ӘЛ ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
ФИЛОСОФИЯ ЖӘНЕ САЯСАТТАНУ ФАКУЛЬТЕТІ
Философия кафедрасы
Мемлекеттік міндетті модуль
FNP 1104 «Ғылыми таным философиясы»
Бакалавриат (қ/б), 2 курс, көктемгі семестр, 2 кредит, негізгі пән барлық мамандықтарына арналған
Дәрістер жинағы
АСҚАР Л.Ә.
Алматы, 2017
№1 дәріс. Ғылыми таным философиясы пәні және оның қоғамдық өмірдегі ролі
Философия пәні мен обьектісі.
Дүниеге көзқарас және оның тарихи типтері: миф, дін, философия
Ғылыми таным философиясы пәнінің негізгі ерекшелігі
Философия – қоғамдық сананың ерекше формасы, дүниеге көзқарас, өнер ретінде де көрініс беретін даналық ілімі. Ғылым болып табылатын себебі, арнайы ғылыми әдіснамалары мен әдістерінің болуы, осы ғылым тарихының арнайы қалыптасуы, теорияларын дәйектеуді және дәлелдеуді қажет ететіндігі т.б. болса, қоғамдық сананың формасы ретінде қабылдануы – қоғамның әрбір мүшесінің белгілі бір деңгейде кәсіби емес түрде болса да философиялық пайымдауларды бастан өткізетіндігінен-ақ анық байқалады, тіпті философиялық ой ойламайтын, ойламаған адам болмайды. Осы орайда, философиялық ой адам санасының ажырамас қасиетіне айналады. Сондықтан ол жалпы қоғамдық көпшілік сананың деңгейінде қарапайым формада болса да үнемі қылаң беріп отырады.
Бұдан оның дүниеге көзқарастық қыры ашылады. Философия мен философиялық ой өзінің объектісі болып саналатын дүние, әлем мен адам хақында белгілі бір деңгейде қажетті мағлұматтар мен ақпараттар тасқынын бере алады. Екіншіден, бұл үрдіс кезінде адам мен дүние толықтай қатысып, адамның шексіз танымының бір саласын құрайды. Ал өнер ретіндегі қыры – кең шығармашылық ойлауды қажет ететіндігі, өткенін жоққа шығармайтындығы, объектілерін зерделеу барысында мәселелердің бастапқы күйінен тамыр тартып қозғала беретіндігі т.б. Мәселен, әдебиеттегі махаббат, достық, ана сияқты тақырыптар мәңгілік болса, философиядағы субстанция, рух, ойлау сынды метафизикалық мәселелер де көне замандардан бері, бүгінгі күнге дейін толғанылу үстінде. Ал ғылым өткенін терістеп, сабақтастық бойынша ілгерілей түседі. Мәселен, дүниенің атомдарының соңғы бөлінбейтін бөлшек екендігі хақындағы көне замандардағы теория физика ғылымында қазір жоққа шығарылып, одан кейін атом құрылысы ашылып, тіпті оның шексіз ұсақ бөлшектерге ыдырай беретіндігі дәйектеліп отыр.
Енді философияның қоғамдық теориялық санада, ғылымдар аясында қандай қызметтер атқаратындығына тоқталып өтсек, оның басты функциялары былайша көрсетіледі. Бұл тұста, алдымен, функция немесе қызмет ұғымын түсіндіріп өтуіміз қажет. Функция – міндеттілік, әрекет ету аймағы, өзінің мүмкіндігінің шегіндегі болмай қоймайтын басқа салаларға ықпалы, өзінің атқаруы тиісті мазмұны болып табылады: болжалдық қызметі бойынша философия ғылымы әлемнің, қоғамның, адамның дамуының болашақтағы күйін анықтап, өзіндік жобалар мен модельдер құрады; танымдық қызметі арқылы бүкіл дүние мен адам және оның орны хақында мәліметтер мен ақпараттар жиынтығын тұтастындырып, ғылымиландырып барып ұсынады. әдіснамалық қызметі ғылым философиясы саласына сәйкес, барлық ғылымдарға жолбасшылық жасап, жалпы бағдарларды, зерттеу әдістері мен әдіснамаларын жинақтап бере алады және ол ғылымдар осы бағдарлардан айнымай өзіндік зерттеу бағыттарын тиянақтайды. Мәселен, герменевтика, феноменология, структурализм сынды философиялық бағыттар қазіргі таңда көптеген ғылымдардың жалпы зерттеу әдіснамаларын құрайды.; рационалды жүйелеу- философия адам тәжірибесін теориялық деңгейде тұжырымдайды, ғылыми емес, қарапайым бақылаулардың және ғылыми танымның нәтижелерін философиялық деңгейде қорытып-сараптайды, оларды белгілі бір жүйеге келтіреді; сыни- философиялық ұғымдар мен категорияларды, заңдарды игеру, философия тарихымен, оны жасаушы философиялық тұлғалармен танысу, олардың ілімдерін зерттеу адамның өз өміріне, қызметіне, қоғамдағы орнына тереңірек үңілуге, сыни тұрғыдан талдауға үйретеді; гуманистік-тәрбиелік- философия адамды дүниедегі ең басты құндылық деп таниды және негізінен руханияттық пен адамгершілікті басшылыққа алады; практикалық -неміс философыГегель философияны өмір көшінен үнемі кеш қалып жүреді деп сынаса да, қазіргі философияның, онымен айналысатын философ мамандардың негізгі мақсат-міндеті оның практикалық сипатын зерттеу болуы болып табылады.
Дүниеге көзқарас – құбылыс, яғни, адамның өзін дүниеден шартты түрде бөліп алып қарастыруына байланысты оны тану, білу, ол туралы белгілі бір ұғымдар мен түсініктір жүйесін қалыптастыру қызметін атқаратын аса маңызды үдеріс болып табылады. Дүниеден өзін ажыратып алған адам, одан оқшаулану, бөлектену немесе оны жоққа шығаруды емес, керісінше, әлем хақында белгілі бір нақты білімдер жүйесін құрастыруға ұмтылады. Себебі, осы әлемде өмір сүріп жатырғандықтан, ол дүние туралы толығырақ білімдер жинақтауы қажет екендігі сөзсіз.
Бақылау сұрақтары:
1.Философияның пәні мен қызметі, оның қоғамдағы рөлін көрсетіңіз?
2.Филосфияның негізгі мәселесі. Материализм және идеализм – филосфияның негізгі бағыттары. Философияның мағынасы және тарихы.
3.Дүниеге көзқарас ұғымы. Дүниеге көзқарастың тарихи типтері: миф, дін, философия; олардың ерекшеліктері неде?
4.Мифологиялық және діни көзқарас, философияның алғышарты қандай?
5.Философиялық көзқарастың мәні.
6.Философия, мәдениет пен ғылым әлеміндегі қызметі.
7.Философия, саясат, қазіргі заман.
№2 дәріс. Антика дәуріндегі ғылыми тапным философиясы
Антика дәуіріндегі дүниетанымның бастапқы негіздері
Көне Шығыстың әлемді философиялық тұрғыдан байыптаудағы төлтумалылығы
Антика дәуіріндегі классикалық философияның ғылыми таным саласындағы жетістіктері
Платон өзінің таным теориясында тұтас әлемді: шын дүние, жалған дүние деп 2 ге бөлді. Шын дүние – идеялар дүниесі. Себебі олар мәңгі өмір сүреді, өзгермейді. Жалған дүние – материалды дүние. Себебі ол өзгермелі: минералдар, өсімдіктер, адамдар, адамдар заттары т.б. Жалған дүние шын дүниенің жай ғана көшірмесі болып табылады. Мысалы, картинадағы ағаш көшірмеден алынған көшірме. Идеялық дүние материалдық дүниенің өмір сүруіне себепші. Ал сезімдік заттар болмыс пен болмыс еместіктің арасындағы әлдене. Идея – білім объектісі, ал абстрактілі ойлау сезімдік қабылдаудан тыс абсолютті. Жан мәңгі өмір сүретін нәрсе деп, оны өзінің «еске алу» теориясымен дәйектеді: адамның жаны оның тәніне енгенге дейін, яғни, адам нәресте ретінде дүниеге келгенше, ол өз алдына дербес өмір сүреді, тәнге енген соң (адам дүниеге келген сәттен) ол өзінің бұрынғы көріп-білгендерін есіне түсіреді, адамның өмірі жанның бұрынғысын есіне түсіруі болып табылады, ал сезімдік қабылдаулар еске алуға түрткі деп тұжырымдайды.
Диалектиканы пікірлесу, сұрақ қою, жауап беру өнері деп түсінді, онда қарама-қарсы ұғымдар болатынын білген: жеке мен көп, бүтін мен бөлшек, шексіз бен шекті т.б. Бірақ қарама-қарсылықтың екі жағын «Парменид» сұхбатында 2 бөлек ұғым ретінде көрсетті. Ешкім де жекенің көп екенін, көптің жеке екенін дәлелдей алмайды дейді. Оларды жеке дара өмір сүретін реалдылық деп түсінді.
Философия Аристотельдің көзқарасы бойынша: теориялық – мақсаты «білім – білім үшін» болып табылады, практикалық — мақсаты білім қызмет үшін, нойетикалық (шығармашылық) – мақсаты білім шығармашылық үшін. Теориялық философия: физикалық-математикалық және алғашқы философияға бөлінеді. Физикалық философияның пәні — жеке өмір сүріп, қозғалатындар, математикалық — жеке өмір сүреді бірақ қозғалмайтындар, алғашқы философия — жеке өмір сүреді, қозғалмайды. Практикалық философияға этика мен саясат жатады, нойетикалыққа — шешендік өнер мен саясат жатады. Логика — жеке дара ғылым емес, пропедевтика барлығының жиынтығынан құралады.
Аристотельдің онтологиясында үш мәселе жатыр: 1) бар-лықты категориялық талдау немесе бір нәрселердің болмысы туралы ілім; 2) субстанцияларды каузальдік талдау; 3) мүмкіндік пен шындық туралы ілім немесе әлі болмыс еместің теориясы.Категорияларды 10 мағыналық топқа бөледі: мән, сапа, сан, орын, уақыт, иелену, әрекет, азап шегу.
Бақылау сұрақтары:
1.Көне Грек философиясы: ойшылдары мен негізгі мектептері.
2.Философияның тарихи түрлері, олардың әлеуметтік жағдайлары мен байланысы.
3.Көне Грек материалистері.
4.Көне Грециядағы идеалистік философияның өкілдері.
5.Аристотель қай ілімнің негізгі заңдарын жасады.
6.Ежелгі Грециядағы диалектикалық ілімнің қалыптасуы (Гераклит, Элей мектебі, софистер).
7.Ежелгі Рим философиясы: дәстүрі және жаңа идеялардың мектептері мен ойшылдары.
№3 дәріс. Дін философиясының орта ғасырлық ғылым дамуына әсері
Орта ғасырлық философиялық ойдың қалыптасуындағы діннің ролі
Орта ғасырдағы еуропалық философия және тәжірибелік-қолданбалы білімдердің дамуы
Ғылыми таным дамуындағы араб-мұсылмандық әлемнің тарихи бастамалары
Патристика антикалық философияның аяқталуынан және гностиктермен, басқа да еретиктермен идеялық күрес нәтижесінде қалыптасты. Бірінші сатыда апологеттердің ықпалы күшті болды. Бұндағы негізгі тұлғалардың бірі – Ориген христиандық дін негізінде тұтас философия жасауға талпынды. Патристиканың бұл кезеңдегі өрлеу барысы каппадокикалық үйірмемен байланысты: Василий Великий, Григорий Богослов, Григорий Нисский т.б. Бұл ақыр соңында Дамаскиннің идеяларымен қорытындыланды. Патристикалық онтология абсолютті болмыс ретіндегі құдай идеясының айналасына тоаптастырылды. Патристика пұтқа табынушылық политеизмді, гностикалық дуализмді жоққа шығара отырп, жалпы алғанда, монотеизмді қорғайды да, креационизм арқылы стоиктердің және неоплатоншылдықтың пантеизміне қарсы қойылады. Бұл дәуірдегі басты ерекшелік – философиялық ойдың теоцентристік сипаты. Яғни, тео-құдай, центр-орталық деген мағына болып табылатын болса, құдайды басты түсінікке шығара отырып, идеяларды негіздеу, бүкіл рухани мәдениеттің өзегіне айналдыру алаңы белең алды.
Бұл дәуірде құдайдың қасиеттері мен белгілерін позитивті білім бойынша дәйектеуді негізге алатын, жарату құбылысын тану арқылы жаратушыны тануды жолға қоятын «болмыс аналогиясы» қағидасын басшылыққа алатын – «катафатикалық теологиямен» қатар, құдай абсолют ретінде атрибуттарды иеленбейді және оған анықтама берілмейді, сапалылық пен болмыстың сыртында болады деген – «апофатикалық теология» қалыпасты.
Ғарыш жаратудың нәтижесі, сондықтан жаратушыдан төмен тұрады, материя жаратылған және жаратушы арқылы игеріледі деген бағдар ұстанылды. Патристикада әлем құдайдың игілікті жаратуынан және мақсатқа ұмтылатын кемелділік болып саналады. Космологиясындағы басты идея телеологизмге келіп саяды, ол – әлемдегі заттардың үйлесімділігі мен өзара қатынастылығы, ғарыштың қатаң иерархияға құрылғандығы, әлемді эстетикалық тұрғыдан ақтау т.б. идеялармен қамтамасыз етіледі.
Ариандықтар мен афанасьефшілдердің тартысы 4 ғасырда ақыры ариандықтардың жеңілісімен аяқталды, Феодосий құрған Никеоконстантинопольдік шіркеуінде бұл әке-құдай мен бала-құдайдың бір мәнді екендігін негіздеумен дәйектелді. Дегенмен, бұдан 100 шақты жыл өткен соң патриарх Несторий өзінің несториандық шіркеуін құрып, екі құдай өзара бірмәнді болғанмен, Христос бастапқыда адам болып жаратылды, демек, оның анасы құдайды дүниеге әкелуші емес, адамды алып келуші, құтқарушы мессиясын ол кейіннен әулие рухты иемденгеннен кейін ғана иеленді деді. Бірақ бұл шіркеу де 431 жылы Эфесте күнәлі деп табылды.
Константинопольдік Евтихий христологиялық мәселені тағы көтеріп, Христосқа тек бір ғана табиғат тән, ол – құдайлық, ал адамдық табиғаты жай ғана алдамшы көрініс деп, бұл көзқарас теологияда монофизитшілдік деп аталды. Бірақ Халкидон соборында 451 жылы бұл да қараланды. Монофизитшілдік Армения мен Египет шіркеулерінде сақталып, монофелиттік формада көрінді. Яғни, Христосқа екі табиғат тән: құдайлық және адамдық, бірақ бір ғана ерік бар деп түсіндірді. Монофелитшілдік 680-681 жылдары алтыншы соборда қараланды.
5-8 ғасырлардағы патристика кезеңінде: Кассиодор, Исидор Севильский, Боэций т.б. өзіндік діни идеяларымен тәнті болды. Бұл кезеңдегі неоплатоншылдық пен христиандықты біріктіруге ұмтылу идеологиялық білімдердің моделін туғызып қана қойған жоқ, кейіннен түсіндірмелі-энциклопедиялық білімнің қалыптасуына алып келді.
5 ғасырларда «Ареопагитиктер» деп аталатын бағыт пайда болды. Бұл авторы әлі күнге дейін белгісіз болып келген (кей деректерде Жалған Дионисий) христиандық теологиялық мазмұндағы шығармалардың «Ареопагитиктер» деп аталатын жинағын ашу мен түсіндірушілердің тобынан құралды да, апофатикалық теология мен христиандық мистиканы негізге алды. Апофатикалық теология (терістеуші деген мағынада) – құдайдың абсолютті трансценденттілігін (бұл жерде тылсым, танылмайтын деген мағынада) дәлелдеу үшін оған қатысты барлық түсініктерді, ұғымдарды және оның қасиеттерін бірте-бірте жоққа шығаруға ұмтылуды ұсыну. Ол позитивті біліммен анықталмайды, айтылмайды, оны тек нұрлану-ашылу арқылы ғана тануға болады, сондықтан барлық тіркелген эмпирикалық атрибуттарды (оған таңылған қасиеттерді) алып тастау керек деген бағдарды ұстанды. Осыған орай, барлық әлемнен тыс болып табылатын, болмыстың арғы жағындағы құдайтаным «құпия құдай туралы ілім» парадигмасын туғызды. Ол бірте-бірте мистикалық формаға ауысты.
«Ареопагитиктер» мынадай трактаттарды біріктіреді: «Құдайлық атаулар туралы», «Аспандық сатылар туралы», «Құпия құдай туралы ілім» мен басқа да он шақты жолдау хаттар т.б.
Бұл бағыттың көрнекті өкілдері: Максим, Иоанн Дамаскин (675-753 жж.) (бұны 6 ғасырда өмір сүрген, платон академиясының соңғы өкілі Дамаскиймен шатастырмау керек) т.б. Мәселен, Дамаскиннің философияны «теологияның қызметшісі» деп берген бағасы философия тарихында еленетін тұжырым ретінде сақталып отыр. Оны схоластиканың шынайы бастауы деп те түсіндіретін көзқарастар бар.
Патристиканың негізінде 9 ғасырларда схоластиканың негізі қалана бастады. Бұнда жоғары парасатты заттарды тануда парасатты білімдер қажеттігін түйсінді. Бірақ бұл орта ғасырлық рационализм мистикамен ұштастырылып, өзіндік эмпиризммен тиянақталды. Көп жағдайда бұл кезеңнің философтары өз идеяларын дәйектеуде аристотельдік формальді логикаға сүйенді.
Орта ғасырдағы араб жерінде пайда болған ислам діні (ҮІІ ғ) мұсылман мәдениетінің өзіндік бағдарын қалыптастыруға игі ықпал етті. Осыған орай, ғылыми саланың өркендеуі жалпы философиялық білімдердің дамуына және оның энциклопедиялық сипатына айналды. Мұсылмандық ренессанс тек араб халықтарын ғана емес, сол кездегі ислам діні таралған аймақты, орта азия мен шығыс еуропа жерлерін де шарпыды. Сондықтан бұл кезеңдегі философияны «араб тіліндегі философия» немесе «араб философтары» деп атайды және философия өз кезегінде «фалсафа» сөзімен алмастырылады.
Араб-мұсылмандық фалсафаны тарихи-аймақтық ұстаным бойынша үш кезеңге бөліп қарастыру көзделген: 1) Бағдат халифаты тұсындағы: әл-Кинди, «Таза ағайындар» т.б.; 2) Орта Азия халықтарындағы: әл-Фараби, Ибн Сина, Омар Хайям, Аттар, әл-Ғазали т.б.; 3) Мұсылмандық Испания: Ибн Бадж, Ибн Туфейль, Ибн Араби, Ибн Рушд т.б.
Сонымен қатар бұл кезеңде – мутазилиттер (8 ғ.-да негізін салушы Әмір ибн Убайд), калам (10 ғ.-да негізін салушылар: Абу-әль-Хасан Ашари, Матуриди), суфизм сияқты ірі ағымдар мен мектептер пайда болып, өркендеген еді. Бұл дәуірдегі философияның дамуының ерекшеліктері мынадай: діни мұсылмандық ойтолғамдар аясындағы қағидалар үнемі ескеріліп отырылды; білім жан-жақты әмбебап сипат алғандықтан, бұл кезең философтарының көбі энциклопедистерге айналды; Еуропа үшін ұмыт болып бара жатырған көне Грекиядағы мұраларды қайта жаңғырта отырып, бүкіл әлемге таныстырды және түсіндірді; Қазіргі Орта Азия халықтарынан бастап, Еуропалық Испанияға дейінгі үлкен аймақты қамтып, сол дәуірдегі ғылыми-танымдық кеңістікте айтарлықтай беделге ие болды; дін мен философия ғылымының өзіндік үйлесімділік, бірін-бірі толықтырушылық үлгісін жасап берді т.б.
Ислам діні аясында кейіннен сан түрлі бағыттар мен көзқарастар жүйесін қамтитын бірнеше ағымдар пайда болады: суфизм, шиизм, суннизм, ханифизм т.б.
Суфизм – (суф, суфи, суфий сөздерінен шыққан, яғни, жүн, жүннен тоқылған шекпен деген мағыналарды білдіреді.) 8-9 ғасырларда қазіргі Ирак, Сирия жерлерінде пайда болып араб халифаты елдеріне кең таралған, кейіннен, әлем мұсылмандарына да ықпал еткен діни-мистикалық ілім. Басты қағидалары: Құдайдың хақтығына шек келтірмей, оған шын ниетімен, жан-тәнімен берілу, адам жанының құдаймен бірігуі, жер бетіндегі пендешіліктен қол үзіп, материалдық игіліктерден бас тартып, шәкірттердің (мүридттердің) аскеттік өмір стилін қолдануы, құдаймен тоғысу үшін ерекше экстаз жағдайына ену, құпия ілімдерді (эзотерия) игеру және оны көпшілікке (экзотерия), «білімсіздерге» жарияламау, құдайды сүю арқылы интуитивті түрде «нұрлануға» жету (ақиқат жолы), мадақ жырларын жырлау (зікір салу), терең пантеистік танымды ұғыну, осындай практикалық іс-әрекеттерді ұстаздардың (мүршидтердің, пірлердің) өз басынан өткізуі т.б. Сонымен қатар онда мынадай өзіндік қалыптасқан категориялар жүйесі бар: ахуал, ақиқат, зейін, дәруіш, дария, гаухар, ғайб, ғайбат, ғалам, ибадат, жаухар, сыр, ризық, хал, ынсап, ықлас, қаусар, харам, тәуба, тәлім, тәуекел т.б. Бұл ілімді алғаш негіздеушілер: Зу-н-Нун әль-Мысыри, Абу Абдаллах әль-Мухасиби, әл-Ғазали, Суфи Алаяр, А. Яссауи т.б.
Калам (әңгімелесу, сұхбат, сөз деген мағыналарды білдіреді) – орта ғасырдағы араб-мұсылмандық фалсафадағы діни бағыттардың бірі. Бұл үш кезеңге бөлінеді: ерте (7 ғасырдың аяғы - 8 ғасырдың басы); мутазилиттер кезеңі (8 ғасырдың аяғы - 10 ғасырдың ортасы); классикалық кезең (10 - 12 ғғ.). Алғашқы кезеңіне христиандық пен иудаизм өкілдерімен пікірталастар жүргізу тән және үлкен, кіші күнә, тағдырдың тағайындалуы сияқты мәселелер төңірегінде ой өрбітті. Осыған орай, тағдыр түсінігіне мойынсұнушылар – джабариттер, адам әрекетіндегі белгілі бір деңгейдегі еркіндікті дәйектеушілер – кадариттер болып екіге бөлінді. Ал мутазилиттер кезеңінде дискурстық мәселелердің шеңбері ұлғайды: алғашқы жаратушы, құдайдың бірлігі (таухид) және оның қасиеттері (сифат) т.б. Ашари өзінің ілімін «аралық бағыт» (мазхаб аусат) ретінде ұсынды да, фатализм мен волюнтаризм сияқты шеткі бағдарларды теріске шығарды. Ол Құранның мазмұнын сөзбе-сөз түсінуге және оны аллегориялармен көмкеруге қарсы шықты, эсхатологиялық түсінікке сеніммен қарады, Әбу-әль-Хасан Ашаридің ізбасарлары да осы пікірлерді дамытты: әль-Бакиллани, әль-Джувайни т.б. Бұл ілім алдымен әлемнің мәңгілі мен жанның өлетіндігі туралы ілімді жоққа шығарды. Ал 15 ғасырлардағы соңғы калам исфахан мектебі арқылы суфизм мистикасына бет бұрды.
Мутазилиттер(бөлінгендер деген мағынады) – көне Грекиядағы философия мен логиканың тәсілдерін құдай мен адам қатынастарында қолдануды алғаш рет ұсынған бастапқы мұсылмандық теология өкілдері. Олар құдайдың қасиеттерін айнытпай сол қалпында түсінуге қарсы шықты, құдайға адамдық тәндік болмысты таңуға болмайтындығын дәйектеп, ол құдайдың бірлігі идеясына қарсы келетіндігін тұжырымдайды. Құдай сөз сөйлеу қабілетін ие екендігін жоққа шығара отырып, Құранның мәңгілігін терістеп, ол Құдай құдыретінің бір ғана көрінісі деп білді. Құранның қасиеттілігі оның әріптерінде емес, рухында дей келе, «илм ат-тәфсір» деп аталатын оны арнайы түсіндіру ілімін енгізді. Олар ерік еркіндігін қолдап, адам істеген әрекеттеріне құлықтылық тұрғыдан жауапкершілікте болатындығын ұсынды. Үлкен күнә (сахиб кабира) жасаған мұсылман адам құдайсыз (кафиром) болып табылмайды тек ортаңғы жағдайда сақталады деп түсіндірді.
Бақылау сұрақтары
Батыс Еуропадағы Орта ғасыр философиясы. Номинализм мен реализм
арасындағы пікірталас.
Шығыс Ренессансының философиясы. Әл-Кинди, әл-Фараби, Ибн-Сина (Авицена), Ибн-Рушд (Аверроэс).
Орта ғасырдағы мұсылман философиясы.
Христиан және Ислам діндерінің негіздері.
Араб елдеріндегі философия, ғылым, өнер, тәрбие.
Орта ғасырдағы Батыс Еуропа мәдениетінің ерекшеліктері.
Философия мен идеологияның айырмашылығы неде?
Араб философиясының өзіндік мәні?
Номинализм және реализм күресінің негізі неде?
№4 дәріс. Ренессанс дәуірі және Жаңа замандағы философия мен ғылымның қалыптасуы
Гуманизм және антропоцентризм
Неоплатоншылдық және Н. Кузанский шығармашылығындағы ақиқат мәселесі
Гелиоцентризм: Коперниктің, Галилейдің, Бруно мен Кеплердің жаратылыстанулық-ғылыми жетістіктері
Н.Макиавеллидің саясат философиясы
Яғни, қайта өрлеу дәуірінің философия аймағындағы мынадай ерекшеліктер бар:көне Грекия мұраларын қайтадан жаңғыртып, оларға сүйеніп отырды: аристотелизм, платонизм, эпикуреизм, стоицизм т.б. ілімдер қайтадан өңделе бастады. теоцентризмнің орнына антропентризмнің келуі: адамның әлемдегі орны мен жалпы жағдайы, тағайындалауы, микрокосм идеясы т.б.гуманизм, яғни, адамсүйгішік қағидалардың үстемдік ете бастауы: құлықтылық қағидалары, адамды басты құндылық деп табу, оның еркіндігі мен бақыт туралы идеялар т.б. пантеизм, яғни, құдайдың жеке жақтылығын түсіріп, оны жалпы табиғатқа апарып таңу; әлемнің жаңаша ғылыми картинасын космологиялық тұрғыдан байыптау: геоцентризмнің терістелуі мен гелиоцентризмнің орнықтырылуы; утопиялық социализм идеялары: әділетті қоғам орнату идеалы; реформация мен саяси-әлеуметтік мәселелердің қойылуы т.б.
Кузандық Николай (1401-1464 жж.) - ең соңғы схоласт, әрі орта ғасырдан қайта өрлеу дәуіріне өппелі кезеңдегі алғашқы философтардың бірі, рационалист және мистик, гуманист, құдайтанушы, математикалық жаратылыстанудың теоретигі, апофатикалық теология мен натурализмді бітістіруші, географ. Құқықтанушы және медик ретінде де белгілі болған. Мәселен, алғаш рет Еуропаның картасын жасаған. Негізгі шғармалары: «Католиктік келісім туралы», «Күнтізбенің түзетілуі жөнінде», «Ғалымның білімсіздігі жөнінде», «Құдайды іздеу туралы», «Қалыптасу туралы», «Ғалым білімсіздігінің апологиясы туралы», «Құдайды көру туралы», «Мүмкіндік ретіндегі болмыс туралы», «Құранды терістеу» т.б. қатар сегіз математикалық трактат жазған. Осыған орай, оның тұлғалық дүниетаным ерекшелігін былайша ажыратып көрсету жолға қойылған: 1) Орта ғасыр философиясын қорытындылаушы; 2) Қайта өрлеу дәуіріндегі философияның кіріспесі ретінде ренессанс кезеңіндегі философиялық бағдарларды ұстанушы (гуманизм, пантеизм, эмпиризм, натурализм т.б.); 3) Жаңа заман дәуіріндегі философия мен ғылмның ізашары, жол салушысы; 4) классикалық философиядағы таным теориясының генетикалық негізін қалаушы.
Ол болмыстың математикаланған моделін ұсына отыра, Құдайды өзекті аяқталмаған шексіздік ретінде таниды, «абсолютті максимум» түрінде көрсетеді. Ол таным теориясында сезімді, пайымдауды, ақылды өзін іске асыру сәтінде әр түрлі мақсаттар мен аймақтарда көрсете алатын субъектінің таным қабілеті деп түсіндіреді. Табиғаттың барлық құбылыстарының негізінде математикалық формализм арқылы ғана көрсетуге болатын объективті прапорция жатырғандығын байыптайды.
Ол көне антикалық мұралардағы адам ғарыштың қайталанған шағын үлгісі ықшамғарыш деген идеяға қайта оралды. Адам періштеден басқа барлық тіршілік иелерінен жоғары табиғаттың орталық буыны деген қорытынды жасады. Адамның жоғары теориялық қабілеті болып табылатын ақыл шексіздікті де ойлауға қабілетті және тек қарама-қарсылықтарды ғана емес, бірліктер мен үйлесімділіктерді де көреді деген тұжырым бойынша «қайшылықтар сәйкестігі» деген ілімді дамытады. Ақыл өзінің нәтижелерін соңғы ақиқат деп танымау керек, себебі, ақыл ешқашан аяқталмайтын абсолютке жақындап келе жатырған үрдіс деп түсіндіреді.
Оның идеясындағы құдай – барлық жердегі және еш жердегі абсолютті максимум болып табылады, бұл пантеизм ғарыштың құрылымын басқаша түсінуге мүмкіндік ашты. Құдайдың жаратушылық әрекетін екінші жоспарға шығарып, әлемнің шегі және тұрақты орталығы болмайтындығын негіздеді, орталық болса да ол шартты. Аяқталған, шекаралық нәрселердің барлығы абсолютті максимум мен абсолютті минимум аралығында екендігін атап көрсетті. Мәселен, осы идеяларын «Ғалымның білімсіздігі» деген туындысында былайша дәйектейді: «Максимум дегеніміз – одан ештеңе де үлкен болмау қажет әлдене. Абсолютті максимум жоғары шек, әрі – бәрі және онда бәрі бар болғаныдықтан, ол – жалғыз. Оған ештеңе де қарсы тұра алмайды, тек минимум ғана сәйкес келеді. Оның шегі жоқ, бірақ бәрін шектей алады. Одан әмбебап бірлік шығады, әлем абсолютпен бірігеді. Абсолютті болмыс абсолютті максимумнан басқа ештеңе де емес, яғни, максимумсыз ештеңе де өмір сүрмейді...
Жер қозғалмайтын сияқт болғанмен, ол қозғалады. Құдай бізді қоршап тұр және орталық. Ол бәрін жаратқан, жаратылғандар бір-біріне қатысты. Мысалы: аяқ – көзге, қолға, денеге пайдалы... Жер күннен кіші, Меркуриден, Айдан үлкен. Құдай арифметиканы, геометрияны, музыканы, астрономияны т.б. өнерлерді пайдаланып әлемді жаратқан. Арифметика арқылы әлемді біртұтас қылды, геометрия арқылы форма мен тұрақтылық, қозғалғыштық, музыка арқылы прапорцияны жасаушы».
Галиллей Галилео (1564-1642 жж.) – итальяндық ойшыл, классикалық механиканың негізін салушы, астроном, математик, физик, жаңа механикалық натурфилософияның бастаушысы. Ол жаратылыстану мен философияның ара жік шектеулерін алғаш рет ажыратты. Негізгі шығармалары: «Жұлдызды хабаршы», «Күн дақтары туралы», «Кастеллиге хат», «Әңгімелер және жаңа екі ғылым саласына қатысты математикалық дәлелдеулер» т.б. Галиллей: Айдағы таулар мен кратерлер, жұлдыздардың көлемі мен олардың алып қашықтығы Күн бетіндегі дақтар, Юпитердің 4 серігі, Сатурнның сақинасы, Құс жолының жеке жұлдыздардың шоғыры екендігі сияқты маңызды астрономиялық жаңалықтардың ашылуына себепші болды. «Әлемнің екі маңызды жүйесі жөніндегі сұхбат – птолемейлік және коперниктік» деп аталатын еңбегі жарыққа шықаннан кейін коперникшілдігі үшін инквизиция сотына түсті, сондықтан бұл теориядан бас тартуға мәжбүр болды. Содан соң инерция идеясы, дененің еркін құлауы, қозғалыстың салыстырмалылығы қағидасы т.б. жаңалықтар аша отырып, классикалық динамиканың негізін салды. Сайып келгенде, Галиллейдің дүниетанымында әлемнің объективті өмір сүретіндігі, шексіздігі мен мәңгілігі туралы ой қозғалып, ол құдайлық алғашқы қозғаушы түрткіні мойындайды. Табиғатта ешнәрсе пайда болмайды және жойылмайды, тек денелердің өзара орналасуы мен олардың бөліктерінің қозғалысы ғана жүзеге асып отырады. Материя бөлінбейтін атомдардан тұрады, олардың қозғалысы - әмбебап механикалық қозғалыс. Табиғаттағы барлық қозғалыстар себепті механикалық қозғалыспен шартталған. Осыдан ғылымның нағыз шынайы міндеті - себептерді іздеу екендігі туындайды деген тәрізді пікірлерін ұсынған.
Джордано Бруно Филиппо (1548-1600 жж.) - итальяндық материалист, философ, ақын. Сонымен қатар Еуропадағы құпия, әрі мистикалық ілім Каббалаға табынушы. Басты еңбектері: «Себептілік, бастама және біртұтастық туралы», «Әлемнің және заттардың шексіздігі туралы», «Ерлік интузиазмы туралы», «Біздің заманның философтары мен математиктеріне қарсы жүз алпыс тезис», «Монадо, сандар, фигура туралы» т.б.
Құдайдың өзі болып табылады, ол барлық жерде ішінде де, үстінде де емес, бірақ қатысу арқылы бар. Универсум өзінің ішкі күштері арқылы қозғалады, жеке заттар өзгермелі және өзінің ұйымдасуына сәйкес келе отырып, мәңгі рухтың ырқында болады дей келе, ол табиғатты, материяны құдаймен теңестіреді (Заттардағы құдайлық). Барлық болмысты панпсихизм ретінде түсініп, гилозоизмге ойысады. Жер тірі тіршілік иесі ретінде күнді айнала қозғалады, планеталар да өз орбитасымен оны қоса айналып жүреді, сансыз өзге дүниелер де шексіз әлемге орналасып алып жануар сияқты болып тірі тіршілік иесі ретінде өмір сүреді деп мынадай ойларын дәйектейді: әлем өзінің барлық мүшелері арқылы жанданған. Әлемдік жан әмбебап интеллект, бүкілжалпы ақыл ретіндегі ажырамас қасиетті алып жүреді. Құдай ұғымы әлемдік жан ұғымымен сәйкестенеді. Жерлік және аспандық әлемдер біртектес, пайда болмайды және жойылмайды, олар әр түрлі бірігулердің сансыз көп түрлерін құрайды. Сансыз көп күндер өзінің орналастырып алған планеталарымен қоса өзінің орбитасынан айналып жүреді (өзге әлемдер де осы әлем сияқты мекен етуге болатындай). Әлем тұтастай алғанда, орталық, ол барлық жерде. Әлем – жерді қоса есептегенде, өмірдің әр түрлі формаларының орны. Философияның мақсаты христиандықтағы сенімдік-трансцендентті Құдайға жету емес, «Заттардағы Құдайды» тану болып табылады деген ойларын байыптайды.
Бруноның пікірінше, табиғаттан тыс ешқандай күш жоқ. Ол кеңістікте де, уақытта да шексіз, ал қозғалыс оның өмір сүру тәсілі. Табиғат өз заңдылығымен дамиды. Әлем – универсум (әмбебап бастама), жалғыз ғана мәнділік. Сондықтан ол мәңгі және өзгермейді.
Джордано Бруноның негізгі түсініктері әлем мен оның құрылымы турасындағы философиялық ойтолғамдарға тоғысты. Мәселен, бесінші сұхбатынан үзінді келтірер болсақ:
Бақылау сұрақтары:
Қайта өрлеу дәуірінің өзіндік белгілері, олардың философиялық ойларда бейнеленуі.
Қайта өрлеу философиясының антропоцентризмі және гуманизмі. Пантеизм және натурализм.
ХVІІ-ХVІІІ ғасыр философия ( Ф. Бэкон, Р. Декарт, Т. Гобс, Б.Спиноза, Дж. Локк, Г. Лейбниц).
ХVІІІ ғ. ағартушылық кезеңдегі философиясы (Ж. Ламерти, Д. Дидро, К. А. Гельвеций, П. Гольбах, Вольтер).
Француз материалистерінің діни көзқарастары.
Қайта өрлеудегі натурфилософия мен диалектика (Дж. Бруно, Н. Кузанский).
№5 дәріс. Жаңа замандағы эмпиризм мен рационализм
Ф.Бэконның ғылымдарды жіктеуі туралы. Ғылымдағы елестер және оны жеңудің жолдары.
Р.Декарт шығармашылығындағы таным мәселесі.
Б.Спиноза мен Г.Ф. Лейбництің таным туралы ілімдері.
Дж. Локктың бірінші және екінші сапалары туралы.
Жаңа замандағы көрнекті ойшылдардың бірі – Бэкон (Bacon) Фрэнсис (1561-1626 жж.) – британ философы, тәжірибелі ғылым әдіснамасының негізін қалаушы, жаңа заманғы философиялық ойдың бастаушысы ретінде белгілі және эмпиризм бағытын ұстанушы. Негізгі шығармалары: «Ғылымның беделі мен өсімі», «Жаңа Органон...», «Жаңа Атлантида» т.б.
Ол орта ғасыр схоластикасын сынай отырып, бұл әлемге айтыс пен тартыстан басқа ешнәрсе алып келмегендігін көрсетеді. Оның жеміссіздігінің басты себептері: жаратылыстану саласына айтарлықтай көңіл бөлмегендігі, философияны діннің қызметшісі деңгейіне дейін төмендеткендігі екендігін атап өтіп, ғылыми білімді насихаттауға айтарлықтай үлес қосты.
Гносеологияда – танымның индуктивті әдісін қолдай отыра, ол дүниені тәжірибе арқылы ақиқатты тануды қолдауға қарай бағытталады. Заттар мен құбылыстар бір-біріне қатыссыз жеке дара өмір сүреді дей келе, тек силлогизмдерді қолдану арқылы дұрыс білімге жетуге, табиғат заңдарын тануға болмайды. Ақыл ұғымдары заттардан бөлінген, күмәнді, анықталмаған болып келеді. Силлогизм пікірден, пікір сөзден тұрады. Сөз заттардың символы мен белгісі.
Басты философиялық шығармасы –«Жаңа Органон немесе табиғатты түсіндірудегі ақиқат нұсқаулар» атты туындысында ол табиғатты зерттеудің дұрыс әдісін қалыптастыру мақсатын қояды. Бэкон табиғатты игеруде оның имманентті заңдарына бағына отырып, образының өңін айналдырмау қажеттігін ұсынады. Осы жолда адам көптеген кедергілерге, атап айтқанда, адасу түріндегі «елестерге» тап болып, олар ақиқатқа жақындай түсуге бөгет болады деп байыптаған болатын.
Табиғатты тану айтыспен емес, тәжірибемен шешіледі. Оны тануда адам санасына тән болып келетін түрлі елестер қателікке ұрындырады. Олар: 1) тектік елестері. Бүкіл адамдарға тән, адам ақылы мен сезімдерінің шектілігінен, өзінің табиғаты туралы түсініктерін заттарға араластырып жібереді. Олардан құтылу үшін сезім мүшелерінің көрсеткіштері мен қоршаған орта заттарын салыстыру керек, сөйтіп, олардың дұрыстығын тексеру қажет; 2) үңгір елестері. Жеке адамдарға байланысты. Әрбір адамның өзінің ішкі үңгірі, субъективті ішкі әлемі бар. Олар туа біткен қасиеттерінен, тәрбиелеуден, білімнен, біреуге көзсіз сенген беделден пайда болады; 3) Базар елестері. Сөздерді дұрыс қолданбаудан, базардағыдай әр түрлі мағына беретін сөздердің бір жерде қолдануынан болатын қателіктер. Бұл жеміссіз таласқа әкеледі, әрі табиғаттан алыстатады; 4) Театр елестері. Әлем туралы жалған елестер мен сынсыз философия жүйелерінен пайда болады. Бұл театрдағы жасанды әлем сияқты көрініс қалыптастырады деп тұжырымдаған.
Декарт Рене (1569-1650 жж.) – француз физигі, физиологы, математигі және философы, рационализм бағытының көрнекті өкілі. Негізгі шығармалары: «Әдістер жөніндегі пікір», «Философия бастамасы», «Метафизикалық толғаныстар» т.б. Ол механика, космогония салаларында біршама жетістіктерге жетті. Философияны екі саладан тұрады деп түсіндірді: материалистік физика (табиғат туралы), идеалистік метафизика (философиялық жеке өз жүйесі).
Таным теориясы мәселелеріне баса назар аударып, білімнің көзі мен оның ақиқаттылығының өлшемі ол сыртқы дүниеде емес, адамның ақылмен іздеуінде деп байыптап, танымның көзі – интеллектуальды интуиция екендігін дәйектейді. Бұл сезім мүшелерінің көрсеткіштері мен логикалық дәлелдерге сүйенбейді, әрі ақиқатқа тез жете алады деп интуицияның артықшылықтарына сүйенді. Интеллектуальді интуиция – материалды шындықтан таза ақылмен бөлінген нәрсе, ол жалпыға бірдей: ойлайды, өмір сүреді, таниды, мәселен, үшбұрыш үш сызықтан тұратындығын аңғарады т.б шындықтарды біледі. Бэконның таным теориясындағы индукцияға қарсы бірден-бір таным дедукция деп білді. Ол жалпыдан жекеге қарай жүретін логикалық тұжырым бола отырып, жеке ақиқатқа сәйкес келетін жалпы ұғымдардың интеллектуальді интуициясынан туындайды дей келе, нтуицияда ой қозғалысы жоқ, оған алғашқы, тікілей нақты жалпы қағидалар беріледі; дедукцияда ой қозғалысының процесі жүзеге асады. Интуициядан берілгендердің мазмұнын ашу дедукцияға жүктеледі деп пайымдайды.
Декарт білімдердің ақиқаттығына күдіктеніп, танымның басты екі мақсатын көрсетті: 1) қағидалардың, метафизиканың шығу көзін табу; 2) фантастикалық елестерден қашу, жалған ұғымдардан құтылу, схоластикадан арылу. Ғылым жолын осылай тазалау керек деп ой түйді.
Өзінің кейіннен философия тарихына әйгілі болған: «Ойлаймын, демек өмір сүремін» тезисін ұсынды. Бұл интеллектуальдік интуицияның құнды өнімі, сондықтан әлем туралы барлық білімдерді дедуктивтік әдіспен бұдан шығаруға болатындығын дәйектейді. Ойшылдың идеялары бұл салада әрі қарай күрделене түседі, мәселен, «Метафизикалық толғаныстарында» Декарт: «Әлдеқандай күш бар, қандай екенін білмеймін, бірақ зұлым ниетті, мені алдау үшін бәрін пайдаланатын. Егер ол мені алдайтын болса, менің өмір сүретіндігімде ешқандай күмән жоқ; қаншалықты қажет етеді, мені соншалықты алдай берсін, - мен ойлайтын болып тұрғанда ол мені ештеңеге айналдыра алмайды.
Спиноза Бенедикт (Барух) (1632 —1677 жж.) – Нидерланд философы, материалист, пантеист. Негізгі шығармалары: «Саяси-діни трактат», «Этика» т.б. Ол әлем мәңгі, біртұтас, бөлінбейтін табиғат және ол екі түрлі формада сақталады: материалды, рухани деген прікірлерін негізге ала отырып, механикалық-математикалық әдіснаманы ұстанып, әлемнің тұтас бейнесін жасауға ұмтылды, пантеизм дәстүрін қолдады: табиғат пен құдай бір нәрсе, олар мәңгі, біртұтас, шексіз субстанция, басқа бастама болмайды, тек себептердің себебі, ең түпкі себеп болып табылатын, өз себебі өзіндегі түпнегіз (causa sui) ғана бастапқы. Субстанияның атрибуттары бар екендігіне назар аударып, оларды шексіз деп түсіндірді, адамдық ақылға оның тек басты екі атрибуты ғана танылады — жайылу (кеңістік) және ойлау. Ойлау –табиғаттың атрибуты, материя атрибуты сияқты ешқашан пайда болмайды, жойылмайды, ол тастан адамға дейінгінің бәріне тән материяның мәңгі қасиеті, демек, барлық материя ойлайды деп гилозоистік ұстанымды қуаттады. Спиноза нақты субстанция қалпын модустар деп көрсетті. Ол модустарды екіге бөлді: мәңгілік модусы, шексіздік модусы және уақытшалық, шектілік модустары. Алғашқы субстанция атрибутына (ұзындыққа) сәйкес келетін: қозғалыс пен таным, ал ойлау атрибутына: интеллект мен ерік, екінші модусқа – жеке заттар және жеке ойлар мен тілектер енеді деді.
Ол қозғалыс материалды субстанцияның өз мәнінен шығады. Қозғалыс субстанция «негізінде» бар, бірақ ол жеке заттардан ғана байқалады, ал субстанцияның өзі уақыттан, қозғалыстан, өзгерістен тыс мәңгі. «Мәңгілікте ешқандай да: қашан жоқ, алдымен де, соңымен де жоқ» екендігі туралы көзқарастарын ұсынды да, субстанцияның өзі уақыттан тыс, қозғалмайтын нәрсе болғандықтан, өзгермейтін субстанция мен өзгермейтін заттар байланысын көрсетті.
Жаңа замандағы көрнекті ойшылдардың бірі – ЛейбницГотфрид Вильгельм (1646-1716 жж.) неміс философы, математик, физик, тарихшы, заңгер, тілші. Негізгі философиялық шығармалары: «Метафизика туралы ойтолғамдар» (1685), «Табиғаттың жаңа жүйесі» (1695), «Теодицея» (1710), «Монадология» т.б. Лейбниц рационалдылыққа бағдарланған 17 ғасырдағы философияны аяқтаушы ретінде бағаланып, айрықша, синтетикалық философияны ұсынады. Математика саласында – дифференциалды есептеуді; физика саласында – энергияның сақталу заңын ашып, геологиялық, биологиялық, тарихи зерттеулер жүргізді. Метафизиканың теология мен математикаға қарағанда дербестігін тұжырымдап, философтардың тұжырымдарынан «негізделгендік» пен «ғылымилықты» талап етеді. Оның негізгі бағыттары: механикалық материализм, рационалистік әдіс, құдай мен субстанция туралы ілімге келіп тоғысады. Лейбницте материя субстанция емес, ол қарпайым және ұзаққа созылып жатыр, субстания – бөлінбейтін, руханилық және бүкіл әлемді құрайтын, шексіз, ұмтылушылыққа ие болатын, бірақ бір-бірімен әрекеттеспейтін, алдын-ала жарасымдылыққа негізделген «монадолар» болып табылады. Ал білімнің айқындығы, қайшылықсыздығы ақиқаттың шынайы өлшемі, бұны тексеру үшін логиканың заңдары жеткілікті және айғақтың ақиқатын тексеру үшін «жеткілікті негіздеме» заңы болуы керектігін ұсынды да, логиканы дамыта отырып, матемематикалық логиканың қалыптауына ықпал етті. Сөйтіп, ойлауды формальдандыратын әмбебап тіл жасауды қолдады.
Бақылау сұрақтары:
Жаңа заман философиясында таным методологиясы неге өзекті болды?
Танымның индуктивті және дедуктивті әдістерінің ерекшелігін ашыңыз.
Жаңа замандағы философияның негізгі бағыттарын атаңыз.
Жаңа заман философиясындағы негізгі субьективтік идеализм өкілдері (Д. Юм, Д. Беркли).
№6 дәріс. Немістің классикалық философиясындағы таным мәселесі.
И. Канттың таным теориясы
Г.Ф. Гегельдің диалектикасы мен таным теориясы
Г.Фихте мен Г.Ф. Шеллингтің философиялық көзқарастар
К. Маркс пен Ф. Энгельстің тарихты материалистік тұрғыдан ұғындыру философиясы
Немістің классикалық философиясын бұрынғы батыстағы екі мың жылдық философиялық тарихтың қорытындысы, жаңа еуропалық рационалистік философияның жоғарғы, шешуші буыны деп түйсінуге болатындықтан, жүйелі бүтіндік пен аяқталғандық, әлем құрылымының жаратылыстану бойынша да тәртіпке енгізілуін басшылыққа алуды және оған рационалдық тұрғыдан келуді негіздегендіктен ол «классикалық» деп аталған.
Кант Иммануил (1724-1804 жж.) — неміс философы және жаратылыстанушы. Оның шығармашылығын дәстүрлі түсінікте екіге бөліп қарастыру қолға алынған: сыншылдыққа дейінгі және сыншылдық кезең. Алғашқы кезеңде ойшыл күн жүйесінің жаратылуы мен дамуы, жер тарихы мәселелерімен айналысты. Оның нәтижесі: «Жалпы жаратылыстану тарихы және аспан теориясы» атты еңбегінің тууы. Ал екінші кезеңінде ол: гносеология, этика, эстетика мәселелерімен шұғылданып, «Таза ақылға сын», «Практикалық ақылға сын», «Ойтолғам қабілетіне сын» еңбектерін тудырды. Сондықтан ол «философия сынаудан басталуы керек» деп пайымдады.
Кейбір мәліметтерде оның философиясын төрт кезеңге бөліп қарастырады: 1) жаратылыстанулық кезең; 2) метафизикалық кезең; 3) сыншылдық кезең: 4) сыншылдықтан кейінгі кезең. Трансцендентальді идеалист ретінде танылған Канттың философиясы таным теориясында көпқырлы терең дүниетанымды басшылыққа алды. Оның осындай трансцендентальді философиясы – барлық пайымдаулар мен ойталқылардың заттардың мәнімен қаншалықты байланысты екендігінен туындайтын, олардың сезімдік көрсеткіштерінің тәжірибе арқылы бекітіле түсетіндігін негіздейді.
Кант өзінің трансцендентальді идеализмін ұсына отыра, универсумдық-континуумдық ойтолғамдарында «антиномиялар» деп аталған қайшылықтарын дәйектей түсіп, ондағы өмір сүрмейтіндік парадигманың көріністерін жалпы концептуалдық мәнде шолып өтеді. Мәселен, бірінші антиномияның тезисінде: «Әлем уақыт бойынша басталған және кеңістікте шектелген» және оның антитезисінде: «Әлем уақыт бойынша басталмаған және кеңістікте шектелмеген» деп атап өте отырып: «Егер әлем уақыттың бастауын иеленсе, оған дейін бос уақыт (уақытсыздық) болған болар еді. Бос уақытта қандай-ма болмасын заттардың пайда болуы мүмкін емес, ал егер әлем аяқталатын және кеңістікте шектелген болса, онда әлемнің бос кеңістікке қатынасы болуы тиіс. Бұл кеңістік Ештеңе болып табылады. Немесе ол тек форманың көрінісі ғана және өздігінен әлдебір шынайылық емес»,-деп тұжырымдайды.
Сондай-ақ Канттың астрономиялық теориясындағы космогонездік туынды жаратылыстанулық бастау болып табылатын хаос мәселесін де қамтып өтеді. Яғни, И. Канттың сыншылдыққа дейінгі кезеңі оның теорияларын ғылыми танымда белгілі бір жетістіктерге жеткізді. Осы орайда, ол әлемнің пайда болуы туралы болжамдарын және хаос туралы пікірлерін дәйектеді. Ойшылдың хаос қатынасатын космогенезі кейіннен небулалдық болжам ретінде ғылым эволюциясында маңызды роль атқарғаны белгілі. Бұның концептуалдық мәні таза метафизикалық ойлау машығынан гөрі ғылыми-жаратылыстанулық картинаға жуықтайды. Бұнда да хаос өзінің бастапқы мәнінен айнымайды, демек, ол бастапқыда хаос болған деген тұжырымды дәйектеп, әлемнің пайда болуы туралы орнықты пікір ұсынады. Бұл мифтік хаостың алғаш рет ғылыми негіздерін сараптауға бетбұрыстар ретінде танымал болған еді.
Кант әлемнің жаратылысы туралы теологиялық тұжырымдамаларды да қолдай отырып, құдайдың алғашқы материяны жаратқандығын және оған жалпы қасиеттерді таңғандығын, ондағы тарту мен кері итерушілік басты екі сипат екендігін көрсетіп, жаратылатын қордан уақыт бойынша жүйелі туындайтындығын және жаратушының «құдыреттілігін» де атап өтіп, әлем бастапқы хаос қалпынан ұзақ немесе қысқа уақытта дамып шығуға ұмтылатындығын көрсете келе, жаратудың бір кезде басталғанмен, оның ешқашан тоқтамайтындығын түйіндейді.
Осы тұстан Канттың идеясында көрсетілгендей, болмыс туындыларының (мәселен, нақты болмыс элементтері) әлдебір потенциалды қордан (запас) шексіз бөліне алатындығы туралы теологиялық-космологиялық ой ниетін бағамдауымызға болады. Кант өзінің онтологиясында көне Үнді дәстүрлері бойынша категорияларды жіктеп, оларды талдап көрсетеді. Категориялар пайымның таза ұғымдары деп оларды 4 классқа бөліп, 12 категорияны түзеді: сан, сапа, қатынастар, модальдылық. Мәселен, модальділік кластың өзін былайша жіктейді: «IV. Модальділік: Проблемалылық/Мүмкіндік – мүмкін еместік; Ассерторикалық/Өмір сүру – өмір сүрмеу; Аподиктикалық/Қажеттілік – Кездейсоқтық»
Ол білімнің тәжірибеден басталып, сезім мүшелеріне берілетінін айта отырып, таным логикалық-априорлық сәтпен немесе формальды фактормен толықтырылуы керек дейді. Ол априорлық форма негізінде барлығына ортақ танымды зерттеп, сезімділік (трансцендентальді эстетика), пайым (трансцендентальді аналитика), ақыл (трансцендентальді диалектика), сезімділік пен оның формаларын трансценденттік талдауда кеңістік пен уақыт идеалды математикалық конструкцияда объективті мағыналы деп түсінді.
Таза ойдағы конструкциялар өзіндік затқа қарағанда ешқандай білім бермейтін ноумендер болып табылады. Мәселен, схоластикадағы жанның өлмейтіндігі, әлемнің пайда болуы, құдайдың өмір сүретіндігі т.б. Ал өзіндік зат кез-келген объектінің адам танымы шегінің арғы жағындағы танылмайтын қыры болып есептеледі. Тәжірибеге басымдылық берген Кант оған дейінгі білімдерді «априорлы» деп атап көрсетіп, оны ақыл тануға белгілі бір деңгейде қабілетсіз деп көрсетеді. Осыған орай, адам санасының таным қабілетінің арғы жағындағы, мүмкін болатын тәжірибенің шегінен шыққан, бұл тәжірибеден тыс нәрселерді «трансцендентті» деп атаған. Ол ұғымдар трансценденталийлер: құдай, ерік т.б. Бұған қарама-қарсы түсінік – имманентті, бұны Кант мүмкін болатын тәжірибенің шегінде, сол нәрсенің өзін зерттеуді айқындайтын тәсіл деп түсіндіреді.
Ол метафизиканы үш бөліктен тұратын жүйеде қарастырды: 1) пропедевтика (трансцендентальді сын); 2) табиғат метафизиксы; 3) құлықтылық метафизикасы. Мәселен, этикалық қағидаттары бойынша оның кесімді бұйрық (категориялық императив) түсінігі белгілі. Кант бұны белгілі бір жағдайларда ғана күшіне енетін гипотетикалық императивпен салыстыра отырып, категориялық императивті ығыстырылмайтын міндеттілік ретінде, мінез құлық ілесіп отыратын формалар мен қағидаларды орнатады деп, оның адам орындауға тиісті бұйрық түрінде көрінетіндігін атап көрсетеді. Георг Вильгельм Фридрих Гегель немістің идеалист философы (1770 – 1831 жж.). 1801 жылы Иен университетінде жоғары лауазымға ие болып, «Фихте мен Шеллингтің философиялық жүйелерінің айырмашылығы» атты бірінші басылымын шығара отырып, 1807 жылы «Рух феноменологиясы» туындысын жариялады. 1812-1816 жылдары «Логика ғылымы» еңбегін жазып шықты. Ал Берлиндегі кафедрада жұмыс жасаған кезінде ол «Құқ философиясының очерктері», 1827-1830 жылдары энциклопедиялар өнімдерін тудырды.
Гегель жүйесі 3 бөліктен тұрады: 1) Логика (онтология) әлемді жаратуға дейінгі Құдай болмысы; 2) Натурафилософия – материалдық әлемдегі құдайдың жатсынылуының мазмұны; 3) рух философиясы –Құдайдың өзінің жаратуынан адамдық рухта өзіне қайта оралуы, өзге болмыстан рухтың қайтып оралуы тек адамда ғана, субъективті рух өзінің танылған санасын, өзінің жеке рухани субстанциясын сәйкес деп танымайды, объективті рух қоғам құрған құқ, мораль, құлықтылық арқылы өзінің құрылуында осындай эволюцияны бастан өткізеді. Сондықтан объективті рухтың құрылуында абсолютті рухтың үш формасы бар; байыптау, елестету, білім. Тарих еркіндіктің санадағы прогресімен бірге әлемдік рухтың өзін тану процесі.
Гегель идеалистік диалектиканың негізін салушы ретінде, диалектика заңдары мен категорияларын ұсынған. Метафизикалық мәселелерді еркін сараптаған, онтология мен теологияны зерделі байыптаған, космология мен антропологияны өз тұғырнамалық идеялары бойынша бағдарлаған ойшыл философия тарихында дамуды онтологиялық үстем деңгейде тиянақты жүйелеп, оны шешудің жоғарғы және дәйекті ойтолғамдарын ұсынды. Сондықтан оның даму тұжырымдамасы барынша күрделене түсіп, болмыс пен Бейболмыс, болмыс пен Ештеңе мәселелерін өзінің «Логика ғылымы» деп аталатын еңбегінде еркін қамтыды: «Әзірге Ештеңе бар болса, онда бірдеңе туындауы тиіс. Бастау таза ештеңе, бұл өзінен бірдеңе тууы тиіс ештеңе; болмыс болуға бағытталды және бастаудан орын алады. Бастау демек, оны және өзгені қамтиды, яғни, болмыс пен ештеңені, ол – болмыс пен ештеңенің бірлігі, басқаша айтқанда, ол сол сәтте болмыс болып табылатын бейболмыс және осы уақытта бейболмыс болып табылатын болмыс»
Осы тұста ойшыл Ештеңенің таза өзімен-өзі енжар емес, бірнәрсе тудыруға арналған, тағайындалған Ештеңе екендігін атап өте отырып, болмыс пен Ештеңені теңестіреді. Сондықтан бастау Бейболмыстан туындайтын болмысты қамтитын болса, бұндағы Бастау мен Бейболмыстың орын ауыстыруы модельі бейімделгіш жоба түрінде ұсынылып, ойшылдың диалектикалық көзқарастары бойынша қарастырылатындығы түсінікті. Сондықтан ойшыл болмыс пен Бейболмыстың қарама-қарсылығын және өзіндік тұтастығының белгілі бір парадигмада қайта тоғысатын сәйкестігін атап өтеді, бастау – осы екеуінің тұтастанған бірлігінен тұрады. Бастау ұғымының бастау ретіндегі, процесс түріндегі қасиеті – оның осы тұтастықтан бөлінбейтін бірлігімен анықталады. Себебі, ол – Бейболмыстан болмыстың туындау сәтіндегі негізгі процесті айқындап, оның түсініктемесінің ажырамас қасиетін құрайды. Гегель Бастаудың белгілі бір қатынастарда болмайтындығы мен бар екендігін қарама-қарсылықпен біріккен – болмыс пен Бейболмыс арқылы шешеді. Болмыстың Бейболмысқа қарама-қарсылығы күмәнсіз болса, осы анықталған қарама-қарсылық бастаудың өзіне айналады. Демек, нақтырақ айтқанда, бастау дегеніміз – болмыс пен Бейболмыстың бастапқы қарама-қарсылығы болып шығады. Бірақ бұл қарама-қарсылық таза абсолютті болмайды, бірін-бірі алмастыратын дамудың көзі ретінде пайымдалды.
Сайып келгенде, Гегельдің болмыс пен Бейболмыс хақындағы даму туралы пікірлері мынадай тұжырымдармен айшықталады; Бейболмыс жеке дара оқшау қарастырылуы мүмкін емес; Бейболмыс болмыс және болмыс Бейболмыс арқылы ғана ашылады; Бейболмыс болмыстың әрбір сәті және болмыс Бейболмыстың да әрбір сәті; Болмыстың заңдылықтарының іске асуы Бейболмыссыз орындала алмайды; Бейболмыс шартты атау ретінде ғана «оқшау болып табылады», ал болмыс заңдылықтары шеңберінде ол өзінің болмыстық кейпіне енеді; сайып келгенде, Бейболмыс әлемнің даму, байланыс, қозғалыс, терістеу үдерістері арқылы «көріне алады» және керісінше. Ойшылдың көзқарастарында болмыс даму арқылы өзгенің емес өзінің болмысын терістейді де, оны Бейболмысқа өткізеді және ілгерідегі даму бойынша өзінің Бейболмысына, яғни, әлі олай болмаған болмысына ұмтылады. Демек, терістеу Гегель философиясында өзінің болмысын Бейболмысқа өткізуден құралатын болса, осындай тізбекті терістеу болмыстың өзін үнемі Бейболмысқа айналдырып отырады және керісінше.
Ол өзінің философиясын батыс философиясындағы ойлаудың шыңы, монархия мемлекетін соңғы дамыған мемлекет деп түсінген. Оның идеялары кейіннен К. Маркске қатты әсер еткен, ХХ ғасырда Ф. Гегель идеяларын әр түрлі түсіндіретін жаңа гегельшілдік (неогегельянство) бағыты туған. Сондықтан Гегельдің философиялық жүйесінің ауқымдылығы мен зерделілік жағынан тереңдігі оны әлемдік философ ретінде дүниежүзіне мойындатты. Гегельдің сан қырлы идеяларының тұтастығы мен әркелкілігі оны көптеген бағыттар мен ұстанымдар тұрғысынан қарастыруға алып келді: трагедиялы, метафизикалық, мистикалық т.б.
Бақылау сұрақтары:
Немістің классикалық философиясы жаңа философияның қайнар көзі.
И. Канттың сын кезіндегі философиясының мәні неде?
Фейербахтың антропологиялық материализмінің маңызын ашыңыз?
Классикалық неміс философиясының тарихи алғышарттары, оның негізгі иедеялары мен принциптері.
Кант агностицизмі.
Канттың сынға дейінгі және сыни кезеңдерінің ерекшеліктері
Гегельдің диалектикасын қалай түсінуге болады?
Гегель философиясының қайшылықтары.
№7 дәріс. ХІХ- ХХ ғасыр философиясындағы ғылыми таным және әдіснамасы мәселесі
Позитивизм ғылым философиясы ретінде және оның дамуының негізгі кезеңдері
Адам болмысын танудағы экзистенциализмнің маңызы
Герменевтика, феноменология, структурализм ағымдарындағы таным мәселесі
Позитивизм (позитивті – оңды, дұрыс, жағымды деген мағыналарды береді) – парадигмалық танымдық әдіснамалық құрылым болып табылатын, нақты ғылымдарды шынайы білімнің көз деп есептейтін бағыт. Оның бастапқы идеялары Юмның, Даламбердің еңбектерінен көрініс тапқанмен, оның негізін салушылар ретінде – Конт пен Спенсер аталады. Ол жорамалды, теориялық спекуляцияны, идеализмді, спиритуализмді, рационализмді теріске шығара отырып, бұрынғы: болмыс, мән, себеп, рух сияқты ұғымдар мен түсініктер ғылыми тексерілуге жатпайтын, тәжірибеде айқындалмайтын болғандықтан, мәңгі шешімін тапппайтын жалған мәселелер немесе өзінің мағынасын жойған деп есептейді. Сондықтан оларды метафизикалық мәселелер деп жариялап, өзінің бағытын метафизикалық емес, дұрыс бағыт деп түсінеді. Бұны аймақ бойынша франциялық; Литтре, Тэн, Ренан; Ағылшындық: Милль, Спенсер; немістік: Дюринг, Шуппе т.б. деп ажырату дәстүрге айналған.
Осы ағым негізінде неопозитивизм пайда болып, бұлардың негізгі идеялары постпозитивизм ағымымен жоққа шығарылды. Сондықтан позитивизм эволюциясын: 1) бірінші позитивизм: Конт, Милль; Спенсер, Литтре; 2) екінші позитивизм немесе эмпириокритицизм: Мах, Авенариус; 3) неопозитивизм: Поппер, Айдукевич, Уисдом, Остин және логикалық позитивизм: Шлик, Карнап, Нейрат т.б; 4) постпозитивизм – әдіснамалық радикализмді жұмсартуға бағытталған түрі: Кун, Лакатос, Тульмин, Фейерабенд т.б деп ажыратуға болады. Демек, позитивизм тамырлары ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда-ақ қалыптаса бастаса, ол ХХ ғасырда неопозитивизмге өтті.
Неопозитивизм – шындық туралы білімді күнделікті және нақты ойлау арқылы алуға болады, ал философия ойлаудың нәтижелерінен көрінетін тілді талдауды қолға алуы тиіс. Философиялық талдаулар объективті шындыққа таратылмайды, ол тек мәліметтермен, тәжірибемен, тілмен шектеліп отырылады. Ал тілдің объективті шындықты бере білу сәйкестігіне назар аудару керек. Сондықтан философияның міндеті күнделікті тілді зерттеумен айналысу деп біледі. Бұл бағыт жалпы неопозитивизм деп аталғанмен; логикалық атомизм, логикалық позитивизм, жалпы семантика, неореализм, аналитикалық философия, лингвистикалық философия, сыншыл рационализм сияқты салаларды қамтитын іргелі ағым ретінде пайда болады.
Феноменологияның сананың объектіге қатысын көрсететін басты түсінігі «интенция». Феноменологияда санадан тыс өмір сүретін объективті шындықты бар деп тікелей мойындауға болмайды, таным субъектісінің өзін танымға бағытталған таза сана деп түсіну керек (трансцендентальдік редукция), себебі, ол – тәжірибе мен тарихтан тыс сана ретінде психологиялық толқулар мен тілдегі көрінетін идеалды мағыналарға сәйкес келеді, олай болса, философия таза мағыналарды зерттеуі тиіс.
ГуссерльЭдмунд (1859-1938 жж.) неміс философ-идеалисі. Негізгі шығармасы: «Логикалық зерттеулер», «Еуропалық ғылымдардағы дағдарыс және трансцендентальді феноменология» т.б.
Ол психологизм бойынша кез-келген танымдық акт өзінің мазмұны арқылы эмпирикалық сананың құрылымы болып анықталады, сондықтан танушының субъективтілігінен тәуелсіз болып табылатын қандай-да ақиқат туралы ешнәрсе айтуға болмайды дей келе, психологизмнің өрістеуін Локктан бастап, Юм, Дж. Милль арқылы Вундтқа дейінгі аралықпен дәектейді. Қазіргі заманғы психологизмнің нұсқасы натурализмде, тарихилықта деп білді, сондықтан табиғат пен тарих туралы ғылымдар белгілі бір деңгейде негіздеуге мұқтаж, бұны философия, нақтырақ айтқанда, қатаң ғылым ретіндегі сананың феномендері туралы ілім — феноменология ғана бере алады деп байыптаған Гуссерль, сананы эмпирикалық мазмұннан тазартатын өзінен-өзі айқын логикалық қағидаларды табуға ұмтылды, бұл редукция арқылы ғана мүмкін болады деп түсіндірді. Философия бұрынғы барлық догматикалық тұжырымдаулардан азат болу керек, сондықтан бұл дәуірді қандай-ма болмасын шешімдерден қалыс қалу актісімен аяқтау қажет. Осыдан тек қана жалғыз санадан ажырағысыз бірлік — интенционалдық қана қалады: жеке адамдық психологиялық, әлеуметтік, нәсілдік сипаттамалардан азат болған жағдайдағы нәрсеге бағытталған сананың таза құрылымын қарастыру қажет деп атап өтеді. Осы интенционалдық арқылы Гуссерль басты теориялық-танымдық мәселе субъект-объект арақатынасын шешуге ұмтылды; ол екі жақтылықтың көпірі іспетті — жалпы адамзаттық сананың имманентті әлемнің өкілі болу мен болмыстың трансценденттік әлемінің аралғында дейді.
Гуссерль феномендегі әртүрлі қабаттарды көрсетеді: тілдік қабықша, әр түрлі психикалық толқулар, санадағы ойланылған заттар. Нәрселік болмыс санаға іштей тән болып табылады, ол санаға қатысу арқылы өзінің объективті мағынасын табады, сондықтан нәрселік болмыс пен сана бір-біріне өзара қатынасты (коррелятивті). Сана екі жақтылықтың бірлігі болып табылады: танымдық актілер — ноэзис және нәрселік мазмұндар — ноэма, бұлар идеалдық мағынаға сәйкес келеді. Сондықтан феноменологияның мақсаты — нәрсе туралы әр түрлі айтылған пікірлердің, сөздер мен бағалаулардың күңгірттеген мағынасын ашу. Бұл бағыт материализмнің барлық формаларын және сананың тарихи түсінігін жоққа шығарады. Сондықтан феноменологияның пәні — таза ақиқаттардың патшалығы, априорлы мағыналар. Гуссерль түсінігінде, бұл бағыт «бірінші философия» болып табылады. Таным сананың ағымы: іштей ұйымдасқан және тұтасқан, бірақ нақты психикалық актілерден, таным субъектісі мен оның қызметінен салыстырмалы түрде тәуелсіз. Сондықтан феноменологиялық редукция өзінің ішкі мәнінен тереңдеп, психологиялық транс жағдайындағы ештеңеге өту бойынша танымның қатпарларын зерделегісі келеді.
ХХ ғасырдағы ғылым философиясы мен әдіснамасы: философиясы және әдіснамасы ретінде екі сала ретінде қарастырылғанмен, екеуін бір парадигмада зерделеу соңғы жылдары қолға алынған. Бұнда ғылыми білімдердің қалыптасуы, ғылыми таным әдістері мен әдіснамалары, жалпы ғылыми таным парадигмалары т.б. мәселелер сарапталады. Ғылым философиясының аясына ғылым тарихының философиялық мәселелері де енгізіледі. Осыған орай, ХХ ғасырда қалыптасқан және жалпы ғылыми танымның, әсіресе, қоғамдық ғылымдардың әдіснамасына айналып отырған философиялық бағыттар мәдени-рухани аймаққа да кеңінен әсер етті. Олар әуел баста философиялық ағымдар ретінде пайда болған болатын.
Соның бірі – герменевтика,кең мағынасында «түсінуді» әлеуметтік болмыстың шарты ретінде қарастыратын философиядағы бағыт. Тар мағынасында білім саласындағы мәтін мен форманы түсіндіру техникасы мен ережелері. Яғни, мәтіннің мәнін оның объективтік – сөздердің грамматикалық мағынасы мен олардың тарихи жағдайларының варияцияларын және субъективтік – автордың ынтасын, айтайын деген ойын, түсінушінің талғамын т.б. түсіндірудің тоериясы мен өнері. Оның бізге белгілі шығу тарихы эллинзм дәуіріндегі көне мифоллогиялық шығармаларды түсіндіруден басталады, мәселен, өз дәуірінде Гомердің туындыларын сараптауды осыған жатқызуға болады. Ол кейіннен қасиетті діни жазбаларды түсіндірудің өнеріне айналды. Бұны экзегетика деп атайды. Герменевтика 19 ғасырда тек мәтінді түсіндірумен ғана шектелмейтіндей, еркін дамитын парадигманы қолға алды. Мәселен, Дильтей бұл бағытты қоғамдық ғылымдардың арнайы тәсілі ретінде қолданып, «түсіну» рух жөніндегі ғылым әдісі болып табылады дейді.
ХХ ғасырдың орта шеніне таман герменевтика философиялық түсіндірмелердің негізгі ұстанымына өтті. Гадамерде болмыс өзін нақты адамдар мен құбылыстар арқылы түсінеді, бұл – болмыс, тіл, дәстүр. Қазір жалпы мағынасында шындыққа философиялық тұрғыдан келу және адамның саналы іс-әрекеттерінің нәтижелерін талдайтын ғылым салаларында қолданылады. Герменевтика салысының негізгі орталық түсініктері: мәтін, мәтіндік талдау, түсіну мен түсіндіру, шеңбермен тұйықталу, сұхбат, қарым-қатынас т.б. Негізгі өкілдері: Дильтей, Гадамер, Рикер, Шлейермахер, Хабермас, Бетти т.б.
Философиялық герменевтика – түсінуді герменевтикалық шеңберге алып келетін (бүтін бөлшекпен, бөлшек бүтін арқылы түсініледі) шексіз процесс. Герменевтика дамуындағы әр түрлілік: аударма (өз тіліне мағынаны аудару), реконструкция (шынайы мағынаны тудыру), диалог (өмір сүретіндерге қатынасты жаңа мағынаны қалыптастыру) бойынша құрылады.
Реконструкция Шлейермахердің идеясы бойынша өркендей түсті, ол мәтін автордың ішкі сезім түйсіктерімен байланысып жатырғандығын атап көрсетті, ал Дильтей мәтіннің шығу жағдайына үңілді, герменевтиканың базасы сипаттамалы психология болып табылатындығын атап өтсе, Э. Бетти герменевтика философиядан тәуелсіз гуманитарлық ғылымдардың тәсілі болып қалуы тиіс екендігін негіздеді.
Шлейермахер Фридрих (1768 - 1834 жж.) немістің протестанттық теологы және философы герменевтиканың қалыптасуына ықпал еткен, бірақ ХІХ ғасырдың басында өмір сүрген ойшыл. Негізгі шығармалары: «Дін туралы сұхбаттар» «Монологтар», «Диалектика» т.б. еңбектерімен қатар этика, эстетика, психология мәселелерімен шұғылданды.
Дильтей Вильгельм (1833 - 1911 жж.) немістің мәдениет тарихшысы, философ-идеалист. Негізгі шығармалары: «Сипаттамалы психология», «Дүниеге көзқарастың типтері және оның метафизикалық жүйедегі көрінісі» т.б.Өмір философиясының өкілі, түсіндірмелі психологияны негіздеуші Дильтейдің түсінігінде орталық мәселе мәдени-тарихи шындықтағы адам болмысынң тәсілі ретіндегі өмір ұғымы. Адам тарихты иеленбейді, өзі оның не екендігін ашып көрсететін тарих дей келе, тарихтан табиғат әлемін ажыратып алды. Таным теориясын «Рух туралы ғылым» деп ұсынды. Рух туралы ғылым ретінде философияның мақсаты — өмірдің өзінен шығатын өмірді түсіну. Осыған байланысты ол кейбір рухани тұтастыққа тікелей жетудің тәсілі ретінде «түсінуді» басты орынға шығарады. «Түсіну» өмірге интуитивті түрде енумен туыстас, оған сыртқы тәжірибемен және пайымдаудың құрылымдау қызметімен байланысты болып келетін «табиғат туралы» ғылымда қолданылатын «түсіндіруді» қарсы қойды. Өзінің жеке ішкі әлемін түсіну интроспекция арқылы қол жеткізіледі, өзге әлемді түсіну — «бірге күйзелу», «сезінісу» арқылы іске асады, ал мәдениетке қатысты алғанда өткенді түсіну интерпретация арқылы жүзеге асады, бұл тәсілді Дильтей герменевтика деп атаған: жеке құбылыстарды сол дәуірді қайта жағырту арқылы, ондағы тұтас жандық-рухани өмірдің сәтідеп түсіндіру қажеттігін ұсынды. Адам өзінің кім екенін тек қана тарих арқылы біле алады деп тұжырымдамды.
ХХ ғасырда қалыптасып, тек философияда ғана емес, рухани мәдениетке де тараған ағымдардың бірі – экзистенциализм. «Экзистенция» – өзін табу, ғұмыр кешу, көріну, қалыптасу деген сияқты мағыналарды беретін, нақты болмысты білдіруде қолданылатын философиялық категория. Бұл ұғым орта ғасырда заттардың болмысының өмір сүруінің толықпағандығы, аяқталмағандығы, өзінің мәніне сәйкес келмейтіндігі және құдайлық болмыспен жаратылғандығы сияқты түсініктерді берген болатын. Қазіргі философияда іргелі, терең онтологиялық мағынада адамның ғұмыр кешуін білдіреді. Осы сөзден туындаған экзистенциализм ағымы «ғұмыр кешу философиясы» деп те аталады. Оның бастапқы нышандары Ресейде, Шестов, Бердяев сияқты ойшылдардың идеяларында анық көрінді. Одан кейін Германияда: Хайдеггер, Ясперс, Бубер және екінші дүниежүзілік соғыс кезінде францияда қалыптасты: Марсель, Сартр, Мерло-Понти, Камю, Бовуар т.б. ХХ ғасырдың орта шенінде АҚШ-та, Италияда өркендеді.
Экзистенциализмді діни: Ясперс, Марсель, Бердяев, Шестов, Бубер және атеистік бағыттарға: Сартр, Камю, Мерло-Понти, Хайдеггер бөлу дәстүрі бар. Бұл бағыттың негізгі ерекшелігі – сенім, үміт, ауру, азап шегу, қамқорлық пен үрей, құмарлық сияқты психологиялық үрдістерді философемдерге айналдырып, оны онтологиялық тұрғыдан негіздеу болып табылады.
Камю Альбер (1913-1960 жж.) – француз философы, публицист, жазушы, драматург. Негізгі шығармалары: «Сизиф туралы аңыз», «Бөгде», «Бүлікшіл адам», «Оба», «Шведтік сұхбаттар» т.б. Ол діни үміт жоғалған жағдайда әлемнің позитивті болмысында үмітті қалай табу керек деген сауал тастай отырып, адамның бастапқыдағы әлемді түйсінуінің абсурдтылығын дәйектейді, осыдан адамның оқшауланған, парасатсыз күйін «әлемдегі болмыс» жағдайы бойынша сипаттау керектігін зерделейді. Бір жағынан ол абсурдты асбурдтылық болмысты түсінудің айқындылығы мен саналы ұғынуының шекарасы деп біледі. Ер адамдық адалдықты, күреске қаһармандық дайын болуды ол өзін-өзі өлтіруге, «философиялық суицидке» қарсы қояды. Абсурдтылық философияны негіздеген А.Камю «өмір дегеніміз сүруге тұра ма, ең басты философиялық мәселе осында, қалғандары екінші жоспардағы мәселелер болуы тиіс» деген пікірін ұсына отырып, адам өмірінің мағынасыздығын күнделікті күйбең тіршілік арқылы дәйектеуге ұмтылады. Бірақ сайып келгенде, бұл мағынасыздық өзін-өзі өлтіруге тікелей алып келмейтіндігін байыптайды.
Құдай болмаған соң мағынасыз, абсурдтық әлем қаһармандар мен тирандарды тудырады, бұл бір жағынан бүлікті моральдік сананың қалпы ретінде бағалауды талап етудің қажеттілігінен болса, екінші жағынан әлемді мәдени-тарихи үдеріс ретінде толғанудан келіп шығады. Бүлік абсурдтан жалыққан адамның қоғамдағы әлсін-әлсін қайталап отыратын қалыпты актісі болып көрінеді. Әлем осы бүлікпен, абсурдты жоюға бағытталған толғанылған, ойланылған әрекеттер арқылы өзінің мағынасына ие болады. Бүлікті осылай онтологиялық деңгейге шығару адамның дүниедегі жоғалған байланысын қалпына келтірудің құралына айналады, ол қоғамдағы қаталдықпен келісудің саяси тәсіліне өтеді дей келе, Ресейде неміс идеологиясын жақтаушылар нигилистік ұстаным бойынша қоғамда бүлік шығарғандығын мысалға алып атап өтеді.
Хайдеггер Мартин (1889 - 1976 жж.) — неміс философы. Негізгі шығармалары: «Писхологизмдегі пікірлер туралы ілім», «Дунс Скоттың маңызы мен категориялары туралы ілім», «Болмыс пен мезгіл», «Феноменологияның негізгі мәселлелері», «Кант және метафизиканың мәселелері», «Гельдерлин және поэзияның мәні», «Ақиқат туралы Платон ілімі», «Ақиқаттың мәні» еңбектері мен «Заратустра деген кім?», «Шығармашылықты тудырудың көздері», «Әлем бейнесінің уақыты», «Феноменология және теология», «Метафизика дегеніміз не», «Гуманизм туралы хаттар» атты баяндамасы, «Ойлау деп нені атаймыз» атты курсы т.б. жинақтай келгенде оның барлығы жүздеген томды құраған. Оның шығармашылығын көптеген жағдайларда: ерте және соңғы Хайдеггерге ажыратып қарастырады, кейбір зерттеушілер ол екі кезеңнің арасында айырмашылық жоқ деп түсінеді. Дегенмен, бастапқыда экзистенциалист болған Хайдеггер, соңғы кезеңінде бұдан бас тартқандай болып, техника, ғылым, тіл мәселелерімен айналысады.
Хайдеггердің экзистенциализмі болмыстың мағынасы мәселесін орталық түсінікке шығарумен ерекшеленді және ол өзінің ілімін іргелі онтология деп атаған. Сондықтан бұл ілімде; «сұрқия», «шешімділік», «ар», «кінә», «өлімге ұмтылған болмыс», «қамқорлық», «өзінділік» т.б. психологиялық түсініктер онтологиялық деңгейге дейін көтеріледі. Ал кейіннен «болмыс», «ештеңе», «ашық», «негіз», «жерлік», «аспандық», «адамдық», «құдайлық» сияқты ғарыштық-онтологиялық түсініктерді қолдана отырып, өз ілімдерін дәйектейді.
Ол болмыстың мағынасы мен адамның ғұмыр кешуінің мағынасын іздеуде тіл бірегей және маңызды күшке айналады дей келе, тілді лингвистикалық құбылыс ретінде қарастыруден гөрі оның сөздерінен терең бастапқы болмыстық негіздерді табады, болмыс пен тілдің арасынан өзара байланыс пен өзара тәуелділікті ашады. М. Хайдеггердің түсінігі бойынша, тіл «іргелі онтологияның» тақырыбы ретінде болмыстан кем түспейді. Бұдан ол тіл жөніндегі іргелі ойларын әрі қарай сараптай түседі: «Тіл – болмыстың баспанасы, осы баспанада өмір сүретін адамдардың ішінде, ойшылдар мен ақындар баспананы қорғаушылар болып табылады. Ой, болмыстың ақиқатын айту үшін, болмыстың өзін жаулап алуына мүмкіндік береді».
Болмыстың мағынасын ашуда ол Бейболмыс пен Ештеңе мәселелерін қатыстырып, оны психофилософемдер бойынша сараптайды. Мәселен, іргелі онтологиясы бойынша бұны М. Хайдеггер адам болмысына қатысты тұрғыдан былайша тұжырымдайды: «Тек бастапқы Ештеңенің көрінуі негізінде адамдық қатысу бар-лыққа жақындай түседі және оған енуге қабілетті. Біздің қатынасуымыз қаншалықты дәрежеде бар-лыққа қатысты, ол қандай және болмайды, ол қалай көрінеді, осы сападағы оның қатысуы тек алдын-ала ашылған Ештеңеден туындайды». Сондықтан ол бұған «ойлау», «оқиға» тәрізді концепттерді қоса қарастыру парадигмаларын ұсынады. Неміс ойшылының бұл түсініктері тұтасып кетпейді және өмір сүретіндік әлдеқандай «қатыспайтындықты» қажет етпейтіндік, оның түсінігінде «өмір сүретіндік» құбылысы немесе өмір сүретін нәрселердің бәрі өзінің қалыптасуы мен «бар болуы» тұрғысынан өздігінен іске асатын бейне бір тәуелсіздікпен айғақталады. Бұл тәуелсіздік, әсіресе, бұл тұста Бейболмысқа тәуелді болмауға байланысты болып отыр. Сондықтан қалыптасудың бастапқыда болмысқа орнығуы оны ешқашан да «болмау» процесіне алып бармайтындығын нақты тұжырымдайды.
Сартр Жан Поль (1905-1980 жж.) — француз философы, жазушысы, атеистік экзистенциализмді негіздеушілердің бірі, өзінің ілімін феноменологиялық онтология деп атаған. Негізгі шығармалары: «Болмыс пен Ештеңе. Феноменологиялық онтологияның тәжірибелері», «Диалектикалық ақылға сын», «Эгоның Трансценденттілігі», т.б.
«Болмыс және Ештеңе» туындысында – болмыс дегеніміз не, сана мен әлемнің арасындағы іргелі болмыстық қатынастар қандай; бұл қатынастарға мүмкіндік ашатын сананың онтологиялық құрылымы қандай; нақты, жалғыз, аяқталған адамның онтологиялық конституциясын қандай тәсілмен қалай ашуға, тұжырымдауға, тіркеуге болады деген сауалдар тастайды. Осы сауалдарға жауап беру барысында ол, алдымен, әлемді феномен ретінде танудан бастайды. Әлем адамның өмірлік тәжірибесінде тікелей алынатын алдын-ала құрылған экзистенция ретіндегі күрделі қалыптасқан құрылым.
Осыған байланысты Ж.П. Сартр әлемдегі үш регионды атап көрсетеді: Біріншісі – (Өзіне бағытталған болмыс) жанды санаға берілген айғақтық мәліметтер және «не бар, сол ғана бар». Екіншісі — жанды сана (өзіне арналған болмыс). Бұнда сананың қалпы мен онтологиялық бостық, Ештеңе туралы сарапталады.
Ясперс Карл (1883-1969 жж.) — неміс философы және психиатр. Негізгі еңбектері: «Бүкіл жалпы психопатология», «Дүниеге көзқарас психологиясы», «Тарихтың тағайындалуы мен мағынасы», «Ницше», «Декарт және философия», «Экзистенциалдық философия», «Ақиқат туралы», «Философиялық сенім», «Философияға кіріспе» т.б.
Мәселен, дүниетанымның психологиялық мәселелерінде; шынайы философиялық рефлексияның оратылығы ретінде Ясперс кез-келген рационалистік тұрғыдан құрылған әлемнің картинасы шығармашылық ойлайтын адамның жасырын жан-дүниелік ұмтылыстарының тұспалдап айтылған интеллектуальді түсіндірмелерінен басқа ешнәрсе де емес деп тұжырымдады. Болмыс «шифрленген», міндетті түрде түсіндіруді қажет етеді.
Ясперс шынайы адам болмысының ашылуын «шекаралық жағдай» ретінде атап көрсетеді, бұл сәтте адам шынайы болмыспен бетпе-бет кездесіп, өзінің ішкі мағынасын толықтай ашады, ол жағдайлар өлім, ауру алдында т.б. көрінуі мүмкін. Адамның ешнәрсе араластырылмаған жеке даралығы, шынайы болмысы заттық әлемнің шекараларынан табылмайды, ол еркіндік: адам зерттеудің пәні немесе адам еркіндік ретінде.
Философия оның түсінігі бойынша, әдістері мен пәні шешімін тапқан арнайы ғылым емес, болмыстағы өмір сүретіндігімізді ғана куәландырады, метафизика адамды болмыстың мағынасын іздеумен келістіреді. «Әлемдегі болмыс», нәрселік болмыс, «ғұмыр кешу» — болмыстың заттық деңгейі, философиялау «әлемдегі бағдар». «Философиялық сенім» ашылу емес, ойтолғамның өнімі, философиялау қабілеті кез-келген адамға тән және шынайы «тілдік қарым-қатынасқа» жету мақсатын иеленеді. Адамдардың қарым-қатынасы – адам болмысының атрибуты. Бар-лық адамды үш тәсілмен қарсы алады; әлем, экзистенция және трансценденция. Трансценденция әлемнің және адамның ғұмыр кешуінің шетінің арғы жағындағы нәрсенің мәні, ол құндылық пен мағына береді: табиғат, миф, поэзия, философия — трансценденцияның шифрлары.
Тарих философиясымен айналысқан ойшыл адамзат дамуының үрдістерін былайша ажыратады: адамдардың тілді, еңбек құралдарын және отты пайдаланып, нәтижесінде жоғары өркениетті қалыптастыруы; екінші, Үнді, Египет, Месопатамия, Қытай – б.э.б. 5-3 мыңжылдық; Үшінші, «әлемдік уақыттың белдеуі» (осьтік уақыт) – (б.э.б 8-2 ғғ.). Бұл кезеңде бір уақытта және әрқайсысы өз бетімен жеке дара рухани дамудың кезеңін бастан өткізді. Адамдар жеке мүкіндіктерін, шынайы жауапкершіліктерін, өздерін-өздері түйсіне бастады, жеке оқшау тарихтар әлемдік тарихи үрдістермен алмастырылды. Мифтік дәуір өзін тыныштандыратындығымен, өзінен-өзі түсініктілігімен қоса аяқталып, рационалдылық пен тәжірибені рационалдылық тұрғыдан түсіндіру тарапынан мифке қарсы күрес басталды, құдайдың шынайы емес образына, азғырушыларға қарсы бір трансцендентті құдай үшін тайталас басталды. Бұндай адам болмысының жалпы өзгерісін шабыттану деп атуға болады. Төртінші кезең Еуропада (17-20 ғғ.) ғылыми-техникалық өркениеттің пайда болуы. Ясперстің саяси-құлықтылық ізденістері «неміс кінәсі», «қырғи-қабақ соғыс» т.б. зерттеулерінде шынайыландырылды.
Бақылау сұрақтары:
«Иррационализм » ұғымы нені білдіреді?
Ницшенің «билікке жету еркі» теориясы?
Позитивизм, оның мектептерінің пайда болуы?
Санасыздық пен иррационалдық мәселесі?
З. Фрейдтің психоанализ ілімінің ерекшелігі неде?
Рационализмнің жаңашылықтары мен дәстүрінің қалыптасуының мәні?
Марксизмдегі практика түсінігінің прагматизмнен айырмашылығы?
Ғылымға және ғылыми әдіске сүйенетін позитивизм неліктен субьективтік
идеализмнің бір түрі ретінде қаралады?
Прагматизм ағымының тек Америкада пайда болуының себебі неде?
Герменевтика ілімінің мәдениет саласын ғылым деңгейінде зерттеу мақсаты не?
Экзистенциалдық философия және оның негізгі бағыттарының пайда болу себебі
№9 дәріс. Орыс философиясы
№9 дәріс. Орыс халқының философиялық ойлары
Орыс философиясының қалыптасу ерекшеліктері мен негізгі ағымдары.
ХІХ ғ. Орыс философиясы: славянофильдік және батыстық.
Діни философия және космизм (В. Соловьев, Н. Федоров, Н. Бердяев, П. Флоренский, С. Франк, т. б.).
Россиядағы Марксистік философия.
Орыс халқының философиялық ойлары – әлемдік философия мен мәдениеттің органикалық бөлігі. Орыс философиясы Батыс Еуропалық мәселелерді қарастырады, бірақ оның ерекшелігі ─ ойлау тәсілінің ұлттық сипатында болып отыр.
Православие діні – ежелгі орыс философиясының фундаменті. Христиан дінін орыс халқының 988 жылы қабылдауы, оның дамуының жаңа кезеңі болды. Ол кездегі ойшылдардан, христан діні теоцентрлік көзқарасты талап етті. Орыс философиясы «Византиялық» философияның әсерімен дами бастады. Онда неоплатондық теоцентрлік мәселе басым болды.
Неоплатонизм – идеалистік ағым, оның мақсаты – Платон ілімін қатаң жүйелеу, ондағы қайшылықты жою және оны ары қарай дамыту. Платонның идеалистік теориялары неоплатонизмде мистикалық эманация (сәуле шашу, өту) туралы ілім формасында қабылданды. Материя әлемдік иерархияның төменгі буыны, «әлемдік жанның» эманациясы, олардан «рух» – жоғары тұрады, ал «алғашқы жаратылыс» немесе біртұтастық тіпті бәрінен де биік болмақ. Неоплатонизм бойынша философияның ең жоғарғы сатысында ақыл-ой, оған тәжірибенің көмегімен емес, мистикалық экстаздың арқасында ғана жетуге болады. Бұл философияда идеализм –теософияға айналады. Теософия (гр theos – құдай және sophia – даналық білім; сөзбе-сөз ─ құдайтану) – кейде теологиямен, кейде мистикалық, дінтанудан тыс формалармен теңесетін ұғым. ІХ-XVIII ғасырлардың бірінші жартысы - философиялық мәселелер мен басқа да қоғамдық сана сұрақтарына, әсіресе діни және эстетикалық тұрғыдан жауап іздеу кезеңі (Илларион, Андрей Рублев, Феофан Грек, Владимир Монамах). XVIII ғасырдың екінші жартысы – ХІХ ғасырдың бірінші ширегі – россиядағы философияның тарауы және ғылым мен мәдениетті ұғыну, әрі, Батыс Еуропаның философиялық ойы мен ағымдарына еліктеу мәнінде жүрді. ХІХ ғасырдың екінші ширегі – ХХ ғ. басында орыс философиясының өз дамуы басталды. Орыс философиясының Кеңестік кезеңі –марксистік болды.
Илларион Киевский (ІХ ғ.) – бірінші орыс Метрополиті. Оны Ярослав Мудрый тағайындады. Оның «Слово о Законе и Благодати» атты еңбегінде біраз философиялық және қоғамдық-саяси идеялар бар, ол Христиан дінінің негізгі түсінігін қарастырады. Илларион Көне өсиеттік қағидадағы құқықты ереженің мәнін ұғынуды ұсынады: құпияны, мәңгілікті білмей, бармен көңіл көтеру ─ аз нәтиже береді, құлдықты тудырады дейді. (Унжілде) ақиқат игіліктен ажырмай, бүкіл адамзатты құтқарады, Көне өсиеттік Жаңа өсиеттікке ауысып, құлдық бостандыққа жетеді делінген. Адамзат тарихы дамуының мәні осында. Владимир Мономахтың негізгі шығармасы ─ «Поучения» (оқыту). Онда өзіне тән философия, моральдық-өнегелік кодекс, келешек ұрпақты тәрбиелеу мәселелері бар. Орыс жері, оның тағдыры, елді біріктіру, қорғау мақсаты, жақсылық пен зұлымдық тақырыптары қарастырлады.
М. В. Ломоносов (1711-1765 жж.) – Батыс Еуропалық рухани беделдерден өзін іштей тәуелсіз санаған ең алғашқы орыс ғалымы. Ол орыс философиясындағы материалистік дәстүрді қалады. Материя атомдардан тұрады, ал атомдар өзара қосыла келе молекуланы құрайды, материя мен қозғалыс ажырамас бірлікте, материя үздіксіз қозғалыста болатынын атап көрсетті. Корпускуляр теориясы заттардың құрылымын қарастырады, барлық заттар мен материя ең ұсақ бөлшектерден ─ корпускулярдан, яғни атомдардан, материалдық монадан тұрады дейді. Танымдық ойлары: құбылыстар мен заттар сезім мүшелері арқылы қабылданады. Ол ой жүзінде талданып, қорытындылау барысында танылып іске асады. Ломоносов экспериментке, тәжірибеге, теориялық ойлауға үлкен мән берген. Әлеуметтік өмірде ағартушылық, гуманистік көзқараста болды. Ломоносовтың құдайға қатысы – деизм. Ол бір жағынан, Құдайдың бар екенін жоққа шығармайды, ал, екінші жағынан, ең жоғарғы күшті және мүмкіндікті оған ғана тән деп санамайды. Сондықтан ол діннің ғылымға араласпауын талап етті.
А. К. Радищев. (1749-1802 ж) – тұрақты, табанды материалистік позицияны жақтады. Болмыстың материалистік бастамасын негіздеумен бірге, әлеуметтік-саяси философияға көп көңіл бөлді. Патша өкіметіне қарсылық көрсетіп, халық өкіметі үшін, құқықтық және рухани бостандық үшін күресуден тайынбады. «Петербургтан Москваға саяхат» деген еңбегінде шаруаларды басыбайлықтан, революциялық жолмен босатуды талап етті. Оның әлеуметтік-философиялық көзқарасына француз революциясының зор әсері болды.
Орыс философиясының үшінші кезеңі ХІХ ғасырдың екінші ширегінен басталады. Осы уақытта ұлттық тіл, (Н. М. Карамзин, А. С. Пушкин), орыстың классикалық әдебиеті пайда болды, олармен бірге орыстың өзіндік санасы қалыптасты. Философиялық ойлар ақсүйектер дініне айналды, зиялы қауым діни мәселелерден арыла қоймайды.
П. Я. Чаадаев (1794-1856) – орыс философиясының қалыптасуының басында тұрды. 1836 жылы «Телескоп» журналында өзінің философиялық хаттарын жариялай бастады. Онда ұлттың рухани дүниесі үшін православиеге қарағанда, католицизмнің маңызды екенін көрсетеді. Түкке тұрмайтын Византияға тәуелді болу, өркениетті Еуропадан бөліп тастады дейді. Оның пікірінше, адам материалдық және рухани субстанцияның қосындысы. Адам туған күнінен бастап өлгенге дейін ұжымда, қоғамда болғандықтан ғана тұлға, кісі болып қалыптасады. Ұжымдық сана толық түрде жеке тұлғалық ерекшелікті, субъективтілікті анықтайды. Ұжымдағы өмір – адамды хайуаннан ажыратын негізгі фактор. Ол индивидуализмге, эгоизмге қарсы болды. Жеке бастың пайдасын қоғамдық мүдеге қарсы қойды. Тарихи процестің негізінде Құдайдың көрегендігі жатыр. Дінді – Құдайдың еркін христиан діні іске асырады, ол тарихтың қозғаушы өзегі болып саналады. Тарихқа, мемлекетке және жеке адамның тағдырына әсер ететін негізгі фактор – географиялық жағдай. Жеке патшалық зұлымдығы – орталық өкіметтің диктаты, басыбайлылық. Құқық бұзылуының негізгі себебі: басқа елдерге қарағанда ұлан-байтақ шексіз жерінің болуы. Ресей дүниежүзілік тарихи процестен шығып қалды, оның келешектегі мақсаты – дүниежүзілік тарихи өріске оралу, батыстық құндылықты игеру. Бұл ойлар: «славянофильдер» және «батыстық» болып бөлінуге алып келді.
Славянофильдер ағымының өкілдері И. В. Киреевский, ағайынды Аксаковтар, А. С. Хомяков, т. б. болды. Олар мәдениетің үш негізгі бастамасын мақұлдады:
1. Православи., 2. Монархи., 3. Шаруа қауымы.
Православие бірыңғай «тұтастық білім» және жанның үйлесімдік жағдайының негізі – дейді А.С. Хомяков (1817-1860). Православие – бостандық пен қажеттілікті, жеке бастың діншілділігін шіркеу ұйымдарымен табиғи түрде байланыстырады. Адам өмірінің бұл жақтарын табиғи үйлестіру «Соборность» түсінігін тудырады. «Соборность» – жеке адамдардың шіркеуде өз еріктерімен бір-бірімен бірігуін білдіретін православиялық діни ілім және діни-философиялық термин. Славянофильдер: соборность – православие шіркеуінің шеңберінде өмір сүретіндер үшін түсінікті және солар ғана оны игере алады, бейімделмегендер мұны түсінбейді дейді.
Монархия – мемлекеттік құрылыстың идеалдық түрі. К.С. Аксаков (1817-60 жж.). Орыс халқы Батыстық «Мемлекеттік» болуды қаламайды. Ештемеден қымсынбайтын монархия орыс халқын саяси және құқықтық қатынастан, сонымен бірге «революциялық зорлықтан» қорғайды. Өкімет халықтың ішкі өміріне, әдет-ғұрыпқа және тұрмысына араласпауы керек деп санайды. «Әлемдік рухани өмір», «бір-біріне араласпау», принципінің қайта өркендеуі, Аксаковтың ойынша, орыс қоғамының келешегі мен тұрақтылығының кепілдемесі.
Шаруалар қауымы – «бірыңғай өнегелік әлем» ретінде. Славянофильдер консерваторлар немесе утопистер болған жоқ. Христиан діні позициясынан басыбайлылықты айыптады, адам адамның құлы бола алмайды дейді. Сонымен бірге, шаруа қауымын дворяндардың қамқорлығынан ажыратса, іріп-шіріген бюрократиялық өкіметтің езушілігіне тап болады дейді. Оны қорғау қиын. Қауымның қирауы – орыс мәдениет бастауының ең бір негізінің құлауы деп есептеді. Славянофильдер орыс халқы құдайшыл, патшашыл, діншіл, төзімді, олай болатын болса, Ресей патриархалдық жағдайда болуы керек деп, философияның немістік типін жоққа шығарып, отандық ерекше орыс философиясын жасауды ұсынды.
Батыстықтар. Славянофильдермен айтыста батыстық тұжырымдама қалыптасты. Бұл бағыттың өкілдері: В. П. Боткин, П. В. Аннеков, Т.Н. Гранновский, Н.В. Станкевич, А. И. Герцен, Н. П. Огарев, В. Г. Белинский, жазушылар арасында И. С. Тургенев және бұларға П.Я.Чаадаевты да қосуға болады. Дінді сынай отырып, материализмге құмарланды, бірақ философияға қарағанда олар гуманитарлық ойлаудың құшағында болды. Ресейдің батыстық жолмен дамуын қолдаған оларды жеке патшалық, шаруа құрылысын айыптау, ағарту идеяларын дамыту, Ресейді еуропаландыруға ұмытылу біріктірді.
А. Герцен (1812-1870 жж.) – барлық орыс мәселелері «басыбайлылық құқығында жатыр» дейді. Гегельдің табиғаттың, қоғам мен ойлаудың жалпы заңдарын ашқан диалектикасын «революция алгебрасы» деп атады. Герцен идеялардың логикалық дамуы, Гегель айтқандай, шындықтың, табиғаттың дамуынан бұрын жүрмейді, деді. Ал керісінше, табиғаттан бұрын логикалық ойдың болуы мүмкін емес, табиғаттың өмірі үздіксіз, ал ой – соның бейнесі деп түйді.
Белинский – адамазаттың дамуында шек жоқ, адамзат өзіне тоқта, жетті, енді одан ары баратын жол, мақсат жоқ деп ешқашан айтпайды деді. Ол: 1. Диалектикалық тәсілді қолдануға шақырды, метафизика мен механицизмді сынады; 2. Агностицизм мен скептицизмді сынап, материалистік таным теориясын қолдады: дүниетанудың негізі – сезім мүшелерінің сыртқы дүниені, заттар мен құбылыстарды бейнелеуі; сыртқы дүниедегі заттар мен құбылыстардың нақты бейнесі адамның ақыл-ойында өңделіп, ұғымдар, идеялар, тұжымдарда көрінеді; танымның ақиқаттығының критерий практика, өмірдің өзі.
Орыстың революцияшыл демократтарының материализмі ХІХ- ғ. 60-80 жж. Чернышевский мен Добролюбовтың көқарастарында көрінді
Тап күресі – қоғам дамуының қозғаушы күші.
Тарихты патшалар мен қолбасшылардың іс-әрекеті жасайды, тарих солардың өмірбаянының жиынтығы деген идеалистік көзқарасқа қарсы шықты.
Бірақ олар тарихи дамудың объективтік заңдарын ашу дәрежесіне көтерілген жоқ.
Пролетариат тарихи міндетін түсінбеді, оған патшалық Ресейдегі қоғамдық өмірдің артта қалуы себеп болды.
Н. Г. Чернышевскийдің (1828-1889) пікірінше, Россия капитализмсіз-ақ бірден социализмге өте алады. Ол үшін тіпті қатты шараларды да қолдану керек. Оның көзқарасы «Не істеу керек?» деген романында берілген. Онда «жаңа адамдар», әйелдерді азат ету, саналы эгоизм, революция мәселелері қойылды. Ол тарих пен материалистік философияның қорытындылары – бұқара халықтың мүдделері мен тілектеріне сай келуі керек деді. Дүниенің материалдық принципін Чернышевский өзінің «Философиядағы антропологиялық принцип» деген еңбегінде жан-жақты ашты. Ол дүниеде қозғалып тұрған материя мен материяның жоғарғы ұйымдасу сатысында пайда болатын санадан басқа ештеңе жоқ екенін көрсетті. Ой, оны туғызатын материядан тыс өмір сүрмейді, бірақ материяның бәрі бірдей ойлай білмейді, ойлау – тек жоғарғы дәрежеде ұйымдасқан материяның қасиеті. Организмнің бірлігі мен онда мидың ерекше рөл атқаратынын жариялады. Чернышевский Фейербахтың ықпалымен өз философиясын антропологизм деп атады. Фейербахты сынап, кемшілігін ашып көрсете алмады. Диалектикалық материализмге жақындады. Сөйтіп қоғамтануда көп көрегендік пікірлер айтты.
Ф. М . Достоевский адам санасы, адам болмысы мәселелеріне өз еңбектерінде философиялық мән берді. Оның шығармалары: «Жаза» (1866), «Нақұрыс» (1868), «Әзәзілдер» (1871-72), «Жас өспірім» (1875), «Ағайынды Карамазовтар» (1879-80) романдары, хаттары және «Жазушы күнделігі». Бұл еңбектерінде халықтың тұрмысы, әдептілік, дін мәселелері қаралды. Ол жазушы – психолог, негізінен адамның табиғи және әлеуметтік қажеттілігін, өте күрделі жағдайдағы мінез- құлқыының өзгерістерін қарастырады. Адамдардың ең терең рухани әлемінің құпиясын, оның психикасын, жанға бататын көріністерді талдады. Жеке мен қоғамның антагонизмін болжап, индивидуалистік этиканы қолдады. Сонымен бірге, адамдардың табиғаты мен әрекетінде иррационализмнің бар екенін көрсетті. Адамдардың іс-әрекетін логикалық, тіпті психологиялық жолмен түсінуге болмайтынын айтты. ХІХ ғ. екінші жартысындағы идеалистік көзқарастың орталық мәселесі – адам тағдыры, оның құдай мен әлемнің тығыз байланыстығын өзінің Ф.М. Достоевский әдеби көркем шығармаларында талдады.
Ф. М. Достоевский, психиканың рационалдық бастамасын жоққа шығармайды. Керісінше, ақыл-ой мен логиканы сыртқы дүниені танудың маңызды факторы деп санайды. Бірақ, ақыл-ойдың көмегімен адамның психикасын түсіндіру және қандай болса да заң шығару қиын, оның себебі рухани әлемде ақыл-ойдың өзі бағынышта болады. Ф. М. Достоевский алғы шепке ырықты шығарады, рационалистік тұрғыдан жанның күрделілігі, оның кұпиясын түсіндірудің қиындығын айтады. Сараптаушы парасат пен ырық антагонисті. Сараптаушы парасат бар жерде ырық, онымен бірге тұлға жоғалады. Ф. М. Достоевский – әлеуметтік зұлымдықтың тамыры – адам антропологиясында дейді. Адам құндылығы оның еркіндігінде, ал оның өзінің ішкі имандылығы жоқ, еркіндікті бағаламайды. Кант философиясындағы антимонияны Ф. М. Достоевский шығармаларында кеңінен пайдаланады. Ол адам психологиясындағы әділдік пен зұлымдық, тазалық пен арамдық, жақсылық пен жамандықты өмірден алып, өз кейіпкерлері арқылы көрсетті. Оның мақсаты – христиан дініне негізделінген, құдайға сенген қоғамды құру болды. Ол мұны жердегі жұмақ немесе «орыс социализмі» деп атады.
Орыс космизмі. ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында орыстың философиялық ой-пікірінде ғарыштық философия пайда болды, оны орыс космизмі деп атады. Өкілдері: Н. Ф. Федоров, В. С. Соловьев, Н. Я. Умов, К. Э. Циолковский, В. И. Вернадский, П. А. Флоренский, Н. Г. Холодный, А. А. Чижевский. Олар адамның космоспен бірлігі мәселесі, адамның ғарыштық табиғаты және адам іс-әрекетінің ғарыштық маңызды сұрақтарын қарастырды. Космизм тұжырымдамасы көптеген жағдайда Ресейде көп танылған эволюциялық көзқарасқа сүйенеді.
Орыс космизмнің екі тенденциясы бар:
Қияли ойға байланысты немесе дінге сүйенген бағыт. Діни идеялар Н. Ф.Федоров, В. С Соловьев., П. А Флоренский. еңбектерінде көп.
Ғылыми немесе жаратылыстану іліміндегі прогреске байланысты. Оның өкілі В. И. Вернадский өзінің биосфера мен Ноосфера, Жер мен Әлем рөлі туралы ілімдерін жасады, К. Э. Циолковский ғарышты игеру теориясын ұсынды.
В. С. Соловьев (1853-1900 жж.) – орыс философы, діни қайраткер, публицист және ақын. Москва университетін бітірген. Оның шығармашылық өмірі үш кезеңге бөлінеді:
70-ші жылдардағы теологиялық прогресшілдік.
80-ші жылдардағы дүниежүзілік мемлекет утопиясы.
90-шы жылдары, Эсхатологиялық (гр eshatos- соңғы және logos – ілім, сөз) көзқарастары.
Ол мына идеяларды ұсынады: қорқынышты сот және зұлымдықтың әлемді жеңуі – тарихтың соңы; адамның рухы зұлымдық әлемінде зарығуда; бірақ адам Абсолютке қатысы бар және құтылуы мүмкін, ол бүкіл әлемдік шіркеуді жасау жолымен іске асады; шіркеу – келешек қауымдастықтың негізі, адамдардың бірлігі; адам санасын езілуден босату керек, ол үшін христиан дінінің кұндылығын қабылдау икемді. Соловьевтің «біртұтастық» (бәрінің бірлігі) идеясы адамзаттың бұдан да артық, жоғарғы сатыдағы эволюцияға өтуін дайындайды. Оның шыңына жетіп, «Құдай-адам» пайда болады. Соловьев жүйесінің негізгі теологиялық бағыты осы. Материализм мен революциялық-демократиялық ой-пікірге ол қарсы болды. Христан діні мен платонизмді, классикалық неміс философиясын (Ф. Шеллинг) және ғылыми эмпиризмді біріктірумен айналысты. Бұл шын мәнінде мүмкін емес, метафизикалық әдіс еді.
«Жер бетінде шындық бола ма, әлде болмай ма?» деген сұраққа христиан дінінен жауап іздеді. Әлеуметтік тұрғыдан келгенде, елдің тыныштығын сақтау үшін Рим папасы мен орыс патшасының татулығы арқасындағы Одақты құруға шақырды.
Христиан дінін материалдық өмірдің, уақыт пен кеңістіктің қирауынан құтқарып, тозбайтын ғарыш сұлулығына айналдыруды мақсат етті;
Жетілдірілген жыныстық махаббат адам бүтіндігін және дүниені сақтап, мәңгі өлмеске жеткізеді деп санады.
Соловьев философиясының өзекті идеясы – барлығын біріктіру идеясы, оның негізгі қағидасы «құдайға – барлығы бір». Барлығының бірлігі, бірінші кезекте, жаратушы мен жаратылғанның бірлігі. Соловьевтің құдайының адами кейіпі жоқ, ол дүниеде әрекеттенетін, ерекше ұйымдастырушы күш, «ғарыштық ақыл». Сонымен В. С. Соловьев ақылды сезімге қызмет етуге, дінді адам санасындағы рационалдық бастаманы тірек етіп, діни көзқарасты жаңа ғылыми жетістіктермен дәлелдеуге ұмтылады. Н.А. Бердяев (1874-1948) орыс діни философиясының көрнекті өкілі. Экзистенциалист оның философиясының негізі еркіндіктің – болмысқа қарағандағы басымдығы. Болмыс мәнін адам, адам арқылы ашып таниды. Ол діни мистика жолдарындағы жеке адамның «ішкі рухани» таза рухын азаттық үшін таптық күреске қарама-қарсы қойды. Ол алғашқы кезде марксизмге жақындап, кейінен діни философияға, персонализм мен экзистенциализмге бет бұрып, халықтың бірлігін, рухани бостандығын қолдады.
Экуменикалық қозғалыстың теориялық негізін салуға, бүкіл христиан шіркеулерін біріктіруге С. И. Булгаков (1871-1944 жж.) көп еңбек сіңірді. Ол қоғамдық дисгармонианы (үйлеспеушілік) оның әр құрылымының әр түрлі бастамаларды – экономикалық, саяси, рухани, өнегелік, т. б. ұстанып, дербес өмір сүруінен деп түсіндірді. Егер олардың бәрін бір негізде құрса, әлеуметтік организмнің қарсыласулары мәңгі жоғалар еді. Осы негіздің болуы керек: егер құдай абсолют болса, онда ол біртұтас.
Л. Шестовтың (1866-1938 жж.) ілімінде басты ой – сенім мен ақылдың түбегейлі қарсы болуы, сыйспау тезисі. Тек құдайға ғана сенуге болады, ол ешбір тиянақты мазмұнға ие емес. Көрінген танымдық әрекет күнәға тең, бұл интеллектуалдылыққа қарсы ұмтылыс. Шестовқа, дінге өте ыңғайсыз адам ақылын, байланыстырушылық дәрежеден алып тастау үшін қажет болды. Сондықтан ол ақылдың кемістігін, болмыстың көп сипаттылығын бейнелей алмауын көбірек айтады. Бұл соңында ашық мистицизмге әкелді.
Екінші тенденция: космизм - қоршаған ортаны, адамды өзара байланыстағы бүтіндік деп қарайтын философиялық бағыт. А. Л. Чижевский (1897-1964 жж.) жердегі (биосфера) өмірдің дамуы тек ішкі себептердің әсерін ғана емес, сонымен бірге ғарыштың күшті әсеріне байланысты екендігін айтты. Жердегі болып жатқан процестерді айқындаушы Күн. Күннің белсенді қызметі хайуандардың жүріс-тұрысына, көтерілуі және қайтуы, әлеуметтік катаклизмдерге – соғыс, революцияға әсер етеді. Ол өзінің идеяларын жай түсініктер емес, ғылым тілімен түсіндіруге тырысты, өлеңдер, көркем шығармалар жазды. Чижевскийдің философиясын батыста өзіндік ерекше ғылыми негізі бар деп есептеді. Бізде «күнге табыну» философиясын ғылыми емес, абсурд деп санады. Федоровтың «Жалпы іс» (Общее дело) философиясының негізгі тақырыбы - ішкі импульстік эволюцияның әсерінен адам іс-әрекет өрісінің тұрақты көбеюі, өзінің белсенділік сферасына космостық кеңістікті қосуы. Адам кеңістікті ғана емес, уақытты да игереді. Таным, тәжірибе мен еңбектің арқасында мәңгілікті табады және өмірден кеткен ұрпақты өмірге қайтарады деген идеялары. Адам табиғатты игеріп, өзін бағындыра отырып, өзінің организмін өзгертуді, ғарышты игеруді мақсат етеді дейді.
К. Э. Циолковский (1857-1935 жж.) оның пікірінше, материя негізінде өте ұсақ бөліктер – атомдар, ұсақ емес конфигурациясында (кескін үйлесімі) әртүрлі материалдық денелер жасалады. Оның ғылыми-техникалық жобалары, қазіргі замандағы космонавтиканың қалыптасуына өте зор ықпал етті. Ол ақыл-ой және шығармашылық адамды космосқа көтереді, уақыт барысында оның физикалық табиғаты өзгереді, ол жоғарғы организмдерге жақындайды, жұлдызаралық кеңістікке орналасады деп болжады.
В. И. Вернадский (1863-1945 жж.) Адамның эволюциялық барысында қоршаған табиғатты өзгерту іс-әрекеті күшейе түседі. Биосфера (өмір сферасы) әрдайым үздіксіз ноосфераға өтеді. Ноосфера – ақыл-ой сферасы, адамның өмірінде, оның материалдық және рухани мәдениетінде пайда болады. Ноосфера әрдайым ұлғаяды және болмыстың басқа да салаларына тарайды. Келешекте ноосфера жер үстінде жетекші болып қосмосқа ауысады деген ойларды айтып, биосфераның ноосфераға өтуінің әлеуметтік-табиғи негізгі алғышарттарын анықтады.
Жер шарының әлемдік тарихын қамту және адамзатты бір тұтастыққа айналдыру.
Байланыс құралы мен жетістіктерді айырбастауды қайта құру.
Энергияның жаңа көзін табу.
Барлық адамдардың тұрмыс жағдайын көтеру және олардың теңдігіне жету.
Ноосфера: ақыл-ойдың құдіреті арқылы дүниеге келген ғажайып техникалық құралдардың күшімен табиғатты бүлдірмей, оны жоспарлы, жүйелі, әрі сапалы түрде пайдаланып, өзгерту, түрлендіру, сақтау – жарқын келешектің белгісі.
Легальдық жария марксистер (Н. А. Бердяев, С. И. Булгаков, С. Л. Франк, П. Б. Струве) – жас философтар, әрі экономистер. Бұлар марксизмдегі қоғам туралы ғылыми теорияның нақтылығын көрді, бірақ Маркстің революция мен диктатура идеясын қабылдамады. 1902 - 05 жылдары «легалистер» марксизмнің материализм мен атеизмінен бас тартып, Соловьевтің біртұтастық діни философиясына эволюция жолымен көшті.
Ресейдегі алғашқы марксизм теоретигі әрі насихаттаушысы Г. В. Плеханов (1856-1918 жж.). Плехановтың философиялық-әлеуметтік еңбектері жоғары бағаланды. Оның көптеген еңбектері маркстік теорияны дамытты. Марксизмді философиядағы жаңа кезең ретінде санап, ол оның сапалық өзгешелігін ашты. Тарихты материалистік тұрғыдан түсінуді жетілдірді. Қоғамдық болмыс пен қоғамдық сана қатынастарының күрделігін көрсетті, қоғамның қарама-қарсы таптары күресінің көрінісі болатын идеялар шайқасында қоғамдық психологияның рөліне көп көңіл бөлді. Ол Россиядағы орыс революцияшыл-демократтардың тарихи рөлін көрсетті.
Бақылау сұрақтары
ХІ-ХVІІІ ғғ. орыс философиясы дамудағы ерекшелігі мен негізгі концепциясының маңызы неде?
П. Я. Чадаев көзқарасының мәні?
Славяншылдар мен батысшылдар арасындағы ой-тұжырымның негізгі мазмұнындағы айырмашылығы?
Н. Г. Чернышевскийдің философиялық концепциясының мәні?
В. С. Соловьев өзінің ілімін не себепті «біртұтастық» деп атады?
Орыс философиясындағы космизим идеясының дамуындағы өзекті мәселелер.
№10 дәріс.
Ұлттық философиядағы әлемді тану мәселесі
Көшпелілердің жалпы адамзаттық өркениеттік дамуға қосқан үлесі
Әл-Фарабидің қайырымды және надан қала туралы ілімдері
Абайдың «нұрлы ақылының» адамның ғылыми танымындағы сенімді бағдары
Шәкәрімнің үш анық ілімі және оның бүгінгі өмір үшін маңызы Ұлттық философия - әлемдік философияның құрамдас бөлігі. Жалпыадамзаттық дүниетаным баршаға ортақ болғанмен, әрбір халықтың, ұлттың өзіне тән діні, ділі, әдет-ғұрпы және дүниеге көзқарас ерекшелігі болатындығы сөзсіз. Осыдан әрбір ұлттың, халықтың өзіндік этнофилософиясы қалыптасады. Мұнда да жалпы философиялық дүниетаным негіз ретінде алынады, бірақ қазіргі философия ғылымы көбінесе Еуропа орталықтық бағдарда қалыптасқан. Сондықтан ол көп жағдайда әрбір халықтың философиялық идеясының әдіснамасына айналады. Соңғы уақытта мәдениеттануда адамзат өркениетін батыс және шығыс деп екіге бөліп қарастыру дәстүрі бар. Қазіргі қазақ мәдениеттанушыларда бұған түркі және көшпенділер өркениетін қосып, оның өзіндік ерекшеліктерін ашып көрсету туралы көзқарастары да орын алған. Осыған сәйкес, Батыс философиясы, Шығыс философиясы және Түркі философиясы деп ажырату да ақылға қонымды. Ендеше көшпенділердің тұтас мәдениетін зерттейтін номадология ілімі қолға алынып жатқан шақта түркі философиясы қазіргі әлемдік ғылыми танымдық аймақтан маңызды орын алуда. Қазіргі уақытта көшпенділер философиясы, түркі философиясы, қазақ философиясы, ұлттық философия деген сияқты түсініктер қалыптасқан. Байырғы түркі халықтарында исламға дейінгі кезеңде, әр түрлі діни сенімдер мен діндер руханияттық-танымдық аймақта қалыптасып, өркендегендігі белгілі. Бұларда басқа діндер сияқты халқымыздың байырғы дәстүрлері мен салттары және дүниеге көзқарас элементтері жинақталған. Алғашқы діни сенімдер мен діндердің қазақ даласында болғандығын бүгінгі күнге дейін келіп жеткен оның сарқыншақтары айғақтай алады. Олар тәңіршілдік, зорастризм, шаманизм т.б. Сондықтан тәңіршілдік сенімі бойынша – тәңіршілдіктің пайда болуы мен қалыптасуы, тәңіршілдік сенімінің негізгі элементтері, қазіргі кездегі тәңіршілдіктің сарқыншақтары мәселелері және оның дүниетанымдық көріністері таразыланады.
Тәңіршілдік сенімі өте көне дәуірлерде қазақ даласында және қазіргі Алтай аймағында пайда болды делінеді. Бірақ нақты қашан пайда болғандығы беймәлім, бұны сақтар мен ғұндардың мойындағандығы тарихтан белгілі болып отыр. Ғұндар б.э.б. бірінші мыңжылдықтарда Алтайды мекендеп, Қытаймен көрші тұрғандықтан, бұл сенім б.э.б. 5 ғасырлардағы көне Қытайда пайда болған конфуциандық дінге ұқсас. Мәселен, аспанға табыну, әдет-ғұрыпты сақтау сияқты элементтер екі сенімге де ортақ. Тәңіршілдік негізінен аспанға, көкке табынатын болғандықтан, негізгі құдайы – Тәңір, Көк Тәңірі деп аталады. Тәңір сөзінің шығу тегін, яғни, этимологиясын түсіндірушілердің пікірлері әр түрлі; Тәңір – «таң нұры», «таң іңірі» деген сөзден шыққан; «Денгир» деген Авеста кітабындағы тұлғамен байланысты т.б. Тәңіршілдік сенімінің аңыздарында ол әлемнен кейінгі және жүйесіз әлемдік, ғарыштық хаосты реттеуші қызмет атқарады. Бұл сенім шамамен б.э.б. мыңыншы жылдардан бастап пайда болғанмен, кейіннен шаманизм, зорастризм, христиан, буддизм, ислам сияқты діндермен ассимиляцияға түскен. Мысалы б.э. 5-7 ғасырларындағы көне түркі жазба ескерткіштерінде Тәңіршілдік сенімінің элементтері айтарлықтай кездеседі: «Жоғарыда көк тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, ортасында адам баласы пайда болған екен» деген жолдар осының айғағы. Тәңіршілдік сенімінің қалыптасу тарихындағы мифтерде басты екі құдай бар: Алажол және Қара жол.
Байырғы Қазақ даласындағы діндердің бірі – Зорастризм. Бұның дүниетанымдық мағынасын ашу: Зорастризмнің пайда болуы мен қалыптасуы; Зорастризм сенімінің негізгі ерекшеліктері; Зорастризмнің қазіргі кезеңдегі жағдайы т.б. мәселелермен байланысты.
Зорастризм сенімінде басты екі құдай бар. Біріншісі, ізгілік құдайы – Ахура Мазда немесе Ормузд деп аталса, екіншісі, зұлымдық құдайы – Анхра Майнью немесе Ариман. Зұлымдық рухының жағында жалғандық пен ашу ыза болса, ізгілік рухының жағында – шыншылдық, игілікті ой, даналық, билік, денсаулық, мәңгілік сияқты рухтар жинақталған. Бұл сенімде негізгі табыну объектісі «от» боп табылады. Отқа табыну дәстүрлері кейінгі түркілік әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлерде кең таралған. Мысалы, отанына адал берілгендікті білдіретін салт бойынша елдің әскерлері және өзге халықтардан келген елшілер адалдығын білдіру үшін жанып тұрған екі оттың ортасынан өткізілген. Бүгінгі күнге дейін сақталған отпен аластау дәстүрі де Зорастризмнің сарқыншағы. От зұлымдық рухтарды қуады деп түсінгендіктен осындай сенім ұзақ уақыт бойы сақталған және әлемнің басқа да халықтарында жиі кездесетін құбылыс. Ізгілік пен зұлымдықтың дуалистік сипаты осы екі құдайдың мәңгілік күресіне негізделеді. Кей сәттерде Ахура Мазда жеңіске жетеді. Жалпы адамзаттық аңыздағы ертегілердегі негізгі сюжет ізгілік пен зұлымдықтың күресі және оның мазмұнының жақсылықпен аяқталуы осы Зорастризмдегі екі рухтың күресу идеясынан тасымалданған болса керек. Бұл сенімнің тағы бір бүгінгі күнге дейін келіп жеткен дәстүрі – «Наурыз мерекесі». Ол жаңа жылдың басталған күні және әлемдік циклді қайта жаңарудың, қайтадан түлеудің рәміздік көрінісі, күн мен түннің теңелуіне негізделген ғарыштық қағида және жеті аспан денесін құрметтеуден туған қасиетті саны зорастризм сенімінің негізгі философиялық діңгегі. Осыған орай, наурыз көжеге рәмізді-рәсімді түрде жеті түрлі тағам қосылады
Ғарыштық дүниетанымның көркемдік бейнесінің бірі аспан денелерінің қозғалысы мен ауытқуларын нақыштау және олардың өзгерістерін жердегі адам тағдырымен байланыстыру туралы болып келеді. Бұны әсіресе әфсаналық сарындардан анық байқауға болады; «Бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс шал» ғарыш кеңістігіндегі құйрықты жұлдыздың рәміздік көрінісін береді және ол, көп жағдайда үрейлі, жағымсыз бейнеде қайталанады; Шолпан мен Жетіқарақшы туралы аңыз тек аспан денелерінің қозғалысы мен жердегі әлеуметтік өмірдің қайшылығы мен үйлесмділігінің жалпы бейнесін сипаттайды; құс жолы деп аталатын шоқжұлдыздар ананың сүтіне баланады т.б Бұлардың әрқайсысында терең философиялық мағына мен жамалған. Мәселен, Ай толған кезде оның бетінен түнде көрінетін қыздың бейнесі туралы аңыздың пайымдық мағынасы, «ол Ай бетінде неғып тұр» деген сауалдың шешімі арқылы ұсыналады: жердегі ер адамдық үстемдіктің нышандарына іштей наразылықтың түрі, «қырық үйден тыйылмаған қыздың» жазасының рәмізі, өзінің теңін күтуден жалықпаған тұрақтылық пен тазалық, қыздың оңайлықпен қол жеткізілмейтіндігінің нышаны т.б.
Араб-мұсылмандық шығыс философиясының өкілі болғанмен, түркі жерінде, Отырар қаласында дүниеге келіп, балалық шағын сонда өткізген ойшылдардың бірі – Әбу Насыр Әл Фараби. Оның толық есімі – Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлағ әл Фараби ат-Түрки болатын. Әлемге әйгілі философ жан-жақты энциклопедист ғалым: дәрігер, физик, психолог, математик, астороном, музыкант, ақын, т.б. болғандықтан, метафизикалық және онтологиялық мәселелерді таразылауда да өзіндік төлтума идеяларын ұсынған. Сонымен қатар әл-Фараби ілімінің бір қыры да көне Грекиялық Аристотель мен Платон еңбектеріне герменевтикалық талдаулар жасаудан басталады және кейінгі батыс еуропаға оның еңбектерін таныстырушылардың бірі ретінде тынамал. Ол әлемдік рухани кеңістікте Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» атанған (мүмкін, шындығында, бірінші болар). Ол 200-дей еңбек жазғанмен, оның бізге келіп жеткені 70-тейі ғана: «Философиялық трактаттар», «Математикалық трактаттар», «Әлеуметтік-этикалық трактаттар», «Логикалық трактаттар», «Музыканың ұлы кітабы», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» т.б.
Физикалық ілімдер саласында кеңістік, материя, қозғалыс жөнінде ұмтымды пікірлерін ұсынумен қатар, тәжірибелер жасап, оны дәйектеуге құлшынған. Мәселен, вакуум туралы толғанысында, оны тәжірибе жүзінде тексеріп көріп, әлемде табиғи вакуумның болмайтындығын дәлелдейді. Осыдан ойшылдың бос кеңістіктің нақты физикалық көрінісі вакуум жөніндегі көзқарастарының да маңызды тұс екендігі аңғарылады. Вакуумды тәжірибелік-эмпирикалық жолмен зерделеген әл-Фараби оның болмайтындығын ауа мен судың қатынасы арқылы байыптайды.
Психологиялық көзқарастарында ақыл, интеллект, қабылдау сияқты мәселелерді таразылап, танымның деңгейлерін ажыратып көрсетеді. Мәселен, интеллектіні бірнеше түрге ажыратып, әрқайсысының қызметтерін көрсетуі де бүгінгі күнге дейін маңызды мәселелер болып табылып отыр.
Музыка саласында, дыбыстардың саздық өрнектелуі, ноталар мен музыкалық білімнің қазіргі теориялық деңгейлерін «Музыканың ұлы кітабы» атты еңбегінде баяндайды.
Метафизикалық бағытта: онтологиялық, негізгі концептуалдық, әрі нақты, түпкі философиялық мәселе «бар» мен «жоқ» жөніндегі ойтолғамдар түзілісін; қозғалыс және оның түлерін; форма мен материяның арақатынасын байыпты зерделеу бойынша онтометафизикалық «қалыптасу» мен «жаратылу» мәселелерін; орын мен кеңістік туралы толғаныстарын, жаратушының әлемде жарату актісіндегі сипатын т.б. ұсынады.
Әл-Фараби бойынша, қоғам әр түрлі қалалардан тұрады, олар «Қайырымды қала» және оған қарама-қарсылар, бұлар: «Надан қала», «Өнегесіз қала», «Құбылмалы қала» және «Адасқан қала».
«Надан қаланың» өзі бірнеше қалаларға немесе топтарға бөлінеді, «Қажеттілік қаласы», «Алмасу қаласы», «Аласалық және бақытсыз қала», «Атаққұмар қала». «Қайырымды қала» әл-Фарабиде – болашақтың жобасы.
Әл-Фараби «қала» мағынасында белгілі бір адамдардың әлеуметтік тобын немесе қабаты туралы, кейде мемлекет пен қоғам туралы айтатындығын атап өту керек. Бұл сол кездердегі терминдік сөздік қордың жетілмегендігімен байланысты.
Белгілі бір әлеуметтік индивидуумдарға, топтарға тән қасиеттер мен сипаттардың, қабілеттердің, адамгершілік сапалардың әр түрлі болуына қарамастан, феодалдық қоғамдағы әр түрлі қабаттар мен қоғамдық топтар арасында қарама-қарсы болуына қарамастан, адамдар, әл-Фараби пікірі бойынша еріктері мен тілектеріне тәуелсіз қажеттілік күшімен бірге өмір сүреді және қоғамды құрайды.
Қоғамның қалыптасу үрдісі алғашқы қауым адамдары арасындағы өндірістік қатынастардың қалыптасуы үрдісімен сәйкес келеді, ал өндірістік қатынастар алғашқы қауым адамдары өмірді сақтау мен тағам табу мақсатында бір-біріне көмектің мұқтаждығынан интстинктивті түрде немесе саналы түрде болсын өткір сезілді. Тарихи құбылыс болып есептелетін қоғам тарихи дамудың әр түрлі сатыларынан өте келе, өзінің дамуы барысында: рулық байланыс кейпінен тайпалыққа, одан халықтыққа, одан ұлттыққа дейінгі өзгерістерді бастан өткереді. Осындай қалыппен, мемлекетке қарғанда қоғамның көнелеу тарихы бар. Бұны да Әл-Фараби аңдаған болатын.
Қоғамның әрбір мүшесі оның саны мен алып жатқан аумағына қарамастан, олардың адамгершілік қырларын анықтайтын өздерінің әрекеттеріне сәйкес құрылатын әр түрлі индивидтерден құралады, сол қоғамның өзі әр түрлі әлеміш индивидтер мен топтардың қажеттіліктерімен құрылатындығына, оларға өзара қарым қатынас пен өзара байланысты реттеп отыратын белгілі бір тәртіп пен жүйе талап етілетіндігіне қарамастан қоғам құрылады.
Бір сөзбен айтқанда, оларға әр түрлі мінез-құлық тән екендігіне, олардың әртүрлі әсерлер бойынша толқитындығына байланысты адамдардың бір-бірінен айырмашылықтары болады. Бірақ, кей жағдайда кездесетіндей, адамдар тәуелсіз және бірін-бірі жек көретін жағдайларда олар бірдей өмір сүре алмайды, өйткені, жоғарыда айтқандай, адамдар ұжымдасқан, бірлескен қызметтер арқылы өмір сүреді. Бұдан адамдар өмір сүруге кесел келтіретін әсерлерге тап болғанмен, ақылды басшылыққа алып, сол сәтте өзара көмекке мұқтаж болады, олардың арасындағы келісім болуы қажеттілігі туындайды.
Бұндай келісімдердің нәтижесінде заңмен бекітілген белгілі бір тәртіптер, мінез-құлық нормалары пайда болады, әл-Фарабидің ойы бойынша, сөйтіп, қала басшысы мен оның ізбасарлары тағайындалады.
Адамның, қоғамның, топтардың немесе «қалалардың» пайда болуын қаарстыра келе, «қалаларды» жіктеп көрсетіп, «қалалық бірлестіктің» (біздің терминология бойынша мемлекет) пайда болуы туралы мәселенің мазмұнын ашуға қарай ауысады. Әл-Фараби бойынша, мемлекет қалаларды біріктіру жолындағы тіршілік үшін күрес барысындағы адамдардың бірлестігі нәтижесінде туды. Мемлекет – бұл қоғамды басқару үшін құрылған арнайы құрылғы (белгілі бір қоғам шеңберінде). Мемлекет онда күрес құралы, қорғау, игіліккке жету ретінде көрініс табады.
Мемлекет басшысы өзара көмекті ұйымдастыру жолымен бірлестіктің барлық мүшелерінің жеке бақытқа жетуіне және барлық халықтардың тұтастай жетуіне ұмтылады.
Әлемге танымал болған Абай Құнанбаевтың (1845-1904 жж.) идеялары да философиялық мазмұнда құрылған. Әсіресе, оның «Қара сөздері» дүниенің болмысы, адам болмысының табиғаты, өмір сүру мен халқымыздың тұрмыс-тіршілігі хақында ойтолғамдар жүйесін түзеді. Оның идеяларын шартты түрде былайша топтауға болады: қазақ қоғамының әлеуметтік сыншысы ретіндегі ұлттың өзіндік санасын оятумен бірегейленуі туралы толғаныстар, құдайға махаббат пен сүйіспеншілік барысы, «адам-әлем» қатынасының түйткілді тұстарының бағамдалуы, табиғи жаратылыс пен адам болмысы хақындағы толғаулар, дүниенің әсемдігін пайымдай білу арқылы көркемдік таным ақиқатын сезініп өмір сүру белсенділігі т.б. Абайдың дүниетанымындағы теология бойынша – Алла жаратылыстың куәсі және ақиқат болып табылады; адам жан мен тәннен құралады және жан мәңгі өмір сүреді т.б. Адамзат өзінің ғұмыр кешу сәтінде шынайы ақиқатты іздейді, таным-түсінігін кеңейтеді, кейде адасады, табиғи қалпына бас ұрады, сондықтан ең бастысы ғылыми таным мен білімді негізге алу керек деген идеяны қуаттайды. Оның сыншылдығының мақсаты – халқының қайта түлеуін, заманға лайықталып тіршілік етуін, ішкі дүниесін жаңартуды және әрбір тұлғаның ішкі Менін ояту арқылы ұлттың өзіндік санасын жандандыру. «Қалың елім, қазағым қайран жұртым» деген өлеңінде өз халқына деген сүйіспеншілік сезім мен ұлтжандылық көңіл-күй анық байқалады, қоғамдағы кемшіліктерден арылу ұлттың өркендеуінің мазмұны екендігін байыптайды, тұлғаның бойындағы мінез дүниеге көзқарасқа ықпалды деп түсіндірген Абай осы дүниетанымды өзгертуді қалайды. Ойшыл дүниетанымындағы жиі толғанылатын идея адамның ішкі еркіндігі мен ерік күшін нығайту болатын болса, оған басты кедергі нәпсіні тыю мәселесі жолға қойылады, алдымен жеке адамның өзінің ырық күші болуы тиіс екендігін «ұлттық психоанализ» тұрғысынан талдайды: «Ел бұзылса, табады шайтан өрнек, Періште төменшіктеп, қайғы жемек, Өзімнің иттігімнен болды демей, Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек». Бұндағы рәміздік таным-түсінік: «Періште» мен «шайтанның» қатыстырылуы арқылы адамды азғырушы, рухани жолдан тайдырып, нәпсіқұмарлыққа жетелеуші образдардың үстемдігі оның саналы әрекетін тежеуші және ырқын билеуші. Періште – саналылық, парасаттылық, руханилық аймағына сәйкес келетін адамның өзін-өзі арнайы, ырықты түрде билей алуының құралы ретінде бағамдалады.
Абайдың махаббат философиясы да өзіндік айрықша көзқарастар түзілімін құрайды, сезімдік сананың ақиқаттылығы мен махабаттың жалпы әмбебаптығын онтологиялық тұрғыдан дәйектейді. Сонымен қатар тарихи-әдіснамалық үлгілер дәстүршілдік дүниетанымды қамтиды. Рәміздік-архетиптік түсініктер, эпостық-архаикалық дәстүрлер «Жазғытұры» өлеңіндегі: «Күн – Күйеу, жер – қалыңдық сағынысты, Құмары екеуінің сондай күшті»,-деген жолдар байырғы «Көк Тәңрі мен Ұмай ана» жұбының канондық сабақтастығын әйгілейді.
Шәкәрім Құдайбердиев батыстық философиялық ойтолғамдарға бет бұрып, философия тарихын меңгергендігі оның «Үш анық» еңбегінен анық байқалады. Философия тарихындағы әртүрлі ағымдарды, мистика мен оккультизмді тұтас саралай келе, өзіндік қазақи таным бойынша – ұжданды орталық түсінікке шығара отырып, оның түпнегіздік деңгейін саралайды. Ол онтологиялық-космологиялық мәселелерді де ұлттық таным түсінік бойынша еркін саралайды. Мәселен, «Нұр Жарық. Нұр Күннен, не оттан шықса да, жан-жағының бәріне күлтеленіп шығады»,-деп жалпы Нұрдың жаратылыстанулық қырын зерделейді.
Бақылау сұрақтары:
Қазақтардың көшпелі өмірі, тұрмысы және дәстүрі, халықтың рухани дүниесі, ауызша шығармашылығы, бейнелі ойлануда көрінуі.
Қазақ жеріндегі орта ғасырдағы көрнекті ойшылдар. Қазақ жеріндегі атақты орта ғасырлық ойшылдар (Қорқыт-Ата, Жүсіп Баласағұн, Махұд Қашқари, Қожа Ахмет Иассауи, Мұхамед Хайдар Дулати, Асан-Қайғы ).
ХІХ ғ. қазақ ағартушылары (Ш.Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А.Құнанбаев).
ХХ ғ. басындағы қазақтардың қоғамдық–саяси және философиялық ойлары.
Алашорда қозғалысы, оның идеологтарының қазақ мемлекеттілігі, сот, мәдениет, білім, т.б. мәселелерге көзқарастары.
Зар заман ақындары мен ағартушы-демократтарды ажырата қарау (Дулат, Шортанбай, Мурат).
Алаш орда қозғалысының тарихи маңызы неде?
ХХ ғ. басындағы Қазақстандағы қоғамдық-саяси, философиялық ойлар (Ш. Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, С.Торайғыров).
11 Дәріс. Ғылыми таным және оның құрылымы
Танымның деңгейлері: эмпирикалық және теориялық
Танымдағы ақиқат мәселесі. Адасу мен жалғандық. Ақиқат пен сенім
Ғылыми таным және оның әдістері
Шығармашылық ойлауға, ғылыми зерттеудің шынайы сыншыл рухына қарсы, дайын нәтижені ойлауға алып келіп байлайды, анықтмалардың көпмағыналылығы мен күрделілігіне сүйенеді, субьективизм орнатады, мәтіндермен тек түсіндірмелі жұмыстар жүргізеді, арнайы ортодоксальды доктринаны негіздейді, соған бағынады.
Эмпирпиканың негізгі элементі айғақ (факт). Оның мағынасы: 1) Шындықтың кейбір фрагменттері, обьективті оқиға, нәтиже; 2) Оқиға, құбылыс, дәйектелген білім, яғни, ақиқат синонимі; 3) Эксперимент пен бақылау барысында алынған тәжірибелік білім.
Қазіргі ғылыми танымда айғаққа байланысты екі шеткі бағыттар қалыптасқан: фактуализм және теориялық. Біріншісі теорияға қатысыз айғақтың дербестігін, тәуелсіздігін баса көрсетсе, екіншісі айғақ терияға тәуелді деп санайды. Ғывлымда айғақ дәйекті болса, ол келесі айғаққа жол ашады.
Ғылыми танымда айғақ екі жақты роль атқарады: 1) Теорияны құру мен гипотезаны ұсынуда айғақтардың жиынтығы бұлардың эмпирикалық негізін құрайды; 2) Теорияларды бекіту мен жоққа шығаруда шешуші роль атқарады. Егер де теория мен айғақ сәйкес келмесе, теорияның жалғандығы мойындалады.
Ал теориялық білім рационалдылықтың элементтерін қамтиды: ұғымдар, теориялар, заңдар, ойлау опрерациялары. Теориялық білімнің негізгі мақсаты барлық нақтылықта және толық мазмұнда обьективті ақиқатқа қол жеткізу, абстракциялау, идеалдадыру, синтез, дедукция жүреді.
Ғылым жүйесі шартты түрде: жаратылыстану, техникалық, гумантарлық болып бөлінеді. Ғылымды тәжірибеге қатыстылығы бойынша да іргелі (фундаментальді) және қолданбалы деп те бөледі. Іргелі ғылымдар шындық құбылыстарының арасындағы заңды қатынастарды танумен айналысады, қолданбалы зерттеулердің негізгі мақсаты іргелі ғылымдар ашқан жаңалықтарды әлеуметтік, өндірістік, техникалы салалардағы мәселлерді шешу үшін қолдану болыр табылады.
Ғылым туралы айтылғанда, біріншіден, ол – жаңа білімдерді алу қызметі, екіншіден, ғылыми-зерттеу қызметі ақылы алынған білімдер, шініен, білімдерді өңдеумен шұғылданатын әлеуметтік институт.
1) егер күнделікті тұрмыста білім тек практиакалық мақсаттарға жетудің құралы болса, ғылыми білімде сол білімдерді алу негігі мақсат болып табылады. Ғылыми қызметке арнайы жабдықтар (құралдар, лабараториялар), ғылыми зерттеудің әдістері, кең ақпараттарды өңдеу мен игеру (кітапхана, мәліметтер базасы) аса қажет.
2) Ғылыми білімдердің жиынтығы ұғымдық формада көрінеді, оның эмпирикалық және теориялық негізделуін қажет етеді, сынауға қол жетімді болуы да маңызды, шындық пен ақиқатқа бағдарланған болуы тиіс, қайшылықсыз және жүйелі байланыстарға ұмтылуы керек. 3) Әлеуметтік институт ретінде ғылыми қоғамдастықтарды, мекемелерді, кезекті ғылыми басылымдарды, ғылыми конференция, пікірталас сияқты ғылымға қатысты әлеуметтік қатынас мәселелерін қамтамасыз ету басты мәселе.
Әдіс ертедегі грек сөзі мақсатқа жетудеген мағынаны білдіреді. Ол ғылыми нәтижелерге қол жеткізу барысында пратикалық және теориялық деңгейде қолданылатын ұйымдасқан ретті тәсілдер болып табылады. Кейіннен ғылыми мақсатта қолданылатын, нәижелер алу мен зерттеу бағытын анықтап, жйелеп отыру үшін әдістер қолданыла бастады. Ғылми тұрғыдан әдістерді қолдану алғаш рет көне грекияда пайда болды. Аристотель өзінің фрмальді логикасында алғаш рет әдістерді барынша жүйелеп крсеткен болатын. Мәселен, дедукциялық дәлелдеу формасығылыми әдіс ретінде арнайы қолданылды. Жаңа заманда бұл әдістерді жетілдіру мақсатында іс шаралар атқарылды. Ф. Бэкон мен Р. Декарт өзінің әдісер жөніндегі еңбектерін жазды. Ф. Бэкон елестер деп атаған танымдағы адасумен қателіктердің көріністерін ұсынуы, осы әдістерді дұрыс қолдануды, ғылыми идеялардағы қателіктерді таба білуде зор маңызы болды. Декарт интуитивті танымды жатап, интеллектуальді интуицияны басымдылыққа шығарды, бұл шындығында, әдіснама болатын.
Әдіс (грекше. μέθοδος = зерттеу жолы, теория, ілім деген мағыналарда қоданылған.) — белгілі бір мақсатқа жету, нақты міндеттерді шешу, практикалық және теориялық қызметтердің операцияларының немесе тәсілдерінің жиынтығы.
Методология — әрекетті логикалық тұрғыдан ұйымдастырудың құралдары мен әдістері туралы ілім. Әдіс белгілі бір нәтижеге жету үшін нақты бір міндетті шешуге бағытталады, ол зерттеу процесін рационалдандырады, тәртіпке келтіреді, оның әсерлілігі мен тездігін қамтамасыз етеді, құралдар мен күштерді, уақытты үнемдейді. Әдістің негізгі қызметі танымдық қызметті реттейді. Әрбір нақты қызметте әдіс нақтыланады, зерттеу барысында сол нәрсеге сәйкес келуді нақтылайды. Таным әдісі мен әрекеті қызметтің пәнінен байланып қалмайды, оның саласына сәйкес келуіне бейімдейді. Әдіс нәрсеге сәйкес болуы тиіс. Сондықтан әдістің обьективтілігі, біржағынан субьектіден туындайтындықтан түпкілікті обьективті еместігі қамтамасыз етіледі. Адамдар ғылыми зерттеу аймағында саналы және саналы емес түрде әр түрлі әдістерді қолданады. Саналы қолданылған әдістер рационалды және әсерлі қызмет етугежетелейді. Адам қызметі көптүрлі болғандықтан, әр түрлі әдістер де болуы тиіс. Сондықтан әдістер әр түрлі негіздерді басшылыққа алып жіктелуі керек: жалпы логикалық және ғылымиәдістер. Жалпы логикалық адам танымына тән болғандықтан, оған күнделікті және ғылыми білімдер сүйенеді: анализ, синтез, индукцию, дедукцию, абстракциялау, жалпылау т.б.
Адасу «қателік» ұғымына жақын. Қателік индивидтік мүлдем кездейсоқ қасиеттері түрткі болуы себепті индивид білімінің объектіге сәйкес келмеуін сипаттайды, оның болуы да болмауы да мүмкін. Қателік – күнделікті тілде адасумен синонимдес, өйткені, қателік те субъектіге объектінің сәйкес келмеуі. Қателікке кездейсоқ құбылыстар мен қасиеттер түрткі болады, сондықтан ол болуы да мүмкін. Себебі, бұл субъектіге ғана байланысты. Оның қателік екендігі белгілі болғаннан кейін ол түзеуді немесе қайталамауды қажет етіп тұрады.
«Жалғандық» та шындыққа қарама-қарсы түсінік. Жалған логикада білімді шындыққа қарсы сипаттау үшін, білімнің шындыққа жету жолындағы қозғалыста білдіру үшін қолданылады. Жалғанның (квази деген термин бойынша түсініледі) шындыққа қарама-қарсылығы маңызды. Ол логикада шындықты ашу үшін салыстырылады. Ал адасу білімнің шындыққа жетуі үшін тарихи қозғалыс барысында ұшырайды. «Өтірік» – ақиқат түсінігіне қарсы этикада жиі қолданылатын категория. Өтірік – шындықты әдейі бұрмалау, ақиқатты танып, көре тұра оның орнына сәйкес еместі, өтірікті ұсыну. Өтіріктен адасу туады, адасу себебі жалған және өтірік мәліметтерге иланудан болады, бұны мәдени-қарым-қатынастық ортада адастыру де те атайды. Адастыру – адамның әдейі ниет қоя ұйымдастырылған әрекеті, өзін алдауға немесе өзгені алдауға қолданылады. Бұнда адасқан және адастырған (жалған мәліметпен сендірген) екі жақ болады. Адастыру үшін сендіру, көз жеткізу, күштеу сияқты құралдар қолданылуы мүмкін.
Адасу негізі – адасудың тууы мен шығуының жалпы алғышарты, бірақ салыстырмалы шындық қашанда барынша абсолютті, абсолютті шындық таза абсолютті емес, салыстырмалы шындық болып шығады. Сондықтан абсолютті шындықты таза абсолютті деп ойлау, оның салыстырмалығын ескермеу, немесе салыстырмалы шындықты абсолютті, соңғы деп түсіну де адасуға апарады. Адасудың гносеологиялық негізі – салыстырмалы шындықты абсолютті шындық деп ұсынуда жатырғандықтан, диалектикалық тұрғыда шындықты адасу, адасуда шындық сәттері бар. Шындық болып отырған шындықтар толып жатырған адасуларды, жекелеген қателіктерді қамтиды, объектіні дәл көрсетпейді. Танымда шындық пен адасу да салыстырмалы болғандықтан, біріне-бірі оңай айнала алады. Демек, адасу және шындық тұтасып кетпейді, бірақ бір-біріне өтіп отырады. Мәселен, Кеңес Одағы тұсындағы идеологияда капиталистік қоғам құндылықтары адасу деп, ал социалистік қоғам жүйесі ақиқат деп танылды, кейіннен керісінше, социалистік-коммунистік қағидалар адасу болып табылды, мүмкін бір кездерде, ол қайтадан шындыққа айналуы ықтимал.
Адасу мен шындық диалектикасы – адасуды шындықтан арнайы бөліп алу керек, екінші жағынан салыстырмалы шындықтың бір бөлігі абсолютті шындық ретінде қабылданады деген тұжырымға келеді. Сондықтан да білім қашан да бір текті жалған, бір текті ақиқат емес. Мәселен кейбір болжамдар адасу болып шығуы мүмкін. Белгілі бір жағдайдағы ақиқат келесі бір жағдайда адасу және керісінше болып құрыла береді. Сондықтан адасу мен шындық арасындағы шек, салыстырмалы, өткінші, адасу мен жалған арасында ауыс-күйіс бола береді, бұнда «иә» немесе «жоқ» деген жауап алынбайды.
Бақылау сұрақтары
Таным теориясының маңызы неде?
Таным – шындықты бейнелеу. Танымның субьектісі мен обьектісі.
Білім құрылымы. Сезімдік және рационалдық таным.
Философиядағы ақиқат мәселесі. Ақиқаттың обьективтілігі. Абсолюттік және
салыстырмалы ақиқат диалектикасы. Ақиқат өлшемі.
Ғылыми және салыстырмалы ақиқат ерекшелігі.
Танымның эмпирикалық және теориялық деңгейлері, олардың құрылымы.
Ғылыми танымның әдістері.
12 Дәріс. Онтологияны философиялық танудың жүйесі және диалектикалық тәсіл.
Болмыс ұғымы. Болмыстың түрлері.
Материя, қозғалыс, кеңістік пен уақыт
Диалектиканың негізгі заңдары мен категориялар жүйесі
Болмыс әртүрлілігі үшін және тұтастай әлемнің бар болуының негізін бекітетін философиялық категория. Яғни, тіршілік ету, бар болу қасиеттерін жинақтаған бүкіл әлем, ондағы заттар мен құбылыстар, идеялар дүниесі. Ол кейде «дүние», «әлем» түсініктерімен сәйкес, синонимдес мағынада да қолданылады. Бірақ «болмыс» атауында оның бар болуына, тіршілік етуіне, осы әлемге қатысуына баса назар аударылса, «әлем», «дүние» сияқты түсініктер болмыстың шынайы түзілімінің тұтастығын бейнелеу үшін қолданылады. Мәселен, әлемдегі болмыс – әлемнің бар болу, өмір сүруін бекіте түссе, «әлем болмысы» сол әлемнің шынайлығы мен жалпы болуға қатысуын анықтай түседі. Демек, болмыс, жалпы алғанда, не нәрсе, ол мейлі материалдық немесе руханилық болсын, әйтеуір бар болса, соны тұтас қамтитын философиялық категорияға айналған.
Болмыс түсінігін философияға алғаш енгізген көне Грекиядағы Элеаттар мектебінің негізін салушы Парменид болатын. Оның тұжырымы бойынша болмыс – бүтін, шынайылық, игіліктілік, әсемділік бола отырып, біртұтас қозғалыссыз, тұйық шар формалары деп түсіндіріледі. Кейінгі Элеаттар мектебінің өкілдері шынайы болмысты сезімдік әлем мен алдамшы болып көрінетіндерге қарсы қойды, болмыс туралы ілімді таза, біртұтас, өзгермейтін мәңгі өмір сүретіндерді қарастыратын ілім етіп құрды.
Онтология (онтос - өмір сүретіндер, мән; логос-ілім деген мағынада) – болмыс туралы ілім, өмір сүріп тұрғандардың формасы, оның іргелі қағидалары, болмыс туралы неғұрлым жалпы анықтамалар оны категория ретінде қарастыратын философияның басты салаларының бірі. «Онтология» терминін 1613 жылы Гоклениус енгізген және 1656 жылы бұған тәуелсіз түрде бұл термин И. Клаубергтің еңбектерінде кездеседі. Метафизика негізі болып саналатын, заттар мен болмыс метафизикасы – онтология деп тұжырымдалады.
Болмыс туралы ілім бұған дейін осындай арнайы атауға ие болған соң, жаңа дәуірде онтология гносеологиямен жалғасты. Бұл кезеңде: натуралистік онтология – математика мен жаратылыстану объектілері сезімдік түрде танылмайды деп танитын, дискреттік онтология – атомдық түсініктердің өрлеуі, болмыстың үздіксіздігі туралы пайымдаулар, монистік және плюролистік онтология – объективті өмір сүретіндердің бірлігі мен көп түрлілігі ұсынылды.
Классикалық неміс философиясы идеализмінде, әсіресе, Г.Ф. Гегельдің ұғымынша, ойлау мен болмыс сәйкес; ойлау, рух, абсолютті ақыл – болмыс субстанциясын құрайды. Бірақ бұл сәйкестік таным мен даму заңдылықтары бойынша түсіндірілген. Ол онтологияны – мәннің абстрактілі анықтамалары жөнінде ілім деп тұжырымдаса, И. Кант онтологияны мазмұнсыз метафизика деп санап, оны трансцендентальді философиямен алмастырады да, философияны тек таным теориясы деп түсіндіреді.
Сонымен қатар болмысты философияның салалары мен бағыттары бойынша сараптауға болады; теологияда – құдай болмысты мәңгі жаратушы, оған өз үстемдігін жүргізуші, метафизикада, идеализмде болмыс – рух түрінде, материалистерде – материя, әлемнің тұтастай алғандағы заттық құрылымы, энергетизмде – жайлаған энергия болып түсінілген. Қазіргі онтологияда болмыс әр түрлі тіршіліктің тұтастығы деген ой-пікірге келіп тоғысады.
Ал ХХ ғасырдағы экзистенциализм ағымы болмыс мәселесімен арнайы шұғылданаған болатын. Мәселен, М. Хайдеггердің «іргелі (фундаментальді) онтологиясында» – «болмыс қалай өмір сүруді иеленеді, негізі неге өмір сүріп тұрғандар бар, ештеңе неге жоқ, болмыстың мағынасы неде?» деген сауалдар қойылады да, адам болмысы жалпы болмысқа қатысты түрде талданады. Адам өмірінде «қол астына иеленетін керек заттар», практикалық нәрселер, ал адам үшін тек теориялық маңызы барлар – нақты болмыс деп ажырата келе, болмыс өлімге бағытталған, ол уақыт бойынша емес, болмыс сол уақыттың өзі ретінде өмір сүретіндігі туралы пайымдалды. Болмыстың мағынасын толықтай зерделеу үшін оның қарама-қарсы жағы, баламасы Ештеңе немесе Бейболмыс арқылы ашылатындығын терең байыптаған неміс ойшылы мынадай тұжырмдарға келеді: болмыс ештеңені жоққа шығарудан пайда болады, ештеңе өмір сүретіндерге толығып, шоғырлануға, тиелуге мүмкіндік береді, содан соң болмыс ашылады, ашылу үшін өмір сүреді, бар болуды қажетсінеді. Осы ағымның өкілің Ж.П. Сартрдың көзқарасы бойынша, болмыс таза, логикалы, өзімен-өзі барабарлық. Тілде «бар» сөзі арқылы қолданылады.
Сондай ақ, ХХ ғасырдағы неопозитивизм, постмодернизм сияқты ағымдарда «болмыс философиясынан бас тарту» түсінігі бар. Болмыс философиясынан бас тарту – философиядағы негізгі категория – болмыс проблемасын проблема ретінде, философия объектісі ретінде жоққа шығару. Бұл тек болмыс қана емес, дәстүрлі метафизикалық проблемаларды терістейтін пікірлермен байланысты туындаған. Бас тарту басқа қырынан келу, ішінара жоққа шығару, мәселесінің қойылуын өзгерту түрінде емес, болмысты тікілей ескірген ұғым ретінде қарастырады.
Болмыстың мәні мәселесі оның жалпылама сипаты мен негізгі өмір сүру формасына, ішкі заңдылықтарына байланысты болып келеді. Яғни, ол барлық өмір сүретіндердің бірлігі, тұтас әлем болып табылатын болмыс ұғымынан туындап, екі түрлі сипатта анықталады: 1) кез-келген бар болып тұрған жеке нәрселерге қатысты, көлемі жөнінен неғұрлым кең, бәрін қамтитын ұғым, ал мазмұны жөнінен кедей, «өмір сүруден» басқа ешқандай қасиетті иемденбейді; 2) тек бір затқа қатысты, бәрінің бірлігі, сондықтан, оның мазмұны шексіз, мүмкін болатын барлық қасиеттерді жинақтайды, әр түрлілікті тұтастандырып тұрады.
Бұдан дүниенің мәнін тереңірек ашу үшін болмыстың қырлары мәселесі туындайды, болмыстың қырлары – болмыс сипатын ашудың метафизикалық негіздері, оны айқындаудың іргелі сауалдары. Болмыстың ең негізгі сипаты – «бар болу», одан айрылса болмыс емес. Яғни – «бар. Бұдан болмыстың бірінші қыры туындайды: 1) «Дүние бар ма, болса ол қай жақта деген сауалға» – бар, барлық жерде деген жауап беріледі. Себебі, ол болмайтын болса, онда болмыс туралы түсініктер мен идеялардың барлығы да болмас еді, бізің өмір сүруіміз бен әлемге қатынасымыздың өзі жалған болып табылар еді. Ал болмыс еместік арнайы орынды иеленбейтіндіктен, болмыс барлық жерде де бар және рухани кеңістікті де тұтас қамтып тұрады, бұдан болмыс болмайтын жер жоқ деген нақты тұжырым алынады.
2) Болмыстың әр түрлі қырлары тең өмір сүреді, барша тіршілік ететіндер органикалық еместер, организмдер, мегаәлем т.б. барлығы бар болу құқы бойынша, жалпы алғанда, өзара тең. Бұл теңдік дүниедегінің барлығының: қалыптасып, пайда болып, одан соң белгілі бір уақыт бойынша өмір сүріп, кейіннен мүмкіндіктерін сарыққаннан соң жойылатындығы арқылы анық көрінеді. Олардың тең құқықтығы антропоцентристік емес, онтологиялық мәнде – бәрі де осы дүние элементтері, өмір сүру хұқын тең дәрежеде иеленген.
Демек, болмысты болмыс еместен қалай ажыратамыз деген сауалға, оның мынадай қасиеттерін тиянақтап көрсетуге болады: болу, бар болу, (әлемге) қатысу, өмір сүру, тіршілік ету, көріну, объект ретінде ұсынылу т.б. Сонымен қатар болмыстың ішкі мәнінің өмір сүретіндігін анықтау мақсатында Бар-лық (сущее), демек, бар екендік туралы айталады, бұл болмыстың жалпы атауынан гөрі нақты бар нәрселерді сипаттау сәтінде қолданылатын ұғым. Ал бірдеңе немесе әлдене (нечто) әйтеуір не болса да бар, жоқ емес деген мағынаны білдіру үшін қолданылатын түсінік.
Болмыстың мәнін түсінудің тағы бір тұсы оның тұтастығын, ішкі бірлігін түйсінуде болып табылады. Болмыс біртұтас, ал оның жекелеген элементтері осы тұтастықты құраушы ғана емес, оның қажетті, өзге түрлерге ықпалдылығы бойынша өмір сүретін жалпының ішіндегі жекелігі. Бұдан болмыстың бүтіндігінің органикалық бірлігі түсінігі туындайды. Яғни, органикалық бүтін оның әрбір бөлшегінің маңызды құрылым екендігін, егер ол бөлшек қатыспаса, бүтіндіктің бұзылатындығын негізге алады. Бұндай болмыстың бүтіндігі диалектикада – бәрінің бәрімен байланысы қағидасы бойынша, синергетикада – әлемнің тұтастай бір-бірінен туындап, өздігінен ұйымдасып отыратындығы арқылы дәйектеледі. Мәселен, экологиялық баланс ұғымында табиғаттағы әрбір тіршілік иесінің осы тұтастықты құрайтындығы және олардың мөлшерінің, санының сақталып отыруы тиіс екендігі туралы айтылады. Осыған орай, әрбір тіршілік иесімен, заттармен, құбылыстармен қатар әрбір адам да осы болмыс тұтастығының қажетті элементі болып табылады. Абай айтқандай: «Сен де бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та бар қалан» деген тұжырым осы болмыс тұтастығын анық ашып көрсететін тұжырым екендігі сөзсіз. Ол әрбір болмыс элементін кірпішке теңей отыра, әрбір адамның әлем алдында кірпіш тәрізді теңдігін байыптайды.
Болмыстың сан түрлі алуандығына, тіршілік ету дәстүрлерінің әр түрліліліне, жалпы сансыз формада болатындығына байланысты оларды топтап, түрлерге ажыратып қарастыру жолға қойылған. Осыған орай, болмысты жалпы екі түрге бөледі: шынайы (реалды) және рухани (идеалды). Реалды, яғни материалды түріне – заттар, денелер, құбылыстар, адамдар жасаған заттар, табиғат болмысы жатқызылады. Олар кеңістікте орналасады, уақыт бойынша өмір сүреді, сезімдік көрсеткіштері бар, қайталанбайтын, жеке өмір сүретіндердің барлығын құрайды. Идеалды – кеңістіксіз, уақытсыз, факті болу қасиеті жоқ, мәңгі өмір сүретін, өзгермейтін болмыс түрлерін қамтиды: құндылықтар, идеялар, логикалық ұғымдар, фантазиялар, мифтер т.б. да бар ретінде сақталады.
Материалдық болмыс – болмыстың материалдық, заттық түрі болғандықтан, бұған материализмде басымдылық беріліп, табиғат болмысы түрінде ажыратылады. Ол адам санасының тәуелсіз, объективті кеңістік пен уақыт бойынша барлық жерде және әрқашан болуымен, болып отыруымен, болатынымен анықталады. Олар ауыспалы, белгілі бір жерде, белгілі бір уақытта өмір сүреді, кейіннен жоғалады. Оны адамдандырылған және табиғи деп бөледі. Яғни, екінші табиғат пен бірінші табиғатқа сәйкестенеді. Екінші табиғат адамдар жасаған бүкіл материалдық игіліктердің жиынтығы болып табылса, бірінші табиғат дүниенің өзгертілмеген таза қалпы.
Осындай жіктеулерге байланысты көне грек философы Платон бастапқыдан әлемді «шын дүние» және «жалған дүние» деп екіге бөледі. Оның шын дүниесі – өзгермейтін тұрақты идеялар дүниесі, олар мәңгі өмір сүреді, ал жалған дүние – өтпелі, тұрақсыз, өзгермелі материалдық дүние, олар ештеңеге барабар келеді деп түсіндіреді, себебі үнемі ауысып отырады, анықтау да қиынға түседі.
Сонымен қатар материалдық және рухани түрлеріне қосымша болмысты мынадай төрт түрге бөлу нұсқасы да ұсынылады: материалдық, рухани, адам және әлеуметтік болмыс. Бұндағы адам болмысы – әлемдегі адамның биологиялық-әлеуметтік жақтарын, адамдық мәнді, оның феноменін, қайталанбас даралығын т.б. білдірсе, әлеуметтік – адам болмысының қоғамдасуының, бірлесіп өмір сүруінің сипатын береді.
Жаңа замандағы француз ойшылы Р. Декарт болмыстың екі түрін бастамалық негізде ажыратты: рух пен материя, жан мен тән. Ал К. Корш әлемді материалдық және рухани деп екіге бөлуге болмайды, әлем біртұтас деп түсінген. Болмыстың бұл түрлері өзара диалектикалық бірлікте екендігі сөзсіз. Мәселен, рухани болмыс өз кезегінде, материалдық болмысқа өтеді: идея, пікір заттанауы арқылы материалдық болмысқа айналады немесе жоғалған болмыс бұрынғы болған болмыс күйінде идея ретінде сақталады.
ХХ ғасырдың аяғына таман ғылым дамуының салдарынан болмыстың материалдық және рухани болып бөлінуін нақты ажыратуды күрделендіріп жіберетін мәселелер туындады. Соңғы уақыттарда ғылыми танымдық деңгейге дейін көтеріліп келе жатырған мистикалық пікірлерде рухани болмыстың материалдық негізі, өріс тәрізді ықпалы туралы жиі айтылуда. Мәселен, ойдың материалданатындығы, парапсихологиялық өріс ықпалы, музыка үнінің толқындық көрінісімен қатар эстетикалық көркем заттық нақыштар тудыратындығы т.б. осының айғағы. Яғни, бұнда рухани болмыстың материалдық негізі бар екендігі туралы тұжырымдар дәйектелуге қарай бет түзейді.
Сонымен қатар қазіргі виртуальдік әлемді қайсысына жатқызу болады, бұл әлде мүлде болмыс емес пе деген сияқты сауалдар да болмыс түрлерін ажыратуды күрделендіре түседі.
Болмыс философияда іргелі мәселе ретінде пайымдалатын болғандықтан, оның мәнін терңірек ашуға бағдарланған түсініктер мен ұғымдар туындаған. Соның бірі «болмыс аналогиясы» деп аталады. Ол католиктік философиядағы орталық ұғымдардың бірі ретінде – кез-келген мәнді нәрсенің басқа бір мәнді нәрсеге ұқсастығы мен одан өзгеше болатындығын дәйектейді. Бірлік пен ұсқастық бастапқы болса, оның кейінгі айырмашылығы мен даралануы құдай әрекеті арқылы жүзеге асқан деген тұжырыммен жалғасады. Осыдан «болмыс қабаттары туралы ілім» қалыптасады. Бұл ілімде болмыстың сан алуандығын жоғары-төмендік қатынастар бойынша тікқимамен (вертикальді) орналастыруға болады деген түсінік арқылы әр түрлі жүйелер философия тарихында ұсынылған болатын. Көне Грек ойшылы Аристотель 5 қабатты көрсетті: төменгісі – материя, жоғарғысы – рух, аралығында – заттар, тірі организмдер, жан орналасады. Төменгі қабат күшті, ықпалды болып келеді жоғарғыны алып жүруші ретінде түсініледі, ал жоғарғы қабат жаңа қасиеттерді иемденетін еркін болып табылады.
Материя дегеніміз - біздің түйсіктеріміз арқылы мәлім болатын және одан тәуелсіз өмір сүре отырып, түйсіктеріміз арқылы олардың сәулесі, бейнесі, көшірмесі түсірілетін объективті реалдылықты бейнелеу үшін қолданылатын категория деген дәстүрлі жалпы анықтама белгілі. Дегенмен, философия тарихында бұндай анықтамаға сәйкес келмейтін түсініктер де бар. Мәселен, 18 ғасырдағы ағылшынның субъективті идеализмінің көрнекті өкілдері немесе эмпириокритицистер атап көрсеткендей, материя объективті емес, ол сананың туындысы, түйсіктердің жиынтығынан басқа түк те емес екендігі Д. Юмның, Дж. Берклидің, Э. Махтың т.б. көзқарастарында айтылады. Сондықтан материя – кеңістікте өмір сүретін, руханилыққа қарама-қарсы «заттық» әлемдердің бірлігі мен тұтастығын айқындайтын арнайы философиялық жалпы ұғым де те анықтауға болады.
Сонымен физикалық өрістер, элементар бөлшек, атом, молекула, химиялық элементтер, ағзалар, геологиялық формациялар, ғарыштық жүйе т.б. барлығы материя тобына жатқызылады.
Космогенез, яғни, философия тарихы бойынша қарастырылатын космологияның (ғарыш туралы ілім) даму эволюциясының тұтас өн бойында таразыланатын мәнді объектіге де айналған «Хаос» мәселесі бүгінгі күнге дейін жалғасын табуда. Осыған орай, космологияға әлемнің жаңаша картинасын құру үлгісі бойынша, бүткіл жаратылыс пен ғарыш жөніндегі түсініктердің ғылымдар мен пәнаралық біріктірілген әдіснамалары шеңберінде қарастырылуы арқылы, дін мен ғылымның үйлесімділігі мен бірлігінің жаңа туындылар мен өнімді идея тудырушылығы негізінде қайтадан тануға ұмытылыс бойынша қатынас жасау – ХХІ ғасырдағы ғылымдар интеграциясының да басты талабы болып отыр. Мәселен, ғаламдық эволюционизм тұжырымдамасы, синергетика, материяның қалыптасуының жаңа құрылымдарының жобалары, эволюциядағы өздігінен ұйымдасу т.б. мәселелердің түпнегіздік шығу тегіне байланыстылығы – хаос түсінігін орталық философиялық-ғылыми айналымға шығарады. Қазіргі замандағы жаратылыстану мен гуманитарлық ғылымдар желісіндегі космогенез мәселесі – хаос пен тәртіптің диалектикасына және бір-біріне өту сатыларын зерделеуге де қатысты.
Материяның осындай сан алуандығына орай оларды былайша жіктеп көрсету жолға қойылған: 1) өлі табиғат (тіршілік белгісі жоқтар); 2) тірі табиғат (биологиялық жүйелер); 3) әлеуметтік жүйе (қоғамдасу, мемлекет т.б)
Кеңістік пен уақыт материяның өмір сүруінің формалары екендігін байыптағанда, кез-келген материя қозғалысы белгілі бір уақыт ішінде жүзеге асып, кеңістік арқылы орындалатындығы басты негізге алынады. Уақыттан тыс қозғалыс болмайды, қозғалыс болмағаннан кейін материя да болмайды, сәйкесінше, қозғалыс белгілі бір кеңістік өлшемдерін пайдалана отырып, өзін-өзі іске асырады, демек, кеңістіктен тыс қозғалыстың болуы да мүмкін емес, бұндай кеңістіксіз қозғалыстың мүлде болмауы, материяның да мүлде өмір сүрмеуіне алып келеді. Сондықтан, материяның жалпы өмір сүруінің шарты – кеңістік, кеңістікте орналаспаған, одан тыс материя болуы да мүмкін емес, ол белгілі бір уақыт ішінде өмір сүреді, мәңгі болғанмен, бір түрден, екінші бір түрге ауысу сәтінде уақытты пайдалана отырып, құбылады.
Философия мен жаратылыстану құбылыстарында уақыт пен кеңістіктің шынайы-шынайы еместігі жөнінде екі түрлі көзқарастар бар: Біріншісі – уақыт пен кеңістік объективті өмір сүрмейді, біздің санамызды ғана деп санайтын субъективті идеалистік бағыт: Дж. Беркли – оны субъективті қабылдаудың формасы; Кант – біздің санамыздың априорлық формалары; Э. Мах – түйсіктер қатары жүйесінің тәртібі деп түсінеді. Екіншісі – уақытпен кеңістік біздің санамыздан туелсіз шынайы өмір сүреді деп санайтын материализм, неореализм сияқты бағыттар. Ол үшін кеңістік пен уақыттың сипаттары мен қасиеттерін айырмашылықты түрде зерделеп алу қажет.
Кеңістіктің сипаттары: үш өлшемді – ені, ұзындығы, биіктігі бар; қайтымды - қозғалушы дене өзінің бастапқы нүктесіне қайта орала алады, қақ жарылғандай симметриялы бола алады, екінші бір аймақта айна тәрізді болып көрінеді; ал уақыттың сипаттары: бір өлшемді – өткеннен болашаққа қарай жүреді, шартты түрде үш кезеңнен тұрады – өткен, осы шақ, болашақ, қайтымсыз – дәл бұрынғы қалпына қайта орала алмайды. т.б.
Ал ортақ қасиеттері диалектикалық негізде құрылады: шексіз, әрі шекті, шетсіз, әрі шетті, субъективті және объективті, абсолютті және салыстырмалы, үздікті және үздіксіз т.б.
Шексіздік – шекарасы болмайтын, аяқталуы мүлде ойланылмайтын философиялық категория. Оның мынадай сипаттары бар: трансфинитті – абсолютті шексіз үстемдік; инфинитті – аяқталуы, соңы болмайтындық; индефинитті – шектелмегендік, ickommensurable – өлшенбейтіндік т.б. Осыған орай, уақыт пен кеңістіктің де соңы, аяқталар шекарасы жоқ, қозғалушы дене ашық кеңістікте бір нәрсеге тіреліп қалмайды немесе оның уақыты біткендіктен тоқтап қала алмайды. Сонымен қатар, шекті – белгілі бір таным парадигмаларында ол аяқталады, белгілі бір жүйе тұйықталған болғандықтан, жеке жүйелерде уақыт пен кеңістік өзінің тұйықталғандығын көрсете алады.
Шектілік кеңістік пен уақыттағы барлық шектеулі күйлерді көрсетеді. Әлемдегі қандай да болсын нақты сапаның шегі бар, ол белгілі бір өлшем шегінде өмір сүреді, бірақ ол шексіздікпен тығыз байланысты, себебі шектіліктің өзі шексіздікті қамтиды. Шексіздік теориялық түрде, әсіресе математикада анық байқалады, шексіздіктің ең үлкен мөлшері, алдын-ала белгіленген шексіздіктен үлкенірек деп шартты түрде алынады.
Олардың объективтілігі біздің санамыздан тәуелсіз бола отырып, мәңгі өмір сүретіндігімен айқындалады, яғни, біз оларды бағындырып, уақытты кері қайтарып немесе тездетіп жібере алмаймыз, ол бірқалыпты өз жылдамдығымен жүріп отырады немесе кеңістікті өзгертіп, сығып жіберуде мүмкін емес, тіпті сана қабылдамаған күннің өзінде де, адамзат жойылып кетсе де олар бәрібір бар болып тұрады.
Кеңістік пен уақыттың абсолюттілігі – санамыздан тәуелсіз объективтілігінен, үздіксіздігінен, шексіздігінен анық байқалса, салыстырмалылығы кейбір шектерде, таным түсініктерде ол белгілі бір шарттарман айқындалатындығына байланысты болып келеді. Мәселен, 1916 жылы А. Эйнштейн абсолюттік қозғалыс, абсолюттік уақыт, абсолюттік кеңістік ұғымдарынан бас тарта отырып, өзінің салыстырмалылық теориясын ұсынды, бұның кеңістік пен уақытқа қатысты қыры уақыттың салыстырмалы екендігін байыптауға құрылған; дененің жылдамдығы артқан сайын, оның массасы ауырлап, уақыттың жүрісі баяулай түседі, ол қозғалыс жарық жылдамдығына, яғни, 300 000 км/сек жеткен сәтте уақыттың жойылатындығын негіздеп, ол жарық жылдамдығымен шартталған екендігін дәйектейді. Осыдан кеңістіктің төртінші өлшемі уақыт болып айқындалды.
ХХ ғасырдың орта шеніне таман кеңістік пен уақыт жөніндегі теориялар жаңара түсті, әсіресе, теориялық жағынан тым жетіліп кетті. Физикоматематикалық теорияларда 4, 5, 6 тіпті одан да көп өлшемді кеңістіктің болуы мүмкін екендігі ұсынылды. Олар реалды үш өлшемді кеңістікке қайшы келмейді және осы дүниеге кірігіп, мүлде басқа парадигмалармен барлығы да жарыспалы түрде бола береді деген жоба ұсынылады. Үшбұрыш бұрыштарының қосындысы 180º тең болатындығы жөніндегі Евклид геометриясының орнын евклидтік емес геометриялар басты. Лобачевский геометриясында ол үнемі 180º-тан кем болатындығы дәйектелсе, Риман кеңістігінде ол үнемі асып кететіндігі сөз болады. Ал «әлемдік сызық» түсінігіндегі Риман ұсынған төрт өлшемді кеңістіктің қисаюы уақыты жоқ координатқа айналады. Минковский ұсынған әлемде уақыт жоқ, бірақ ол бар, онда бір нәрсенің өтуі де мүмкін емес. Эйнштейн тартылысқа байланысты кеңістіктің қисаюын ұсынса, ол 1922 жылы Э. Картанның айналмалы кеңістік теориясымен жалғаса түсті. Бұдай теориялар кеңістік пен уақыттың бірлікте ғана емес, ажыратып қарауға да келмейтін одақтас болып табылатындығы туралы Минковсий әлемі ұсынған тұжырымдамамен үндесіп, кеңістік пен уақыт – «континуум» деген ортақ атауға ие болды.
Бақылау сұрақтары:
Материяның негізгі атрибуттарын атаңыз?
Дүниенің материалдылығын сіз қалай түсінесіз?
Материя, қозғалыс, кеңістік бір-біріне өзара байланысты ма, болса қалай?
Материя категориясы және оның фундаментальдық маңызы неде?
Болмыстың негізгі формаларын көрсетіңіз.
Субстанция, дүние бірлігі мәселелері. Дуализм мен монизм түсініктерінің мәні
неде?
Қозғалыстың негізгі формалары, олардың қатынасы мен байланысын көрсет.
Кеңістік, уақыт, қозғалыстың материямен бірлілігі неде?
Дүниенің философиялық түсінігі: болмыс, материя бастапқы категориялар?
№13 дәріс Қоғам ғылыми таным обьектісі.
Қоғамды түсіндірудегі әр түрлі көзқарастар жүйесі.
Қоғам табиғатын формациялық және өркениеттік талдау.
Сана және қоғамдық сананың негізгі формалары
Заманауи Қазақстан қоғамын ғылыми-философиялық талдау
Қоғам ежелгі дүниеде мемлекеттен бұрын пайда болды. Сырт көзге ол адамдардың жиынтығын, бірлестігін елестетеді. Бұл дегеніміз қоғамның адам сияқты жануарлар дүниесінен өзінің салалығымен және мінез-құлқымен түбегейлі ерекшелігін көрсетеді. Қоғам – адамзаттың қауымдастығы, оны адамдар құрайды және соның құрамында өздері өмір сүреді. Қоғам адамдардың кез-келген механикалық жиынтығы емес, керісінше, ол адамдардың тұрақты, орнықты және мейлінше тығыз өзара ықпалы мен өзара әрекеттерінің негізінде құралатын бірлестік. Күнделікті өмірде ұғымы жиі айтылып, әр түрлі мағынада қолданылады – адамдардың шағын тобынан бастап бүкіл адамзатқа дейін және кітап сүюшілер қоғамынан бастап Қазақстан қоғамына дейін қолданылады. Алайда, әлеуметтану ғылымында қоғам ретінде адамдардың ортақ мекен-жайы, өзін-өзі толықтыру, өзін-өзі қамтамассыз ету сияқтылармен сипатталатын адамдардың бірлестігі түсіндіріледі.
Әлеуметтану тұрғысынан қоғамға анықытама беретін болсақ, онда қоғам дегеніміз адамдардың жиынтығы, өздерінің қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында олардың өзара байланыс пен өзара әрекетінің қалыптасқан формаларының тарихи бірлестігі және төрақтылығымен төтастығы, өзін-өзі өндірумен, өзін-өзі толықтырумен, өзін-өзі реттеумен және өзін-өзі дамытумен сипатталатын, адамдардың өзара байланысы мен өзара әрекетінің негізі болатын ерекше әлеуметтік нормалар мен қөндылықтар пайда болып, мәдениет деңгейі жоғары болатын бірлестік. Ал тар мағынада француз, жапон, т.б. елдерде қоғам мағынасында айтылады. Бөл жерде қоғам деп тарихи, социомәдени және басқа да ерекшеліктермен көрінетін нақты қоғам түрі түсіндіріледі.
Қоғам адамдардың өзара әрекетінің жемісі екенін өткен және бүгінгі әлеуметтанушылар толығымен мойындағанымен адамдар қоғамға бірігуінің басты негізі не деген сауалға түрліше жауап береді. Мысалы, француз ғалымы Э.Дюркгейм рухани ақиқат, неміс ғалымы М.Вебер адамдардың өзара әрекеті, К.Маркс адамдар қатынастарының жиынтығы, америка әлеуметтанушысы Т.Парсонс адамдар арасындағы қатынастар жүйесі, өлттық шығу тегінің бір болуы деген.
Қоғамдық-экономикалық формация – тарихта маркстік, материалистік тұрғыда ұғынудың маңызды категориясы, өндіріс тәсілінің анықталуымен жалпы жағдайды көрсететін, оның тарихи дамуының белгілі бір сатысы.
Әлеуметтік эволюционизм тарихи процесті жалпы, шексіз әртүрлі және белсенді, Ғарыштың, планеталық жүйенің, Жердің, мәдениеттің эволюция процесінің бөлігі ретіндегі ғаламдық ойлауға ұмтылыс болып табылады.
Әлеуметтік эволюционизм, әсіресе ағылшын социологы Г. Спенсердің жүйесінде айқын көрсетілген. Оның социологиясында 19 ғасыр әлеуметтік эволюционизмнің негізгі идеясы іске асырылған – қарапайымнан жіктелгенге, дәстүрліден рационалдыға, надандықтан білімділікке қарай дамитын адамзат қоғамының тарихи кезеңдері болу идеясы.
Әлеуметтік эволюционизм идеясының дамуына француз социологы Э.Дюркейм зор үлесін қосты. Ол бірінші болып, еңбек бөлінісі қоғамның күрделенуіне әсер ететіндігін айтты.
Әлеуметтік эволюционизм шеңберінде индустриялды қоғам теориясы қалыптасты. Индустриялды қоғамға келесі тән:
- басқару мен өндірістің нақты салаларындағы қоғамның специализациясы жағдайындағы ондағы еңбек бөлінісінің дамыған және күрделі жүйесі;
- тауарларды кең рынокқа жаппай өндіру;
- басқару мен өндірісті механизациялау мен автоматизациялау;
- ғылыми-техникалық революция.
XX ғасырдың 60 – жылдары танымал болған индустриялы қоғам теориясы 70 – жылдарда «постиндустриялды қоғам» теориясында өз жалғасын табады. Аталған теорияға сәйкес, қоғам өзінің дамуында 3 негізгі кезеңнен өтеді: индустриалдыға дейінгі (аграрлық), индустриалды және постиндустриалды. Бірінші кезеңде экономикалық іс-әрекеттің алғашқы саласы – ауыл шараушылығы, екінші кезеңде – өндіріс, үшінші кезеңде – қызмет көрсету орын алады. Индустриялдыға дейінгі қоғамның көздеген мақсаты – билік, индустриялды кезеңде – ақша, постиндустриялдыда – білім. Аталған кезеңдердің әрбіреуіне әлеуметтік ұйымның ерекше формалары тән: аграрлы қоғамда – шіркеу мен әскер, индустриялдыда – корпорация, постиндустриялдыда – университет.
Әлеуметтік эволюционизм концепциясымен қатар қоғамның революциялық түрлену теориясы дамыды, оның негізін қалаушылар – К.Маркс пен Ф.Энгельс. Марксистік теория тарихты талдаудың формациялық тәсіліне сүйенеді және оған сәйкес адамзат өзінің дамуында бес кезеңнен өтуі керек: алғашқы қауымдық, құлиеленушілік, феодалды, капиталистік, коммунистік. Бір қоғамдық-саяси формациядан екінші формацияға өту әлеуметтік революция негізінде іске асады.
Эволюциялық және революциялық теориялармен қатар П.А.Сорокиннің мәдени – тарихи типтер теориясы бар. Бұл теорияда Сорокин бүкіл адамзатты біріктіретін жаңадан қалыптасып жатқан өркениеттің негізгі сипаттамаларын атайды. Бүгінгі күн бұл дүние жүзінде бырыңғай өркениетті қалыптастыру идеясы кең таралып, дамуда. Оның ғылым мен қоғамдық санада бекітілуі қазіргі әлемдегі әлеуметік және мәдени процестердің жаһандану үрдісіне әкеліп соқты. этимологиялық «жаһандану» термині «глобус», яғни Жер, жер шары деген латын сөзімен байланысты және белгілі бір процестердің жалпы планеталық сипатын білдіреді. Жаһандану дегеніміз бүкіл адамзаттың әлеуметтік – мәдени, экономикалық, саяси қатынастар мен өзара әрекеттің біртұтас жүйесіне енуін білдіреді. Сол себептен де социологтар түрлі мемлекеттердің, халықтардың әлеуметтік – мәдени, экономикалық және саяси сипатының әртүрлілігіне қарамастан, бырыңғай өркениет пайда болу керек деп есептейді.
№14 дәріс Рухани құндылықтар – қоғам өмірінің маңызды саласы
1.Мораль қоғамның рухани өмірінің жоғарғы көрінісі
2.Қазіргі заманғы адамзаттың рухани-адамгершілік дағдарыстары
3. Ізгілікке, Ақиқатқа, Сұлулыққа ұмтылу – тұлғаның шексіз кемелденуінің кілті
Адамдар өздерінің мінез-құлықтарында басшылыққа алатын, олардың бір-біріне, қоғамдастықтың әртүрлі формаларына қатынасын білдіретін принциптердің, ережелердің, нормалардың жиынтығы мораль болып табылады. Мораль қоғамдық сананың ең көне формаларының бірі. Өзін сақтап қалу үшін қоғам адамдардың бәрі ұстануға тиіс ережелер қалыптастырып, олар арқылы жалпы адамдардың, жыныстардың және ұрпақтардың арасындағы қатынастарды реттеп отырды. Моральдың дың пайда болуы туралы бірнеше концепциялар бар: Діни түсінік бойынша, адамгершіліктік заң адамға сырттан, құдайдан беріледі; Эмпирикалық концепция М. адамның, оның тәжірибесінің, тарихының дамуының, әдеп-ғұрыптары мен дәстүрлерінің қалыптасуының жемісі деп түсіндіреді; Автономдық концепция бойынша М. адамға әуелден, генетикалық деңгейде берілген, сондықтан ол салыстырмалы түрде өзгеріске көп ұшырамайды және адамдардың индивидуалдық сапаларына байланысты әрбір адамда әртүрлі.
М-дың ұлттық, таптық және жалпыадамзаттық сипаты бар. Кезінде таптық М-ға шектен тыс назар аудару, оны әсірелеу қоғамға белгілі бір деңгейде зиян әкелгені белгілі. Қазіргі уақытта ұлттық М-дық құндылықтарды жаңғырту – ұлтты сақтап қалу, мысалы, қазақ ұлтын сақтап қалу факторы ретінде қарастырылып отыр. Бұл дұрыс қадам деп мақұлдай отырып, М-дың жалпыадамзаттық сипатын да естен шығармауымыз керек. Қоғамдық сананың басқа формаларымен салыстырғанда М. ең басты десек, артық емес, себебі адамның адами сипаты оның бойындағы адамшылығы арқылы, қоғамның даму деңгейі оның адамгершіліктік келбеті арқылы анықталатыны сөзсіз.
Моральдық құндылықтар. Адамның ішкі рухани өмірінде жақсылық, абырой, ар-намыс, парыз сияқты моральдық Қ-тардың бар екенін ешкім де теріске шығармас. Осы және т.с.с. рухани Қ-тарды жан-дүниесінде сақтап қалу үшін ол көп нәрселерден айырылуға дайын. Біздің ойымызша, моральдың арқауын «тұлға мен қоғам» арасындағы қарым-қатынастардан іздеу керек. Өйткені, адам басқа кісілермен сан-алуан байланыс, өзара іс-әрекетке түсіп қана өмір сүре алады, ол оның әлеуметтік табиғатын көрсетеді. Бұл арада моральдық сананың ережелік, нормативтік ерекшелігін алға тартуға болады, өйткені, күнбе-күнгі адамдардың миллиондаған іс-әрекетін ретке келтіру үшін олар ереже, қағида, идеал ретінде қорытылады. Моральдық сана шындықты алдын-ала болжай алады, оның талаптары күнделікті өмірлік қатынастардың әр жағына өтіп, бізді тиістік әлеміне әкеліп тірейді. Бұл арада біз моральдың аксиологиялық (Қ.) жағына келіп тірелеміз. Расында да, моральдық норма арқылы ғана өзіңнің, я болмаса, басқаның жүріс-тұрысын бағалауға мүмкіндік аласыз. Олай болса, ол тек қана бізге қоғам өмірінде өзіңді қалай ұстау керек екенін көрсетіп қана қоймай, адамның ішкі руханиятының ажырамас бөлігіне айналады. Моральдық қағидалар адамдардың мәндік қасиеттерін құрайды. Сондықтан, адамның моральдық қағидаларды таңдап оны өз құндылықтарына айналдыруы оның өмір бағыты мен өмір салтын анықтайды. Сол себепті, саясаттан бастап нақтылы күнбе-күнгі адамдардың қарым-қатынасына дейін барлық әлеуметтік құбылыстар моральдық тұрғыдан бағаланады.
Руханилық - еркін шығармашылық белсенділік арқылы, әлемге деген адамгершілік қатынас арқылы қалыптасады және сол құрылымдардың арқасында дамиды, адам өмірінің мәніне алады. Сондықтан, «руханилық – адамның түпкі мәндік негіздеріне сәйкес келетін дүниеге деген ыстық ықыласынан туындаған қатынастар жиынтығы» деген тұжырымға тоқтам жасауға болады. Ал руханият болса одан әлде кең мағынадағы қатынастар жүйесі. Ол қоғамның рухани өмірінің көптеген қырын қамтиды. Руханилық адамның жан дүниесімен байланыста болса, оның дүниетанымы зерде, ақыл-ой саласымен, рационалдылықпен астасып жатады. Дүниетаным мен руханилықтың өзара байланысын іс-әрекеттер деңгейінің биігінен іздеу керектігін кейбір зерттеушілер атап көрсетуде. Әрине, адам руханилығының парасаттанған формасы дүниетанымдық жүйе ретінде рауажданады. Басқа кейіптегі қатынастар дискретті кейіптегі түсініктерді байқатады. Өкінішке орай,көптеген зерттеушілер арасында руханият пен руханилықты өзіндік қасиеттерге жіктемей, оларды көбінесе толық сәйкестендіру, етенелестіру әдетке айналғанын байқаймыз. Бұл кейбір теориялық және құндылықтық-мағыналық жаңылысуларға, ауытқуларға алып баратынын байқаймыз.
Бақылау сұрақтары:
Қоғам ұғымы. Қоғам дамуына көзқарастың қалыптасуы.
Қоғам мен оның тарихын материалистік тұрғыдан түсіну.
Қоғамның әлеуметтік құрылымы.
Материалистік және идеалистік философтардың қоғамға көзқарасының
айырмашылығы неде?
Қоғамның рухани саласын сіз қалай түсінесіз?
Әлеуметтік мобильдік нені білдіреді?
Қоғам дамуына көзқарастың қалыптасуы.
Тарихтағы обьективтік жағдай және субьективтік фактор. Тарихи процестің субьектілері мен қозғаушы күштері.
9.Қоғамдық прогресс пен оның өлшемдері. Базис пен қондырма. Экономика және саясат, олардың өзара диалектикалық қатынасы.
15. Дәріс: Адам ғылыми таным философиясының обьектісі
Адам ұғымы. Адамның био-психо-әлеуметтік мәні
Адамның жаратылуы мәселесі
Адам өмірінің мәні мәселесі
Өлім мен өлмейтіндік. Трагедиялық үштік (азап шегу, күнә, өлім). Эвтаназия мәселесі
Философиялық ойтолғаныс тек сыртқы дүниеге ғана емес, сол дүниені субъектісі болып отырған, жер планетасының белсенді «лидері» ретінде танымалданған, өзін табиғатқа үстемдік етуші деп жариялаған адам мәселесіне де тоқталады. Себебі, философияның объектісінің жалпылама нұсқасы - адам мен дүние болып табылады. Бірақ адам сол өзі өмір сүріп тұрған әлемнен оқшау қарастырылмайды, оның мәнінің ашылуы, жұмбақтығының сыры да табиғаттың бір бөлшегі болып табылатын тіршілік иесі болуымен айқандалады. Сондықтан философиядағы рефлексия, өзін тануға ұмтылыстың жалпы көрінісі – адамтану болып табылады. Көне Грек ойшылы Сократтың «Өзіңді-өзің таны» деген қағидасын жалпыласақ, тек жеке тұлғалықты ғана емес, бүкіл адамзатты тануға ұмтылыстың қажеттілігін сезінуге болады. Сондықтан философия тарихында «адам дегеніміз кім немесе ол не» деген сауалдар мыңдаған жылдық таным кеңістігін қамтып жатыр. Осыған орай, адамды анықтауға әр түрлі түсініктер мен анықтамалар берілген.
Адам – белсенді әрекет ететін сананы иемдену арқылы еңбек құралдарын жасап, пайдаланып, өнім өндіріп табиғатты өзгертетін барша тіршіліктің лидері: жан мен тәннен құралған, табиғаттан мәдени-рухани асқақтығы, ойлау тереңдігі, мақсат қоюы және т.б арқылы ажыратылады. Ол мәдени-рухани игілікті иеленіп, жер бетінде саналы тіршілік ететін субъект.
Осыдан адамның басқа тіршілік иелерінен айырмашылықтарын былайша зерделеп көрсетуімізге болады: санасы бар, дискурсивті ойлайды; еңбек құралдарын жасап пайдаланады, мәдениетті жасаушы, мақсат қоя тіршілік етеді, өзінің өмір сүріп тұрғандығын және оның аяқталатындығын саналы түрде түйсінеді т.б. Бұл адамның қазіргі сипаты мен күйі, дегенмен, ол әу-баста эволюцияда қайдан және қалай пайда болған деген түсініктер туындайды. Бұны жаратылыстану ғылымдарында және қоғамдық ілімдерді де қызықтыратын сала – антропогенез қарастырады.
Антропогенез – (антропос – адам, генезис – шығу тегі деген мағынада) адамның пайда болып жетілу процесін, эволюциясын зерттейтін сала. Дарвин, Гексли, Геккель адамның жоғары дәрежедегі дамыған маймылдардан шыққандығы туралы теориясын дәлелдейді. Бұл адам тектес маймылдардан осыдан 2,5 млн. жыл бөлініп шыққандығын дәйектейтін дарвинизм теориясы деп аталады. Дарвинизм – Ч. Дарвин негізін салған адамның шығуы мен дамуы жөніндегі эволюциялық теория. Ұрпақтардың сабақтастығы негізінде тіршілік иелерінің түрлерінің өзгеретіндігі фактісінің тәжірибесінен алынған тіршілік үшін күрес, сұрыпталу сияқты табиғи заңдылықтарынан өткен адам бүгін де өзі тіршілік етуі мен дамуын сақтайды деген тұжырым жасалады. Ал Т. Гексли – Томас Генри, ағылшын жаратылыстанушысы, философы (1825-1895 ж) Дарвин ілімін қорғап, өмірдің материалистік түсінігі жалғыз ғана жаратылыстанулық болжамдардың нәтижесі деп қарап, априорлық білімдер өмір сүрмейді, ол мұрагерлік жолмен заңдандырылатын бұрынғы ұрпақтар тәжірибесімен алынады, адам - әлемдік құбылыстардың жемістісі деп таныса, неміс зоологы Эрнст Геккель (1834-1919жж.) де дарвиндік теория ізімен құдайдың өмір сүретіндігінен ауытқу қажет деп тапты, өз ілімін монизм деп атады.
Бұларда адамның маймылдан пайда болуының бірте-бірте жүзеге асқандығын дәйектейтін ұстанымдар бар. Соның алғашқысы адам типтес маймылдар туралы түрлермен анықталады. Австралопитектер – бұдан 5 млн. жыл бұрын өмір сүрген маймылдар, адамның ең жақын арғы-тегі, Австралия мен Африкадан табылған. Олар жер бетіне тіршілік ету салтына бейімделді, алғашында талғаусыз тамақтанды, табиғи заттарды құрал ретінде қолданды. Синантроптар, питекантроптар – австралопитектерден кейінгі алғашқы қауымдық топтарды құруға бейімделген, өңделмеген сүйек, ағаштарды пайдаланып, терімшілікпен шұғылданды, аң аулады. Одан кейін неандертальдықтармен саналы адам қалыптасты. Гомо Сапиенс – саналы адам, осыдан 35 - 40 мың жылдай бұрынғы қазіргі адамдарға барынша ұқсас, тік жүретін, дене бітімі толық қалыптасқан, қауымдық тобырлардың, алғашқы қауымдық қоғамға ауысу кезеңіндегі адам эволюциясының уақыты тас ғасырындағы адам. Адамның пайда болуы олардың қоғамдасып өмір сүруімен шартталады. Сондықтан бұл құбылысты зерделейтін ілім антропосоциогенез деп аталады.
Антропосоциогенез – (антропос – адам, социум – қоғам, генезис – шығу тегі деген мағынада) материя қозғалысының биологиялық формадан әлеуметтік формаға ауысуын және жануарлықтан адамзат қоғамының шығуын зерттейтін сала. Адамның мәні барлық қоғамдық қатынастардың жиынтығы. Социогенез – антропогенездің мазмұны. Қоғамның тууы – алғашқы қауымдық құрылыс кезеңі. Яғни, инстинктердің шеттетілуі, қоғамдық нормалардың тууы, табиғилықтың бақылауға түсуі, экзогамияның іске асуы, әлеуметтік болмыстың құрылуы және т.б. жүзеге аса бастады. Әлеуметтік болмыс – болмыс түрі, адам болмысының қоғамда, әлеуметтенудегі бірігуі мен бірлесуінің жалпы табиғаты. Оның басқа болмыс түрлерінен, адам болмысынан да өзгеше кең мағыналы сипаты бар, биологиялық, психологиялық негіздер бойынша әлеуметтікке ауысу тұрпатты көрінісі айғақталады. Еңбек, мораль, сана – қандай-ма болсын адамзаттың игіліктері (еңбек), адамдар арасындағы құқықтылық қатынас (мораль), адамға тән психиканың деңгейі (сана) қоғам қалыптасуындағы басты үш фактор, қажетті сектор. Үшеуінің қайысысы бұрын екендігі жөнінде тұжырым болмағандықтан еңбек, мораль, сананың тууы – қоғамның қалыптасуының түпкі шарты болып табылады. Сондай-ақ жанама факторлар: тіл, жанұялық қатынас, қоғамдастық және т.б да антропосоциогенездегі маңызды қатынастар.
Теологияда – адамды құдай жаратқан (кезеңі көрсетілмейді), ол тумысынан саналы, мәдениетті, құлықты жан иесі, рух пен тәннің бірлігін алып жүруші деп түсініледі. Бұл тұжырым теологияда креационизм деп аталады және дарвиндік теория жоққа шығарылады. Креационизм – әлем мен адамды құдайдың бірегей актіде жаратқандығы туралы ілім. Бұнда арнайы уақыт кезеңі көрсетілмейді, дегенмен әлем, алғашқы адам, одан соң мәдениетті, саналы кейіпте бірден жаратылғандығы туралы түсінік басымдау болып келеді. Жаратылу актісінде әлем ештеңеден, адам топырақтан деп ұғынылады. Алғашқы түр – Адам ата мен Хауа ана деп есептеледі.
Соңғы уақыттарда дарвинизм ілімімен де, креационизм тұжырымдамасымен де келіспейтін ғылыми болжамдық идеялар ұсынылады. Адам жер бетіндегі маймыл типтестерге, қазіргі маймылға еш қатынасы жоқ, тек сыртқы келбеті ғана сәйкестенгендіктен, оны осы түрлерден туды деп санаған. Адам баласы ғарыштағы тіршілік белгілерінен жерге тараған, өзге планеталықтар сондықтан біздің тұрпатымызға ұқсайды, әсіресе, ақыл-ой санасының жетілгендігі бұған куә деп ой түйінделеді.
Адамның табиғатпен, қоғаммен, әлеммен байланысынан оның биологиялық, психологиялық, әлеуметтік жақтары ашылады. Жақтары дегеніміз – қандай-ма болмасын нәрсенің немесе құбылыстың толық мәнін алу үшін өзінің байланысты объектілерін сипаттайтын шектеулі өлшемдері. Олар мазмұны жөнінен өзара тең болып келеді. Биологиялық жағы адамның болмысына енгізілген, жалпы табиғи нұсқасын зерделеу, эволюциядағы белгілі бір маңызы мен түпбастамалық негіздерін айқындау мәселелерін таразылайды.
Биологиялық жағы – тәндік негізі бойынша барлық сүт қоректі хайуандарға ортақ қасиеттерді иемденеді. Организмдердің бәріне ортақ: қан айналым, зат алмасу, туу мен өлу және т.б процестер адамның бір жағынан биологиялық тіршілік иесі екендігін көрсетеді. Сондықтан адам эволюциядан оқшау әлеуметтік жан иесі ғана емес, сол табиғи ортаның заңды жалғасы болып табылады. Ал психологиялық жағы – адамның психикасындағы өзге жануарлар психикасынан елеулі айырмашылықтар арқылы сипатталатын және онымен үндесетін психикалықтың, психофизиологиялықтың, саналылықтың тұтастануын білдіреді. Сана, мінез-құлық, сезімдер, ойлау, қиялдау, мақсатқа ұмтылушылық адам психикасының ерекшеліктерін құрап, психологиялық жағынан өзге хайуандардан ажырай бастады. Бұдан руханилық жағы ашылады. Осы тұста адамның психикасындағы табиғи қалыптарға басымдылық беретін иррационалистер адамды хайуанаттармен салыстыра отырып сипаттап, субъектінің басты тұғырлы айырмашылықтарының түп төркінін қайтадан табиғилыққа балайтындығын ескерсек, оның инстинктік негіздеріне сараптама жасау қажеттілігі айқындалады. Инстинкттер табиғилыққа да, психологиялыққа да жатқызылатын аралық буындар, нақтырақ айтқанда, психофизиологиялық жақтар болып табылады. Адам эволюцияның нәтижесі және оның заңдылықтарынан ажырай алмайтын, табиғи заңдылық шеңберінде өмір сүретін тіршілік иесі болғандықтан, ол да осы инстинкттермен шартталады. Бірінші аналық инстинкт бүткіл тіршілік иесіне тән, әсіресе, сүт қоректілерде анық байқалатын анасы мен ұрпағы арасындағы өзара түсіністікпен қабылданған табиғатқа бейімделудің нақты және жетілген көрінісі. Кез-келген аналық өзінің ұрпағын қорғау үшін жанын сала күресуге дайын тұрады, сәйкесінше, ұрпағы да анасының қамқорлығының аясын үнемі ескеріп жүреді, одан физикалық кеңістік жағынан алшақтап кете алмайды. Себебі, өздігінше өмір сүруге бейім емес ұрпақ үшін анасы қоректендірудің және қоректенудің ең сенімді жағы. Аналық инстинкт эволюциядағы тіршілік иелерінің ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етудің психикаға табиғи бағдарланған, сіңірілген көрінісі, ұрпақтар сабақтастығы арқылы түрдің сақталуы мен көбеюінің, дамуының қамтамасыз етілген ішкі күштері. Осы инстинкт адамға да берілген, ол ғасырлар бойы жалғасқан және адамзат өркениетінің сан жағынан өсіп-өркендеуінің шартына айналған заңдылық. Бұл ұрпақтың өздігінен өмір сүруге қабілетті болған кезеңіне дейін жалғасуы тиіс тәртіп және эволюцияның талабы болып табылады.
Адамның келесі бір қыры – психологиялық жағы жағы болып табылады. Адам тек психофизиологиялық қана емес, психологиялық та жан иесі. Ол психикалыққа бағдарланған және оны психоәлеуметтікпен ұштастырған өзінің барлық мақсаттары мен мүдделерінің орындалуында да психологиялықпен танылатын субъект болып табылады. Сондықтан адамның тіл, қарым-қатынас, мәдениет сияқты руханилық көріністері де осыған байланысты болып келеді. Бүкіл тіршілікке тән психикамен қатар және жалпыадамзаттық психологиялылықпен бірге адамның, әрбір тұлғаның өзіндік жеке психологиялық мінез-құлқы, таным-түсінігі қалыптасады. Психологияға қатысты таным баспалдақтарын Ф. Бэкон «үңгір елестері» деп ажырата отырып, адамның психологиялық әлеуеттегі орнының танымдық жағдайда да көрініс беріп отыратындығын байыптаған болатын. Осы «психологиялық» адам өмірінде елеулі маңызы бар оның болмысын да кей сәттерде анықтап отырады. Бұған басымдылық беруші психологизм өкілдері жеке адамның психикасы оның бүткіл өмір тағдырын айқындайды деп түсіндіреді, оның денсаулығы, жолының болғыштығы, адамдар арасындағы беделі т.б. барлық маңызды сәттердің барлығы, тұтастай алғанда, адамның ішкі психологиялық түйткілдерінен, өзін сендірулерінен, өзін-өзі бағдарлауынан құралады деп түсіндіреді. Мәселен, бұл ұстанымның айқын көрінісі халықтық медицина өкілдерінен байқалады. Шамандық дәстүр де, алдымен, психологиялық күрес, психологиялық тайталас және психологиялық сендіру шаралары арқылы субъективтілікті объективтендіреді. Шындығында да, адамның психологиялық жағы оның өз болмысын өзі жасауына тұтастай болмаса да едәуір әсер етеді. ХХ ғасырдағы экзистенциалист Ж.П. Сартр айтқандай, адам болмысы оның өзі жасап, өзі қалыптастыратын, қандай болғысы келсе, сондай болатын болмысы болып табылады.
. Әлеуметтік жағы – биологиялық жақтың кейбір ұмтылыстары тежеліп, психикалық жақтың оңды, ілгерішіл жақтары дамытылып, адам – адамзат өкілі екендігін түйсінуден басталады. Ол қоғамдағы әлеуметтік үдерістердің барлығының белсенді-белсенді емес, ерікті-еріксіз субъектісіне айналады. Себебі, онда әлеуметтенген немесе әлеуметтендірілген бағдарлар әуел бастан-ақ орнықтырылған. Бірақ ол басқа жақтарынан оқшау таза дербес бола алмайды, психологиялық пен табиғилықтың ұштасуының нәтижесін де басшылыққа алады. Жеке адам қоғамнан тыс бола алмайды, ол қоғамдық нормалар мен талаптарды, мораль мен мемлекеттік ұстанымдарды, дәстүрлер мен ғұрыптарды, қарым-қатынас қағидаларын мойындауы тиіс, еңбек бөлінісіне қатынасып, сыртқы ортадан өзіндік орнын айшықтайды. Сондықтан адамның әлеуметтенуі стихиялы түрде және ұйымдасқан түрде жүріп отырады. Ол адамдағы әлеуметтік модустармен түйіседі. Ол болмысынан табиғи тұрғыдан құрылған қауымдастықтың мүшесі болу бағдарынан мәдени қауымдастың субъектісі болу сәтіне қарай ойысумен болады. Оның әлеуметтік жағы жоғарыда айтқандай, табиғи болмысындағы топтасу инстиктісін негізге ала отырып, оны мәдениеттенген, әлеуметтенген, саясиланған формаға көшіреді де, субъект әлеуметтік жан иесі болып шығады. Сондықтан оған өзін қоршаған қоғамдық ортада қалай сезіну керектігі, қоғамнан өз орнын табу, қоғамдық қатынастар мен талаптарды игеру, өзінің белсенділігін анықтау сияқты талаптар қойылады. Осы талаптар оның рухани жағымен байланысып жатыр.
Адам мәнін ашатын философиялық мәселелердің бірі - өлім мен өмір мәселелесі. Өлім – ғылымда биологиялық жүйенің өмірлік әрекетінің қайтымсыз және табиғи тиылуы, болмай қоймайтын ең ақырғы шегі, болмысының жойылуы, ештеңеге өтуі. Философияда табиғи ғана емес, рационалдық қабылдауды талап ететін әлеуметтік феномен. Ол жоғары ұйымдасқан жыныстық жолмен көбейетін организмдерге тән деп деген түсінік басым. Мәселен, бір клеткалы амеба бөліну арқылы көбейеді. Өлім мәселесімен философиялық тұрғыдан арнайы ілім танатология шұғылданады. Тантология - өлімнің себептері, тетіктері, белгілері туралы ілім. Өлімнің жақындауы, өліп бара жатырған адам реакциясы, өлім жақындағандағы күй және т.б зерттейді. Кюблер Росс өлім алдындағы бес психологиялық сатыны көрсетеді: терістеу, ашу, бәсекелесіп қарау, депрессия, қабылдау. Танатологияға: қайғы жағдайындағы көңіл-күй, эвтаназия, өмірді көтермелеу және т.б мәселелер де жатады. Психоанализде адам бойында өлімге ұмтылатын инстинкт болады, ол - танатос деп аталады.
Өмір – мәндердің ішкі белсенділігімен бөлінген болмыс тәсілін бекітетін тіршіліксіздіктен айрылатын құбылыс. Тірінің негізгі қасиетін алып жүретін негізгі субстраттары ДНК молекулалары мен белоктар. Тірінің ұйымдасуының мынандай өлшемдері бар: организмдік, популяциялық, түрлік, биоценотикалық, биосфералық. Адам өмірі – оны өзі саналы түйсінуінде, өмір сүруін, өлімін сезінуінде болып табылады. Витализм - өмірдің көрінуі оған тәуелді болатын организмдерде ерекше өмірлік күш бар деп санайтын биологиялық бағыт, неовитализмде ұрық элементінің проспективті потенциясы мен энтелехия ролін көрсетеді. Бұл өмірлік процестердің себепті – механикалық мүмкіндіктерін терістеп, оған жоспарлықты, мақсатқа ұмтылушылықты, ішкі және жеке заңдылықтарын қосады. Психоанализдегі өмірге ұмтылатын инстинктік – эрос танатоспен қайшылық құрап, қайтадан екеуі келісімге келіп отырады деп түсіндіріледі.
Философияда өлім мәселесін таразылауда екі түрлі қыр бар: 1) эмоционалдық; 2) рационалдық. Эмоционалдық тұрғыдан өлім – үрей мен қайғы алып келетін, уақыты келмеген өлімнің үмітсіз мұңға жетелейтіндігін, мәңгі өмірдің аңсаудың дәрменсіздігін және асқақтығын әйгілейтін мәселелерді қарастырса, рационалдық тұрғыдан өлім мәселесінің адамзат пен барша тіршілік үшін болмай қоймайтын ақырының сырын, өлімнің болмыстан бейболмысқа өту екендігінің қырларын, адамзат тіршілігінің сабақтастығының заңды эволюциялық жалғасы болатындығының терең түйткілдері т.б. мәселелер зерделенеді. Рационалдылық тұғырдың танымы бойынша адам өмірі болмыс, ал өлім бейболмыс деп танылады және мойындалады. Бұл мәселе философия тарихында әр түрлі пайымдалған.
Қазіргі таңда ғылым мен техниканың, мәдениеттің дамуы барысында өлім мәселесінің күрделі түйткілдерін зерделейтін эвтаназия мәселесі пайда болады. Эвтанзия – медициналық-биологиялық зерттеулер саласындағы адамның өлуге құқ проблемасын этикалық деңгейге шығарған бағыт. Әсіресе «аурудың өз сұрауы бойынша азабын жеңілдету үшін оны өлтіруге бола ма?» - деген проблема арқылы шыққан. Қазір бұл сала «аборт адам өлтіру қылмысы болып санала ма», «адамның өзін-өзі өлтіруіне араша түсу керек пе», «өлген адам мүшелерін өзгеге ауыстырып салу – зұлымдық болып табыла ма» және т.б мәселелерді қамтиды. Бұл мәселелер биоэтика ілімінде кеңейе түседі. Биоэтика – адамның қоршаған орта тереңдіктеріндегі моральдік өлшемдері мен шекаралары туралы ілім. Қазір ондағы маңызды мәселелер биотехнология дамуымен байланысты. Гуманизм құндылықтары ғылым үстінен этикалық бақылау орнатуды көздейді. Бұл биоэтиканың эвтаназиялық – аборт, суицид, органдарды ауыстыру, суррогаттық адам, клондау проблемаларына байланысты туған және геноинженерия жетістіктері мен ашылған жаңалықтарын өмірге енгізу қажет пе деген сауалдарды қамтиды. Қазіргі геноинженерия адам өмірін ұзарту және мәңгілігі мәселесімен де шұғылданады, бұл мәселе жаратылыстану мен философиялық ғылымдардың зерделейтін бағыты ретінде – иммартология деп аталады.
Мәңгі өмір сүру идеалының діни тұрғыдан келуден басқаша да көптүрлі формалары бар. 1) Ген түсінігіне байланысты ұрпақтардың сабақтасуы оның, сол өлген тұлғаның заңды биологиялық жалғасы деп түсінушілік. Ген – туа біткен қасиеттік сабақтастық материалының бірлігі. Сабақтастық геннің жаңа ұрпаққа берілуі, ген – барлық клеткаларда өмір сүретін бөлінбейтін, араласпай берілетін өз бетінше бірліктер. Туа біткен қасиеттер белгілі бір генге байланысты емес, ядро мен плазманы қамтитын генетикалық клетка жүйесіне байланысты. Бұнымен биологияның генетика саласы айналысады; 2) Мумификация – организмнің физологиялық негізін ұзақ уақытқа сақтау үшін қолданылатын тәсілдер. Бальзамдау көне Египеттік фараондардан бері сақталып келе жатырған организмнің ыдырамауын қамтамасыз ететін әдіс; 3) Тарихи-биографиялық, бұнда өлген адамның артына қалдырған мұралары мен тарихтағы орны арқылы оның рәміздік түрде мәңгі жасайтындығы бағамдалады.
Өлім мен өмір мәселесіне қатысты маңызды түйткілдердің бірі – өмірдің мағынасы. Ол адам мәңгілік өмір сүрсін, мейлі өлімді болсын одан тыс болып табылады да, «өмірдің мәні неде, мен не үшін өмір сүрдім және өмір сүремін, қалай өмір сүру керек, өмірде қандай мақсаттар бар» деген сияқты сауалдарды қамтитын күрделі мәселе бола отырып, «өмірдің мақсатының мәні неде, мәнінің мақсаты бар ма, өмірдің мағынасының мәні қандай, мақсаттардың мәні, негізгі мәннің мағынасы, жалпы мазмұнның мақсаты» деген тәрізді мәселелермен күрделене түседі. Өмірдің мағынасы – адам болмысының сыры, өмір сүрудің түпкі мақсатын, негізгі мәнін, жалпы мазмұнын ашуға ұмтылатын философиялық және этикалық проблема. Сонымен қатар діни, атеистік, психологиялық тұрғыдан жан-жақты қарастырылады. Мәселен, этикалық тұрғыдан өмірдің мәні жөнінде мынадай бағыттар қалыптасқан.
Бақылау сұрақтары:
Адамның рухани дүниесінің діни, философиялық және ғылыми түсінігінің мәні?
Материалистік философия жүйесіндегі сана категориясының рөлі?
Сана – адамның өмір сүруінің формасы, рухани бағытын анықтау мен дүниені өзгертудің тәсілі?
Сананың пайда болу негізі (генезисі) және сана бейнелеудің жоғарғы түрі ретінде?
Сана – шындықты бейнелеудің әлеуметтік-мәдени формасы?
Сана және сана-сезім, өзіндік сана, ішкі сұхбат, өзіндік сананың механизмі?
Санасыздық психикалық феномен ретіндегі мәні?
З. Фрейд іліміндегі санасыздық концепциясы; ол, мен, жоғарғы Мен мәселелерін түсінудің мәні?
К. Юнг концепциясындағы ұжымдық санасыздық пен оның «архетиптерінің» философиядағы орны?
Жеке және қоғамдық сана, олардың диалектикалық байланысы.
Қоғамдық сананың құрылымы мен формаларын әлеуметтік қажеттіліктердің бейнесі ретінде түсіну.
Достарыңызбен бөлісу: |