Сүйіктім – Макежанға арнаймын
І
Қыстың қытымыр қиын шақтарында,
Көктемнің құлпырған гүлді бақтарында.
Жаздың жадыраған мақпал түндерінде,
Күздің сұрғылт сүреңсіз күндерінде,
Жанымнан жырақтамаған жан Жарым.
Көкжиектен арайлап ақ таңдар атқанда,
Сәске түсте күн шуағын шашқанда.
Ымырт болып күн ұясына батқанда,
Қараңғы түнде ел ұйқыға жатқанда,
Қасымда бірге болған, Құмарым.
Күнім болып көгімнен сәуле төгесің,
Толған айдай жаныма нұр себесің.
Жер-андай тіршіліктің ұрқын егесің,
Шаршасам самал жел болып келесің,
Әрқашан да өзіммен бірге, Тұмарым.
Жанымда жарасқан аяулы жарымсың,
Адамдық, азаматтық абұйыр-арымсың.
Жазып тауыса алмас мәңгілік жырымсың,
Ешкімге ашпайтын құпия сырымсың,
Жүрегі бір соққан сүйікті, Сыңарым.
Жабырқасам жігер беріп жебейсің,
Сүрінсем сүйеп қолтығымнан демейсің,
Жеңіске талпынсам қолпаштап, қолдайсың,
Бүлінген ісімді байқасаң, оңдайсың,
Тағдырдың қосқан сыйы, Қосағым.
ІІ
Заманның тәуірін де көргенсің,
Уақыттың ауырына да көнгенсің.
Енді қалай мына «Перің»
Өзіңді жақсы көріп, сүймесін.
Кезіксе ауыр жүк өмірде,
Көтерістің, бәрі есте,көңілде.
Ұмытып кетті деп жүрмісің?
Жоқ. Бәрін де түсінем тегінде!
Екшей де білдің жақсыны,
Текшей де білдің жалғанды.
Интуицияң мықты-ақ қой,
Саралай білер талғамды.
Сері кездеріме де төзгенсің,
Пері кезеңімде де біргесің.
Бәрін де шештің орнымен,
Бақытым, бағым өзіңсің.
Жүрегің сезімтал-ақ, білесің,
Жасасам егер де қателік, сезесің.
Мықтымсың, көтерген соның бәрін,
Шайқалтпадың ордамыздың іргесін.
Кетсе егер кемшілік, кешірдің,
Жеңісім болса еселедің, асырдың.
Жаныңнан ұрпағыма жылу бердің,
Мәпеледің, аяладың, адам ғып өсірдің.
Сол үшін бағаң зор, жасаймын құрмет,
Бәріне айтамын қайталап, рахмет.
Сіңірген еңбегің бар ұшан-теңіз,
Қабылда тілекті «Әміршім», рахым ет.
ІІІ
Айнымас дос, сүйікті жар, кеудемдегі жүрегім,
Жаным сүйген, аялаған, өмірдегі тірегім.
Жүргеніңде жанымда алаңсызбын, мықтымын,
Қашықтасам қасыңнан сағынарым бір өзің.
Жасай берші қуанышта, болсын ұзақ өмірің,
Дүрсіл қағып кеудеңде, соға берсін жүрегің.
Жайқала бер бәйтерегім, саялы да жемісті,
Арналады өзіңе тебіренген осы жырым, өлеңім.
Көктемгі гүлдей құлпыр балаларыңның арқасында,
Алтын діңгек боп табыла бер немерелер ортасында.
Жарасқан жұбай, салиқалы бәйбішесің, жасай бер!
Сыңарыңмен бірге болып әрқашан да қасында.
Жайнай берші, шашылсын шуақ ақ жүзіңнен,
Тірегісің ұрпақтарыңның шат күлкісіне кенелген.
Бақытымсың мына қызықты да қиын өмірде,
Қадірлімсің дос-туыстардың алғысына бөленген.
Достарыңызбен бөлісу: |