Вирусты гепатиттер.
Вирусты гепатиттердің 5 түрі бар. Олар латын әріптерімен белгіленеді: А, В, С, D, Е. Барлығы қоршаған ортада төзімді, ұшпалы емес.
Вирусты гепатит А және Е – ішек жұқпалы ауруларына жатады. Таралу жолы – нәжіс - ауыз жолы арқылы жұғады (тұрмыстық қатынас, тамақ, су арқылы). Вирусты гепатиттің бұл түрімен ересек балалар ауырады.
Вирусты гепатит В, С, D – парентеральды жолмен жұғады:
қан арқылы (жұқпаланған қанды құйғанда, дұрыс залалсыздандырылмаған инелерді, кесетін, тесетін құрал - саймандарды қолданғанда, оталау кезінде, тіс емдеткенде, яғни тері және шырышты қабықтардың бүтіндігі бұзылғанда жұқтырады);
тұрмыстық қатынас арқылы (тіс тазалағыштар, ойыншықтар, ыдыстар, сүлгі, сақал қырғыш т.б);
жыныстық қатынас арқылы;
трансплацентарлық жолмен (анасы вирус тасымалдаушы немесе вирусты гепатитпен ауырса, әсіресе жүктіліктің соңғы триместрінде ауырса баласына жұғады).
HbsAg – австралиялық антиген – В гепатитінің негізгі маркері. Ол ағзадағы барлық биологиялық ортада анықталады: қан, шәует, сілекей, өт, зәр, көзжасы, ана сүтінде.
Дельта гепатиті (D) В гепатитімен ауыратын адамдарда ғана дамиды. Бұл вирустар бір уақытта жұқса, ауру В гепатиті түрінде көрінеді, бірақ ағымы өте ауыр, әрі тез дамиды, жиі өліммен аяқталады.
1 жасқа дейінгі балаларда В, С, D гепатиттері жиі кездеседі, өйткені оларда парентеральдық іс - шаралар, қан құю, перинатальды жұқпалар жиі болады.
Гепатиттің барлық түрлерінің клиникалық көріністері ұқсас. Әдетте аурудың ағымы мына кезеңдерден өтеді: инкубациялық, сарғаюалды, сарғаю, реконвалесценттік.
Достарыңызбен бөлісу: |