Бердіқожа Саяқыпұлы Бердіқожа Саяқыпұлы (шамамен 18 ғасырдың соңы- 19 ғасырдың ортасы), жазушының атасы. Құнанбай Бердіқожаны Шыңғыстың тұмсығындағы Шалғынбай төренің ауылынан 1850 жылдары қасына көшіріп әкеліп, Қызылшоқы деген жерге қоныстандырған. Шежірелерде Бердіқожаның әкесі Саяқып (Саяқ) делінеді. Саяқыптың зираты - Арқат тауындағы Бетағаш қорымында. Саяқып - Ырғызбайдың, Берді - Өскенбайдың, Әуез - Құнанбайдың, Омархан - Абайдың замандасы. М.Әуезов 1928 жылы С.Садуақасовтың сұрағына берген жауабында: «Тобықты ішіне менің үшінші атам Бердіқожа бірталай туысқандарын ертіп, найман ішінен келген. Ол - Құнанбай заманы. Құнанбайдың шақыруымен келгенге ұқсайды. Ең әуелгі шыққан жерлері ол кезде Алматы жағы болса керек. Бердіқожа тобықты ішіне келген соң, бірталай заман өмір сүрді. Артынан бір қызын Құнанбай тоқалдыққа алған. Сонымен бұл елмен құдандалы, жақын болып, тобықты ішінен қоныс алып, мекен етіп, тұрып қалған. Бердіқожа өзге қожаларша қожалық етіп, үгіт айтып, дінге үйретіп жүрді ме, жүрмеді ме, оны білмеймін. «Солай қылды» деген сөзді естігенім жоқ» - деп жазған. Саяқыптың ұрпақтарының шежіресі бойынша оның бәйбішісінен - Өзібек, Қарақожа, Сәсейіт, Солтан, Темір; тоқалынан-Төлеген, Берді, Қылыш туады. Бердіден - Үсен, Бурахан, Әуезхан, Кенжехан, Самархан деген ұлдары және Бибіхан, Айшахан, Нұржан, Нұрғаным есімді төрт қызы тарайды. Әуезден - Омархан, Омарханнан - Мұхтар туады.