Балалар әдебиетінің жаңашыл жазушысы – таупық рымжанов



бет4/7
Дата10.12.2023
өлшемі44,94 Kb.
#136720
1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
Таупыков

Нәтижелер


Жазушы Таупық Рымжановтың балаларға арналған шығармаларының алға қойған мақсаты – шайтан, пері, адамзат арасындағы шиеленіскен тартысты суреттей отырып, адамзаттың ұрпағы жас Қарабек арқылы адалдықты, Зәйтүн қарлығаштың ерлігі арқылы елдің бірлігі мен тыныштығын дәріптеу және мәңгілік өмір мен білімді насихаттау.
Жазушы шығармаларына негіз болған ертегі-хикаяттар мен ондағы шытырман оқиғаларды суреттеу арқылы оқырманның отаншылдық рухын көтереді. Ат басындай алтынға бола шайтандардан алданып қалып, өмірдің сынағынан өткен Қарабек образы арқылы өмірдің сырын ашады. «Шайтан көрсе, періште жолдан таяды» деген халық танымы мен «жақсылық жасасаң өзіңе, жамандық жасасаң өзіңе» деген діни-пәлсапалық нанымның әлеуметтік- психологиялық мәнін ашады. Ұрпақты ертегі кейіпкерлері арқылы елге, туған жерге деген сүйіспеншілікке баулиды.
Таупық Рымжанов балаларға арналған шығармалары арқылы қазақ әдебиетінде ертегі-хикаят жанрын жаңаша дамытқан жазушы ретінде танымал. Жазушы фольклорлық жанрды ізденіспен дамыта отырып, балалар әдебиетін әлемдік деңгейге көтеруге үлесін қосты. Ертегі-повестерінде мәңгілік өмірді насихаттады. Ол – адамзаттың туған жерге деген махаббаты, елге деген
адалдық, рухани жағынан байытатын білім мен ғылым, ізгілікке, адамгершілікке баулитын тәрбие.
Таупық Нәбиұлы – қазіргі балалар әдебиетінде фэнтези жанрын негізін қалаған жазушы. «Зәйтүн қарлығаштың ерлігі», «Гүл ағашы», «Күн перзенттері», «Ерден батыр» шығармалары арқылы ұрпақтың санасын жаңғыртып, рухани дамуына ықпал етті, кітап оқуға қызығушылығын оятты.


Талқылау


Таупық Рымжановтың балаларға арналған шығармалары шытырман оқиғаға толы болып келеді. Жазушы ертегі сюжеті арқылы бірден бала қиялына ерік береді. Бірінде оқырман көрсе көзі тоймайтын Жаһұт шаһарының, бірде көкжиекте құлпырып тұрған Шұғыланың сырын ұғуға ұмтылады. Көрікті жерлерге көз тіккен Жортуылдың, зұлым Зуанның ойы батыр Әукебайдың, дана Таңасардың, ақылды Ағдемнің ауызбірлігінің арқасында жүзеге аспайды. Осы арқылы жаңашыл жазушы тойымсыздық пен зұлымдыққа қарсы елдің бірлігі мен бейбіт өмірін салыстырады. Бірлігі бар елді сыртқы жау да, ішкі жау да ала алмайды. Дегенмен, өмірде пендешілікке бармайтын адам жоқ. Ол адасып, өмірдің түрлі сынағынан өтеді, кедергілергі ұшырайды. Ертегіде дию, шайтан сөзіне еріп адасқан адамзат қиындықты тек ақыл-парасатымен, сертіне беріктігімен, төзімділігімен, қажыр-қайратының және адал достықтың арқасында жеңе алады.
Ерден батырды құтқару барысындағы Сұртырнақпен күрескен, Кенжекей ауылына тыныштық сыйлаған Зәйтүн қарлығаштың ерлігі баланы қызықтырмай қоймайды. Зәйтүн – Құран кітапта аты аталған қасиетті жеміс ағашы. Тамырын тереңге жайған мәңгілік ағаш. Автор осы арқылы мәңгілік өмірді насихаттайды. Жүрегінде иманы, жүзінде мейірімі бар, білімге, ғылымға құштар адамзат ұрпағы ғана мәңгілік. Оны автор ертегі-хикаятта Ағдем образы арқылы өрбітеді. Ағдем – әлемді жақсылыққа жетелейтін қаһарман.
Ертегі-повесть оқуға жеңіл. Гүл ағашын Қарабек шығармада алғаш рет Шайтанды арқасына мінгізіп, Мәжжис патшаға бара жатқанда көреді. Алдарында мың құбылып тұрған көкжиекті шайтан «Шұғыла» деп таныстырады. Жақындағанда мен мұндалап, еліктіріп тұрған шұғылалы сәуленің кәдімгі гүл шашып тұрған ағаш екенін байқайды.
Ертегіде патшамен арадағы тартыста адамзат ұрпағы жеңіске жетеді. Қарабектің патша сарбаздарымен жекпе-жекте мықтылығын, төзімділігін, аманатқа қиянат жасамайтын адалдығын, нағыз ер азаматқа лайық қайсарлығын көреміз. Оны патша да мойындайды. Қалайда адамзаттан кек алуды ойлаған патша Қарабекті табыт сарайында жазаламақшы болады. Адамзат баласының алдында тағы бір сынақ. Осы сынақтан да Қарабек сүрінбей өтеді. Шайтан патшалығында жеңіске жеткен, еліне қайтуға рұқсат алған Қарабек екінші рет сарайдың аспан таласқан зәулім төбесінен алау шашып тұрған ғажайып, жанып тұрған алауын көреді. «Құдай-ау, мына алау жолдағы сиқырлы шұғыла алауына ұқсас қой!.. Осы мен «сиқырлы шұғыла» дегенді қайдан тауып алдым? Ғажайып шұғыланы діңі шыны, ия алмас, ия жауһар түсті құз жартастай
ғажайып ағаш шашып тұр емес пе? Жапырақтары қандай десеші! Гүлдерін айтсашы! Жапырағы гүлден, гүлі жапырағынан айырғысыз ғажап ағаш! Гүлі де, жапырағы да таңғажайып сәулелер шашып тұр! Ендеше оны «сиқырлы шұғыла» дегенше, неге Гүл ағашы демеске?» [3,119-122 бб.]– деп, іштей шайтандар ордасының шаңырағынан шашырап тұрған сәуленің құпиясын да көзімен көрді. Оған Гүл ағашы деп ат қойды. Жазушы осы арқылы жер бетінің, адамзат ұрпағының жеңісін аңғартқандай. Ол жеңіске адалдықпен, төзімділікпен жеткен қаһарманды көреміз.
Табыт сарайындағы шайтанмен шайқаста Қарабекке Бәдиғұл көмектеседі. Адамзатпен болған шайқаста жеңілген Иланшының аруағы тағы да адамзаттан жеңіледі. Бұл – аруақтар арасындағы тартыста да адамзат ұрпағы жеңіске жетеді дегенді аңғартады. Шайтандар Жаратушыға тағы да керек болмай қалды. Шайтандардың аруақтары о дүниеде жүріп адамзатты аяқтан шалумен болады. Шайтандар ортасынан шыққан басты кейіпкерлердің бірі Бөспе адамзат Қарабекке бір сәт көмектесіп, адамдыққа бет бұрам деп талаптанып, аяқ астынан Уай және Өйдөйт шайтандардың қолынан мерт болады. Осы үш шайтан мен шайтандар патшасы Мәжжис арасындағы қатынас арқылы
«Шайтанның аты – шайтан» деген халықтық ұғымды ширата түсіп, опасыздық, сатқындық, берекесіздік, озбырлық, бөспелік, зымияндық сықылды жағымсыз қылықтардың бәрін «Шайтан ісі» төңірегінде сөз етеді.
Ертегіде Қарабек Шәки - Жамалдың кегін алып берді. Оның кегі осы табыт залында екенін Қарабек ұқты. Шәки-Жамал мен Бәдиғұл ананы, Қарабекті жеңіске жеткізген – бір-біріне деген махаббат пен сағыныш. Осы орайда біздіңше, автор әлемдік озық тәжірибелерге сүйене отырып, ілкі заманнан бастау алған ертегі-хикаяттан адамгершілік – имандылық – руханилық хақында үш қағиданы ұсынады. Ол Абайдың «Алланы сүю, адамды сүю, әділетті сүю» ұғымдарын дамыта отырып, өмір шындығын «имандылық», «жаратушыны мойындау», «еркіндік», «адалдық» атты түсінік аясында қарастырып, үш әлемнің еркін дамуының негізі – татулық пен бірлік деген тұжырымды меңзейді. Жазушы кейіпкерлерінің сезім күйлерін суреттеу арқылы сана мен сезімдегі жанды қозғалыстарды ашады. Сол арқылы көркемдік-эстетикалық ізденістердің жаңа жолын қалыптастырды.
Ертегі-хикаятта жұмақ кілтінің қайда екенін Бәдиғұл анадан білген Қарабек батырдың алдында тағы бір сынақ тұрды.
Шығармадағы Қарабек – батыр да аңғал, ерен күш иесі. Өзге Қарабектерге ұқсамайды. Дегенмен де оның танымында да кемшілік бар.
«Иә, адам баласы көп нәрсенің байыбына бара бермейді. Ғылымның түбіне жетем деп жүрсің бе?! - деп бірін-бірі сөгуге үйір. Мен сенің басыңнан да сондай жаман қасиетті көріп отырмын. «Жан», «түс», «аруақ», рух» туралы сөз қозғап едім, құлықсыз тыңдадың.
– Сүйіктім! Сөкпеші мені! Мен шынында рух, жан туралы ештеңе білмеймін» [3,85б]. Міне, шығармадағы осы үзіндіден кешегі кеңестік идеологияның зардабынан дінсіз қоғамның имансыз ұрпағының қалыптасқанын автор осы Қарабек бейнесі арқылы меңзесе керек. Сымбатты да, қайсар ерен
күш иесі Қарабектің бойындағы, дүниетанымындағы кемшілік осы. Осы кемшілікті жазушы Шәки-Жамал образы арқылы баяндайды. Шәки-Жамал сұлу Қарабекке адам баласының екі жаны, яғни рух рауан, рух сәкін жайлы бала күнгі тәрбиешілерінен алған ілімін айтады.
Шәки-Жамал сұлудың тілегін орындаған Қарабектің образы арқылы жазушы әрбір пенденің өмір сынағында төзімділік, сабырлылық таныту қажеттегін ескертсе керек. Сонымен қатар еліне келген Қарабек Шәки- Жамалдың, жылан патшасы Мәлік-Ғафилдің көмегімен «Алтын!», «Алтын!» деп зарлап өмір сүріп отырған Зарлыхан патшаның ішкі шайтанын алып тастап, оны ел-жұрттың қамын жейтін адал патшаға айналдырады. Халқы да мұратына жетеді. Өзі де адамзат қызы Меруертке үйленіп, алтыннан ғылым, білім сарайын тұрғызып, бақытына жетеді.
Ертегі-хикаяттың негізгі арқауы, бағыты да – адамгершілік, парасаттылық болса керек. Ол кейіпкерлер арасындағы тартыс үстінде өрбиді.
«Тартыс (conflictus) – көркем шығармадағы сюжет желісіне арқау болатын, айрықша шиеленіскен түрде көрініс беретін қақтығыс, қайшылық, күрес» [4,619 б.]. Олай болса, шығармадағы үш әлемдегі (перілер әлемі, шайтандар әлемі, адамзат әлемі) тартыстан құндылықтың бастауы халықтың ілкі заманынан басталатынын аңғару қиын емес. Бұрыннан белгілі сюжетті жазып, көне мифтер мен культтерді жаңғырту – шығыста ежелгі Ассирия-Вавилон дәуірінен бастап дамыған үрдіс. Ассирия-Вавилон нәзирасы шумерлердің әдеби сюжеттерін жаңғыртқан. Мұндай мысалдар көп. Қазіргі әңгіме жанрына қалам тартушылар формалық және тақырыптық ізденістерді өз шығармаларында кеңінен пайдалануда. Таупық Рымжанов та әлем әдебиетіндегі қалыптасқан түрлі жаңа ағымдарға ұлттық реңк беріп, жаңа сүрлеу жасады. Қатыгез, тозып бара жатқан қоғамды суреттеуде ешқандай асыра сілтеушілікке бармай-ақ, адами құндылықтарға баса назар аударады. Бұл әлем әдебиетіндегі фэнтезия (fantasy) жанрына жақындау.
Фэнтези жанры әдеби ертегінің шекпенінен шықты. Ерекшелігі автор шындық өмірден қашып, миф пен аңыздарды қайыра ой елегінен өткізуге бағыт ұстанып, ұлт үшін сын сағаттар болған сәтті ертегілік образдар мен мотивтер арқылы таныта біледі. ХХ ғасырда дүниеге келген бұл жанрды зерттеген Джон Рональд Руэл Толкин болды. Оны «фэнтезидің әкесі» деп атайды [5].
Фантастика өнердегі әдіс-тәсіл ретінде есте жоқ ескі заманнан белгілі. Алғашқы қауымдық мифтен қиял-ғажайып ертегіге, ертегі мен аңыздардан орта ғасырлық әдебиетке, одан кейінгі дәуір әдебиетіне дейінгі ұзақ жолды бастан кешті. Келе-келе ғылыми фантастика мен фэнтези қатар дамыды. Бұл жанрлар руханияты дамыған барша елдердің әдебиетінде бар.
Ғалым Әбіл-Серік Әліәкбардың «Бір ділді Алаш фэнтезиі ешқашан тілге бөлініп алаланбайды» [6] деген мақаласында Таупық Рымжановты «қазақ фэнтези жанрының негізін салушы, әм осы жанрдың атасы» дей отырып, оның шығармаларын зерттеу мен зерделеудің қажеттілігін айтқан болатын.
Кеңестік кезеңде қазақ соцреализмінің идеологиялық жүйесі күйреуге ұшырай бастаған кезде ұлттық фэнтезидің алғашқы нышаны балалар
әдебиетінде Таупық Рымжановтың туындыларында көрініс тапты. Ғылыми фантастика кеңестік режимге қызмет етсе, фэнтези бұған көнбеді. Өйткені, ол сана мен қисынға емес, сезім мен арманға арқа сүйегендіктен бейсанасыз болып келіп, ешбір идеологияның ырқына көнбейді. Сондықтан бұндай жанрға ескіні көздеушілік деген таңба басылып, аяқ басқан қаламгерлер билеуші топтың қарсылығына да ілікті. Қазір бұл жанрға қалам тартушылар ұлттық нақыштар төңірегінде ой толғайды. Фэнтезидің барша әлем әдебиетіне ортақ нышан- белгісі – біздің әлемде болмайтын дүниені сөз етулері болып табылады. Жазушының ұлттық құндылықтарға суарылған ертегі-повестері – қазақ халқының рухани қажеттілігін қанағаттандыратын, халықтың сұранысы мен қажеттілігіне жауап бере алатын өміршең туынды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет