Келін жайлы ойлар
1
Алдағы өмірдің қандай боларын уақыт көрсетер, ал осы күнге дейінгі өткен өмірімнің ішіндегі ең мәнді, мазмұнды болған кезеңі – атамның алдындағы аз жылғы титімдей еңбегім еді. Бір күнгідей болмады, аққан жұлдыздай жарқ етіп қас-қағым мерзімде өте шықты. Сіңірер еңбегім, төгер терім көп еді, келіндік міндетім де мол еді. Бірақ, менің қолыма қарап тұрған дүние шамалы екен. Жаратылыстың жаңылмас заңдылығы өз дегенін жасап, жүрегіміз қарс айырылып, атасыз қалдық. Алайда, мен атамның келінімін. Ендігі жерде атамның атын, рухын қастерлеп өтем, немересін адал азамат етіп өсіруге өмірімді арнаймын. Қасиетті халқымның, туған елімнің аяулы қарттарының алдында басымды иіп, келіндік борышымды жалғастыра беремін.
Зейнеп Ахметова
2
Баяғы заманда ата-бабаларымыз киіз үйде тұратын кезде келін таңертеңгілікте түңлік ашып, от жағады екен. Шаңырақтан түтіннің көрінгені сол үйдің түннен түгел шыққан тыныштығының хабарын паш ететін белгісі болыпты. Байыптап ойласаңыз бір үйлі жанның, тіпті бүкіл бір ауылдың тіршілігін алдымен келін бастаған. От бар жерде өмір бар, жылу-береке бар дейміз. Сол отты жағуды халқымыз келінге сеніп тапсырған екен. Өйткені, бүгінгі жас келін ертең өмірді жалғастырушы, ұрпақ әкелетін ана! Ал, аналар – тіршілік тірегі.
Жаңадан бүршік түйген жас көшетті бір орыннан басқа жерге ауыстырғанда топырағы құнарлы, күтімі оңды болса, жапырақ жайып жемісін жегізетіні секілді келіннің де жақсы немесе жаман атануы көп ретте ененің көрсетер үлгі-өнегесіне өте байланысты. Осы орайда, «келін қайын ененің топырағынан жаратылған» деп бекер айтылмаса керек.
Зейнеп Ахметова 15 шілде, 1985 жыл
3
Қарындасы адал ер бақытты,
Келіні адал ел бақытты.
4
Бізде шаңырақ пен бесіктен асқан қасиетті нәрсе жоқ. Бұл қасиеттерді қастерлеуде келіндердің ролі зор.
5
Шаңырақты еркек көтеріп бергенімен, үйді әйел тігеді.
Достарыңызбен бөлісу: |