Бағдат Оралбайұлы «Тегімізді тануға талпыныс»



бет53/153
Дата06.01.2022
өлшемі11,37 Mb.
#12762
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   153
Байланысты:
Шежіре

Саяқып бабаның құраны
Бисмилләһи рахмани рахим!

Бұл қасиетті дүниемен, әулие бабам Саяқып қожаның ұстап қолы тиген, өмірде тұтынған асыл затының бірі, тіпті бірегейімен танысуымның жайын айтсам төмендегідей. Мен қожалардың шежіресін жинап жүрген кезімде, дәлірек айтсам 2004 жылдың ақпан айының аяғында Аягөз қаласының 4-ші кварталында, 247-үйде тұратын Балуанов Қожамберді ақсақалдың үйіне бардым. Бұл кісінің руы-Сыбан, оның ішінде Салпы-Шектібай, балуан денелі, қабағы түксиген, түсі суықтау адам екен. Сәлемдесіп, жөн сұрастық, шежіре жинап жүрген жайымды, Саяқып баба туралы және оған қатысты білгендері болса, айтып беруін өтіндім. «Е, қожамын де, Саяқыптың тұқымымын де, онда бөтен емессің - нағашымның үлкені болдың» - деп шешіле бастады. Байқауымша, алдындағы түсінің салқындығы жібіп, жадырап әңгімесін айта бастады. Әуелі дыбыстап кемпірін шақырып: «Мына жігіт өзі жасы кіші болғанмен жолы үлкен нағашымыз екен, дастарханыңды дайындай бер» - дей келе ол кісіні таныстырып: «Бұл жеңгең - Сәруәр деген, руы-Бура, балалардың анасы» - деді. Содан сәл ыңғайланып отырып алып әңгімесін бастады.

Саяқып бабамызда біреулер 9 ұл, енді біреулер 11 ұл баласы болған деседі. Сол балаларының ең кенжесі Атахан екен. Осы нағашы атамыздан:

1.Үмінәй-үлкен қызы, одан Әділхан, одан Ыдырыс.

2.Айша-екінші қызы, бұдан Балуановтар әулеті мына біздер тараймыз.

3.Ұлхан-үшінші қызы, бұдан ұрпақ жоқ.

4.Әбіш-жалғыз ұл, бұдан да ұрпақ жоқ.

Осы төрт бала болыпты. Атахан мен Әбіштің зираты Ащысу бойында, Барақ төренің зиратымен бірге. Саяқып бабаның Көкқұраны алдымен ең кенже ұлы Атаханда болыпты. Ол кісі о дүниелік болған соң оның жалғыз ұлы Әбіште қалыпты. Кейіннен Әбіш қайтыс болған кезде оның апайы, Атаханның екінші қызы Айшаға - біздің болашақ әжемізге ауысыпты. Айша бойжеткен кезінде біздің атамыз Балуанға күйеуге шығады.

Міне, осылайша қожа Саяқып бабаның Көкқұраны біздің тұқымға ауысып келіпті.

Айша әжеміз - 1860-1933 жылдары өмір сүрген ал Балуан атамыз 1856-1931 жылдары бұл фәни дүниеде болған. Балуан ата мен Айша әжемізден: Қожамсейіт, Серікқожа, Серікмұхамет деген үш ұл туады. Айша әжеміз қайтыс болған 1933 жылдан кейін Көкқұран оның ұлы Серікқожада болады, одан оның інісі Серікмұхаметке ауысыпты. Серікмұхамбеттің әйелі - Сәулеханқызы Айтқайша тәте, руы тобықты - Наз, Шакер Әбенов ақынның немере қарындасы, шешесі Сыбан - Кенжеғұлдың ұлы Оспанның қызы Оңай деген. Осы Серікмұхамет пен Айтқайша жеңгейден: Нұрмұхамет, Айтмұхамбет, Серік, Дидар деген ұрпақтары бар. Қазіргі кезде Көкқұран Нұрмұхаметтің үйінде, Айтқайша жеңгеміздің қолында болуы керек» - деп Қожамберді ақсақал тыныстады.

Мұншама құнды мәліметтер алғаныма мен де қуанышқа бөлендім. Осы кезде ас үй жақтан Сәруар тәтенің: «Тамақ дайын» - деген хабары жетті. Бұдан әрі де әңгімеміз жараса отырып, тамақты жеп, риза көңілмен үйге қайттым.

Осыдан кейін енді бабамыздың Көкқұранын көру ойымнан шықпай мазам кетті. Оны көрудің осы жылы жаз айында сәті түсті.

Семей шаһарында тұратын бауырым Серікбаев Аділбай қожаға телефон шалып Көкқұран туралы әңгімемді айтып едім, ол бауырым ол құранды бұрын көргенін айтты. Мен: «Ендеше мені сонда апар» - деп өтініш айттым, ол сөзге келместен келісімін берді. Сонымен, мен жедел түрде Семейге барып, Аділбай бауырым екеуіміз ары қарай Озерка ауылына Нұрмұхаметтің үйіне барып ат басын тіредік. Үйінде Нұрмұхамет жоқ екен, есесіне ең керекті адамымыз Айтқайша шешей үйінде екен. Амандық-есендік сұрасқаннан соң бұйымтайымызды айттық. Айтқайша тәте өткен дүние Заман уақиғаларын есіне түсірді ме екен, сәл ойланып қалды. Біраздан кейін әңгімесін бастады: «Бұл қасиетті Көкқұран менің алдымда қайнағам Серікқожаның қолында болған еді. Осы қайнағам бұл дүниеден өтерінде «Осы келінім таза жүреді» - деп Көкқұранды маған аманат етіп тапсырды. Міне, сол жиырма жылдан астам уақыттан бері бұл құран менің қолымда. Біздің Балуановтар әулетіне Саяқып бабаның кенже ұлы Атаханның қызы Айшадан бері қарай бізге мұра боп келе жатыр. Қасиетінен айналайын! Балаларымның біреуінің үйінде немесе жақын бір туыстарымыздың отбасында біреу-міреу сырқаттанып қалса, болмаса бір жайсыз жағдайға кезіксе, Көкқұранымды алып Аллаһ пен Саяқып бабаның әруағына сиынып, сол үйге барып жатамын. Бірер күннен кейін әлгі үйдегі жайсыз жағдай дұрысталып кетеді» - деп Айтқайша тәте әңгімесін аяқтады. Содан орнынан тұрып төргі бөлмеге кіріп кетіп, ораулы бір нәрсені алып келді де, столдың үстіне қойды. Періште – нәрестені орағандай ұқыптылықпен ораған түйіншекті «бисмиллә» - деп шешті. Ішінен қызыл-қоңыр түсті, формасы папкаға ұқсас былғары қапқа салынған, бір көруді армандаған Көкқұран шықты. Өзі ішінен Аллаһқа сиынып «Бисмиллә» деп столдың үстіндегі ақ матаның үстіне қойды. Біз де құранға жақындап көре бастадық. Әуелі Аллаһқа содан соң Саяқып бабамыздың аруағына сиына, тебірене отырып қасиетті Көкқұранға қол тигізіп, беттерін ақырын-ақырын ашып көрдік. Құранның қағаздары мейлінше сары тап болып сарғайған, беттерінің шеттері ыдырап, тозып, мүжілген. Кей парақтары шұрық-шұрық, ұсақ-ұсақ тесік. Әр аят біткеннен кейін жұлдызша белгілері басылған, құранның беттері үлбіреп, үгіліп тұр. Бұған әрине Құранның басынан өткерген екі-үш ғасыр уақыттың әсері болса керек. Айтқайша тәтенің түсінігі бойынша құранның шетінің мұжылуы және ұсақ тесіктердің пайда болуы себебі, Саяқып бабамыз оттың ортасында отырып құран аударғанда сексеуілдің шоқтары ыршып түскеннен шұрқ-шұрқ тесіктер пайда болған, ал шеттерінің мүжіліп түсуі отқа күйгендіктен болса керек. Неге бұлай болған себебін жоғарыда баяндадым.

Айтқайша тәте ары қарай әңгімесін жалғай түсті. Ұлы Отан соғысы аяқталатын жылы болса керек Аягөз ауданының Нарын кеңшарының Түсіпжан Қырықбаев деген азаматы келіп өлердегі сөзін айтып: «Әйелім 2-3 күн болды босана алмай қиналып өлермен болды. Амалсыз сіздерге келдім, көмектесіңдер» - деген соң бірер бетін қайнағам беріпті. Негізі, құранның аяттарын бөлшектемеу керек деседі. Бұл жайытты кейіннен білген қайнағам (Серікқожа) қатты өкініп, көзіне жас алғанын сан мәрте көрдім. Мөлшері, Бабамыздың аруағы қысатын болуы керек. «Ол кісі өте қасиетті әулие адам ғой» - деп тәте сөзін аяқтады.

Келгендегі арман-мақсатымыз орындалып, бұл үйден қуанышты, риза көңілмен кері қайттық. «Бабамыз –Саяқып әулиенің топырағы торқа жаны жаннатта болсын, Аллаһтың рахматы, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың шапағаты жаусын» - деп іштей дұға жасадық.

Саяқып бабамыздың тегі туралы әңгіме болғанда біздің алдымызда болып, қазір өмірден өткен көнекөз әкелеріміз бен ағаларымыздың (Андақұлұлы Төребай, Бөтекенов Серікбай, Төтекбаев Доланбай) айтулары бойынша Саяқып бабаның (Әбибі қожаның) әкесі Мұхмұн, оның әкесі Шаһанәдір, ал оның арғы түп атасы Бақшайыш (Бақсайыс) болады. Бұл деректерді шежіреші ағамыз Бекен Исабаевта өзінің «Ұлылар мекені» (Новосибирск 2001ж) кітабында қайталайды. Енді осы ағамыздың сөзінен үзінді келтіремін:



«Бақшайыс ұрпақтарының өзінен кейінгі көрнектісі Шаһанәдір болады. Одан Сарғалтақ, Мұхмұн, Сәдір туды. Мұхмұннан Саяқып (Саяқ). Саяқыптың бәйбішесінен Өзібек, Ханқожа, Сәсейіт, Солтан, Темір тарайды. Бұлар Аягөздің Ақшатау, Ақшәулі, Қоңыршәулі бойында өсіп өнген. Саяқыптың кіші әйелінен - Берді, Қылыш, Төлеген туады. Ұрпақтары Тобықты елінде өсіп өнген. Саяқып Ырғызбайдың, Берді Өскенбайдың, Әуез Құнанбайдың, Омархан Абайдың замандасы.

Демек Жеті Момынның Тобықтысымен ере келген бұл қожалардың Сарғалтақ ұрпағы Абылаймен бірге Көкшетауға, Сәдір ұрпағы дадан Тобықты мен бірге Балқаш-Тоқырауын бойына, ал Саяқыптың бәйбіше балалары Аягөз өлкесіне, тоқал балалары Шыңғыс Тобықтылары ортасына мекендеп қалған» - дейді. («Ұлылар мекені», Бекен Исабаев, Новосибирск, 2001, 525 бет).

Бұл келтірілген шежірені белгілі жазушы Тұрсын Жұртбаев өзінің «Бесігіңді түзе» атты кітабында (30-бет) және белгілі шежіреші, жазушы ағамыз Сейітомар Саттаров «Мұхтар Әуезовтың ататегі» кітабында (278 бет) да осы шежірені ешбір өзгеріссіз қайталайды. Демек, осы үш жазушы ағаларымыз бен жоғарыда аттары аталған ауылымыздың үш ақсақалдарының ой-пікірлері де бір жерден шығып отыр.

Енді, осы жайттарды негізге ала отырып Сейітомар Саттаров ағамыздың «М.Әуезовтың ататегі» кітабының 212-213 беттерінде М.Әуезовтың тектік шежіресін Ә.Шілтерхановтың нұсқасы бойынша келтірілген шежіреден біраз айырмашылықтар бар.

Мысалы: бұл шежіре бойынша Саяқыптың (Әбибінің) әкесі Әбілпай шайх, ал оның әкесі Аллаберді шайх, ал ол Құли шайхтан туған болып тұр. Ал жоғарыдағы шежіре бойынша басқашалау екендігі көрініп түр.

Бұл жерде мен алғашқы нұсқаны, яғни Бекен Исабаев, Тұрсын Жұртбаев, Төребай Андақұлов, Серікбай Бөтекенов, Доланбай Төтекбаев ағаларымыздың нұсқасы дұрыс-ау деген пікірдемін. Себебі, біріншіден - аттары аталған екі жазушылар осы Саяқып бабамыздың ұрпақтарымен жерлес, бір жерде өскендіктен жас күндерінен бұл жайдың барлығын естіп өскендіктен біледі деген тұжымдамын.

Екіншіден - Саяқып бабаның тікелей ұрпақтары болып саналатын есімдері жоғарыда келтірілген үш ағаларымыз «көздері ашық, көкіректері ояу» жандар болғандықтан өз аталарынан қателесуі ешбір мүмкін емес.

Үшіншіден – қазақтың белгілі, жазушысы Қабдеш Жұмаділов ағамыз өзінің «Прометей алауы» атты кітабында (Алматы, 2002 ж шыққан): «Саяқыптың Арқадағы төрелермен де туыстығы бар екен. Уәли ханның екінші әйелі, қазіргі Шыңғыс төренің шешесі - Айғаным Саяқыпқа туыс екен. Саяқыптың әкесі Мұхмұн мен Айғанымның әкесі Сарғалдақ қожа бірге туысады. Екеуі де – Шаһанәдір қожаның балалары. Ақтайлақ бидің Саяқып балаларын өз ауылына алып кетуіне бұл мәселенің де әсері болса керек.

Диханшылыққа икемі бар қожалар Мың-бұлақ бойындағы егінші Сыбандарға баратын болды. Бұлардан басқа жиырмадай шаңырақ осы Аягөзде қалуға ұйғарды» - деп жазады. Бұл жерде Саяқыптың әкесі Мұхмұн мен Сарғалдақ екеуі Шаһанәдірдің балалары деп анық айтылып тұр. Тарихи тақырыптарды талай рет талқылай, жеріне жеткізе жазып жүрген, төселген жазушы ағамыз тарихи-шежіреде де шындықтан ауытқымады деген сенімдемін.

Осындай себептерге байланысты Сейітомар Саттаров ағамыздың Мұхамедхан Омартаев пен Е.Төреқожаевтың шежіресінен алып түзген шежіресінің Саяқып қожаның тегі бойынша біраз өзгертулер жасауға тура келді. Өзгертулер жасағанда жоғарыда келтірілген деректерге сүйендік (автор). Ал енді бұл мәселе бойынша алдымен Сейітомар ағамыздан, екіншіден М.Омартаев және Е.Төреқожаев ағаларымыздан кешірім сұраймын.

Сонымен бірге, бұл ағаларыма жоғала жаздаған немесе кейбір буындары үзілген ататек шежірелерімізді қалпына келтіруде сіңірген ұшан-теңіз еңбектері үшін басымды иіп рахметімді айтамын. Аллаһ бұл ағаларымды әрқашан да қолдай берсін!

Енді осы ағаларымның жасаған шежіресіне сәл өзгертулер мен толықтырулар жасай отырып назарларыңызға Саяқып бабаның ататек шежіресін ұсынамын.






Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   153




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет