Бағдарламасы негізінде құрастырған «Әлеуметтік гуманитарлық ғылымдар»


Қола дәуіріндегі Қазақстан. Андронов мәдениетінің негізгі белгілері



Pdf көрінісі
бет10/34
Дата11.01.2017
өлшемі2,41 Mb.
#1677
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   34

Қола дәуіріндегі Қазақстан. Андронов мәдениетінің негізгі белгілері. 
Қола дәуірі тұрақтары. Мәдени қауымдастықтардың құрылуы 
Қазақстандағы  қола  дәуірінің  зерттелуі  Кеңес  өкіметінің  кезінде  ғылыми 
жағынан  жүйелі  жолға  қойылады.  1933  жылы  КСРО  Ғылым  академиясы 
Орталық 
Қазақстанды 
зерттеу 
үшін 
ұйымдастырған 
«Нұра 
экспедициясының» 
көрнекті 
мүшелері 
П.С.Рыков, 
М.И.Артамонов, 
М.П.Грязнов,  К.Арзютов,  И.В.Синицин  сияқты  ғалымдардың  сіңірген 
еңбектері  айтарлықтай.  Қола  дәуірін  зерттеуде  бұлардың  ашқан  басты 
жаңалықтарының  бірі  Шерубай-Нұра  өзенінің  аңғарынан  қола  дәуірінің 
атақты Дандыбай ескерткіштерін табуы. Қазақстанның батыс бөлігінде қола 
дәуірін  зерттеуде  ғалым  О.А.Кривцова-Грекованың  еңбегі  зор.  Әсіресе, 
Тарих, 
археология 
және 
этнография 
институтының 
жанынан 
ұйымдастырылған  Орталық  Қазақстан  археологиялық  экспедициясының 
меңгерушісі  Ә.  Марғұланның  жүргізген  жұмыстары  орасан  зор.  Ғалым 
Атасу, Бұғылы, Беғазы, Ақсу-Аюлы, Дандыбай сияқты ескерткіштерге қазба 
жұмыстарын  жүргізді.  Зерттеу  жұмыстарының  нәтижесінде  Ә.Марғұланның 
қола  дәуірі  туралы  екі  үлкен  монографиясы,  көптеген  ғылыми  мақалалары 
жарық  көрген.  Шығыс  Қазақстанның  жерінде  қола  дәуірінің  ескерткіштерін 
зерттеуде жемісті жұмыс жүргізген көрнекті ғалым С.С.Черников. ХХ ғ. 50-
жылдары  қола  дәуірін  зерттеуде  үлкен  еңбек  сіңірген  археолог  ғалымдар 
К.А. Ақышев, А.М. Оразбаев, А.Р. Максимовалар болды.  

Қола  дәуірі  б.з.  дейінгі  2  мыңжылдық  пен  1  мыңжылдықтың  басы 
аралығын қамтиды. Б.з. дейінгі 2 мыңжылдықта Евразия даласында қола алу 
тәсілі шығып, өндіргіш күштер қатарында төңкеріс жасалды. Ежелгі адамдар 
мысқа  қалайыны  қосу  арқылы  металл  бұйымдардың  беріктігін  күшейтті. 
Қоладан  тіршілікке  қажетті  құралдар  мен  қарулар  жасалды.  Қазақстан 
жеріндегі қола дәуірінің кезіндегі өмір сүрген адамдардың негізгі мәдениеті – 
ғылымда  Андронов  мәдениеті  деп  аталады.  Бұл  дәуірде  Қазақстан  даласын, 
Оңтүстік  Сібірді  және  Орал  аймағын  шығу  тегі  жағынан  ұқсас,  өзіндік 
мәдениеті  бар  тайпалар  мекендеді.  Бұл  мәдениеттің  алғашқы  ескерткіші 
табылған Оңтүстік Сібірдегі Ачинск қаласы маңындағы Андроново селосына 
байланысты  бұл  кезең  –  андронов  мәдениеті  деген  атау  алды.  Сол  жердегі 
қазба  жұмыстарын  1913  жылы  Б.В.  Андрианов  жүргізген.  1927  жылы 
археолог  М.П.  Грязнов  осындай  қорымды  Батыс  Қазақстаннан  да  тауып, 
андронов  мәдениетінің  ескерткіштері  шығыста  Минусинскіден  бастап 
батыста  Оралға  дейінгі  орасан  зор  территорияға  тарағанын  анықтады. 
Зерттеушілердің  көпшілігі  андронов  мәдениетінің  өмір  сүрген  уақытын  3 
кезеңге бөледі:  
1. Ерте қола кезеңі (Федоров кезеңі) – б.з.б. ХҮІІІ-ХҮІ ғғ.   
2. Орта қола кезеңі (Алакөл кезеңі) – б.з.б. ХҮ-ХІІІ ғғ.  
3. Кейінгі қола кезеңі (Замараев кезеңі) – б.з.б. ХІІ-ҮІІІ ғғ.  
Бұл  кезеңдер  алғашқы  зерттелген  ескерткіштер  атына  сәйкес  Федоров, 
Алакөл, Замараев деп аталды.  
Қола дәуірінің атап көрсетерлік ерекшеліктері мынадай: 

 
Түсті металдардың өндірістік жолмен игерілуі (қола металлургиясы). 

 
Ең  алғашқы  қоғамдық  еңбек  бөлінісінің  жүзеге  асуы,  яғни  мал 
шаруашылығының егіншіліктен бөлініп шығуы.  

 
Аталық отбасылық рулық қатынастың орнауы. 

 
Андроновтық  тайпалар  алғаш  болып  экономикалық  өмірдің  озық  түрі  – 
көшпелі мал шаруашылығына көшті. 

 
Рулық қатынастар ыдырап, қуатты тайпалық бірлестіктер құрыла бастады. 
Андронов тайпалары Қазақстанның барлық аймағын мекендеген. Негізгі 
қоныстанған  ауданы  –  Орталық  Қазақстан.  Бұл  өңірден  көптеген  мекендер, 
қорымдар,  көне  кен  орындары,  тастағы  суреттер-петроглифтер,  30-дан  аса 
қоныстар мен 150-ден аса қабір табылып зерттелген. Ертедегі Нұра кезеңінде  
жерлеу  салтында  кремация  (мәйітті  өртеу)  басым  болған.  Келесі  –  Атасу 
кезеңінде  жерді  игеру,  оның  ішінде  шөлейт  аудандарды  да  игеру  кеңінен 
жүргізіледі.  Тау-кен  жұмыстарының  көлемі  күрт  өседі,  оны  көптеген  тау 
кендерін  өңдеу  орындарының  болуынан  байқаймыз.  Қорымдар  мен 
қоныстардың  үлкен  бір  тобы  Атасу  өзенінің  бойында.  Қоныстар  мен 
қорымдарды  қазған  кезде  қола  құралдары,  қару-жарақтары,  сәндік  заттар 
шықты.  Мәйіттерді  бір  жамбасына  бүк  түсіріп  жатқызып  жерлеу  жиірек 
ұшырасады.  
Қоланың  кейінгі  кезеңі  Орталық  Қазақстанда  жаңа  мәдениет  –  Беғазы-
Дәндібай  мәдениетінің  құрылуымен  белгілі.  Орталық  Қазақстанда  көп 

жылдар  бойы  археологиялық  зерттеу  жұмысын  жүргізген  академик 
Ә.Х.Марғұлан  қола  дәуірінің  соңғы  кезінің  өзіне  тән  ерекшеліктерін  ескере 
отырып, оны Беғазы-Дәндібай мәдениеті деп атауға ұйғарды. Бұл мәдениетке 
ғалым  Беғазы,  Бұғылы,  Саңғыру,  Айбас  дарасы,  Дәндібай  ескерткіштерін 
жатқызады.  Аталған  ескерткіштерден  алынған  материалдар  қола  дәуірінен 
темір дәуіріне өтетін өтпелі кезін көрсететіндігін дәлелдейді. Бұл мәдениетке 
тән  бір  қасиет,  ол  бірінші  жағынан,  андронов  дәстүрін  сақтайды,  екінші 
жағынан,  онда  жаңа  элементтер:  мазарлардың  айрықша  типі,  өзіндік 
өзгешелігі  бар  жерлеу  салты,  қыш  ыдыс-аяқтардың  жаңа  түрлері  пайда 
болады.  Мәйіттерді  бүктеп  жатқызып  қоюмен  бірге,  оларды  шалқасынан 
жатқызып  қою  да  кездеседі.  Бұл  мәдениетке  сонымен  қатар  Қарағандының 
оңтүстік бетіндегі Ақсу-Аюлы ІІ қабірі жатады. Осы кезде жер бетіне тастан 
қалап  қабырғалы  тұрғын  үйлер  салу  рәсімі  кең  жайылады.  Тұрғын  үйлерді 
салуға ағаш кеңінен пайдаланылған. Металл өндіріп балқыту орасан зор рөл 
атқарған.  
Солтүстік  және  Батыс  Қазақстанда  көптеген  андроновтық  мәдениет 
ескерткіштері  ашылып  зерттелген,  олардың  ішінен  Алексеев  қонысы  мен 
Тастыбұтақ  қорымы  кеңінен  мәлім  болды.  Ертедегі  қола  кезеңіне  мәйітті 
өртеп көму рәсімі жатады. Сол кездері ежелгі  қалалардың прототиптері деп 
есептелетін  қоныстар  пайда  болды.  Соның  бірі  –  Арқайым  Челябинск  және 
Қостанай  облыстарының  шекарасында  орналасқан.  Кейінгі  қола  дәуірінің 
бірінші  кезеңінде  Солтүстік  Қазақстанның  тайпалары  Арал  өңірінің  Қима 
мәдениетінің, ал Батыс Қазақстан – Еділ бойының Қима мәдениетінің қатты 
ықпалына түседі.  
Шығыс Қазақстанда Андронов мәдениетінң дамуы да осы тектес жолмен 
жүреді.  Ертіс  пен  Бұқтарманың,  Күршімнің  көкорай  шалғынды 
алқаптарынан,  Алтайдың  таулы  аудандарынан,  Тарбағатай  мен  Сауыр 
далаларынан  қола  дәуірінің  ондаған  қоныстары  мен  қорымдары  табылды. 
Қанай  қорымы  және  онымен  қатар  орналасқан  қоныс  қабірлерінің  дені 
кейінгі қола кезеңіне жатады.  
Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу қола дәуірінде халық тығыз қоныстанған 
аймақ  болды.  Таңбалы  мен  Қаратау  сияқты  тастағы  суреттердің  аса  үлкен 
шоғыры тек Жетісу мен  Қазақстанның оңтүстігінен ғана табылды. Жетісуға 
федоров  пен  алакөл  тайпаларының  мәдениеттері  элементтерінің  араласып-
құраласып  жататыны  тән  болып  келеді.  Федоров  дәстүрінде  қоршаулары 
тікбұрышты  және  дөңгелек  болып  келетін  қабірлер  көбірек  кездеседі. 
Жетісудың  орта  қола  дәуіріне  Таңбалы,  Қарақұдық  қорымдары  жатады. 
Қазақстанның оңтүстігінен, Қаратаудан Таутары қорымы қазылып аршылды. 
Сырдарияның  төменгі  жағынан,  Арал  алқабынан  қола  дәуірінің  бірегей 
ескерткіші – Түгіскен кесенесі ашылды.  
Андроновшылар шаруашылығы.  Андроновшылар тіршілігінде мал өсіру 
бәрінен де маңызды рөл атқарған. Олардың негізгі малы – қой, сиыр, жылқы 
болды.  Андронов  тайпалары  тұңғыш  рет  қысты  күні  малды  қолда  ұстау 
дәстүрін  енгізді.  Тұрғын  үйлерге  жалғастырыла  мал  қоралары  салынған. 

Олар  қос  өркешті-бактриан  түйелерін  өсірген.  Түйе  бейнелері  жартастарға 
салынған.  
Ерте  және  орта  қола  кезеңдерінде,  яғни  б.з.  дейінгі  І  мыңжылдықтың 
басында  андроновшылар  отырықшы  болған.  Олар  аралас  шаруашылықпен 
шұғылданып, егін егіп, мал өсірген. Соңғысы үй іргесінің шаруасы саналған. 
Мал өсірудің мұндай түрінен жайылым тез тозған. Сондықтан мал ұстаудың 
жаңа  түрлері  мен  тәсілдері  қажет  болды.  Кейіннен  мал  өсірудің  жайлаулық 
тәсілі,  яғни  жартылай  көшпелі    мал  шаруашылығы  өмірге  келді.  Сөйтіп,  үй 
іргесіндегіден  –  жайлауға  көшу,  отарлы,  яғни  жартылай  көшпелі,  сосын 
көшпелі мал шаруашылығы туады. Бұл дала мен шөл жайылымдарын тиімді 
пайдалануға  жәрдемін  тигізді.  Көшпелі  және  жартылай  көшпелі  мал 
шаруашылығына өтуге байланысты бірте-бірте мал құрамы да өзгере түседі: 
ірі  қараның  саны  кеміп,  қой  мен  жылқы  саны  көбейе  түседі.  Андронов 
тайпаларының  тіршілігінде  теселі  егіншілік  болған.  Олар  негізінен  бидай, 
қарабидай және тары өсірді.  
Қола  дәуірінде  кен  өндіріп балқыту  ісі  орасан  зор  көлемде  жүргізілген. 
Мысалы,  Жезқазған  өңірінде  100  мың  тонна  мыс  қорытылған,  ал  Успен 
руднигінде  200  мың  тонна  кен  өндірілген.  Ежелгі  кеншілер  жұмсақ  кенді 
қайламен  омыру  арқылы,  қатты,  тығыз  кенді  отпен  уату  арқылы  және 
сонымен қатар үңгіп қазу арқылы өндірген. Отпен уату тәсілі бойынша - кен 
өзегінің  үстіне  от  жағылып,  әбден  қызған  кезде  су  құйып,  жарықшақтарға 
бөлген.  Уақталған  руданы  қонысқа  әкеліп,  арнаулы  пештерге  салып 
балқытқан,  ондай  пештер  қалдықтары  Атасу,  Суықбұлақ  қоныстарынан, 
Қанай  ауылының  қасынан  табылды.  Метал  балқытатын  шеберханалар  орны 
Мало-Красноярск,  Алексеевка,  Никольское,  Петровка  ІІ-де  бар  екені  мәлім 
болды.  Метал  балқытумен  бірге  андроновшылар  оны  шыңдау,  шекімелеу 
және  қыспалау  әдістерін  білген.  Алтын  фольгамен  оралған  қоладан  олар 
сырғалар, алқалар, білезіктер жасаған.  
Андроновтық  тайпалар  үй  кәсіпшілігінде  қыш  ыдыстар  жасаған. 
Қазақстанның  далалары  мен  таулы  алқаптарында  әрбір  отбасы  ыдыс-
аяқтарын  өздері  жасаған.  Әйелдер  саз  балшықты  әзірлеп,  одан  ыдыс-аяқ 
істеп,  оларды  ошақтағы  отқа,  кейде  таспен  қоршалған  шұңқырға  от  жағып 
сонда күйдірген. Б.з. дейінгі ХҮІІ-ХҮІ ғғ. аяқ-табақтар белгілі бір тоқылған 
мата  қалыпқа  салынып  істелген.  Қыш  ыдыстар  геометриялық  ою-
өрнектермен  әсемделген.  Бұл  өрнектер  байлық  пен  молшылықты,  тіл  мен 
көзден сақтау белгісін және ыдыс ішіндегі затты білдірген.  
Андроновтықтардың    баспанасы  жертөле  мен  жартылай  жер  бетіндегі 
үйлер  болған.  Бөлмелерді  жылыту  үшін  тастан  қаланған  пештер 
қолданылған,  отын  есебінде  ағаш,  тезек  жаққан.  Кейінгі  қола  дәуірінде 
Орталық  Қазақстанда  көп  бөлмелі  жер  бетіндегі  үйлерді  ауыр  дөңбек 
тастардан  салатын  болған.  Мұндай  көлемі  үлкен  үйлер  Бұғылы,  Ақбауыр 
қоныстарын қазған кезде кездесті. Осындай үлкен үйлер қоғамдық жиындар 
өткізетін, діни ғұрыптарды атқаратын  және үлкен отбасы  мекендейтін орын 
болып есептелген.  

Қоғамдық  құрылысы.  Қола  дәуірінде  мал  шаруашылығы  мен 
металлургияның  жедел  дамуы  ерлердің  еңбегін  көп  қажет  еткендіктен 
қоғамда  ер  адамдар  рөлі  жоғарылап,  аталық  отбасылық  қатынас  орнады, 
аналық  ру  орнына  аталық  ру  келді.  Андроновтықтар  қоғамында  барлық  істі 
халық  жиналысы  шешіп  отырды:  ру  басшыларын  сайлау,  айыптыларды  ел 
алдында жазалау және т.б. Жоғарыда айтқанымыздай андроновшылар үлкен 
үйде  үлкен  отбасылық  қауым  болып  өмір  сүрген  және  бірге  тұрып,  бәріне 
ортақ  шаруаны  ағайын-туыстардың  бірнеше  буыны  бірлесіп  атқарған. 
Қоныстар материалына қарағанда көзге түсерліктей ешбір елеулі әлеуметтік 
және  мүліктік  теңсіздік  байқалмайды,  алайда  қорымдарды  зерттеу  ісі 
адамның  байлық  дәрежесі  мен  қоғамдағы  мәртебесінің  айырмашылығын 
анықтауға мүмкіндік береді. Ертедегі қола дәуірінің өзінде көптеген біркелкі 
молалар  ішінен  өзгелерге  қарағанда  қабірі  үлкенірек  те  тереңірек,  ағаш 
мазарының  құрылысы  да  күрделі,  мола  ішіне  қойылған  құмыралары  мен 
тағамы  да  мол зират ерекше  назар  аударған. Мұндай қабірлерден  сондай-ақ 
соғыс  арбасының  жұрнағы  мен  аттардың  сүйектері,  мәйіт  басынан  қола 
қанжарлар,  жебелер  табылған.  Орта  және  кейінгі  қола  дәуірлерінде  де  тап 
осындай жәйттер кездеседі. Қорымдардағы қарапайым қабірлер арасынан ірі 
тастардан  екі  немесе  үш  қабат  қоршауы  бар  бірнеше  аса  үлкен  оба  не 
мазарлар  көзге  түседі.  Обалар  салып,  қабірлер  қазу  ісімен,  онда  қойылатын 
заттар  арасындағы  елеулі  айырмашылықтарға  жүгінсек,  андронов  қоғамы 
біртекті  болмаған.    Үлкен  қорымдарда  сол  кезде  қоғамда  айрықша  топқа 
бөлінген  жауынгерлер  қойылған.  Қоғамның  жіктелуі  басталған  –  оның 
қатардағы  қалың  мүшелері  арасынан  бөлініп  «патшалар»  -  билеушілер, 
жауынгерлер – кшатрийлер шыққан. Олардың жақындары да қоғамда жоғары 
дәрежеге  ие  болған.  Үнді-иран  шежірелеріне  қарағанда  абыздар  да  жоғары 
бағаланған.  Олар  діни  жоралғыларды  жүргізуші,  ежелгі  дәстүр  мен 
білімдерді  сақтаушылар  болды.  Олардың  өзгелерден  айрықша  бір  белгісі  – 
ағаш табақ  пен ерекше бас киімі (бөркі).  
Қола 
дәуірінде 
еңбек 
құралдарының 
жетілдірілуіне 
және 
шаруашылықтың  дамуына  байланысты  азық-түлік  молайып,  артық  қор 
құрылды. Қоғамда біреулер байып, басқаның еңбегін пайдалануға мүмкіндік 
алды.  Сондықтан  тұтқындарды  өлтірмей,  оларды  құлға  айналдырды.  Рулық 
ұжымдық меншіктің орнына жеке меншік орнап, еңбекті қанау пайда болды. 
Бұл  мүлік  теңсіздігінің  шығуына  алып  келді.  Сөйтіп,  қола  дәуірінде  рулық 
қауым  ыдырап,  шағын  отбасылардың  рөлі  күшейіп,  патриархалдық-рулық 
қатынастарды  сақтаған  көршілік  қауым  өркендеді.  Кейінгі  қола  кезеңіне 
қарай  отбасылық  қауымдар  бөлшектеніп,  нәтижесінде  алғашқы  қауымдық 
құрылыс ыдырай бастады.  
Қола  дәуірі  адамдарының  діні  мен  өнері.    Қола  дәуірінің  тайпалары 
табиғат  күштеріне  табынған.  Жерленген  адамның  басы  батысқа  немесе 
оңтүстіқ-батысқа  қаратылып,  қол-аяғы  бүгіп  жатқызылған.  Бұл  жер-ана 
құшағына  барған  сәби  қалпындағы  адам  түсінігін  берген.  Өлікті  матаушы 
ажал  құдайы  Ямаға  сыйынған.  Ерте  қола  дәуірінде  жерлеу  салтында 
кремация, яғни мәйітті өртеу басым болған. Бұдан андроновтықтардың отқа 

табынғанын  байқаймыз.  Кейінгі  қола  дәуірінде  жерлеудің  кесенемен  бірге 
өртеу  түрі  болған.  Үй  құрылысы  да  құрбандық  шалудан  басталған. 
Құрбандыққа  сүт  толы  ыдыстар,  бұқа  не  бағлан  шалынған.  Сүт  ішіліп,  ет 
желініп  болғасын,  құмыралар  мен  сүйектер  болашақ  үйдің  ошағының 
басына,  оның  табалдырығының  астына  көмілген.  Үйдің  ошағы  отбасының 
киелі  орны  есебінде  қатты  құрметтелген.  От  пен  күлге  байланысты  жөн-
жоралғылардың  бәрі  құдайдың  рақым-шапағатымен  денсаулық,  отбасының 
амандығын,  құт-береке  болса  деген  тілекпен  жасалған.  Мәйітті  көкке 
әкететін от құдайы – Агнияға арнап құрбандыққа ешкі сойған. Қола дәуірінің 
соңына  қарай  күнге,  айға  және  жұлдыздарға  табынған.  Ата-баба  аруағына 
сиыну және о дүниеге сену кең тарады.  
Қола  дәуірінің  жартастар  бетіне  салынған  суреттерінің  өзіндік 
ерекшеліктері  бар,  ертедегі  адамдар  жартастардың  тегіс  бетіне  қатты  да 
үшкір  тас  сынықтарымен  жануарлар,  Күн  бейнелі  адамдар  суретін,  соғыс 
арбалары  мен  шайқас  көріністерін  салған.  Бұл  –  адамның  рухани  мәдениеті 
және  оның  дүниетанымы  жөніндегі  аса  бағалы  хабарлар  бастауы  болып 
табылады.  Қазақстан  –  жартастағы  суреттер-петроглифтердің  саны  мен 
әралуандығы жөнінен әлемдегі ең бай жерлердің бірі. Осындай суреттер көп 
табылған  Таңбалы,  Ешкіөлмес,  Қаратау,  Маймақ,  Тарбағатай,  Бөкентау 
аймақтары  дүниежүзілік  мәдениеттің  қорына  қосылады.  Қола  дәуірінің 
адамдары  ойлаудың  мифологиялық  сатысында  болған.  Жартастардағы 
салынған  суреттер  –  андроновшылардың  өздерін  қоршаған  дүние  жайлы 
түсініктерінің  көрінісі  еді.  Суреттерде  жиі  кездесетін  бейне  –  мүйізін  алға 
кезеп,  шоқтығы  күдірейіп,  алып  денесі  шиыршық  атып,    аяқтарымен  жер 
тіреп  тұрған  турдың  –  жабайы  бұқаның  суреті.  Әлемді  жарату  жөніндегі 
мифтерде  дүние  –  Күн  құдайы  Митра  құрбандыққа  шалған  бұқаның 
мүшелерінен  жасалған  делінеді.  Сонда  Митра  бұқамен  қатар  қойылып, 
бірдей саналады. Ешкіөлмес тауындағы суреттердің бірінде Митра, басы күн 
шұғыласымен  қоршаулы  адам  бейнелес  секілденіп,  бұқа  үстінде  түрегеп 
тұрған  күйде  бейнеленген.  Бірқатар  киелі  орындарда  ертедегі  адамдардың 
басы  күн  шұғылалы  Митраға  тағзым  етіп,  табынып  жатқан  кездегі  көрінісі 
салынған. Таңбалы шатқалында күн басты бір кісінің маңында айнала билеп 
жүрген  кішкентай  адамдар,  парласып  және  жеке  өзі  билеп  жүрген  адамдар 
бейнеленген.  Бұқа  бейнесі  молшылық,  құдіреттілік  пен  күшті  білдіреді. 
Жартас  көркем  өнеріндегі  жиі  кездесетін  суреттердің  бірі  –  қос  өркешті 
бактриян  түйесінің  бейнесі.  Ол  ирандықтарда  күн  күркіреу  құдайы  – 
Веретрагна,  үнділіктерде  –  Индра  бейнесі  болып  есептеледі.  Қола  дәуірі 
петроглифтерінің  арасында  соғыс  арбасын  бейнелеу  де  кеңінен  тараған. 
Қаратау  тастарындағы  суреттерде  соғыс  арбасы  49  жерде  кездеседі,  олар 
Таңбалыда  да,  Ешкіөлместе  де  бар.  Олардың  көпшілігінде  екі  доңғалақты 
аңшы  және  соғыс  арбалары  бейнеленген.  Ат  пен  арба  жайлы  ирандықтар 
арасында  көктегі  күн  күймесі  жөнінде  әпсана-аңыз  бар.  Олар  жоғарғы 
құдайлардың  бәрі  аспанда  пырақ  жегілген  күймелермен  заулап  жүреді  деп 
есептеген.  Тастағы  суреттердің  ішінде  жер  жырту  көріністері  де  кездесіп 
қалады, оларда соқаға жегілген бұқалар, аттар мен ешкілер бейнеленеді. Соқа 

басында  адам  болады.  Бұл  көріністер  жаңа  жылды  мейрамдауға,  күн  мен 
түннің  теңелуі,  табиғаттың  жаңару  мейрамына,  құнарлылыққа  байланысты 
болса  керек.  Бұл  мерекенің  ең  бір  маңызды  бөлегі  –  түрен  тарту  болып 
табылады.  Бірінші  түрен  тарту  құқы,  яғни  алғашқы  соқа  салу  құрметі 
патшаға берілген. 
Қола  дәуірі  мәдениетінің  гүлденуі  Жерорта  теңізі  және  Кіші  Азия 
мәдениеті мен экономикалық қатынастың нәтижесі болды.  
Сонымен,  қорыта  келгенде,  Қазақстандағы  қола  дәуірінің  өзіндік 
мәдениеттері болғандығын, олар өз ерекшеліктерін сақтай отырып, Қазақстан 
аумағында  таралып,  белгілі-бір  даму  сатыларынан  өткенін  байқаймыз.  Осы 
дәуірде  аридтық  табиғи-географиялық  жағдай  көшпелі  тұрмыс  пен  көшпелі 
мал шаруашылығына өтуге өз әсерін тигізді.    
Өзіндік бақылау сұрақтары: 
1.
 
Дәріс барысындағы өзекті мәселелерге нені жатқызамыз? 
2.
 
Өзектілігі неде? 
3.
 
Тарихтағы орны қандай? 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
Тақырып: Қазақстан территориясындағы ерте мемлекеттік 
құрылымдар – 2 сағат 
Дәріс мақсаты: Жаңа оқу материалымен таныстыра отырып, білім білік дағдыларын 
қалыптастыру. 
 
1. Скиф-сақ қауымдастығы (б.з.д. ҮІІІ-ІІІ ғғ.) 
2. Ғұндар (Хунну) 
3. Үйсіндер және кангюйлер 

Скиф-сақ қауымдастығы (б.з.д. ҮІІІ-ІІІ ғғ.) 
Ежелгі  Қазақстан  аумағындағы  адамзаттың    даму    тарихында    өзіндік  
орын 
алатын  қола  дәуірін  ауыстырып,  үлкен  де  күрделі  өзгерістер  әкелген  кезең 
б.з.д.  І  мыңжылдықтың  басы  мен  біздің  заманымыздың  басы  болып 
табылады.  Бұл  кезең  Қазақстан  аумағын  мекендеген  адамдардың  өз 
өндірісінде  темірді  пайдалануы  және  көшпелі  шаруашылықтың  дамуымен 
ерекшеленеді.  
Б.з.д.  І  мыңжылдықта  Солтүстік  Үндістан,  Ауғанстан,  Орта  Азия  және 
Қазақстанның  оңтүстік  өңірін  қамтитын  кең  –  байтақ  аумақта  «сақ»  деген 
атпен белгілі тайпалар мекендеген. Геродот (б.з.д. V ғ.) және басқа ертедегі 
тарихшылар  оларды  “азиялық  скифтер”  деп  атаған.  Сақ  бірлестігі  туралы 
мәліметтер  кездесетін  негізгі  жазба  деректер  екі  топтан  тұрады:  1)  антик 
дәуірінің  авторлары  (гректер)  –  Геродот,  Страбон,  Ксенофонт,  Птоломей 
және  т.б.;  2)  Ахеменидтер  әулетінен  (көне  парсы)  қалған  сына  жазулар 
(Бехистун  сына  жазуы,  т.б.).  Парсы  жазбалары  «сақ»  атауын  қолданса,  грек 
деректері бұл тайпаларды «Азия скифтері» деп атайды.  
Сақ  тайпалары  Солтүстік  Қара  теңіз  жағалауын,  Днепр  өзені  бойын 
мекендеген  скифтердің  және  төменгі  Еділ  өзенінің  төменгі  ағысы  мен 
Оңтүстік  Орал  өңіріндегі  савроматтардың,  Кир  мен  І  Дарий  тұсындағы 
парсылардың  және  Александр  Македонский  дәуіріндегі  гректердің 
замандастары  болған.  Олар  ежелгі  парсылармен  тығыз  қарым-қатынас 
орнатып, б.з.д. VІ - V ғасырларда Ахеминидтер империясының құрамына да 
кірген. Ахеменидтердің сына жазбаларында сақтар туралы аз  болса да анық 
деректер келтірілген. Оларда сақтардың үш тобы: хаомаварга-сақтары (хаома 
сусынын  даярлайтын  сақтар),  тиграхауда-сақтары  (шошақ  бөрікті  сақтар), 
парадарайа-сақтары  (теңіздің  арғы  жағындағы  сақтар)  туралы  баяндалады. 
Алғашқы  екі  тобын  Герадот  “  амюргия-сақтар”  және  “ортокарибантия-
сақтар” деп атаған. 
Ғылымда  сақтардың  бұл  топтарының  Орта  Азия  мен  Қазақстан 
аумағында шоғырланғандығы туралы түрлі болжамдар бар. Олардың біреуіне 
сәйкес  Шаш  (Ташкент  ауданы),  Солтүстік  Қырғызстан  аумағында  және 
Қазақстанның  оңтүстігінде  тиграхауда-сақтары  мекендеген,  бұл  сақ 
тайпаларының  этникалық  аумағы  кеңірек  болған,  оған  Оңтүстік  Орал  өңірі 
мен Таулы Алтай да енген. 
Парсы  сына  жазбаларында  хаомаварга-сақтары  ең  ірі  тайпа  немесе 
тайпалар  тобы  деп  айтылған,  олар  грек  деректерінде  амюргий-сақтары  деп 
аталды. Бұл сақтар Ежелгі Бактрия және Маргиана аумағында (Әмудария мен 
Мұрғаб  өзендерінің  жағалауында)  орналасқан.  Ертедегі  парсылардың 
танысқан сақтары осылар еді. 
Лингвистикалық зерттеулердің мәліметіне қарағанда сақтардың Орталық 
Азияның көне иран тұрақтарынан б.з.д. І мыңжылдықта бөлектеніп шыққан 
ирандық,  нақтырақ  шығыс  ирандық  тайпалар  тобына  жататындығы 
байқалады. 

Сақ  тайпалар  одағына  массагеттер,  дайлар,  исседондар,  аримаспылар, 
қаспилер, аргипейлер және т.б. сияқты ондаған тайпалар кіреді. Олар ежелгі 
грек  авторларының  еңбектерінде  аталады.  Зерттеушілердің  болжамдары 
бойынша  олар  Қазақстан  аумағында  былайша  орналасқан  делінеді: 
массагеттер – Сырдарияның төменгі бойы мен Арал теңізінің оңтүстік және 
солтүстік-шығыс  өңірінде,  дайлар  –  Сырдарияның  төменгі  жағын,  Арал 
теңізінің  жағалауын,  исседондар  –  Іле  мен  Шу  өзендерінің  бойын,  оның 
шығыс  жағындағы  Тарбағатай  тауына  дейінгі  алқапты,  ал  кейбір 
зерттеушілер,  соның  ішінде,  М.Қ.Қадырбаев  оларды  Орталық  Қазақстан 
кеңістігіне  орналастырады,  аримаспылар  –  Шығыс  Қазақстан  аумағын, 
қаспилер  –  Каспий  теңізінің  шығыс  жағалауын,  аргипейлер  –  Қазақстанның 
солтүстік аймағын мекендеген.   
Деректерге сүйенсек, сақтар мал шаруашылығымен айналысып, жылқы, 
ірі  қара,  қой  өсірген.  Мал  шаруашылығының  үш  түрі  болды:  көшпелі, 
жартылай  көшпелі,  отырықшы  мал  шаруашылығы.  Сақтарда  түйе  өсіру 
Батыс  және  Оңтүстік  Қазақстан  аймақтарында  өркен  жайды.  Олар  атқа 
керемет мініп, садақ атуды өте жақсы меңгерген.  
Б.з.д.  ҮІІІ  –ҮІІ  ғасырларда  Қазақстан  мен  Орталық  Азияны  мекендеген 
тайпалардың  Ассирия  және  Мидиямен,  ал  б.з.д.  ҮІ  ғасырдың  ортасынан 
бастап  құрылған  Ахеменидтер  тұсында  Персиямен  қарым-қатынас  жасаған 
және сол кезеңдегі көптеген тарихи оқиғаларға араласып отырған. 
Жазбаша және археологиялық деректер б.з.б. VІІІ-VІІ ғғ. Қазақстан мен 
Орта  Азияны  мекендеген  тайпалар  ежелгі  дүние  өркениеті  -  Ассириямен 
және  Мидиямен,  ал  б.з.б.  VІ  ғасырдың  ортасында  Ахеменидтер  мемлекеті 
құрылған  уақыттан  бастап  Персиямен  байланысты  болғанын  көрсетеді. 
Сақтар  сол  кездегі  көптеген  тарихи  оқиғаларға  қатысты.    Мәселен,  Кир 
сақтармен  одақ  жасап,  Мидия  патшасы  Крезбен  соғысуы  кезінде    олардан 
көмек  алады.  Кейінірек  Кир  сақтар  мен  массагеттерді  бағындырмақшы 
болып жорыққа аттанады. Бірақ, оның  жорығы қатты қарсылыққа кездесіп, 
соңында Кир бастаған парсылар сәтсіздікке ұшырап, әскерлері талқандалып, 
өзі  қаза  табады.  Герадот  мынадай  аңыздық  мәліметтерді  келтіреді: 
парсыларды  жеңгеннен  кейін  сақтардың  патшайымы  Тұмар  (Томирис) 
торсыққа  қанды  толтыра  құйғызып,  «Сен  қанға  құмартып  едің,  енді  шөлің 
қансын!» деп оған Кирдің басын салдырған. 
Кирдің Орта Азияға басқыншылық жорықтарын І Дарий (б.з.д. 521-486) 
жалғастырды.  Б.з.б.  518  жылы  І  Дарий  массагет-сақтарға  қарсы  жорық 
бастап,  бірақ  ол  да  жеңіліске  ұшырады.  Грек  тарихшысы  Полиэн  массагет-
сақтардың парсыларға қарсы ерлікпен күрескендігі жайлы мына бір оқиғаны  
келтіреді.  Шырақ  есімді  бір  сақ  жауынгері  өзінің  денесін  пышақпен 
тілгілейді  де,  парсыларға  барып  өзін  сақ  көсемдерінен  зардап  шеккен  адам 
сипатында  көрсетеді.  Одан  соң  өзінің  тайпаластарынан  кек  қайтарғысы 
келетінін мәлімдеген Шырақ жауларын, яғни парсыларды  сусыз шөл далаға 
апарып  адастырады.  Ал,  ол  жерде  парсылардың  көбі  шөлге  шыдамай 
қырылады.  Өз  жерін  жат  жерлік  басқыншылардан  қорғау  мақсатында  сақ 
жауынгері  Шырақ  осындай ерен ерлік жасады. 

Дегенмен  І  Дарий  аз  уақыт  болса  да  жекелеген  сақ  тайпаларын,  соның 
ішінде хаомаварга-сақтарын және басқа да кейбір тайпаларды бағындырады. 
Бұл  тайпалар  Ахеменидтердің  ХV  сатрапиясының  (салық  аймағының) 
құрамына  кіріп,    алым-салық  төлеуге  тиіс  болды,  бірақ  ол  өз  уақытында 
төленіп  тұрмады  және  көбіне  сыйлықтар  сипатында  болды.  Сақтар  болса 
Ахеменидтердің  әскерінде  қызмет  атқарды.  Тіпті,  олардың  біразы  парсы  
патшасының  «өлмейтін  он  мың»  деп  аталатын  жеке  әскери  құрамасының 
қатарына да кірді.  
Б.з.б. VІ ғасырдың аяғымен V ғасырдың басында ежелгі Шығыста грек-
парсы  соғыстарының  басталуына  байланысты  ірі-ірі  саяси  оқиғалардың 
болғаны  белгілі.  Сол тұста  кейбір сақ тайпалары бұл соғыстарға  одақтастар 
мен  жалдамалылар  ретінде  парсылар  жағында  қатысып  отырған.  Мысалы, 
Гавгамелы маңындағы шайқасқа сақтардың жеңіл атты әскері қатысқан. 
Грек-парсы  соғыстары  (б.з.б.  500-449  жылдары)  парсылардың 
жеңілуімен  аяқталды.  Ал,  бұл  кезде  Грекияда  экономикалық  және  саяси 
дағдарыс шиеленісе түседі, құл иеленушілер болса, бұдан шығудың жолдары 
шығысқа  басқыншылық  жорықтар  ұйымдастыру  деп  түсінеді.  Б.з.б.  ІV 
ғасырдың  30-жылдарында  македондық-гректер  Александр  Македонскийдің 
басшылығымен  соңғы  Ахеменидтік  ІІІ  Дарий  Кодоманның  армиясын 
талқандап, Орта Азияға басып кіреді. Маракандты (Самаркандты) алып, олар 
Сырдарияға  қарай  бет  алады.  Гректердің  баса-көктеп  енуіне  Орта  Азия 
халықтары    табан  тіресе  ерлікпен  қарсыласты.  Александр  Македонскийдің 
әскерлеріне  қарсы  күресте  сол  кезде  Қазақстанның  оңтүстік  аудандарын 
мекендеушілер,  оның  ішінде  массагеттер  белсене  қатысты.  Александр 
Македонский  әскерлерімен  Сырдариядан  өтпек  болған  кезінде  сақ  жебесі 
тиіп,  жараланды.  Македондық-гректер  Сырдария  бойындағы  қалаларды 
қоршаған кезде олардың тылында көтеріліс шығып, оны Спитамен басқарды. 
Спитамен  массагет-сақтардың  қолдауына  сүйене  отырып,  сол  кезде 
жеңілмейтін  деп  саналған  македондық-грек  әскерлерін  бірнеше  дүркін 
талқандаған  болатын.  Үш  жыл  бойғы  кескілескен  соғыстан  кейін  ғана 
македондық-гректер  Орта  Азияның  кейбір  тайпалары  мен  халықтарын 
уақытша  бағындырды.  Сырдарияның  арғы  жағасындағы  сақ  тайпалары 
өздерінің тәуелсіздігін сақтап қалды. Александр Македонский өлгеннен кейін 
оның ұлан-байтақ империясы тығыз экономикалық және саяси байланыстары 
жоқ  тайпалар  мен  халықтардан    біріктірілгендіктен  дағдарысқа  ұшырап 
ыдырады. 
Б.з.б.  І  мыңжылдықта  Жетісу  мен  Оңтүстік  Қазақстан  тиграхауда-
сақтарға  кіретін  сақ  тайпаларының  үлкен  тобы  қоныстанған  Орта  Азия  мен 
Қазақстанның  этно-мәдени  сақ  қауымының  өзіндік  жарқын  мәдениетінің  ірі 
ошағы  болды.  Сақ  мәдениеті  -  Орталық  және  Алдыңғы  Азияның  мәдениеті 
мен өнері жетістіктерінің бірі болды. Ол заманға қатысты қорымдардың көп 
болуы  ерте  кезден-ақ  Қазақстан  аумағының  оңтүстік-шығысы  мен 
оңтүстігінің толық игерілгенін байқатады. Сырдария, Іле, Талас, Лепсі, Есік, 
Шелек,  Шарын,  Кеген  өзендері  мен  т.б.  өзендердің  аңғарларында  көптеген 
тас  және  топырақ  обалар  шоғырланған.  Мысалы,  Жуантөбе  қорымы  (Іле 

өзенінің сол жақ жағалауы) – 300 обадан, Берікқара қорымы (Талас өзенінің 
аңғары)  500  обадан,  Кетпен  –  Төбе  алқабында  (Солтүстік  Қырғызстан)  700 
обадан  тұратын  қорымдар  табылған.  Оларда  адамдар  әр  түрлі  уақыттарда 
жерленіп, жүздеген жылдар бойы қалыптасқан. 
Биіктігі 20 метрге дейін жететін «патша» обалары саналатын обалардың 
көп  табылуы  жағынан  Жетісу  мен  Оңтүстік  Қазақстанға  тең  келетін  Орта 
Азия  мен  Қазақстанның  басқа  аудандары  жоқ.  Осындай  археологиялық 
ескерткіштердің мол табылуына байланысты А.Н.Бернштам «патша сақтары 
мен үйсіндер» Жетісуды мекендеген деп қорытынды жасайды. 
Б.з.б. V ғасырға жататын Бесшатыр қорымының тянь-шань қарағайлары 
бөренелерінен тұрғызылған ірі жерлеу құрлыстары тамаша сақталған күйінде 
табылды,  олар  Орта  Азия  мен  Қазақстан  аумағындағы  жер  бетіне  ағаштан 
салынған ең ежелгі сәулет өнерінің бірегей ескерткіштері. 
Іле  Алатауының  солтүстік  беткейіндегі  үлкен  қорымға  енетін  «Есік» 
обасындағы    ақсүйек  сақтың  қабірі  жерлеу  ғұрпының  байлығымен  қайран 
қалдырады. Оның басынан аяғына дейінгі киімдері алтынан жасалған 4000-ға 
жуық қаптырма мен қалақша арқылы әшекейленген, олардың көпшілігі скиф-
сақ  кезіндегі  «аң»  стилінде  жасалған.  Есік  қабірінен  табылған  күміс 
тостағанның  маңызы  ерекше,  оның  түбіндегі  26  таңбадан  тұратын  жазу, 
тегінде, әліпбилік жазба болуы ықтимал. 
Б.з.д. І мыңжылдықтың басы сақ қоғамындағы рулық қауымның ыдырап,  
әлеуметтік құрылымның қалыптасу үрдісінің жаңа сипатымен ерекшеленеді. 
Археологиялық  деректер  жеке  меншік,  ал  кейіннен  отбасылық  меншік 
түрінің шыққанын айқын байқатады. Сақ заманының қоғамдық құрылымын: 
шағын  туыс  отбасылар  тобы  (патронимия)  –  яғни,  көшпелі  қауым-тайпалар 
одағы деп атауға болады. Бұл құрылымның патронимия деп аталған төменгі 
ұясы  өрбіген  үлкен  патриархаттық-рулық  әлеуеттің  үлкейіп,  табиғи 
бөлшектенуі  нәтижесінде  құрылды.  Ол  бөліністер  әулет  басшысының 
есімімен  аталды.  Ал  қоғамның  жіктеліп,  байлар  мен  кедейлерге  бөлінуі  сақ 
қоғамында  мүлік  теңсіздігінің,  яғни,  әлеуметтік  теңсіздіктің  болғанының 
дәлелі болып табылады. 
Сақ қоғамында халықтың үш тобы болған. Олар: жауынгерлер, абыздар, 
қауымшыл  сақтар.  Осы  жіктердің  әрқайсысының  өзіне  тән  дәстүрлі  түсі 
болған.  Жауынгерлерге  –  қызыл  және  сары-қызыл,  абыздарға  –  ақ, 
қауымшыл  сақтарға  –  сары  мен  көк  түстер  тән  еді.  Сонымен  қатар, 
абыздардың  белгісі  -  құрбан  табақ  пен  айрықша  бас  киім  болды.  Сақ 
көсемдері  мен  патшалары  жауынгерлер  тобынан  сайланған.  Патшалардың 
белгісі  жебелі  садақ  болды.  Сақ  әйелдері  қоғамдық  өмірдің  барлық 
салаларына, тіпті соғыс шайқастарына да ерлермен бірдей  қатынасып, ерлік 
көрсетіп отырған.  
Б.з.д.  VІ-V  ғасырлардың  өзінде-ақ  сақтардың  қоғамдық  құрылысының 
сол  заманғы  прогрестің  неғұрлым  жоғарғы  сатысына  көтерілгендігін,  оған 
экономикалық және саяси алғышарттардың болғандығын  көрсетеді.  
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   34




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет