Әуез Бердіқожаұлы (1830-1918)
Әуез Абайдың замандасы, ақын ауылымен қадірлес, құдандалы болған. Тобықты ішіндегі беделді адам. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» сұрапылынан кейін Тобықты руын Сыр бойынан Шыңғыстауға бастап қайта көшіріп әкелген атақты Мамай батырдың жауынгер серіктерінің бірі Бақшайыш батырдан - Саяқып, Саяқыптан - Берді, Төлеген, Қылыш, Атахан туады. Ал Бердіден – Үсенхан, Бурахан, Әуезхан (Әуез), Самархан, Кенжехан тарайды.
Әуездің үлкен әйелі, Найман ішіндегі Сыбанның беделді адамдарының бірі Жарқынбайдың қарындасы - Дінәсілден Омархан дүниеге келген.
ХІХ ғасырдың 40-жылдарында Құнанбай Өскенбайұлы Берді әулетін Арқат тауының солтүстік өңіріндегі Бетағаш қонысынан өз жанына көшіріп алып, Бөрліден арнайылап қыстау салдыртады. Солайша Аралтөбеде - Абай, Тышқанда - Ақылбай, Бөрлітөбеде - Әуез мекен-жай тұрғызып, Әуез бен Абай іргесі айрылмаған көрші-қоңсылас, сырлас-сыйлас, айнымас дос болып өтеді. Түрік, шағатай, парсы әдебиетінен хабары мол, арабша сауат бірлігі жоғары, мәдениет-парасаты биік Әуезді Абай «Әуке аға», «Үлкен қожа» деп атаған. Абайдың Әубәкір үйінде отырғанда Разақ Самарханұлына:
«Үлкен қожа-ортан қол,
Өзгелері – аты жоқ пен шынашақ» - деп қадай көрсетуі ұлы ақынның Әуез тұлғасына берген шынайы бағасын танытса керек.
Құнанбай өзінің балаларына хат таныту үшін Әуезді жас кезінен бастап қасында ұстайды. Әуез Абайдан он бес жас үлкен екен. Құнанбай Әуездің Нұрғаным деген қарындасына үйленген.
Әкесі Бердіқожа өлгеннен кейін «Әуез қожа» атанады. Құнанбай, Абай ауылының балаларын, бертін келе өзінің немере, шөберелерін оқытады. Ол аса ұстамды, мінезді, ел арасында сиымды, ақыл-ойлы, тәртіпке қатал қарайтын адам болған. Шежіре жазған, ғылымның әр саласынан хабардар болып, шағын кітапхана ұстаған.
Құнанбаймен, Абаймен қадірлес, пікірлес, дос-жар ретінде араласқан. Омарханның бәйбішесі Нұржамалдан - Мұхтар, екінші әйелі Сақыштан (Сақыпжамал) - Арғынбек, Қасымбек, Ағзам, Ахметбек туады. Қыздары Қорлыға, Рақия, Гүлсім, Зүбәйла, Үмия. Әуез немересінің атын Мұхтар (құдіретті) деп қойған. Бала Мұхтарды Абайдың алдына ертіп апарып, ақынның батасын алған. «Оқуды бес-алты жасқа келген соң өзімнің үлкен әкемнен оқи бастадым. Сол кісінің алдында хат таныдым....» - деп жазды Мұхаң атасы Әуез туралы. Кейіннен Әуез Мұхтарды Семейдегі Камалиддиннің медресесіне, одан соң бес сыныпты орыс мектебіне оқуға берді.
Әуез де Абай өлеңдерін құмарта тыңдаған, қағазға түскен тың дүниелерімен алғаш оқып-танысып, ашық пікір бөлісетін жақын адамдарының бірі болған. Әуез өзінің сүйікті немересі Мұхтарды кішкентай кезінен бастап тәрбиелеп өсіріп, шығыс әдебиеті мен мәдениетіне қатысты өзіндік дүниетанымын қалыптасырып, Абай мұрасына деген махаббат-іңкәрлігін оятуға бірден-бір себепші болған адам.
Әуез өзінің өсиеті бойынша Құнанбай әулеті зиратына жерленген (Ақшоқыдағы қабірстанда). М.Әуезовтың әкесі де, атасы Әуез жан-жақты білімді, бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген адам болған. Әкесі Омархан Әуезұлы 1856 туып 1909 жылы қайтыс болған.
Достарыңызбен бөлісу: |