Бағдарламасы бойынша жарық көрді Әлтаев А. Наркескен: айтыстар. Астана: Фолиант, 2014. 288 б



Pdf көрінісі
бет6/15
Дата30.12.2016
өлшемі1,28 Mb.
#797
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН 
МАРЖАН ЕСЖАНОВА
Жекпе-жек айтыс. 2004 жыл
Аманжол:
Ел еркін болар ерлер жүргенде есен,
Күмбірлі әлі талай күндер кешем.
Маған серт, бойға біткен өнерге серт,
Жұртыма жауһардайын жыр бермесем.
Көңілдің көркі кірмес, Алматыма
Айналып жыл он екі ай бір келмесем.
Тұғырда қыран шабыт тыпыршиды,
Тұлғасын Алатаудың бір көрмесем.
Ал, халқым, қадамыма тілеу тіле,
Жорғадай жүрісімнен мін көрмесең.
Алып тау, асыл халқым, аманбысың,
Шыңға өрлесем деп келдім, шыңға өрлесем.
Көргенде елжіреген өнерлі елді,
Жүйткітіп асау шабыт жөнелген­ді.
Жыр арнап Алматыға барлық ақын,
Асан қайғы түйесін шөгерген­ді.
Сағынбау, сөз арнамау мүмкін емес
Аяулы өздеріңдей көрерменді.
Арылып қара бұлттан алып аспан,
Бодан күн артта қалды қаны қашқан.
Отыз екі, отыз жеті, сексен алты,
Күңірентіп өткен кеше бәрі бастан.
Он жасар бүгінгі жас балаларға
Кешегі жетпіс жылдың бәрі дастан.

106
Тәуелсіздік мерекең құтты болсын
Қазақтың жарқыратып бағын ашқан.
Қасиет, рух барда халқым да асыл,
Қазағым бар әлемге нарқыңды асыр.
Мың өліп, мың тірілген елім үшін
Жаңа ғасыр болсыншы алтын ғасыр.
Ер салып ұлы өнердің тарланына,
«Ақ жол!» деп қадам бастым арманыма.
Фәнидің мен таңдаған өнер жолы
Шығарар деп сенемін заңғарыма.
Ал енді мойын бұрып, көз салайын
Арайлы Оңтүстіктің ардағына.
Бел буып жекпе­жекке келіп қалған
Шымкенттің сәлем бердім Маржанына.
Армысың, ел сенімін ақтаған қыз,
Ақ жолын ақиқаттың жақтаған қыз.
Көкбай мен Әселханның жолын жалғап,
Құт қадам Алматыға аттаған қыз.
Шығармай үш жыл бойы айтысуға,
Оңтүстік сары майдай сақтаған қыз.
Ақынсың ел тағдырын ойлап жүрген,
Тереңін теңіз ойдың бойлап жүрген.
Жиі­жиі жүздесіп жүруші едік
Кешегі қыз кезіңде бойдақ жүрген.
Тұрмысқа шықтың­дағы жоқ боп кеттің,
Кім сені босағада байлап жүрген?!
Дауысын танимысың арайлы ұлдың,
Атымды, Маржан, саған қарай бұрдым.
Елімнің еркелеткен бір қызы едің
Иіскеген қызғалдағын талай қырдың.
Әніңді қара ошақтан әрі ұзатпай,
Айтыспай, айтшы, Маржан, қалай жүрдің?

107
Сөзіндей төгілейік ойлы абыздың,
Баурайық мағынасындай бағзы аңыздың.
Халқымыз тебірентер ой айтайық
Әулие дауысындай нар қобыздың.
Бұралып шыңға біткен шынардайсың,
Асқардан қанат қаққан ұлардайсың.
Өнердің өрге желген желмаясын
Бүгінгі аламанға тұмарлайсың.
Үш жыл бойы ішіңде сақтағанды
Үш сағат жекпе­жекте шығарғайсың.
Маржан:
Бас иіп, сәлем беріп шыға келдім,
Мен көзі ашылмаған бұлақ едім.
Алматы, талай­талай жүйріктердің
Тұсауын кесетұғын тұрақ едің.
Серіге Аманжолдай сай ма екен деп,
Шыққалы Маржан қызды сынап едің.
Сыншының Күреңбайдай ұрпағысың
Танитын шаппай жатып Құлагерін.
Қалың ел, Манап, Сара, Ұлбикенің
Тағы бір қабылдаңдар мұрагерін.
Буайық жекпе­жекке бекем белді,
Жекпе­жек болар бүгін екен деді.
Баптардың бабы Арыстан баб болғанда,
Сайрамым сансыз бапқа мекен бе еді.
Киелі кемесінің пайғамбардың
Тоқтауы Қазығұртқа бекер ме еді.
Фарабидің отаны – Отырардан
Тағы бір Жібек жолы өтер ме еді.
«Басыңнан бақ таймасын, қазағым» деп,
Көңіліңді келдім бүгін көтергелі.
Сөйлесін тарих болып алыстан қыз,
Фарабидей бабамен данышпанбыз.

108
Ордасы ән мен күйдің – Созақ, Шаян,
Домалақ ана жатқан қоныстанбыз.
Атаған «Өскен өркен» Мұхтар аға
Нешеме жүйріктермен алысқанбыз.
Данаға Тәушен апа атын айтып,
Балаға Бекзатты айтып танысқанбыз.
Сіңілісі Әселханның болғаннан соң,
Жігіттің серісімен жарысқанбыз.
Өмірдің қызығына бір тоймадым,
Төгілсін алдыңызда сырлы ойларым.
Жаялық жуып күндіз, түнде бесік
Тербетіп отырсам да, жырды ойладым.
Ортаңа үш жыл бойы шыға алмасам,
Кемшіндеу тұстарыма мін қоймағын.
Шығарып салды төркінім,
Болсын деп ұзақ өмірің.
Шығарып салды жол тілеп
Бір әулет Маржан келінін.
Батасын берді аталар,
Түспесін деп көңілің.
Екі миллион халықтың
Арқалап келдім сенімін.
Аманжолдай ақынға
Кеудеден күмбір күй ақты.
Төлегендей сұп­сұлу,
Бозбала мұрты қияқты.
Сарбаз да сұлу түріне
Айтпасам өлең ұятты.
Сырбаз да сұлу Аманжол
Сувенир ақын сияқты.
Ақиқат сөз, осы анық,
Келдің бе тағы жасанып?
Ұзатылар қаздай боп
Барасың күнде жасарып.

109
Екі көзің мөлдіреп,
Басыңда үкі желбіреп,
Қуанып қалды­ау Алматы,
Аманжол тағы келді деп.
Аманжол:
Бүгемін мен ойымның бүгін несін,
Жетісу біз келгенде дүбірлесін.
Ол рас, Әселхандай апаларың
Айтыстың бастап жүр ғой бүгін көшін.
Домбыраңның ішегі шығып кетті,
Тілегім, үш сағатта үзілмесін.
Бекіген жігіт едім құба белде,
Хас жүйрік алқынбастан шығады өрге.
Ол рас, Күреңбайдай бабаларым
Сын айтқан жаңылмастан Құлагерге.
Жүрсіндей ағамызға мың рахмет
Маржанды сай деп көрген ұлан ерге.
Маржан­ау, қатар жүрсек жолымыз кең,
Алдымды шырмамассың торыңызбен.
Қасыңдағы сіңілілер өсе берер
Сіздің салған аяулы жолыңызбен.
Қарапайым қазақтың біреуімін,
Ұстауыңа болады қолыңызбен.
«Аллалап» аламанға кірсем бекем
Құпиясын ақын қыздың білсем бе екен?
Сұлу деген боз отау түсінгенге,
Түңлігін ақ отаудың түрсем бе екен?
Түлкідей қып­қызыл боп шыға қапсың,
Қызылды қыран болып ілсем бе екен?
Қыз едің бір кездері жалындаған,
Байсалды күйге еніпсің дамылдаған.
Үкіленіп айтысқа шыққан шақта
Сұлудың сындырмасын сағын ғалам.

110
Қысылып отқандайсың, Маржан ақын,
Шабытыңды көрсетші арындаған.
Маржан:
Алдыңа қос аққудай тізілгесін,
Бабалар ізбасар бір ізім десін.
Ішегі домбыраның үзілгенмен,
Дәстүрі қазағымның үзілмесін.
Дауым жоқ сөзіңізге таласқандай,
Сөзіңмен бір қыз едім санасқандай.
Қыпшақтың мен секілді қыздарына
Қызылдан киім кисе жарасқандай.
Бұл жерде бүгін кімнің озат бағы,
Қазақтың көп қой айтқан ғажаптары.
«Қасында ер адамның әйел болса,
Басында бақ болад» деп жазад­дағы.
Мың жерден Құртқа қызды тыңдағанмен,
Қобыланды жауда жалғыз азаптанды.
Әйелін жекпе­жекке ерте шыққан
Сен тұңғыш батырсың ғой қазақтағы.
Аманжол:
Елім аман тұрғанда ырысым бай,
Сол елдің серпілейік тынысындай.
Қазақтың айтыс деген мәрт өнері
Бұл күнге жеткен жоқ па қыры сынбай.
Айтыста жарқылдашы, Маржан ақын,
Қыпшақтың қайқы біткен қылышындай.
Секілді иранбақтың тел шыбығы,
Адал жар – ер жігіттің енші гүлі.
Оң жағыма жарымды ертіп шықсам,
Бар ма екен оның қандай ерсілігі?
Жігітіңді сен де ертіп шықпайсың ба,
Болмаса Жиенқұлдай кемшілігі.

111
Қазақтың ақынысың, нарқы жатық,
Ағызған жыр бұлағын сарқыратып.
Өмірлік қасыңдағы жұбайыңды
Көрсеткен дұрыс болар жарқыратып.
Жеткенде адал жарды бағалар күн,
Өкінішін қайталаман бабалардың.
Қарашаштай ақылды адал жарға
Жиренше көңілімен қарағанмын.
Жарқыратып көрсетіп жүрейікші,
Заманы емес бүгін Саралардың.
Еріксіз тентіретіп тұрағыңнан,
Мәскеу талай бұрады құлағыңнан.
Мәңгүрттің тар кепесін тіксем деді
Тектінің тері сіңген мұрабыңнан.
Алаштың асылдары атылғанда,
Күңіренген үн шықты құба қырдан.
Семейдің полигонын сынаққа алып,
Ұядай мекеніңді ұра қылған.
Өз түбіне өзі жеткен Компартия,
Шөл жасаймын деп жүріп бұлағыңнан.
Ақыры қызыл империя жаназасы
Алматының төрінде шығарылған.
Балаң он бір мүшесі достастықтың,
Марқұм социализмге дұға қылған.
Тәуелсіздік жариялап Қазақстан,
Жасқанбады сол сәтте сынағыңнан.
Халқымыз сын сағатта үміт күтті
Тұлғалы Нұрсұлтандай қырағы ұлдан.
Еркін елмен елшісі амандасып,
Әлем келіп су ішті құманыңнан.
Текті ұлт екеніңді танып білді,
Ғаламзат «Алаш» деген ұраныңнан.
«Аллалап» біз бастаған жаңа ғасыр
Шаттықты ғасыр болсын мұңы арылған.
Шырағын азаттықтың қырда жағып,
Елімнің көшін оңға бұрғалы анық.

112
Елтаңба, Ата Заңды қабылдадық,
Қуанып көк байраққа бір қарадық.
Бәйгеге қосқан кеше теңгеміздің
Өз бағасын жоғалтпай тұрғаны анық.
Он жылда он саясат жүргізген соң,
Келеді реформаң тұлғаланып.
Берекелі күндермен табысайық,
Қазағым екі қолын нұрға малып.
Азаттық тербеткелі даламызды,
Көрсетті тегеурінді шамамызды.
Тәуелсіздік тұрақты болу үшін
Дұрыс тәрбиелейік санамызды.
Азат болдың, бәрі де бітті екен деп,
Кеңге сала бермейік жағамызды.
Келер күнге ұялмай бару үшін
Дұрыстап өсірейік баламызды.
Кәлимасын білмейтін шалды көрсем,
Аңсаймын шежірелі нар абызды.
Тәнін сатқан рухсыз қызды көрсем,
Армандаймын Баяндай дана қызды.
Ұлттың тәні сырқатсыз, таза болсын,
Өзгелер білсін десек бағамызды.
Ерлерім арғымағын тағаласын,
Керуенін дұрыс бастау ағаға сын.
Қаржыларын жамқырып инвесторлар,
Өзінің ойламасын қара басын.
Елімнің еңбек заңын сақтай білсін,
Қазаққа құл секілді қарамасын.
Отандық инвесторға жағдай жасап,
Үкімет өз ерлерін бағаласын.
Өндірісің, техникаң дамыр болса,
Әлемдік бәсекеге бара аласың.
Кедей ұлтты ешкім де менсінбейді,
Әуелі өзің бай бол, нар алашым.
Құтылып «қызыл» қақпан сорымыздан,
Ұмтылып шыққандаймыз орымыздан.

113
Аңсаған азаттыққа қол жеткіздік,
Айымыз туып нұрлы оңымыздан.
Азаттықтың бұл қонған бақыт құсын
Қайта ұшырып алмайық қолымыздан.
Ұлтымның жүрегінде мұрат та арман,
Үкілі үміт күтеді шуақ таңнан.
Әлемдік бәсекеге шыдайтұғын
Экономикаң бекісін тұрақтанған.
Ішкі­сыртқы өнімің қарқындасын,
Сарқылмай су аққандай бұлақтардан.
Отандық капиталың молайсыншы,
Күндерге жету үшін нұр апталған.
Осы айтқанды үкімет бір ойлансын,
Өркенді ел болам десек қуаттанған.
Хас жүйрік мәресіне озып жетті,
Шабытым елді көрсем қозып кетті.
Тәуелсіздіктен бастадым текті сөзді,
Демегейсің Аманжол созып кетті.
Маржан:
Кезегін күтіп Маржан зарықпады,
Оғыңның біреуін де дарытпады.
Күйеуім қос баламмен енешімнің
Қабағын, жаным, үйде бағып қалды.
Айтыстың жолы әділ жол екендігін
Бір­екі жарыстарда анықтады.
Өзің айтқан Жиенқұл секілденіп,
Қызғаныш Маржан қызға танытпады.
Бұл сөзді түсінерсің санаң болса,
Келеді әлі талай аман болса.
Маржанды осы айтысқа жіберер ме ед,
Күйеуім Жиенқұлдай жаман болса?
Сен айтсаң, мен де тұрам мың толғанбай,
Аманжол, көкірекке шер толғандай.
8­302

114
Қараңғы болған қазақ десе біреу,
Пәсейіп ақ көңілім жер болғандай.
Күн көсем армандаған коммунизм
Асан қайғы жерұйығына тең болғандай.
Жоқ кезде дәрі­дәрмек, жыланның да
Уына уланбастан ем қолданды­ай.
Бокстан ұлдарыңыз бәйге алғанда
Тік тұрып бүкіл дүние, ел таң қалды.
Қыз Жібек, Баяныңның сұлулығы
Тандырады екен естен көрген жанды.
Шүкірлік, тәуелсіздік келіп бүгін,
Қазаққа қатып қалған сең қозғалды.
Ақын ба ел мен жұртын ойлатпаған,
Халық па ақындарын сайратпаған.
Қабанбай, Бөгенбайдың қылышынан
Қапыда қаншама жау жайрап қалған.
Жете алмай осы күнге қазағымның,
Бармағын ер Абылай шайнап қалған.
Іргесін тәуелсіздік, ақ ордамның
Қалаған Ләззат, Ербол, Қайрат балаң.
Ерлігін бабалардың есіме алсам,
Қырандай тұғырдағы айбаттанам.
Кетпейді құлақтан еш ұрандары,
Жетті ғой жетпіс жылға шыдамдары.
Жетпіс жылдай байланған қыл арқаннан
Шырылдап талай адам шыға алмады.
Он емес, сексен жылын тойлар енді,
Егер де тірі болса Тұрарлары.
Аманжол:
Қазақтай не көрмеді ел биігі,
Кеткен жоқ тоқыраудың шер­күйігі.
Асан менен Ленинді шатастырма,
Асан, ол – елді ойлаған ер биігі.
Бүгінгі тәуелсіздік, азат заман – 
Бабалар армандаған жерұйығы.

115
Маржан қыз, ханшайымдай бағалы едің,
Жырымнан сезіндің бе дала лебін?!
Сәуірде қалың ағаш бүршік жарып,
Құлпырды Жетісудай дала керім.
Киелі, қасиетті Алматымды
Жер­Ана, жерұйыққа балар едім.
Белдерін ұл­қызының халқым буып,
Жаңғырды айтыс деген жарқын ғұрып.
Үйінде бала баққан азаматың
Балаңның отқан шығар артын жуып.
Кезім жоқ шындықты айтпай жәй қалғандай,
Маржан­ау, бір сырыңыз байқалғандай.
Киелі Қызылқұмның қызғалдағы
Сәуірде сәні кіріп, жайқалғандай.
Бұл күнде үйде отырып бала бағу
Ерлердің қызметіне айналғандай.
Келгенде нарық заман қыспақтаған,
Ерлерім, төмендеді, ұқсақ бағаң.
Ала сөмке арқалап қыз­келіншек, 
Базарда не қалмады қыз сатпаған?!
Жігіттер үйде отырып бала бағып
Өліара уақыт болды іштартпаған.
Кешегі әжелерім ғаламат қой,
Азаматқа жаялық ұстатпаған.
Қалаймын бек жүзгенін кемеңіздің,
Халқыма ақ сөзімді төл еміздім.
Мендегі ақ сауытты тесе қоймас,
Ұшы өткір болғанмен жебеңіздің.
Қайын жұртым шығарып салды деп ең,
Балаға ебі жоқ па ед енеңіздің?!
Маржан:
Айтады бұл Аманжол шынын әлі,
Маржан да бәрін іштей ұғынады.

116
Маржанды шатастыру үшін бүгін
Аманжол қалай­қалай құбылады.
Жақсы жыр жүрегіңді гүлдетеді,
Толтырды бұл Аманжол сынға тегі.
Ұл­қызға қарап қалса жан жарымыз,
Ақынға деген, халқым, құрмет еді.
Ұлының алдын, артын жуған жақсы,
Ол деген ата­ананың міндеті еді.
Аманжол, ақын едің алты алашқа,
Бұл жерде дайын тұрған бар таласқа.
Екеуіміз жан­жақтағы жағдайды айтып,
Барармыз мүмкін осы бар таласқа.
Жан­жақта соғыс жүріп жатыр, білем,
Тағы да барармыз­ау сан таласқа.
Тыныштықта жолықпай сен екеуміз,
Аманжол, жолықтық­ау жанталаста.
Келіп ем осы жерге әрең деді,
Аманжол мықтылығын дәлелдеді.
Соғысын айтпай аман отбасының,
Жағдайды айт болып жатқан әлемдегі.
Аманжол:
Ұлтымның мұңсыз атсын жалғыз таңы,
Тектісін менің халқым алға ұстады.
Өзгенің боп жатқанда соғыстары,
Қазақтың күмбірлесін айтыстары.
Ақын, ғалым халқының бұлағы еді,
Оларды есіне алып тұрады елі.
Аяулы Әл­Фараби, Абылайларым
Даламның мәңгі өшпейтін шырағы еді.
Сұм соғыс – адамзаттың алып дерті,
Ежелден бейбітшілік – халық көркі.
Бұл күнде жер бетінде тұтанып тұр
Соғыстың залалы мол қауіпті өрті.

117
Түтін ғып қара жер мен күн арасын,
Ешкім де атомдарын сынамасын.
Террордың ұйымдасқан ұшақтары
АҚШ­тың талқан қылды мұнарасын.
Олар да ауған халқын бомбалауда,
Берем деп Бен Ладеннің сыбағасын.
Дегенмен террор үшін бүкіл халық
Аяусыз жапа шегіп жыламасын.
Туа сап үрейленген жас сәбилер
Көздің жасын көл қылып бұламасын.
Біздерден соғыс өрті аулақ болсын,
Қазақтың көк күмбезі құламасын.
Бейбіт мемлекет болып Қазақстан,
Бірлігің бекем болсын, ұлы алашым.
Дүбірлі дүниеде сыны мықты,
Адам тек бейбіт күнде жылыныпты.
Кешегі қырық бірдің қырғынында
Миллиондаған адамдар қырылыпты.
Грозныйды бомбалап Ресей елі,
Оның дағы болған жоқ түбі құтты.
Бейбіт өмір сүру деп айтар едім
Адам үшін ең үлкен ұлылықты.
Көрсетер террор деген қаралығын,
Ислам деген – үлкен саналы ұғым.
Құранды қолыңа алсаң, ұғынарсың
Ислам ілімінің даналығын.
Жүр бүгін кейбіреулер шатастырып
Ислам мен террордың аралығын.
Бағын деп бар әлемнің атырабы,
АҚШ та сес көрсетіп ақырады.
Соғысуға ұмтылған мемлекеттер
Әрбір кешін қайғымен батырады.
Ынтымақпен күн кешкен бейбіт елдер
Арай таңын үрейсіз атырады.

118
Жұлқыласпай өмір сүр жер бетінде,
Адам ата, Хауа ана жапырағы.
Бекерге жыламасын бұлақ алып,
Маржан­ау, ұлы өнерде бір­ақ алып.
Бен Ладен топ бастаған террорлардың
Ізіне АҚШ түсті шырақ алып.
Екі оттың ортасына ессіз кіріп,
Өзбек жүр басына дау сұрап алып.
Байсалды саясаты болмағасын,
Қалуы мүмкін ертең тұраланып.
Ақылмен жан­жағына көз тастаған
Қазақстан саясаты қырағы анық.
Адамдар, бір өмірді бейбіт өткіз,
Мәңгі жолдас болмайды мына жарық.
Түсініп жүректегі сауалыңды,
Байқадым, Маржан, сенің ауаныңды.
Көңілің толар ма екен, айтшы, бір сәт,
Қайтардым әлем жайлы жауабыңды.
Қызыл нардай көшті алға бастағайсың,
Әзірге баяу жүріп баспалайсың.
Алдымда сонша қатты қысылдың ғой,
Маржан­ау, өтінемін, саспағайсың.
Маржан:
Жағдайды жігітсің ғой шамалаған,
Білмеймін, жағар ма екен саған адам.
Оралмай отбасына қайта­қайта,
Осылай айтпаймысың бағанадан?!
Ағайын, алдыңызға келтірді Алла,
Кім шығады жекпе­жекке мен тұрғанда.
Несіне қысыламын, Аманжол­ау,
Осында қалың қазақ ел тұрғанда.
Алланың беті бері бұрылуда,
Ел жайын жәйі бар ғой ұғынуға.

119
Ол рас, екі түйе сүйкеніп қап,
Бекерге момын халық қырылуда.
Қашанда жақсы азамат ерінбейді,
Ал ерлер өмір бойы елім дейді.
Құрбандық болып неге Бен Ладенің,
Халқы үшін неге ғана берілмейді?!
Алайда ел бір мықтысын жоғалтады,
Онымен ағылшынның бағы артады.
Жасынан қару алып үйренген ел
Соғыстың тақырыбын жаңартады.
Тыныштық жақпайтұғын «талибтерің»
Амал жоқ Ташкенге көз алартады.
Олардың Ташкенге ауса аңсарлары,
Белгілі тағы момын ел сорлары.
Мұрат ақын айтқандай, Еділді алса,
Белгілі көрші жатқан ел сорлары.
Өзбектей ағаны алу – жол салғаны,
Қазақтың жағасына қол салғаны.
Тыныштық тілейікші елімізге,
Соғыстың таныс еді лебі бізге.
Күйеуін аңсай күткен соғыстағы
Әжелер кездеседі әлі бізде.
Ораза келе жатқан қабыл болып,
Тыныштық орнаса екен бәрімізде. 
Аманжол:
Соғысып, қан төгісу салтым емес,
Құрады бейбіт елдің халқы кеңес.
Берi кел деп алдымнан қол бұлғайды
Берекелi, аяулы, жарқын елес.
Он сегіз мың ғаламның жаңалығы
Азаттық бақытынан  артық емес.
Маржан қыз, шағылмасын  нар талабың,
Сан көрдiң қонақ болып Арқа алабын.

120
Екеу емес, он бес миллион қазағымның 
Ақын боп өр сенiмiн арқалағын.
Көңiлдiң айдынына қаз қонады,
Жүрегі жақсы қыздың жаз болады.
Алаштың сен секiлдi ақынына 
Екi миллиион қазағың аз болады.
Бiлемiн биiктiгiн нарқыңыздың.
Бiлемiн берендiгiн салтымыздың.
Кешегi бабалардың жолыменен 
Жағдайын айтайық халқымыздың.
Санама азаттықпен жарық кiрген,
Бiлiмдiге табылар бағыт бiрден.
Ғылымды үйренуге шақырады,
Сырлассаң ұлы Абайдай алып нұрмен.
Қаныштай қабырғалы ғалымдармен 
Қазақты жердiң бетi танып бiлген.
Әлемнiң еркiн барып төрлерiне,
Шын ғалым қызықтырар өрнегiне.
Кешегi Әлкей менен Мұхтарларым
Ғылымның көшiн бастап желмедi ме.
Ал бүгiн кандидат пен доктор болу
Айналды бастықтардың ермегiне.
Ғылыммен бола аламыз талапты, өктем,
Кемшілік көп қой бүгін ағат кеткен.
Ғылым академиясы шайқалып тұр
Қаныштар iргетасын қалап кеткен.
Көз салып қарамасаң бүгiнiңе, 
Күн ертең құрт түседi түбiрiңе.
Қазағым, ендi қайтып жол бермешi
Школьник дегендердің бүлiгiне.
Шынайы ғалымдарың жайғассыншы
Ғылымның көш бастайтын күлiгiне.

121
Қыз едің қолдан бермес намысыңды,
Ендеше ал мойындат арыс ұлды.
Маржан­ау, айта отыр Шымкентiңнің
Он жылдыққа әкелген табысыңды.
Маржан:
Елдi айтсам менiң қаным қайнар тiптi,
Ағайын, болғалы тұр майдан мықты.
Ал ендi қарап тұрсам, Аманжолды 
Шымкенттiң жаңалығы ойлантыпты. 
Әселхан, Тәушен, Марал, Бекарыстың
Жеңiсi алты алашты ойлантыпты.
Шаханов, Алиевтей Мұхтарлары
Ескерткiш тiрiсiнде қойған мықты.
Бекзат пенен топ жарған Мұхтархандар
Болмаса тәуелсiз ел қайдан шықты?!
Сен неге осыларды еске алмадың,
Ақынның бiрi едiң ғой айлаң мықты.
Елiмiз ұлы тойға сай болуда, 
Болады мақтан етiп жайлауында.
Мақтанса мырышымен өскен елiм,
Сыр елi күрiшiмен бай болуда.
Алматым апорт, алма отаны емес,
Айтыстың ордасына айналуда.
Бiздiң ел ақ алтынның өлкесi едi,
Қара алтын сiздiң елдiң қойнауында.
Талайдан бiздiң қазақ шеткері едi,
Мақтанып Маржан жырын төккен едi.
Азапты талай­талай бастан кешiп,
Тәуелсiз күнге бүгiн жеткен едi.
Көргенiң ер мен елдiң соғысы емес,
Болсын тек ақындардың жекпе­жегi.
Аманжол:
Тулайсың сен Арыстың арнасындай, 
Жiгiтпiн мен батырдың алмасындай.

122
Жарасып сiз екеумiз отырмыз ғой
Кешегi Сара – Бiржан жалғасындай.
Шымкенттiң мықтыларын айтып өттiң,
Таланты алты жасар нар басындай.
Шаханов Мұхтар ағаң бiзге де ортақ
Кешегi Махамбеттің жалғасындай.
Мықты ақын қиялында шек болмайды,
Ұрпаққа сөзі өнеге, жоқ болмайды.
Сен айтқан Шахановтай ағаңызды
Қазақ, қырғыз иемденсе көп болмайды.
Дәлелді сөз айтайын айғақпенен, 
Шындықты қару етіп сайрап келем.
Қазағым шоғырланған оңтүстiктi
Дәстүрi бұзылмаған аймақ дер ем.
Дегенмен санамызды улап жатыр
Жезөкше газеттерiң «Айғақ» деген.
Демессiң әрiптесiм жазғырады,
Бабамның бұзылмасын бағзы заңы.
«Ләззат», «Айғақ» секiлдi газеттерiң
Ұрпақтың саналарын аздырады.
Ойлансын басшыларың ерге бекем,
Ардақты аз емес қой елде көкең.
Шымкентiң бұл күндерi көше аттарын
Беймәлiм бiреулерге берген екен.
Білетін ақынсың ғой сөз бағасын, 
Ғаділ ойды айтайын қозғағасын.
Түркiстанда бiр әйел ақша үшiн
Бiреуге сатқан екен өз баласын.
Осындай жан түршiгер жаңалықтан
Көңiлiң қалай ғана боздамасын?!
Төсiнде Сарыарқадай нар алаңның
Қара алтын – қазынаммен дараландым.

123
Он жылдыққа еселi үлес қосып,
Болашаққа үмiтпен қарағанмын.
Қамалтиндей ағамыз көштi бастап,
Жайқалып келе жатыр Қарағандым.
Болмасын мынау еркiн ғасырда мұң,
Бел буып, қиындыққа бас ұрмадым.
Сүйiншi деп айтамын Қарағандымда
Зәулiм биiк ақ мешiт ашылғанын.
Келедi азат күнде жалындағым,
Келедi көштi бастап арындағым.
Қуанышпен айтамын Қарағандыда
Қазақша жаңа мектеп салынғанын.
Ақының мекен еткен алып белдi,
Бағасын жақсылардың халық бердi.
Таяуда облысымның жетiстiгiн 
Елбасының өзi де барып көрдi.
Астанаға сый қылып Қарағандым,
Мыстан құйған монумент салып бердi.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет