66. Оқыту мен оқытудағы жаңа тәсілдерді сипаттаңыз Бір сәт тоқтап жан-жағымызға көз жүгірте қарасақ, жаңа заман, жаңа талап, жаңа әлемді көре аламыз. Бүгінгі таңда қарқынды дамып келе жатқан әлем түрлі өзгерістерге толы. ХХІ ғасыр - тың идея мен жаңа инновациялық технологиялардың ғасырына айналған кезең. «Жаңартылған білім білім мазмұнының» өзегі - жылдам дамып бара жатқан өзгермелі қоғамымызда өмір сүруге икемді, жеке басының, сонымен қатар қоғамның ыңғайына қарай өзін-өзі толыққанды жүзеге асыруға дайын, мектеп қабырғасында алған білімін өмірмен байланыстырып қолдана алатын білімді, шығармашылыққа бейім, құзіретті және бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру мен дамыту болып отыр. Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер жекелеген құбылыс немесе дағды емес. Осы іске тартылатын тетіктер мыналар: оқыту әдісін таңдау, жүйелі ойлауға үйрету,оқушының талантын зерттеу және анықтау, сандық технологиялар саласындағы жоғары құзыреттілікті дамыту болып табылады. Осы жаңа тәсілдерді қолдануда «диалогтік оқытудың маңызы» және «қалай оқу керектігін үйретуді» басшылыққа алдым. Оқыту мен оқудағы оқушы мен мұғалімнің арасындағы байланыс ол диалог арқылы болары сөзсіз. Осы диалогтік оқыту сабақ барысында тиімді қолданылғанда оқушылар өз ойларын, көзқарастарын білдіріп, еркін сөйлеуіне, дамуына көмектеседі. Ал «қалай оқу керектігін үйретуде» оқушы алған білімін есте сақтап, өз бетімен жан-жақты іздене отырып, жаңа білімді сыныптастарымен бірлесе отырып игеруге үйретеміз. Қалай оқу керектігін үйрету бұл оқушының «өзін-өзі реттеу» болып табылатыны анық. Бұл үдерісте оқушылар түсінеді, бақылайды, өздерін қадағалап қабілеттерін шыңдайды. Онда оқушының жас ерекшеліктерін де ескеруге тырыстым. Қалыптастырушы бағалау тапсырмалары арқылы өзін-өзі білім сатысының қай деңгейінде тұрғанын біле отырып, қатесін өзі түзетіп, білуге деген құштарлығын ояту болып саналады. Әрбір сабақты өткен сабақта игерілген мақсатқа байланысты «Ширатуға» бұрынғы білімін еске түсіретіндей «Кір жуғыш машина», «Ішкі және сыртқы шеңбер», «Кіріс және шығыс билеттері», «Сұрақтарды қағып ал», «Сен маған,мен саған» , «Құпия қапшық» әдістерінен бастағанда оқушылар ойнап жүріп өткен білімдерін қайталай отырып жаңа сабақ арасында көпір арқылы еніп кеткенін байқамай да қалады.Сонымен қатар оқушылардың сұрақ қою дағдылары қалыптасады. Ашық және жабық сұрақтардың айырмашылығын біледі. «Стикердегі диалог» әдісі. Бұл – үй тапсырмасын тексеруге, қорытынды сынақ немесе қарапайым ереже сұрауға таптырмас әдіс. Өйткені бұл әдісті қолданған кезде оқушы оқылған сұрақтың жауабын білуі тиіс. Сонымен қатар бұл әдіс оқушыны тез ойлануға, есте сақтау қабілетін дамытып, шапшаңдыққа үйретеді. Себебі, қағазда жазылған сұрақ басқа, жауап та басқа. Осы жерде оқушының шапшаңдығын, аңғарымпаздығын тануға болады. Сонымен қатар, бұл әдіс сыныптағы ынтымақтастық атмосферасын орнатуға да мүмкіндік береді. Оқушылар өз сұрағының жауабын естуге тырысады және өзіндегі жауаптың сұрағын тыңдауы тиіс. Осы жерде сынып оқушыларының арасында сыйластық қалыптасып, бір- бірінің сөзін тыңдауға бейімделе бастайды.