38
«Кімсің?» деген жан болса сұрай қалған,
Олай барған Көпенмін, былай барған.
Сырт қарасам сыншыдай
өзіме-өзім,
Жер шары секілдімін шыр айналған.
Күн нұрынан əуелі нəр алғанмын,
Махаббатын арттырып адамдардың.
Тау-тасы, орман, дала, мұхиты бар
Он екі құрылықтан жаралғанмын.
Аңсаған шағалалы шалқар үнін,
Алты алаштың шөл, шөлейт алқабымын.
Шөліркеген далаға су апарған
Асау өзен секілді əр тамырым.
Жабырқасам жаңбырдай сіркіредім,
Табиғаттай құлпырып бір түледім.
Ал, аспаным ашылмай бұлт торласа,
Найзағай боп, күн болып күркіредім.
Қара дауыл тұрғыздым аптығыстан,
Құйыным да ұйытқып жатты тұстан.
Жапырағым оңтүстік болғасын ба,
Жазым ұзақ қар жауған қатты қыстан.
Жер-Ананы адамдар жылатты ма,
Жылатты ма?
Жылатса жұбатты ма?
Қанша досым жармады «атомдарын»,
Полигон боп өткіздім сынақты да.
Қайтейін жер шарындай болғанменен,
Жарылыстан жарықшақ толған денем.
Екі-үш балмен дүмпідім ауық-ауық,
Түбі бір сілкінермін он балменен.