Омархан Әуезұлы Омархан Әуезұлы (1856-1909) жазушының әкесі. Әуездің бәйбішесі Дінәсілден туған. Омарханның туған жылы бірде 1856 бірде 1860 деп жазылып жүр. Нақты тарихи дерек жоқ. Алайда ұлы жазушының Абай ұрпақтарының естеліктеріне жүгінсек Омархан Абайдың ұлы Ақылбайдан бірер жас үлкен. Ал Ақылбай 1861 ж туған. Омархан мұсылманша оқыған, шағатай тілін білетін, сөз қадірін айыра алатын сауатты адам болған. «Омархан қиылған қара көзді, аса сымбатты сұлу болған» (жиені М.Диқанбаевтың естелігенен). Ат жалын тартып мінген кезінен бастап Әуез баласын өзімен ертіп жүріп, ел танытқан. Омархан аса қайырымды, терең сезімді, орнықты мінездің иесі боп өскен. «Хайуанға обал болады» - деп құдық басына келген малды күнұзынға өзі суарады екен. Аңшы, саятшы болған, домбыраны бірсыдырғы жақсы тартқан. Абай үлгісімен тәрбиеленіп, ақыл-парасатты, білімді, өнерді ерекше бағалаған. Омархан өз балаларын да соған баулыған. Жазушы: «Өз әкем 1909 жылы дүниеден өтіп еді. Бұлардың ішінде қайсысында да діндарлық, сопылық сияқты ерекше белгісі жоқ, қайта әр нәрсеге Абай үлгісімен қараушы еді. Абайдың сондайлық ұстаздық, үгітшілік әсерін мен кішкентай кезімнен өз әкелерімнің қалпынан анық көруіме болушы еді... Бір жыл жазғытұрым өз әкем: «Абай кітабы келеді» деп, өзімді көп уақыт бір үлкен қызық сый беретіндей дәмелендіріп жүріп, аяғында қар кетіп, көк шығып келе жатқанда сол кітапты әкелді. Сонда ел қыстаудан көшкенше күндіз-түні өзі үйде болған уақытта Абай өлеңдерін жаттатып, соны ылғи айтқызып, тыңдап, жақсылап жаттап алмаған жерлерімді қайтадан отырғызып, қайта жаттатушы еді» - деп жазды. Омархан Нұржамал Әбсәметқызына үйленген. Одан 4 қыз, бір ұл-Мұхтар туған. Омархан 1909, Нұржамал 1912 ж қайтыс болды. Зираттары-атамекені Бөрілі қыстауында, 1997 ж ұлутастан күмбез тұрғызылды.