Ислам негізгі 5 тұғырдан тұрады: Алланың барлығына, жаратушының жалғыздығына сену және Мұхаммед (с.ғ.с.) оның жердегі жалғыз елшісі екендігіне сену. Арабша: «Ла илаһа иллалаһ Мұхамедур Расулуллаһ» деп тіліңді келтіру.
Діннің негізгі діңгегі – намаз, күніне бес уақыт намаз оқу.
Аллаһтың ризалығы үшін зекет беру.
Жылына бір рет 30 күн ораза ұстау.
Мүмкіншілігі (мал-мүлкі, денсаулығы) болса қажылыққа бару.
Исламның екі бағыты бар: Суннит және Шиит. Сунна (ғұрып, үлгі) – Мұхаммед (с.ғ.с.) өмірінен алынған мысалдар, іс-әрекетінен алынған өнегелер. Шииттер (жақтаушылар) – билікті пайғамбарымыздың немере інісі әрі күйеу баласы Хазірет Әлиге беруді қолдаушылардың діни саяси тобы. Бұл ағым әсіресе Әлидің ұлы Хусейіннің 680 ж. Кербала жерінде жауыздықпен өлтірілуінен кейін күшейіп, саяси сипат алды. Бірақта, бұлар да Суннаны мұсылман дін ілімінің екінші көзі, бастауы деп мойындайды. Әлидің жерленген жері - Неджеф қаласы, Хусейіннің көмілген жері Кербаладағы (Ирак) мешіт-шииттердің киелі санап, қажылық жасайтын орны.
Шииттер өз ішінде көптеген секталарға бөлініп кеткен. Солардың ішіндегі ең ірілері: кайсаниттер, зейдиттер, имамиттер, «шеткі» шинттер және исмаилиттер. Бұлардың ішіндегіден саны жағынан ең көбі әрі байыптысы – имамиттер – Әли әулетінен шыққан 12 имамды мойындап жақтайды. Шииттер әлемдік көлемде мұсылман қауымының он пайыздайын құрайды. Бұл бағытты Иранның түгелге жуығы, Ирактың – төрттен үш бөлігі, Әзірбайжан, Ливан, Йемен, Бахрейн мұсылмандарының елеулі бөлігі ұстанады.
Сүнниттер – Құран Кәрімді және Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың хадистерін (ақиқаттарын), сонымен бірге пайғамбардың сахабаларының дін, сенім мәселесіндегі ұстанымдарын ұстайтын, басшылыққа алатын бағыт. Сүннет - арабшадан аударғанда: «тура, дұрыс жол, үлгі алатын іс-әрекет» - деген мағынаны береді, яғни Мұхаммед пайғамбардың айтқан сөздері (хадис) мен өмір салтын қамтитын іс-әрекеттерінің жиынтығы болып табылады. Алғашқы кездерде мұсылмандар біртұтас қауым болатын. Кейіннен ішкі және сыртқы әртүрлі әсерлерден бірнеше ағымдар пайда болды. Мысалы: харижиттер, шииттер, мутазилиттер, муржия, кадирия, жабрия, т.т. Сунниттер қазіргі кезде бүкіл әлемдегі мұсылмандардың шамамен 90% құрайды. Сунниттік төрт құқықтық мектептер бар: маликиттік, шафииттік, ханафиттік, ханбалиттік.
Малики мәзһабаның негізін қалаушы – Малик ибн Анас әл-Асбахий, 713 жылы Мединеде туып, сол жерде 795 ж. қайтыс болған
Шафийлер сунниттік құқықтық мектебінің негізін қалаушы Мұхаммед ибн-Идрис аш-Шафий (767-821 ж.ж.) Газада туған, Мысырда қайтыс болған.
Ханбали мәзһабы-негізін салушы – Ахмад ибн Ханбал (778-855 ж.ж.) Бағдатта туып, сонда қайтыс болған.