(«Қазақ
әдебиеті». 1934, 7 шілде)
деген, Қазақстан жазушыларының
тұңғыш құрылтайында айтқан пікірі терең толғап, дәл тұ-
жырымдаған, объективті баға болатын.
Идеялық, әлеуметтік мәні жөнінен келгенде де «Бақыт
жолында» С. Сейфуллин шығармашылығында басқа шығар-
малармен сарындас екендігін көру қиын емес. «Жұбату»
7-0195
98
әңгімесінің лирикалық кейіпкерінің қарындасы Мүслимаға
айтатын сөздері, текстік жағынан алғанда да, пьесадағы Ер-
мектің қарындасы Мүслимаға айтатын сөздерімен өте ұқсас.
«Айша» повесіндегі ағалардың қарындасын азаттық жолына
шығарып салуын еске түсіріңіз.
Тұтастай алғанда, осы шығармалардың бәрінде де негізгі
оқиғалардың түнде басталып, таң ата аяқталуында көркемдік
мән бар. Бұларды, дәлірек айтқанда, Сәкен поэтикасында түн
мен күнді қарама-қарсы контраста алу тәсілі тудырған жаңа
символдар, образды детальдар деп қарау дұрыс.
Қазақ әдебиетінде баспа жүзін көрген алғашқы пьесалар-
дың қатарында 1922 жылы Орынборда басылып шыққан
Міржақып Дулатовтың «Балқия» драмасы да айтылуға тиіс.
Бұл шығарманың нақты қай жылы жазылғаны туралы дерек
белгісіз.
Пьесада көтерілетін әлеуметтік-қоғамдық мәселе жазу-
шының бұрынғы поэзиялық, прозалық, публицистикалық
шығармаларындағы арналарды одан әрі жалғастырып, дра-
малық жанр шарттарына орай лайықталып алынған материал-
дарды алдымызға тартады.
Авторлық ремарка ең алдымен кейіпкерлерді қысқаша
мінездеп, олардың жас мөлшерін, бір-бірімен туыстық, кәсіби
қатысын дәл көрсетеді. Мысалы: «Жарасбай – дәулетті адам.
Жасы 68-де. Балқия – Жарасбайдың қызы. Ақылды, ашық
ойлы. Жасы 19-да. Қасым – осы ауылдағы жәдит мұғалімі.
Пікірлі, халықшыл жігіт. Жасы 25-те. Болыс – бай, жебір,
зорлықшыл адам. Жасы 53-те. Тілмаш – Болыспен жемтіктес,
сұм жігіт. Жасы 31-де...» – деп 18 персонаждың бәріне түсінік
берілген.
Шығарманың сахнаға лайықталғаны, әсіресе, оқиға өтетін
ортаны, ондағы декорациялық заттарды дәлді көрсетуден
жақсы байқалады.
Пьесадағы оқиғалардың негізгі өтетін орындары – Жарас-
байдың үйі, болыстың кеңсесі, Қасымның қаладағы үйінің бөл-
месі – осылардың бәрінің авторлық ремаркада негізгі заттары
99
дәл беріледі. Назар аударыңыз: «Жарасбайдың үйі – бір бөлме.
Есігі біреу, терезесі екеу, төрде жүк жиылған, текемет, кілем,
көрпе жайылған, есіктен кіргенде оң жақта қазақы кіреует,
тұсында ұсталған кілем. Алдында құрылған шымылдық, жию-
лы кіреует алдында жерде сырмақ, оның үстінде қаптап төсеген
көрпе. Жүктің бір шеті мен кіреуеттің арасында – жерде тағы
бір төсек. Оның үстінде қызылды-жасылды әйел киімдері ілулі.
Бұл төсектің аяқ жағында кішкене сандықша. Сол жағында
самаурын, аққұман, поднос, шыныаяқтар, бұлардың тұсында
жіпке асулы орамал, дастарқан, жайнамаз. Перде көтерілген
кезде үйде жалғыз Балқия көрінеді...»
Бұл жерде драматург сахналық қойылымның дайын деко-
рациясын қолдан қойғандай етіп беріп отыр.
Алғашқы көріністердегі әрекеттер осы ортада, Жарасбай
үйінде өтеді. Бірден пьесаның түпқазық бейнесі Балқиямен та-
нысамыз. Бұл бұрынғы ескі ауылдың хат танымайтын, оң мен
солын білмейтін, әке-шешенің айтқанынан шықпайтын, ескі
салт-сана шырмауындағы көрбала қыз емес, жаңа дәуірдің
толқынында қалыптасқан, дүниеге өз тұжырымы бар, көзі
ашық, әр нәрсеге пікір айта алатын, тіпті ежелгі тұрмыс-салт
ережелеріне, шариғат билігіне, құдалық рәсімдеріне қарсылық
жасай алатындай қайраты бар.
«Бақытсыз Жамал» романындағы негізгі кейіпкердің бірі
Жамалдың сүйген жары Ғали әрекет үстінде көріне алмайды,
оның сөйлеген сөздері, жасаған істері көмескі, нағыз күресетін
тұста аяқ астынан ауырып, өліп қалуы да көңілге қонбайды.
Осы олқылықтың орнын жазушы «Балқия» пьесасындағы
мұғалім Қасымның бейнесі арқылы толтырды десек дұрыс
болмақ.
Пьесадағы тартыс жүйесінің бел ортасында Қасым тұр.
Ол салған жерден еркін ойлы, жаңаша көзқарастағы жігіт
екенін танытады. Басқа ауыл адамдары секілді дәулет иесі Жа-
расбайдың алдында бүгежектемей, ойындағы нәрселерді бетің
бар, жүзің бар демей, ашық айтып тастайды. Әсіресе кедей
Нұрмақтың кешегі сайлау лаңынан бүгін заңсыз салық азабын
100
шегіп отырған ауыр күйіне жаны ашып, бұл зорлықтың түпкі
есебі неде екеніне сорлы шаруаның көзін жеткізеді.
Драматург қазақ ауылындағы әлеуметтік теңсіздікті,
бай мен кедей, жуан мен жіңішке болып бөлінуді анық, дәл
көрсетеді. Ескі салтты мүлде қолдамайды, қалың үшін қыз са-
туды айыптайды. Бұл ретте Жарасбай жырынды, кеудемсоқ,
әпербақан күйінде танылса, Нұрмақ мал-дүние үшін қыз
жылатуға бармайтын иманды, арлы, намысты, ер кедей қал-
пында есте қалады.
Қасым мінезінің ашылуы, әсіресе, екінші перденің үшінші
кө рінісінде айрықша байқалады. Алдында Қасым – Жарас-
бай – Нұрмақ диалогтарында айқындала бастаған ерекшелік-
тер енді көзқарас, дүниетаным сипаттары болып танылады.
Обал, сауап, пітір, зекет хақында дүмше молда түсініктеріне
батыл қарсы шыққан Қасым шариғат, әділет жолын сілтейді.
Ел дәулетінен жиналған қаржының құмға сіңген судай, кім
көрінгеннің қалтасында, ұстағанның қолында, тістегеннің ау-
зында кетуін айыптайды. Халық мұқтажына орай іс жасамай,
патша отаршылары қасақана қазақ тілін жою, ұлт мектептерін
тұншықтыру үшін жасап отырған қастандықтарды ашынып ай-
тады. Бұл төңіректегі Қасым толғаулары Міржақып өлеңдері
мен мақалаларындағы ой-сарындармен сабақтасып жатыр.
Төртінші пердеде Қасымның «Қазақ» газетін оқуы, Балқияға
білім беруге талпынуы, сахнада пьеса қоюға әрекеттенуі, сая-
си қашқынға қаржы жинауы, озық пікірлі Құлтас, Ахметжан
қатарлас достарымен қарым-қатынасы, ақыры Жарасбай, тіл-
маш, молдалардың жапқан жаласымен ұсталып кетуі – жаңа
сипатты күрескер бейнесін айқындайтын белгілер.
Жүсіпбек Аймауытов әдеби мұраларының негізгі, салмақты
саласының бірі – драматургия. Көптеген пьесалар жазумен
қоса, оның кезінде өз шығармаларын, үзеңгілес қаламдастар
туындыларын сахнаға қойған алғашқы режиссер қатарында
болғаны тарихи шындық. Автордың негізгі туындылары алды-
мен Семей өңіріндегі сауық кештерінде тұңғыш труппалардың
күшімен ойналып, кейін Қызылордада ұлт театрының сахна-
101
сына шыққан. Төңкеріс алдындағы тұрмыс-салт, 1916 жыл
оқиғасының шырғалаңдары, әйел теңдігі үшін күрес, Ке-
ңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы тартыс, болыстар,
тілмаштар, оқығандар, шаруалар – осы алуандас түрлі әлеу-
меттік топтар арасындағы толып жатқан өзгеріс, құбылыс,
эволюцияны жан-жақты көрсетіп берген Жүсіпбек Аймауы-
тов драматургиясы өзінің құнарлы тіл өрнегімен, айқын, дара
мінездері бар кейіпкерлерімен, биікхалықтық нысана идеясы-
мен ерекшеленеді.
Поэзия, проза, публицистика, сын, зерттеу салаларында
тең-қатар қалам тартқан, олардың әрқайсысында тамаша
туынды лар берген автордың драматургиядағы жолы да ерте
басталған. 1926 жылы Москвада басылып шыққан «Қанапия –
Шәрбану» пьесасына берілген ескертпеде: «Бұл драма 1917 жы-
лы жазылған еді, Семейде және басқа қалаларда бірлі-жа-
рымды ойналғаннан кейін жазған дәптерім жоғалып кетіп еді.
Биыл кітапты қолыма түсіріп, түзетіп жаздым. Ескі жазбасы
қолында бар кісілерден ол күйінде ойналмауын тілеймін», –
деп көрсетуінен бірталай сыр аңғарсақ керек. Ең алдымен,
Жүсіпбек – Көлбай Тоғысов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов
қатарлас алғашқы қазақ драматургтерінің бірі, екіншіден, оның
туыңдылары әуелде қолжазба күйінде тарап, сахнада қойылған.
Халық өмірінің терең шындығы, ауылдағы бай мен ке-
дей арасының жыртылып-айрылуы, әйгілі 1916 жылдың зар-
лы оқиғасы «Қанапия – Шәрбану» драмасында тап басып, дәл
көрсетіледі. Қазақ даласында жиі кездескен, әр жерде қай-
таланған оқиға алынады. Момын қара шаруа иесі Шатай мен
оның әйелі Ұмсынай жалғыз ұлдары Ынтықбайды солдатқа кет-
се өлімге баратындай көріп, қолдағы малын түгел шығындап,
қарызданып-қауғаланып әлекке түскенмен, баласын құтқара
алмайды. Қайта қыздары Шәрбану Сазамбай бай мен оның
көкайыл бәйбішесі Қалипаның қорлығына түседі. Тұрмыс-
салттың, ескілікті тіршіліктің сенімді суреттері көз алдына
келеді. Қай кейіпкерді алсаң да өз бойына шақ, лайықты киім
киген. Жүріс-тұрыс, қылық-әрекет – бәрі сенімді мөлшерде.
102
Артық-кемі жоқ, қалыпты өмір ағысы. Шәрбанудың сүйген
жары Қанапияның солдаттан келуі, оның дуана кейпіне еніп,
Шәрбануды алып қашуы, ақыры милиция алдында әділетке
жету көріністерінде, пьесаның «Жасасын бостандық! Жаса-
сын әйел теңдігі! Жасасын бұқара өкіметі!» деген сөздермен
аяқталуында сол заман талабына лайық үгіт-насихат әуендері,
жаңа идеяларға ден қою, публицистикалық бояулар да бар.
Қорлықтан құтылу, тапталғандардың бас көтеру, ұйқы-
дан ояну, мәңгүрттіктен сілкініп тұру сарындарын жазушы
көптеген шығармаларына арқау етіп алып, кейіпкерлерін са-
тылап өсіріп отырады. «Рабиға» пьесасында да (1926, Москва-
да басылған) осы күйікті мәселе көтеріледі. Жас алшақты-
ғы өз алдына, ең бастысы рухани кереғарлық адамдар басын
бір шаңырақ астына біріктіре алмайды деген ой айтылады.
Байділда қойшыны мазасыз жұмыс есейту орнына есеңгіретіп,
жабайыландырып жіберген, оның ұғымында алдындағы
жыбырлаған малы да, жаны да, әйелі де бір секілді, ұра ма, соға
ма, не істейді – өз еркінде. Автор қойшы деп жалған патетикаға
бармайды, сүйіспеншілік жоқ жерде теңдік жоқ, теңдік болма-
са ерлі-зайыпты тату-тәтті өмір жоқ деп біледі. Сондықтан жас
Рабиғаның шідер үзіп кетуіне сенесің.
Комедиялық, трагедиялық элементтер бар болғанмен,
негізінен Жүсіпбек пьесалары таза драма шарттарына орайлас
келеді; тақырып таңдау, кейіпкер сомдау, тартыс-күрестердің
өрістеу сипаттары тұрғысынан қарағанда да бір шығарма
екінші шығарманы толықтырып жатқандай әсер қалдырады;
кейіпкерлер санының ықшам болуы, түрлі мінездердің ай-
қындығы, сахналық талаптардың берік сақталуы, оқиғалардың
шашау шықпай, шымыр қозғалуы, тіл бояудың қанықтығы –
осы тәріздес сапалық қасиеттер бар.
Ескі қазақ ауылының қат-қабат, қос қыртыс тұрмысынан
алынған «Мансапқорлар» драмасының негізгі тартысына қа-
тысатын адамдар көп емес: Қасқырбай болыс, оның әйелі
Күләнда, болыстың туысқан інісі, тілмаш Мүсілім, ал мол-
да, қажы, ауылнай, шабармандар қосақ арасында жүр. Бас-
103
аяғы сегіз-ақ кейіпкер. Сахналық әрекет ширақ, салған жер-
ден кеселді түйіннің үстінен түсеміз. Негізгі тартыс бірден
ашық көрінеді. Қасқырбай қордалы байлықпен мансапқа жет-
кен, көп кебеже қарынның бірі емес, тепсе темір үзетін, көзді
бақырайтып отырып зорлық жасайтын, тапа тал түсте, түйені
түгімен жұтатын жалмауыз, қадалған жерден қан алады; дұш-
панын түрегелтіп тұрып бауыздайтын жендеттің өзі. Сорына
қарай бір шикіөкпеге зар, ол аздай, жас әйелі Күләнда көзіне
шөп салып жүр. Інісі Мүсілім бармақ басты, көз қыстымен топ
жинап, болыстықтан дәмелі.
Автор классикалық драматургиядағы тартыс өршіту тә-
сілдерін жақсы білетіндігін аңғартады; бұл ретте, әсіресе,
Шекспирдің «Гамлет» трагедиясындағы кейбір ситуациялар-
дың сарыны еске түседі. Қасқырбайдың жақын інісі әрі
тілмашы боп істеп жүрген, жас, оқыған Мүсілім ғашық отына
күйген сипатқа еніп, жеңгесі Күләнданың басын айналдырып,
түбі саған үйленем деп сендіріп, оны алдап-сулап жүріп, ақыры
күйеуі болыс Қасқырбайға у бергізеді. Болыс болу үшін топ жи-
нау, сайлаушылар аузын алуға берілетін пара, жуанның кедейге
жасайтын зорлығы – осы алуандас ұстасулар қатар жүріп оты-
рады. Ағасын өлтіріп, жеңгесін күнәкар етіп, елді алдап, оязға
пара беріп, ақыры мансапқа – болыстыққа қолы жеткен жас,
оқыған, тілмаш Мүсілім жаңа жауыздықтың, енді бел алмақ
зұлымдықтың кескінін танытады.
Уақыттың көкейкесті әлеуметтік қайшылықтарын Жүсіп-
бек айқын көріп, әр жанрдағы шығармаларында жан-жақты
бейнелеп беріп отырады. Ол көп мәселелерді қалың қауым ал-
дына тайсалмай, ашық жайып салады. 1925 жылы Ташкент-
те басылып шыққан «Ел қорғаны» драмасында жазушы пози-
циясы, оның саяси көзқарасы «Оқыған» деген атпен берілген
кейіпкердің аузымен айтылатын толғау сөздерде анық көріне-
ді. «Қызылдар – төңкерісшіл партия. Бұлар жұмысшыларды
қолдайды. Біз сияқты кемдікте, қорлықта жүрген ұлттарға
теңдік береді. Бұлар өздеріңдей қара бұқараның, қара ша-
руаның, әсіресе кедейдің қамқоры. Бұлар алдымен жарлыны,
104
жалшыны жарылқамақ, елді соларға билетпек» деген ойлар
айтқан. Оқығанның тағы бір диалогына назар аударайық.
«Оқыған: Біз де қазаққа автономия алу жолындамыз.
Бірақ біздің көздегеніміз байлардың автономиясы емес, елді
кедей ге билететін автономия алмақпыз. Алашорданың басын-
дағы бұрын патшаға кызмет қылған төрелер, ақсүйектер,
ескі оқығандар болатын. Олар саясатты білмеді, төңкерістің
бағытын жете болжай алмады, олар адасты. Адасқандығын
кейбіреулер жаңа білді, енді бізге қосылып жатқандары да бар.
Ахмет Байтұрсыновты естулеріңіз бар шығар?
Ақсақалдар (басын көтеріп): Бар. О кісі қайда?
Оқыған: О кісі қазақтың автономиясын алуға Мәскеу барды.
Ақсақалдар: Ой, жарықтық-ай!
Оқыған: О кісі қазаққа пайдалы өкімет осы, большевик
өкіметі деп кеңес жұмысына араласты».
Пьеса осындай тарихи шындықты айтады.
Азамат соғысы кезіндегі елдің сергелдеңге түсуі, бан-
дылардың, ақтардың жасаған қылмысты зорлығы, намыс
оянып, саяси көзқарас туып, жігерленген көпшілік психоло-
гиясындағы өзгерістерді драматург «Ел қорғаны» пьесасын-
да Оқыған, Ораз, Әбіш, Комиссар бейнелері арқылы көрсетіп
берді. Қазақстан Ғылым академиясы кітапханасының сирек
қолжазбалар бөліміндегі Мәшһүр Жүсіп Көпеев қорынан жа-
зушы Зейтін Ақышев тапқан материалдар ішінде Жүсіпбек
Аймауытов 1927-1929 жылдар арасында жазған хаттар бар
екен. Соның бірінде: «Былтыр ойын кітабын жазуға бәйге
жарияланғанда мен «Шернияз» деген кітап жазып қосып едім.
Соған бірінші бәйге беріліпті. Мен оны алғам жоқ, екінші бәйге
алған Мұхтар Әуезовтің «Қарагөзіне» беріңдер дедім, өйткені ол
шетте оқып жүрген шәкірт, ақша менен гөрі оған керек қой», –
деп жазыпты. Бұл фактіні бұрын әр түрлі адамдар ауызша айт-
са, енді нақты дерек табылып отыр.
Әділіне келгенде, Жүсіпбектің ең үздік пьесасы – өлеңмен,
ішінара ақ өлеңмен жазылған, Сұлтанмахмұт Торайғыровқа
арналған, 1926 жылы Семейде басылып шыққан, кейін театр
105
сахнасында қойылған әйгілі «Шернияз» драмасы. Бұл шы-
ғармада негізінен алғашқы ұлттық интеллигенция өкіл дері-
нің екіұдай жолға түсуі, екі қиырға тартуы, екі түрлі сенім-
наным қақтығысы бейнеленеді. Шернияз үшін туған жер
қа сиетті де қадірлі, аманат-борыш, қарыз-парызды өтеу жо-
лында күреспек керек, осы орайда үй болмақ, қызмет қылмақ,
бойдағы бар күш-қайрат, білім-талант түгелдей ел қамына
жегілсін деген ар манда.
Базарбай да оқыған, елге барғандағы мақсат ағайын-туыс,
ауылдас-руластар шоқпарын соғу, пара алу, баю. Үйлену – үй
болу, кереге жайып, шаңырақ көтеру емес, серілік-салдық
құру, әр шырынды бір сорып тастау – дағдылы әдеті, ар-ұят,
достық-жолдастық есеп емес, реті келіп жатса жақын-жуық-
ты қарақтаудан тайынбайды. Шернияздың сүйіп қосылған
алғашқы әйелі оқымаған, қыр қызы Раушанда тазалық,
адамдық болғанмен, таным-талғам жетіспейді, осыдан барып
аралары суып, ақыры ажырасып тынады. Гимназия бітірген
Жәмила – қала қызығына түскен, ойын-сауық, ләззат рахаты
өмір деп білген жеңіл жүрісті әйел; Шерниязға жанып-күйіп
қосылса да, арада уақыт өткен соң жар төсегін місе тұтып
қанағаттанбай, күйеуінің көзіне шөп салады.
Достарыңызбен бөлісу: |