Бағдарламасы бойынша жарық көрді Сақ Қ. С 17 Алаш мұрасы./ Қ. Сақ. Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2014



Pdf көрінісі
бет32/37
Дата31.12.2021
өлшемі1,34 Mb.
#22411
түріБағдарламасы
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   37
«Ана тілі» газеті, 
2001 жылдың 29-қарашасы.
ТАПҚЫР СӨЗДІҢ ТАРЛАНЫ
Қазақ сөз өнерінің саңлағы Зейнолла Қабдоловтың дəрі-
сін тыңдау бақыты бізге бұйырмады. Біз деп қазіргі əл-Фара-
би атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде 1983-
1990 жылдары оқыған студенттерді айтамын. Осыған дейін 
ол оқып келген «Əдебиет теориясы» пəнінен сабақты біздер-
ге  белгілі  əдебиеттанушы  ғалым,  филология  ғылымдары-
ның докторы, профессор Жанғара Дəдебаев берді. Десек те, 
сөз зергері Зейнолла ағаны өзімізге ұстаз тұтып өстік. Оның 
екі  себебі  бар.  Біріншіден,  Жанғара  аға  Зекеңнің  сүйікті 
шəкірті деп еститінбіз. Ендеше, ұстазымыздың ұстазы бізге 
де  ұстаз  деген  сөз.  Екіншіден,  ұлт  ұстазы  атанған  Ахмет 
Байтұрсынұлынан  кейін  қазақтан  шыққан  көркем  əдебиет 
теоретигінің «Сөз өнері» оқулығын жатқа оқып, санамызға 


260
сіңіріп өстік. Ендеше, Əуезовтің ұлы шəкіртін өзімізге ұстаз 
санауға толық хақымыз бар деген сөз. 
Тағдырдың  сыйы  болар,  Зейнолла  ағамен  бірнеше  рет 
жол  түйістіргенін  өмірімдегі  ең  бір  тағылымды  сəттер  деп 
бағалаймын. Екі эпизод санамда жаңғырып отыр. 
Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғы-
лыми Кеңесінде Зекеңнің орны айрықша болды. Сол кеңеске 
журналистика факультеті профессор-оқытушыларының өкі-
лі ретінде 2004-2008 жылдары мүшелік мəртебесіне ие бол-
дым.  Сонда  байқағаным,  Зейнолла  аға  қатысқан  Ғылыми 
Кеңестің сойы бөлек болатын-ды. Əсіресе, сөз зергері жоғары 
мəртебелі мінберге шығып сөйлеген күндері ғылыми жиын 
шуақтанып, нұрланып сала беретін...
Бір  жолғы  сөзі  əлі  есімнен  кетпейді.  Ел  Тəуелсіздігі 
күні қарсаңында-ау деймін, ел ағасының сөзін айтуға Зекең 
Ғылыми Кеңес төріне көтерілді. Əдетте өзара пікір таласты-
рып, сөз жарыстырып отыратын зал бір сəтте сілтідей тынып, 
мінберге  бар  есіл-дерті  ауып,  телміре  қарады.  Болмысын-
да  ұзақ  сөйлеп,  көптің  уақытын  ұрлап,  санасын  сабылтуға 
жаны қас академиктің ондыққа дөп тигізіп, қысқа да нұсқа 
сөйлеудің хас шебері екенін ел жақсы біледі. Бұл жолы да 
дəл солай болды. 
– Барымызды бағалай білейік, бауырлар, – деп сөз баста-
ған Зекең ел тəуелсіздігінің алғашқы он-он бес жылындағы 
жетістігін  екі  ауыз  сөзге  сыйғызып,  сығымдап  айтумен 
жиналғандардың  жүрегін  жаулап,  көңіл  төрінен  тұғырлы 
орын  алды. – Мен  кеше  ғана  тотыдайын  таранған  Астана-
дан  келдім.  Сонда  бір  мəртебелі  жиында  сөйлеген  сөзімді 
Сіздерге  арнап  қайталағалы  тұрмын.  Ел  тəуелсіздігі  бізге 
не  берді  дегенге  əркім  əрқалай  жауап  беріп  жүр.  Мен 
тəуелсіздіктің қаймана қазақ үшін қадірін үш-ақ мысалмен 
жеткізгім келеді. 
Біріншіден,  байтақ  жеріміздің  дəл  кіндігінен  Астанадай 
еңселі қала тұрғызу бақытына ие болдық. Бұл – сан ғасырдан 
кейін қазақ қалауын жүзеге асырған Елбасының ерлігі. 
Екіншіден, көршілеріміз көз алартпастай етіп, кең-байтақ 
жеріміздің шекарасын нақтылап, оны қымтап бекітіп алдық. 


261
Үшіншіден,  төрткүл  дүниенің  төрт  бұрышына  тарыдай 
шашылып,  қазақ  қалпынан  айырыла  бастаған  қандас  ба-
уырларымызды  ата-жұртқа  шақырып,  тарихи  əділеттіктің 
салтанат  құруына  қам  жасап  жатырмыз.  Əлемде  түрлі  се-
бептермен  шетел  асқан  отандастарын  тарихи  мекеніне  ар-
найы мемлекеттік бағдарламамен қолдау көрсетіп шақырып 
жатқан  үш-ақ  ел  бар  екен.  Соның  бірі – Қазақстан!  Мұны 
экономикасы  жаңа  көтеріліп  келе  жатқан  жас  мемлекет 
үшін, сөз жоқ, үлкен жетістік деп санаймын. 
Ғылыми  Кеңес  мүшелерінің  рухы  көтеріліп,  ду  қол 
шапалақтап,  қошемет  көрсетуінен  көптің  көңілдегі  сөзі 
айтылғанын ұқтым. Жүректен шыққан сөз жүректі жаулай-
ды  деген  осы  шығар.  Зекеңнің  сондағы  нұрлы  жүзі,  бипаз 
қимылы,  тау  бұлағындай  сыңғырлаған  əсем  қоңыр  даусы 
кино кадрларындай мəңгілік жадымда сақталып қалды. 
Көрнекті қаламгердің «Менің Əуезовім» көркем шығар-
масын жазып жатқан тұс болатын. Алматы төріндегі «Ала-
тау»  шипажайында  демалып  жатқан  əрі  ұстаз,  əрі  дека-
нымыз  Намазалы  Омашұлына  қазақы  дəстүрмен  сəлем 
бере бардық. Сөйтсек, Зейнолла аға да сонда атақты рома-
нын  жазу  үстінде  екен.  Шипажай  аумағына  кіргеніміз  сол 
еді, таудың таза ауасын сіміріп, таңғажайып табиғатын та-
машалай  серуен  құрып  жүрген  Зекең  қарсы  алдымыздан 
шыға  келді.  Жамыраса  амандасқанымызға  сүйсінген  болу 
керек:
– Елбасына келген аса мəртебелі меймандарды Əбіш (сол 
кезде  еліміздің  Мемлекеттік  хатшысы  қызметіндегі  Əбіш 
Кекілбаев ағамызды айтып тұр) осылай қарсы алушы еді, – 
деді əзілге салып, костюмінің жеңінен шығып тұрған қолын 
ішіне  тартып. – Жүріңдер,  мен  сендерді  Намазалы  ініме 
ертіп барайын. Аздап тыныстап, əңгіме-дүкен құрайық. 
Сөйтті де, жауабын күтпестен жолды өзі бастады. 
Шипажайдың  көңіл  өсірер  кең  бөлмесінде  қос  ұстазы-
мыздың  айыз  қандырар  əңгімесін  тыңдап,  жанымыз  кіріп, 
жүрегіміз алып-ұшып, қуанып отырмыз. Табан астында кең 
жайылған  дастарханның  əңгімесін  Зекеңнің  өзі  жүргізіп 
отыр. 


–  Сендер  осы  екеуара  деген  əңгімені  естулерің  бар  ма? 
Жүздеріңнен  естімегендерің  байқалып  тұр.  Олай  бол-
са,  тыңдаңдар, – деп,  ешқашан  естен  кетпес  əңгіменің 
тетігін  ағытты. – Көрші  пəтердегі  үш  қыздың  абыр-сабыр 
дайындығына, сыбыр-күбір əңгімелеріне қызыққан бойжет-
кен шыдамы таусылған соң не болып жатқанын сұрамай ма? 
Олар ағынан жарылып, үш жігітті қонаққа шақырғандарын 
айтып,  масаттанады.  Онда  мені  де  қосып  алыңдаршы  деп 
қиылып, бұл да дайындық жұмысына кіріседі. 
Айтқан  уақытта  үш  жігіт  келеді.  Дастархан  əңгімесі 
қызып, көңілді отырыс ортасынан ауған кезде төрт қыз үш 
жігітті бөліске сала бастамай ма? Сонда төрт қыздың апалы-
сіңлісінің кенжесі былай деп сөз тауып кеткен екен: «Апалы-
сіңліге – дара-дара, қалғандарына – екеуара». 
Екеуара деген сөз содан қалған. Сөз саптауларына қара-
сам, мынау Қайрат пен Темірғали (ақын, «Қазығұрт» баспа-
сының  директоры  Темірғали  Көпбаевты  айтып  отыр)  бір 
жердің  жігіттері  секілді.  Сондықтан  екеуі  екеуара,  ал  Ба-
уыржан  ақын («Қазақ  энциклопедиясы  Бас  редакциясы-
ның»  директоры  Бауыржан  Жақыпов)  жеке-дара  сөйле-
сін, – деп ішек-сілемізді қатырып, тауып айтудың хас шебері 
екеніне  тағы  да  көзімізді  жеткізіп,  тəнті  еткені  есімнен 
кетпейді. 
Расында да, Зейнолла аға тапқыр сөздің тарланы еді. Оған 
ел  ішінде  жүрген  «Зекең  айтты»  деген  ұтқыр  сөздің  көп-
тігі куə.
 «Ұлт TIMES» газеті,
2012 жылдың 22-қарашасы.


263


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   37




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет