Қарттық жайлы
1
Игі қарттық – адал, жүрек қалауы мен өмір сүрген жылдарыңның сыйы.
2
Қарттық туралы бірер сөз:
«Адам өзін-өзі қанша жыл жақсы сезінсе, оның жасы да сонша» - деген пікір бар. Сондықтан, қарттық – жасаған жалпы жасы емес, дене интеллектік және эмоциялық денсаулық күйі. Бұл кез – өнім жинайтын кез. Өмір майданында да белгілі бір реттілік пен режим бар. Жастық кезең бейне көктем кезі – жер жыртып, егін себетін, негізгі істер мен қарым-қатынастарды бастайтын, шуағына, нұрына бөленіп, осынау бал шырынды дәурен бояуы мәңгілік солмайды деп сенетін кез. Ал қарттық шақ – күз, бәрін: - қуаныш пен қорқынышты, мақтаныш пен торығуды араластырып жібереді, оның бояулары сарғылтым тартып, әдемілігі бір түрлі шамырқаңқы күйде болады. Көптен күткен өнім де көз алдымызда, оны жинау қуанышты да мұңды, ал кейде – ауыр азап. Әсіресе, қарттардың сырқатты болуы олардың жастық шақта жоғалтқан орны толмас оқиғалардан әлдеқайда ауыр. Жастық шақта адам жоғалтқандарының нарқын білмейді, аса ауыр сезінбейді, оны алдағы ұзақ өмірдің перспективасы сейілтіп жібереді. Ал бұл арада қарттардың сырқаттануы оларға өлімнің үңірейген түпсіз тереңінен бөліп тұрған тосқауылды алып тастағандай сезім туғызады. Сөйтіп, онымен бетпе-бет қалғандайсың. Қолдау, өзара түсінушілік болса – күш-қайратың артқандай, болмаса – ұнжырғаң түседі. Адам қажып, күтімді, оң қабақ сыйласымдылықты, демалысты, жайлы қуанышты аңсайды. Балалары мен немерелерінің, басқа да туыстарының, оларды қадірлейтіндердің бәрінің де адал ниетті көмегі, міне, осы тұста қажет. Қарттар ең алдымен өздеріне деген көңіл мен ілтипатты күтеді. Сонымен қоса тынымсыз өз жүрегінің тебіреністерін түсіне білушілікті қалайды. Олар үшін көңіл бөлу – жанға шипа, ілтипат білдіру мен сыпайыгершілік – ең жақсы сый.
Қарттардың жағдайын, олардың жасына байланысты психологиялық ерекшеліктерін түсінбеуден жас жанұяларда кейбір кикілжіңдер туып жатады. Қарттар да, балалар сияқты, әл-қауқарсыз бола тұра, жанұя істеріндегі шешуші пікір мен беделден айырылғысы келмейді. Бұл – о бастан-ақ қақтығысты жағдай. Бірақ көптеген кең пейіл, пайымды, мейірімді ұрпақтар бұл қиындықтан абыроймен шығып жүр. Осындай болуға әркім-ақ тырысуы қажет. Себебі, бұлай ету, кез-келген ұрпақтың ата-аналар алдындағы абзал борышы болған және де бола бермек. Бұл өмірдің философиялық кредосы.
3
Өмірдің көбі кетіп, азы қалды.
4
Алты күн аш қалсаң да атаңды сыйла.
5
Қарттықтың дауасы – көңілдің мазасы.
6
Қартайғанда адам не дана, не бала, не шала болады.
7
Бір қарт айтқан екен: «Асау ағыс кілт тоқтап, құлазыған далада жалғыз қалғандай, бейне бұрауы ұмыт қалған сағаттың тоқтағанындай көрінеді». Шынымен, көкорай көктеміміздің, жайқалған жазымыздың өтіп, сарғайған күзіміздің қытымыр қыспен қабаттасып бара жатқаны ма? О, дүние десейші! Тағдырдың маңдайға жазғанынан артыққа енді тәуекел жасай алмайтыныңды мойындағандайсың.
8
Бұрын, бала кезімізде жүгіріп жүруші едік ентігіп.
Енді, жас ұлғайған соң, отырамыз ауа жетпей ентігіп.
9
Өмірде бір ғана кеселдің емі жоқ, ол – кәрілік.
10
Тірлігіңде – өлімге әзірлік қыл.
Достарыңызбен бөлісу: |