Бағдарламасы бойынша шығарылды т 78 ТӨлеутай е


«ҰсТазДық ЕТКЕн Жалықпас...»



Pdf көрінісі
бет44/65
Дата23.09.2022
өлшемі15,1 Mb.
#39929
түріБағдарламасы
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   65
«ҰсТазДық ЕТКЕн Жалықпас...»
Елуінші жылдардан бастап, Жүсіпбектің өмірі байсал тартты. Ста-
лин өлгеннен соң дүркін-дүркін ел тыныштығын бұзып тұратын дауыл-
ды дүрбелеңдер басылып, жазықсыздан-жазықсыз «халық жауы» ата-
нып, қуғын-сүргін көретін сұрқия заман келмеске кеткендей болды. 
Ел тынышталды, компартия басшылары сабасына түсті. «Жылымық» 
кезеңі «Тоқырауға» бет ала бастады. Соның айғағындай, өткен ғасырдың
елуінші, алпысыншы жылдары зұлматты зобалаңдар бола қойған жоқ.
Қайта 1958 жылы Мәскеуде қазақ өнері мен мәдениетінің онкүндігі
дүркіреп өтті. Бұл 1936 жылдан кейін араға жиырма жыл салып өткізілген 
екінші онкүндік еді. Жүсіпбек Елебеков бұл онкүндікке әнші ретінде
қатысып, өз өнерін көрсетіп қайтты. Осы жолы ол Кеңес өкіметінің ең 
жоғарғы наградасы Ленин орденімен марапатталды. 
Әнші өмірі тыныш, қалыпты өтіп жатты. Ол ұзақ жылғы бейнетпен 
өткен өмірі мен өзі қалтқысыз қызмет еткен өнер зейнетін енді ғана көре 
бастағандай еді. Әйтсе де ол шау тарттым деп үйінде тыныш жатып алма-
ды. Ел ішін аралап, өнер көрсетуін жасы келіп, сырқат меңдей бастаған 
жетпісінші жылдарға дейін жалғастыра берді.
Ж. Елебековтің жасы ұлғайған шағына дейін ел аралап, өнер көр-
сеткені турасындағы әңгімелер ел ішінде осы күнге шейін айтылады.
Сондай естеліктің бірін бұл күндері Қарағанды қаласында тұрып жатқан 
өнер жанашыры Тілеубай Кәріпбаев атты ағамыздан жазып алдық: 
«Жүсекең ауылға 1966 жылдың наурыз айында келді. Ауылымыз ау-
дан орталығы Жаңаарқадан жетпіс шақырым шамасында – Байғұл деп
аталады. Ол кезде қазіргідей тас жол жоқ. Қара жолдың өзі қардың ери
бастауына байланысты түсіп кеткен. Көлік қатынасы қиын. Соған 
қарамастан Жүсекең қияндағы ауылымызға концерт қоюға келді. Көлігі –
сол заманның жүк машинасы. Машинаның кузовына қалыңдатып шөп 
салып алған. Үстіне брезент сулық киген, аяғында кәдігімгі керзі етік.
Кабинада отырғаннан гөрі кузовқа шығып алып, табиғатты, айналаны та-
машалап сапар шеккенді жақсы көреді екен. Біздің ауылға да кузовтың 
үстінде келді. Қасында сол заманның атақты конферансьесі Тыныш-
бек Бұйрабаев бар. Ол заманда ауылдарда клуб дейтін клуб та жоқ. 
100 адамдық қана шағын ескі үй. Әйтсе де, Жүсіпбек Елебеков келді
дегеннен құлақтанған ауыл халқы сол шағын клубқа тегіс сыйып кетті. 
Алматыдан Жүсіпбектей әншінің өзі келе жатыр дегеннен кейін қыстай
от жағылмай, қаңырап тұрған «клубқа» от жаққан. Қатып тұрған
клубтың ішін алып қалған мұз, қырау жіпсіп, еріп төбеден тамшылап 
тұр. Үстіне костюм шалбар киіп, галстук тағып, шыттай болып шыққан 
Жүсекең осындай жағдайда концертін бастады. Ол заманда қазіргідей 
микрофон жоқ. Соған қарамастан, әнші даусы клуб ішін кернеп кетті. Ты-
нышбек Бұйрабаев ән ретін әдемі келістіре хабарлап тұрды. Әнге сусап 
қалған халық Жүсекеңді сахнадан жібермей қойды. Концерт аяқталған соң 
Әпішкей Дәдин деген дүкенші ағамыздың үйінде Жүсекеңе арнайы дәм 
дайындалған екен, ауылдың үлкендері әншіні ортаға алып, сол үйде бас 
қосысып, мәслихат құрды. Түн ауғанша небір әндер шырқалып, ел ішінің 
нелер әңгімелері айтылды. Келесі күні ертеңгілік Жүсекең көрші ауылға 
аттанып кетті».
Осындай әңгіменің бірін Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының бір 
азаматы айтып берген еді (жазып алуға мүмкіндік болмап еді. Аты-жөнін 
ұмыттым): «Бір жылы ауылымызға Жүсіпбек Елебеков келді. Құм арасын-
да отырған қойшыларды аралап келе жатқан беті екен. Атақты әншінің 
үйіне ат басын тірегеніне қатты қуанған әкем мені бірден отардан қой 
әкеліп союға жұмсады. Жалма-жан өрістен қой алып келіп, есік алдында 
сойып жатқан едім. Үйден шай ішіп, жайланып шыққан Жүсіпбек атамыз 
аяңдап қасыма келіп, менің қой сойысымды біраз қызықтап қарап тұрды 
да:
– Нешедесің? – деп сұрады. Мен: – Жиырма бестемін деп едім, – 
Қазір жетпіске келіп қалдым, осы жасымды, осы жасқа дейін алған абы-
рой, атағымның бәрін берейін, сен маған «жиырма бесіңді» берші, – деп 
әзілдеді».
Әншінің шәкірті, жезқазғандық өнерпаз Ғалым Мұхамедин былай
дейді: «1974 жылы эстрада-цирк училищесінің екінші курсында оқып 
жүрген кезім. Ұмытпасам, сол жылдың маусым айында Жүсіпбек 
ұстазыммен бірге Талдықорған облысының (Қазіргі Алматы облысы) 
Ақсу, Сарқанд, Қапал, Кербұлақ, Алакөл аудандарын бір айдай аралап, 
концерт қойдық. Ол кезде Жүсекең «Қазақконцертте» істейтіндіктен,
гастрольге аталмыш өнер ұжымының әртістерімен шығатын.
Сол кезде елдің өнерге деген ықыласы ерекше. Ауданның бірінші бас-
шылары Жүсіпбек Елебеков келе жатыр дегенді естіп алдынан шығады. 
Құрметтеп қарсы алады. Ол уақытта қонақүй деген жоқ. Концерттік бри-
гаданы ауыл басшылары жағдайы жақсы үйлерге бөліп тастайды. Жүсекең 
аудан орталығы болса – хатшының, совхоз болса – директордың, не 
парткомның үйіне түседі. 
Ол кісі концертке төрт-бес сағат уақыт қалғанда жаңа сойған қойдың 
етінен майлы қуырдақ қуыртушы еді. Майлы қуырдақтан соң, сүт қатқан 
үнді шайын сары май салып ұзақ отырып ішеді. Түскен үйімізде үнді 


162
163
шайы болмай қалса, мені машинаға жүгіртеді. Мен барып бір қорап үнді 
шайын алып келіп, шай демдеуші әйелге беремін. Шайдан соң дема-
лады. Ол уақытта аңғармаппын, кейін білсем майлы қуырдақ, сары май 
салып ішкен үнді шайы – әншінің даусына пайдалы екен ғой. Сонан соң
концертке бір-екі сағат уақыт қалғанда ауыл сыртындағы төбелерге 
шығып, өзен болса – судың бойын жағалап, екі-үш шақырым серуендеп 
келеді. Серуен кезінде біз сияқты жаңа талап жастарға қазақ жері, оның 
көркем табиғаты туралы әңгімелер айтып, табиғатты сүюге баулитын. 
Елдің, жердің тарихымен таныстыратын. 
Концертке жарты сағат бұрын дайын болатын. Ондайда өзімен-өзі
оңаша болғанды сүйетін. Домбырасын баяу шертіп, үнсіз толғаныс
кешетін. Концертті «әу» дегенде баянның сүйемелдеуімен бастап (баян-
да бір орыс жігіті сүйемелдейді), «ә» дегенде үш-төрт әнді қоя береді. 
Сондағы айтатыны Садық Кәрімбаевтың «Тракторшы қарындас», «Ақ 
көгершін», Қасымхан Асановтың «Қарамашы, қадамашы көзіңді» де-
ген әндері. Сол кезде көрермендер ішінен: «Жүсіпбек-ау, домбырамен 
айтсаңшы, гармонды қоя тұр», – деген өзі тұрғылас үлкендердің дауы-
сы шығады. Жүсекең кейде: «Айтпаймын, онда өздерің айтыңдар», – 
деп «бұлданады». Сонан соң қолына домбырасын алады. Екі-үш әннен
соң кезекті «Қазақконцерт» әртістеріне, мен сияқты Алматыдан ертіп 
шыққан жас шәкірттеріне береді. Ең соңында домбырамен өзі шығып
кейде 10 ән, кейде 15 әнге дейін бір-ақ салады. Жүсекеңнің салған
әндерінің әсері күшті болушы еді. 
Бірде ауыл басшыларының өтінішімен ашық аспан астында қырман
басында концерт қойдық. Кезек маған келгенде жаңбыр құйып кетті. Мен 
жауыннан қорғалақтап, сахнаға шыққым келмеп еді. Жүсекең: «Бар, кәні, 
жаның ән тыңдап отырған мына жұрттан ардақты ма?», – деп желкемнен 
түйіп қалып, елдің алдына шығарып жіберді. Бір әнімді аяқтай берге- 
німде күн шайдай ашылып кетті. Жүсекең түсі суық болғанымен, 
мейірімді адам еді: «Әне, көрдің бе, түгің кеткен жоқ», – деп жылы жүзбен
жайраңдап келіп, мейірлене арқамнан қақты». Осындай естеліктер 
Жүсіпбектің өмірінің соңына дейін өнер деп, ән деп өткенін дәлелдей 
түседі.
Жүсіпбектің жасы алпыстан асып бара жатты. Жасы келген сайын 
әнші әлденеге толғанып, жиі-жиі беймаза күй кешетін болды. Мазалай-
тын мәселелер мен сауалдар сан алуан еді. Қатары да жыл сайын си-
реп барады. Аға буын әншілердің барлығы дерлік о дүниелік болды. 
Кешегі Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Жарылғапберділердің көзін 
көрген атақты әнші Қали Байжанов 1966 жылы 89 жасында Қарағанды
қаласында дүниеден өтті. Соңғы бір кездескенінде көңілі түскен біраз 
әндерді өз аузынан естіп, үйреніп қалғысы келіп, қарт әншіге қолқа
салған. Қалекең бәлсінбеді. Тұғырда отырған қарт қырандай қомданып-
қомданып қойып, бұл сұраған әндердің тиегін ағытқан. Алайда Жүсіпбек 
кәдігімдей абдырады. Енді қайтсін, әнші бір айтқан әнін екінші 
қайталағанда, мүлде басқаша түрлендіреді. Сосын Қалекеңнен жаңа ғана 
орындаған әнін қайта айтуды өтінді. Тағы сол жағдай. Қали әлгінде ғана 
айтқан әнін, тіпті, басқаша құлпыртты. Жүсіпбек тағы дағдарды. Шыдай 
алмай:
– Қалеке! Әнді бірқалыпты айтпай қиындата бересіз. Әлде менің 
үйренуіме қызғаныш жасап отырсыз ба? – деп әзілдей тіл қатты.
Қали бұған сәл қысылғандай болып: 
– Қарағым Жүсіпбек, сенен аяған әнді ертең қабірге ала барудың маған 
қандай қызығы болушы еді, – деп ақырын күледі. – Өзің сияқты жақсы 
әншілер өзімнен үйреніп алып, «мынау әнді Қалекең былай шырқаушы 
еді» деп, кейінгі ұрпаққа айтып отырса, мен үшін үлкен мәртебе емес 
пе!
79
Міне, сол, дүниені әнмен дүбірлеткен Қали әнші де өтті өмірден. 
Өзі туған ағасындай көретін, ұзақ жылдар сырласы, мұңдасы болған 
Қалибек Қуанышбаев та осы жылы қайтыс болды. 1966 жыл Манарбек 
әнші үшін де өмір соңы болды. Қайран Манарбек! 1936 жылы Мәскеуде 
өткен қазақ өнері мен мәдениетінің онкүндігінде асқақ әнімен жасын-
дай жарқылдады емес пе? Жалпы, сол жолғы Үлкен театрда қойылған 
«Қыз Жібек» спектаклінде жауапкершіліктің негізгі ауыр жүгі үш әртіске:
Күләш Байсейітова мен Құрманбек Жандарбековке және Манарбек 
Ержановқа түсіп еді-ау! Манарбек сонда Шегенің ариясын қандай 
шырқады! Кейін осы оқиғаның куәгері болған музыкатанушы Ахмет 
Жұбанов Манарбек жайында тамаша мақала жариялады: «Бір кезде сах-
наға Төлеген мен Шеге келіп, мырзаның нұсқауы бойынша Шеге-Ма-
нарбек Төлегеннің кім екенін түсіндіріп, байлығын мақтап, басында ұзақ 
айқаймен термелетіп жібергенде, Б.Астафьев отырып:
– Мына бір әнші қазақтың кең даласын Мәскеудің сахнасына алып
келді-ау, – деді де, жалғас отырған музыка сыншысы, ол кезде «Комсо- 
мольская Правда» газетінде қызмет істейтін Виктор Городинскийге 
қарады. О да тап осыны айтпағанмен, шамасы, сондай пікірде болу ке-
рек, дұрыс дегендей басын изеді»
80
. Аяулы Манарбек Біржан салдың
жасында, 65-ке келгенде дүние салды.
79
Ерлан Төлеутай. Баянауылдың дәстүрлі ән өнері. – Алматы, 2006. – 87-б.
80 
Ахмет Жұбанов. Замана бұлбұлдары. – Алматы, 2001. – 363-б.


164
165
Осылайша жаңа заманғы қазақ өнерінің шаңырағын көтеріп, уығын 
шанышысқан тарланбоз таланттар бірінен соң бірі келместің кемесіне
мініп, өмірден кетіп жатыр. Баяғының сал-сері өнерпаздарының 
көзін көрген аға буын әншілерден қалғаны – Ғарифолла мен өзі ғана. 
Ғарифолланың эстрада-цирк студиясында шәкірт тәрбиелей бастағаны 
дәтке қуат. 
Алаңдайтыны – елдің де әнге деген ықыласының ортая түскені. Жап-
пай орысша сөйлеуге көшкен жұрт халық әнін тыңдаудан қалып барады. 
Кешегі сал-серілер заманынан сан жылдар бойы саф алтындай сақталып, 
жығасы қисаймай, төлтума қалпын бұзбай жеткен әндерді бұл күндері 
ауыл-үй арасының әншілері «басын жарып, көзін шығарып» айтатын
болып барады. Жүсекеңе қазақ әнінің болашағы бұлдыр тарта баста- 
ғандай көрінді. Осындай ауыр ойлар еңсесін басқан әнші бір күні 
бір тоқтамға келгендей дүр сілкінді. Шау тарта бастаған әнші қатты
ширықты. Дендей бастаған қарттықтың алдында халық әнінің келешегі 
үшін тағы бір қайратқа міну керек екенін түйсінген ол, берік бір шешімге 
келіп бекініп алды. Жүсекеңнің осы күйі Хабиба әжеміздің естелігінде
былайша баяндалады: 
– Жүсеке, сен бір ойда жүрсің ғой. Үй ішінен бөлектеніп кеттің. 
Ешкіммен сөйлескің келмейтін сияқты. Әлде біреуге ғашық болып
жүрген жоқсың ба, – деп қалжыңдадым бір күні.
– Иә, шынында да, өзіммен-өзім болып жүргенім рас. Өзім де сенімен 
ақыл бөліссем бе деп жүр едім. Жақсы бастадың. Мені әлдебір ойлар
мазалай береді, – деді шынын айтып.
– Е, немене, сонша! Сен осы қайдағы ойды өзіңе шақырып аласың. 
Әйтпесе, сенде қазір қандай ой болу керек. Халқыңның сүйікті әншісісің. 
Үкімет пен партия сені назардан тыс қалдырып отырған жоқ. Сенде
қандай арман болу керек?
– Менің ойым өзімнің қарақан басымның қамы емес. Егер істеген 
еңбегің бағаланбай жатса, оны да ойлауға болатын шығар. Өз басыңның 
қамынан гөрі өнердің өркендеуі биік тұрмай ма.
– Немене, өнер өркендемей жатыр ма? Қазіргі біздің дәуіріміз өнер- 
дің нағыз қаулап тұрған шағы емес пе? 
– Солайы солай ғой. Бірақ мені мазалап жүрген жайлар бар. Қазір
домбырамен айтатын әншілер сиреп бара жатыр. Домбыра қазақтың 
үзілмей келе жатқан дәстүрлі аспабы емес пе? Қай халықтың болсын 
түрін, сипатын жоғалтпайтын халықтық ұғымы болуға тиісті. Ол ұғым 
көбінесе өнер арқылы беріледі. Сол ұлттық ұғымның ең негізгісі –
домбырамен айтатын ән. Қазіргі жастардың домбыраға ынтасыздығы 
неліктен? Әлде даңғырлаған мағынасыз музыканың көбейіп кеткендігі-
нен бе? Бүйте берсе, адамға ой салатын музыканың терең сазын түсін- 
бей, дарылдаған жайдақ дарақылықты ғана машықтап кетпей ме?
Меніңше, бұл – бәрімізді ойландыратын нәрсе. Адамның құлағы неге 
үйренсе, соны іздеп аңсап тұрады. Мағынасыз даңғаза әндер азайып, ой 
салатын сыршыл, жан жүйеңді қозғайтын мөлдір әндер көбейсе, жас-
тарды сол әндерді тыңдай білуге үйретсе жақсы болар еді деп ойлаймын.
Халықтың осынау асыл мұрасын кіршіксіз таза күйінде кейінгі ұрпаққа 
қалдыру жайында да ойлануымыз керек. Мәселен, мен бойымдағы 
өнерімді кімге қалдырам?
Менің ұстазым Жақыпбек өмірден жас кетті. Соған қарамастан әннің 
бірден-бірге жалғасып келе жатқан халықтық мұра екенін, оған үлкен 
жауаптылықпен қарау керектігін ұғындырып, жас бойыма дарытып
кетті. Ал, мен ше? Мен кімді үйретіп, бойымдағы барымды кімге 
қалдырамын? Өз білгенімді өзіммен бірге алып кетсем, мойныма қарыз 
арқалап кетпеймін бе? Халыққа еңбек ету бар да, Халық мұрасын 
кейінгілерге қалдыру бар. Еңбек етуге басым жерге тигенше дайынмын. 
Ал бойымдағы барымды қалдыру жайы мені қатты ойландырады. 
Кейбір жастардың ән орындау шеберлігіне сүйсініп, менің өнерімді 
жалғастыратын жастар бар екен ғой деп үміттеніп қаламын. Бірақ олардың 
өнердің ауыр жүгін сезінбей, берекесіздікке салынып жүргенін көргенде, 
жігерім құм болады. Қатты түңілемін. Үміт артатын басқадай жасты көре 
алмасам, ренжімегенде қайтем. Адамның жасы ұлғайған сайын, ойы да 
көбейетін сияқты. Менің мазамды алып жүрген осындай ойлар – деді 
Жүсекең. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демей ме халқымыз. Шынында да, 
Жүсекеңнің қиналатын жөні бар екен»
81
.
Осындай күндердің бірінде Ілияс Омаров Мәдениет министрі бо-
лып тағайындалды. Бұл – 1967 жылдың көктемі еді. Ілияс Омаровтың 
Қазақстанның Мәдениет министрі болуы – қазақ мәдениетінің бағын
ашты; отаршылдық салған бұғаудың салдарынан адымын аша алмай, 
кібіртектеп қалған әдебиетіміз бен өнеріміздің тұсауын ағытып, өрісін 
кеңейтті десек, артық айтпағанымыз. Осындайда Сталиннің ешқашан 
құнын жоймайтын тәмсілдей «Бәрін де кадр шешеді» деген ғажап сөзі
еске түседі. Иә, кеңестік жүйе ұлттар мәдениетін қанша жаныштады, 
өсірмеуге, өшіруге тырысты десек те, өткен ғасырдың алпысыншы – 
сексенінші жылдарының аралығында салтанат құрған жиырма жылдық 
тыныш, марғау кезең – қазақ мәдениетінің тынысының ашылуына, ұлт 
81
Хабиба Елебекова. Ән – аманат. – Алматы: Өнер, 1989. – 270–271-б.


166
167
өнерінің өрге басуына алғышарт болып, барлық мәдениет салаларының 
(әдебиет, театр, кино, музыка, бейнелеу) дамуына, көркеюіне, гүлденуіне 
жол ашты. Осы кезең Қазақ елінің көптеген жоғары лауазымды 
қызметтеріне ұлтшыл, халықшыл һәм парасатты, әділетті, ізгі ниетті 
жандардың келуімен тұспа-тұс келді. Солардың бірі – қазақ мәдениетінің 
ширек ғасырға созылған «Алтын дәуірінің» көшін түзеп, бағыт-бағ- 
дарын межелеп берген тұңғыш Мәдениет министрі – Ілияс Омаров болды.
Ілияс Омаров Мәдениет министрі болып келген күннен бастап,
республика мәдениетінің барлық салаларын кешенді түрде дамытудың 
өміршең бағдарламаларын іске асырумен айналысты. Соның ішінде 
қамқорлықсыз, қолдаусыз қалтарыста қала бастаған халық музыкасының 
жай-күйі де министрдің назарынан тыс қалмады. Соның дәлеліндей
министр болып келген жылдың жазында Ілияс Омаров Жүсіпбек Елебе-
ковті өз қабылдауына шақырды. Естелік жазбада бұл кездесу былайша 
көрініс тапқан:
«– Жүсеке, біз мұнда ақылдаса келіп, Өнер студиясында сіздің әннен 
сабақ бергеніңіз жөн деп шештік. Егер қарсы болмасаңыз, күзден ба-
стап сабақ беруге кірісесіз. Алдымыздағы шілде айында байқауға келген
балалардан ұнатқандарыңызды іріктеп алыңыз. Олардың санына
қарамаңыз. Домбырамен айтатын әнші болады-ау деген талпынысына 
қараңыз. Бір жылғы алған балалардан ойдағыдай әнші шықса, соның өзі 
үлкен жетістік. Қазақ халқының бірден-бірге көшіп үзілмей келе жатқан 
ең асыл мұрасы, қазынасы ән екені өзіңізге аян. Сол мұраны кіршіксіз 
таза күйінде сақтап келе жатқан халықтың әнге деген құштарлығы, таза
махаббаты, кейінгі жас ұрпаққа табыстап кетер – өздеріңіз секілді
майталман әншілер. Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, Абай әндері сіздердің 
алдарыңыздағы Жақыпбек, Қали, Әміре сияқты әншілер болмаса, із-
түзсіз жоғалып кетуі мүмкін еді. Қазіргі қауымға Арқа мен батыс
әндерін әрін келтірмей табиғи қалпында табыс етіп отырған – Манарбек
Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев және сіз. Сіздер сияқты талантты
әншілер. Бүгінгі жас ұрпақ сіздерге қарыздар. Біз әрқашан сіздердің 
еңбектеріңізді жете түсініп, қадір тұта білуіміз керек. Қазір айтылып
жүрген көптеген әндер бүгінгі күнге дейін әлденеше құбылып жеткен. 
Ән табиғатын түсінбейтін кейбір нашар әншілер айтса, мүлдем түсініксіз 
бір нәрсе болып шығады. Ал өздеріңіз сияқты әншілер айтса, кез келген
әннің түрленіп шыға келетіні белгілі. Бүгінгі сіздердің айтатын әнде-
ріңіз – өнер қазынасына қосылған осындай түрленген, жаңарған мұра. 
Біздің социалистік жаңа заманның бағына дарынды артист, дауыл-
паз ақын, сыршыл әнші, ғұлама жазушы, асқан талантты алыптар тобы 
тап болды. Осы таланттар өздеріндегі барын кейінгі жас өрендерге
үйретулері тиісті. Сіздердің ағалық, аталық қамқорлықтарыңыз осында 
жатыр, – деді Ілияс. Бағанадан бері үнсіз тыңдап отырған Жүсекең: 
– Ілияс, біріншіден, мен саған рақмет айтқым келеді. Ұстаздық жол 
ауыр да жауапты. Шамам келгенше артқан үмітіңді ақтауға тырысармын. 
Ал жаңағы өзің айтқан «бойларыңдағы барды кейінгі жастарға беруге 
тиістісіңдер» деген сөзің – ол менің көптен армандаған ішкі сырым еді. 
Міне, сол арманыма жеткізіп отырсың, – деді тебіреніп. – Жас түлектерді 
тәрбиелеп, дұрыс баптап өсіре алсам, мен үшін одан артық бақыт жоқ. 
Бірақ оларға тек ән үйретумен ғана шектелу жетімсіз. Ең алдымен,
олардың адамшылық тәрбиесіне көңіл бөлу керек, өз халқын құрмет-
тейтін, өнерге шын берілген пәк жанды азамат етіп шығару басты па-
рыз болу керек. Табиғат адамға әр түрлі талант береді. Біреуіне көптеу, 
екіншісіне аздау. Әркімнің қабілеті әртүрлі. Сол азды-көпті өнерін
дұрыс баптап бағалай білетін, таза жүріп еңбек ететін жастарды
тәрбиелей алсам ғой, шіркін! Осы тілектерге сай тәрбие бере алсам
жақсы болар еді. Мұны үлкен міндет деп білем. Ал, өз бойымдағы азды-
көпті өнерімді жас ұрпаққа қалай тастап кетем деп санам санға, ойым 
онға бөлінуші еді. Өнер, ән – халықтікі. Ендеше сол өзінен алғанымды 
өзіне беріп кетпесем, халық алдында кінәлімін деп білем. Өз басым
бойымдағы өнерімді жастарға үйретуге қашанда әзірмін. Қызғаныш 
дегенді білмеймін. 
– Жүсеке, асқан талант бар да, сол таланттылардың қатарына кез- 
дейсоқ қосылып кеткен талантсымақтар бар. Шын талант кең пейіл, 
мейірбан келеді. Оның жүрегінен талайлар жылу алады. Жақсыдан ша-
рапат деген сол. Қас таланттар ғана өз мүддесінен өнерді биік қояды. 
Қызғаншақтық деген талантсымақтардан шығады ғой, өйткені ол өз та-
лантына сенбейді. Өзімнен асып кетер деп үрейленеді. Осыдан барып 
қызғаншақтық туады. Бұндайда данышпан Абай атамыздың: «Биік ман-
сап – биік жартас, ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып 
қыран да шығады. Жікшіл ел жетпей мақтайды, желөкпелер шын деп 
ойлайды» деген сөзі есіңе түседі. Сол сияқты жетпей мақтап, шын деп
ойлап қалатынымыз да бар ғой. Дегенмен, жақсының да, жаманның да 
бағасын халық береді»
82
.
Ілияс Омаров пен Жүсіпбек арасында өрбіген осы рәуішті сұхбат
қазақ ән өнерін сақтаудың, дамытудың, түлетудің кешенді бағдарламасы 
сынды. Қазіргі ұрпақ, кейінгі буын аяулы ағалардың халық өнеріне 
82
Хабиба Елебекова. Ән – аманат. Алматы: Өнер, 1989. – 272–273-б.


168
169
жасаған риясыз қамқорлығы мен шынайы жанашырлықтарын біліп
жүрсін және бұл істің қандай күрделі жағдайда жүзеге асырылғанын жа-
дында сақтасын, ұмытпасын деген ниетпен осынау сұхбатты мақсатты 
түрде қайта жаңғыртып беріп отырмыз. 
Осылайша халқымыздың ән өнері алдындағы тарихи жауапкершілік-
ті терең сезінген Ілияс Омаров үзілуге айналған әншілік дәстүрдің 
дәнекершілігіне Жүсіпбекті таңдады. І.Омаровтың бұл істе қателеспе-
генін, Жүсіпбектің тек асқан әнші ғана емес, тамаша педагог болып 
шыққанын уақыттың өзі дәлелдеді. Соның айғағындай, Жүсіпбек негізін 
салған ұлттық классикалық әндерді оқытудың, үйретудің педагогикалық 
жүйесі еліміздегі музыкалық оқу орындарында күні бүгінге дейін оқы-
тылып келеді.
Сөйтіп, 1967 жылдың сары күзінде эстрада-цирк училищесінде 
Жүсіпбек Елебековтің класы ашылып, ұлы әншінің он жылға созылған 
ұстаздық еңбек жолы басталды. Жүсіпбектің ұстаздық жолдағы серігі, 
халқымыздың аяулы әншісі Ғарифолла Құрманғалиевтың класы
Жүсіпбек Елебековтің класынан бұрынырақ – 1965 жылы ашылған бо-
латын. Енді, міне, арқа мен батыстың әншілік дәстүрі домбыраның 
қос ішегіндей жарасым тапты; ал, еліміздің Ілияс Омаров, Жексенбек 
Еркінбеков сияқты зиялы азаматтарының көмек, қолдауларына көңілдері 
тасып, жігерленген Жүсіпбек пен Ғарифолла болса, халқымыздың
болашақ жез таңдай, күміс көмей әншілерін тәрбиелеуге бар ынта-
ықыласымен кірісіп кетті.
Әнші тәрбиелеу – өте нәзік іс. Құдай әншілік қабілет бермеген көл-
денең көк аттыны көшеден ұстап әкеліп әнші қыла алмайсың. Оның
үстіне ауыл-елдің талай жылғы зобалаңдардың салдарынан домбыраны 
жатырқап қалған жайы бар. Қала жастары болса, домбыра ұстау түгілі, 
қазақша сөйлеуге арланатын халге жеткен. Қаланың асфальтта өскен боз 
бет, бота тірсек баласы домбыра көрсе: «О, одна палка, две струны!» деп 
келекелеп, сандарын шапаттап күлетін болған. Коммунизм идеясының
тонын жамылған, бірақ түпкі мақсаты Кеңес Одағының көп ұлтты
халқын орыстандыру болып табылатын, Мәскеу кесіп-пішіп беріп отыра-
тын аяр һәм жымысқы идеология бойын алған алпысыншы – жетпісінші 
жылдардағы жастар қауымының көпшілігінің арман-мұраты орыс, Еуро-
па мәдениетіне жаппай еліктеп, көзсіз солықтау ғана сияқты көрінетін. 
Әсіресе, жастар гитараға әуес-ті. Онда да есі дұрыс ән айтса ғой. Жар-
ты ғасыр бойы салтанат құрған тоталитарлық үстемдіктің нәтижесінде 
тұрпайылық пен дөкірліктің ошағына айналған «казармалық социа-
лизм» елінде өнердің небір «үлгілері» дүниеге келе бастаған. Соның бірі
«абақты мәдениеті» еді. Өсіріп айтсақ – ол кезде екінің бірі «отырып» 
шыққан, үштің бірінің тұрақты тұрағы түрме болған заман. Тар каме-
рада, «қу қарағайды төсек қылған» (Мәди) тұтқындардың жұбанышы –
гитара. Бейнелеп айтсақ, гитараның жеті ішегінен желдей ескен орыс 
тіліндегі абақты жырлары Кеңес Одағының «жетпіс жұртына» көзді-ашып 
жұмғанша жетіп жататын. Өңшең бейәдеп, лас әндер. Сол әндерді қала 
түгілі, ауыл жастарына дейін дұғадай жаттап алып, кеш батса болды, 
ұлардай шуласып, ауыл, қала көшелерін бастарына көтерісетін. 
Орыстана бастаған жұртымыз ұлттық өнерге суық тартып, жастар төл 
мәдениетін өгейси бастаған осы тұста Жүсіпбек пен Ғарифолланның
алдында әншілікке икемі бар жастарды ел ішінен іздеп тауып, олардан 
халық және халық композиторларының әндерін жоғары деңгейде шебер 
орындайтын кәсіби әншілер тәрбиелеп шығу міндеті тұрды. 
Ел ішінен ондай талапты жастар да табыла бастады. Олардың алғаш-
қылары – әншіге тұңғыш шәкірт болу бақыты бұйырған қос өнерпаз –
Жәнібек Кәрменов пен Қайрат Байбосынов еді. Жүсекеңе Қайрат Бай-
босынов жайында алғаш рет Нұрғиса Тілендиев айтқан. Ол Қайратты
1964 жылы Абай атындағы Опера және балет театрының әртістерімен
бірге Қарағандыға барған гастрольдік сапарында көрген болатын. Сол
кезде он бес жасқа жаңа шыққан талапты жасты әнге баулып жүрген
ұстазы Игілік Омаров Алматыдан келген музыка мамандарына шәкіртін 
сынатып алу үшін сонау Жаңаарқадан арнайы келіпті. Өнерпазды бір 
көргеннен білетін Нұрғиса ағамыз Қайраттың сүйегіндегі әншілікті 
Құлагерді сынаған Күреңбай сыншыдай қапысыз таныған. Театрдың
директоры Жексенбек Еркінбеков сол жолы дүйім жұрттың көзінше 
Қайратқа қамқорлық жасап, музыкалык білім беруге әзір екендіктерін 
айтқан. Азаматтар сөздерінде тұрды. Нұрғиса Тілендиев пен Жексенбек 
Еркінбеков Қарағандыда көрген «бала Біржан» жайында Алматыдағы 
Жүсекеңе айтып келген. 
1967 жылы эстрада-цирк студиясына алғашқы қабылдаулар басталған 
кезде Жүсекең Қайратты тағатсыздана тосумен болды. Сондай күндердің 
бірінде сынақ қабылдаушылардың бірі домбырасын қолына алып ән
айтуға оқталған өспірім жасты нұсқап: «Сіз тосып жүрген бала осы» де-
ген. Сонда Жүсекең талдырмаш, жүзінен балалық табы кетпеген ұяң 
бозбаланың мөлдіреген, тап-таза көздерін көргенде: «Құдай-ау, мынан-
дай тұп-тұнық жанарды қайдан көрдім» деген. Есіне 23 жасында қыршын
кеткен Жақыпбек ағасы түскен. Иә, аумайды, тура сол. Жақыпбек
ағасының көздері де осындай тап-таза, тұп-тұнық болатын. Бір кезде 
әлгі бала ән салған. Үні жарқын, әсіресе, қолдары домбыраға жүгіріп тұр 
екен. Жүсіпбек сонда өзіне нағыз шәкірт, Жәнібегіне серік болатын әнші 


170
171
тапқанына көзі жеткен. Себебі бұл кезде Жәнібек Жүсекеңнің қасында
болатын. Сол күндерді Хабиба апамыздың әңгімесімен тірілтсек, оқиға 
былай болыпты: «1966 жылдың шілде айының бас кезі. Жұмысқа кет-
кен Жүсіпбек ерекше қуанышпен оралды. «Хабиба, сүйінші, бүгін 
«Қазақконцертке» Ахмет Жұбанов іздеп келді. Шілде айында өткен 
республикалық көркемөнерпаздардың байқауында төрешілердің пред-
седателі болыпты. «Жүсеке, сіз, өкінішке қарай, гастрольде болдыңыз. 
Семей облысының Абай ауданынан бір бала келді. Он жеті, он сегіз-
дерде ғана. Тәрбиелесе әнші болайын деп тұр. Көп жастың ішінде 
сүйсінгенім сол бала ғана. Туысы бөлек-ақ. Дауысы өте кең. Бірақ ән 
айтып төселмеген. Домбыраға да қолы шабандау. Ең бастысы не дейсіз 
ғой, Жүсеке? Әнді түсінеді екен. Алғашқы сынақтан бірден өтті. Қалған 
екеуіне қатыстырғанымыз жоқ. Жеке шақырып алып, бірнеше әндерін 
тыңдадым. Айтары жоқ енді. Ондай жастардан айырылуға бола ма? Сізді 
тағатсыздана тостым. Телефон жауап бермеді. Бүгін осында екеніңізді 
естіп әдейі келдім. Шыдай алмадым, Жүсеке», – дейді. 
«Е, жақсы болса, неге алып қалмапты», – дедім мен. Қалдыра алмап- 
ты. Көнбепті. Бірінші бәйге алған екен. Амал қанша. Енді сол баланы 
қайтсем де көруім керек. Ахаң тегін айтпайды. Ол Ахмет емес пе? Өзі 
іздеп келуіне қарағанда ол жаман, көптің бірі емес, – деп шиыршық
атты. Сөйтіп жүргенде жазушы ағамыз Сапарғали Бегалин жетпіс жасқа 
толып, Абай ауданына бармақ болды. Ешқашан да Сапыш ағайдың
сөзін екі етпейтін Жүсіпбек қуана келіскен. Шыңғыстауға жол тартты. 
Осы сапарында Жәнібекті өзімен бірге Алматыға алып келді. Орта
бойлы, тәмпіш мұрын, талдырмаш ақ құба бала екен. Бірақ бойында 
балалықтың ізі жоқ, тым салқын, суық көрінді. Туған бауырларындай
құрақ ұшып жүгірген біздің балаларға киік мінезденіп оңаша отыр-
ды. Бұл мінезін ұната қойғам жоқ. Жүсіпбекке ештеңе демедім. Әнін 
тыңдауға құмарттық. Қолындағы Жүсіпбектің домбырасын асықпай 
қарап ұзақ баптанды. Өзі тұңғиықтау ма қалай? Жас адамша жадырап 
шешілмеді. Тағатсыз тостық. Жүсіпбек те ұзақ қыстамады. «Құлагер»
мен «Жайқоңырды» айтты. Мінезіндегі әлгі бір кірбің сейіліп, мүлдем 
өзгеріп сала бергені. Домбыраны ала сала тартып кетпей шұқшиып 
үңілгенінен-ақ: «Е... е, әр нәрсенің қадірін біледі екенсің», – деп ойладым. 
Әнші болайын деп тұрғанына күмәнім қалмады.
Ертеңіне Жүсіпбек Жәнібекті «Қазақконцертке» жұмысқа орналастыр-
ды да, бір жыл бойы бірге алып жүріп ел аралатты. 1967 жылы студиядан 
Жүсіпбектің класы ашылып, өз класына қабылдады»
83
.
83
Хабиба Елебекова. Ән – аманат. – Алматы: Өнер, 1989. – 290-б.
Осындай естеліктер еріксіз ойға қалдырады. Кеңес заманы зиялы-
ларының халық өнеріне жасаған қылаусыз қамқорлығына, қалтқысыз 
жанашырлығына таң қаласың. Жоғары лауазымды қызметіне, қат-қабат 
шаруаларының көптігіне қарамастан, ел зиялылары Жүсіпбекке шәкірт 
іздеуге жұмылысады. Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті 
(1964-67) Шапық Шөкин, жазушы Әмен Әзиев, Мәдениет министрлі-
гінің өнер бөлімінің бастығы Жексенбек Еркінбеков, композитор
Нұрғиса Тілендиев, ауыл мұғалімі Хасен Сейдімбеков сынды ел ағалары 
ауылда жүрген бала Байбосыновтың әншілігін бір көргеннен-ақ таниды. 
Қазақ ҚСР Ғылым Академиясының академигі, Кеңес Одағы Жоғарғы 
Кеңесі төрағасының орынбасары Шапық Шөкин аудан басшылары-
на Алматыдан қоңырау шалып, Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу-
да өткен депутаттық жүздесулердің бірінде әнін естіп, талабына тәнті 
болған қарғадай баланың жай-күйін сұрап, үйіне уақытылы жем-шөп, 
көмір жеткізілуін қадағалап отырады; Жексенбек Еркінбеков «министрдің
орынбасары басымен» әлі мектеп бітіре қоймаған ауыл баласына
музыкалық оқу орнына түсуге шақырған хат жолдайды; дарынды жет-
кіншектің келешегіне алаңдайды; Жүсіпбекке алып келіп табыстағанша 
жаны жай таппайды. Жазушы Әмен Әзиев Қарағандының «Бала
Біржаны» жайында «Қазақ әдебиеті» газетінде мақала жариялайды, 
қолынан жетектеп жүріп радиоға жазып, телехабарларға қатыстырады. 
Ал тұңғыш кәсіби музыкатанушымыз Ахмет Жұбанов ағамыз бол-
са, көркемөнерпаздар байқауының арасынан болашақ үлкен өнер иесі 
Жәнібек Кәрменовті байқап қалады. Көп баланың арасынан, өзі айт- 
қандай, Жәнібектің өнеріне ғана сүйсінеді. Әйтпесе, солардың арасын-
да гитара мен баянды тәуір тартатын, скрипка мен фортепьянода шебер 
ойнайтын балалар болмады дейсіз бе? Болды, әрине. Қазіргі Тәуелсіз 
еліміздің тобырлық музыкаға елтіген көрсеқызар жұртына – фоно-
граммашыл «жұлдыз» әуезе болса, ол заманның зиялыларына домбыра
ұстайтын бала қымбат еді. Қандай парадокс десеңізші! Отаршылдардың 
табанының астында жаншылып бара жатқан қазақтың рухын домбыра
ғана құтқара алатынын түйсініп, ұлт руханиятының дәрежесін түсірмей, 
халық өнерін сақтау жолында аянбай әрекет еткен ағалардың қажусыз 
еңбегін Қайрат та, Жәнібек те ақтады. Соның дәлеліндей, қазір елімізде 
өздерін Жәнібек пен Қайраттың шәкірті санайтын әншілер жүздеп са-
налады. Бұл – Жүсіпбек Елебековтің ұстаздық еңбегінің жемісі. Қазақ 
ән өнерінің телқоңыры атанған Жәнібек пен Қайрат үзіле бастаған ал-
тын арқауды жалғай білді. Қайрат өзінің асқақ әнімен, сұлу даусы-
мен жаһанды жалт қаратса, Жәнібектің биік, кіршіксіз үні әуе толқыны
арқылы шарықтап, алаш аспанында қалықтады.


172
173
«Жүсіпбек бақытты екен деп ойладым. Артында өзінің бар асы-
лын қадірлеп, сақтап ұстайтын, оны кейінгіге үлгі-өнеге етіп ұсынатын
кісілікті шәкірттің болуы қандай ғанибет. Қайрат екеуін талай от-
тан... күйзеле жүріп құтқарып еді. «Бұл екеуінің кім екенін көреді әлі» 
дейтін. Өмірде ешнәрсені жаңсақ айтпай кеткен Жүсіпбек бұл жолы 
да көрегендігін танытыпты. Кейде ойлаймын: «Қайрат пен Жәнібек
болмаса, Жүсіпбектерден кейінгі халқымыздың әншілік дәстүрін еле-
стету қиын-ау» деп. Бұл екеуі ерекше жаралған талантты жандар. Тек 
қадіріне жетсе, шіркін!.. Қайрат – әншілік өнердің дыбыс құдіретін,
шабыт қуатын білдірсе, Жәнібек – терең ой, ыстық сезіммен халықтың 
философиялық танымын аша түседі»
84
. Хабиба әжеміздің аналық ақ 
жүрегін жарып шыққан осынау пікірден артық не айтуға болады. Иә, сөз 
жоқ, Жүсіпбек – әнші ретінде арманына жеткен өнерпаз, ұстаз ретінде
бақытты тәлімгер. 
Сол жылы Жүсіпбек Елебековтің класына бес әнші таңдап алынды. 
Олар: Қайрат Байбосынов, Кенжағали Тәшкенов, Алма Кенжебаева, Бер-
ген Елубаев, Әкімхан Базаргелдиев.
Дегенмен, Жүсекең үмітті «Телқоңырынан» күтті. Екеуін қартай- 
ғанда зарығып көрген тұңғыш ұлындай мәпеледі. Балапанын баулыған 
қырандай үйіріліп маңайларынан шықпады. Бар білгенін аянбай үйретіп, 
сарқып беріп қалуға тырысты. Өзінің айтуынша, Жүсекеңнің репертуа-
рында үш жүздей ән болған. Екі жылдың ішінде соның тым болмаса екі 
жүздейін сүйікті шәкірттеріне үйретіп қалуға тырысты. Алайда адамның 
қай дегені болған? Оның үстіне мәселе талантқа келгенде кең дүние
тарыла қалатыны бар емес пе? Жүсекеңнің қос шәкіртіне де кездейсоқ 
кедергілер, күтпеген тосқауылдар кездесе бастады.
Сондай жағдайлардың бірі оқу курсының алғашқы жылының
күзінде-ақ орын алды. Алғыр шәкірті Қайраттың дауысы бір аптадай 
қарлығып жүрді де, кейін мүлде жоғалып тынды. Болашағынан зор үміт 
күтетін шәкіртінің аяқ астынан мынандай жағдайға ұшырауы Жүсекеңді 
қатты қобалжытты. Студия директоры Гүлжиһан Ғалиева: «Баланы
босқа ұстамаңыз. Домбыра класына ауыстырайық, даусы шығып жат-
са қайтадан өзіңізге аларсыз», – дегенді де айтып қалды. Жүсіпбек бол-
са, бұған шыр-пыры шығып қарсы болды. Сөйтіп жүргенде күз өтіп, қыс 
келді. Қыс ортасына қарай Қайраттың бұрынғы ашық, жіңішке даусы 
өзгеріп, қоңыр бұйра дауыс – баритонға айналып қайта шықты. Кейіннен 
Қайрат ағамыздан осы жайды сұрағанымда, Қайрекең: өтпелі кезеңнен 
84
Хабиба Елебекова. Ән-аманат. – Алматы: Өнер, 1989. – 293-б.
жігіттік шаққа өткенде пайда болған жаңа даусым – жуан бас даусыммен 
Мәдидің «Қаракесегін» айтқанымда, Жүсекеңнің көзінен тарам-тарам
жас парлап кетті», – деген еді. Егер сол жолы шәкіртін күй класына
ауыстырам дегендерге қарсылық көрсетпей, табандылық танытпағанда 
не болар еді? Жас өнерпаз мұндай соққыны көтере алмай, күйреп түсуі 
мүмкін еді-ау. Енді, міне, барлығы қайырлы аяқталды.
Осындай келеңсіздік Жәнібек шәкіртін де айналып өтпеді. 1969 жыл-
дың қысында Жүсекең сырқаттанып курортқа кетті. Осы екі ортада
филармония басшылары Жәнібекті «даусы орнықпаған» деп тауып,
жұмыстан шығарып жібереді. Бұған күйіп-пісіп, қаһарына мінген 
Жүсекең сол кездегі Ішкі істер министрі, генерел-лейтенант Шырақбай 
Қабылдаевқа қоңырау шалып, бәріне қолын бір-ақ сілтеп, Семейдегі
ауылына кетіп қалған Жәнібекті алдыртуға жәрдемдесуін өтінеді. Гене-
рал Шырақбай Қабылдаев күштік құрылым қызметкері бола тұра, қазақ
өнерін шексіз құрметтейтін, парасатты адам болған деседі. Өнерінің ал-
дында бас иетін Жүсіпбектің өтінішін жерге тастамаған генерал қол 
астындағыларға пәрмен беріп, Жәнібек Кәрменовті тура 24 сағат ішінде 
тікұшақпен Алматыға алдыртады. Бұл жолы да ұстазының қатты қайрат 
көрсеткенінің арқасында – Жәнібек әншілік жолға біржола түсті. Осы 
оқиға Жәнібекке өмірлік сабақ болды.
Өнер үшін күрес – өмір майданы іспетті. Өнерпаздардың өз есте-
ліктерінде «Өнерім – өмірім» деп жиі жазатыны сондықтан да шығар. 
Иә, кешегі Темірбек Жүргенов, Жұмат Шанин, Ахмет Жұбанов, Шәкен
Айманов, Жүсіпбек Елебеков сынды қайраткерлер қазақ өнеріне өз 
өмірлерін арнады. Бар саналы ғұмырларын өнер деп өткізді. Темірбек 
Жүргенов, Жұмат Шанин, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Күләш 
Бәйсейітовалар, тіпті, осы жолда құрбан болды. Одан ғайыптан тайып
аман қалған Ахмет Жұбанов, Шәкен Аймановтар сол ағалардың бас-
таған ісін абыроймен жалғастырды. Ахмет те, Шәкен де Жүсекеңмен 
өнерпаздық жарастықта ғұмыр кешті. Өнер жолында талай игілікті
істерді бірге жүріп тындырысты. Алпысыншы жылдардан бастап, осы 
алыптар тобы «базардан қайта бастады». Қарттық жеңе бастаған адам-
ды, дерт те дендей бермек. Алпысыншы жылдардың соңына қарай Ах-
мет Жұбанов ағамыз айықпас ауруға шалдықты. Өзінің қатерлі ісікке
душар болғанын білген Ахмет ағамыз күндіз-түні жан аямай жұмыс
істеді. Аяқталмаған қыруар істері бар еді, Ахаң көзі тірісінде бәріне 
үлгергісі келді. Сондықтан түнімен тапжылмай жұмыс үстелінде
отырды. Музыка зерттеушінің осындай сәттерінің бірі Хабиба әжеміздің 
естелігінде былайша көрініс тапқан: «Ахаңның бір іс-әрекеті есіме
түседі. Түнгі сағат бірдің кезінде телефон даусы шылдыр ете қалды. 


174
175
Мезгілсіз соғылған телефонға елегізе құлақ түрдік. Біз әлі жатқан жоқ
едік. Үйде бір-екі қонағымыз бар болатын. Тамақтан соң қонақтармен 
Жүсекең ермек үшін карта ойнап отырған еді. Телефон шылдыр ете түсті. 
Жүсекең трубканы көтерді де, бұрынғы көңілділіктен айырылып, күрт 
өзгеріп кетті. Қалың ойға енгендей өзімен-өзі болып, үйдегі қонақтарға 
көңіл бөлмей, сабасына түсе алмай қойды. Қонақтар да Жүсекеңе 
қарағыштап, «жайшылық па?» деп сұрап жатыр. «Жай» дей салды. Бірақ 
телефон арқылы сөзден кейін, Жүсекеңнің жайсызданып отырғанын
білген қонақтар рұқсат сұрап үйлеріне қайтты. 
Жүсекең көпке дейін ұйықтай алмай, екі жағына кезек аунап, ты-
нышсыздана берді. 
– Не болды? Неге тынышың кетіп жатыр? – деймін. 
–Жай, әншейін, – дей салады.
Таңертең шай үстінде сөзді өзі бастады.
– Түндегі телефон соққан Ахаң еді. «Сенен өте кеш мазалағаным
үшін кешірім сұраймын. Бір әннің сөзін есіме түсіре алмай соны сұрағым 
келіп», – деді де, аржағын айтпады. Мен сұраған сөзін айтып бердім де, 
«Аха, неге ұзақ түнге дейін отырсыз? Шаршамай, дем алғаныңыз жөн
болмас па еді, – деп едім: – Жүсеке-ай, жатқанда маған қайбір рақат
ұйқы келеді дейсің. Қайта бір сәт болса да, басқа ешнәрсе ойлатпай 
көңілімді сергітетін жазу столым ғой», – деді де, тағы бір ауыз сөз айтқысы 
келгендей болды да, қоштасып трубканы қоя салды. Өмірінің ақырына 
дейін халқының рухани қажетіне жарайтын мұра қалдырғысы келеді. 
Барлық өмірін еліне, кейінгі ұрпағына арнап өтті. Бұл өмірден Ахаң да 
кетеді... Тағы да орны толмас олқылыққа душар болатынымызды ойлап, 
қатты қиналып шықтым. 
Бір сәт Ахаңмен бірге өткізген күндер есіме түсті. Сенің есіңде ме?
1936 жылы декададан үлкен табыспен, шексіз қуанышпен оралғанымыз. 
Сол қуаныш жалғыз өнер адамдарына емес, бүкіл елге ортақ қуаныш
еді. Қазақ өнерінің астана жұртшылығының алдында бірінші рет сарапқа 
түсуі болатын. Астана жұртшылығының мейіріміне бөленіп, өнер
төрінен орын алуымыз бізді қатты қуантты емес пе. Сол жолы Ахаң 
дәл сондай шалқыған қуаныш үстінде болатын. Ел-жұрты Ахаңды
алақанына салғандай хан көтере құрметтеп қарсы алды. Сол жолға
жүрген жарастықты жас шағыма сапар шеккендей боп, тәтті қиялмен 
көпке дейін ұйықтай алмадым. Өнер жолында табысқан қазақтың арда-
гер сырбаз ұлы, Ахаңдай адаммен жолдас, сырлас болғанымды мақтаныш 
тұтам, – деді де көзі жасқа толып, одан әрі сөзін жалғастыра алмай
орнынан тұрып кетті. 
Өмірінің ақырғы күндеріне дейін Жүсіпбекпен сыйластықта өткізген 
сәттері есіне түсті ме екен, әлде Жүсіпбектің дауысын естігісі келді ме 
екен, кім білсін? Ахаң сол күннен кейін көп ұзамай дүние салды»
85
. 
Бұл 1968 жылдың 30 мамыры еді. Ахаң 66 жасқа енді ғана толған
болатын. Соңында қазақ музыкасы жайында, оның ұлы тұлғалары тура-
лы жазған ұлан-ғайыр еңбегі, сонау отызыншы жылдардың қиын-қыстау 
кездерінде өз қолымен құрған, кейін исі қазақтың мақтанышына айналған 
Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрі қалды. 
Ал Шәкен Аймановтың қазасы тосыннан келді. Қазақтың даңқты 
режиссері өзінің соңғы фильмі – «Атаманның ақырын» мәскеулік
киногерлер қауымына көрсетуге апарған жолы такси көлігі қағып 
қайтыс болды. «Оқиға 1970 жылдың 23 желтоқсанында орын алыпты, –
дейді Шәкеннің қазасын еске алған Хабиба әжей, – жолдан өте берген
Шәкенді такси көлігі қағып өлтірді ғой. Қарақұсы ойылып кеткен Шәкен 
ауруханада жатып, есін жимастан көз жұмды. Бізге Шәкеннің өлімін 
желтоқсанның 24-і күні, таңғы алтыда Сапарғали Бегалин телефонмен 
естіртті. Жүсекең:
– Ойбай, не дейсіз?! – қолындағы телефон тұтқасын тастай салып: 
«Бауырым-ай, жампозым-ай, енді қайттім, Шәкенім-ай», – деп еңіреп
жылап жіберді. У-шу боп қалдық. Телефонды қайта алып Сапарғали 
ағамызбен сөйлесті. Ол кісі: «Кәукенге естіртейік. Алдымен үйінің ал-
дына жиналып, ақылдасып алайық. Сосын байқап, бір орайын келтіріп 
естіртейік. Мен қазір Байғалиға (Досымжанов) телефон соғып, оған сол 
жерге кел деп айтайын. Сен де Кәукеннің үйіне қарай келе бер», – депті. 
Жүсекеңе мен де ілестім. Барсақ – үйдің есігі ашық тұр. Сапекең мен 
Байғали Кәукеннің басында отыр. Кәукен талып жатыр. Сөйтсек, оқиға 
былай болыпты. Сапакең Байғалиға телефонмен мән-жайды ұғындырып, 
Кәукеннің үйінің алдына жиналу жайын айтады. Байғали келіседі. 
Сөйтсе, Байғали елдің бәрінен бұрын барып алып, есік қағады. Есікті 
ашқан Кәукенге: – Не ғып жатырсың?! Шәкен өлді! – деп дүрс еткізеді. 
Кәукен есінен танып, жерге гүрс етіп құлап түседі. Біз барғанда Сапарғали
ағамыз бен Байғали Кәукеннің есін жидыртып жатыр екен. Осындай 
сұмдықты көрдік қой, қарағым. Әрине, бұл жерде Байғалидыкі жөн
емес, – деді. Сосын әңгімесін қайта жалғап: – Шәкенді түнде самолет-
пен алып келді. Аэропортқа адам сыймай кетті. Самолет қонған кез-
де халық тап бір Шәкен тірі түсетіндей лап қойды. Алайда табытты
көргенде аңтарылып, кейін серпілді. Артынша Шәкеннің өлгеніне көзі 
жетіп, көз жастарына ерік берді. 
85
Хабиба Елебекова. Ән – аманат. – Алматы: Өнер, 1989. – 125-б.


176
177
Шәкеннің мәйітін Кәукеннің үйіне түнетті. Қайғыдан еңсесі түскен 
Жүсекең түннің бір уағында менен кілтті сұрап алып үйге кетті. Біраздан 
соң «барып, біліп келші» деп күйеу баласын үйге жібердім. Ол бар-
са, төсекке шалқасынан жатып, домбырасын кеудесіне қойған Жүсекең 
Тоқбайдың «Екі жиренін» шертіп, екі көзінен жас парлап үнсіз жылап
жатыр екен. 
Шәкенмен қоштасу Опера және балет театрында болды. Қисапсыз 
халық Шәкенді жылап тұрып соңғы сапарға шығарып салды. Әйелдер 
жоқтау айтты. Сонда мен де жоқтау шығарып айттым. Әлі күнге дейін 
есімде. Ол мынау:


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   65




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет