,
Керемет бір дәрі дейді сөз деген.
Мына өмірде дертің ауыр соқпасын,
Бас білдірер кигізген соң ноқтасын.
Төзімді бол әр нәрсеге байыппен,
Булығып кеп басыңа қан шаппасын.

Сәйгүлік өмір
157
                        ІШІМДІК
Әңгіме айтпай өзімізге пайдалы,.
Басталады қайдағы бір, жайдағы.
Сапарласым жол үстінде бір күні,
Ішімдікке қалайсың деп қоймады.
Әрине, әркім не айтса да ерікті,
Сабақтады  өзінше ойын «көрікті».
Сұлу қыздай тұрса алдыңда  мөлдіреп,
Ішу керек деп бір қойды бөрікті.
Басталып бір ұрыс-шатақ, ақырет,
Әкелетін ішімдік зор қасірет.
Қыз-қырқынның тартынғанын көрмедім,
Арақ-шарап еркектердің асы деп.
Сонау жастық бала кезден сезгенім,
Бақытына  қол сұқпадым өзгенің.
Жиырма бестің қызуымен кім білген,
Болған шығар шалыс басқан кездерім.
Өкіндім де дей алмаймын, ұтылдық,
Шүкір оны өңештерден зытырдық.
Жасырмаймын, ақталуға жоқ себеп,
Ішпедім деп айта алмаймын күпірлік. 
Еске салсам қарттардың не дегенін,
Боза ашытып суы деуші ед көженің.
Ал, қазір ше, әуестігім жоқ онша,
Сабырға кеп өзімді-өзім тежедім.
Ерік беріп қоямысың сол тілге,
Қандай ақыл бермекшісің сен кімге?
Намысыма тиме, кәне, жолаушым,
Нең бар еді басымдағы бөркімде?!

158
Бижан Қалмағанбетов
                          УАҚЫТ
Өмір тұрған зат емес қой қорапта,
Өтіп жатыр жылдар, айлар, сан апта.
Ертелі-кеш жүгіреміз тынымсыз,
Қайта-қайта қарап қойып сағатқа. 
Мұрсат тауып алған кезде сәл демін,
Сындырардай қақты есікті әлдекім.
Сөйлесейік дедім, «жоқ, жоқ жиналыс,
Ал кешкілік кездесуім бар менің».
Осылайша досым уақыт таппады,
Қысылды ма орынсыздау мақтады.
Сенбі деп ем отбасымен қыдырып,
Эмиратқа  ұшып бара жатқаны.
Әншейін сөз дей алмаймын жүр алдап,
Уақыт –алтын жатыр бәрі ұрандап.
Ақылдылар байыппенен алдағы,
Екі-үш айын қояды екен «пландап».
Мойындаймыз көнбес уақыт ырыққа,
Құрығыңды жалғасаң да сырыққа.
Мына сабаз сұрап көрші, білмейді,
Баратынын ұлының қай сыныпқа.
Дәйек, дерек болмаған соң құнары,
Ақталарлық ой айтамыз шүбәлі.
Туыс-жақын қайдасың деп сұраса,
Бәріне уақыт болып шығар кінәлі.
Шетімізден күміс қанат қыранбыз, 
Қашан уақыт шын бағаңды ұғармыз.
Қас қарайып кеткенінше жүгіріп,
Түнде әйтеуір дамылдайтын шығармыз.

Сәйгүлік өмір
159
                                  ІЗ
Өткенің мен алдағыңды  топшылар,
Қазағымнан кемеңгер жан жоқ шығар?! 
«Уа, шырағым, ауыл-елің аман ба,
Қай рудың баласысың?» деп сұрар.
Кейуанаға бұр да сол сәт жүзіңді,
Сәлем бергін салт-санамен бұрынғы.
Бастап берсең шежіре ғой қарттарың,
Әрі қарай тарқатады ізіңді.
Міне, жігіт, сыналар кез тақалды,
Жетім дейді айта алмасаң қатал-ды.
Алдындағы ашып тастап кітабын,
Тізіп берер сенің жеті атаңды.
Бітер ме деп уайымдамай бұл кетік,
Жүрген жақсы тарихыңды іздетіп.
Қандай ұят түк айта алмай тұрғаның,
Еңсең түсіп, мойныңа су кетіп.
Соны пікір көкірегіңе қона ма,
Өкпелеме, түсші, кәне, сабаңа.
Артық емес білсең үрім-бұтақты,
Үйрет оны немереңе, балаңа.
Аяздайын батса-дағы арқаға,
Мұным шындық, дәлел айтып шаршама.
Із-түссіз-ақ шыбын жанын пида етіп,
Ағып түскен жұлдыздарым қаншама!
Аштым демен жұрт алдында жаңалық,
Айту парыз бұл жөнінде қадалып.
Мына өмірде сайрап жатсын ізіміз,
Кетпейікші белгісіз боп жоғалып!

160
Бижан Қалмағанбетов
                                                
БАС
Бұдан басқа дей алмаймын жоқ та өнер,
Өз  жырларын жатқа соғар төкпелер.
Бұл өмірде ақылдылар жетерлік,
Бірін айтсам, екіншісі өкпелер.
Баспен ойлау шындығында қиын ба,
Сан қиялдар жөнеле ме қиырға?
Басқаратын ол штабың, сонда ғой –
Ауыз, құлақ, көзің менен миың да.
Ақиқатты айтса біреу өткір ғып,
Дені дұрыс адам ба деп көп күлдік.
Шақша басты шарадай ғып қанша рет,
Аямастан тау мен тасқа соқтырдық.
Түсіндірші мына жайды құрдастар,
Әлде мұнда кекесін бір жүр ме астар?
Жәй сөз емес әнге қосып шырқаймыз,
«Той дегенде домалайды қу бастар».
Не жетпейді, қажет емес ерегес,
Бас жарылды дейді шықса төбелес.
Екі иықтың ортасына қойылған,
Ол ойыншық шар, тебетұғын доп емес.
Бригадир ашып тұрып жиынды,
Бас қайда деп інімізге шүйілді.
Тоқтат деді бір егделеу ағамыз,
Айқайыңмен ашыттың ғой миымды.
Тағдыр салса ұшырасар көп белес,
Сағымменен қудым деме босқа елес.
Бар мәселе – жасатуда миыңды,
Домаланып, тыныш тұрған баста емес.

Сәйгүлік өмір
161
                            БАЗАР
Қалайша мен ғайбаттап, табалармын,
Шаруасымен ол жерге барады әркім.
Гу-гу халық, айналаң ығы-жығы,
Жүргендейсің ішінде аралардың.
Қалта қағар ұры бар, өңге тегі,
Қайыршыға сал теңге нең кетеді.
Салдырлатып өздерін жарнамалап,
Арбакештер  дауыстап әндетеді.
Табылар ағаң, атаң, құрдасың да,
Қызық-ақ, әне екеуі ымдасуда.
Ерігіп жүрген біреу бөгеп сені,
Жеткізер әңгімесін бір ғасырға.
Шеттерінен саудагер тосылар кім,
Пұл сұрайды өзінше затына әркім.
Көздің жауын алатын сөрелерден,
Керек- жарағымды да сатып алдым.
Бүлік-бүлік еткен сағыз ба ұртындағы,
Жымысқы күлкісімен мұртындағы.
Су тимес  бір жылпосқа  тап болыппын,
Кейін білдім ақшамнан қымқырғанын.
Алдау-арбау сауданың желігі ме,
Жаңылдырмақ ойы бар сені міне.
Безбүйректер осындай тұрар қалай,
Әз халқымның тап-таза сеніміне.  
Теңгем кетті ол енді оралмайды,
Көлеңкелі көңіл де олар жайлы.
Жеке бастың қамы үшін арын сатып,
Адамдарды адамдар неге алдайды?

162
Бижан Қалмағанбетов
                                    ОТ
Жас болсаң қызарасың, шоқтанасың,
От болып жанып тұрсаң жоқ таласым.
Өмірдің өрге тартқан соқпағында,
Күймейсің, бірақ талай қақталасың.
Жақсы ойды көкірегіне түйеді кім,
Қызуын шашып басын иеді күн.
Отана, отағасы, отбасы боп,
Келеді  «от» дегенің киелі үғым.
Көз салып жұлдызды түн толған айға,
Қаламыз кейде абыржып жолда да ойда.
Алыстан от көрінсе ауыл дейміз,
Ұшқыннан жалын шығып лауламай ма?
Көбелек түсердей боп үздігеді,
Қанатын абайсызда күйдіреді.
Сонда да кетпейді ұзақ алысқа ұшып,
Ғашық па отқа өлердей кім біледі?!
Алаңсыз топты отырған шошындырып,
Жасаса бір ақымақ тосын қылық.
Ол үшін сұрар досы кешірімді,
Бетімнен кетті ғой деп отым шығып.
Барымды берсем деймін өлеңге мен,
От сезім соншалықты тереңде ме ең?
«Әзілің жарасса егер ойна атаңмен»,
«Ойыннан от шығады» дегенменен.
Қалайша айтпай оны шектелемін,
Талай от сұрапылдан өткен елім.
Қалмасын жолдарымыз тұйықталып,
Қызуы суымасын от дененің!

Сәйгүлік өмір
163
 
                            СЫБАҒА
Түсіне  алып жүрміз бе  мына адамды,
Досың келсе алыстан сірә заңды.
Тарқатайын ауылдың жаңалығын,
«Қазан, кәне, сал, – дейді сыбағамды».
Көрген сәтте жұбайың күліп еді,
Енді абыржу өңінен білінеді.
Түсінгендей ортаншың пакетін ап,
Жақындағы дүкенге жүгіреді.
Осындайда өткеннің салты оралар,
Қол созатын жетеді мәрт ағалар.
Дастарқан да әп-сәтте  жайнап кетті,
Майлы қазы, жал-жая, қарта да бар.
Сол ауыздан жоқ басқа  алаңы да, 
Жұмырлап кеп тығады тамағына.
Қандай қазақ ол өзі деп қояды,
Бір асым ет қоймаса қонағына?
Мұнысы не, даттау ма, күйесі ме,
Өші бардай шүйлігер үй иесіне.
Дастарқаннан ақ  дәмін жеп отырып,
Қарамай ма ықылас, ниетіне? 
Досым ба, әлде басқа ма төрімдегі,
Бала мінез аңқылдақ көрінбеді.
Бәріміз де  шықсақ та сол ауылдан,
Қалалыққа қатқылдау сенімдері.
Дей алмас ем мен мұны құр айтағы,
Көлеңкелі ой еріксіз мұңайтады.
Қолтығында құс жастық, асыңды ішіп,
Біздің қазақ осылай сын айтады...

164
Бижан Қалмағанбетов
               ТУҒАН ТІЛІМ – ИМАНЫМ
Туған кезде жас жанымды,
Күйіңменен тербеттің.
Сүйем көкшіл аспанымды,
Өз тіліммен ержеттім.
Әліппе алып оқыдым мен,
Аң – білімдер негізін.
Көңілге оны тоқыдым мен,
Кешіп өмір теңізін.
Сақтай білсең бөлмеңдегі,
Сиқырлы гүл солмайды.
Сөздердің бар зергерлері,
Өз тіліңдей болмайды.
Дей алмаймын ғайып болып,
Бөтен тілдер жоғалады.
Теңіз кешіп қайық болып, 
Туған тілім оралады.
Гүлге қажет күтімділік,
Суға  берер батасын.
Араласып  шүкір ғылып,
Барша тілдер жасасын!
Несіне оны жасырамын,
Ән-сезімді тыймадым.
Ана тілім – бесік әнім,
Туған тілім – иманым.

Сәйгүлік өмір
165
                    
          
                          ТУҒАН ТІЛІМЕ
Таулар қазып, тастар керім,
Жетер күшім қашау үшін.
Қара жерге тамса терім,
Сен өмірде жасау үшін.
Демейсің де сорлатамын,
Жауыздықпен асау үшін.
Ақ қалалар орнатамын,
Сен өмірде жасау үшін.
Білем елдің жаңарарын,
Күнге балқып нұрын кешсін.
Абыройлы боп балаларым,
Батырдайын өзіңде өссін.
Көтерілген теңіздей ме, 
Толқын ұрған жағасына.
Шіркін көңіл сені іздей ме,
Ән- күй байлап қанатына.
Туған тілім қызу үнді,
Жамандықты отау үшін.
Жалғастырам ғұмырымды, 
Сен өмірде жасау үшін.
Тусам ерте тілер де едім,
Болады жақ  аққа құдай.
Көп оқып, көп білер ме едім,
Ақсақалды қарттарымдай.
Кештеу келсем бұл өмірдің,
Сезер ме едім қадірін де.

166
Бижан Қалмағанбетов
Әнін айтам жүрегімнің, 
Жастың және кәрінің де.
Ұсынсам да бар сыйымды, 
Қайғыны жең, тырыс деді.
Алтын басым қанша иілді,
Тумағаным дұрыс па еді.
Көңілім бірақ жайланар ма,
Біреу қалып, біреу озған.
Өкінуден пайда бар ма,
Тойым өткен, «тоным тозған».
Уақыт деген асыл жан ба,
Бар сырларым ішке сыйған.
Жетсе деймін ғасырларға,
Мейірімділік және иман!
Сағынышқа берілдім де,
Жүрек толы тұзды уайым.
Бір жарқ етіп көріндің бе,
Шаттанайын, жыр ғылайын.
Қайғырғанда асылым-ай,
Оңаша қап түн сырласты.
Көзге жас кеп жасыдым-ау,
Дөңбекшідім, ұйқым қашты.

Сәйгүлік өмір
167
                           ЕСЕП
Ұмтыласың түзетуге қатеңді,
Олжаға бір толтырғың кеп кесеңді.
Мына өмірде ұтыласың сан рет,
Қанша жанға жібересің есеңді.
Досың да бар, кейбіреулер өш етті,
Соған бола атпадың да кесекті.
Неге екенін жаңылыса береміз,
Тым-тәуір-ақ білсек-дағы есепті.
Кейде жақын көрінгенмен шоқылар,
Біреу соған жете алмай-ақ опынар.
Пенделер бар тап-тұйнақтай ісіне,
Есепшотқа қаққандай ғып отырар.
Сотқарлар жүр кек алуды көксейтін,
Ей, жігіттер бұл қылықпен өспейсің.
Арамыздан ақымақ та табылар,
Екіге екі қосқаныңда бес дейтін.
Шаруа дейсің алқынады қос өкпең,
Санайсың да күндеріңді бос өткен.
Аз-кем қалған қаражатты қолға алып,
Байығандай отырасың есеппен.
Бұл айтқаның жылтыр сөзің бос деме,
Өрісің кең, тамыр жайып, көкте де.
Сен білмейсің – бәрі-бәрі есепте,
Тек алдағы ғұмырыңды шектеме!

168
Бижан Қалмағанбетов
                              КЕУДЕ
Әр нәрсенің басын шатып сөйлеген,
Шешен бе деп таңданам да кейде мен.
Бұл күндері бастықсымақ жұмысын,
Баспен емес атқарады кеудемен.     
Ашып тастап омыраудың түймесін,
Келе жатқан  кім  деуің де кейде сын.
Келістірмей жүрсің десе жауабы,
Тосады алға сол баяғы кеудесін.  
Бір биікке бара жатса өрмелеп,
Айта алмайды кейінгіге сен де жет.
Қайда болса сонда сұғып тұмсығын,
Төске соғып кіріп кетер кеуделеп.
Тірек мықты осал демен жығылар,
Келбетінде күздің суық сызы бар.
Қайда да мен бұзып-жарып өтем деп,
Бағына емес кеудесіне сыйынар.
Талай сабаз асырып жүр айласын,
Шырылдаймыз, ей, ақиқат қайдасың?!
Басты ауыртпай, миға жұмыс жасатпай,
Көріп те жүр құр кеуденің пайдасын.
Жетер дерек айтуыма себеп те,
Мақтаншақ та, шеттерінен желөкпе.
Бос шелектей даңғырлайды ол кімге,
Кеуде емес іште түк жоқ кеуек пе?
Айтыспа, тек дұрыс десең жеңесің, 
Осымен-ақ байқатады өресін.
Берік, әрі әділетті қоғамның,
Осындайлар босатып жүр шегесін. 

Сәйгүлік өмір
169
                          ЖАРЫС
Құпия мен жұмбағы көп әр істің,
Зулар уақыт қалмас одан қалысқың.
Мынау бейбіт шат заманда куәміз,
Түр-түріне гуілдеген жарыстың.
Тізгініңді бекем ұста патшағар,
Әркім қаңқу сөзіменен бопсалар.
Шаршы алаңда тұлпарлар тұр тыпыршып, 
Мұндай кезде бақ емес-ау бап шабар.
Бәрі жақсы құлақ естіп, көз көрген,
Айқайласып,бәйге атына дем берген.
Ал халқымның салт-санасы, дәстүрі,
Жарыста емес, озу болып өзгерген.
Шықпаса да ел ішінде жақсы аты,
Жомарт дейді мол болса егер ақшасы.
Керек емес жерлерде де кимелеп,
Қатарынан асып түсу мақсаты.
Үйі анау – жиһаздардың қоймасы,
Бәлкім, сенше дұрыс шығар, ойлашы.
Досы барды шетел асып, еліктеп,
Бұл да одан қалыспаудың пайдасы.
Көз ұшында жақын да емес аралық,
Шапқан кезде тер бұрқырап, жан алып.
Сол тұлпарлар қиса жақсы мәрені,
Қалмаса тек ала шаңға қамалып.
Бағаламай мүмкіндік пен өлшемді,
Жүргендерді жұрт та айырар белсенді.
Кей жарыстан ораласың мәз болып,
Кей жарыстар түсіреді еңсеңді.

170
Бижан Қалмағанбетов
                               
ЖҰМЫС
Еңбек етсең ерінбей ырыс-бағың,
Олжа әкелер ертеңге тырысқаның.
Қайда жүрсің, інішек, десе біреу,
Еңсем биік айтамын жұмыстамын.
Сыбанып кеп білекті сығып терін,
Ақтап жүр ме халқының үміттерін?
Тыңғылықты іс бар ма десе біреу,
Айта ала ма жауабын жігіттерім.
Басса-дағы қарыштап ілгері елі,
Бос жүрмейік, жасайық бірдеңені.
Демейді олар ат-тонын ала қашып,
Жұмыс десе тілдері күрмеледі.
Күрек ұстап көрмеген алақаны,
Аз ақшасын кештерге жаратады.
Көше кезіп сенделген байғұстардың,
Кеші батып, қалайша таңы атады?
Азаматы тірегі сол қараған,
Үйінде отыр мастығы тарқамаған.
Әйелі жүр нәпақа табамын деп,
Базарда ала қапшық арқалаған.
Тәрбие боп ата-ана тың істері,
Жақсы еңбекке ертерек кіріскені.
Ескірмейтін халқымның сол мақалы,
«Баланы жастан» деген дұрыс та еді.
Кірпіш соқтым, үй салдым, тас қаладым,
Қолдан келсе бәрін де атқарамын.

Сәйгүлік өмір
171
Тізе қосып көрсеткен ұйымшылдық,
Ұжымыммен мен бүгін мақтанамын.
Қызу шаруа бірі кеп, бірі кеткен,
Кенде емеспіз алғыс пен құрметтен.
Шаршасам да кешкілік көңіл тыныш,
Келе жатам әндетіп қызметтен.

172
Бижан Қалмағанбетов
                          ТАИЛАНД


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет