Бағдарламасы бойынша жарық көрді Кітапты жүйелеп, баспаға əзірлеген немересі Нəзік Мəми Айтхожа М



Pdf көрінісі
бет8/13
Дата27.03.2017
өлшемі4,59 Mb.
#10437
түріБағдарламасы
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

Сырбай МƏУЛЕНОВ
ӨЛЕҢ – ЕҢБЕК
Марфуға Айтхожаның жыр жинағын оқуыма негізінен бір 
ғана жай себеп болды. 1942 жылдың жазында Пермь қаласы-
нан  қырық  шақырым  жердегі  Юг  станциясының  жанындағы 
Бершет деп аталатын əскери лагерьде бір топ жауынгер бір ай-
дай  жаттығудан  өттік.  Запаста  тұрған 19-шы  атқыштар  пол-
кінің  əскерлері  қарағайдан  үй  салып,  қиыршық  құмнан  жол 
төсеп,  аз  ғана  күннің  ішінде  қалың  орманды  қалашыққа  ай-
налдырып  жібердік.  Кейде  Пермьде  де  болып,  Кама  өзенін 
жағалап,  қара  жаңбырдың  астында  қалып  жүрген  шақтар  да 
болды. 
Сондықтан  да  Кама  бойы  менің  жауынгер  жастық 
жылдарымның  бір  кішкене  жылғасы  секілді  жақын  тартып 
тұратын.  Марфуғаның  «Пермь  дəптерінен»  деген  өлеңдер 
тобын  кездестіргенде  сол  күндеріме  қайта  қауышатындай 
асыға  оқи  бастадым.  Сабырлы  өзен,  саялы  шырша,  салқын 
самал алдымнан шықты. 
Соғар тынбай
Солтүстіктің самалы
Серуендетіп,
Серпілдіріп даланы.
Көк шыршалар жағалауда 
 
 
 
мүлгиді
Көрген талай –
Көне менен жаңаны.

253
Иə, өзім көрген көк шыршалар, жапырағы жамырап тұрған 
жасыл қайыңдар. Ақын Камада жүзеді, далаға еркелейді. Орал 
тауларына  таңданады,  орыс  орманы  оны  жатсынбай  бауыры-
на басады. Раушан гүлін сыйлайды. Краснокаменскідегі қағаз 
комбинатының  жұмысшылары  төрін  ұсынады.  Олар  жасап 
жатқан ақ қағаз ақын жанын тербеп, ойын оятады. 
Бұл қағаздар –
Адамның пəк арманы,
Адам үшін –
Қызмет ету бар мəні...
«Искрадан» дауылдарды
 
 
 
 
боратып,
Болашаққа жол көрсеткен 
 
 
 
 
алдағы.
Бұдан  кейін  де  Марфуға  қағаз  төңірегінде  өзі  айтпақ 
болған пікірлерін төгеді. Ақ қағаз бен қара қағаздың қаншалық 
айырмасы барын, бірі ардай таза болып, бірі сонау бір сұрапыл 
кездерінде  адамға  қайғыны  хабарлап,  аза  болып  жеткенін 
айтады. «Шебер  қыздар»  деп  аталатын  осы  өлең  бірнеше 
өлең кітабын шығарған ақынның есейіп қалғанын қалтқысыз 
танытады.
Өлеңі  еркін,  ойы  айқын  Марфуға  Балтық  бойын  арала-
ғанында, Кавказ тауларына барғанында өз сөзін айтуға талпы-
нады. «Болгария əуендері» деп аталатын топтамада бауырлас 
елдің өзенін өзінше көруге құлшынады. 
Тарт, Шамша,
Өрге қарай аттың басын
Көк Дунай бізді бүгін 
 
 
жатсынбасын,

254
Қайтайық желқайықпен
Желе жортып,
Ел сеніп,
Бұл сапарды тапсырғасын, –
деп өзін өзі қайрай түседі.
Бұл  топтағы  «Көгілдір  өлке,  көк  Дунай», «Жүрегімде», 
«Дала  ұқсастықтар», «Ескерткіштер  қаласы»  сияқты  өлеңдер 
шын  шабыттың  перзенттері.  Бұл  жырлар  өлең  ұйқастыратын 
машықтықтан емес, өлеңге құлай берілген ғашықтықтан туған 
дүниелер.
Өлең – ақынның  жан  тынысы,  ақынның  қан  жүрісі,  ақын 
жүрегінің кардиограммасы, ақын мұратының программасы. 
Өлең – ақынның  көңілінің  қозғалысы,  шабытының  ауа 
райы, өлең – ақын ойының жемісі, жеңілісі мен жеңісі.
Өлең – ақынның өмірі, ақынның тағдыры.
Ақын өлеңінде бүкіл өмірінің өткелдері, асулары жатады. 
Соған  қарап  ақынның  мінез-құлқы,  қасиет-парасаты, 
адамгершілік, азаматтық сипаттары танылады. 
Поэзия – əр  кез  ізденіс  алаңы,  дəстүрді  жалғастырушы 
болумен  қатар  жаңалықты  барлаушы  да.  Поэзия – жаңа  ой 
толқындарымен, сезім сəулелерімен, тың жолдарымен құнды. 
Бұл  қасиет  талантты  өрге  сүйрейтін  ащы  тер  арқылы,  ауыр 
еңбек арқылы бірте-бірте бойға дарып, көңілді көктем етеді. 
Бүгінгі  заман,  уақыт  талап  етіп  отырған  жалпы  адамзат 
арманымен  тоғысатын  ірі  үлкен  тақырыптарға  бару  əрбір 
ақынның азаматтық борышы. Ақын ең алдымен өзі өмір сүріп 
отырған дəуірге міндетті. Дəуірдің үлкенді-кішілі уақиғалары 
ақын  жүрегіне  із  тастап  отырады.  Ақын  бүкіл  халқымызбен 

255
бірге  ашық  аспан  үшін,  берік  бейбітшілік  үшін,  шат  тұрмыс, 
баянды бақыт үшін күреседі.
Бүгін  өлеңге  қойылатын  міндет  үлкен.  Оның  əрбір  сөзі 
салмақты, ойы терең, серпіні зор болуы керек. Марфуға мұны 
жақсы түсінеді. Ол «Таңғы шық» деген өлеңінде:
Жапырақтан шық тамады,
Ерке қыздың жасындай,
Сұлулыққа сұқтанады
Адам жаны осындай.
Сүйсінгенін жасырмай
Жалт етіп жанар жасындай
Ақықтың інжу тасындай.
Біз  Марфуғадан  өзі  айтқандай  «ақықтың  інжу  тасындай» 
жырлар  күтеміз.  Бұрын  нанға  кезекке  тұрса,  бүгін  жақсы 
өлең кітабын алуға жұрттың кезекке тұратынын көріп жүрміз. 
Ондай  бақытқа  тек  ой-сезім  жымдасып-жұптасып,  ырғақ, 
ұйқастар,  дыбыстар  дүниесі  бірі  бірімен  жалынынан  балқып 
шыққан жырлар ғана ие болмақ. Шеберлік жолы – ой ағысының 
арпалысын,  толқулары  мен  бұлқыныс  ұмтылыстарды,  твор-
честволық қуаныштар мен азаптарды бастан кешіру жолы.
Марфуғаның  болашағы  алда.  Сондықтан  да  біз  əдейі 
қатал  талап  қойып,  сын  пікірлерді  молырақ  айтып  отырмыз. 
Соңғы кезде поэзия сынында ақындарға қол соғып қолпаштау, 
марапаттап мақтау жағы басым болып бара жатыр. Өлең өтірік 
дəріпті  көтермейді.  Сыншылардан  басқа  өлеңдерді  оқып, 
ой  сарабына  салып  отырған  əділ  таразы – халықтың  барын 
ескерген мақұл. 
Қазақстан Жазушыларының съезі қарсаңында

256
Манаш ҚОЗЫБАЕВ  
ЕЛ ҚЫЗЫ – МАРФУҒА
АЙТХОЖА ҚАРЫНДАСҚА
Арманын əнге теңеген,
Асылын жырға бөлеген.
Қарап тұр бүгін Марфуға
Біздерге биік төбеден.
Өлеңі мөлдір бұлақтай,
Жайқалған жасыл құрақтай.
Өлеңі жанды оятып,
Жүректі қоймас бұлатпай.
Аңсаған елі жырында,
Сағыныш сазы мұңында.
Поэзия Шолпаны
Жайнады биік тұғырда.
Жаны нəзік баладай,
Жүзі жарқын анадай.
Жасасын, жаса, Ел қызы,
Той-думаның тарамай!
«Жырым менің, сырым менің» кітабы, 
Астана 2013

257
Төлеген АЙБЕРГЕНОВ
МАРФУҒА
Сен қарайсың мен бе деп,
Жаралғанды айтуға.
Мен қараймын сен бе деп,
Желбіреген бар тауға.
Ей, сырлы саз, сырлы саз,
Мөлдіреген Марфуға!
Сендей қызға сыйлық аз, –
Өмір керек тартуға!
Жақұт па едің япырмау,
Жанарымды жасқаған.
Бір бұлқынып Атырау,
Жағаға əкеп тастаған...
Күймен тербеп байыттың
Нөсерлетіп сыр маған.
Сол бір кеште Жайықтың
Жағалауы жырлаған.
Мен отырдым саз – əннің
Мұхитынан əн тыңдап.

Сен отырдың сазанның
Бауырындай жырқылдап.
Боялды аспан сан түске,
Кеш қойынын мекендеп.
Мен шошындым тал түсте
Сөніп кеттім бе екен деп...

259
Мұзафар ƏЛІМБАЙ
АҚЫН ҚЫЗ СЕЗІМТАЛ МА
АҚЫН ҰЛДАН?!
Жасқанып, бүгжеңдемей бала сынды,
Үйрендің күрес жолын дана сырлы.
Сая іздеп, безінбедің аптаптардан
Нар мият тұтпадың да нағашыңды.
Көп жерге көншітпедің көңіліңді,
Іздетті тағдыр саған нақ асылды.
Бедерлі жырларың бар безегі əсем
Жаратылыс көркіндей жарасымды.
Дəрменсіздік дертінен ышқынбадың,
Өмір өзі от сыйлап, ұшқындадың.
Бұлбұлдың құйқылжыған үні сенде,
Қиқулап, қырансынып, қышқырмадың.
Құбылмай да, шындықтан тығылмай да
Сөйлейсің мөрге, шенге бұрылмай да.
Пернесін жүрегінің басасың дəл
Жан сырын халық өзі сыбырлай ма?
Ақын қыз сезімтал ма ақын ұлдан,
Шат күлкің естіледі шақырымнан.

Кіші отан, ұлы Отан тұттың қастер
Сəті аз қаламыңның қапы ұрынған!
Жыр құмар оқырманның аңқылдағы,
Ол түгіл, тамғалшысып тартынғаны
Жарқылдап жаңа сөзің жолыққанда
Сыйлайды сырласқандай Марфуғаны!
Жалған даңқ – қошемет сезімдерді
Иемденген талайды көзің көрді.
Халқыңның пейілінен асқан мерей
Білесің жоқ екенін өзің де енді!
«Егемен Қазақстан» газеті, 
4 қазан 1996 жыл

261
Сафуан ШƏЙМЕРДЕНОВ, 
халық жазушысы, 
Мемлекеттік сыйлықтың иегері
САҒЫНЫШ ПЕН САЗҒА ТОЛЫ ЖЫРЛАР
(Ақын Марфуға Айтхожаның «Аңсау» жыр жинағы туралы 
жəне мемлекеттік сыйлыққа ұсыну туралы)
Қазақтың  бүгінгі  таңдағы  əйгілі  ақындарының  бірі – 
Марфуға Айтхожа менің көз алдымда өсті. Алпысыншы жыл-
дардың басында алғашқы жыр жинақтарымен көрінді. Көрініп 
қана  қоймай,  өзіне  ғана  тəн  қолтаңбасын  танытты.  Алғашқы 
жырларымен-ақ  айбары  бар,  ақындық  шеберлігі  мол,  жыр 
əлеміне  үлкен  дайындықпен  келген  дарын  екенін  байқатқан. 
Не  айтса  да,  қай  тақырыпты  жырласа  да  ағынан  ақтарылып, 
көсіле  шабатын  жəне  əйелге  тəн  нəзіктікті  де,  ерлерге  лайық 
жігер  мен  ұшқыр  қиялды  да  қоса  қабат  алып,  ақындық  хас 
шеберлікті аңғарта білген. Нағыз жүйріктерше жыр дүниесінде 
еркін көсіле қалам сілтеді.
Біз,  бүгінгі  аға  буын  оның  əр  жинағына  қуана  қол  соғып 
жүрдік. Əрине, бірер жыр жинағымен əдемі көрініп, үлкен үміт 
күттіріп, артынан зым-зия жоғалып кеткен, тез таситын шолақ 
өзендерше  бір  бұрқ  етіп,  іле  поэзиядан  түбегейлі  көрінбей 
қалған,  болмаса  прозаға  ауысып  кеткен  ақындар  да  болған. 
Марфуға жырға, өлеңге, бір сөзбен айтсақ, поэзияға шынайы 
берілгендігімен,  адалдығымен  дараланып,  жылма-жыл  өсіп, 
жинақтан-жинаққа биіктей түсті.

262
Бүгінде Марфуға Айтхожа қазақтың саусақпен санап, атын 
ерекше  мақтанышпен  ауызға  алып,  халқымыздың  мынандай 
ақыны бар деп айтуға тұратын үлкен тұлғаларының бірі. Бұл 
сөзді мен еш қысылмастан, ұялмастан, ешкімнен именбестен 
айта аламын.
Менің  алдымда    «Жыр-аққуы»  атанған  Марфуғаның 
«Аңсау» жинағы. Үш бөлімнен тұратын (əр бөлімнің атының өзі 
ғажап: «Ғасыр үні», «Исламабад аспаны»,  «Жетісу суреттері») 
жыр  жинағын  оқып  шыққан  мен  үлкен  қуанышқа  кенелдім. 
Сағыныш  пен  сазға  толы  жырларға  байыппен  қарай  отырып, 
мынаны  аңғардым:  туған  жерге  деген  мəңгілік  ұмытылмас, 
жоғалмас, ортаймас махаббат, атамекенге деген, оның жалғыз 
уыс топырағына деген ынта-зар. Сен қай жерде, дүниенің қай 
түкпірінде өмірге кел, сол аймаққа, сол жерге деген сағыныш 
еш ортаймайды, қайта жыл өтіп, уақыт озған сайын арта түседі. 
Алыста, жырақта жүрсең, бір көрсем, топырағына табанымды 
тигізіп, самал желіне бетімді өпкізіп, саф ауасын сіміре жұтсам 
деген  құштарлық  билейді  тұла  бойыңды.  Шыр  етіп  жарық 
əлемнің төсіне түскен жерің қашанда жаныңа жақын, жүрегіңе 
жылы,  көңіліңе  ыстық.  Мұны  «Аңсау»  жыр  жинағының  өн-
бойына арқау еткен Марфуғаның жырларынан анық аңғарамыз. 
Жəне əдемі де шабытты жырланған. 
«Күнес» өлеңінде Марфуға былай толғанады:
Жүрегім Күнес десем, күрсінеді,
Күнестен – тасқын əуен
Күркіреді.
Күнестен басқа жерде күй кешсе де,
Күнесті күнде айтумен жүр түлегі!..

263
Аңсаймын,
Атқан таңын,
Күнес кешін,
Қашанда, қайда-дағы жүректесің.
Қайраған батырлыққа ұл мен қызын,
Жүректе Күнесімнің жыры өшпесін!
Алыста, шекараның арғы бетінде қалған туған жерге деген 
сағыныш, жыр болып, нұр болып, шуақ болып, аңсау мен арман 
болып төгілді. Жəне өмірі бітпейтін арман ғой.
Аңсау...  Аңсау...  Қазақтың  аңсамаған,  армандамаған, 
қиялдамаған,  аһ  ұрмаған,  күрсінбеген  күні  бар  ма!?  Əсіресе, 
соңғы екі ғасыр көп нəрсені аңсаумен  өткізген жоқпыз ба? Арғы 
беттегі  қазақ,  бергі  беттегі  қазақ  болып  бөлінгелі  көкірегіміз 
шерге, жүрегіміз сағынышқа, жанымыз аңсауға толы болды.
Арман...  қазақтың  тəуелсіздігі,  егемендігі.  Өзгелермен 
терезесі  тең,  еңсесі  биік  ел  болсақ,  бүкіл  дүниеге  тарыша 
шашылып  кеткен  ағайындар  басы  бір  жерге  қосылып,  қазақ 
дейтін мемлекеттің туын желбіретіп, əнін шырқап, мəртебесін 
биіктетіп, шаңырағын аспандатып, мерейін өсірсек, соған ұл-
қызы  үлес  қоссақ  деген  ниетпен  өмір  сүрдік.  Бұл  қай  жерде, 
қандай жағдайда, қандай қоғамда жүрсін, əр қазақтың ғұмыр 
бойы аңсаған арманы болатын. 
Соңғы  он  жыл  көлемінде  соған  қол  жеткіздік.  Осындай 
сəтте ақын ағынан ақтарылып былай толғанады:
Мүмкін бе, Ата-текті жасыруым,
Күмістей төгіл сен де
Ашыл үнім!
Өз көркі, 

264
Өз тағдыры
Өз қолында
Мен Тəуелсіз қазақтың  – ақынымын.
Қазақтың өмір бойы армандаған ұлы мақсаты орындалған 
сəтте  Марфуға  Айтхожа  осылай  шырқайды.  Арындап,  көңі-
ліндегісін  еркін  де  шабытты  жырлау  Айтхожаның  қашанғы 
əдеті. Онда көкейдегіні бүгіп қалу, ойдағыны жасыру, мұның 
арты қалай болар екен деген күдікті ой ешуақытта болмайтын. 
Нені  жырласын,  нені  айтсын  бүкпесіз,  шынайы  ақтарылады. 
Бүгінгі мына «Аңсау» жинағында ой құйылысы, жүрекжарды 
сырының жөні тіптен бөлек.
Төзімді еді қазақтың халқы қандай,
Сорынан арылмаған, тайқы маңдай!..
Жайым жоқ,
Көрге айтарымды, айтып алмай! 
деп  ағынан  ақтарылуы  тегін  емес.  Ол  атамекенді  аңсаған, 
соның  бір  уыс  топырағы  бұйырса  екен  деп  зар  илеген  шетел 
қазақтарының  сағынышын  өн-бойына  арқау  еткен.  Кітаптың 
атын  иеленген  «Аңсаудан»  бастап, «Ғасыр  үні»  топтамасына 
кірген жүзге тарта жыр, негізінен, қазақ елінің тəуелсіздігіне, 
сол  тəуелсіздікке  жету  жолында  аянбастан  тер  төккен  ерен 
жүйрік  ерлері  мен  абзал  азаматтарына,  өнер  мен  мəдениет 
қайраткерлеріне,  алыстағы  ағайындардың  атамекенге  деген 
сағынышына,  осы  күнді  көре  алмай  аңсаумен  өткен  ұлы 
тұлғаларымыздың  арман-мүддесіне  арналған.  Қашанда  са-
йын  өсіп,  өзіндік  асқақ  үнін  танытатын,  əр  оқырманын  ойға 
қалдыратын  Марфуға  бұл  жолы  бұрынғыдан  да  асқақтап 
кеткен. Шабыт дейтін ұлы құдіреттің құшағына кіріп, ақындық 

265
шынайы  шеберлікті  танытқан.  Қазақ  даласының  кешегі  кел-
беті, бүгінгі жағдайы шабытты жырланған. 
Жинақтың  екінші  бөліміндегі  «Исламабад  аспанына» 
Пəкістан  елі,  оның  жаны  жайсаң,  жүрегі  жомарт  адамдары, 
болашаққа  асыққан,  ертеңге  сеніммен  қараған,  досқа  досша, 
қасқа  қасша  қарай  алатын  халқы  туралы  бірнеше  жырлар 
топтасқан.
Шағымда осынау бір шарықтайтын,
Еліне Пəкістанның барып қайттым,
Ұяты да иманы ұялаған,
Ел екен,
Сыр алдырып, тарықпайтын... –
деп көтеріңкі көңіл-күймен шалқып бастаған жырлар оқырман 
жандүниесіне еркін бойлары ақиқат. 
Үшінші  бөлімдегі    «Жетісу  суреттері»  деп  аталатын 
лирикалық  дастан,  атынан  көрініп  тұрғандай-ақ,  атамекенге
оның əсем де көркем табиғаты мен елге белгілі, өнегелі істермен 
танылған  азаматтарына  деген  ақ-адал  көңіл-күйден,  шынайы 
ғашықтықтан  туған.  Жетісу  атырабы  табиғаты  көркем,  жері 
əсем, адамдары жарқын да жомарт, батыры мен ақыны, əншісі 
мен күйшісі мол аймақ. Ақын шабыттан шалқып, қуаныштан 
балқып отырып, даланың əр төбесін, елдімекенін, одан шыққан 
тұлғалы  жандарды  дастанына  арқау  етеді.  Бұл  дастан  бүкіл 
Жетісу  өңірінің  кешегі,  бүгінгі  келбетін  ақ  қағаз  бетіне  кең 
көлемде  түсірген  жылнамасы  секілді.  Жетісу  өңірінде  туған, 
мен  халық  ұлымын  дегеннен  аты  аталмай  ешкім  қалмаған. 
Жəне  əрқайсысын  орын-орнымен,  жөнімен,  ретімен  өрнекті 
түрде жанды бейнесімен, табиғат ананың, туған жер самалының 
құшағында көрсете алған.

Қазақтың  көрнекті  ақыны  Марфуға  Айтхожаның  Респуб-
лика  Мемлекеттік  сыйлығына  ұсынылып  отырған    «Аңсау» 
жинағы  қай  жағынан  алсақ  та,  қалай  дəріптесек  те – соған 
лайықты кітап. Қай бəйгені болса да шаппай бер дейтін кесек 
те  ірі  шығарма.  Туған  жерге,  атамекенге,  оның  табиғатына, 
адамдарына  деген  сағыныштан,  аңсаудан,  көңіл-күй  сазынан 
туатын шуақты да отты, нəзік те жігерлі жырлар. 
Менің  осы  жерде  мына  бір  жайды  еске  сала  кеткім 
келеді.  Мемлекеттік  сыйлық  кез  келген  автордың  бір  ғана 
шығармасына  берілетіні  рас.  Бірақ  ақын-жазушының  бүкіл 
шығармашылығы,  халыққа  еткен  еңбегі  де  ескерілетіні  рас. 
Қырық жылдан бері  жыр төгіп, əр жинағы сайын асқақтаған, 
қазақ  поэзиясы  əлемінен  ойып  тұрып  орын  алған  Марфуға 
Айтхожа    «Аңсау»  жинағымен  де,  бұрынғы  кітаптарымен  де 
Мемлекеттік сыйлыққа лайықты ірі ақын.
Əркім осыны есте ұстағаны абзал.
«Қазақ əдебиеті»,
2002 жыл 8 қараша (№45)  

267
Татьяна БЕЛОВА
ЕКІ ЖҰЛДЫЗ
(Қазақ тіліне аударған  Өтеміс Ырғызұлы Қанахин)
Мұнан он бес жылдай бұрын Шыңғыс Айтматов: «Поэзияға 
өз үнімен əйел келер болса, бұл, бəрінен бұрын, сол қоғамның 
парасаттылық дəрежесін көрсетеді», – деп қырғыз ақыны Май-
рамхан  Əбілқасымованың  творчествосы  туралы  жазған  бола-
тын. Бұл пікір бір ақын қыз турасында ғана айтылмаса керек. 
Қазіргі  кезде  көп  ұлтты  совет  поэзиясында  бұрын  болмаған 
алымды да дара əйел ақындардың жарқ етуін түсінудің де кілті 
осында жатыр деп білеміз. Шығармаларына асқақ арманды, за-
мандас зердесін, қоғам өмірін, дəуір тынысын арқау еткен олар, 
өз халқымен бірге жасасып келе жатқан поэтикалық байырғы 
дəстүрлерді жаңарта да білгенін байқау қиын емес.
Анна  Каландадзе  мен  Маро  Маркорян,  Эллен  Нийт  пен 
Лина  Костенко,  Танзила  Зумакулова  мен  Зульфиялар...  Ұлт 
республикаларындағы ақын-əйелдер – қазіргі совет əдебиетінің 
мақтанышы;  сонымен  бірге  олар, «нəзік  жанды  кісілер»  ғой 
деп басқаша, мүсіркей қарауды керек етпейтін, заманымыздың 
көркем шежіресін жасау ісіне зор үлес қосып келеді.
Солардың бірі қазақ халқының қызы – Марфуға Айтхожа 
ақынның,  таланттың,  əйелдің  өмірдегі  орны  жайында  былай 
дейді:
Жер  бетіндегі  тіршілікті  көркейте  түсіп,  игіліктерін  мей-
лінше молайта беруге байланысты туған М.Айтхожаның жыр-
лары М.Əбілқасымова поэзиясымен үндесіп жатыр.

268
От басы, Отан үшін
Жыр жазу,
Дүниеге перзент əкелу –
деп біледі Майрамхан өмір сүру мағынасын.
Бұл екеуі бір-біріне мүлде ұқсамайтын ақындар; əрқайсы-
сының  өзіне  ғана  тəн  көргені,  білгені,  түйгені,  қызулығы, 
өрнек, əуені бар. Солай бола тұрса да, бағыт-бағдар, мəн-ма-
ғына тереңдігі жағынан ұқсастығы байқалады...
Екеуі  де  өздерінің  поэтикалық  бастауын  халық  жыры-
нан  алады.  М.Əбілқасымова  «Жыршы  өлеңі  менің  қаныма 
сіңген» деп, оларды пір тұтады. М.Айтхожа да өзін тал бесікте 
əлдилеген асыл əуендерге табынумен келе жатқанын ашық ай-
тады...
Екеуі де творчестволарының халықтық екенін айтып қана 
қоймай, онысын өздерінің əуенді де нақышты, əсте қайталан-
бас  жарқын  жырларымен  дəлелдейді.  М.Айтхожа  бір  əңгіме-
сінде анасы бесігін тербетіп отырып «Елім-айды» айтатынын 
еске алды. «Содан бері осы əн, – дейді ақын, – тірлігімнің тірегі 
боп  келеді.  Қайда  болмайын,  осы  əн  əрқашан  менімен  бірге, 
сонда ғана туған жерді нық басып жүргендей сезінемін. Осы 
əннің құдірет-күшімен өмір сүріп, еңбек етіп, жар сүйіп, жыр 
жазумен келемін...». Осыдан-ақ əн мен Отан ақын зердесінде 
біртұтас екенін анық аңғаруға болады.
М.Əбілқасымованың да туған жерге деген сүйіспеншілігін 
барлық өлеңдерінен байқаймыз. Ол алысқа кетер болса алғаш 
тəй-тəй  басқан,  ата-бабалары  ғұмыр  сүрген,  өзінің  көкірегіне 
ең  алғаш  жыр  сиқырын  дарытқан  туған  жеріне  жеткенше 
асығып болатынын ешкімнен жасырмайды:

269
Көктемгі көкті еске алсам,
Кеудемді сағыныш дірілі қысады.
Туған жерім мен өзімді
Бір тұлға десе де болады!
Қырғыз  ақын  қызының  жырлары  көбіне  ақ-адал  сенімге, 
жүрек діріліне құрылады. Ақынның сөздігінде «діріл» сөзінің 
тым жиі кездесетіні сондықтан да болар. Ол бояу жұмсақтығын, 
ішкі емеурінді, жүрек дірілін көбірек ұнатады. Суреткер ретінде 
Майрамхан  сезім  шырқауының  құдіреттілігін,  оқиғаның  тар-
тыс-талапайын емес, соларға апарар жолдағы алғашқы құрыс-
тұрыстар  мен  жаныңды  тербетіп,  жүрегіңді  лүпілдеткен 
жағдаяттарға ден қояды. Көктемнің келуін, жазғытұрым алғаш 
қылт  етіп  жер  бетіне  шыққан  гүлдер  жайлы  ақын  былайша 
тебіренеді:
Дүниеге жаңа келген бұп-бұйра
                                 қозыға ұқсап,
Олар жасқана, діріл қағып
                                 бой көтереді.
Гүл де емес, шөп те емес – 
Адам жанының алғашқы 
 
 
       селт еткені сықылды...
Махаббат  лирикасының  өзінде  Майрамхан  естен  танды-
ратын сезім құйынын емес, соған жетер жолдағы шырғалаңға 
көбірек  көңіл  аударады. «Кездесудің  сəті  түспей  зарығу, 
қинала  қоштасу,  үміт  шырағының  дірілі,  бойды  алғаш  биле-
ген  құдіреттің  не  деп  аталатынын  анық  білмей  қайран  қалу; 
осының бəрі өзекті жанның бақыты болар...».
Жұртқа  өзін  «дала  қызымын»  деп  таныстыратын  М.Айт-
хожаның ақындық үні айқындау да ашықтау. Ол сөзбен сурет 

270
салғанды,  қанық  бояуларды  жақсы  көреді;  сезім  толқындары 
буырқанып, қандай да болмасын шешімге барудан тайынбай-
ды: «Тəуекелшіл  жүрегім  менің,  жүрегім,  сенің  отыңа  талай 
күйгенім...».  Əрине,  бұл  салыстырудың  тым  шартты  екенін 
ескерткім  келеді.  Орыс  поэзиясындағы  əйел  ақындармен  са-
лыстырар болсақ, М.Əбілқасымова іштей тынғанды ұнататын 
Анна Ахматова мəнеріне келіңкірейді, ал М.Айтхожаға Мари-
на Цветаеваның өмірде де, өлеңде де өзіне де, өзгеге де ең жо-
ғары талап қоюшылығы жақын дер едік. Жарқын метафораға 
жаны  жақын  ол  өзінің  «тəсілін»  былайша  дəлме-дəл  айшық-
тайды:
Марфуғаның өлеңдерінде жер – жер сияқты, аспан кəдімгі 
аспанның өзі боп табиғи түрінде шынайы суреттеледі. Солай 
бола тұрса да, ара қашықтығы қатты сақталады. Ол көптеген 
жырларында  бір-біріне  кереғар  ұғымдардың  диалектикалық 
бірлігін көре де, бере де біледі: «Бар тіршілік кереғарлықтарға 
толы. Бірақ оларсыз ненің жақсы, ненің жаман екенін қалайша 
айырған болар едім?..».
М.Айтхожа өзінің «Туған жерді аңсау» атты өлеңінде бы-
лайша ашылады:
Туған жерін аңсамайтын жан бар ма,
Өзектегі өзгермейтін мəңгі арна.
Өйткені ол ақ сүтімен ананың,
Тарап кеткен бойдағы ыстық қандарға.
Сонымен,  өз  халқының  қалың  ортасынан  шыққан  екі 
ақын  қыздың  творчествосы  мазмұн  жəне  əуен  жағынан  да 
халық  жырынан  бастау  алғанын  анық  аңғарамыз.  Жəне  де 
Ш.Айтматовтың  М.Əбілқасымова  туралы: «Ұлттық  ақын 

271
екені айқын бола тұрса да, ол сол халыққа бұрыннан тəн жыр 
дəстүрімен ғана шектеліп қалмайды» дегені екеуіне де тікелей 
қатысты.
Əсіресе, Марфуғаның қазақтың халық поэзиясының үлгісі-
мен  шектелмейтіні  өз  алдына,  оның  творчествосына  жан-
жақты  жаңа  ізденістер  тəн,  тақырып  жағынан  да  сонысымен 
басым. М.Айтхожаның жырлары дүниежүзілік мұрадан, ең ал-
дымен орыс мəдениеті мен тарихынан нəр алатынын айту ке-
рек. Марфуға – Пушкин, Лермонтов, Ленинград, Волга туралы 
үлкен тебіреністен туған өлеңдердің авторы:
Александр Сергеевич, мазалайын сұрағыммен,
Ақындық аспанында ұнаймын мен,
Кең байтақ даусың жеткен Ресейге,
Сен неге қарап тұрсың уайыммен?!.
Маған пəк,
Жүрегіңде тұнған қайғың,
Сүйсініп,
Қалай ғана нұрланбаймын?!
Жеткізсе Абай сені қазағыма,
Қос ақын – 
Қолтығында тұрғандаймын.
Барлық халықтардың əйелдер жасаған поэзиясы махаббат, 
мейірбандық жəне аяушылыққа толы екені көпке мəлім. Адам 
атаулының бəріне тəн осы ұлы тақырыптарды уағыздап жырла-
уда əйел ақындардың творчествосының көркемдік жəне əдеби 
мəні  айқындала  түспек.  М.Айтхожаның  «Тұлпар  тұрманы» 
жинағына берген алғы сөзінде Олжас Сүлейменов былай деп 

272
жазады: «Өзінің  поэзиясында  Марфуға  əйел,  қыз,  сүйгені, 
жар, ана екенін жасырмайды. Ол – үйдің тұтқасы, отбасының 
берекесі.  Сондықтан  да  оның  өлеңдерінде  нəзіктікпен  қатар 
батылдық,  мейірбандықпен  бірге  еркөңілдік,  өкпелеп-ренжи 
білумен  қоса  аса  төзімділік – осының  бəрі  əйел-ананы  күйкі 
тіршілік  күйбеңінен  жоғары  көтеріп,  отбасы  тірлігі,  ерлі-
зайыптылар бірлігі, елдің бүтіндігі, яғни болашақ үшін бəріне 
шыдап баққызады».
Марфуғаның  «Той  толғауы»  балладасы  табиғат  талабына 
бағынған, өмірі беймазалық пен бақыттан тұратын ана туралы 
гимн десе де болғандай:
Ана болсаң, ана жанын ұғарсың,
Алдыңдағы ол бір биік құзар-шың.
Балаң үшін көкірек кере мақтанып,
Балаң үшін биіктен де құларсың.
Ана болсаң, ана жанын ұғарсың...
 М.Əбілқасымова да өзінің қыздарына, жалпы жер бетіндегі 
балаларға  арнап  көптеген  өлеңдер  жазды.  Ал  ана  туралы 
толғанысы бəрінен де бөлек: 
Жер жүзінде ескертусіз ереже
   
 
 
      жоқ,
Бірақ тірлік тұтқасы анаға ешқандай
   
 
 
     ескерту жүрмейді.
Қырғыздың  ақын-қызы  өзінің  əйел  затына  жататыны  жа-
йында публицистикалық пайымдауларында да, басқа да туын-
дыларында  көп  айтады.  М.Əбілқасымова  дүниенің  өзі  отба-
сы  тірлігінен  басталатынын  аңғартады: «Ақ  бас  шыңның  ба-
сында, шəліге ұқсап, боз ала тұман жатыр»; «қызыл тақиялы 

273
қызғалдақтар,  бүйірін  тая нып,  тəкаппар  тербеледі»; «сыңар 
аяқпен  тұрған  дегелек  тəрізденіп,  жазғы  пештен  түтін 
шығады»...
М.Айтхожаның  да  тіршілік  тынысына  байланысты  ақын-
дық тапқырлықтары аз емес:
Ей, өмір, қымбат маған əр қадамың,
Өзіңнен қаншама ойлар арқаладым.
Шалғайдан кейде шаршап оралсам да,
Өзіңде өрши түсер өр талабым...
Адам  баласы  жаралғаннан  бері  əйел  табиғаты  бүлдіріп-
қиратуға, адамның жер бетінен жоғалуына, соғысқа қарсы тұру-
мен  келеді.  Осылар  жайында,  əсіресе  соғысқа  қарсы  барлық 
аналар атынан М.Əбілқасымова да («Ескерту»), М.Айтхожа да  
(«Бес ұл» поэмасы) уытты жырлар жазды. 
Қырғыз жəне қазақ тілінен аударылып жақында ғана орысша 
шыққан екі өлең кітабы енді Одақ көлеміндегі оқырмандарды, 
поэзия  сүйетін  қалың  қауымды  əйел  ақындар  көзімен  сурет-
телген сарқыраған тау өзеніне, қызғалдақты далаға саяхат жа-
сатып, жаңарып жатқан шығыстың əдет-ғұрпы, адамдарының 
еңбекқорлығы, меймандостығы, қонақжайлылығымен тыңнан 
таныстырады. Бəрінен бұрын біздің алдымызда ешқашан қай-
таланбас, бір-біріне əсте ұқсамайтын екі талант бой көрсетеді; 
бұларсыз  қазіргі  совет  поэзиясының  бірдеңесі  олқы  соғып, 
жетпей тұрғандай болар еді.
                                   
«Знамя» журналынан, №5, 86

274

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет